2.3 Жеке тұлға құқықтарының халықаралық деңгейде қорғалуы
Жаңа уақыттың ғалымдары, философтары және заңгерлері адам құқығы проблемаларын зерттеуде көп жетістіктерге жетті, XIX ғасырдың аяғында жаңа жағдайларға сай адам құқығы туралы гуманистік концепция құрылып, индивидтердің қорғалуын тек ұлттық не болмаса әлеуметтік белгілері арқылы шешпей, жәй ғана адам екендігін есептеп шешу кіргізілді. Құқықтың дамуы және еркіндік, өзінің нәтижесінде адамға халықаралық дәреже берілуіне жеткізді. Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысы алғашқы рет, сол деңгейде адам құқығын құрметтеу қажет екендігін жариялады және оны қорғайтын мүмкіншілікті көрсетті. 1948 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Жарғының қажетті жерлерін дамыта отырып: маңызды халықаралық құжат – Адам Құқығының Жалпыға бірдей Декларациясын қабылдады. Онда адам туралы жалпы идеалдар жазылып, соған жетуге барлық елдердің талаптануының қажет екендігі көрсетілген. Адам құқығының декларациясында негізгі еркіндіктер түсіндіріліп талданған. Сонымен, адам құқығын халықралық деңгейге қабылдау жолында маңызды қадамдар жасалды. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясында 1966 жылы қабылданған екі Пакті де (Әлеуметтік, экономикалық және мәдени құқықтар жөніндегі халықаралық пакт, Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пакт) мемлекеттің халықаралық ынтымақтастықта әрқайсылары өздерін қамтамасыз ету үшін, көрсетілген белгілі құқықтарды пайдалану қажеттігі белгіленеді. [31].
Адам құқықтарын корғаудың алуан түрлі органдар жүйесі және процедуралары қорғау механизмін қалыптастырады. Бұл механизмдерсіз құқықтық мемлекет өмір сүре алмайды: Конституциялық соттар (Испания, Италия, Ресей, Германия): Конституциялық Кеңес (Франция): Жоғарғы сот (АҚШ): Мемлекеттік Кеңес (Италия): Әкімшілік соттар, жалпы юрисдикциялық соттар, омбудсмендер (Франция, Польша, Ұлыбритания): медиатор – делдал (Франция) – міне бұл адам құқықтарын және бостандықтарын қамтамасыз ететін кейбір механизмдер.
1948 жылы желтоқсанда адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясы қабылдануымен адам құқықтарын кодификациялау процесі басталды. Адам құқықтары институтын және процедураларын жақсарту оларды іс жүзіне асыру және қорғау шаралары енгізілді. Осы жолда адамзаттың жарты ғасырлық тәжірибесі адам құқықтары және бостанықтарын жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етусіз және қорғаусыз демократияға, құқықтық мемлекетке қол жеткізу және әлеуметтік- экономикалық өрлеу мүмкін емес.
Демократияның негізгі алатын діңгегі – адам құқығы болып табылады. Адам құқығы сақталмаған жерде немесе сөз жүзінде сақталып, іс жүзінде жүзеге аспаған жағдайда халық билігінің де мәні болмайды, демократиялық институттар да жұмыс істемейді. Адам құқығы – демократияның өмір сүруінің ең бірінші шешуші шарты. Адам құқығы – жұмыр жердегі барлық адамзат баласына тиісті әрқайсымыздың дүниеге келген кезеңнен бастап ие болған құқығымыз. Біздің адам екендігіміз – сол құқықтардың иесі екендігіміздің белгісі. Бұл құқықардан адамды айыру мүмкін емес. Себебі, оны бізге ешкім берген жоқ және бере алмайды да. Біз осы құқықтарды пайдалана отырып қоғам мен мемлекеттің зорлығы мен қысымынан, заңсыздығынан қорғана аламыз, теңдік пен еркіндікті жүзеге асырамыз. Адам құқығы – табиғи құқық. Қарапайым тілмен түсіндіргенде, бұл – жаратқан иенің өзі берген құқық. Оны шектеу немесе мойындамау мүмкін емес. Құдайдың, табиғаттың берген құқығында да, мемлекеттің де, басшының да, заңдар мен ережелерде маңызды емес. Мемлекеттің негізгі міндеті осы құқықтардың бұзылмауына кепілдік болу. Қоғамдағы заңдардың ешқайсысы адам құқығына қайшы келмеуін мемлекетпен қоса қоғамдық ұйымдар да қатаң бақылап отырады. Демек, адам құқығының сақталуы – мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті. Қандай қоғам болмасын басқару жүйесі адамдардың құқықтарын шектей отырып, өз биліктерін жүргізу жолын жеңілдетуді ойлайды. Адам құқықтары азайған сайын, немесе шектеулер арқылы сол құқықтарды жүзеге асыратын жол қалмаған жағдайда оларға биік жүргізудің оңай болатыны белгілі. Әрине, бұл шектеулерді түрлі дәлелдермен, қоғамдағы экономикалық немесе саяси жағдайлардың нәтижесін көрсете отырып, заңды түрде енгізуге күш салады. Кей кездерде адам құқықтарының кейбір түрлерін уақытша шектеуге де қолдары жетеді.
Қазақстан елі тәуелсіздік алғаннан бері міне 15 жыл толып отыр. Тарихқа көз жүгіртіп салыстырсақ, қазіргі адам құқықтары бұрынғадан қарағанда едәуір өзгеріп отыр. Осы жылдар ішінде Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып, адам құқықтары жөніндегі Халықаралық шарттар мен конвенцияларды өз міндеттеуіне алды. Қазіргі кезде Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Еуропа кеңесі демократияны қолдау ұйымдарымен және тағы басқа халықаралық бірлестіктермен адам құқықтары жөнінде, баспасөз бостандығы, сот тәуелсіздігі сияқты мәселелермен тығыз байланыс жасауда.
Қазақстан Республикасының конституциялық даму жағдайында маңызды қоғамдық қатынастарды конституциялық реттеу механизмдерін зерттеу, оның әлеуметтік-құқықтық тиімділігін анықтау өзекті мәселе болып отыр. Конституциялық реттеу механизмі кешенді саяси-құқықтық жүйе ретінде республикадағы конституциялық-құқықтық қатынастардың дамуына әсер етеді. Конституциялық реттеу дегеніміз Конституция және конституциялық заңдардың қоғамдық қатынастарға арнайы конституциялық құралдар: конституциялық қағидалар мен нормалар, өзге конституциялық актілердің нормалары, нақты конституциялық-құқықтық жағдайларды шешуге бағытталған конституциялық-құқықтық қатынастар және субъектілердің құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру актілері арқылы әсер етудің негізігі формасы [32]. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау да маңызды қоғамдық қатынастардың бірі болғандықтан конституциялық реттеудің механизмдері қолданылады.
Адам құқықтары мен бостандықтары құқықтың ерекше саласы боп табылады. Өйткені оның құрамында адамзаттың ортақ өмір сүруіне қажетті құндылықтар: өмір сұру бостандықтары, жеке автономия және т.б. жинақталған. Бұл құндылықтар адам құқықтарында өзінің нормативті бекітілген және құқықтық құралдарымен институт арқылы қамтамасыз етілген. Қазақстан әлемдік реформа бағытымен жүре отырып адам құқығын ең жоғары құндылық ретінде жариялаған және бұл салада халықаралық стандарттарға сүйенеді. Бұл стандартар Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында (1948 жылы) Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі халықаралық пакт (1966 жылы) Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пакт (1966 жылы) Құқықтар мен бостандықтарды қорғау жөніндегі Европалық конвенция (1950 жылы) және басқалар да бекітілген. Өкінішке орай, Қазақстан Республикасын бұл жоғарыда аталған халықаралық құжаттарға қосылмаған.
Қазақстан Республикасының адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында ұлттық заңдылыққа сүйенеді. Халықаралық конвенцияларға Қазақстан Республикасының қосылуы біздің мемлекетіміздің адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау және сақтау саласында әлем стандарттарына қол жеткізудің басты факторы болып табылады.
Қазақстанның танымал құқықтанушы ғалымы Н. Шайкенов адам құқықтары өз табиғатында адамның өмір сүруге қажетті негіздерін қамтамасыз етуге бағытталған, онсыз Адам да жоқ. Құқықтардың санамасы қоғамның және мемлекеттің материалдық мүмкіндіктеріне байланысты [33]. Құқықтар мен бостандықтарды жариялап қана қою аз, оларды материализациялап, іс жүзіне асыру қажет, бұл міндет өте күрделі. Қоғам қазіргі кезде адам құқықтарының табиғи және айырылмастығын енді ғана сезініп, оларды қамтамасыз ету және толық кепілдікке беруге қабілетсіз болып отыр. Бұл қайшылық күннен күнге әлеуметтік араздықты, халықтың қарсылығын және риза еместігін тудырып отыр. Сондықтан, адам құқықтарының теориясын және тәжірибесін бөліп қараған дұрыс. Адам құқықтары қағаз жүзінде оңай жарияланғанымен оларды іс жүзіне асыру күрделі процедура. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы өмір сүру деңгейі жағынан төменгі сатыда тұрғаны ешкімге құпия емес. Сондықтан халықаралық стандарттарға кіретін кейбір әлуметтік, экономикалық құқықтарды қамтамасыз ете алмай отыр.
Жеке тұлғаның құқықтарын бұрынырақта тоталитарлық режим бұзған болса, қазіргі кезде олар посткоммунистік демократияның артықшылықтарынан және конфронтациялық процестерден жапа шегіп отыр. Тәжірибеден аңғарғанымыз қаржылық қамтамасыз етуді қажет етпейтін құқықтар мен бостандықтардың өзі әр кезде толық қорғалып отырған жоқ. Адам басқару кемшіліктері мен стихиялары алдында өздерін қорғансыз сезініп отыр. Бұл жерде көңіл жұбатарлық бір жәйт ешбір мемлекеттерде адам құқықтары жүз пайыз қамтамасыз етілмеген, әр мемлекетте өздеріне тән проблемалары бар.
Құқықтарды қамтамасыз етуде қоғамда болып жатқан катаклизмдер әлеуметтік ахуалды нашарлатады, саяси тұрақсыздық, криминогендік жағдайдың шиеленісуі, сыбайлас жемқорлық, құқықтық нигилизм, нарықтық қатынасқа өту қиындықтары және өзге факторлар кедергі жасайды. Адам құқықтары мен заңды мүдделері теңсіздіктер мен әділетсіздіктердің көрінісі негізінде қыспаққа алынады. Дәлірек айтсақ, адам құқықтары мен бостандықтары институтының жүзеге асырылуына қажетті әлеуметтік орта қалыптаспаған. Құқық бар, ал құндылық жоқ, заң бар, ал оның мақсаттары жүзеге асырылмайды.
Әділетті, құқықтық мемлекет құрудың басты мәселесі азаматтарды материалдық қамтамасыз етумен байланысты әлеуметтік саясат болып отыр. Қай қоғам болмасын оның өмір сүруінің негізі материалдық құндылықтарын, өмірлік қызмет бағыттарын белгілейтін маңызды фактор материалдық қажеттіктер және оларды қанағаттандыру болып табылады. Адамдардың материалдық молшылыққа жетуге ұмтылуы материалдық қатынастардың дамуының стимуляторы. Материалдық құндылықтарды бөлу және қайта бөлу кезіндегі құқықтық мәселелерді шешудегі қателіктер немесе сауатсыздық мемлекеттік жүйенің жойылып кетуіне, формациялардың өзгеруіне әкеліп соқтырғанын тарихтан көруге болады [34]. Сондықтан мемлекет үшін халықты әлеуметтік қамтамасыз ету басты мәселе болуы керек.
Әлеуметтік құқықтардың кепілдігі нашарлаған. Күннен күнге тұрғындардың көпшілік бөлігіне жоғарғы білім алу, медициналық көмекті пайдалану, демалу, тұрғын жаймен қамтамасыз етілу құқықтарын пайдалану мүмкіндіктері азайып барады. Бұл жағдай қоғамның «өте бай» және «өте кедей» санаттарының пайда болуымен шиеленісе түсуде. Қазіргі кезде күттірмес мәселенің бірі, демократиялық өзгерістер барысында Декларацияда, Конституцияда аталған құқықтарға өмірлік мазмұн беру. Әрине, оны жүзеге асыру өте күрделі, өйткені біздің мемлекетіміз барлық құқықтарды жоғарғы дәрежеде материалдық қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоқ. Заң жүзінде өмір сүрудің ең төмен стандарттары белгіленбеген.
