дерек.
1. Шежіренің тарихи дерек ретіндегі маңызы мен ерекшелігі.
2. Қазақ жазба шежіресі дәстүрінің қалыптасуы.
3. Қазақ шежірелеріндегі үш жүздің таратылуы.
1. Шежіренің тарихи дерек ретіндегі маңызы мен ерекшелігі. Қазақ халқының этногенезі мен этникалық тарихының мәселелерін талдап шешу үшін халық шығармашылығының ескерткіштері – шежірелер едәуір ынта-ықылас туғызады. Башқұрт генеалогиялық аңыздарын зерттеу тәжірибесінің көрсетіп отырғанындай, шежірені жазбаша деректердің мәліметтерімен салыстыру әдісі сәтті болып шығуы мүмкін. Қазақ халқының үш жүзінің генеалогиялық аңыздары халық құрамына енген әр түрлі этникалық компоненттерінің тарихы, орналасуы мән мәдениеті жөніндегі бағалы ақпарат қоймасы болып табылады. Қазақтардың шежіресін ғылыми айналымға енгізудегі негізгі қиындық оларды өңдеу мен түсіндіру әдістемесін әзірлеуде жатыр.
Қазақтардың жаңа тарихының кезеңі Ресей мен Батыс Еуропа авторларының, Шығыс Қытай және мұсылман деректерімен қатар дәстүрлі қазақ деректері – шежіренің өзінде баяндалған. Қазақ шежірелерінің материалдары деректанулық талдау жасаған кезде құнды тарихи мәліметтер болып табылады. Алайда, қазақ шежірелеріне ұзақ уақыт бойы тиісінше ғылыми-зерттеушілік көңіл бөлінбей, тарих ғылымының деректанулық ізденістері шеңберінен тыс қалып келді, өйткені бел алып тұрған тоталитарлық жүйе мен идеологиялық цензура ұлттық тарихи деректерді пайдалануға тыйым салды. Кеңестік тарихнама мен деректанудың қазақтардың тарихи деректері ұмыт қалдырылған кездегі кемшілігі де осыдан шығады. Тарихшылар үшін деректердің бұл санатын ғылыми проблемалар шеңберіне енгізу қауіпсіз де болған жоқ, өйткені ғалымдарды (мысалы, Е. Бекмахановты, Ә. Марғұланды) тікелей қудалау жәйттері де болды, олар кейінгі тарихшыларды қазақтардың тарихи деректерін ғылыми талдау мен зерттеу мәселесін орағытып өтуге мәжбүр етті.
2. Қазақ жазба шежіресі дәстүрінің қалыптасуы. ХІХ ғ. 2-ші жартысы – ХХ ғ. басы қазақ жазба шежіресі дәстүрінің қалыптасу уақыты болды. Қазақтардың ауызекі шежіресінің жазбаша-библиографиялық нысанға көшуі Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Шәкерім Құдайбердиев, Нұржан Наушабаев, Құрбанғали Халид, Мұхамеджан Тынышбаев, Әлихан Бөкейханов сияқты ғалымдардың ыждаһатты шығармашылық қызметі арқасында жүзеге асты. Бұл адамдардың ауызша деректі жазбаша түрде көрсетуге ұмтылысын ұзақ уақыт бойы атадан-балаға беріліп келген қазақ шежіресінің ғылыми маңызы зор екендігімен түсіндіруге болатын сияқты. Мұхамеджан Тынышбаев былай деп жазады: «...қазақ халқының әрбір жекелеген руының генеалогиясын алдын ала зерттемейінше, сондай-ақ оның кімдермен және қандай уақытта тоқайласқанын анықтамайынша, қазақ халқының тарихи тағдырының жалпы көрінісін көзге елестету мүмкін емес».
Тарихшы Құрбанғали Халид қазақ халқы тарихын зерттеудің маңызы жөнінде былай деген: «...Орта Азия мен Шығыс Түркістанда болған оқиғалар желісін бітірген соң, қазақ ахуалы мен хандары туралы жазуға кірістім. Бұл халықтың тарихы жалпы ауызда бар. Алайда жекелеген жазба тарихтары мен естеліктері болмағандықтан, әркім әр түрлі пікір айтып, біреулер жаман ниет-арам оймен, енді біреулері тек мұқатуды мақсат еткен. Кезіндегі бағзылар тарихты анығырақ түсініктеме беруге білімдері жете тұра, оған мән бермеген. Нәтижесінде мағынасы анық ел тарихы баяндалмады. Осындай себептермен, мен бар күш-қайратымды жұмсап, жиырма жылдан астам уақыт бұл тарихқа қатысты ақпарлар мен жазба деректерді жинап, жалпы жинаған мәліметтердің қаймағын қалқып алып осы кітапты жаздым». Өз еңбегін сипаттай келіп, Құрбанғали Халид тарихтың баяндалып отырған оқиғаларға объективті және дұрыс баға беруге адалдық қажет екенін үнемі атап көрсетеді.
Шәкерім Құдайбердиев те нақ осы принциптерді басшылыққа алған, ол былай деп жазады: «Қазақтың түпкі атасының жайын білмек болып, көп уақыттан бері сол туралы естіген, білгенімді жазып алып және әр түрлі жұрттың шежіре кітаптарын оқыдым. Оқыған кітаптарымның мұсылманшасы: «Тәбіри», «Тарих ғумуми», «Тарих антшар аласлам», Нәжиб Ғасымбектің «Түрік тарихы», Әбілғазы Баһадүр хан жазған «Түрік шежіресі» және әр түрлі кітаптардан алынған сөздер, орысша кітаптан оқығаным: Радловтың ұйғыр туралы, Аристовтың түрік нәсілі туралы, дүниедегі әр түрлі жұрттың шежірелерінен орысшаға көшірген сөздері, оның ішінде түріктің ескі замандағы «Құтадғу білік», «Кошочидам» деген шежіре кітаптарының сөздері және қытайдың Юань-Шаумин деген жазушысының сөзі және араб-парсы, рум-еуропа жазушыларының сөзі және қазақтың жаңылыс айтқан өтірік аталары – бәрі сол кітапта бар. Ол кітаптағы сөздерді түгел жаза алмасам да, керектісін теріп алып, соған тура келген қазақтың ескі сөздерін қосып, бір шежіре жазамын. Ескіде қалған тиянақсыз ертегі сықылды ауыз сөз болмаса, мұнан бұрын біздің қазақ тілімен шежіре жазылған жоқ».
М. Ж. Көпеевтің тарихнамалық мұрасы жазбаша қазақ шежіресіндегі дәстүрлі бағыт болып табылады, онда батыс не шығыс авторларына сілтеме жасамайды және ауызша тарихи мәліметтер бірден-бір дерек етілген. Ол былай деп жазады: «Біздің қазақта тасқа таңба басқандай анық шежіре жоқ. Оқу мен жазудың жоқтығынан жазылған шежіре болмаған. Естігенін ұмытпайтын құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, ұқпа құлақ жандар болған. Сондай жандардың айтуымен кеудесі хат, естігені, көргені жар болған қариялар кейінгіге ауыздан-ауыз алып айтумен үлгі-өсиет қалдырған».
Бірақ, көп кешікпей бұл ұлттық тарихнамалық дәстүрлер ұмыт қалдырылды. Қазақ ғылымының жарты ғасырдан астам тарихы бойында ғылымдардың бұл авторларды жариялауға және оларға сілтеме жасауға батылы бармады. Ш. Құдайбердиевті үкімет орындары өлтірді, Ә. Бөкейханов, М. Тынышбаев қуғынға ұшыратылды, М. Ж. Көпеевтің кесенесі қиратылды, бұл – кеңестік партия органдары вандализмінің ресми фактісі, ал тарихтағы ұлттық дәстүрді жақтаушы Е. Бекмаханов сотталды. Ұлттық тарихи деректер мен оларды ғылыми зерттеу проблемаларына жақын болған С. Асфендияров, Қ. Кемеңгеровтер қуғынға ұшырады.
1980 ж. аяғы – 1990 ж. басында ғана қазақ авторларының тарих жөніндегі еңбектерін өмірге оралтып, қазақ шежірелерін жариялайтын мезгіл туды. Сөйтіп, қазақ деректерін жаңа тарихи тұжырымдар тұрғысынан қарастыратын кез келді. Қазақ шежіресі деген не? Көшпелі қоғамның дәстүрлі тарихи санасы шежіре шеңберінде қалыптасады. Ол көшпелілердің тарихи білімі құрылымындағы орталық өзек болып табылады, оның теориялық және қолданбалы маңызы тарамдалып, содан шығады. Бұл тарамдар шежіреде, біріншіден, нағыз генеалогиядан, екіншіден, құрылым құрайтын ойдан шығарылған генеалогия ғана болып табылатын ирриалдық, үшіншіден, ежелден жеткен үн, «қария сөз», «ескі сөз» – тарихи мифологиядан, сондай-ақ тарихи аңыздардан, эпикалық жырлардан – батырлар жырларынан, толғаулардан қалыптасып, тарихи білімді құрайды.
Көшпелі қоғамда тарихтың мағынасы мен мақсатын түсіну басқа өркениеттер мен халықтардағы мұндай ұғымнан ерекше. Мысалы, христиан және мұсылман дүниесінің тарихнамасында тарихи ақпарат жинақтау жүйесіндегі негізгі принцип тарихи уақыт санаты болса, көшпелілерде ол тарихи тұлға санатымен ауыстырылған. Шежіреде тарихты және тарихи оқиғаларды дараландыру өзекті мағына болып табылады. Тарихи уақыт санаты тарихи кеңістік санатынан кейінгі үшінші орынға қойылады, ал бірінші қатарға қайраткер тарихи тұлға шығарылған. Тарихи уақытты есептеу тиісінше генеалогиялық ұрпақтар мен тарихтың ең ірі оқиғаларына сәйкес жүзеге асырылады, өйткені бұл, өз кезегінде, он екі жылдық циклды жыл санау қажет етілетін ғарышнамалық түсініктерге байланысты.
Зерттеуші В. Юдиннің «далалық ауызша тарихнама деректерінің хабарларын тарихтың дәл анықталған фактілермен салыстыру далалық тарихнама деректерінің дұрыс мәліметтер хабарлайтындығын», «оларда айтылатын оқиғалардың, адамдардың көпшілігі тарихи екендігін», «мұның өзі бұл тарихнаманың беймәлім оқиғалары да, адамдары да әбден нақты деп тұжырым жасауға негіз береді» деген көзқарасы өте қызықты. XVIII-XIX ғғ. кезеңіндегі қазақтар тарихын қарастырғанда далалық деректердің мәліметтері де пайдаланылды.
Деректану тарихы мен тарихнамада қазақ шежірелерін іс жүзінде пайдалану мысалдары бар және олардың арасынан бірінші кезекте ғалымдар П. И. Рычков, А. И. Левшин, В. В. Радлов, Г. Н. Потанин, Ш. Ш. Уәлиханов, А. Н. Харузин, Н. А. Аристов және басқаларының есімдерін атау керек.
XVIII-ХIX ғғ. тарихының қазақ шежірелерінде баса көңіл бөлінген оқиғаларды хронологиялық ретімен үстіртін қарап шығуымыздың өзі ғана өткеннің көптеген егжей-тегжейіне тереңдей үңілуіне, оқиғалардың кейбір анық-қанығын нақтылауға және батыс немесе шығыс деректерінде баяндалып қойған дәуір рухын ұғынуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге онда тарихтың белгілі фактілерінің жаңа нұсқада түсіндірілуі, сол нақты мәлімет берушінің дүние танымдық жүйесіне салынуы, бәлкім, субъектизмнен ада болмауы мүмкін.
Қазақтың халық аңыздарында Тәуке ханның татулық орнатушылық қызметі дәріптеледі. Ол көптеген жылдарға созылған апатты өзара қырқыс пен қантөгісті тоқтатты, ақылдылығымен және әділдігімен барша жұртты өзіне бағынуға көндірді, күшті руларға қарсыласу үшін әлсіз рулардың басын қосты, ал күштілерін жуасытты, сөйтіп барша жұртқа ортақ қылмыстық заң жүйесін енгізді. М. Ж. Көпеевтің «Қазақ шежіресінде», сондай-ақ басқа да көптеген шежірелерде Тәуке ханның ел билеген кезі туралы көп мәліметтер келтіріледі. Ол шежірелер былай деп сыр шертеді: «Қасиетті Жәңгірден кейін Тәуке хан болды. Бұл ақылды, табанды және білімді адам еді. Халық арасында ол жөнінде оның халықты жақсы басқарғаны айтылады. Әз Тәукенің билік етуі туралы «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген сөз нақ сол кезден қалған».
Тәуке ханның генеалогиясы туралы Ш. Құдайбердиев «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресінде», Құрбанғали Халидтің, М. Тынышбаевтің шежірелерінде де жазылған.
Қазақ шежірелеріндегі материалдар XVIII ғ. 1-ші ширегінің рухы мен ахуалын қандай да болсын басқа бір деректер түрлерінен гөрі неғұрлым толық береді. «Қысқа күнде қырық шапқан» деген онша нақты емес тұжырым қалмақтар мен қазақтар арасындағы қарым-қатынастың кескілескен сипатын дәлелдейді. Қазақтардың Жетісудағы, Түркістан аймағындағы және Сырдарияның орта ағысындағы жайлауы мен кең өрісінен айырылғанын сипаттайды.
3. Қазақ шежірелеріндегі үш жүздің таратылуы. Қазақ және басқа түркі халықтарының ру құрамын тиянақты да қызықты зерттеген ғалымдардың арасында Н. А. Аристов (ХІХ ғ. 2-ші жартысы) ерекше көзге түседі. Басқа авторлар әртүрлі деректерден қазақтар жөнінде, оны әрқилы кездерде әр түрлі түркі-монғол тайпалары келіп қосылған негізгі тайпа деп ұғынып, тек «қазақ» деген сөзді ғана іздестірді: бірақ сол орайда ешкім де қазіргі қазақ руларының қайсысы бұрынғы «қазақтардың үрім-бұтағы болып табылады» деген мәселені анықтау керектігін білмеді және ешкім айналысқан да жоқ. Н. А. Аристов қазақтардың қазіргі ру құрамын талдай отырып, жеке рулардың өткені туралы бірсыпыра айтады. Алайда, қазақ халқының әрбір руының шежіресін алдын-ала білмей, сондай-ақ оның қай кездерде кімдермен араласқанын анықтап алмай, қазақ халқының тарихи тағдырының жалпы бітімін елестету мүмкін емес. Осы ретте біз жеке рулардың шежіресін рет-ретімен қысқаша айтып өткенді жөн көрдік.
Қазақтар үш жүзден: Ұлы, Орта және Кіші жүзден тұрады. Ұлы жүзге: Үйсін, (Дулат, Албан, Суан, Сарыүйсін, Шапырашты, Ошақты, Ысты, Сіргелі), Жалайыр, Қаңлы, Шанышқылы жатады. Орта жүзді: Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, Керей, Уақ құрайды. Кіші жүз құрамына негізгі үш рулық бірлестік кіреді. Олар – Байұлы, Әлімұлы және Жетіру. Байұлы он екі атадан: Адай, Алшын-Жаппас, Алаша, Байбақты, Беріш, Есентемір, Тана, Қызылқұрт, Шеркеш, Ысық, Таз, Масқар руларынан құралады. Әлімұлына Қарасақал, Қаракесек, Кете, Төртқара, Шөмекей, Шекті рулары жатады. Жетіруға: Табын, Тама, Кердері, Жағалбайлы, Керейіт, Тілеу, Рамадан рулары кіреді.
Ұлы жүз бірлестігі Жетісу жерінде, Шу және Талас, Сырдария, Іле өзендерінің кең алқаптарында ерте заманнан-ақ қалыптасқан. Орта жүз бірлестігі Сарыарқа атырабында Арғын тайпасының, Кіші жүз бірлестігі Батыс Қазақстанда Алшын тайпасының төңірегіне топтасқан. Сондықтан да бұл бірлестіктерді халық арасында «Ұлы жүз – Үйсін», «Орта жүз – Арғын», «Кіші жүз – Алшын» деп те атай береді.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
1) Шежіренің қазақ тарихының дәстүрлі деректері ретіндегі маңызын ашып көрсетіңіз және ерекшеліктерін сипаттаңыз.
2) Қазақ жазба шежіресі дәстүрінің қалыптасуы қашан басталды және оның бастауында қандай ғалымдар тұрды ?
3) Қазақ шежіресі ұлттық тарихи дерек ретінде даму барысында, оның мәліметтерінің ғылыми айналымға енгізілуінде қандай қиындықтарға ұшырады ?
4) Қазақ руларының шежіресін білу мен жалпы қазақ халқының тарихи тағдырын айқындау арасындағы маңызды байланысты көрсетіңіз.
ХІ тақырып: Қазақстанның Ресей империясының отарына
айналуы кезеңінің тарихи деректері.
1. Жаңа замандағы Қазақстан тарихы бойынша тарихи деректер кешенінің кеңеюі.
2. ХІХ ғ. әдеби шығармалар тарихи дерек ретінде.
3. ХІХ ғ. 2-ші жартысындағы қазақ зиялыларының еңбектеріндегі тарихи деректер.
4. Ресей империясының санақ материалдары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша дерек ретінде.
1. Жаңа замандағы Қазақстан тарихы бойынша тарихи деректер кешенінің кеңеюі. XVIII-ХІХ ғғ. қазақтар тарихы жөнінде жарияланған деректер мазмұны мен түрі жағынан әр түрлі болып келеді. Бірінші тобы қазақ даласы мен оған жапсарлас жатқан жерлерде болып, көзімен көргендердің жазбаларынан, қазақтар және олар қатысқан оқиғалар туралы мәліметтер бар материалдардан тұрады. Осы тұрғыдан алғанда, жоңғар билеушісі Цеван-Рабтанда болған Иван Унковскийдің жолжазба дәптеріндегі мәліметтер назар аударуға лайық. Бұдан біз қазақтардың жоңғарлар жаулап алған Жетісу жері, жоңғарлардың Ұлы жүздің рубасыларын бағындыруы туралы ақпарат аламыз. Онда ойраттар жетекшілерінің есімдері және жер-су аттары келтіріледі. Атап айтқанда, олар жаулап алған Шу, Талас, Сарысу, Хантау, Ұлытау, Арғанаты жерлері мен бірқатар қалалар: Әулиеата, Сайрам, Созақ, Құлан, Шымкент, Ташкент және басқалар бар.
Жоңғарлар қазақ жері мен халқын күйзеліске ұшыратып, халықтың бір бөлігін тұтқынға алып, Талас алқабы арқылы Сырдарияға шыққан. Босқан қазақтардың бір бөлігі Сырдарияның төменгі ағысына ығысып, бір бөлігі Самарқан жағына кетуге мәжбүр болған. Жоңғар әскерінің саны және олардың ұрыс қимылдарын жүргізу әдістері туралы деректер бар. Қарастырылып отырған деректерде жоңғарларға қарсы күрес кезеңінде қазақтар үшін ең ауыр болған, апатты 1723 жылдың бүкіл қайғы-қасіреті ашып көрсетіледі. Деректердің географиялық материалдары жоңғарлардың Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз аумағына жасаған басқыншылық жорықтарының ауқымдылығын неғұрлым нақты көзге елестетуге мүмкіндік береді және оқырмандарды жоңғар шапқыншылығына тойтарыс беру үшін барлық қазақтарды біріктіру мәселесін шешуге арналған тарихи оқиғаның – Ордабасындағы хандар, билер, батырлар және рубасылары бас қосқан кеңесінің дер кезінде және жоғары мақсатта өткізілгенін түсінуге жетелейді.
«XVIII ғасырдағы Сібір тарихының ескерткіштерінде» қазақтар туралы едәуір деректі материал бар. Қазақтар жоңғарларға қарсы күресу үшін Ресеймен одақ жасағысы келді. 1716-жылы «Қайып хан мен бүкіл Қазақ Ордасының атынан» келген қазақ елшілерінің Тобылда Сібір губернаторы М. Гагаринмен жүргізген келіссөздердің материалдары, қазақтардың жоңғарлармен 1717-жылғы Аягөз өзені маңындағы шайқасы туралы мәліметтер, Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың 1718-жылы патшаға жазған хаттары және қазақ жасақтары туралы деректер қазақтардың сол кезеңде жоңғарларға қарсы күресінің нашар ұйымдастырылу себептерін ашып береді. Бұл құжаттарда қазақтардың жауға қарсы күресте басқа да түрік халықтары арасынан одақтастар табуға ұмтылысы және қазақ жүздерінің ішкі саяси жағдайын ашып көрсететін мәліметтер бар.
Генерал-майор А. Тевкелевтің Орынбор өлкесі мен қазақ жүздері туралы «Әр түрлі қағаздары» әсіресе өлкені отарлаудың басталуына байланысты шын мәнінде бірінші дәрежелі орын алады. А. Тевкелев патша шенеуніктерінің арасында аймақтағы көптеген түрік халықтарының тұрмысын, әдет-құрпы мен құқықтық нормаларын жақсы білген беделді адам болатын. Патша мен Ресейге берілген адам ретінде ол Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарын Ресей бодандығына қабылдаудың бастауында болды, күрделі, ал кейде қауіпті де дипломатиялық міндеттерді орындады. Қызмет еткен кезеңінде оған үлкен өкілеттіктер берілді және патшаның құрметіне ие болды. Талай рет марапатталып, қызметі жоғарылады. Оның әр түрлі кезде қазақ жүздерінде болған тарихи оқиғаларға көзқарастары, белгілі бір шешім қабылдауы, болған оқиғаны бағалауы XVIII ғ. қазақтардың, башқұрттардың, Еділ бойы халықтарының тарихын қарастырған кезде ерекше құнды.
Деректердің екінші тобын құжаттар мен материалдар жинақтары – «XVI-XVIII ғғ. қазақ-орыс қатынастары» және «XVIII-ХІХ ғғ. қазақ-орыс қатынастары» құрайды. Кеңестік кезеңде жарияланған жинақтарда Кіші жүз бен Орта жүзді Ресейге қосудың басталуына, бұл үрдістің барысы мен дамуына, оған қазақ хандарының қатысуына, А. Тевкелевтің және Орта жүздегі Абылайдың ордасына башқұрттар елшілігінің қызметіне, Абылайдың 1771-жылы хан атағын алуына қатысты материал бар.
Бірқатар мәліметтер қазақ хандарының Е. Пугачевпен келіссөздер жүргізуге, ал қазақ жасақтарының Орынбор мен басқа да бекіністерді қоршауға қатысқанын дәлелдейді.
Тұтас алғанда, жинақтарды шығарушылардың алдында Ресей империясына қазақтардың өз еркімен қосылғандығын, ал ең бастысы – бұл үрдістің прогресшілдігін дәлелдеу, яғни кеңестік өмір шындығының көптеген онжылдықтар бойы тарихнамада санаға сіңіріліп келген идеяларын деректер арқылы негіздеу мақсаты тұрғанын айта кеткен жөн. Алайда жинақтардың материалдарына сын көзбен қараған жағдайда, зерттеушілер өлкені отарлаудың басталуы мен барысы, қазақ қоғамының тұрмыс-тіршілігіне империя енгізген саяси, шаруашылық және құқықтық өзгерістер туралы алуан түрлі мәліметтер алады.
Ресми деректердің үшінші тобы – 1731-жылдан бастап Қазақстанның Ресейге қосылу үрдісімен тікелей байланысты материалдар, негізінен алғанда патша өкіметінің заң актілері, қазақ даласында болып кеткен ресми адамдардың хабарламалары мен лауазымды адамдар, ақсақалдар, билер жазған құжаттар. Деректердің бұл тобын мынадай бөлімдер бойынша жүйелеуге болады: Қазақстан Ресейге қосылған кезден бастап қазақ хандары мен патша үкіметінің өзара қатынастары; шекаралық соттар мен жазалаудың ұйымдастырылуы; ХІХ ғ. 60-шы жылдарындағы реформаға дейін Сібір ведомствосының қазақтарын басқару; 1867-жылдан бастап Жетісу және Сырдария облыстарын басқару; 1868-жылдан бастап Дала облыстарын басқару; 1886-жылдан бастап Түркістан өлкесін басқару; 1891-жылдан бастап Дала генерал-губернаторлығын басқару. Сонымен бірге 1822-жылғы «Сібір қазақтары туралы жарғы», 1844-жылғы «Орынбор қазақтарын басқару туралы ереже», 1867-1868 жж. «Уақытша ережелер», 1886 және 1891 жылдардағы ережелер жатады. Оқырмандар бұл деректерден XVIII-XIX ғғ. бойында қазақ даласында болған әлеуметтік-саяси сипаттағы барлық өзгерістер туралы мағлұмат алады. Бұл топқа XVIII-XIX ғғ. шебінде қазақ даласы өмірінде болған әр түрлі оқиғаларды көрсететін, жеке кітап етіп шығарылған құжаттар жатады, өкінішке қарай, ол кітап алғаш көп томдық болып жоспарланған басылым томдарының бірі болып қалды. Қазақстан тарихы (1785-1828) жөніндегі аталған жинақта Кіші жүз қазақтарының Сырым Датов басшылық еткен ірі бой көрсетуі туралы едәуір материалдар бар. Көтерілістің себептері, оның өрістеуі, ол жөнінде патша әкімшілігі тарапынан жасалған әрекеттер және нәтижелері туралы деректер оның қаншалықты құлаш жайғанын, әлеуметтік бағытын және сәтсіздікке ұшырау себептерін көрсетеді. Деректер шаруалардың бой көрсетулеріне тән белгілер – стихиялылығы мен ұйымдаспағандығын, күрестің айқын мақсаттары болмағандығын аңғаруға көмектеседі, алайда, көзімен көргендер көтерілістің негізгі себептері Кіші жүздегі жер мәселесінің шиеленісуінде деп біледі.
Деректердің төртінші тобына Қазақстан мен Сібір аумағына әзірленген маршруттар бойынша ғылымды жан-жақты біліммен және мәліметтермен байытқан, Ресейге қаратылған өлкенің өндіргіш күштері мен экономикасын зерттеуге зор көмек көрсеткен, сондай-ақ XVIII ғ. қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси құрылымы туралы құнды мәліметтер әкелген 1768-1774 жж. академиялық экспедициялардың нәтижелері жатады.
Кейінірек КСРО Ғылым академиясы мұрағатының басылымдарында шыққан материалдар олардың сипаты, зерттеулер қамтыған аудандардың басшы құрамы туралы мағлұматты көп жағынан толықтыра түседі. Онда сол экспедицияларға қатысушылар еңбектерінің толық тізімі жарияланған.
ХХ ғ. 80-ші жылдарында деректі құжаттар Қазақстанның Қытаймен өзара қатынастарын көрсететін бірқатар жинақтармен толықты, оларда қытай және түрік тілдерінен аударылған мәтіндер келтірілген. Көлемді жинақтардың бірі «Цин империясы және қазақ хандықтары. XVIII ғ. 2-ші жартысы – ХІХ ғ. алғашқы үштен бірі. 1-2 бөлім» деген атаумен шықты. Құжаттар мен материалдар жинағы Абылай хан мен оның ұрпақтарының қызметі туралы тарихи мәліметтерді толықтыра түседі, қазақ-қытай қатынастарының алуан түрлі болғанын көрсетеді.
2. ХІХ ғ. әдеби шығармалар тарихи дерек ретінде. Қазақ ауыз әдебиетінің туындылары тарих үшін бірегей дерек болып табылады. Олар кейінгі ұрпақтарды өткен дәуірдің небір қанық суреттерімен байытады және қазақтардың қоршаған ортамен сырт көзге байқала бермейтін ішкі байланыстарын байқауға мүмкіндік береді, қоғам дамуының біртұтас үрдісінде олардың атқаратын рөлін анықтауға жәрдемдеседі.
ХІХ ғ. әйгілі айтыстарға қатысушы, тарихтың және заманының асқан білгірлерінің бірі ретінде белгілі Дулат Бабатаев (1802-1874) аса көрнекті ақын саналды. Оның шығармалары қазақ еліне кең таралды, дарынды ақын әлеуметтік қайшылықтарды батыл ашып көрсетті және әркімнің қоғамдағы өз орнын сын көзбен ой елегінен өткізуге шақырды.
Қазақ даласына кеңінен мәлім ақын Шортанбай Қанаевтың (1819-1881) шығармаларына жуырдағы кезге дейін қарама-қарсы сипаттама беріліп келді. ХІХ ғ. 70-жылдарында Қазан қаласында «Бала зары» деген атаумен талай рет басып шығарылу фактісі оның туындыларының тарихи маңыздылығы мен мазмұнының терең мағыналығын көрсетеді.
Қазақтардың поэтикалық шығармашылығында терең із қалдырған және Исатай Тайманов бастаған шаруалар қозғалысының тарихын басынан бастап аяғына дейін бейнелеген, оның қозғалысының жаршысы және жалынды үгітшісі болған Махамбет Өтемісов (1804-1846) ХІХ ғ. 1-ші жартысындағы жарқын тұлғалардың бірі болып табылады. Оның туындыларында бейнеленген нақты өмір шындығы мұрағат құжаттарымен тексерілген және олар – оқиғаларды көзбен көріп әрі белсене араласқандар жасаған құнды тарихи дерек. Негізінен оның туындылары – поэтикалық түрде 1836-1838 жж. Бөкей Ордасы қазақтарының азаттық күресінің барлық кезеңдері айтылған нақты материал. Шернияз Жарылғасов (1806-1867) Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісовтың көтерілісіне белсене қатысқан замандасы болды. Оның өлеңдерінен көтерілістен кейінгі кезеңдегі әр түрлі әлеуметтік топтардың өзара қатынастары туралы, халық бұқарасы бой көрсетуінің жеңіліс табуына әкеп соққан күштердің орналасуы туралы мәліметтер алуға болады.
Патша езушілеріне қарсы шаруалардың бой көрсетулерінің себептерін ой елегінен өткізудің және бұл наразылықтардың ішкі серпілісін ашып көрсетудің поэтикалық жалғасы 1852-1853 жж. Орынбор-Ақтөбе аймағындағы оқиғаларға арналған «Бекет туралы аңыз» және «Исатай-Махамбет» деген тарихи дастандар болды. Бірінші жағдайда көтерілісті Есет пен Бекет басқарған; қарулы аттаныс 1858-жылға дейін жалғасқан. Бекет тұтқынға алынып, Сібірге жер аударылады да, Есет жеңілістен кейін өкімет орындарымен татуласып кетеді. Екінші дастанды шығарушы – Ығылман Шөреков, ол Бөкей Ордасындағы 1836-1837 жж. көтеріліс оқиғаларын терең зерттеп, бұл көтерілістің себептерін (шаруаларды жерден айыру мен шамадан тыс салық, Жәңгір ханның алымдары) ашып көрсетуге тырысқан.
3. ХІХ ғ. 2-ші жартысындағы қазақ зиялыларының еңбектеріндегі тарихи деректер. ХІХ ғасыр қазақтардың мәдени өміріндегі түбірлі өзгерістермен ерекше болды. ХІХ ғ. 1-ші жартысында Орынбор мен Омбыда кадет корпустары ашылып, оларға қазақ шонжарларының балалары қабылданды. XVIII ғ. соңғы ширегінде жұмыс істеген азиялық мектептер қатарына хатшылар мен тілмаштар даярлайтын арнаулы мектептер, зайырлы мектептер, қалалық училищелер, орыс-қазақ мектептері қосылды. Еуропалық үлгіге жақындатылған бұл оқу орындарында білім алған жастар кейін өз білімін қазақ қоғамы өмірін жақсарту ісіне барынша қолдануға ұмтылды. Оларды қоғам өмірінің арнаулы-саяси және шаруашылық жақтары ғана толғантып қойған жоқ, олар айналадағы қызметті ғылыми тұрғыдан ұғынуға өз үлестерін қосуға ұмтылды. Сондықтан зиялылардың жаңа ұрпағының, қазақ қоғамының өз топырағынан шыққан, онымен нақты тұрмыс арқылы етене байланысты аса көрнекті өкілдерінің шығармашылық мұрасы ХІХ ғ. деректануға ірі үлес болып қосылды. Бұл ең алдымен Ш. Уәлихановтың (1835-1865 жж.) туындыларына қатысты. Оның еңбектерінде Қазақстанның, Орта Азия мен Шығыс Түркістан халықтарының тарихына терең ынта-ықылас білдіргені байқалады. Олардан қазақ және қырғыз халықтарының шыққан тегі, қазақ қоғамының әлеуметтік және саяси құрылысы, қазақ халқының жоңғар агрессиясына қарсы азаттық күресі, Қазақстанның Ресейге қосылуы мәселелері жөнінде әмбебап мәліметтер алуға және патша өкіметінің қазақ даласына орнығу жолындағы саясатына оның нақты, белсенді көзқарасын аңғаруға болады. Ш. Уәлиханов еңбектерінің осы қасиеттері олардың қазақ ғалымдарының: филологтардың, философтардың, заңгерлердің, экономистердің, тарихшылардың және жаратылыстану ғылымы өкілдерінің зерттеулеріндегі деректанулық сипатын анықтап берді.
Ірі қайраткерлердің тобын Ы. Алтынсарин, М. Бабажанов, Қ. Халид, С. Жантөрин, Т. Сейдалин және басқалардың есімдері жалғастырады. Олардың әр түрлі басылымдар мен мерзімді баспасөзде жарияланған еңбектері қазақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуының ерекшеліктерін, ойлау үлгісі мен кәсібін бейнелейді. ХІХ ғ. 2-ші жартысындағы алдыңғы қатарлы адамдардың шығармашылық мұрасында Абай Құнанбаевтың еңбектері ерекше орын алады. Оның туындылары және оларға өзек болған мәселелер ауқымы – орыстың демократиялық мәдениетінің, ал сол арқылы дүниежүзілік мәдениеттің жан-жақты ықпалын бастан кешіруші қазақ әлеуметтік топтары рухани өмірінің аса бай көзі. Абайдың поэтикалық шығармаларынан басқа, тарихи тақырыптағы «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» деген бірқатар туындылары бар. «Қара сөздерінде» автор тарихи тақырыпқа талай рет соғады. Абай Құнанбаевтың шығармашылығы қазақ халқы рухани мәдениетінің баға жетпес ескерткіші және зерттеушілер үшін бағалы дерек көзі болып табылады.
4. Ресей империясының санақ материалдары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша дерек ретінде. ХІХ-ХХ ғғ. шебінде қазақтардың шаруашылығы жөнінде мәліметтер бар деректі жарияланымдар пайда болды. Бұлар – қазақ қоғамының мал шаруашылығы, тұрмысы, әлеуметтік құрылымы туралы мол санақ материалдары бар жинақтар, ең алдымен 1896-1900 жж. Дала өлкесінде жұмыс істеген санақшы Ф. А. Щербина басшылық еткен арнаулы экспедицияның материалдары. Экспедицияның міндеті көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтарға қажетті жер көлемін белгілеу және оның қоныстандыру қорына алынатын көлемін анықтау болатын. Щербина зерттеуінің саяси бағыты әбден айқын, бірақ оның материалдары қазіргі күндерде де өз құндылығын жойған жоқ.
Самодержавиенің аграрлық мәселені шешудегі, сондай-ақ далада жерді межелеу жөніндегі қоныс аудару қозғалысы мен отаршылдық саясаты К. К. Пален ревизиясының есептерінде көрініс тапқан. 1907-1910 жж. қоныс аудару басқармасы Жетісу облысының 138 989 қазақ және 2 700 қоныс аударушылар шаруашылықтарына тексеру жүргізді, оны П. П. Румянцев басшылық еткен экспедиция жүргізген еді. Қазақ қоғамы өмірінің кейбір әлеуметтік-экономикалық жақтары басқа да халықшылдар өкілдерінің еңбектерінде көрсетілген. Олардың мүдделерін айқын білдіруші болған В. И. Семевскийдің зерттеулерінен Сібірдің алтын өндіретін кәсіпорындарындағы қазақтардың жағдайы туралы мағлұматтар табуға болады. Семевскийдің еңбектеріндегі және кен округтерін басқарған инспекторлар А. Сборовскийдің, В. Коцовскийдің, В. Павловскийдің очерктеріндегі жұмысшылардың саны және олардың еңбек жағдайлары туралы нақты материал тарихшылар үшін құнды деректер болып табылады.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
1) Жаңа замандағы Қазақстан тарихы бойынша тарихи деректер мазмұны мен сипаты жағынан қандай түрлерге бөлінеді?
2) ХІХ ғасырдың әдеби шығармаларынан қазақ тарихында орын алған қандай келеңсіз құбылыстар туралы мәліметтер алуға болады?
3) Қазақ ғалымы Ш. Уәлихановтың еңбектерінің тарихи деректанушылық сипатын анықтаңыз.
4) ХІХ ғ. аяғы – ХХ ғ. басындағы санақ материалдарынан қазақтардың өміріндегі қандай әлеуметтік-экономикалық өзгерістер туралы байқалады?
ХІІ тақырып: ХІХ ғ. – ХХ ғ. басындағы қазақ халқының ұлт-азаттық
Достарыңызбен бөлісу: |