деректері.
1. Парсы деректері: Бехистун жазбасы, ортаңғы Иран ескерткіштері.
2. Антикалық авторлардың еңбектері.
3. Қытай саяхатшылары мен тарихшыларының жазбалары.
Қазақстанның ежелгі дәуірдегі тарихы жөніндегі мәліметтер көне парсы, көне грек, латын, қытай, т.б. тілдерде жазып қалдырылған. Археологиялық ескерткіштермен қатар жазбаша деректер ежелгі дәуірдегі Қазақстанды мекендеген тайпалар мен тайпа одақтарының шаруашылық және әлеуметтік қатынастарын, мәдениетін, тұрмысы мен әдет-ғұрыптарын зерттеуге мүмкіндік береді. Қазақстанның ежелгі дәуірдегі тарихы бойынша деректердің негізгі топтарының сипаттамасына тоқталайық.
1. Парсы деректері: Бехистун жазбасы, ортаңғы Иран ескерткіштері. Қазақстанның ежелгі дәуірдегі халықтарының тарихы жөніндегі жазбаша деректер І Дарий (б.з.б. 522-486 жж.) және Ксеркс (б.з.б. 486-465 жж.) патшалардың Ахеменид державасында қолданылған негізгі үш тілде: көне парсы, элам және аккад тілдерінде жазылған ежелгі парсы жазбалары болып табылады.
І Дарийдің билік басына келуінің және содан кейін болған азамат соғысының мән-жайы туралы баяндалатын Бехистун жазбасының зор маңызы бар. Жазбада «елдер» – тайпалардың мекендеген аймақтары көрсетіліп, Таяу және Орта Шығыстың, сондай-ақ Орталық Азияның тарихи географиясы жөнінде едәуір материал берілді. Қазіргі уақытта ғылыми әдебиетте сақ тайпалары – хаумаваргалар мен тиграхаудалар Қазақстан аумағына қатысты деген пікір орныққан, алайда Ахеменид әулеті кезеңінің басқа жазбаларын тарта отырып, жазба деректеріне мұқият талдау жасау бұл тайпалардың Хамун көлі ауданында, қазіргі Иран мен Ауғанстан шекарасында, кейіннен Сакистан (Сейстан) аталған ауданда орналасқанын көрсетеді.
Ахеменид әулеті кезеңіндегі мәдениет пен дінді зерттеу үшін маңызды басты ірі жазба болып Ксеркс патшаның «дәулер туралы» атты жазбасы табылады, онда Ксеркстің зороастризмді мемлекеттік дін ретінде енгізуімен байланысты діни реформасы баяндалады. Көне парсы жазбаларында тарихи-географиялық деректерден басқа, антик деректерінің мәліметтерін тексеруге және оларды едәуір нақтылай түсу үшін біраз материал беріледі.
Ортаңғы Иран ескерткіштері – парфяндар тілінен бастап, «ортаңғы кезең» дейтін иран тілдеріндегі эпиграфиялық және нарративтік деректердің атауы. Парфяндардың, ортаңғы парсы, соғды, хорезм, бактрия тілдері мен басқа да бірқатар тілдер соған жатады.
Тарихшылар үшін парфяндардың ортаңғы парсы және соғды тілдерінің өзге де диалектілерінде жазылған манихей дінінің мына шығармалары маңызды:
1) Бундахишн. «Әлем» – зороастрашылдардың ғарышнама және Ғаламның құрылысы туралы түсініктері айтылған көлемді шығарма.
2) Денкарт. «Наным негіздері» – зороастралық діни ілімнің бізге дейін жетпеген Авеста бөлімдері тізіп келтірілген және қайталап айтылған көп томды энциклопедиялық баяндалуы.
3) Арда-Вираз-намак – Александр Македонский жаулап алғаннан кейін құлдырап кеткен зороастралық наным туралы дұрыс түсінік алу үшін Вираз әулиенің жұмақ пен тозаққа саяхаты жөніндегі шығарма. Бұл кейінгі Сасанилер дәуіріндегі зороастризм реформацияларының бірін бейнелейтін өте қызықты шығарма.
4) Панд-намак-и Ардашир-и Панакан – Сасанилер әулетінің билік басына келуінің аңызға айналған нұсқасы айтылған ақсүйектік шығарма.
Ортаңғы парсы мәтіндеріне Орта Азия мен Қазақстан тарихшылары зор ынта қояды, өйткені онда ерте орта ғасырлардан бастап ХІІ-ХІІІ ғғ. дейінгі түпнұсқалық жазба деректер келтірілген. Оларда түріктер, эфталиттер, осы аймақтағы басқа да халықтар мен оқиғалар туралы деректер бар. Алайда осы кезге дейін бұл деректер өте нашар тартылып келді, мұның өзі бірінші кезекте иран тілдерінің фонотекасына өте нашар бейімделген арамей жазбасымен жазылған ортағасырлық мәтіндердің қиындықтарына байланысты болып келеді.
2. Антикалық авторлардың еңбектері. Қазақстанның ежелгі дәуір тарихын оқып-білуде антик тарихнамасы неғұрлым мазмұнды болып табылады. Қазақстанның сол кезеңдегі тұрғындары туралы мәліметтер ертедегі Грекияға Парсы елі арқылы, сондай-ақ Қара теңіз өңіріндегі грек отарлары арқылы жетіп тұрды. Геродоттың (б.з.б. 484-425) «Тарих» деген еңбегінің төртінші кітабында скиф тайпаларының орналасу географиясы, олардың тарихы, рухани мәдениеті, әдет-ғұрыптары туралы баяндалады. Геродот хабарларының негізінде деректі материалдар да, Қазақстан мен Орта Азияның сақ (скиф) тайпаларына барып тірелетін ауызша фольклорлық дәстүр де алынған.
