Қазақ отбасында ұлттық тәрбиенің негізі – халықтық педагогика болғандықтан, баланы ұлттық салт-дәстүрлер аясында тәрбиелегенін кәрі тарих та дәлелдеп береді. Яғни, құрсақ тойы, шілдехана, сүйінші, қырқынан шығару, бесік тойы, тұсау кесер, сүндетке отырғызу тағы басқа салт-жоралғылар қатаң ұсталып, басшылыққа алынып отырған. Бұлардың ұлттық ерекшеліктері мен тәрбие негіздері бар. Халқымыздың тәлім-тәрбие беретін әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері мәдени құндылықтарымыздың ажырамас бір бөлігі болып табылады.
Қазақстанда ұлттық мерекеміз Наурыздың өзінен жастардың алар өнегесі мол. Құяр сағасы ұрпағының тәрбиесін ұлттық тәліммен ұштастыра білу.. Қазақ халқының ұлттық мейрамдарында айтылатын өлең-жырларға дейін адамға жақсылық, қайырым жасау, табиғатқа, жан-жануарларға сөз құдiретiмен оң ықпал ету көзделгендігін көреміз. Батырлар жырлары мен лиро-эпостық жырларда, ертегiнiң түрлерiнде де көзделетiн мақсат келер ұрпақты батыр, қырағы, алғыр азамат етiп тәрбиелеу.
Жастарға балбөбек кезінде ұлттық тәрбиені сіңіру тиімдірек. Бала шыбық тәрізді, қайдан жарық шықса, соған қарай бұрылып өседі. Оған қоса, балаға әсер ететін тартымды әуен екенін ескеріп, ұлттық аспаптармен орындалатын әндерді, күйлерді ақырын ғана қосып қойып, санасына әсер ететіндей, құлағын үйрете берген дұрыс. Әр түрлі ою-өрнектермен әшкейленген суретті кітапшаларды халықтық музыка әуенімен біртіндеп ашып, көзін жаттықтыра беру керек. Халық жырауларының термелерін, ертегілерді тыңдату – бала бойына патриоттық сезімін ұялататын бірден-бір тәсіл болмақ. Жас балаларға және ата-аналарға арнап республика көлемінде көп таралыммен халықтың ата-мұрасынан қалған құнды ертегілер, мақал-мәтелдер жалпы ауыз әдебиеті үлгілерін бала сана-сезіміне лайықтап, қалыптасқан шығармаларды сұрыптап шағын кітапшалар етіп шығару қажет. Бала тәрбиесіне жіті көңіл бөліп, әр жас ерекшелігіне қарай білім берумен сабақтастырған орынды деп ойлаймын. Ол дегеніміз бала дүниеге келгенде бесікке бөлеп, бесік жырымен сусындатудан басталғаны абзал. Өйткені, ананың әлдиіне жететін әдемі ән әлемде жоқ. Балаға жасына сай жұмбақ шешкізіп, батырлық жырларды жаттатқызып, жан-дүниесіне жақын мамандыққа қарай икемдеуге септігін тигізер болсақ, болашағынан үлкен үміт күттірер, өз елінің болашағын ойлар азамат тәрбиелеген болар едік.
Мектеп жасына дейінгі мекемелердегі ұлттық тəрбиенің бала өміріндегі маңызына байланысты келесі жұмыстар түрлері қолданылады:
Қазақ тілі — тіл үйрету барысына əрбір сабақта ойын түрлерін жəне өзара сөйлесу үлгілерін қолданған дұрыс. Сабақ барысында ойын элементтерін дидактикалық материал ретінде пайдаланудың пайдасы бар. Ойын арқылы баланың бойына адамгершілік қасиеттерін, өмірге құштарлығын қалыптастыруға болады.
Ұлттық ойындар — сабақ өткізгенде бірінші орынға ойын жəне ойын түрлері қойылады. Ойын — балалар өмірінің нəрі, яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғышарты жəне халықтың салтын үйренуде, табиғат құбылыстарын тануда олардың көру, есту, сезу қабілеттерін, зейінділікпен дамыту. Ойын арқылы балалар қоғамды тəжірибені меңгереді, өзінің психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады. Ойын баланың жан-жақты дамуын көздейтін, оның тілін жаттықтыратын, қимыл-қозғалысын жетілдіретін, белсенділігін арттыратын, басқа адамдармен қарым-қатынасын реттеп, құрдастарымен ұйымшылдығын арттыруға негіз болып табылады. Халқымыздың тарихи-мəдени мұраларының түрлері өте көп. Солардын қай-қайсы да адам игілігіне қызмет етуге бағытталған. Сондай аса құнды мəдени игіліктердің бірі ұлттық ойындар болып табылады. Қазақтың ұлттық ойындары ерлікті, батылдылықты, дененің шынығуын қажет етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |