Бір өсімдікке шаққандағы қалыпты дамып, піскен гүл шоғыры (масағы) бар сабақтар санын өнімді түптену деп атайды.
Астық дақылдарының өнімді түптенуі әдетте жоғары емес. Мәселен, Қазақстанда өсірілетін жаздық бидайдың өнімді түптенуі жиі түрде 1,1-1,5 деңгейінде, кейде бірден төмен және сирек жағдайда 2,0 және одан жоғарырақ болады.
Түптену астық дақылдары тіршілігіндегі жауапты кезең. Жақсы түптенудің маңызы зор: бұл жағдайда үлкен ассимиляциялық жапырақ беті қалыптасады, көп мөлшерде түйін тамырлары түзіледі, ал олар өз кезегінде қуатты тамыр жүйесін қалыптастырады; оның үстіне масақтану (шашақтану) кезеңіне жететін бүйір өркендері қосымша астық өнімін береді; түптену кезеңінде сонымен қатар жаздық астық дақылдарында гүл шоғырларының қалыптасуы жүреді (масақ, шашақ).
Жақсы түптенген егістік айтарлықтай шамада болашақ өнімді анықтайды, алайда бүйір өркендердің көптігі қосымша ылғал мен қоректік заттарды қажетсінеді. Түптену кезеңінде қолайлы жағдайлар қалыптасса, кейіннен көп, масақшасы мен ірі масақ (шашақ) түзіледі. Әрине, өнім деңгейі өсімдіктердің түптену кезеніңдегі өсіп-даму ерекшеліктеріне ғана емес, кейінгі кезеңдеріне де тікелей байланысты. Дегенмен өнім негізі масақ (шашақ) – түптену кезеңінде қаланады, сондықтан осы уақытта астық дақылдары тіршілігіне қажетті барлық жағдайлармен барынша толық қамтамасыз етілуі керек.
Әлсіз түптенгенде ұсақ масақ түзіледі де астық өнімі төмен болады. Жаздың бірінші жартысы өте қуаңшылықты және кеш жауған жауын-шашынды жылдары өсімдіктер кеш түптенеді де сабан өркен дамиды (масақты өркендер кеш пайда болады). Ал сабақ өркен (подгон) егін жинауды өте қиындатады.
Астық дақылдарының генеративті кезеңі түтікке шығудан басталады. Түтікке шығу кезеңі түптенудің соңынан басталады. Бұл кезеңде қысқа буын аралықты ұрықтық гүл шоғыры бар ұрықтық сабақ ұзара түседі де жапырақ түтікшесінің ішімен жоғары қарай көтеріледі. Ең алдымен, төменгі буын аралығы өсіп ұзара бастайды, оның соңынан төменнен екінші, үшінші және одан кейінгілер дами бастайды. Бір мезгілде гүл шоғыры да дамиды: үшінші дәрежедегі өсу конусы салынады, сонынан жатын мен аналықтар қалыптасады. Ересек өсімдіктерде ең қысқа буын аралығы төменгі, ал ең ұзын буын аралығы жоғарғы бөлігінде дамиды.
Сабақ өсе бастағанда бірінші буын аралығы топырақ бетінен 1,5-2 см көтерілгенде дақылдың түтікке шығу кезеңі белгіленеді.
Түтікке шығу кезеңінің басталуымен сабақтың және сабақ ішіндегі гүл шоғырының өсуі тез қарқынмен жүреді де қысқа уақыттың аралығында 7...8 см жетеді. Бұл кезеңде өсімдік ылғал, қоректік заттардың, әсіресе азоттың, жетімсіздігі мен аурулармен зақымдануынан айтарлықтай зардап шегеді. Бидайда бұл масақтың төменгі масақшаларының, арпада соған қоса масақтың жоғарғы бөліктерінде масақшалар түзілмей қалуынан көрініс табады. Сабақтану гүл шоғырының (масақ, шашақ) қалыптасуының аяқталуымен бірге бітеді, және олар жапырақ қынабынан сыртқа шығып келесі өсіп-даму кезеңіне ауысады. Бұл үрдісті салқын ауа-райы тежейді, ал жылылық тездетеді.
Дәнді дақылдар вегетативті кезеңнен генеративті кезеңге ауысқанда редукция құбылысынан өтеді, бұл деген сөз түптену кезеңінде түзілген көптеген өркендерден өнімді сабақтар бөлініп шығады. Пайда болған бүйір өркендерден әлсіздерінің өлуі (опат болуы) есебінен кемуі – дәнді дақылдарда қалыпты физиологиялық үрдіс, редукция себептеріне тұраралық бәсеке, арамшөптер зияны және аурулар мен зиянкестердің залалдануы жатады.
Масақтану немесе шашақтану кезеңі гүл шоғырының жоғарғы жапырақ қынабынан шығумен сипатталады. Бұл кезең сорттың пісу мерзімін сипаттайтын барынша сенімді көрсеткіш, өйткені ол пісу мерзіміне қарағанда сыртқы орта жағдайларының әсерінен өзгеріске аз деңгейде ұшырайды. Бұл кезеңде өсімдіктер ылғал мен қоректік заттарға жоғары талап қояды. Кезең неқұрлым ұйымшылдықпен өтсе, егін солғұрлым біркелкі піседі де сапасы жоғары болады.
Гүлдену. Бұл масақтану немесе шашақтану кезеңінен соң өтеді. Гүлдену ерекшеліктеріне қарай дәнді дақылдар өздігінен тозаңданатын (бидай, арпа, сұлы, тары, күріш) және айқас тозаңданатын (жүгері, шәй жүгері, қара бидай) өсімдіктер деп екі топқа ажыратылады. Өздігінен тозаңданатын өсімдіктерде өздігінен тозаңдану басым болып келеді, дегенмен оларда айқас тозаңдану мүмкіндігі де бар. Бұл әсіресе ыстық ауа-райы жағдайында байқалады. Арпа тек қана өздігінен тозаңданады. Өздігінен тозаңданатын астық дақылдарында гүлдену масақтанумен бір мезгілде (2-3 тәулік айырмашылықпен) жүреді, ал арпада – масақтануға дейін, бұл кезде масақ әлі жапырақ қынабының ішінде болады. Айқас тозаңданатын өсімдіктерде гүл шоғырының пайда болуымен гүлденуінің арасында 2-3 үлкен айырмашылық бар: қара бидайда ол 7-10 тәулік, кейде 15 тәулікке дейін, жүгеріде – 9-15 тәулік.
Гүлдену кезеңінің басталуы көп жағдайда ауа-райына байланысты, әсіресе айқас тозаңданатын өсімдіктерде. Ыстық ауа-райында масақтану мен гүлдену аралығындағы уақыт қысқара түседі.
Масақты астық дақылдарының гүлденуі масақтың орта бөлігіндегі масақшалардың төменгі гүлдерінен басталады. Осы арадан жоғары және төмен тарайды. Шашақты дақылдарда гүлдену шашақтың жоғарғы жағынан басталады. Масақты дақылдарда масақтың ортасындағы ал шашақты дақылдарда жоғарғы гүлдердегі тозаңдықтар пайда болғанда гүлдену кезеңі белгіленеді. Бір гүлдің гүлдеу ұзақтығы 30-60 минөт, ал гүлдердің барлығы бір мезгілде гүлдемейтіндіктен гүлдену кезеңі 8-12 тәулікке созылады.
Өсімдік тіршілігінде гүлдену маңызды өзгерісті кезең болып табылады, өйткені оның соңына қарай вегетативті органдардың әрі қарай өсімі тоқталады. Көп жағдайда осы мезгілде тамыр жүйесінің де өсуі тежеледі.
Гүлдену кезеңінде астық дақылдары сыртқы әсерлерге өте сезімтал, температураның күрт өзгеруі, ылғалдылық жетіспеушілігі, ұзаққа созылған жаңбыр және кейбір басқа әсерлер тозаңдану жағдайларын нашарлатады және осылардан гүл шоғырының дәнділігі төмендейді. Гүлдену кезеңіндегі қолайсыз жағдайлар айқас тозаңданатын өсімдіктерде ерекше байқалады. Ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 60-80% және температурасы 18-220С болғанда гүлдену барынша жақсы өтеді.
Гүлдену уақытында егістіктерде түпкілікті өнімді сабақтар болады. Агротехникалық шаралармен әсер ету арқылы редукция үрдісінде сорттар барынша жоғары өнім бере алатын масақты сабақтарды қалыптастыруға ұмтылу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |