Ылғалға қажетсінуі. Күздік қара бидайды негізінен ылғалды өңірлерде өсіреді, алайда оны құрғақшылыққа төзімді дақылдар қатарына жатқызады. Ол бидай мен сұлыға қарағанда ылғалды аз талап етеді. Транспирациялық орташа коэффициенті – 400-420, сортына топырақ-климат жағдайлары мен себу мерзіміне байланысты ол көрсеткіш 240-тан 585-бірлікке дейін өзгереді. Ол үшін өте маңыздысы күзде түптену кезеңінде жеткілікті ылғал мөлшерімен қамтамасыз етілуі. Күздік қара бидай алғашқы даму кезеңінде ылғалға қажетсінуі шамалы, бірақ түптену кезеңінде ылғалды 3 есе артық шығындайды. Түптену кезеңінде ылғал жеткіліксіздігі байқалғанда қысқа қарсы жақсы түптеніп үлгермейді де егістіктің селдір болуына және астық өнімінің төмендеуіне әкеліп соғады. Күздік бидайдың ылғалмен салыстырғандағы қиын-қыстау кезеңі түтікке шығудан толық масақтануға дейін созылады, бұл кезеңдегі жеткіліксіз ылғал қоры, дәннің толысу кезеңінде де, босдәнділікке ұрындырады және өнімді төмендетеді.
Жарыққа қажетсінуі. Күздік қара бидай ұзақ күннің өсімдігі. Күзгі шынығуды өткенде ол жарыққа жоғары талап қояды. Күннің пәрменділі жарығы күзгі түптену кезеңінде күздік бидай жапырақтары мен түптену түйінінде көп мөлшерде пластикалық заттарды, әсіресе қантты, жинақтауды қамтамасыз етеді. Бұл уақытта органикалық заттарды белсенді синтездейді, нәтижесінде күздік қара бидайдың аязға төзімділігін арттыруға мүмкіндік жасайды. Көктемгі ұзақ ашық күн оның шапшаң өсуі мен дамуын қамтамасыз етеді және ауаның температурасы 150С-дан жоғары болғанда масақтануы және кейінгі кезеңдері тездетіледі. Органикалық заттарды толассыз түзу үшін басқа кезеңдерде де жарық күннің жеткілікті болғаны абзал.
Топыраққа және қоректік элементтерге қажетсінуі. Күздік қара бидай басқа дәнді дақылдарға қарағанда топыраққа азырақ талап қояды. Оның тамыр жүйесі жоғары сіңіру қабілетімен ерекшеленеді, әсіресе қиын еритін фосфор қосылыстарынан қоректік фосфорды жақсы сіңіреді. Оған жақсысы қара, күңгірт-қоңыр топырақтар, бірақ ауыр саз және батпақтанған топырақтардың жарамдылығы шамалы. Әрбір центнер астық пен соған сәйкес сабанды қалыптастыру үшін күздік қара бидай топырақтан 3 кг азот, 1,5 кг фосфор және 2,5 кг калий шығындайды. Күздік қара бидай өсімдіктері фосфор қоректік затын бүкіл тіршілік үрдісінде біркелкі пайдаланса, азот пен калийдің барынша жоғары мөлшерін күзде және ерте көктемде талап етеді.
Күздік қара бидайдың пісуі күздік бидайдан 8-10 тәулік, ал жаздық бидайдан 13-16 тәулік бұрын болады. Ал бұл егін жинаудағы қарбаластықты бәсеңдетіп, техника мен жұмыс қолын тиімді пайдалануға септігін тигізеді. Жалпы оның вегетация кезеңінің ұзақтығы 270-тен 350 тәулікке дейін созылады.
Қазақстанда өсіруге рұқсат етілген сорттары: Саратовская 5, Саратовская 4, Чулпан.
Достарыңызбен бөлісу: |