4. ҚАТТЫ БИДАЙ
Дәрістің мақсаты: Қатты бидайдың халық шаруашылығындағы маңызын бағалау. Қатты бидайдың морфо-биологиялық ерекшеліктерін оқып-үйрену және солардың негізінде өсіру технологиясын жасау.
Дәрістің негізгі сұрақтары:
Халық шаруашылығындағы маңызы, таралуы, өнімі.
Ботаникалық сипаттамасы, биологиялық ерекшеліктері, сорттары.
Аймақ жағдайында өсіру технологиясы.
Халық шаруашылығындағы маңызы, таралуы, өнімі:Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қатты бидайдың маңызы айтарлықтай. Оның астығынан жоғары сапалы мәнней жармасын, құнды макарон, кондитер өнімдерін өндіреді. Сыртқы саудада оның астығы жұсақ бидайдан жоғары бағаланады, бәсекеге қабілеттілігі дау тудырмайды. Өсіру технологиясын дұрыс қолданғанда жаздық қатты бидай астығының өнімі жұмсақ бидайдан қалыспайды. Ақмола облысы жағдайында орта есеппен 5 жылда (1998-2002 ж.ж.) конкурстық сортсынауда қатты бидай өнімі 28,4 ц/га көрсетті. Қазақстанда оның егістік аумағының өсуі байқалады: 2008 жылы қатты бидай 253,6 мың га жерде өсірілсе 2009 жылы - 284,6 мың гектарға жетті. Дүние жүзіндегі егістік аумағы жыл сайын 20-22 млн га алқапты қамтиды, немесе жалпы бидай егістігінің 10%-на таяу.
Биологиялық ерекшеліктері. Қатты бидай бірқатар биологиялық ерекшеліктерімен сипатталады. Тарихи тұрғыдан алып қарағанда ол климаты жұмсақ Жерорта теңізі елдерінен (Греция, Италия), ал жұмсақ бидай –қатаң климатты Иран, Аравиядан тараған. Бұл қатты бидайдың өсіп-жетілу сипатына айтарлықтай дақ қалдырған. Солтүстік Қазақстан климаты қатты бидай табиғатына сай келмейді. Осында, көп ғасырлы табиғи және қолдан сұрыптау ерекшеліктеріне қарамай, қазіргі қатты бидай сорттары осы түрге тән бірқатар биологиялық қасиеттерін сақтап қалды. Тиісінше қатты бидайдың өсіру жағдайларына ( ылғалға, топыраққа, агротехника дәрежесіне т.б.) өзіндік қажетсінуі қалыптасады.
Қатты бидай шынылы (жылтыр) әрі құрамында белок мөлшері көп болғандықтан өсіп-жетілуінің алғашқы кезеңінің өзінде-ақ ылғалға айтарлықтай жоғары талап қояды. Егер жұмсақ бидай тұқымының өнуіне құрғақ массасының 50-60 % мөлшерінде ылғал қажет болса, бұл көрсеткіш қатты бидайда - 55-67%. Қатты бидайдың сабақ жапырақтары ірі, түп тамырлары сылбыр өседі және түйін (екінші) тамырлары кеш қалыптасады да қатты бидай ылғал жетімсіздігінен көбірек жапа шегеді.
Ылғал жеткілікті жағдайда бір өлшем зат қалыптастыруға суды жұмсақ бидайға қарағанда аз шығындайды, ал қуаңшылықта керісінше, жұмсақ бидай оны тиімдірек пайдаланады.
Ғылыми деректерге қарағанда, қатты бидай топырақ қуаңшылығын нашар көтереді, бірақ ауа қуаңшылығын жұмсақ бидайдан жеңіл көтереді.Қатты бидайдың өсіп-жетілуіндегі «қиын-қыстау» кезеңі жұмсақ бидайға қарағанда ұзағырақ, бұл да оның қуаңшылыққа төзімділігін азайтады. Қатты бидайдың тамыр жүйесі әлсіздеу дамыған, өнімді түптенуі айтарлықтай төмен, мұның өзі көп жағдайда астық өнімін азайтады.
Қатты бидай өсіп-дамуының алғашқы кезеңдерінде жоғары ылғалдылықты және орташа жылылықты, ал соңынан - жоғары температура мен орташа ылғал қорын қалайды. Масақтану-пісіп жетілу кезеңіндегі жоғары температура мен ауа қуаңшылығы масақтың дәнсіздігі мен бос масақшалыққа әкеліп ұрындырады. Қатты бидайдың гүлденуі мен тозаңдануына қолайлы жағдайлар түнгі 10-12ºС және күндізгі максимум 25-31ºС болғанда қалыптасады.
Солтүстік Қазақстан аймағында қатты бидайға әлсіз байланған құмдақ, ауыр сортаңдау топырақтар жарамсыз деп есептеледі. Егін көгінің әлсіздігінен қатты бидай жұмсақ бидаймен салыстырғанда арамшөптерден көбірек зиян шегеді, сондықтан ол арамшөп өсімдіктерінен таза танаптарға орналастырады.
Жаппай тот ауруы байқалған жылдары қатты бидай өнімі жұмсақ бидайға қарағанда біршама жоғары болады, өйткені ол жергілікті танаптарда ол ауруға төзімдірек.
Солтүстік облыстарда қатты бидай егістігіне тамыр шірігі үлкен зиянын тигізеді: егін көгі селдірейді, өсімдіктер әлсіреп, өнімі төмендейді. Сонымен қатар алғы дақыл дұрыс таңдап алынбағанда қатты бидай гүл кенесінен де залал шегуі мүмкін. Аталған ерекшеліктерді қатты бидайдың оңтайлы өсіру технологиясын жасағанда өте мұқият ескеру қажет.
Мемлекеттік тізіммен Қазақстанда өсіруге рұқсат етілген жаздық қатты бидай сорттары: Безенчукская 139, Дамсинская 90, Костанайская 52, Сид 88, Оренбургская 10, Оренбургская 2 ж.б.
Өсіру технологиясының ерекшеліктері. Өндірістік тәжірибе көптеген жағдайда қатты бидайды жұмсақ бидайға жасалған кепілдеме бойынша өсіреді. Жаздық қатты бидайдың биологиялық ерекшеліктерін ескермейтін бұл кепілдемелер аталған дақылдың сапалы астық өнімін арттыра алмайды. Жоғарыда атап өткеніміздей, жаздық қатты бидай танаптарының арамшөптерден тазалығына, ылғал мен қоректік заттарға үлкен талап қояды. ҚР АШМ-нің «Казагроинновация» АҚ-ның «А.И. Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің, «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ және Қазақстанның басқа да ғылыми мекемелерінің зерттеулері көрсеткендей, қатты бидайға таза сүрі жері өте жақсы алғы дақыл болып табылады. Тәуір алғы дақылға тары, сүрлемдік жүгері, біржылдық қоңырбас және бұршақ тұқымдас шөптер қоспасы, жасыл балаусаға өсірілген күздік қара бидай жатады. Солтүстік Қазақстан жағдайында сүрі емес алғы дақылдан таза сүрі танабының артықшылығы жаздық қатты бидай 1,0-3,9 ц/га, немесе 6,6-25,7% қосымша өнімімен дәлелденеді, ал астық алғы дақылдар мен салыстырғанда бұл көрсеткіштер 2,1-2,9 ц/га , немесе 15,7-20,4% болды. Жаздық қатты бидайды өзінен кейін орналастыруға болмайды. Өйткені бір орында қатты бидайды бірнеше жыл қатарынан өсіргенде аталған дақыл гүл кенесі мен қатты жарақаттанады, масақтың бір бөлігі, тіпті бүтіндей масақтар шіріп кетеді де астық өнімі күрт төмендейді.
Қуаңшылық жылдары қатты бидай ылғал жетімсіздігіне сезімтал, жұмсақ топырақтарға қарағанда қыртыста аз өнім береді. Ылғалды жылдары керісінше, тың және тыңайған жерлердің қыртысы қатты бидай үшін жақсы алғы дақыл.
Тұқымды себуге дайындау жұмсақ бидайға ұқсас. Қатты бидайды өсіргенде кем дегенде өсу күші 70%және 1000 тұқымның массасы 40г бірінші класты тұқым себіледі. Біздің зерттеулерімізде (Қ.К. Әрінов, 1998) жаздық қатты бидайдың өсу күші (100 өскіннің массасы), далалық өнгіштік пен егін өнімінің төмендегені тек ұсақ тұқым фракциясында ғана байқалады.
Себу мерзімі. Солтүстік Қазақстанда қатты бидайдың өнімі мен сапасына айтарлықтай әсер етеді. ҚР АШМ-нің «Казагроинновация» АҚ-ның «А.И. Бараев атындағы Қазақ АШҒЗИ» зерттеулерінде орта есеппен 6 жылда жаздық қатты бидайдың мамырдың 5 жұлдызынан маусымның 5-не дейін әрбір бес күн сайын сепкенде ең жақсы нәтижелер мамырдың 20-30 аралығында себілген алқаптан алынды, алайда егістіктің ерте күзгі бозқырау әсеріне ұрынбауы үшін Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарында оны 20-25 мамырда сепкен жөн. Ал Павлодар облысының бірінші аймағында оны 23-27 мамырда, екіншісінде 18-23, үшіншісінде 15-20 және төртінші аймағында 12-18 мамырда сепкен дұрыс. Себу мөлшері – жаздық қатты бидай өсіру технологиясындағы маңызды агротехникалық шара. Қостанай, Ақмола облыстарының шаруашылықтары үшін оңтайлы себу мөлшері 2,5-3,5 млн/га өнгіш тұқым себіледі.Қара қоңыр топырақты аймақтың шаруашылықтарында 2,5-3,2, ал қара топырақты аймақта - 2,8-3,5 млн/га өнгіш тұқым себіледі.
Солтүстік Қазақстан облысының шаруашылықтарының бірінші аймағында 4,0, екінші аймағында - 3,0-3,5, ал үшінші аймағында - 2,5-3,0 млн/га өнгіш тұқым себу ұсынады; Қостанай облысының бірінші аймағында 3,2-3,6, екіншісінде - 3,0- 3,4 млн/га өнгіш тұқым себіледі. Павлодар облысының бірінші аймағында 2,5-3,0, екінші және үшіншісінде 2,2-2,4, ал төртінші аймағында 1,9-2,1 млн/га өнгіш тұқым сепкен дұрыс. Аталған себу нормалары қатты бидайдың нақты өсіру ауданына, алғы дақылға, себу алдындағы тиімді ылғал қорына, өсіру технологиясының басқа элементтеріне қарай өзгеруі мүмкін. Тиісті аймақтарда топырақ ылғалдылығы жетімсіз болғанда ұсынылған себу нормаларының төменгі шегі пайдаланылады, ал ылғалды аудандарда –жоғары шегі қолданылады.
Себу тәсілдері мен тұқым сіңіру тереңдігіне байланысты жаздық жұмсақ бидайдан айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Атап өту керек, ҚР АШМ-нің «Казагроинновация» АҚ-ның «А.И. Бараев атындағы Қазақ АШҒЗИ» (Қасқарбаев Ж.А., Кидралин А.И., 2003) танаптық тәжірибелерінде орта есеппен 4 жылда Дамсинская 90 жаздық қатты бидайының тұқымдарын 4,6,8 және 10 см тереңдікке сіңіргенде астық өнімі тиісінше 12,4; 11,9; 11,4 және 10,4 ц/га құрады да, 10 см тереңдікте ғана астық өнімі күрт төмен болды.
Жаздық қатты бидай егістігін күтіп-баптау жаздық жұмсақ бидайға ұқсас. Бір көңіл аударатын жәйт, қатты бидай гүл кенесімен жарақаттануы мүмкін және мұндай жағдайда өнім күрт төмендеп, астық сапасы нашарлайды. Сондықтан қатты бидай тұқымын себуге дайындағанда күнілгері оны Прометрин 40 инсектицидті дәрілегішпен өңдейді, мұның өзі егін көгін гүл кенесінен сақтайды. Аммофос негізіне жасалған 1,6 процентті түйіршіктелген фамидофос топырақ инсектицидін қолдануға да гүл кенесінен қорғап, айтарлықтай өнім алуға болады.
Гүл кенесінің жаппай дамыған жылдары 1,0-1,5 л/га 50% бициклад э.к. немесе 0,15-0,25 л/га 2,5% денис э.к. қолдану жақсы нәтиже береді. Аталған препараттармен қатты бидай егістігін көктеу-түптенудің басында өңдейді (Н.И.Можаев, Қ.К. Әрінов ж.б., 1993ж).
Егінді жинау. Бидайды жинау күрделі жұмыс, оның күрделілігі егістік аумағы, көп жұмылдырылуымен ғана емес, көп жағдайда қолайсыз ауа-райы жағдайларына сәйкес келеді де, астық шығыны мен сапасының төмендеуіне ұрындырады.
Егін жинауда екі тәсілді қолданады: бөлектеп жинау және тікелей орып бастыру.
Егістік бітіктігі мен арамшөптен тазалығы жақсы болғанда және ауа райы қолайлы қалыптасқанда бөлектеп жинау тәсілін қолданған дұрыс. Бұл егін жинауды ерте бастауға мүмкіндік береді, дәннің шашылып қалу шығынын азайтады, дестелер жақсы дегдігенде құрғақ астық алынады, жинау кезеңінің өзінде-ақ астық жақсы тазартылады.
Егер егістік аласа, сирек өссе, ауа-райы жиі түрде өзгермелі әрі жаңбырлы болса, дұрысы оны тікелей орып бастырған жөн.
Жалпы айтқанда, бидай егістігін жинау мерзімі мен тәсілі әрбір шаруашылық танаптарда қалыптасқан жағдайларды ескере отырып жүргізіледі.
Бөлектеп жинауға бидай астығының орташа ылғалдылығы 32-35 %-ға жеткенде кірісе беруге болады. Бұл кезеңде (балауызданып пісудің ортасы) дәнге пластикалық заттардың жинақталуы негізінен тоқталады.
Жаздық бидайды тікелей орып бастыруды астықтың ылғалдылығы 20 %-дан төмен түскенде (іссанада көбінесе 18-16 % жеткенде, оның толық пісу кезеңінде бастаған абзал.
Достарыңызбен бөлісу: |