Әртүрлі тарихи дәуір түсінігінде адам құқығы мен бостандықтарының мазмұны және көлемі бірдей болған жоқ. Салыстырмалы түрде ХХ ғасырдың басында адам құқығы тек мемлекеттің ішкі заңдарымен реттелді. Халықаралық қатынасқа түсуші мемлекеттер бұл мәселені тек мемлекеттің ішкі юрисдикциясына жатады деп бағалады.
Қазіргі кезде мемлекеттің ішкі юрисдикция шеңбері тарихи тұрғыдан жылжыған. Мемлекеттер мұндай шектерді өздері белгілейді. Екінші дүниежүзілік соғыс барысында адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын халықаралық реттеу кемшіліктері анықталды. Осы олқылықтарды түзеу Біріккен Ұлттар Ұйымын құру және оның жарғысын қабылдаумен байланысты. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы халықаралық қатынастар тарихында мемлекеттер арасындағы адам құқықтарына байланысты әріптестікті дамытудағы тұңғыш көп жақты келісім шарт болып табылады. Осы ұйым шеңберінде адам құқықтары саласындағы маңызды халықаралық келісімдер жасалды және қабылданды.
Адам құқықтарын халықаралық қорғауды реттейтін нормалар көпжақты халықаралық келісім – шарттар жасау жолымен қалыптасады. Бұл шарттарға қосыла отырып мемлекет өзінің егеменді құқықтарынан бас тарта отырып, оларды халықаралық ұйымдарға береді, ал олар өз тарапынан мемлекеттің бұл саладағы ішкі ісіне араласу құқығын жүзеге асырады.
Біздің ойымызша, адам құқықтарын халықарлық қорғау мына механизмдерден тұрады:
- адам құқықтары жөніндегі нормативтік базаны құру және оған әлем мемлекеттерінің басым бөлігі қатысуы тиіс және олар адам құқықтары жөніндегі бұрын қабылданған 6 халықаралық негізгі құжаттарды тануы және мойындауы тиіс деген талап қою. Яғни, Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық Пакт, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі халықаралық Пакт, Нәсілділік дискриминацияның барлық түрлерін жою жөніндегі халықаралық Конвенция, Әйелдерге қатысты барлық дискриминация формаларын жою жөніндегі халықаралық Конвенция, Азаптау және өзге де қатыгездік, адам қадір қасиетін төмендететін қарым-қатынастарды жою жөніндегі халықаралық Конвенция, балалардың құқықтары жөніндегі халықаралық Конвенцияларға қосылуы тиіс;
- Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық Пакт негізінде адам құқықтарын қабылдау комитеті мемлекеттердің осы мәселелер жөніндегі есебін қарау;
- Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық Пактінің бірінші хаттамасына қол қойған мемлекеттердің жекелеген азаматтарының шағымдарын қарау;
- адам құқықтары саласындағы мемлекеттердің өзара міндеттемелерін орындамағандығы жөніндегі претензияларын қарау;
- адам құқықтарын бұзған тұлғалардың тізімін жасап, оларға қатысты жеке қылмыстық іс қозғау мәселелерін қарастыру;
- адам құқықтары жөніндегі аймақтық комиссиялар құру (Еуропа Кеңесі, Страcбургтегі адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот);
- Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі Комиссиясында жартылай тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен арнайы тақырыптық зерттеулер жүргізу;
- Халықаралық үкіметтік емес ұйымдарды құру.
Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі мақсаттарының бірі – жеке тұлғаның құқықтарын қорғау және қамтамасыз ету болып табылады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы адам құқықтарының анықтамасын, олардың орындалуын тексеру жүйесін нақты белгілемегендіктен Адам құқықтары жөніндегі комитет өз қызметін нормаларды белгілеу процедураларынан бастады.
Адам құқықтарының жалпы Декларациясын қабылдау арқылы мемлекеттер ортақ түрде адам құқықтарына оның құрамдас бөлшектері азаматтық, саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени құқықтарға анықтама берді. Қазіргі кезде Адам құқықтары жөніндегі жалпыға бірдей Декларация Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары саласындағы қызметінің құқықтық негізі болып табылады, сондықтан оған мүше мемлекеттер үшін бұл декларация ережелері міндетті болып танылады.
Әлемдік қауымдастық жеке тұлғаның құқықтарын халықаралық дәрежеде қорғау қажеттігін мойындай отырып, құқықтар мен бостандықтарды тек декларациялық түрде жариялап қана қоймай, адам құқықтарын қорғаудың нақты әсер ететін Біріккен Ұлттар Ұйымының және аймақтық ұйымдар деңгейіндегі ұйымдастырушылық-құқықтық механизмді құру қажеттігін қолдап отыр [35].
Осы мақсатта Біріккен Ұлттар Ұйымының жанынан адам құқықтарын қорғаумен айналысатын мамандандырылған агенттіктер құрылған. Атап айтар болсақ:
- Халықаралық еңбек ұйымы (Женева) еңбек құқықтарын қорғау, кәсіптік одақтардың қызмет, басқа қолдау экономикалық және әлеуметтік құқықтарды дамытуға жауапты;
- Білім, ғылым және мәдени ұйым (ЮНЕСКО) штаб-пәтері Парижде. Бұл ұйымның негізгі атқаратын қызметі халықаралық дәрежеде ғылым, мәдениетті дамытуға бағытталған шаралар жүргізу және осы саладағы азаматтардың құқықтарын қорғау;
- Париждегі бүкіл әлемдік денсаулық қорғау ұйымы денсаулық сақтау құқығын қамтамасыз етеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблея жанынан бірқатар адам құқықтарын қорғаумен тікелей байланысты жаңа ұйымдар және бағдарламалар құрылған – Женевадағы босқындар істері бойынша Бас Комиссар Офисы, Нью-Йорктегі Даму Бағдарламасы, Балаларға арналған Халықаралық Төтенше қор және басқалар [36].
Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы бойынша адам құқықтарын қорғауға ықпал етуге жауап беретін бас орган – Экономикалық және Әлеуметтік Кеңес. Экономикалық және Әлеуметтік Кеңес 1946 жылы құрған адам құқығы жөніндегі Комиссия, бүгінде 53 мемлекетті біріктіріп отыр. Экономиалық және Әлеуметтік Кеңестің адам құқықтарын қорғаудағы асты қызметі құқықтары қорғау жөнінде ұсыныстар және осы мәселеге байланысты келісімшарттардың жобасын даярлау мәселесімен айналысу болып табылады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысының 68-бабына сәйкес Экономикалық және Әлеуметтік Кеңес қосымша органды құруға құқылы. Осы негізде адам құқығы бойынша Комиссия, азшылықтарды қорғау және дискриминацияны жою мәселесіне байланысты кіші комиссия, әйелдердің жағдайы жөніндегі Комиссия, экономикалық әлеуметтік және мәдени құқықтарына байланысты Комитет және тағы басқа органдар құрылды.
Экономикалық және Әлеуметтік Кеңестің функционалды комитеті Нью-Йорктегі әйелдердің жағдайы жөніндегі Комиссия және қылмысты болдырмау мақсатындағы Венадағы Комиссия болып табылады. Олар жаңа стандарттарды қарастырады және әйелдер мен азаматтарды қорғауда сотта іс қараудың жаңа механизмдерін енгізеді.
Бас Ассамблея ұйымның барлық 185 мемлекетін біріктіретін бірегей орган болып табылады. Біріккен Ұлттар Ұйымының заң шығару органы ретінде адам құқықтары жөніндегі заң жобаларын және декларациялар мен конвенцияларды қабылдайды. Бас Ассамблея Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі Бас комиссар лауазымын енгізді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы және Комиссиялары адам құқықтары жөніндегі екі негізгі келісімшартты қабылдау үшін 20 жыл мерзім қажет болды. Адам құқықтарын қорғауда бұл екі құжат атап айтқанда Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық Пакт, оның қосымша екі протоколы Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі халықаралық Пакт маңызды роль атқарады және олар Біріккен Ұлттар Ұйымы стандарттарының өзегі болып табылады және «Адам құқытары жөніндегі халықаралық Билль деп аталады».
Билльге қосымша Біріккен Ұлттар Ұйымы және оның арнайы агенттіктерімен жүзге жуық арнайы декларациялар, конвенциялар, жолдаулар, стандартты минималды ережелер және әртүрлі саладағы адам құқығының принциптері қабылданды: дискриминацияны болдырмау, өзін-өзі белгілеу құқығы, әйелдер құқығы, бала құқығы, соттық өндіріс, неке және жанұя, азаматтық және баспана, әскери қылмыс және басқа салаларына байланысты прогрессивті халықаралық актілер қабылданған.
Адам құқықтары саласына Біріккен Ұлттар Ұйымы көптеген стандарттар, органдар, процедуралар енгізген. Құқықтық қорғау сипатындағы бірқатар стандарттарды енгізу, әлемдегі көптеген мемлекеттердегі адам құқықтарының өрескел және жүйелі түрде бұзылуына байланысты.
Адам құқықтарын қорғауда ерекше орын Европалық Кеңеске беріледі. Ол 1949 жылы Европалық үкімет және парламентаралық әріптестікті дамыту үшін құрылған, мүше мемлекеттерді әлеуметтік және экономикалы прогреске қол жеткізуді мақсат етіп қойған ұйым. Қазіргі таңда оның құрамында 34 мемлекет мүше. Бұл халықаралық ұйымға мүше болу талап білдіруші мемлекеттің белгілі бір белгілерге не болуын қажет етеді, атап айтқанда ол мемлекетте адам құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық деп бағаланып, нақты қорғалуы тиіс деген талаптар. Сондықтан талапкер мемлекеттер бұл талаптара сай болу үшін өздерінің ұлттық заң жүйесіне елеулі өзгерістер енгізуі қажет. Оған мысал ретінде, біздің мемлекетіміздің өлім жазасына мораторий жариялауын айтуға болады.
Адам Құықтары жөніндегі Европалық Конвенция (1950 жылы) ұйымның адам құқықтарын қорғаудағы бағытты қызметін жүзеге асырудағы маңызды құқықтық негіз болып табылады. Бұл акт басқа осы мәселе жөніндегі регионалдық актілерді қабылдауда басшылыққа алынды, атап айтсақ, Адам құқықтары жөніндегі Америка Конвенциясы. Бұл халықаралық келісімі шарт негізінде ұйымға мүше мемлекеттер өздерінің азаматтарына іргелі құқықтарға кепілдік береді және оларды қорғау механизмдерін нақты белгілейді. Мүше мемлекеттердің адам құқықтарын қамтамасыз етудегі ішкі заңдары осы актіге қайшы келмеуі керек және құқықтарды қорғаудың механизмдерін нақты белгілеу тиіс. Егер мемлекет ішіндегі бұл механизмдер әлсіздік танытса, Страсбург мехнизмі іске қосылады, яғни өз мемлекетінде қорғау таппаған адам Страсбург Сотына шағымдана алады. Сондықтан қазіргі кезде адам құқықтары бойынша мамандандырылған заңгерлер корпусын құру қажеттіктері туындап отыр және олар Страсбургтік прецеденттік құқықпен таныс болуы тиіс, атап айтқанда олар халықаралық адам құқықтарын қорғау нормаларын пайдалана отырып, қажет жағдайда халықаралық ұйымдарға шағымдану механизмі жөнінде толық кеңес бере алуы тиіс. Бұл шараны біздің елімізде де енгізген жөн, өйткені бұл адам құқықтарын халықаралық қорғауды дамытудың бірден бір жолы болып табылады.
Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Сот Комиссия баяндамасы негізінде істерді қарайды. Оның құрамындағы мүшелер саны Европалық Кеңестің мүше мемлекеттері санына бара-бар. Еуропалық Сот шешімі барлық мүше мемлекеттер үшін міндетті болып табылады. Сот шешімі соттың ашық мәжілісіне шығарылады және шағымдалуға жатпайды. Істі ұтқан өтініш берушілерге тлемақы төленеді және сот шығындары өтеледі. 1959 жылы құрылған кезден бастап Еуропалық сотта адам құқықтары жөніндегі 500-ге жуық істер қаралған. Сот шешімі Еуропа халыктарына елеулі әсерін тигізіп отырады. Көп жағдайларда Сот Конвенцияның бұзылуын анықтаған кезде қозғалған адам құқтарын сыйлауға кепілдік беру үшін бұл істерге қатыстырылған мемлекеттер өз заңдарына өзгертулер енгізуіге мәжбүр болады (мысалы, қылмыстық іс жүргізу кодекстері, психиатриялық аурулар жөніндегі заңдар).