Ктесийдің «Парсы тарихы» деген шығармасында Ахеменид әулеті кезеңінің тарихы жөнінде бірқатар құнды деректер жиналған. Бұл еңбекті Диодор (б.з.б. І ғ.), Үлкен Плиний (б.з.-ң І ғ.), Клавдий Элиан (б.з.б. ІІ-ІІІ ғғ.) сияқты авторлар дерек ретінде пайдаланған. Неғұрлым кейінгі авторлар Ктесийдің «тарихи романның атасы» деп атайды. Ктесийдің әңгімелерінде кейде анахронизм сарыны сезіледі. Дегенмен, ежелгі грек жазушысының ақпаратында ертедегі Қазақстан этностары, олардың орналасқан жерлері, қоғамның саяси ұйымдастырылуы туралы анық деректердің жекелеген маңызды ұшықтары әр жерде шашырап жатыр. Ктесийдің бірқатар қызықты новеллалары шын мәнінде жергілікті халық дәстүрінен мәліметтер береді.
Қазақстан тарихын зерттеу үшін грек тарихшыларының Александр Македонский жорықтарын суреттейтін шығармаларының бірсыпыра маңызы бар, олардың арасында Диодорды, Помпей Трогты, Полибийді атап өткен жөн. Олардың көшпелілер мен Парфия, Грекия мен Бактрия арасындағы кейбір қақтығыстар туралы жеткізген мәліметтері ерекше маңызды. Алайда, оларда Қазақстанның ертедегі тайпалары туралы нақты ақпарат көп емес. Оларда айтылған этностарды басқа деректердің мәліметтерімен ұқсастыру өте қиын.
Ертедегі Қазақстан тарихы үшін географиялық антик әдебиеті маңызды дерек болып табылады. Оның көрнекті өкілдерінің бірі – Страбонның (б.з.б. І ғ. – б.з.-ң І ғ.) «Географиясында» Қазақстан мен Орта Азияның табиғи жағдайлары мен халықтарының тұрмыс-салты туралы мәліметтер олардың саяси тарихының әр түрлі оқиғаларымен ұштастырылды. Страбон географиялық әдебиетті үстірт бағдарға ала отырып, кейде нағыз географиялық жағдайды онша біле бермеді. Мәселен, ол Каспий теңізін тұйық бассейн емес, мұхит шығанағы деп санады және Арал теңізі жөнінде ешнәрсе білмеді, мұның өзі, әлбетте, жалпы көріністің бұрмалануына әкеп соқты. Птолемейдің (б.з.-ң І ғ. аяғы – ІІ ғ.) «География» атты шығармасы күрделі болса да, бағалы дерек болып табылады. Мәтінде қалалардың, өзендердің, тау тізбектерінің, көлдердің географиялық орындары беріліп, әр түрлі аймақтардың, соның ішінде Орта Азия мен Қазақстанның шекаралары көрсетілген. Птолемей сақтар елімен (Қазақстанның оңтүстігі, Сырдария алабының бойы болар) қатар Скифияны да біледі, ал Еділден Балқаш көліне дейінгі кең-байтақ жер Скифия деп қарастырылды. Бұл мәліметтердің құндылығы өте зор болғанымен, оларды абайлап пайдалану қажет, өйткені Птолемейдің түрлі деректерден алынған мәліметтерді сын көзбен байыптап тексеріп алмай, қоса салатыны да кездеседі.
3. Қытай саяхатшылары мен тарихшыларының жазбалары. Б.з.б. ІІ ғ. бастап Қазақстан тарихын зерттеуде қытай деректері айтарлықтай рөл атқарады. Антик авторларына қарағанда, қытай авторлары жалпы алғанда Қазақстандағы жағдайды жақсырақ білетін еді. Қытай экспансиясының батысқа жылжуы Шығыс Түркістандағы, Қазақстан мен Орта Азиядағы жағдайды дәл білу қажеттігін туғызды. Бұл орайда халықтар мен тайпалардың мінез-құлқы мен өмір салты, саяси құрылысы туралы материал мақсатты түрде жиналды. Бұл ақпарат елшілердің, саудагерлердің, саяхатшылар мен миссионерлердің Орта Азия иеліктеріне жасаған сапарларының нәтижесінде, қытай әскерлерінің жорықтары кезінде алынып, жеткізіліп отыратын.
Қазақстан халықтары туралы алғашқы анық мәліметтер император У-ди (б.з.б. 140-86 жж.) батыс облыстарға жіберген тұңғыш қытай елшілігінің жетекшісі Чжан Цяннан алынған. Чжан Цянь «батысқа» б.з.б. 138 ж. және б.з.б. 115 ж. екі саяхат жасады. Олардың көздеген бір мақсаты сюннуларға (ғұндарға) қарсы Орта Азия тұрғындары юэчжилермен және Жетісу усундерімен одақтасуға қол жеткізу еді. Чжан Цянь өз миссиясы барысында жат жерліктердің шаруашылығының жай-күйіне, олардың әскерлері санына, қару-жарақтарына ерекше назар аударды, сондай-ақ олардың әдет-ғұрпының, мінез-құлқының, киім-кешегінің ерекшеліктерін жазып алып отырды.
Әулеттік тарихтар ішінде Қазақстан мен Орта Азия халықтары туралы көлемді және бағалы деректер Сыма Цянның (б.з.б. 145-86 жж.) «Тарихи жазбалар» («Шицзи») деген тарихи еңбегінің «Өмірбаян» бөлімінің «Сюнну туралы хикая» және «Давань туралы хикая» деген екі тарауында, сондай-ақ Хань императорлары мен қолбасшыларының өмірбаяндық суреттемелерінде келтірілген. Мұнда Орталық Азия иеліктері, олардың өзара және Қытаймен қатынастары туралы маңызды мәліметтер жинақталған. Сыма Цянның еңбегінде аңызға айналған кезден бастап аса көрнекті тарихшы өмір сүрген кезге дейінгі бүкіл тарихи кезең қамтылады.
Б. з.-ң І ғ. Бань Гу жазып, оның оқымысты қарындасы Бань Чжао аяқтаған «Ежелгі Хань тарихы» («Цянь Ханьшу») еңбегі ортодоксалдық конфуциандық еңбектер қатарына жатады, ол тарихи шығармалардың жаңа жанрын – бір әулеттің басқару тарихын бастап берді. Қытай мен Орталық Азияның б.з.б. ІІ ғ. бастап жаңа заманға дейінгі тарихы баяндалатын 26 әулеттік тарихы Қытайдың бірегей тарихи мұрасы болып табылады. Бань Гудың шығармасында Орталық Азияның жат жерлік халықтары суреттелетін мәліметтерге «Сиюй чжуань» («Батыс өлке туралы хикая») деген арнаулы тарау бөлінген. Осы тарихи-географиялық жағынан жаңа аймақты бөліп көрсету қытайлардың географиялық білімінің кеңейгенін ғана емес, сонымен қатар Қытайдың сыртқы саясаты мен геосаясатында оған стратегиялық мән берілгенін де дәлелдейді. Хроникада Хань империясынан Орта Азияға апаратын негізгі жолдар көрсетіліп, оның этникалық топтары, олардың айналысатын жұмыс түрі, экономикалық және әскери жағдайы, Шығыс Түркістанның қалалары, олардың арасындағы соғыстар мен сауда, саяси одақтар суреттелген. Бань Гудың еңбегі 200 жылдай кезеңді қамтиды, онда Давань, Усунь, Кангюй, сондай-ақ Сюнну иеліктері туралы, оның ішінде сюнну билеушісі (шаньюй) Чжичжидің Солтүстік-Батыс Тянь-Шаньдағы иеліктері туралы мәліметтер бар. Алайда, Бань Гу өзінің еңбегінде өз кезіндегі оқиғалар туралы жазбаған, сондықтан оның еңбегі «Ежелгі Хань әулетінің тарихы» деп аталады.
V ғ. авторы Фань Е «Цянь Ханьшу» мәліметтерін толықтыра келіп, Бань Гудың еңбегіне баға берген. Фань Е Қытайдың сыртқы саясаты мен Орталық Азиядағы дипломатиясына, Қытайдың дәстүрлі «батыс» саясатының тұжырымдамаларына егжей-тегжейлі тоқталған. Бұл фактінің зор маңызы бар, өйткені ол Орталық Азия халықтары туралы материалдарды іріктеп алуға және олардың Қытай тарихнамасында көрсетілуі мен бағалануына ықпал жасады. Қытайдың феодалдық тарихында көршілес халықтардың тарихын баяндау ұлыхандық шовинизм мен қытайлық центризм тұрғысынан жүргізілген.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
1) Парсы деректерінде Қазақстанның ежелгі дәуір тарихына қатысты қандай мәліметтер сақталған ?
2) Антик авторларының жазбаларында кездесетін Қазақстанның ежелгі тайпаларына қатысты тарихи мәліметтерді сыни тұрғыдан пайдаланудың қажеттілігі неде ?
3) Қытай тарихнамасында Қазақстанның ежелгі тайпалары туралы тарихи мәліметтердің жинақталуының қандай себептері болды ?
IV тақырып: Көне түрік руналық жазба ескерткіштері (VI-IX ғғ.).
1. Көне түрік жазбаларының ерекшелігі.
2. Күл-тегіннің, Білге қағанның, Тоныкөктің құрметіне тұрғызылған
ескерткіштер.
3. Жетісу өңірінен табылған Талас эпитафиялары.
1. Көне түрік жазбаларының ерекшелігі. Біздің заманымыздың І мыңжылдығында ежелгі түрік және түркі тілдес тайпалар мекендеген жерлерден табылған көне түрік жазбаша ескерткіштерінің құны баға жеткісіз. Түрік авторлары жазған бұл жазбаша деректердің елеулі және даусыз екі қасиеті бар, олар – автохтондылығымен, яғни жергілікті сипатта болуымен және түпнұсқалығымен ерекшеленеді – автор өзінің көз алдында не болғаны немесе болғанынан көп уақыт өтпеген оқиғалар жайында, өзі жақсы білетін фактілер туралы жазған. Сол арқылы ежелгі түрік деректері түрік қоғамындағы этникалық, әлеуметтік және мәдени үрдістер туралы жат жерлік байқаушылар жазған мәліметтерге қарағанда неғұрлым дәл түсінік береді.
Көне түрік жазба ескерткіштері табылған аймақтарға Сібірдегі Енисей, Лена өзендерінің алқабы, Монғолиядағы Орхон, Онгин, Селенга өзендерінің алқабы, Орта Азия мен Қазақстандағы Талас пен Сырдария бойы, Ертіс пен Іле қойнауы жатады. Орыс этнограф-ғалымы Н. М. Ядринцев 1889-жылы Монғолиядағы Орхон өзенінің құйылысынан қос тілдік жазуы бар ерекше үлкен екі тас тапты. Кейін біреуі Білге қағанға, екіншісі оның інісі Күл-тегінге қойылғаны белгілі болып, мазмұны толық анықталды. Бұл ескерткіштердің бір қырына Қытай иероглифтері ойылған, ал үш қырына ойылған жазу таңбалары «Сібір руналарына», Енисей бойынан табылған жұмбақ жазуларға ұқсас. Финн және орыс ғалымдары жүргізген арнаулы зерттеулер нәтижесінде Орхон және Енисей ескерткіштерінің нұсқалары (фотосурет, эстампаж) жинақталып жарияланған атластар жарық көрді.
2. Күл-тегіннің, Білге қағанның, Тоныкөктің құрметіне тұрғызылған ескерткіштер. Деректануда Енисей мен Таластан ашылған ескерткіштердің зор маңызы бар. Ең алдымен түрік қағандары Күл-тегін (732) мен Білге қаған (735) құрметіне қойылған ескерткіштер – Кошоцайдам тас тақталарын атап өту керек. Бұл жазбалардың авторы, қаған әулетінен шыққан Йоллығ-тегін түрік тілінде жазған есімі бізге белгілі тұңғыш жазушы. Осы екі ескерткіш басқа да руна жазбаларының бәрі дерлік салыстырылатын өзінше бір өлшемге айналды. Тоныкөк ескерткіші (716 ж.ш.), Күли-Шор құрметіне орнатылған ескерткіш (722), Онгин жазбасы қосылатын Кошоцайдамның мәнерлі мәтіні негізінен Шығыс Түрік қағанаты жөнінде мәліметтер береді. Сонымен бірге оларда Қазақстан мен Орта Азияның батыс түріктері тарихының оқиғаларына қатысты маңызды естеліктер бар, оларға талдау жасау тарихи-геогорафиялық, тарихи-саяси және этнографиялық мәселелердің тұтас кешенін зерттеу жолдарын белгілеуге мүмкінді береді. Ең құндысы – «он оқ» (он жебе) халқы, түргештер, қарлұқтар, оғыздар, кенгерестер, Жетісу соғдылары туралы мәліметтер.
Ұйғыр қағанатының негізін салушылардың бірі – Елетміш Білге қағанның (747-759) құрметіне жазылған эпитафия болып табылатын Селенга тасы (Шине Усу жазбасы) орхон ескерткіштеріне жатады. Бұл ескерткішті 1909-жылы финн ғалымы Г. Рамстедт Монғолияға жасаған саяхаты кезінде Селенга өзенінен оңтүстікке қарай, Могон Шине-Усу шұңқырынан тапты. Ескерткіштегі жазбаның басым бөлігінде ұйғырлардың 742-744 жж. түрік қағанаттарымен жүргізген соғыстары туралы баяндалады. Сонымен бірге, ұйғырлардың тайпалық бірлестігіне билік еткен түрік-қыпшақтар туралы уақыты жағынан алғаш рет айтылады.
Терхин құлпытасы да (756) Елетміш Білге қағанға арналған және көп жағынан мазмұны Шине Усу жазбасынан асып түседі, кейде оған жолма-жол сәйкес келеді. Ескерткіште Алтай-Тарбағатай қарлұқтарының Жетісуға қоныстану уақытына қатысты мезгілі көрсетілген маңызды тарихи оқиға айтылады. Ежелгі түріктердің руникалық ескерткіштерінде кейін Қарлұқ және Қарахан мемлекеттерінде елеулі рөл атқарған яғма тайпасының уақыты жағынан бірінші рет аталуы да құнды мәліметтердің бірі болып табылады.
VII-Х ғғ. деп белгіленген Енисей аңғарының жазбалары мен Суджа құлпытастарынан тұратын Қырғыз мемлекетінің ескерткіштері белгілі бір ынта-ықылас туғызады. Енисей аңғарынан табылған бір эпитафияда қырғыздар жерінде өлген түргеш бегі туралы айтылады. Басқа бір жазбада түргештердің Қара ханына елші болып кетіп, қайта оралмаған атақты қырғызды жоқтау мәтінінің үзінділері бар. Бұл оқиғалар 744 және 756 жылдарға жатқызылады.
3. Жетісу өңірінен табылған Талас эпитафиялары. Батыс түрік қағанатының Жетісудан (Талас өңірінен) 1932-жылы табылған ескерткіштері елеулі мәдени-тарихи қазына болып табылады, оған қабірлерге қойылған құлпытастарға, теңгелерге, тұрмыстық заттар мен ағаш таяқшаларға жазылған 12 жазба жатады. С. Е. Малов, Х. Н. Оркун, А. М. Щербак, т.б. таяқшалардағы жазудың түркі руникалық таңбаларымен ұқсастығын көрсетіп, оны көне түркі тілінде оқып көрді. Бұл ескерткіштердің жоғарғы мерзімі VIII ғ., ал төменгі хронологиялық шегі VI-VII ғғ. шебі болуы ықтимал. Талас эпитафиялары «қара рудан» шыққан түргеш қағандары – Сұлық Шабыт-шора мен оның ұлы билік етен кезге (716-740 жж.) жатады.
Ежелгі түркі ескерткіштерінің ерте ортағасырлық Қазақстанның тарихи географиясы мәселелерін талдап шешуге айқын жарық беретін дерек ретіндегі маңызын бағалау қиын. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілін зерттеп, зор үлес қосқан ғалымдар – В. Томсен, В. Радлов, П. Мелиоранский, В. Банг, Г. Рамстед, А. Габэн, С. Малов және т. б.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
1) Көне түрік руникалық жазба ескерткіштерініе тән өзіндік ерекшеліктерді анықтаңыз.
2) Көне түрік руникалық ескерткіштеріндегі жазбалардан ерте орта ғасырлардағы Қазақстанның этникалық-саяси тарихы туралы қандай нақты мәліметтер алуға болады ?
V тақырып: Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы бойынша араб
деректері.
1. Араб авторларының еңбектеріндегі түркі тайпалары туралы мәліметтер.
2. ІХ-Х ғғ. араб географиялық шығармалары ортағасырлық Қазақстан жөніндегі тарихи дерек ретінде.
3. ХІІІ-XV ғғ. араб тіліндегі космографиялық шығармалар.
4. Кейінгі орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы туралы араб деректері.
1. Араб авторларының еңбектеріндегі түркі тайпалары туралы мәліметтер. Араб халифаты дәуірінде арабтардың мұсылман мәдениеті мен ислам дінінің ықпал өрісін кеңейту ісіндегі белсенділігі, мұсылман дүниесінің саяси шекарасынан тыс жатқан аймақтармен сауданың дамуы арабтарды Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның көршілес елдері және халықтары туралы мәліметтер жинауға құлшындырды. Арабтардың орта ғасырлардағы тарихнамасының Қазақстан аймағына ерекше ден қоюы олардың Орта Азиядағы жаулап алған жерлерін нығайту және Қазақстанның жауынгер көшпелі тайпаларынан сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттігімен де байланысты болды.
Қазақстан тұрғындары туралы ең ертедегі мәліметтер арабтардың классикалық тарихи шығармаларында кездеседі. Әл-Балазури (ІХ ғ.) мен ат-Табаридың (ІХ ғ.) туындыларында VIIғ. – VIIIғ. ортасында араб шапқыншылығына қарсы күресте Орта Азия халықтарына елеулі көмек көрсеткен Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның түркі халықтары туралы маңызды мәліметтер бар. Оңтүстік Қазақстанның жекелеген аудандарына арабтардың басқыншылық жорықтары туралы деректер келтірілген. Арабтың аса ірі тарихшысы, парсы текті әл-Балазури Орталық Азия тарихы жөніндегі құнды деректердің бірі – «Китаб футух әл-булдан» («Елдерді жаулап алу кітабы») деген шығарманы жазды. «Тарих әр-русул уә-л-мулук» («Пайғамбар мен патшалар тарихы») деген еңбектің авторы ат-Табари халифаттың әр түрлі қалаларын аралады, содан соң Бағдатта тұрып, өз өмірін ғылымға арнады. Оның қысқартылған редакциясында сақталған еңбегінде арабтардың алдында болған халықтар туралы мәліметтер келтіріліп, халифат тарихы жылнама ретінде баяндалады.
Ат-Табаридың замандасы, Бағдатта туған әл-Жахиз (ІХ ғ.) «Манаиб әл атрак» («Түріктердің қасиеттері») атты кітабында Қазақстанның көшпелі түрік тайпаларын тұңғыш рет этнографиялық тұрғыдан суреттеді. Әл-Жахиз түріктердің әскери қасиеттерін, олардың қалада тұратын арабтың көзіне ерекше көрінген және халифтың төңірегіндегілерге маңызды болған әдет-ғұрыптарын суреттеді, өйткені Аббас халифатының уәзірлеріне «түрік істерімен» едәуір жиі кездесуіне тура келетін еді.
Араб Тамим ибн Бахрдың Солтүстік-Шығыс Қазақстандағы Ертіс аңғарында жатқан кимектер елі арқылы Тоғыз-ғұз қағанының астанасына алғашқы саяхаты ІХ ғ. 1-ші жартысына жатады. Тамим ибн Бахр саяхатының сипаты әлдебір дипломатиялық тапсырмаларға байланысты болуы мүмкін. Тамим ибн Бахр кимектердің орналасуы, шаруашылығы туралы мәліметтер келтіріп, Тараздан кимектер патшасының ордасына барған жолын да айтып өтеді.
2. ІХ-Х ғғ. араб географиялық шығармалары ортағасырлық Қазақстан жөніндегі тарихи дерек ретінде. ІХ ғ. араб тілді географиялық шығармаларда Қазақстан аумағындағы тайпалар туралы хабарлар пайда болды. Байланыс қызметінің бастығы Ибн Хордадбех «Китаб әл масалик уә-л-мамалик» («Жолдар мен мемлекеттер кітабы») деген әкімшілік-географиялық анықтамалығында сауда жолдарын сипаттап, елді мекендер арасындағы қашықтықты көрсеткен, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу арқылы өтетін Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қалалар мен қоныстарды тізіп келтірген. Ибн Хордадбехтің еңбегі халифаттың байланыс, почта қызметінің архивтеріне негізделген. Оның түріктер туралы айқын мәліметтерінің көбі, соның ішінде түрік тайпаларының тізімі де (тоғыз-ғұздар, оғыздар, қарлұқтар, кимектер, қыпшақтар, т.б.) VIII ғ. жататын болса керек.
Тарихшы әрі географ Әл-Якубидің «Китаб әл-бұлдан» («Елдер кітабы») атты географиялық шығармасында Қазақстан түріктері туралы ауқымды тарихи-этнографиялық материал бар. Әл-Якубидің оғыздар, қарлұқтар, кимектер, тоғыз-ғұздар мемлекеттілігі туралы мәліметтерінің дәлдігі біршама жоғары. Араб географы және филологы Кудама ибн Жафар «Китаб әл-харадж уә санъат әл-китаба» («Харадж және хатшы өнері туралы кітап») деген географиялық-әкімшілік шығармасын жазған кезде өзі қолына түсіре алған ресми құжаттарды кеңінен пайдаланған. Шығармада халифаттың әкімшілік бөлінісі, аса маңызды қалалар, таулар, өзендер, жеті климаттық белдеу туралы мәліметтер бар. Байланыс жолдары, алынатын салықтардың түрлері және провинциялар суреттеледі. Мұсылман елдерімен көршілес түрік тайпалары: қарлұқтар, кимектер, оғыздар, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу шегіндегі сауда жолдары туралы, қалалар, қоныстар және олардың арақашықтығы туралы нақты материал бар.
Араб географы Ибн әл-Факихтің (ІХ ғ. аяғы – Х ғ. басы) «Китаб ахбар әл-бұлдан» («Елдер туралы әңгімелер кітабы») еңбегі өзінен бұрынғы авторлардың (әл-Жахиз, Ибн Хордадбех, т.б.) шығармаларына негізделе отырып, 903 ж. шамасында құрастырылған. Кітапта Азия мен Шығыс Еуропаның көптеген елдері туралы тарихи-географиялық материалдар жеткілікті. Түріктер туралы тарау ерекше назар аударарлық, онда түрік тайпалары (қарлұқтар, кимектер, қыпшақтар, оғыздар, тоғыз-ғұздар, т.б.) туралы, олардың елдері, қалалары, сауда жолдары, орналасуы, шаруашылық және мәдени қызметі туралы құнды мәліметтер келтіріледі.
Х ғ. араб географиялық әдебиетінің ең дамыған уақыты болды. Араб географы әрі саяхатшысы, Орталық Иранның тұрғыны әл-Истахридің (Х ғ.) «Жолдар мен мемлекеттер туралы кітап» деген еңбегінде Арабия, Парсы теңізі, Мағриб, Мысыр, Сирия, Румдар теңізі, Ирак, Үндістан, Иран, Хазар теңізі, Армения, Әзербайжан, Хорасан және Мауараннахр суреттеледі. Әрбір елдің шекаралары, қалалары, қашықтығы, жолдары туралы мәліметтер; өнімдері, саудасы, қолөнері туралы жекелеген деректер келтіріледі. Қазіргі Қазақстан аумағында тұрған түрік тайпалары: оғыздар, кимектер, қарлұқтар туралы маңызды материалдар кездеседі. Оның «Дүние жүзі картасында» түрік тайпаларының шоғырланған жерлері көрсетілген.
Әл-Истахридің еңбегін Х ғ. аяғында саяхатшы Ибн Хаукаль редакциялап, толықтырды және оны «Жолдар мен мемлекеттер кітабы» («Китаб әл-масалик уә-л-мамалик») деп атады. Ибн Хаукальдің түрік тайпалары туралы тарихи-географиялық мәліметтері әл-Истахридің хабарларымен көп жағдайда сәйкес келеді. Әл-Истахри мен Ибн Хаукаль еңбегінің маңызды бөлігі «Сурат әл-ард» («Жер келбеті») деген географиялық карта болып табылады. Мәтінімен бірге картаны зерттеу түрік тайпаларының орналасуын әлдеқайда жақсы анықтауға мүмкіндік береді.
Х ғ. Қазақстан жері арқылы жүріп өткен араб саяхатшысы Ибн Фадлан «Рисала» («Жазба») деген туынды жазған, онда хазарларға қарсы араб-бұлғар одағын орнату және бұлғарлар арасында ислам негіздерін орнықтыру мақсатымен араб халифатының астанасы – Бағдаттан Еділ бұлғарларына барған елшіліктің сапары (921-922 жж.) суреттелген. Жолды Хамадан, Рей, Нишапур, Мерв, Бұхара, Хорезм, Үстірт және Жайық арқылы Еділ бойына қарай жүріп өткен. Онда орыстардың, хазарлардың әлеуметтік және рухани тарихы жөнінде мәліметтер келтіріледі. Этнографиялық сипаттағы мәліметтер көшпелі түрік тайпаларына: печенегтерге, башқұрттарға және қазіргі Қазақстанның батыс облыстарында мекендеген оғыздарға қатысты.
Бұхарада Самани әулетінің билеушісі ІІ Насырдың сарай қызметшісі болған Әбу Дулаф 942-жылы Қытай мен Үндістанға сапар жасап, өз замандастары арасында саяхатшы атанған. Әбу Дулаф саяхаттары туралы екі «Рисала» («Жазбада») баяндаған, оларда оғыздардың, кимектердің, қарлұқтардың, жікілдердің шаруашылығы, діні мен тұрмысы туралы көзімен көрген және есіткен мәліметтер айтылады.
Араб тарихшысы әрі географы, Үндістаннан Атлант мұхитына, Қызыл теңізден Каспий теңізіне дейінгі елдерге саяхат жасаған Әл-Масудидің (Х ғ.) «Ахбар әз-заман» («Уақыт тарихы») деген 30 томдық тарихи-географиялық энциклопедиясынан бізге жеткені – «Мурудж әз-захаб уә маадин әл-джавахир» («Алтын жуғыштар мен асыл тастар кеніштері», 943 ж.) мен «Китаб ат-танбих уә-л-ишраф» («Тәлімгерлік және қайта қарау кітабы», 956 ж.). Әл-Масудидің еңбегінде кимектер, оғыздар, қарлұқтар, барысхандар, тоғыз-ғұздар, хазарлар туралы тарихи-географиялық мәліметтер мен ерте ортағасырлық Қазақстанның тарихи географиясы жөнінде деректер келтірілген. ІХ ғ. 2-ші жартысында Батыс Қазақстанда болған тарихи оқиғалар қысқаша баяндалады.
Әл-Макдисидың (Х ғ.) шығармаларында өз көзімен көргендерге негізделген тарихи-географиялық деректер маңызды орын алады. Араб географы әрі саяхатшысының шамамен 985-жылы жазылған «Ахсан ат-такасим фи марифат әл-акалим» («Климаттарды тануға арналған ең жақсы бөлініс») шығармасында елдер мен аймақтардың толық және жүйелі суреттемесі беріледі. Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстан, халықтың тайпалық құрамы, қалалары мен қоныстары, сауда жолдары мен саудаға шығарылған заттары, шаруашылығы мен діни көзқарастары, тілі мен ғұрыптары туралы маңызды мәліметтер бар.
ХІІ ғ. ортасында араб географы әл-Идриси «Нузхат әл муштак фи-хтирак әл-афак» («Аймақтарды аралап қажыған адамның көңіл көтеруі») деген көлемді географиялық шығарма жазды. Бұл шығармада Еуропаның, Азия мен Африканың елдері егжей-тегжейлі суреттеледі. Ол Шығыс Еуропаны, Кавказды, Орта Азия мен Қазақстанды мекендеген халықтар туралы этнографиялық және тарихи-географиялық сипаттағы хабарлар айтады. Орта ғасырлардағы Қазақстан аумағында мекендеген түрік тайпалары: кимектер, қыпшақтар, оғыздар, қарлұқтар, түргештер, азкиштер туралы, олардың орналасуы, шаруашылығы, қалалары, сауда жолдары, қолөнері туралы маңызды мәліметтер келтіріледі. Әл-Идриси кимектер елін суреттеген кезде Шығыс Қазақстан далаларында туған кимек ханзадасы Жанақ ибн Хақан әл-Кимеки (Х-ХІ ғғ.) жазған кітапты пайдаланған. Әл-Идрисидің еңбегіндегі «Сурат әл-ард» («Жер келбеті») деп аталатын карталарда географиялық және экономикалық нысандардың белгілері көп, бұл ерекшеліктер оларды өте құнды қосымша деректерге айналдырады.
3. ХІІІ-XV ғғ. араб тіліндегі космографиялық шығармалар. ХІІІ ғ. бастап ортағасырлық араб авторлары өз заманындағы жағдайды сирек суреттейді, бірақ оның есесіне өздерінің алдыңдағы географтар мен тарихшылардың бізге келіп жетпеген бірқатар деректерінің құнды мәліметтерін сақтап қалған.
Әл-Идрисидің тікелей ізбасары болған Ибн Саидтың (ХІІІ ғ.) «Жеті климат туралы» шығармасы бұрынғы деректерге едәуір тәуелді екеніне қарамастан, Еділ бойы мен Орта Азияның ХІІІ ғ. ортасына дейінгі тарихи географиясын зерттеу үшін назар аударарлық. Қыпшақтар мен кумандар туралы, олардың қоныстануы, қалалық қоныстары мен діні туралы қызықты мәліметтер жеткілікті.
Тарихшы және географ Закария әл-Казвинидің (ХІІІ ғ.) «Аджаиб әл-махлукат» («Жан-жануарлар кереметтері») және «Асар әл-билад» («Қалалар ескерткіштері») деген тарихи-географиялық еңбектері әр түрлі жарық көздері, жердің жеті климаты, теңіздер, өзендер, таулар, минералдар, өсімдіктер мен жануарлар туралы нақты материалдарға бай. Сонымен бірге оларда Қазақстан аумағында ІХ-Х ғғ. мекендеген оғыздар, қарлұқтар, жікілдер, кимектер туралы тарихи-этнографиялық маңызды деректер келтірілген.
Сириялық әл-Димашки «Нухбат әд-дахр фи аджаиб әл-барр уә-л-бахр» («Құрғақтағы және теңіздегі уақыт пен ғажайыптардың таңдаулылары») деген космографиялық еңбегі едәуір дәрежеде ІХ-ХІ ғғ. араб авторларының дәстүрлі бағыттағы шығармаларына негізделген. Сонымен бірге онда түркі халықтары және олардың орналасуы, қыпшақтардың тайпалық құрамы туралы бұрын белгісіз деректер келтіріліп, кумандар қыпшақтардың этникалық компоненттерінің бірі деп көрсетілген.
ХІІІ ғ. сириялық ғалым әл-Якут «Муджам әл-бұлдан» («Елдер тізбесі») деген географиялық түсіндірме сөздік жасады. Онда мұсылмандар тобының, оның шегінен алыс жатқан жерлердегі халықтардың географиясы, тарихы, лингвистикасы, фольклоры, мәдениеті жөніндегі автор білетін мәліметтердің бәрі қамтылды. Әл-Якуттың Қазақстан мен оған шектес жерлердің ХІІІ ғ. басына дейінгі көшпелі түркі тайпалары туралы деректері едәуір толық. Сөздікте сондай-ақ монғол шапқыншылығы, монғол әскерлерінің қыпшақтар, аландар, бұлғарлар және Саксин аймағы арқылы жүріп өтуі келтірілген.
Месопотамияда туған көрнекті араб тарихшысы Ибн әл-Асир бірқатар тарихи-библиографиялық еңбектер, соның ішінде «Әл-камил фи-т-тарих» («Тарихтың толық суреттемесі») деген тарихи хроника жазған, онда монғол шапқыншылығын қоса алғанға дейінгі мұсылман дүниесінің тарихы баяндалған. Ғалым орасан зор нақты материалдар жинақтап, бізге дейін сақталмаған жазбаша деректерді пайдаланған және Араб халифатының, Саманилердің, Қарахандардың, Хорезмшахтардың, қарақытайлардың саяси тарихын егжей-тегжейлі суреттеген. Ертедегі түріктер, қарлұқтар, оғыздар, қыпшақтар жөніндегі саяси, этникалық, этнографиялық және мәдени сипаттағы деректердің Қазақстан тарихы үшін зор маңызы бар. Ол өз заманындағы оқиғалар ретінде монғол шапқыншылығының жойқын зардаптарын суреттегеп, 1232-жылға дейінгі саяси оқиғаларды баяндайды.
Хорезмнен шыққан араб тілді тарихшы ән-Насавидың «Сират ас-султан Жалал ад-Дин Манкубирти» («Жалал ад-Дин Манкубирти сұлтанның өмірбаяны») деп аталатын шығармасы монғол шапқыншылығы қарсаңындағы Хорезмшахтар мемлекетіндегі оқиғаларға арналған. Еңбекте Қазақстан даласы қыпшақтарының Хорезммен бейбіт қатынастары мен қарулы қақтығысының фактілері көрсетілген, сондай-ақ қыпшақ қоғамының ішкі құрылымы туралы бірсыпыра деректер келтірілген.
Билік басына мәмлүктер (қыпшақтар) әулетінің келуі және олардың Алтын Ордамен байланыстарының жандануы себепті XIV-XV ғғ. Мысырда тарихи әдебиеттің едәуір дамығандығы байқалды. Әкімшілік мақсаттары үшін іргелі энциклопедиялар жасалды, оларға түрік әулеттері, халықтары және елдері туралы тарихи-географиялық деректер енгізілді. Мысырда қыпшақтан шыққан сұлтан Рукн ад-дин Бейбарыстың (1260-1277 жж.) өмірбаянына арнап, оның хатшысы Әбді әз-Захир жазған тарихи еңбек ХІІІ ғ. пайда болды. Өмірбаяндық шығармада Алтын Ордамен өзара қатынастар туралы мәліметтер келтіріледі, Қырымнан Еділге дейінгі қысқаша жол нұсқасы беріледі, сол кезде-ақ Дешті Қыпшақтан шыққандар көп тұратын Қырым халқының тайпалық құрамы, Алтын Ордадағы діни және идеологиялық жағдай туралы хабарланады.
«Әдеп тәртіптері жөніндегі тілектер шегі» деген энциклопедиялық жинақ тарихшы ән-Нувайридің (XIV ғ.) қаламынан туған. Энциклопедия 5 бөлімге бөлінеді, олардың соңғысы тарихқа арналған және бүкіл еңбектің жартысын алады деуге болады. Тарих бөлігі негізінен құрастырма, тек соңғы жылдар хроникасы ғана түпнұсқа сипатында, баяндау 1331-жылға дейін жеткізілген. Автор түрік халықтары туралы тарихи-этнографиялық деректер келтіреді, «Қыпшақтар елін» қысқаша сипаттап, қыпшақ рулары арасындағы өзара қырқыс туралы хабарлайды, қыпшақ тайпаларының тізімін келтіреді.
XIV ғ. саяхатшы әл-Омари жазған «Масалик әл-абсар фи-мамалик әл-амсар» («Қалалардың иеліктері жөніндегі шолу жолдары») деген маңызды географиялық шығарманың деректік маңызы аз емес. Оның тарихи бөлімдерінде кездесетін монғол шапқыншылығының зардаптарын суреттеу Қазақстан мен Орта Азия халықтарының өмірі, Жетісудағы қалалар мен сауда жолдары, қыпшақтардың орналасуы мен этнографиялық ерекшеліктері туралы мәліметтерді толықтырады. Әл-Омари монғол-татарлардың қыпшақтар арасына сіңісіп кету үрдісін баяндайды. Бұл тарихи факт тарихи қалыптасқан қыпшақ қауымының монғол дәстүрін жеңіп шығып, ХІІІ ғ. аяғы – XIV ғ. басында қайта көрінгенін көрсетеді. Монғол шапқыншылығының Орта Азия, Еділ бойы мен Кавказ үшін зардаптары туралы, Дешті Қыпшақтың қалалары мен сауда жолдары, қыпшақтардың орналасуы, олардың әдет-ғұрыптары туралы мәліметтер едәуір ынта-ықылас туғызады.
4. Кейінгі орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы туралы араб деректері. Соңғы орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы үшін араб тілді деректер парсы және түркі тілді тарихнамаға қарағанда онша маңызы емес. Дегенмен, бізге қажет нақты мәліметтер белгілі бір дәрежеде айтылатын бірқатар араб тілді туындыларды көрсетіп өтуге болады.
XIV ғ. басында белгілі филолог, тарихшы және саяхатшы Жамал Қарши жазған «Мулхакат ас-сурах» («Ас-сурах сөздігіне қосымша») деген тарихи шығармада Алмалықтағы түрік әулеті туралы егжей-тегжейлі мәліметтер келтіріледі. Монғол хандары мен олардың серіктері туралы қызықты деректер кездеседі. «Мулкахат ас-сурахта» XV-XVI ғғ. кейінгі авторлар Моғолстан халқын атаған «жете» термині бірінші рет айтылады.
Сол дәуірде жалпы түрік ортасында болған шаруашылық, әлеуметтік, этникалық және мәдени-тұрмыстық сипаттағы көптеген қыпшақ терминдері мен лексикалық айналымдар арабша түсіндірілетін немесе тура аударылып келтірілетін лингвистикалық еңбектер ерекше түпнұсқа деректер болып табылады. Бұл топтағы туындылардан 1245-жылы Мысырда құрастырылған «Китаб маджму тарджуман түрки ва аджамива мугули ва фарси» («Түрік, араб емес, монғол және парсы түсіндірме сөздері жинағының кітабы») сөздігін атап көрсеткен жөн. Оның негізіне қыпшақ тілі алынған. Авторы беймәлім сөздікте «үйсіз», «кезбе», «қуылған» деген мағынада, яғни этникалық емес, әлеуметтік сипаттағы «қазақ» термині тұңғыш рет айтылады.
Атақты саяхатшы Ибн Баттутаның (1304-1377) жол жазбалары – Дешті Қыпшақ тарихы жөніндегі маңызды деректердің бірі. Ол 24 жыл (1325-1349) саяхат жасап, Мысырда, Палестинада, Сирияда, Иракта, Үндістанда, Бенгалияда, Цейлонда, Қытайда, Ауғанстанда, Орталық Африкада болған. Ибн Баттутаның саяхаты суреттелген «Тухфат ан-нуззар фи ғараиб әл-амсар ва аджаиб әл-афсар» («Қалалардың ғажайыптары мен саяхат кереметтерін аңғаратындарға сыйлық») іс жүзінде оның шығармасы емес, оның әңгімелеріне 1356-жылы әл-Калби жасаған әдеби өңдеу болып табылады. Ибн Баттутаның Қырым арқылы Солтүстік Кавказ далаларына, Еділ Бұлғариясы мен Алтын Ордаға және сол жерден Хиуаға, Бұхара мен Ауғанстанға сапарын суреттеуінде құнды материал бар. Ғалым Астраханьнан Константинопольге барған, содан соң Алтын Ордаға қайтып келіп, хан ордасы Сарайда болған, Алтын Ордадағы халықтың күнделікті тұрмысының көріністері, әлеуметтік құрылыс, шаруашылық, сауда жолдары, даладағы қоныстар мен қалалар және түркі халықтарының тарихына қатысты өзге де мәліметтері ерекше құнды.
Ибн Халдун (XIV-XV ғғ.) аса көрнекті араб тарихшылары қатарына жатады. Оның үш кітаптан тұратын «Өсиеттер мен ғибратты үлгілер кітабы» деген тарихи еңбегінің екінші кітабында мұсылмандардың шығыстағы мемлекеттерінің, соның ішінде Таяу Шығыс пен Орта Азияда билік еткен Қарахандар, Салжұқтар, Хорезмшахтар, Мәмлүктер, монғол әулеттері мемлекеттерінің тарихы баяндалады. Ибн Халдунның еңбегінде оғыздардың, қарлұқтардың, кимектердің, қыпшақтардың ерте ортағасырлық тарихы жөнінде де нақтылы материалдар кездеседі.
Араб тарихшысы әрі әдебиетшісі Ибн Арабшах (XV ғ.) «Абжаиб әл-макдир фи наваиб Тимур» («Темір жасаған қасіреттердегі алдын алу кереметтері») деген еңбегінде Темір өмірінің түрлі кезеңдерін қадағалай отырып, әр түрлі елдер мен халықтар, соның ішінде Қазақстан туралы көптеген маңызды мәліметтерді хабарлайды. Көптеген жағдайларда көзбен көргендердің әсерлеріне негізделген бұл мәліметтердің құндылығы зор.
Салоникиде туған түрік тарихшысы Мунаджжим-баши (XVII ғ.) «Жами ад-дувал» («Әулеттер жинағы») деген елеулі шығармасында араб, парсы және түрік тілдеріндегі деректерді кең көлемде пайдалана отырып, 1672-жылға дейінгі оқиғалардың тарихын қамтыған. Кітапта Алтын Орданың дәуірі, мұсылман әулеттері, орта ғасырлардағы мемлекеттер мен XIV-XV ғғ. Қазақстанның тарихи географиясы туралы маңызды материал бар.
Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы туралы араб деректері авторларының көпшілігі өз баяндауларында бір-біріне байланысты екенін, кейде неғұрлым кейінгі авторлар өз мәліметтерін алдыңғы жазбаша деректерден алып, мұны еш жерде ескертпейтіндігін айтып өту керек. Ортағасырлық Шығыс авторлары құрастыру әдісін кеңінен пайдаланып, өз еңбектерінде жекелеген фактілерді анықтауда көрінеу қателіктерге ұрынады. Соған байланысты, ортағасырлық араб авторларының деректері қазіргі зерттеушілерден ыждаһатты деректанушылық жұмысты талап етеді.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
1) Арабтардың орта ғасырлардағы тарихнамасында Қазақстан мен Орта Азия аймағына ерекше назар аударылуының қандай себептері болды ?
2) Араб географтары мен саяхатшыларының еңбектеріндегі түрік тайпалары турлы мәліметтерді тарихи, географиялық, шаруашылық, т.б. сипатына қарай бөліп көрсетіңіздер.
3) Орта ғасырлардағы Қазақстан мен Орта Азия мемлекеттері арасындағы саяси қарым-қатынастардың тарихы бойынша араб авторлары еңбектерінің деректанушылық маңызы қандай ?
VI тақырып: Ортағасырлық қытай деректерінде Қазақстан
Достарыңызбен бөлісу: |