Себу тәсілі. Қарақұмықты жаппай қатардағы, тар қатарлы және кең қатарлы тәсілдермен себуге болады.
Себу мөлшері. Қарақұмықтың себу мөлшері көптеген топырақ-климат жағдайларына, себу тәсілі мен мерзімінен, танаптардың тазалығына, сорттың биологиясына байланысты өзгереді. Кең қатарлы себу тәсілінде – 2,0-2,5 млн/га өнгіш тұқым (1000 тұқымның массасы 25 г болғанда – 50-60 кг/га); жаппай қатардағы тәсілде – 3,0-4,5 млн/га өнгіш тұқым (75-95 кг/га).
Жаппай егін көгін алу, өсімдіктердің біркелкі пісуі үшін қарақұмық тұқымын ылғалды топырақ қабатына бірдей тереңдікке сіңіру қажет. Тұқымның сіңіру тереңдігі ең алдымен топырақтың механикалық құрамына, оның ылғалдылығына, температурасына, тұқымның ірілігі мен массасына байланысты. Ауыр, кез толқымалы топырақтарда дақылдың сіңіру тереңдігі 4-5 см, мәденилендірілген құрылымды топырақтарда – 5-6 см, ал топырақтың беткі қабаты кебіңкіреп кеткенде тіпті 8-10 см сіңіруге болады.
Егістікті күтіп-баптау. Қарақұмықтың жаппай және біркелкі, егін көгін алу аса маңызды, сондықтан бүкіл егістік (паялы сепкіштермен себілгендерден басқасында) бұдырлы катоктармен (ЗККШ – 6 А немесе ЗККН – 2,8) тығыздалады, ал бұл агрошара өте тиімді, әсіресе құрғақ ауа-райы жағдайында.
Кең қатарлы егістіктер КРН-4,2, КРН-5,6 культиваторларымен өңделеді. Арамшөптерге қарсы агротехникалық шараларға қосымша арамшөптермен қатты ластанған егістіктерде химиялық отау да қолданылады. Біржылдық қосжарнақты арамшөптерді құртуда тиімді гербицидтердің бірі – 2,4 Д тобының амин тұзы (1,0-1,2 кг/га ә.е.з.). Гербицид қарақұмықтың көктеуіне 2-3 тәулік қалғанда бүркіледі.
Қарақұмықтан мол өнім алу жолында аралармен тозаңдандыру үлкен рөл атқарады. 1 га егістікке 2-3 толыққанды бал аралары ұяларын орналастырады (гүлденуден 1-2 тәулік бұрын). Оларды қарақұмық егістігінде ара қашықытығы 300-500 м сайын ұяларды топтарымен орналастырған абзал, мұндайда «қарама-қарсы тозаңдандыру» қамтамасыз етілуге тиіс.
Егінді жинау. Қарақұмық созылыңқы пісетін дақыл. Бұл жинау мерзімін дұрыс анықтауды қиындатады. Тым ерте жиналғанда толықпаған дәндердің, олардың жоғары қабықтылғы мен ядросының аз мөлшері есебінен астық өнімі төмендеп кетеді. Егін кешіктіріліп жиналғанда дәндердің айтарлықтай ысырабынан өнім төмендейді. Қарақұмықтың жинау мерзімін анықтағанда оның екіншілік (үздіксіз) жеміссалу мүмкіндігі барын ескеру шарт. Мұндай жағдай жеміссалу кезеңі басындағы құрғақшылық мол жауын-шашынмен алмасқанда байқалады.
Бөлектеп жинауды піскен жемістері 65-75 % жеткенде, ал тікелей орын бастыруды – 75-80 % жеткенде іске асырады. Егінді қысқа мерзімде (4-5 тәулік) жинап алу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |