Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке қол жеткізуі мемлекет алдында маңызды келелі міндеттерді алға тартуда


Қазақстан Республикасындағы жеке тұлға құқықтарының қорғалуы



жүктеу 139,44 Kb.
бет6/7
Дата03.02.2022
өлшемі139,44 Kb.
#35373
1   2   3   4   5   6   7
Кивашов Ж.К. дипломдық жұмыс

2.2 Қазақстан Республикасындағы жеке тұлға құқықтарының қорғалуы
Адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің маңызды мемлекеттік институты Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес мемлекет Призиденті болып табылады. «Республика Президенті – халық және мемлекеттік билік бірлігінің, Конституция мызғымастығының, адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі және символы» (Қазақстан Республикасының Конституциясының 40-бабы). Президенттің ерекше конституциялық мәртебесі халық алдындағы зор жауаптылығымен сипатталады. Мысалы, Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу конституциялық белсенділік құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне берілген. Заңды қарау және мемлекеттің басқа органдарымен қарым-қатынасы процесінде Президенттің ерекше жағдайы адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің кепілі болып табылады. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, Республика Президенті мемлекетте қабылданған барлық құқықтық нормативтік актілердің қүшін толық немесе ішінара жоя алады.

Қазақстан Республикасының Президенті жанынан құрылған Комиссия мәртебесі жағынан консультативті-кеңесші орган болып табылады. Оның қызметіне басшылықты Қазақстан Республикасының мемлекеттік Кеңесі жүзеге асырады. Бұл Комиссияның мақсаты – Президенттің адам құқықтарын қамтамасыз ету міндетін жүзеге асыруына ықпал жасауға, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қамтамасыз ету механизмін жақсартуға көмектесу болып табылады. Комиссия құзырына: Қазақстан Республикасының Президентіне және тікелей Комиссияға жіберілген адам құқықтары мен бостандықтары мәселелері жөнінде үндеулерін қарау; адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау мәселесі жөнінде жыл сайынғы және арнайы баяндамаларды құрастыру; адам құқықтарын қорғау механизмін жақсарту жөнінде ұсыныстарды жасау; Қазақстан мүдделеріне қатысты адам құқықтары жөніндегі халықаралық құқықтық – құжаттар бойынша сараптамалық қорытындылар, аналитикалық материалдар даярлау; адам құқықтары бойынша мамандандырылған халықаралық ұйымдардың жұмыстарына қатысу болып табылады.

Адам құқықтары жөніндегі Комиссия ережеде бекітілген мақсат міндеттерін тиімді атқарып отыр. Бірақ, жекеленген адамдардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын тәжірибелік қорғау саласында тиімділігі төмен болып отыр. Өйткені, ол адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және саяси технологияларды енгізумен ғана шектеліп отыр. Сол себептен де Комиссияның осы бағыттағы қызметін жандандыру қажет. Яғни, адам құқықтарын жалпы негізде қорғау қызметімен бірге жекелеген адам құқықтарын қалпына келтіру, қорғау қызметінің механизмін енгізген жөн.

Конституциялық бақылауды жүзеге асыру адам құқықтарын қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып табылады. Қазақстан Республикасында Конституциялық бақылауды Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі жүзеге асырады. Құрамында жеті мүшесі бар бұл орган қадағалау-бақылау сипатындағы қызметті жүзеге асыратын алқалық орган. Өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде тек Қазақстан Республикасының Конституциясын басшылыққа алады. Жеке тұлғаның бұзылған құқықтары жөніндегі өтініштерін бірден өзі қарамай, соттарда расталған фактілер және соттың жолдауы негізінде конституциялық өндірісте қарайды. Бұл түсінікті, өйткені, ол соттық орган болмағандықтан жеке тініштерді қарамайды және құқықтық актінің Ата заңға қайшылығы жөніндегі жолдауды ұсыну субъектілері заңда нақты белгіленген. Қазақстан Республикасының сот жүйесі адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауда маңызды орын алады. Соттың ерекше рөлі азаматтардың, қоғамның және мемлекеттердің заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуде құқыққа қарсы барлық әрекеттерді тоқтатуға өкілеттілігімен сипатталады және оны тәуелсіз жеке мемлекеттік билік тармағы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Құқықтық реформаның негізгі идеялары Қазақстан Республикасының Конституциясында айқындалған. Бірақ олар тікелей әсер ететін заңдарда материализациялануы тиіс. Яғни, құқық қорғау және сот органдары қызметі барысында жүзеге асырылуы тиіс. Соттық-құқықтық реформаның прогрессивтік дамуының бір көрінісі жаңа қабылданған «сот жүйесі және судиялардың мәртебесі жөніндегі» Қазақстан Республикасының Конституциялық күші бар заңы. Осыған орай автономиялық сот жүйесін құру, мамандандырылған соттарды енгізу, сот корпусын күшейту мүмкіндігіне қол жеткізілді. Соттардың заңдық негізде мемлекеттік билік тармағы мәртебесін алуы олардың беделінің және қызмет билігінің артуына ықпал етуде. Сот төрелігін жүзеге асыру кезінде олардың ауыспаушылығы, оларға ешкімнің тиіспеушілігі, сотты сыйламағандығы үшін жауаптылық судьялық қызметтің беделді мамандықтардың біріне айналуына мүмкіндік беріп отыр [34]. Заңда сот төрелегінің қағидалары бекітілген, Қазақстан Републикасының сот жүйесі заман талабына сай өзгертілген. Сот төрелігі процесінің және әкімшіліктеу мәселелері күшейтілген сот қызметін материалдық техникалық қамтамасыз ету автономиялық өкілетті органға берілген, судьялық қызметке кадрларды таңдау мәселесі реттелген.

Қазақстан Республикасының сот жүйесін Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты, облыстық және соған теңестірілген соттар, аудандық және оған теңестірілген соттар құрайды. Бұл жүйеде аудандық (қалалық) соттар негізгі буын болып табылады. Өйткені, істі қарау көлемі басқа сот жүйесіндегі соттарға қарағанда жоғары. Мысалы, аудандық, қалалық соттармен 2016 жылы 85195 қылмыстық іс, 18772 азаматтық іс және 136510 әкімшілік материалдар қаралған.

Аудандық және оған теңестірілген соттар өкілетті органдардың ұсынылуымен Қазақстан Республикасының Президентімен құрылады және таратылады. Яғни, Жоғарғы сот жанынан құрылған соттық әкімшіліктеу комитеті Жоғарғы сот төрағасымен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасының Президентіне әкімшілік-территориялық бірліктерде аудандық соттар құру жөнінде ұсыныстар жасайды. Мемлекеттің материалдық мүмкіндіктерін және қажеттіктерін ескере отырып, іске қатысушылардың сот сатыларына шағымдалуына қолайлы жағдай жасау мақсатында мамандандырылған соттар (экономикалық, әкімшілік, ювеналдық және т.б.) құрылуы мүмкін.

Қазіргі кезде соттық қызметтерді атқаратын мемлекеттік органдар көптеп кездеседі. Атап айтқанда, әкімшілік сипаттағы шараларды қолданатын органдар. Мысалы, Мемлекеттік автоинспекция қызметкерлерінің айыппұл салуы, өкілетті органдардың лицензиядан айыруы, салық органдарының мүлікті тәркілеуі және тағы басқалар. Бұл шаралар адам құқықтарының бұзылуының бірден-бір негізі болып табылады, сондықтан да әкімшілік шараларды қолдануда шешім тек сот тәртібімен қаралуы қажет және бұл мамандырылған әкімшілік соттарына жүктелуі тиіс. Осы шараларды қолдану Қазақстан Республикасының Конституциясындағы ешкім өз мүлкінен сот шешімінсіз айрылуға жатпайды деген нормасы мен мемлекеттік органдар тәжірибесінің қазіргі қайшылықты жағдайын жоюға мүмкіндік береді. Бұл өкілеттіктерді соттарға беру лауазымды тұлғалардың өз өкілеттіктерін асыра пайдалануларына жол бермейді. Азаматтардың мемлекеттік органдармен тең дәрежеде сайыспалы іс жүргізу негізінде өз құқықтары мен бостандықтарын тиімді қорғалуын қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие болуына қол жеткізіледі.

Жалпыға белгілі жай, заңдық тұрғыдан адам құқықтарын шектеу қоғамдық қатынастарды реттеу мақсатында қолданылады. Бірақ, тәжірибеде адам құқықтарын заңсыз шектеу фактілері көптеп кездеседі. Әсіресе, бұл адамды қамауға алу, ұстау кезінде байқалады. Ал, бұл адамның және азаматтардың Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдік берілген бас бостандығын шектеу болып табылады. Осыған орай, құқықтық мемлекеттің бірден бір атрибуты болып табылатын шара – тергеуге соттық бақылауды енгізген жөн.

Соттардың алдын ала тергеу және анықтау қызметіне бақылау функциясының аясын кеңейту жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын қамтамсыз етудің сенімді кепілі болып табылады. Осы орайда сотқа айып тағу өкілеттігі жүктелмеу керек. Әрине, соттық бақылау алдын ала тергеу және анықтау жүргізу сатыларының тек адамдардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қатысты әрекеттеріне қатысты болуы керек. Атап айтқанда тінту, зат алу, телефон байланыстарын тықдау, почта, телеграф корреспонденцияларын қарау сияқты тергеу әрекеттерін жүргізу үшін сот шешімі міндетті болуы тиіс.

Республиканың іс жүргізу заңдарында бекітілген сайыспалылық пен жақтардың теңдік және өзге қағидаларын бекіту мемлекетте сот төрелігінің қалыптасуына елеулі әсерін тигізді және соттардың айыптаушы емес адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаушы ретінде тануға мүмкіндік беруде.

Қазақстан Республикасының заңдары азаматтарға кәсіби заңдық көмек берілетіндігін қарастырған. Яғни, адвокаттың (қорғаушының) көмегін қамауға алынған немесе айып тағылған сәтінен бастап пайдалану құқығымен қамтамасыз еткен. Адвокаттың қызметі «Қазақстан Республикасының адвокаттық қызметі жөніндегі» заңымен реттеледі. Бұл заң тұрғындарға құқықтық көмек аясын елеулі түрде кеңейтті.

Заң жүйесінің ізгіленуі жәбірленушінің, айыпкерді қылмыстық жауапшылыққа тарту шешімді өзі қабылдауын енгізуден көрінеді. Әр адамды лауазымды тұлғалардың және басқару органдарының заңсыз әрекеттеріне шағым беру құқығымен қамтамасыз ету сот органдарының қызметіндегі азаматтардың және адамдардың құқықтарының басым түрде бекітілуінің маңызды белгісі болып табылады. Баршаның заң алдындағы теңдік қағидасы соттық қорғау кезіндегі азаматтардың заңда белгіленген соттылыққа қатысты тиісті сот және судьялардың істі қарау құқығынан көрініс тапты.

Құқықтық мемлекетте сот, соттық қорғау адам құқықтарын қорғау механизмінде орталық орын алады және өзегі болып табылады. Бірақ жүргізіп жатқан реформаларға қарамастан қоғамдағы жүргізіліп жатқан соттың мәртебесін орнықтыру өз дәрежесінде емес. Өйткені, Қазақстанда азаматтар соттарға сот төреліген жүзеге асырушы орган ретінде сенім білдірмейді, өз құқықтарын дұрыс білмейді, мүдделері мен құқықтарын қорғаудың құқықтық институттарын және сот билігін орынды пайдалана алмайды. Сонымен қатар, бұл жағдайды істі қарау және шешу кезіндегі сот қателіктері шиеліністіріп отыр.

Қазақстан Республикасында сот билігін жоғары дәрежеде көтеруге ықпал ететін факторлар болып келесілер танылады:

- соттардың салалық мүдделілігінің болмауы;

- соттың тек Конституия мен заңға ғана бағынуы;

- сот талқылауының кең жариялануы;

- сот процесінің сайыспалылығы;

- мемлекеттік баж салығының төмен болуы;

- сотта істі қарауда демократиялық қағидалардың сақталуы.

Тек күшті және беделді сот төрелігі Қазақстан Республикасында адамдардың және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ете алады. Әр мемлекет Конституцияларында оның ішінде Қазақстан Республикасының Қонституциясында әр адамға өздерінің құқықтары мен бостандықтарын сотпен қорғауына жеке құқық түрінде кепілдік берілген. Сот биілігінің күштілігі азаматтардың және мемлекеттік органдарының оған деген сыйымен және оның беделімен сипатталады. Тарихи көп ғасырлық демократиялық дәстүрлері бар өркениетті мемлекеттерде сот шешімдері орындалуға жатады. Сот шешімі – заң. Өкінішке орай, біздің мемлекеттің тәжірибесінде сот шешімдерін орындау механизмі олқы қызмет атқарады. Осы қызметті жақсарту мақсатында сот орындаушылары өз алдына тәуелсіз орган ретінде құрылды.

Адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың әкімшілік құқықтық формаларын қарастыратын болсақ, оның келесідей түрлері бар:

- Адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының атқару билігі аясындағы құқықтық кепілдіктері;

- Әкімшілік (соттық емес) тәртіппен атқару билігі органдарының актілеріне шағым беру тәртібі. Яғни, төменгі тұрған органдардың (лауазымды тұлғалардың) заңсыз әрекеттеріне бағыныштылық негізінде жоғары тұрған орган немесе лауазымды тұлғаға шағым беру тәртібі (субординация қағидасы негізінде).

- Атқарушылық билік жүйесіндегі мемлекеттік бақылаудың арнайы формалары: Президенттің, Қазақстан Республикасының Үкіметінің, министірліктің, ведомстволардың, атқару билік органдарының, актілерінің және әрекеттерінің заңдылығын қадағалауы; мемлекеттік бақылау мемлекеттік бақылаудың ерекше формасы ретінде шаруашылық әлеуметтік, мәдениеттік, экономикалық салаларда қолданылады;

- Атқарушылық билік органдарының министірліктер мен ведомстволардан бастап атқарушылық органдарының барлық органдарының, әскери басқару органдары, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының заңдылықты сақтауына прокуролық (жалпы) қадағалау, атқару билігі аясындағы прокурорлық қадағалаудың түрі азаматтар мен адамдардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қадағалау болып табылады.

- Адам құқықтары мен бостандықтарын тиімді қорғау атқару билігі аясындағы құқықтық қатынастардың алуан түрлілігіне байланысты азаматтардың құқықтарының нақты заңда бекітілуі мен қатар мемлекеттік органдардың осы мәселеге қатысты міндеттерінің белгіленуін қажет етеді. Бұл салада реттеуші ролін заң жүзеге асырады. Ал қай заң болмасын қойылатын талап оның Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес болуы.

Қазақстан Республикасының заңдары атқару билік органдарының азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты міндеттерін белгілейді.

Атқару билігі органдарының азаматтармен қарым-қатынасына байланысты міндеттері Конституцияда көзделген әлеуметтік-экономикалық құқықтарға байланысты: жеке меншік құқығы соның ішінде жерге, еңбек ету құқығы, демалу құқығы, денсаулық сақтау, медициналық көмек алу, қолайлы қоршаған ортада өмір сүру, білім алу, тұрғын жайға иелену және тағы басқа құқықтармен байланысты.

Экономикалық қатынастар саласындағы атқару билігінің азаматтарға қатысты міндеттерін заңдық белгілеу маңызды, өйткені ол кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай жасауға, бәсекелестікті мемлекеттік реттеуге, экономикалық айналымды қадағалауға, осы процестерге қатысушы жеке тұлғалардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауға үлкен әсерін тигізеді. Осыған орай атқару органдарының заңды тұлғаларды, қозғалмайтын мүлікті және онымен жасалған келісім-шарттарды тіркеу механизмі енгізілген. Бұл да азаматтардың құқықтарын қорғаудың бір құралы ретінде танылады.

Экономикалық реформалар жағдайында меншік құқығын қорғау маңызды болып отыр. Қазақстан Республикасының барлық меншік формаларын тең дәрежеде қорғау көрсетілген. Бұл мәселе азаматтық құқық саласында кеңінен қарастырылған. Казіргі кезде меншікті қорғаудың өзектілігі сот тәртібімен меншік құқығын тану болып табылады. Сонымен мемлекет заң шығару, атқару және сот билігі механизмдері арқылы азаматтардың экономикалық мүдделерін қорғауды жүзеге асырады. Құқықтар мен бостандықтарды қорғаудың механизмін жақсартудағы өзекті мәселелердің бірі - әкімшілік шараларды қолдану кезіндегі құқықтық реттеу болып табылады. Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзу туралы кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылыққа байланысты әсер ету шаралары заңда белгіленген негіздер бойынша жүзеге асырылады. Заң бойынша мұндай шараларды өкілеттік берілген органдар немесе лауазымды тұлғалар қолдана алады. Бұл органдар мен лауазымды тұлғалар санамасы, олардың өкілеттік шеңбері құқық бұзушылық құрамы Кодексте нақты көрсетілген.

Атқарушы биліктің юрисдикциялық қызметі оның органдарының әкімшілік, материалдық және қаржылық санкцияларды азаматтарға және мемлекеттік басқару аппаратының қызметкерлеріне құқық бұзушылық жасаған жағдайда қолдану қызметі ретінде бағаланған. Бұндай юрисдикциялық әсер ету жүйесі қоғамдық тәртіпті бұзушыларға, қызметтік тәртіп бұзушыларға, сонымен қатар өзге азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қол сұғушы тұлғаларға қатысты жедел және нақты әсер етуді қамтамасыз етуді көздейді. Атқарушы билік органдардың азаматтардың құқықтарын және бас бостандықтарын қамтамасыз ету міндеттері, заңдарда және өзгеше нормативті актілерде бекітілген. Бұларда құқықтарды қорғаудың әкімшілік–құқықтық тәсілдері және қорғау формалары бар. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында әкімшілік әсер ету шараларын қолдануда заңдылықтың сақталуының белгілі бір әкімшілік-құқықтық кепілдіктері анықталған. Жоғары тұрған орган (лауазымды тұлға) өз басшылығындағы төменгі тұрған органдардың әкімшілік жауаптылық шараларына байланысты қызметіне бақылау жасап отыруға міндетті. Бақылау шаралары ретінде жіберілген қателерді жедел түзету шаралары, заңсыз жауаптылыққа тартылған тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қалпына келтіру шаралары қолданылуы мүмкін. Азамат өзіне қатысты қоғамға әкімшілік шаралар жөнінде жоғары тұрған органға шағымдана алады. Ол орган белгіленген мерзімде шағымды қарап, шешім шығаруға міндетті.

Жауаптылықты жеңілдететін немесе мүлдем жоятын актілердің кері күші бар. Ал, керісінше ауырлататын актілер кері күшке ие емес. Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі заң әкімшілік юрисдикцияны жүзеге асыратын атқару билік органдарына және оның лауазымды тұлғаларына кешенді талаптарды көздейді. Бұл жерде істі қарау сәйкес қаулы қабылдау оны қайта қарау тәртіптері тілге тиек етіледі. Сонымен қатар жауаптылыққа тартушылық тұлғаның, жәбірленушінің және өзге де өндіріске қатысушылардың құқықтары заңмен белгіленеді. Атап айтқанда, әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға іс материалдарымен танысуға, дәлелдемелер үсынуға, өтініштер жасауға, қорғаушының заңдық көмегін пайдалануға, ана тілінде сөйлеуге қажет жағдайда аудармашының қызметін пайдалануға және қаулыны қайта қарау жөнінде шағымдалу құқықтарымен қамтамасыз етілген. Әкімшілік құқық бұзушылық істерді қарау баршаның заң алдындағы теңдік принципіне негізделген. Азаматтардың заң және сот алдындағы теңдік қағидасы әкімшілік құқық бұзушылықтың сот тәртібімен қаралуы кезінде және өзге юрисдикциялық әкімшілік органдардың (ішкі істер органдары, кеден органдары, қоршаған ортаны қорғау органдары т.б.) қарауы кезінде қоланылады.

Бұл қағида негізінде әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі істерді қарауға өкілетті органдардың алдындағы азаматтардың теңдігі туындайды. Өйткені бұл істердің өндірісі барысында баршаға ортақ заңдар қолданылады. Әкімшілік юрисдикциялық органдар өз қызметі барысында заңды жеке тұлғаның Конституциялық кепілдік берілген құқықтар мен бостандықтарын қамтамасыз ету, объективтік шындық, кінәсіздік презумпциясы қағидаларын басшылыққа алу тиіс.

Атқару билік органдардың және олардың лауазымды тұлғаларының әрекеттеріне берілген шағымдарды қараудың әкімшілік тәртібі адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын әкімшілік-құқықтық қорғаудың бір формасы болып табылады. Оның мазмұны төменгі тұрған атқару органдарының жоғарғы тұрған органдарға бағыныштылық және есептілігі. Яғни, субординация қағидасы басшылыққа алына отырып, шағымдарды қарау тәртібі көзделген. Азаматтардың арыз-шағымдарын қарау тәртібі, мемлекеттік орган мен жеке тұлға арасындағы даулы мәселелерді шешу нақты құқықтық реттеуді талап етеді. Шағым жоғары тұрған органға беріледі, шығарылған шешімді қайта қарау жоғарғы органға (лауазымды тұлғаға) немесе сотқа беріледі. Домалақ арыздар, яғни арызданушының аты жөні көрсетілмеген арыздар тек қосымша мәлімет ретінде ғана қаралады. Арыз шағымдарды қараудың жалпы тәртібін белгілей отырып, заң шығарушы оны қараудың нақты процедуралар айқындамаған, ал бұл азаматтардың құқықтарын қорғауда елеулі қиындықтар туғызып отыр. Сондықтан заңдық деңгейде осы мәселені реттеген жөн.

«Азаматтардың жолдауының қарастыру тәртібі» жөніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 19 маусымдағы жарлығы азаматтардың жолдауын қарастыру және органға түсу күнінен бастап, бір айға дейін шешім қабылдану, ал егер қосымша тексерістер қажет болмаған жағдайда 15 күн ішінде қарау тәртібін белгілейді. Ал егер жолдау бойынша қосымша тексерістер қажет болған жағдайда сәйкес органдардың басшылары жолдауды қарау мерзімін соза алады, бірақ созылу мерзімі 1 айдан аспауы керек.

Осы жарлықта азаматтардың жеке қабылдану тәртібі белгіленген. Бірақ, көп жағдайда бұл қабылдау уақытын белгілеу, арыз, шағымдарды тіркеумен ғана шектеледі. Кей реттерде тіптен лауазымды тұлғалардың қабылдаудан бас тарту фактілері де кездеседі, ал бұл адамның конституциялық құқықтарын бұзу болып табылады, сондықтан қабылдау тәртібіне бас тарту негіздерін нақты енгізген жөн және бас тарту жөнінде лауазымды тұлғаның жазбаша түсініктеме беруін талап еткен жөн.

Азаматтардың шағым-арыздарын, жолдауларын қарау, оларды жеке қабылдаулар жүргізу құқық қорғау механизмінің маңызды тетіктері болып табылады және ол бұл жерде соттың ролін ешқандай төмендетпейді. Әкімшілік құқықтық дау кезінде азамат өз құқықтарын қорғаудың тәсілдерін қорғауға ерікті.

Заңдылықты жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын сақтауды қамтамасыз ету тұрғысынан атқарушы билік органдарына, қызметіне мемлекеттік қадағалау және бақылау құқықтарын қамтамасыз ететін бір формасы ретінде қарастырады. Адам өмірін, денсаулығын қорғау мақсатында мемлекетте санитарлық эпидемиологиялық органдардың бақылауы енгізілген, ал қоршаған ортаның қолайлылығын қамтамасыз ету үшін экологиялық органдар еңгізілген. Балық, орман шаруашылықтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сәйкес мемлекеттік бақылау функциясымен қамтамасыз етілген органдар енгізілген. Жоғарыда аталған бақылау органдары тұрғындардың өмірін, денсаулығын, қолайлы қоршаған ортаны, әртүрлі шаруашылық саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан, бұл органдардың қызметін адам және азаматтардың құқықтарын қорғаудың бір формасы ретінде қарастыруға болады.

Мемлекеттік қадағалау және бақылау органдары әкімшілік алдын алу (қандай да бір өндірістік объектілерді пайдалануға тиым салу, жарамсыз өнімдерді жою және т.б.) әкімшілік әсер ету шараларын қолданады. Қажет жағдайда жекелеген тұлғалардың қылмыстық қызметін растайтын іс матариалдарын ішкі істер органдарына немесе прокуратураға жіберуге міндетті.

Адам құқықтарын және бостандықтарын қорғаудың айрықша формасы прокурорлық қадағалау болып табылады. Қазақстан Республикасының Прокуратурасы мемлекет атынан заңдардың, Президент жарлықтарының және өзге де нормативті құқықтық актілерін Қазақстан Республикасының территориясында нақты және бір текті орындалуына жедел іздестіру, анықтама және тергеу, әкімшілік және атқару, өндіріс қызметінің заңдылыына жоғарғы қадағалау жасайтын мемлекеттік орган. Прокуратура заңдылықтың бұзылу фактілерін анықтау және болдырмау шараларын жүзеге асырады, сотта мемлекет мүддесін қорғайды, заңда белгіленген тәртіп бойынша қылмыстық қудалауды жүзеге асырады. Прокуратура өз өкілеттілігін жүзеге асыруда ешбір мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан тәуелсіз, тек Қазақстан Республикасының Президентіне есеп беретін орган болып табылады. Жоғарғы қадағалау өкілеттілігімен қамтамасыз етілген Қазақстан Республикасының Прокуратурасы заңдылықты қамтамасыз етудің, адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың құралы болып табылады.

«Қазақстан Республикасының қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу құқықтарының теориясы мен тәжірибесін қолданудың өзекті мәселелері» тақырыбына арналған халықаралық конференцияда адам құқықтары сөз болып, әрбір аудандық (қалалық) сотта алдын ала тергеу бойынша судьялар жұмыс істейтін болатындығы және олар тек осыған маманданып, прокурорлар мен қылмыстық қудалау органдарының әрекеттеріне бақылау жасауды жүзеге асыратындығы айтылды [28]. Осы мәселе бойынша өз ойын А. Рахметуллин азаматтардың қылмыстық іс бойынша іс жүргізуші лауазымды адамдардың шешімдеріне шағымдану құқығы қылмыстық іс жүргізу заңының қай нормасымен реттелетіндігі қаралмағандығымен білдіреді [29].

Атқару билік аясына қатысты прокурорлық қадағалаудың «жалпы қадағалау» тармағы қолданылады. Прокурорлық қызметтің жаңа бағыты, мемлекеттік органдардың қызметінде заң қолданудың заңдылығын қадағалау, яғни үкімет, министірліктер, ведомстволар, жергілікті атқарушы және өкілді органдар актілерінің заңдылығын қадағалауды қамтамасыз ету болып табылады. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Бас прокуроры 33 үкімет қаулылары заң талаптарына сай келмейді деп таныды. Ал, жалпы прокурорлық қадағалау актісі негізінде 25 мыңға жуық әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік органдардың актілері заңсыз деп танылды [30].

Осы жөнінде Л.Қ. Ілебаев «Ал қазіргі жағдайды алып қарайтын болсақ, онда заңдардан гөрі Жоғарғы соттың нормативтік қаулыларының және заңға тәуелді нормативтік актілердің адам және азамат құқықтары мен бостандықтарына байланысты. Ата заңға қайшы келіп жатқан тұстары да кездесіп жатады. Бұл өз кезегінде еліміздің тұрақты дамуына тосқауыл қоюда. Мысалы, жергілікті атқару органының норма шығармашылық қызметіне келетін болсақ, онда тек 2015 жылы прокуратура органдарымен жергілікті билік органдарының 4,5 мыңнан астам заңсыз актілері өзгертілген және жойылған. Олардың ішінде 2 мыңнан астамы облыстық және аудандық буындағы әкімдердің актілері. Сондай-ақ, тек Алматы қаласының әкімшілігін тексеру барысында нормативтік маңыздағы 20 акті Әділет органында тіркелмегені анықталды. Ал, Астана қаласының әкімшілігін Бас Прокуратурамен тексеру барысында Әділет органында тіркелмеген кәсіпкерлердің құқықтарын көздейтін 12 Астана әкімінің шешімі анықталған болатын» деп көрсетіп Қазақстан Республикасының Конституциясымен бекітілген адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарының заңға тәуелді нормативтік актілермен өрескел бұзылып жатқандығына назар аудартады. Көрсетілген ақпарат 2015 жылы орын алғанымен қазіргі уақытта да осы тәріздес фактілердің орын алып отырғандығы анық.

Қазіргі уақытта заңға тәуелді нормативтік құқықтың актілерден басқа заң нормаларының өзі еліміздің негізгі заңы — Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарына қарама-қайшы болуда.

Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қандай да бір заңды бұзушылықты анықтау оларға әсер еткен себептер мен салдарларды белгілеу, бұзылған құқықтарды қалпына келтіру прокурорлық қадағалаудың маңызды мақсаты болып табылады. Осы мақсаттарды жүзеге асыру барысында мемлекеттік органдардың азаматтардың құқықтыры мен бостандықтарын сақтауына қадағалау жүргізеді.

Егер азаматтардың құқықтарын бұзу қылмыстық сипатта болса, қылмыстық іс қозғап оны жасаған тұлғаға қатысты қылмыстық қудалау қолданылады. Ал, егер әкімшілік құқықтық сипатта болса, прокурор әкімшілік өндірісті қозғап тексеру материалдарын өкілетті органдарға немесе лауазымды тұлғаларға жібереді.

Адам құқықтарының және бостандыңтарының сақталуына бақылауды және қорғауды жүзеге асыратын маңызды институттардың бірі – үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдары болып табылады. Қазақстанда қоғамдық сектордың бастапқы құрылуы 90-жылдардың басына келеді. Яғни, бұл кез мемлекеттің өмірінде экономикалық және қоғамдық – саяси реформаның болып жатуымен сипатталады. Тәуелсіздікті алғаннан бері Қазақстанның кіметтік емес секторы қалыптасу және ұйымдастыру процестерінен өтті. Қызметтің 30-ға жуық бағыттарын қамтиды, құрамында тұрақты негізде 35 мыңға жуық адам қызмет жасайды, уақытша негізде – 50 мың адам, консультант, сарапшы қызметтерін атқарады, ал ерікті негізде – 100 мың өз еркімен қатысушылар жұмыс жасайды. Қазақстанда 3,5 мың әр түрлі үкіметтік емес құқық қорғау органдары тіркелеген. Олар қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық сипатта емес ұйымдар, қоғамдық қорлар және заңды тұлғалардың бірлестіктері, одақтары және ассоциациялық формада құрылған. Қазіргі кезде Қазақстанда әрекет ету үшін адам құқығын қорғау жөніндегі сұрақтармен айналысатын қоғамдық ұйымдар сот және құқытық реформаларды жүргізуде, сайлау жүйесін жақсартуда, заңдылықты күшейтуде, әр түрлі әлеуметтік топтар мен жекелеген азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қоғамның құрмет тутуын арттыруда үлкен роль атқарды. Құқық қорғау ұйымдары әртүрлі бюлетендер мен хабаршылар тарату арқылы адам құқықтарын қорғау жөнінде үгіт насихат материалдарын таратады, адам құқықтарының мониторингі өткізеді. Адам құқықтары саласын үйрету бағдарламаларын енгізеді, дауларды сотқа дейін қарау жүйесін дамытады.

Бірқатар үкіметтік емес ұйымдар (Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық бюро, Қазақстанның құқықтық дамуы және т.б.) өздерінің бақылау объектісі ретінде заңды реформалық процестерді алған, соның ішінде сайлау мәселелері кеңінен қаралады. Бұл қызмет заң жобалары және заңдарға талдау жүргізу олардың Қазақстан Республикасының Конституциясына, адам құқықтары жөніндегі халықаралық құжаттарға сәйкестігін тексеру әрекеттерінен тұрады. Мысалы, «Қазақстанның құқықтық дамуы» қоғамдығ ұйымының адам құқықтарын қорғау саласындағы маңызды жаңалығы адам құқықтары саласындағы ұлттық стандарттар концепциясын енгізу болып табылады. Өз қызмет шеңберінде бұл ұйым Қазақстанда 1993-1995 жылдары саяси оқиғалардың конституциялық қағидаларына және адам құқықтарына сәйкестігін тексере отырып, осы кезеңде қабылданған нормативтік-құқық актілеріне талдау жүргізіп, нәтижелерін ақпарат құралдары арқылы жариялаған. 1998-2000 жылдары адам құқықтары саласында кең бағдарламаны «Конфликтологиялық орталық» деп аталатын үкіметтік емес адам құқықтарын қорғау ұйымы орындады. Адам құқықтарының Москва мектебі Ұлыбританияның Эссек Университетімен бірлесе отырып бұл ұйым қызметіне атсалысып отыр. Бұл қазіргі кезде адам құқықтарын орта және жоғарғы оқу орындарында оқытудың әдіснамалық жағынан қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді. Бұл бағдарламаның мақсаты білім беру процесінің барлық деңгейінде «адам құқықтары» курсын енгізу болып отыр.

Адам құқықтарын қорғауда негізгі рөлді қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтарын құрайтын мемлекеттік емес ұйымдар атқарады. Яғни, жастар, әйелдер, зейнеткерлердің бірлестігі және тағы басқа белсенді жастар ұйымына Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі, «Қазақстанның болашағы үшін» жастар қозғалысы, «Отан» партиясының Жастар қанаты және басқа ұйымдарды жатқызуға болады. Қазақстанның жастар ақпараттық қызмет ұйымы талапкерлер мен оқу орындары арасындағы жасалатын келісім-шарттарға зерттеулер жүргізе отырып, олардың адам құқықтарын және заңды мүдделерін толық дәрежеде қамтымайтынын тілге тиек ете отырып, барлық оқу орындарына ортақ келісім-шарт моделін ұсынған. Бұл мысалдан көретініміз, құқыққа ие тұлғалардан артық олардың құқықтарын ешкім қорғай алмайды, сондықтан әлеуметтік топтардың құрған ұйымдары адам құқықтарын қорғауда үлкен роль атқарады.

Бүгінгі таңда мемлекеттік емес құқық қорғау ұйымдарының маңызды мәселесі Парламентпен, Үкіметпен тығыз араласуды ұйымдастыру, басқа мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қолдауына қол жеткізу және соларды мемлекеттік маңызды шешімдерді қабылдауға қатыстыру болып табылады. Құқық қорғау ұйымдарының жан-жақты қызметі оңды баға беруге негіз болып отыр, үкіметке қарсы топтар ретінде оларға деген теріс пікірлердің негізсіз екенін және олардың демократиялық жүйенің құрамдас бөлшектері ретінде танылуын айта кеткен жөн.

Қазақстанда демократиялық, өркениетті қоғамның құрылуына – адам құқықтарын қорғауға бағытталған қозғалыстардың адам құқықтарын қорғауы шешуші роль атқару керек.

Жеке тұлға міндеттерінің қажеттілігі: Құқықтық қатынасқа түсуші мемлекет және жеке тұлға бір-бірінің алдында құқық және міндеттер жүктеп отырады. Мемлекет адамдар мен азаматтардың құқықтарын Конституцияда жариялап, оларды қамтамасыз ету міндетін алады, яғни олардың жүзеге асырылуына және қорғалуына кепілдік береді. Бұл жағдайда мемлекет және азамат арасында құқықтық қатынас қалыптасады, бұл жағдайда міндеттілік бір жақты мемлекетке ғана жүктелмеуі керек, сондықтан Конституциялық дәрежеде азаматтардың міндеттері көзделген, ал оларды орындауды талап ету – мемлекеттің құқығы болып табылады.

Адамдар және азаматтарға құқықтармен қатар белгілі бір міндеттер жүктеледі. Міндеттер дегеніміз – құқықтық реттеудің динамикасын және тұрақтылығын, құқықтар мен бостандықтарды бірге тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған адамның қоғамдық қажетті мінез-құлық өлшемі. Міндет те, құқықтар мен бостандықтар сияқты, мемлекеттің Конституциясында бекітіліп, көрсетіледі. Міндеттер азаматтарға қатысты және шетел азаматтығы жоқ адамдарға қатысты болып екіге бөлінеді. Әрине, азамат және азаматтығы жоқ адамдар немесе шет ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтары жеке бөлек әр түрлі болып келеді деуге болмайды. Өйткені міндеттердің көбі адамдардың барлық санаттарына қатысты болып келеді, тек кейбірі, атап айтсақ, Отан қорғау міндеті тек азаматтарға қатысты болып келуі мүмкін.

Кепілдіктер жалпы және арнайы болып екіге бөлінеді.

Жалпы кепілдіктерге экономикалық, саяси және идеологиялық кепілдіктер жатады. Экономикалық кепілдік ретінде Конституцияда бекітілген мемлекеттік және жеке меншікті қорғауды айтуға болады. Маңызды саяси кепілдіктердің бірі – саяси режим болып табылады. Идеологиялық кепілдіктерге тұрғындардың жалпы және құқықтық мәдениет деңгейін жатқызуға болады. Жоғарыда аталған кепілдіктер мемлекеттегі жай-күйді сипаттайды, олар жарияланған құқықтар мен бостандықтардың жүзеге асуына ықпал етеді, ал кей ретте оларды тежеу механизміне де айналып кетуі мүмкін.

Нақты адамдар мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін кепілдіктер заңда көрсетілмеген. Олар сан алуан болып келеді. Енді соларға жеке тоқтала кеткен жөн.

Құқықтар мен бостандықтардың жүзеге асырылу шектерін белгілеу. Бұл кепілдік арқылы мемлекет құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асыру кезінде белгілі бір әрекеттер жасауға тиым салуды жүзеге асырады. Ол шектеулер конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау, басқа тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарына, денсаулығы мен рухани негіздеріне зиян келтірмеу мақсатында белгіленеді. Ұлтаралық келісімді бұзуға бағытталған барлық әрекеттер конституцияға қарсы деп танылады. Саяси себептермен адамдардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге жол берілмейді. Құқықтарды жүзеге асыру шектерін белгілейтін нормаларға зейнетақының, жалақының төменгі көлемін, демалыс уақытының ұзақтық мерзімін белгілейтін нормалар жатады.

Құқықтар мен бостандықтардың жүзеге асырылу тәртібін белгілеу. Құқықтар мен бостандықтарды жариялап қана қоймай, олардың жүзеге асырылу тәртібін белгілеу, олардың іс жүзінде қолданылуының және қорғалуының кепілі болып табылады. Бұл кепілідіктің қолдану механизміне мысал ретінде білім алу құқығын жатқызуға болады. Бұл құқықты жүзеге асыру тәртібі көптеген ережелерді орындауды талап етеді. Атап айтар болсақ, жоғарғы оқу орнына түсу тәртібі, білім алу стандарттарына сай аттестациялау тәртібі және басқалар.

Құқықтық мадақтау жүйесін орнату. Бұл шара стимуляциялық қызмет атқарады. Яғни, адам өз құқықтарын дұрыс, орынды пайдалануы үшін мемлекет тарапынан көтермелеу шараларымен марапатталады. Мысалы, студент жақсы оқығаны үшін атаулы шәкіртақыларға ие болады.

Адамдар мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны үшін жауаптылық белгілену. Бұл істер азаматтық, қылмыстық және әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен жүзеге асырылады. Құқықтың қай саласы болмасын, құқықтар мен бостандықтарды бұзғаны үшін әр түрлі санкциялар көздейді.

Адам құқықтарын қорғаумен айналысатын органдар жүйесін белгілеу. Бұл Қазақстан Республикасының Президенті жанынан құрылған адам құқықтары жөніндегі комиссия, прокуратура органдары және басқалар. Адам құқықтарын қорғауда сот органдары маңызды роль атқарады.

Қазақстан Республикасының Конституциясында адамдардың өз құқықтары мен бостандықтарын қорғау құқығын белгілеу. Бұл құқық адамдардың және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының жүзеге асырылу механизмін айқындайтын материалдық сипаттағы құқықтар.

Міндет – дегеніміз мемлекетпен заңды түрде танылған мемлекет, қоғам, немесе басқа жақтардың мүддесіне әрекеттер жасау қажеттігі.

Біз жоғарыда жеке тұлғаның құқықтық мәртебесін құрайтын, оның құрамдас бөлшектері болып табылатын құқық, бостандық және міндет ұғымдарына заң ғылымы тұрғысынан берілген анықтамаларға сүйене отырып, анықтама бердік. Ендігі жерде жеке тұлғаның құқықтық мәртебесіне әсер ететін маңызды институт – азаматтыққа тоқталып өтеміз.

Конституцияда жарияланған жеке тұлғалардың міндеттері орындалуға жатады, оны орындамау жауапкершілікті туындатады. Қазақстан Республикасының Конституциясында міндеттердің мынадай тұрлері белгіленген:

- балаларға және еңбекке жарамсыз ата-анаға қамқорлық жасау міндеті. Еңбекке жарамсыздық жасының кішілігіне немесе ұлғаюына, денсаулығына байланысты болады, яғни бала жасының кішілігіне байланысты, ата-ана кәрілігіне немесе денсаулығына байланысты еңбек ету қабілетінен айрылып, өзін-өзі асырау мүмкіндігі жоқ болған жағдайда, олардың қамқорлығы ата-анасына, екінші жағдайда еңбекке жарамды балаларына жүктеледі;

- негізгі жалпы білім алу міндеті. Мемлекеттің өркендеп дамуы оның тұрғындарының сауаттылығына тікелей байланысты, сондықтан орта білім алу әр адамның борышы және оны мемлекет өз қадағалауына алып отырады;

- Қазақстан Республикасының Конституциясы және заңдарын сақтау және басқа жақтардың құқықтарын, бостандықтарын, қадір қасиеттерін құрметтеу міндеті (34-бап). Бұл міндетті белгілеу заңдылықты қамтамасыз ету үшін қажетті шара, ал заңдылық құқықтық мемлекет негізі болып табылады. Бұл міндет жалпыға бірдей, әмбебап сипатта болады, адамның өмір сүру салаларының барлығын қамтиды. Өйткені, барлық қоғамдық қатынастар құқықтық нормалармен реттелуге жатады. Заңды білмеу жауаптылықтан босатуға негіз бола алмайды. Бұл міндет мемлекет рәміздерін құрметтеу міндетін де қамтиды. Өз құқықтарын жүзеге асыру кезінде басқа тұлғалардың құқықтарына нұқсан келтірмеу керек, өйткені адамдар бір қоғамда өмір сүргендіктен бір-бірін сыйлап, құрметтеу керек. Конституция және заңдарды сақтау міндеті – мемлекетте қабылданған барлық нормативтік-құқықтық актілерді орындау және бұзбау. Бұл міндет азаматтарға да, азаматтығы жоқ тұлғаларға да қатысты. Мемлекетте барлық қоғамдық қатынастар құқықтық актілермен реттеледі, олардың мүлтіксіз орындалуын арнайы өкілеттік берілген органдар қамтамасыз етіп отырады, бұзған тұлғалар заң негізінде жауаптылыққа тартылады. Басқа тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау міндеті – өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру кезінде адам басқа тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмеу керек. Бұл міндеттің табысты жүзеге асырылуы мемлекеттегі құқықтық сана мен құқықтық мәдениет деңгейіне байланысты;

- Заңда белгіленген салықтар, алымдар және басқа да міндетті төлемдерді төлеу міндеті (35 бап). Салық дегеніміз – мемлекетпен белгіленіп, алынатын қайтарымсыз ақша сомасы. Алымдар дегеніміз – мемлекеттің белгілі бір қызмет көрсеткені үшін төленетін ақша сомасы. Заңда белгіленген салық, алым және басқа да міндетті төлемдер мемлекеттік бюджеттің түсімін құрайды, оның уақтылы төленбегені үшін әкімшілік, қаржылық, кей реттерде қылмыстық жауаптылық туындайды. Салықтар мен алымдарды төлеу міндеті салық заңдарында көрсетілген, мемлекет қазынасы салық және алымдар түрінен құрылады. Ал, мемлекет бюджеті - мемлекеттің экономикалық негізі болып табылады, оның көлемімен мемлекеттің даму деңгейі өлшенеді, сондықтан салық және алымдар төлеу міндеті әр адамның мемлекеттің экономикалық дамуына қосқан үлесі болып табылады;

- Қазақстан Республикасын қорғау міндеті (36-бап). Отанды қорғау – азаматтың міндеті ғана емес борышы болып табылады. Бұл міндет тек әскерилерге ғана емес, Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына қатысты. Отан қорғау қарулы және басқа жолдармен Қазақстан Республикасының тұтастығын, беделін халықаралық аренада қорғау болып табылады. Отан қорғау міндеті ерікті түрде немесе қарулы күштер құрамына мобилизациялау түрінде ұйымдастырылады. Әскери қызмет жасы 18 жасқа толған, денсаулығы әскери қызметке жарамды, еркек жынысты Қазақстан Республикасының азаматтарымен кәсіптік немесе мерзімдік қызмет түрінде жүзеге асырылады. Шет ел азаматтары және азаматтығы жоқ тұлғалар Отан қорғау, әскери борыш өтеу міндетінен босатылады. Отан қорғау міндеті мемлекеттің әр азаматына қатысты. Мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүру қағидасы негізінде, агрессорлық әрекеттерге жол берілмейді, бірақ ондай жағдай болғанда әр мемлекет агрессорға қарсы қорғану әрекеттерін жүзеге асыруға құқылы, осы жағдайда мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның әскери құрамаларымен жүзеге асырылады. Бұл құрамалар қатарына мемлекеттің кәмелет жасқа толған барлық азаматтары алынуы жатады;

- тарихи және мәдени мұраларды қорғау, тарихи және мәдени ескерткіштерді сақтау (37-бап). Бұл міндеттің мазмұнын шығармашылық қызмет нәтижелерін сақтау, рухани саладағы байланыстарды арттыру, мәдениет, білім, интеллектіні дамыту кіреді. Осы орайда тарихи мәдени мұра болып табылатын кітапхана, мұражай, мұрағат қорларын сақтау міндеті әр тұлғаға жүктеледі. Тарихи және мәдени ескерткіштер әр ұлттың, әр халықтың құндылықтарының бірі болып табылады, сондықтан олардың сақталуын қамтамасыз ету ел мұраты болып табылады. Олар мемлекет қорғауында болады;

- табиғатты қорғау және оның байлықтарын үнемді пайдалану міндеті (38-бап). Бұл міндет мына шараларды жүзеге асыру арқылы жүзеге асырылады: адамдар табиғатты қорғау шараларына қатысу керек, табиғатты қорғау заңының талаптарын орындауы керек, табиғат байлықтарын сақтап, көбейтуі керек, экологиялық мәдениетті көтеруге атсалысу керек, өсіп келе жатқан жастардың экологиялық тәрбие алуына атсалысу керек. Табиғатты және қоршаған ортаны қорғау міндеті мемлекеттің адамға жүктеген еркі деп тануға болмайды, өйткені экологиялық апат немесе экологиялық ластанған қоршаған орта адам өміріне елеулі зиян әкеледі, тіптен адамзаттың жер бетінен жоғалып кетуіне де әкеліп соқтыруы мүмкін.


жүктеу 139,44 Kb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау