Тәрбие заңдылықтары мен қағидаларын қолдану жолдары Тәрбие – бұл педагогикалық құбылыс. Педагогикалық құбылыстар мен процестер арасындағы байланыс заңдылық деп аталады. Педагогикалық заңдылық деп – педагогикалық процестің тұтастығын айтады. Тәрбиенің заңдылықтары:
Тәрбие қоғам мұқтаждығына және жағдайына байланысты заңдылығы. Неғұрлым қоғамның әлеуметтік – экономикалық мүмкіншілігі өскелең өмір талабына сәйкес дамып отырса, соғұрлым жастардың келешегіне, адамгершілік қасиеттерінің дамуына игі әсер етеді.
|
Тәрбие мен өзін — өзі тәрбиелеудің бірлігі заңдылығы. Оқушы тұлғасының дамуы мен қалыптасуында белсенділіктің рөлі зор. Белсенділіктің бірнеше түрлері бар. Олар: қарым – қатынас белсенділігі, таным белсенділігі және өзін — өзі тәрбиелеу белсенділігі.
|
Тәрбие іс — әрекетінің және қарым – қатынастың шешуші рөлі заңдылығы. Тәрбие, оқыту және білім беру іс — әрекетіне байланысты. Іс — әрекеттің мынандай түрлері бар. Олар: ойын, оқу, еңбек, спорт, көркемдік, қоғамдық – саяси іс — әрекеттері т.б. жатады.
Тәрбие процесінде оқушылардың жас және дербес ерекшеліктерін есепке алу заңдылығы. Жас ерекшеліктері мынандай жағдайда еске алынады:
а) оқу жоспарларын, оқу бағдарламаларын, оқулықтарды, оқу құралдарын
т.б. жасағанда;
ә) ағзаның дене және психикалық дамуына байланысты;
б) оқу, тәрбие процесінде.
Педагогикалық процесте ұжым мен жеке адамның өзара байланысы заңдылығы. Оқушы тұлғасын қалыптастырудың негізгі көзі ұжым болады. Көрнекті педагогтар Н. К. Крупская, А.С. Макаренко, В.А Сухомлинский ұжымдық қатынастарды қалыптастырудың теориялық негіздерін жасады. Тәрбие қағидасы – тәрбиешілер міндетті түрде сақтайтын, тәрбиені ұйымдасытру-дың аса маңызды ережелері, бастапқы ережесі. Табиғилылық қағидасы тәрбие табиғи және әлеуметтік-мәдени үдерістердің өзара байланысының ғылыми түсінігіне және балаларды тәрбиелеуде олардың жеке тұлғалық және жас ерекшеліктерін ескерудің қажеттігіне негізделеді. Мектепте мынандай тәрбие қағидалары қолданылады:
Тәрбиенің идеялылығы мен мақсаттылығы. Тәрбиенің алдына қоғам болашағына берік сенімі бар азаматтарды қалыптастыру міндеті қойылады. Оқыту мен тәрбие жұмыстарын мақсатпен ұйымдастыру мұғалім мен оқушылардың іс – әрекеттерінің үнемі жоспарлы түрде өтуіне әсер етеді.
2.Тәрбиенің өмірмен, еңбекпен, қоғам құрылысының практикасы мен байланыс принципі. Бұл принциптің мәні қоғамның экономикалық, әлеуметтік және рухани қатынастарын, өмір шындығының моралі және әсемділікке көзқарасын тәрбие ісінде қолдану болып табылады.
Ұжымда және ұжым арқылы тәрбиелеу принципі. Бұл тәрбие жұмысының жетекші қағидаларының бірі. Педагогика ғылымы балалар мен жас өспірімдердің топтық және ұжымдық өмірін, олардың тұлғасының рухани байлығының, әлеуметтік белсенділік пен жауапкершілік сезімі қалыптасуының міндетті шарты деп қарайды. А.С.Макаренко ұжымды адамның біртұтас түрлі сапалары жаттығып, қалыптасатын гимнастика залы, сондықтан тәрбие жүйесі “ұжым” болып ұйымдастырылған педагогикалық іс – әрекет процесін басқаларынан жоғары қояды – деп көрсетті. Тәрбиеленушінің тұлғасына қойылатын талаптар мен көрсетілетін құрметтің бірлігі қағидалары. А.С. Макаренко кезінде “Егер біреу – міреу педагогикалық тәжірибенің мәнін қысқаша ғана формуламен қалай анықтар едіңіз деп сұрай қалса, мен оған адамға мүмкіндігінше үлкен талап қою және құрмет көрсету деп жауап берер едім” , – деген екен. Мұғалім осы принципті басшылыққа алып оқушы күш – қуатына ерік беретін, орынды әрекеттеріне және қылықтарына тербеліс туғызатын, өзінің құлқын сезінуін және өз тәртібіне жауапкершілігін ұғындыратын өзіндік өрнегі (стилі) мен сарыны (тоны) бар қатынастарды таңдап алады.
Тәрбиелік ықпалдардың тізбектестігі, жүйелілігі, беріктігі және үздіксіздігі қағидасы. Бұл принципті ұстау әрбір бөліктері мен элементтері түгел біртұтастықты құрайтын педагогикалық жүйенің болуын талап етеді. Педагогикалық ықпалдардың жүйесіздігі, кездейсоқтығы, бейтараптығы, келісімсіздігі, ретсіздігі тәрбие мақсатына үзілді – кесілді қарама – қайшы келеді.
Тәрбиенің оқушылардың жас және дербес ерекшеліктеріне сәйкестігі қағидасы. Бұл принципті жүзеге асыру оқушылар іс – әрекетінің мазмұны мен түрін олардың жасына, өмір тәжірибесіне, күш – қуаты мен мүмкіндіктеріне сәйкес болуын талап етеді. Осы принциптің жүзеге асуына мұғалімнің жас және педагогикалық психологияны терең білуі көмектеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |