Қазақ отбасы тәрбиесінің өзіне тән ерекшеліктері оның халықтық педагогика мұраларының мазмұны мен түрлерінде бейнеленген. Көне заманнан-ақ қазақ халқында жазбаша педагогикалық еңбек жазып қалдырмаса да білгір педагогтар, тәрбиешілер, ұстаздар болған. Олар өз көзқарастары мен әрекеттерінде белгілі бір дәстүрлі дүниетанымды ұстанып, халықтың мұраттары мен арман тілектеріне сүйеніп отырған.
Қазақ отбасында дене, еңбек, ақыл-ой, адамгершілік, экономикалық, экологиялық, құқықтық, сұлулық тәрбиелері жүргізілген. Қазақ отбасында аталған тәрбие түрлерін жүзеге асырудың мақсаты жан-жақты жетілген азамат тәрбиелеу болды.Отбасындағы дене тәрбиесінің мақсаты бала денесін дамыту, денсаулығын нығайту, ағзасын шынықтыру және күн тәртібін дұрыс ұйымдастыруға, салауатты өмір салтына тәрбиелеу болды.
Қазақ халқы еңбекті бүкіл тәрбие жүйесінің күретамыры деп қарастырды. Еңбекке асыл мұрат деңгейінде қарады. Еңбек тәрбиесі деп баланы еңбекке сүйіспеншілікпен, еңбек адамдарына құрметпен қарауға, халық шаруашылығының салаларындағы еңбек түрлеріне баулу, еңбек іс - әрекетінің барысында олардың дағдысы мен іскерлігін қалыптастыру, болашаққа мамандық таңдауға дайындауды түсінді. Отбасында еңбекке тәрбиелеу, баулу мен кәсіптік бағдар беру баланың қоғамға пайдалы , өнімді еңбекке тікелей қатысуы оқуға деген сапалы көзқарасты тәрбиелеудің, жеке адамды адамгершілік және зиялылық жағынан қалыптастырудың негізгі көзі болып табылады.
Қазақ отбасы баланы қоғамның моральдық нормасын орындауға қатыстыру, олардың тәртіп және мінез құлық тәжірибесін қалыптастыру, Отанға, халқына, еңбек және қоғамдық іс-әрекетке жауапкершілік сезімін тәрбиелеу арқылы адамгершілікке тәрбиелей білді.
Сондай-ақ, қазақ отбасында адам зиялылығының негізі - ақыл-ой тәрбиесі деп есептелінді. Ақыл-ой тәрбиесі арқылы баланы ойлау іс-әрекетінің шарты болатын білім қорымен қаруландыру, негізі ойлау операцияларын меңгерту, зиялылық біліктері мен дүниетанымын қалыптастыру міндеттері шешілді.
Тәрбиенің басқа да салаларымен тығыз байланысты тәрбиенің түрі экономикалық тәрбиеге де қазақ халқы ерекше мән берген. Қазақ халқы бала тәрбиелеуде экономикалық тәрбие деген ұғ,ымды пайдалабағанымен, тәрбиенің бұл түрі отбасында мақал, өсиет айту, өнеге көрсету арқылы жүзеге асқан. Мысалы, «Еңбегі қаттының ембегі тәтті», «Еңбек- өмірдің тұтқасы, тіршіліктің көзі», « Еңбек – түбі береке», «Үнемшілдік-сараңдық емес», «Ескі киімді баптағаның, жаңа киімді сақтағаның», «Сараң дүниенің малын жыйса да тоймайды» деген мақалдары дәлел бола алады. Бұл ата-бабамыздың экономикалық тәрбиенің негіздері еңбек тәрбиесінде екенін жақсы түсінгенін байқатады. Қазақ отбасында экономикалық тәрбие арқылы айырбас, бөлісу және табыс табу сияқты негізгі экономикалық қатынастарды тәжірибеде меңгеру жүзеге асты.
Қазақ халқы ежелден ұл бала мен қыз баланың тәрбиесін бөліп қараған. Ұлды мал бағуға, отын шабуға, қолөнер шеберлігіне, мал табуға, отбасын асырауға, ал қыз баланы ас пісіруге, кесте тігуге, өрмек тоқу сияқты үй ішінің ішкі жұмыстарына үйрету арқылы экономикалық тәрбиенің көзі болып табылатын үнемшілдікке, тәуекелшілдікке үндеп, сараңдыққа салынып кетуден жирендіріп отырған.
Қазақ халқының күнделікті кәсібінде, тұрмыс- тіршілігінде төрт-түлік мал бағу, аң аулап кәсіп етуді ұйымдастыруында да экономикалық тәрбиенің нышандары айқын аңғарылады.. Мәселен, «Мал өсірсең - қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деп қой малының пайдасының зор екенін ұғындырса, ешкінің өсімталдығыҚмен оның да пайдасы көп екендігін: «Есің кетсе ешкі жи, ешкі жи да, есіңді жи» деп нақты ұғымды кеңестер береді.
Тіпті, қазақ отбасы балаға ертегі арқылы да экономикалық тәрбие бере білген. Оған: «Мақта қыз бен мысық”, «Ақылды қыз бен тазша», т.с.с. ертегілер мен халық арасында кең тараған Қожанасыр туралы әзіл әңгімелерден де экономикалық құбылыстар мен оларды шешудің тиімді жолдарын аңғарамыз.
«Жеті Жарғы» заңының бір бабы «құн төлеуге арналуы және «судың да сұрауы бар» деген ата-бабаларымызды кім экономикадан хабарсыз болды дер екен.
Сол кезеңдегі қазақ теңгелерінің дүниеге келуі оның тек қана сауда айналымы үшін ғана емес, өзінің экономикасын жүргізу жолдарын ерте меңгергендігін де дәлелдейді.
Қазақ халқы экономиканың жана –табыс табу мәнін балаға түсіндіре отырып, оның таза жолмен келгені дұрыс екендігін де ескертіп отырған. Табысқа қабілеттілер, еңбекқорлар ғана жететінін, табыс табу, пайда табудан да үлкен өнер екенін жақсы түсінген. Мәселен, «Артық олжа- басқа еңбек», «Оңай олжа –тұрмас қолға», «Шығын шықпай , кіріс кірмейді», -дейді халық.
Қорыта келгенде, қазақ отбасында экономикалық тәрбие берудің мәні баланы жасынан еңбекті бағалауға, уақытты, ұтымды пайдалануға, үнемшілікке, сараңдыққа салынбауға, ұқыптылыққа, ақша, қаражатқа дұрыс көзқарас қалыптастыру, олардың қалай келетінін немесе табысты да таза еңбекпен жасауға үйрету, тәрбиелеу деуге толық негіз бар.
Достарыңызбен бөлісу: |