Еуропалық Әлеуметтік Хартия әлеуметтік және экономикалық құқықты қорғау аясында адам құқықтарын қорғау жөніндегі Еуропалық конвенцияның баламасы болып табылады. Яғни, қосымша хаттамалармен бірге қол қойған мемлекеттердің азаматтарына 20 астам іргелі әлеуметтік және экономикалық құқықтарға кепілдік берді. Бұл Жарғының орындалуы халықаралық қадағалау жүйесі арқылы бағаланады. Бұл органдарды ақпараттармен қамтамасыз етуде кәсіптік одақтардың ролі өте жоғары.
Еуропадағы қауіпсіздік және әріптестік жөніндегі ұйымда адам құқықтарын сыйлау, заңдылық және плюрализмді сынауға негізделген ерекше тәртіп орнатылған. Ол тек мемлекет және жеке тұлға арасында ғана емес үкімет құрылымын, саяси жүйені және үкімет аралық институттарды да қамтиды. Бұл ұйым шеңберінде плюралистік демократияға негізделген саяси жүйе және адам құқығын қорғау бір бірімімен егіз ұғым деген көзқарас нық қалыптасқан. Сол себептен де адам құқықтары саласында мемлекеттің ішкі саясатына араласпау қағидасы қолданылмайды. Еуропадағы қауіпсіздік және әріптестік жөніндегі ұйымның негізгі ұстанатын қағидасы жалпыға бірдей қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады.
Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымы, Европадағы қауіпсіздік және әріптестік жөніндегі ұйымның, ЮНЕСКО, ИНТЕРПОЛ, Бүкіл әлемдік денсаулық сақтау үйымының және тағы басқа адам құқықтарына қатысы бар халықаралық ұйымдардың ресми мүшесі болып табылады және олардың ресми құжаттарында белгіленген қағидаларды орындау міндеттемесін алған. Бірақ, Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет ретінде адам құқықтары жөніндегі бір де бір Басты Халықаралық Келісімдерді ратификацияламаған және осы саладағы халықаралық келісім-шарттарға қосылуда белсенділік танытпайды. Қазіргі әрекеттегі Қазақстан Республикасының Конституциясы Халықаралық адам құқықтары жөніндегі Бильдің 63-нормасының 32-н ескермеген, пайдаланған нормалардың ішінде 10-ы іс жүзінде орындалмайды. Бұл фактілердің бәрі Қазақстан азаматтарын халықаралық өз құқықтарын қорғау мүмкіндігінен айырып отыр, өйткені бұл салаға халықаралық бақылаудың әлсіреуіне жол беріледі, ал бұл мемлекеттегі демократиялық процестерді де тежеп отыр. Сондықтан, Қазақстан адам құқықтары жөніндегі халықаралық келісімдерді ратификациялап, мемлекетте халықаралық адам құқықтарын қорғау механизмдерін енгізуі тиіс, бұл шаралар жүзеге асырылмайынша қоғамдағы демократиялық өрлеу мүмкін емес.
Қазіргі таңда Қазақстанда Омбудсмен институтын енгізу өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Омбудсмен – адам құқықтарын қорғау, арыз, өтініштерді қарау, құқықтар бұзылған жағдайда қалпына келтіру қызметімен айналысатын өкіл. Омбудсмен институты біздің елімізде адам құқықтарын қамтамасыз етудің әркетті механизмі болуы мүмкін. Классикалық тұрғыда, омбудсмен дегеніміз – мемлекеттік шенеуніктердің заңсыз әрекеттері нәтижесінде бұзылған құқықтар жөніндегі арыз, шағымдарды қарап, тексеріп заңдық күші жоқ ұсыныстар беретін тәуелсіз лауазымды тұлға. Біздің мемлекетімізде бұрын соңды мұндай институт болған емес. Ал бұл институт адам құқықтарын қорғау, қамтамасыз ету және қалпына келтіруде жаңа тәсілдер мен әдістер енгізуге қуатты импульс бола алады. Бұл қажеттікті қазіргі таңда барлығы мойындап отыр. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық құрылым, үшінші мыңжылдықтың басында Омбудсмен институтын қолдану Қазақстан халқының, Президент және Парламенттің шынайы демократиялық процесті қолдайтындығын, құқықтық мемлекет құрудағы нық қадамдарын аңғартқан болар еді.
Омбудсмен (адам құқықтары жөніндегі өкіл) – адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қадағалап отыратын, жеке тұлғалардың мемлекеттік органдар, өзге ұйымдар мен лауазымды тұлғалардың шешімдері мен әрекеттері жөніндегі өтініштері, арыз, шағымдары бойынша тексерулер жүргізуге құзыретті және бұзылған құқықтарды қалпына келтіру жөнінде шаралар жүргізуге міндетті лауазымды тұлға. Ұлттық Омбудсменның әрекет еркіндігін тиімді жүзеге асыру үшін оны адам құқықтарын қорғаудың парламенттік инстуты ретінде енгізген жөн деген ұсыныстар айтылып жүр. Әрине мемлекеттің заң шығарушы органы ретінде бұл жоғарғы органның беделі омбутсман институтын дамыту үшін жеткілікті дәрежеде десе де болады. Оны құрудың әлемдік тәжірибеде қолданылып жүрген тағы бір неше түрлері бар, соныңң ішінде халық сайлауы арқылы өз алдына тәуелсіз орган ретінде қалыптастыру, үкімет органы жанынан құру және тағы басқа. Әрине, бұл институттың тиімді қызмет етуін тек қалыптастыру формасы шешпейді, ол әр мемлекеттің саяси белсенділігіне, демократиялық дамуына және басқа да факторларға тәуелді.
Омбудсмен институты сот органдарының баламасы түріндегі бей ресми ұйым десе де болады. Бірақ, ол сотты алмастыра алмайды. Ол тәуелсіз, мүдделі емес үшінші жақ және өз өкілеттік шеңберінде азаматтардың мемлекеттік органдар және ұйыдардың заңсыз әрекетіне жасалған шағым, арыздар бойынша тергеу жүргізеді [37]. Омбудсмен азаматтардың құқықтарының бұзылмау немесе мемлекеттік басқаруды жақсарту және бұзылған құқықтарды қалпына келтіру мақсатында тергеу нәтижелеріне негізделген іс бойынша анықталған фактілерді Парламентке ұсына алады және анықталған фактілерді жариялай алады. Ол тергеу, сот, прокуратура қызметін алмастырмайды, керсінше олардың қызметін толықтырып отырады.
Бұл институттың тиімді қызмет етуі үшін мемлекетте құқықтық мемлекет идеялары заңды бекітілуі тиіс. Өйткені, ол тек шынайы демократиялық саяси плюрализмді, зиялы көзқарасты таныған мемлекетте ғана қалыптаса алады. Сонымен қатар, омбудсменнің мемлекеттік билік органдары және лауазымды тұлғаларынан тәуелсіздігі заңды түрде бекітілуі тиіс, өйткені ол тәуелсіздікке Омбудсменді жеткілікті шеңбердегі өкілеттілікпен қамтамасыз еткен кезде ғана қол жеткізіледі. Әрине, Омбудсмен қызметін жүзеге асырушы тұлғаның жеке қасиеттері де бұл қызметтің жүзеге асырылуына ықпал етеді. Ол саяси белсенділіктен бас тартып, өзінің ресми қызметі барсында әділдік және зағдылық қағидаларын басшылыққа алуы тиіс. Шет ел мемлекеттерінің тәжірибесіне көз жүгіртетін болсақ, Омбудсмен заң шығарушылық белсенділігіне ие болмайды, ол заң шығару процесіне жанама түрде әсер етеді. Яғни, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының жай-күйі жөнінде жылына бір рет мемлекет басшысына және заң шығарушы органға баяндама жасайды. Баяндамада ол заңдылықтың жай-күйі жөнінде өз пікірлерін алдыға салады.
Омбудсменнің құқықтық мәртебесінің елеулі бөлігі ешкім тиіспеушілігі болып табылады. Қылмыстық және әкімшілік қудалаудан шектеу (иммунитет) Омбудсменнің мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құқық бұзушылықтарын анықтауға бағытталған заңды әрекеттеріне қарсы агрессиялық шараларға кедергі жасайды.
Қазіргі кезде Қазақстанның ерекшелігі мемлекетті демократиялық қайта құрудың барлық әдістері мен тәсілдерін апробациялап, қолдануында. Бұл жаңашыл реформалардың нәтижелері енгізуге ұсынушы субъетінің еркі мен беделіне байланысты. Мемлекеттегі реформалық қадамдар Президентпен байланысты, сондықтан оның қоғамдағы беделі айқын және жоғары. 1998 жылғы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ОБСЕ (адам құқықтары және демократиялық институттар жөніндегі бюросы) арасында Қазақстан Республикасының Ұлттық Омбудсмен институтын енгізу жөніндегі меморандумға қол қоюды қолдады. Міне, бірнеше жыл бойына бұл институтты енгізу бағдарламасына осы халықаралық ұйым белсене ат салысып жатыр. 2000 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Омбудсмен жөніндегі заң жобасына қатысты Меморандумда: «халықаралық ұйымдар Қазақстанның Омбудсман институтын енгізуін демократиялық және прогрессивті түрғыдан Қазақстан Республикасы тұрғындарының құқықтары мен бостандықтарын қорғау және күшейтуіне үлес қосуы деп бағалайды. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес өзгертулер мен толықтырулар еңгізу қажет» [38].
Адам құқықтары жөніндегі өкілді Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесіне енгізу үшін тек қана ол жөнінде заң қабылдап қоймай нормативті базаны қалыптастыру керек. Яғни, қолданыстағы заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет (Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының мемлекеттік заңдарына, қылмыстық іс жүргізу кодексіне, әкімшілік құқық бұзушылық кодекстеріне және тағы басқаларға). Қазіргі кезде Қазақстанның Омбудсман институтын енгізу шешілген мәселе.
Қазіргі әлемнің жалпыға танымал постулаты – мемлекетті шынайы демократиялық және гуманистік конституциялық құрылысты орнықтырған қоғам деп тану үшін адам құқықтарына деген сыйластық идеясы мемлекеттің негізгі заңының мазмұнына айналуы керек, ал адамды мемлекеттің ең жоғары құндылығы деп тану қағидасы шын мәнінде іс жүзіне асырылуы тиіс. Мемлекеттің Конституциясы оның институттарын ресімдеу үшін емес ең бірінші ретте адамның құқықтық мәртебесін құрайтын құқықтары мен бостандықтарын бекіту үшін қабылдануы тиіс. Сондықтан, мемлекет, оның органдары және институттары адамның еркін, жан-жақты дамуына, оның лайықты өмір сүруіне, өз құқықтарын қорғауына мүмкіндік беруі тиіс.
Сөзімізді қорыта келе, мемлекеттің адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайту үшін мемлекеттің және қоғамның барлық құрылымдары ат салысуы тиіс екнедігіне назар аударамыз. Өйткені қоғам мен мемлекеттің ең басты мұраты адамға деген қамқорлық, оның өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғарғы құндылығы ретінде жоғары бағалап, құрметтеу болып табылады. Адам құқықтары саласындағы қоғам және мемлекет саясаты әлеуметтік әділеттік, әлеуметтік жауаптылық қағидаларынан тұратын бағыттар мен идеяларға сүйенуі тиіс. Осы саясатты жүзеге асыру бары сында адамға заңдық және нақты жағдайлар – материалдық, саяси, әлеуметтік және тағы басқалар жасалады, ал бұл жиынтығында әр Қазақстан азаматының құқықтары мен бостандықтарын толық және шынайы жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Сондықтан, Қазақстан адам құқықтары жөніндегі халықаралық келісімдерді ратификациялап, мемлекетте халықаралық адам құқықтарын қорғау механизмдерін енгізуі тиіс, бұл шаралар жүзеге асырылмайынша қоғамдағы демократиялық өрлеу мүмкін емес.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақстан Республикасының сыртқы және ішкі саясаты тұрақты қоғам және мемлекет құруға бағытталған, атап айтсақ ұлтаралық және халықаралық келісімге, жоғары дәрежедегі демократиялық және экономикалық дамуға негізделген мемлекет құру. Көзделген мақсаттарға жету үшін қоғамның барлық салаларында реформа жүргізіліп отыр. Осы орайда назарларыңызға ұсынылып отырған зерттеу жұмысында адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтары институтына да дәйектелген бірқатар ұсыныстар енгізіліп отыр. Атап айтқанда:
- Қазақстан Республикасының Конституциясы негізгі Ата заң болғандықтан басқа заңдар осы Конституция қағидаларына қайшы келмеуі тиіс. Себебі, Қазақстан Республикасының Конституциясында адам мен азаматтардың негізгі құқықтары бекітілген және олардың бұзылмауына кепілдік берілген. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының заңдарының барлығы Конституцияда көрсетілген құқықтар мен міндеттермен сәйкестенуі қажет.
- Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бөлімінің атауы «Адам мен Азамат» деп аталуын және заңдар мен ғалымдар арасындағы «Адам» мен «азамат» арасындағы айырмашылық туралы пікірлерді талдай, салыстыра отырып, жеке тұлға ұғымы жөнінде келесідей өзіміздің түсінігімізді береміз: «Адамдар, Қазақстан Республикасының азаматтары, басқа мемлекеттердің азаматтары, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар жеке тұлғалар болып ұғынылады».
- Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бөлімі адам мен азамат арасын ажыратыуына байланысты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 12-бабына толықтыру енгізу қажет деп тауып «Қазақстан Республикасының азаматтары, басқа мемлекеттердің азаматтары, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар жеке тұлғалар болып ұғынылады. Егер осы Кодексте басқаша белгілінбесе, бұл тараудың ережелері барлық жеке тұлғаларға қолданылады» деген сөйлемнің басына «Адамдар» деген сөзбен толықтыру қажет деп санаймыз. Сөйтіп Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 12-бабы келесідей болуы қажет: «Адамдар, Қазақстан Республикасының азаматтары, басқа мемлекеттердің азаматтары, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар жеке тұлғалар болып ұғынылады. Егер осы Кодексте басқаша белгіленбесе, бұл тараудың ережелері барлық жеке тұлғаларға қолданылады». Сол кезде заң жүзінде адамдардың жеке тұлғаға жататындығын заңдастырамыз дегіміз келеді.
- Жеке тұлға ұғымы заң жүзінде қалыптасуына байланысты Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы, Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу заңдарындағы жеке тұлға орнына қолданылып жүрген «адам», «адамдар» деген сөздер «жеке тұлға», «жеке тұлғалар» деп аталуы қажет.
- Жеке тұлғаның конституциялық құқықтық мәртебесіне келесідей «Жеке тұлғаның конституциялық құқықтық мәртебесі дегеніміз – адамның, азаматтардың және азаматтығы жоқ адамдардың Конституцияда бекітілген және кепілдік берілген құқықтарының, бостандықтарының және міндеттерінің жиынтығы» деген түсінік береміз.
- Мемлекет-билік пен заңның арақатынасы, мемлекет қызметіндегі заңдылық, тұлғаның құқықтық жағдайы, олардың өнегелілік-руханияттық мәселелері мен арақатынасы жер бетіндегі алғашқы, ежелгі мемлекеттердің пайда болуымен қатар қалыптасты. Адам мен азаматтардың құқықтық мәртебесі нақты теориялық тұжырымдама және соған сәйкес тәжірибе ретінде тереңге тамырланған тарихы бар деп тану.
Жеке тұлғаның құқықтық мәртебесін идеялық түрінен теория деңгейіне дейінгі жету жолдарын тарихи тұрғыдан қысқаша қарастырдық. Әлемдік саяси-құқықтық ілімдер тарихындағы ұлы ойшылдардың құқық және мемлекет аясындағы идеялары, көзқарастары мен теорияларын талдай отырып мынадай қорытынды жасаймыз:
1) адам мен азаматтардың құқықтық мәртебесі туралы теориялық тұжырымдамалар көне дәуірлерде жалпы философия, теологиялық, өнегелік көзқарас пен теория тұрғысынан қарастырылды;
2) орта ғасыр ойшылдарының жеке тұлғаның мәртебесі жөніндегі тұжырымдамалары діни сипатта болып, жеке бостандығы мен құқықтары барынша шектелді;
3) қайта өрлеу дәуірінен бастап, ойшылдар мемлекеттік құрылыс, құқық, заң мәселелеріне назар аударып, құқықтық мемлекет идеяларын ұсыну;
4) неміс философтарының идеялары саяси-құқықтық тұжырымның әрі қарай дамуына, мемлекеттің мемлекеттік-құқықтық болып саналуына игі әсерін тигізді;
5) жеке тұлғаның құқықтық мәртебесі жөніндегі зерттеулер XIX ғасырдың аяғында адам құқығы туралы гуманистік тұжырымдамаға тікелей негізделді.
- Қазақстан Республикасының Конституциясының әркімнің білікті заң көмегін алу құқығын қамтамасыз ету барысында және жеке тұлғалардың Конституциялық құқықтарына араласу тек соттың рұқсатымен ғана жүзеге асу қажеттігіне байланысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 70-бабының 1-бөлігіне толықтыру мен өзгерту енгізуді қажет ететіндігін ескере отырып, заң нормасындағы «сезіктілер мен айыпталушылардың» деген сөйлемді «әркімнің» деген сөзбен ауыстыру қажет.
- Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабының 2-бөлігіндегі «бойынша» деген сөзден және 25-бабының 1-бөлігіндегі «бойынша» деген сөзден кейін «және тек қана соттың санкциясымен» деген сөйлеммен толықтырылуы тиіс.
- Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымы, Европадағы қауіпсіздік және әріптестік жөніндегі ұйымның, ЮНЕСКО, ИНТЕРПОЛ, Бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымының және тағы басқа адам құқықтарына қатысы бар халықаралық ұйымдардың ресми мүшесі болып табылады және олардың ресми құжаттарында белгіленген қағидаларды орындау міндеттемесін алған. Бірақ Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет ретінде адам құқықтары жөніндегі бір де бір Басты Халықаралық Келісімдерді ратификацияламаған және осы саладағы халықаралық келісім-шарттарға қосылуда белсенділік танытпайды. Қазіргі әрекеттегі Қазақстан Республикасының Конституциясы Халықаралық адам құқықтары жөніндегі Бильдің 63 нормасының 32 ескермеген, пайдаланған нормалардың ішінде 10 іс жүзінде орындалмайды. Бұл фактілердің бәрі Қазақстан азаматтарын өз құқықтарын халықаралық деңгейде қорғау мүмкіндігінен айырып отыр, өйткені бұл салаға халықаралық бақылаудың әлсіреуіне жол беріледі, ал бұл мемлекеттегі демократиялық процестерді де тежеп отыр. Сондықтан Қазақстан адам құқықтары жөніндегі халықаралық келісімдерді ратификациялап, мемлекетте халықаралық адам құқықтарын қорғау механизмдерін енгізуі тиіс, бұл шаралар жүзеге асырылмайынша қоғамдағы демократиялық өрлеу мүмкін емес.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы (2019.23.03. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен) // «Параграф» ақпараттық жүйесі
2. Назарбаев Н.Ә. На пороге XXI века. – Алматы: Өнер, 1996 – 220 с.
3. Қазақстан Республикасының Конституциясы. – Алматы: Юрист, 2007. – 40 б.
4. «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы. – Алматы: «Юрист», 2007. – 140 б.
5. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы // Ана тілі. – 2007. – 8 наурыз. – Б. 5-12
6. Қопабаев Ө.Қ. Шет елдердің Конституциялық құқығы. – Алматы: Жеті жарғы, 1998. – 213 б.
7. Өзбекұлы С. Абай және адам құқығы – Алматы: Жеті жарғы, 1995. – 128 б.
8. Абай. Книга слов. Поэмы. Пер. с казахского К. Серикбаевой, Р. Сейсенбаева. Алматы: Ел, 1993. – 272 с.
9. Тощенко Ж.Т. Лекций по социологии. – М.: Издательский центр «МарТ», 1998. – 120 с.
10. Спиркин А.Г. Основы философии. – М.: Издательство политическая литература, 1988. – 35 б.
11. Фалов И.Т. Введение в философию. – М.: Издательство политическая литература 1989. – 50 с.
12. Осипов Г.В. Социология. –М.: Издательство мысль, 1990. – 235 с.
13. Дмитриева Ю. А. Общая теория права. – М.: «Наука», 1994. – 137с.
14. Сартаев С.С. Некоторые вопросы истории и теории правового государства // Известия АН Каз ССР. Серия общественных наук. – 1989. - № 5. -С. 10-12.
15. Хрестоматия по истории государства и права зарубежных стран. / Под ред З.М. Черниловского. – М., 1984. – 285 с.
16. Хрестоматия по истории государства и права зарубежных стран. / Под ред З.М. Черниловского. – М., 1998. –162 с.
17. Всеобщая история государства и права: Учебник / Под. ред. проф. К.А. Батыра. – М., 1999. – 251 с.
18. Всеобщая история государства и права / Под. Ред. З.М. Черниловского М., 1983. –274 с.
19. Лосев А.Ф. Жизненный и творческий путь Платона // Платон. Сочинения в 3-х томах.– М., 1968. Т.1. – 242 с.
20. Асмус Б.Ф. Государство // Платон. – М., 1971. Т. 1. –579 с.
21. Сартаев С., Узбекулы С. Политическая и правовая история Казахстана. - Алматы, 2000. – 183 с.
22. Кенжалиев З.Ж. Көшпелі қазақ қоғамындағы дәстүрлі құқықтық мәдениет. дис. жұмыс. – Алматы, 1997. – 91 б.
23. Рычков П.И. Топография Оренбургской губернии. – Оренбург, 1887. –117 с.
24. Зиманов С.З. Состояние задачи разработки проблем обычного права казахов. – Алматы., 1989. – 213 с.
25. Қазақ Совет энциклопедиясы. – Алматы., 1975 .– 542 б.
26. Рысбеков Т. Қазақ халқының тарихынан. – Орал, 1991. – 14 б.
27. Қазақтың ата заңдары. Құжаттар, деректер және зерттеулер№ Древний мир права қазахов. // Материалы, документы и исследования. 10 томдық. Өзгертіліп, толыөтырылған 2-басылым / Бағдарлама жетекшісі С.З. Зиманов. Қазақша, орысша, түрікше, ағылшынша. - Алматы: Жеті жарғы, – 2004. Т.1. – 632 б.
28. Стецовский Ю.И. Истина и только истина! – М.: «Юридическая литература», 1990. –148 с.
29. Қылмыстық заңнама одан әрі жетілдірілмек // Заңгер. – №7. - 2007. – Б. 4-5.
30. Рахметуллин А. Вопросы судебного контроля процессуальных действий и решений, принимаемых в ходе досудебного производства по уголовному делу // Заңгер. – №7. - 2007. – С. 12-14.
31. Вайсов М. Место и роль прокуратуры в системе государственных органов РК и ее роль в защите прав человека и гражданина // Правовая реформа в Казахстане, – 2001. – №1. – С. 5-10.
32. Ағдарбеков Т. Құқық және мемлекет теориясы. – Алматы, 2002. –120 б.
33. Айтхожин К.К., Сексенбаева Е.Т. Актуальные проблемы конституционного регулирования в Республике Казахстан // ҚазҰУ Хабаршысы заң сериясы – 2002. – № 1(22). – С. 3-5.
34. Шайкенов Н. Вначале было слово // Вестник Министерства юстиции РК. №12. – Алматы: Жеті жарғы, 1994. – С. 12
35. Межибовская И. Б. Некоторые теоретические аспекты материального обеспечения нетрудоспособных граждан в Республике Казахстан // Вестник КазНУ серия юрид. – 2005. – № 1 (33). – С. 3-7.
36. Гомьен Д. Европейская Конвенция о правах человека и Европейская социальная хартия: право и практика. – М., 1998. – 68 с.
37. Дженнис М., Брэдли Р., Кей Р. Европейское право в области прав человека: Практика и комментарии. – М., 1997. – 150 с.
38. Бекназар – Юзбашев Т.Б. Права человека и международное право. – М., 1996. – 250 с.
Достарыңызбен бөлісу: |