Қашықтықтан білім беру жүйесіне көшу – заман талабы
Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша короновирус инфекциясының алдына алу мақсатында бірқатар бірегей іс-шаралар қолға алынғаны белгілі. Сол маңызды шаралар қатарында еліміздегі жоғары оқу орындары мен колледждер қашықтықтан оқыту түріне көшірілетіні де айтылған болатын. Дәл қазіргі жағдайда колледждердің қашықтан дәріс беру жүйесіне көшуі – заман талабы болып отыр. Колледждерді қашықтықтан оқытуға ауыстыру әлемді жайлап келе жатқан короновирус індетінің таралуына тежеу үшін қабылданған нақты қадамдардың бірі екені шындық.
Бүгінгідей, әлемді, оның ішінде біздің елімізде де коронавирус індетінің қауіпі орын алған жағдайда қауіпсіздік шараларының бірі ретінде студенттерге қашықтықтан дәріс беру шын мәнінде қажетті де маңызды шара.
Осы ретте сандық оқытудың әдістері, проблемалары, нәтижелері мен болашағы туралы бағдарлар білім саласындағы әрбір маманды бей-жай қалдыра алмайды. Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыруға арналған сандық шешімдер мен сервистер саны күн сайын өсіп келеді. Мәселен, серверлік бағдарламалық қамтамасыз ету, open-source, ақылы бұлтты порталдық шешімдер, интеллектуалды корпоративтік жүйелер айырықша мазмұнға ие.
Онлайн дәріс оқытушылардың да, студенттердің де жауапкершілігін арттырып, білім беру талаптарын күшейтетіні сөзсіз. Шәкірттер қашықтықтан дәріс алу барысында бұдан бұрынғы кесте бойынша оқуды жалғастыра береді, айырмашылығы – сабақтар онлайн режимде жүргізіледі.
ІТ университетінің цифрландыруға бағытталған жаңа стратегиясы бар, біздің білім ордамызда DL платформасы қолданылады. Ал, өткен жылы енгізілген Microsoft 365 (Teams) платформасы бүгінгідей күрделі кезеңде оқытушылар мен студенттерге кідіріссіз, толыққанды онлайн оқыту режиміне көшуге мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, 16 наурыздан бастап ХАТУ-да сабақтар онлайн режимде жүргізілуде. Студенттер оқытушымен аудиторияда емес, қашықтықтан, онлайн режимде жүздеседі. Ең бастысы – студенттердің сабаққа қатысу көрсеткіші артты. 50 минуттық дәріс барысында олар жаңа тақырыптарды тыңдайды және талқылайды. практикалық тапсырмаларды орындайды, пікір алмасып, жауап береді, жазбаша материалдарын жібереді. Менің ойымша, мұндай формат сабақ сапасына да жоғары деңгейге көтереді, өйткені әрбір сабақтың үдерісі студенттің де, оқытушының да жауапкершілігін арттырады.
Қашықтықтан оқытуды енгізудің бастапқы кезеңінде оқытушылардың жүктемесі айтарлықтай өседі. Сандық оқу контентін дайындау, білім алушылардың жетістіктерін қадағалау, студенттермен тұрақты коллаборация жасау, сандық және кәсіби дағдыларды жетілдіру – дәрістік жұмыстағы негізгі бағдарлар болмақ. Бұл бағытта оқытушының рөлі мен қызметіне, кәсіби шеберлігіне талаптар күшейеді. Олар оқытудың жаңа әдістемесін дайындап қана қоймай, «қашықтықтағы» аудиторияны біліктілігімен, іскерлігімен, шешендік өнерімен баурай білуі тиіс. Аудиторияны қашықтықтан онлайн-режимде басқару, ұйымдастыру шеберлігі, қызықты, сандық мазмұнды жобаларды дайындап, білім алушылардың білімін объективті бағалау, студенттердің үлгерімін талдау және есептілікті уақытында қалыптастыру – бұлардың бәрі оқытушыларға үлкен жауапкершілік жүктейтін міндеттемелер.
– Қашықтықтан білім берудегі проблемалардың бірі – көбінесе зертханалық жағдайларда сынақ жұмыстарын жүргізудің мүмкін еместігі еді. Бұл мәселе виртуалды зертханалар арқылы шешімін тапты, олардың көмегімен студенттер тікелей байланыссыз-ақ сынақ негіздерін меңгере алады. Барлық процестер компьютер көмегімен моделденеді.
Сандық оқу контентін әзірлеу үшін университетімізде заманауи жабдықталған зертхана құрылды, онда оқытушылар өздерінің бейне-дәрістерін жаза алады. Олар бұл зертханада өз дәрістері мен оларға сілтемелерді алдын ала жүктеп қояды. Ал, бейне контенттер студенттер үшін әрдайым қолжетімді. Teams, Zoom және т. б. бағдарламалары арқылы тақырып зерделенеді, сол арқылы аудиториямен «жанды» қарым-қатынас, байланыс орнатуға болады.
Жалпы, онлайн-форматтағы сабақтар бейне-лекциядан, интерактивті дербес тапсырмалардан тұрады. Тапсырма нәтижесі – сабақ тақырыбының ашылуымен және студенттердің оған чаттар,форумдар, аудио және бейне жиналыстар арқылы тікелей белсене қатысуымен өлшенбек. Бұл онлайн курстың бір түрі. Басқа нұсқаларда ол оқу үшін міндетті мәтіндерді және қосымша әдебиеттер тізімін, өзін-өзі бағалау тапсырмаларын, оффлайн орындайтын практикалық тапсырмаларды қамтуы мүмкін. Мұндай жағдайда олар курс платформасында, бейне конференцияда немесе видеоконференцияда өз есебін жариялауы тиіс немесе «жанды» сабақ барысында тікелей трансляция жүргізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |