7-ҚОСЫМША
Бастауыш сынып мұғалімдерінің оқушыларымен жүргізілетін тәрбие жұмыстарының үлгісі (І тоқсан)
Сыныпта жүргізілетін негізгі тәрбие жұмыстары:
Сынып ұжымын қалыптастыру. Сынып ұжымында оқушылардың сыпайылыққа, әдептілікке, достыққа, бірін-бірі сыйлаушылыққа, шынайы көмек көрсетуге бағытталған ұнамды қарым-қатынас жасауға тәрбиелеу.
Оқушыларды білім алуға, кітапқа, техникаға, табиғат тануға қызығушылығын арттыруға және еңбек пен қоғамдық өмірді тани білуге тәрбиелеу.
Оқушыларды күн режимін орындатуға, денсаулығын күшейте түсуге, салауатты өмір салтын дағдыға айналдыруға үйрету, сауықтыру, дене шынықтыру, әртүрлі ойындарды орындауды әдетке айналдыру.
І. Сынып ұжымындағы ұйымдастыру жұмыстары:
1. Оқу құралдары мен оқу кітаптарының пайдалану жағдайын тексеру.
2. Оқу бұрышын толықтыру, табиғат күнделігін жасау. Табиғат күнделігі планшетін ата-аналардың біріне жасату.
3. Оқушылардың әрбір оқу ісіне, аптада болатын істерге талдау жасап, баға беруге дағдыландыру. Кезекші жұмысын қадағалап бағалау. Кездесетін жақсы істермен олқылықтарды айыра білуге көңіл аудару.
4. Өзара достық, ілтипатты қарым-қатынаста, сынып ұжымын нығайта түсуге бағытталған арнайы әңгімелер өткізу.
ІІ. Сынып ұжымындағы оқу-тәрбие жұмысы:
Оқушылармен «Сабаққа қалай дайындалу керек?», «Жақсы оқу дегеніміз не?» т.б. тақырыптарға әңгіме өткізу отырып, ойдағыдай жақсы оқитын оқушыларды үлгі ету. Оқушының қандай да болмасын білім меңгерудегі жақсы қадамдарын үнемі еске алып, атап отыру.
Бастауыш сынып оқушыларының алғашқы қадамынан бастап олардың қоғамдық жұмысқа араласып, берген тапсырмаларды ұқыпты орындауға дағдыландыру, ұдайы көмек көрсету.
Оқушылардың ой-пікірлерін кеңейте түсу мақсатында оқу сабақтарында туған ауылы, қаласы бүтін ел жайында және шетел жаңалықтарын хабарлап отыру.
Біздің тәуелсіз республикамызда қатар өмір сүріп жатқан халықтардың әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен таныстыру.
Жылма-жыл елімізде атап өтілетін мерекелерге оқушыларды қатыстыру, дайындық жұмысын жүргізу (Наурыз мерекесі, Конституция күні, Республика күні, Тәуелсіздік күні т.б.)
ІV. Кітаппен және оқу құралдарымен жұмыс жүргізу:
Сынып ұжымы бойынша сынып кітапханасын ұйымдастыру, оған басшылық жасау.
Бүтін сынып оқушылары болып, белгілі уақытта мектеп кітапханасына баруды ұйымдастыру.
Ата-аналар және мектеп кітапханасының көмегімен сыныпта «Оқу бұрышын» ұйымдастыру.
Сыныптағы белсенді оқушылар арқылы бастауыш сынып шәкірттеріне арналған журналдар мен газеттердегі материалдар бойынша шолу жасау.
V. Дене тәрбиесі және сауықтыру жұмыстары:
1. Оқушыларға, ата-аналарға күн режимін қатаң сақтаудың пайдасын түсіндіру (сабақ және ата-аналармен кездесу кезеңдерінде).
2. Күн сайын сабақ үрдісінде сауықтыру минуттарын өткізу.
3. Күн режиміне байланысты оқу фильмдерін көрсетуді ұйымдастыру.
4. Сыныпты топтарға бөліп, табиғатқа серуендер жасауды ата-аналар активтері арқылы ұйымдастыру.
VІ. Табиғат сабақтарындағы жұмыстар:
Оқу, еңбек және айналамен танысу сабақтарында қоршаған табиғаттағы құбылыстарға оқушылардың бақылау ісін жүйелі түрде ұйымдастыру.
Ата-аналардың көмегімен күзгі және қысқы табиғат құбылыстары мен таныстыру.
VІІ. Көркем өнер тәрбиесіне арналған жұмыстар:
Оқушылардың мәнерлік оқу дағдыларын дамыту жұмысына ұдайы, үздіксіз көңіл бөлу.
Балалардың ықылыстарына сай сурет салу, қол өнері, түрлі заттар жасау, оларға көрмелер ұйымдастару.
Ата-аналармен бірлесе отырып цирктерге, театрларға, сурет галереяларына т.б. өнер ошақтарына апартуды ұйымдастыру.
VІІІ. Оқушылармен өткізілетін ойындарды ұйымдастыру:
Үзіліс кезеңдерін лайықты бірнеше ойындарды үйрету («Ұшты-ұшты», «Орамал тастамақ», «Тапшы кімнің дауысы?» т.б.).
Жоғарғы сынып оқушылары – қамқоршылары арқылы мереке күндерінде ойналатын жаңа бірнеше ойындар үйрету. Ол ойындарды дене тәрбиесі пәні мұғаліміне басқарту.
Мерекеге арналған шеру, қатарға тұру, жалауша және доп алып жүруге үйрету.
8-ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мен мемлекеттік нышандарын тәрбие жұмысында пайдалануға арналған нұсқа
І. 1-4-сыныптар:
1. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің құрылуы.
2. Біздің жаңа Заңымыз.
3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары. Туы, Ел таңбасы (герб), Әнұраны (гимн).
4. Сен және сенің құқығың.
Бірінші сынып сағатында тақырыпқа байланысты көрнекті құралдарды пайдалану. «Тәуелсіз қазақ мемлекеті қашан құрылды?», «Мемлекетімізді кім басқарады», оқушылардың жауабын таңданғаннан кейін, мемлекетті бүкіл халық болып сайланған Президент басқаратындығын айту қажет. 2-сынып сағатында мұғалім жаңа негізгі Заң Конституция жөнінде айта келіп, «Заң алдында бәрі де жауапты», «Заң адамдарды қорғайды» және «Заң», «Құқықтық тәртіп», «Құқық бұзу» сияқты ұғымдарға талдау жасап, анықтама береді.
Сондай-ақ, мемлекеттік нышандарды таныстыру кезеңдерінде суреттерін көрсете отырып, оның маңызын және нелер бейнеленгендігін түсіндіреді. Одан соң Қазақстан Республикасының туы жайында сұрақтар қойылып, анықталады. «Тудың түсі нені аңғартады?», «Тудағы күн сәулесі нені белгілейді?», «Қыран бейнесі нені бейнелейді?».
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы ортасында Шұғылалы Күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран белгіленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек нақышталған тік жолақ көктеп өтеді, күн шұғыла, қыран және өрнек бәрі де алтын түсті. Тудың түсі шығыстың көгілдір аспанын, адалдықты ізгілікті, тәуелсіздікті бейнелейді. Ал, күн өмірдің негізгі күші, мәңгіліктері, байлықты айқындайды. Қыран болса кеңістікті, билікті, күш-жігерді аңғартады.
Ел таңбасы (герб) туралы. Ел таңбасы көгілдір түс, аясында шаңырақ (кигіз үйдің жоғары күмбезі тәрізді болып) бейнеленген. Шаңырақ астында күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған, оны аңыздағы пырақтар қанаты көмкеріп тұр. Ел таңбасының төменгі жағында «Қазақстан» деген жазу бар. Мемлекеттік ел таңбасы түрлі-түсті екі таңбадан тұрады: біріншісі – алтын түстес, ал, екіншісі – көгілдір көк түсті болады. Көк түс ашық аспан мен бейбітшілікті, ал, алтын түстес байлық пен барлықты бейнелейді.
Мемлекеттік әнұраны жөнінде оқушыларды оның мәтінімен авторлармен таныстыру керек. Касета арқылы балаларға тыңдатқызады. Әнұраны айтылған кезде оқушылардың оң қолын жүрек тұсына ұстап тұрып тыңдауы. Бірінші сынып оқушылары мектеп табылдырығын алғашқы аттаған сәтінен бастап мектеп қоңырауы соғылып, мемлекеттік әнұран айтылатынын ескерту қажет. Ал 2-3-сынып оқушылары әнұраны оқу жылының басы және аяғында ойналатынын біледі. Мұғалім әнұранды қай уақытта, қандай жағдайларда орындалатынын түсіндіреді (Салтанатты мереке күндерінде, радио хабарларының басы мен аяғында, ірі сәулетті ескерткіштер ашылу барысында, лауазымды шет ел басшыларымен кездесу кездерінде т.б.).
Сен және сенің құқықтарына әңгіме өткізгенде 2-сынып сағаттары да өтілген материалды пысықтап, ондағы терминдер, оның ішінде жеке меншік құқығына түсініктеме береді. Ол сенің ата-аналарының үйі, бау-бақшасы, малы, басқа дүниелері екендігі айтылады. Жеке меншік атадан балаға мұра ретінде қалатын құқық екендігі ерекше айтылады.
ІІ. 5-8 сыныптар:
Менің Отаным – Қазақстан.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы және мемлекеттік нышандар.
Адамгершілік және этика.
Сен тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің азаматысың.
Адам құқығын қорғау деген не ?
Қазақстан – Тәуелсіз мемлекет.
Отан қорғау - әр азаматтың міндеті.
Қоршаған ортаны қорғау.
Егеменді Қазақстан Республикасының құрылуының тарихи маңызы.
Бұл тақырыптардың көпшілік дерлік тарихи деректерге байланыстылығын ескере отырып, тарихи оқу-әдістемелік материалдарды пайдаланған жөн.
Бұл сынып оқушыларының жас және психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып көрнекі құрал-жабдықтарды қолдана отырып түсіндіру өте қажет. Жоғарыдағы тақырыптарға әңгіме өткізу барысында тарихи және географиялық карталарды, оқу және бейнефильмдерді, Мемлекеттік ту, ел таңбасы және әнұранының мәтіндері бар плакаттар пайдалануы керек.
Жоғарыдағы тақырыптарды өту кезеңінде Қазақстан мемлекетін әлемдік қауымдастықтың тануы, азаматтардың саяси бостандығы, ел азаматы болу сенің міндетің, құқық пен азаматтық міндет, еліміздің табиғи байлығы мемлекет қамқорлығында; ел қорғау ісі – бүкіл халықтық мәселе сияқты өзекті пайымдауларға көңіл аудару қажет.
ІІІ. 9-11-сыныптар:
Мемлекет. Құқық. Этика.
Жаңа Конституция – ұлттық достық пен демократия кепілі.
Жаңа Конституцияны қабылдаудың себептері, оның біздің өміріміздегі ролі.
Республика азаматтарының тең құқықтығы.
Заң қағидаларын мүлтіксіз орындауда заң қызыметкерлерінің міндеттері.
Қазақстан Республикасының заң шығару және оны орындау органдары.
Қазақстан мемлекетінің ішкі және сыртқы саясаты.
Қазақстан Республикасының министрлер кабинеті және жергілікті басқару органдары.
Жоғарыдағы тақырыптар жөнінде әңгіме өткізу кезеңдерінде тарих және құқық негіздері оқулықтарын кеңінен пайдаланған жөн.
Сондай-ақ, Қазақ мемлекетінің тәуелсіз мемлекет екендігін түсіндіре отыра тәуелсіз, құқықты, зайырлы деген ұғымдарды айрықша түсіндіріп, оның мәнін аша білу керек.
Қазақ Республикасының СССР құрамында болған кезеңдегі мәнін айқындау.
30 тамыз, 1995 жылғы қабылданған Конституциядан 1993 жылғы қабылданған Конституцияның айырмашылығын айқындап түсіндіру қажет.
Жаңа Конституцияға қазақ тілі мемлекеттік тіл екендігін бекітті, ал орыс тілі, мемлекеттік тілмен қатар қолданылатындығы көрсетілген.
Жаңа Конституцияда Республика территориясының тұтастығын және оның бөлінбейтіндігін атап көрсетілген.
Жаңа Конституцияны оқып үйрену, одан алған оқушылардың білімдері азаматтық сеніммен басты міндеті болуға, республика заңдарын мүлтіксіз орындау дағдыларын қалыптастыруға көмектесу тәрбиешісінің басты міндеті.
9-ҚОСЫМША
Оқушылармен жүргізілетін тәрбие жұмысына арналған әңгімелер мен диспуттар тақырыптары
Әңгімелер:
Тәуелсіз Қазақстан – менің Отаным.
Көп ұлтты егеменді мемлекетіміздегі халықтар достығы, бірлігі, тұтастығы. Отанымыздың гүлденуі.
Адалдық және Отан алдындағы борыш.
Ардақтайық ананы.
Егеменді елдің азаматы болуға міндеттісің.
Еңбек- ел байлығы.
Нағыз және жалған достық.
Ұжым намысын қорғай білу деген не?
Мамандықтың бәрі жақсы.
Мектептегі мінез-құлық ережесі не үшін керек?
Диспуттар:
Тәуелсіз еліміздің болашағы.
Ел Президентінің 2030 – Қазақстанның даму стратегиясы.
Мәдениетті өмір салты дегенді қалай түсінесің?
Сенің болашағың неге байланысты?
Сенің идеялық ойың қандай?
Қоғам алдындағы міндетің- оны қалай түсінесің?
Жастық, мұрат деген не?
Уақытпен қатар өмір сүру деген не?
Достықты қадірлей білесің бе?
Ұжымдық еңбектің маңызы неде?
Мамандықты таңдай білудің мәні неде?
Музыканы тыңдай білесің бе?
Өмірде әрқашан ерлікке орын бар.
Бүгінгі таңда егемен елдің жастары қандай болу керек?
Кім болғың келеді, қалай болғың келеді? Бүны қалай түсінесің?
Сенің табиғатқа, оны қорғауға көзқарасың қандай?
Салауатты өмір салты дегенді қалай түсінесің?
Азаматтық экономикалық және әлеуметтік құқықтары дегенді қалай түсінесің?
Қазақстан халқы- мемлекетті басқарудың басты негізі.
Ескерту: диспутқа арналған тақырыптарды сыныпқа сай таңдап ала білу жөн.
10-ҚОСЫМША
Сыныптан тыс жүргізілетін тақырыптық кештер, сайыстар, конференциялар, көрмелер
І. Тақырыптық кештер.
Менің тәуелсіз Қазақстаным.
Ел Президентінің 2030 жылдарға арналған Қазақстанның даму стратегиясы - ел компасы.
Білімді мыңды жығар, білекті бірді жығар.
Мәдениетті адам- білімді адам.
Ел намысы- ер намысы.
Ана тілім- айбыным.
Үш бәйтерек- үш алып (Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би).
Жер байлығы- ел байлығы.
Ғарышкерлер - ұлттық мақтанышымыз.
Өз халқыңның салт- дәстүрін, жерін, елін сүй.
Наурыз- халықтық мереке.
Еңбек – ел ырысы.
Салауатты өмір салты- жастар міндеті.
«Құлақтан кіріп бойды алар...»
Табиғат ғажайып тәрбиеші.
«Адам бойындағының бәрі де: бет әлпеті де, жан дүниесі де, ақыл ойы да, киім-кешегі де әдемі болуы керек» (А.Чехов).
Даңқты ғалымдар - ел құрметтісі. (Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Е.Бекмаханов, Ә.Бектұров т.б.).
Қас-батырлар ел есінде (Б.Момышұлы, М.Ғабдулин, Т.Тоқтаров, Ә.Молдағұлова, М.Мәметова, Н.Әбдіров, Т.Бегелдинов, С.Мүткенов, М.Қайырбаев).
Жас ұрпақ – ел болашағы .
Кино өнерінің зергері (Ш.Айманов).
Қазақтың қыл қалам шеберлері (Ә.Қастеев, А.Ғаламбаева).
ІІ. Сайыстар мен диспуттар.
Өмір талабына сай болу дегенді қалай түсінесің?
Батылдық пен жүректілік дегеніміз не? Дөрекілік пен батылдықтың шегін білесің бе?
Заңнан жоғары тұратын мораль бар ма?
Өз мінез-құлқыңды қалыптастырып, қалай тәрбиелеуге болады?
«Сен де бір кірпіш дүниеде, кетігін тап та, бар қалан...».
Адамгершілік мұратына жету дегенді қалай түсінесің?
Отан үшін – от кешкендер (Алтын жұлдызды батырлар).
Еңбек эстетикасы дегенді қалай түсінесің? Еңбекті шығармашылық деп атайды, оған келісесің бе?
Салауатты өмір салты – жеке адамның ғана ісі ме?
Ар-ұжданды арқау етіп өмір сүру дегенді қалай түсінесің?
Жеке басыңның адамгершілік қасиеттерін дамыта түсу үшін:
а) өмірлік белсенділігімізді арттыру үшін кімдер және нелер мені ынталандырады?
ә) менің жақсы өмір сүруіме нелер кедергі жасайды? Ол үшін не істеуім керек?
б) жауапкершілікті өз мойныма аламын. Сен күнделікті өмірде жауапкершілікті қалай түсінесің?
Елбасы Н.Ә. Назарбаев жыл сайын «Болашақ» бағдарламасы бойынша жастарымызды шетел университеттеріне оқуға жібереді.
Сен осы бағдарлама бойынша шет елде білім алып келдің. Халықтың, Елбасының үмітін қалай ақтайсың? Келесі онжылдықта Қазақстанды өркендетіп, гүлдендіру үшін қандай үлес қосасың?
«Болашақты» алдағы уақытта мейлінше жақсарта түсу үшін өз ой-пікіріңді сарапта.
ІІІ. Конференциялар.
Тәуелсіз елдің болашағы сендерсіңдер, балалар.
Адамзаттық құндылық білімде; білім және еңбек.
Сенің құқығың, сенің міндеттерің.
Халықтың салт-дәстүрі өмір салты – тәрбие мектебі.
Тіл қадірі – ел қадірі.
Тәуелсіздіктің зор тірегі – білім.
Әдебиет әлемінің жарық жұлдыздары.
Кітап – сенің өміріңде «Кітап оқымасаң, ойлануыңда мүмкін емес».
IV. Көрмелер.
Әлем – балалар көзімен. (Балалар суреттерінің көрмесі).
Сызу – техника тілі (7-11-сынып оқушыларының «4» және «5» бағасын алған жұмыстары көрмеге қойылады).
Өнерлінің қолы алтын (балалардың мектеп шеберханасында ағаштан, темірден т.б. жасаған бұйымдарының көрмесі).
«Бармағынан бал тамған...» (оқушы қыздардың жасаған ою-өрнектері, кестелері, киім-кешек түрлері).
Оқушылардың үздіксіз шығармалары (өлең-жырлары, әндері);
Оқушылардың еркін тақырыпқа жазылған шығармалары:
ә) «Сүйемін туған тілім – ана тілін...»
б) «Өнер – жұтамас байлық, таусылмас азық»
в) «Адам – табиғаттың қожасы емес, баласы»
г) «Туған елім, туған жерім, Қазақстаным...»
д) «Еңбек түбі - зейнет».
11-ҚОСЫМША
Дене тәрбиесінде қолданылатын ойындар
1. «Айгөлек», 2. «Арқан тартыс», 3. «Аңшылар», 4. «Белбеу тастау», 5. «Бұрыш», 6. «Дауыста, атыңды айтам», 7. «Ұшты-ұшты», 8. «Аңшылар мен қояндар», 9. «Жігіт қуу», 10. «Қындық - сандық».
Ескерту: бастауыш сыныптардағы оқушылардың денесін шынықтыру және сергіту мақсатында үзіліс кезінде, сабақтан тыс уақыттарда жүргізілетін ойын түрлері 40-қа жуық, біз солардың кейбіреулерін ғана алдық.
Айгөлек
Айгөлек ойыны кең алаңда өткізіледі. Ойыншылар саны мен жас шамасына қарай екі топқа бөлінеді де, арасы 13-20 адамдай жерде қол ұстасып, қарама қарсы тізбек құрайды. Бала көп болса, ойын да соншалықты қызықты өтеді. Ойын жүргізуші екі топтың біреуіне кезек береді. Олар қосылып төмендегі өлеңді атайды:
Айгөлек- ай, айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек.
Теміршіден дем шығар,
Үзеңгіден тер шығар,
Ақ терек пен көк терек,
Бізден саған кім керек?
Екінші топтың ойыншылары жауап береді:
Айгөлек- ай, айгөлек,
Айдын жүзі дөңгелек, теміршіден дем шығар,
Ай терек пен көк терек
Шолпан атты (шақыратын баланың не қыздың атын айтады) қыз керек,- дейді.
Қарсы топтан шақырылған қыз не бала тізіліп тұрған топтың әлсіз жерінен үзіп өтуге тиісті. Егерде ол үзе алмаса, онда сол қатарда қалады, ал үзілсе, онда қалаған ойыншының бірін өз тобына алып келеді. Ойын аяқталғаннан кейін екі жақтың ойыншылары саналады, қай жақ көп болса, сол топ ұтқан болып есептеледі.
Арқан тартыс
Ойынды жаздыгүні көгалда ойнауға болады. Ойнаушылардың саны 10 баладан көп болмағаны жөн. Ойынға 8-10 метр екі ұшы түйілген арқан керек. Арқанның тең ортасына белгі ретінде қызыл мата байланады.
Ойынға қатысушылар бойына қарай бір қатар жасап тұрады да, ойын жүргізушінің тапсыруымен бір, екі, ... деп санап шығады. Содан кейін екі дегендері (жұп) бір жаққа, бір дегендері (тақ) екінші жаққа бөлінеді.
Арқанның қызыл мата байлаған жерін күні бұрын еденге немесе жерге сызылған белгі сызықтың үстіне дәл келтіреді. Ал ойыншылар арқанның белгісінен бастап ұшына дейін қос қолдан тартып тұрады. Егер де арқанға қолдары симаса, онда ойнаушылар бірінің белінен бірі ұстайды.
Ойын жүргізушінің белгісі бойынша екі команда арқанды екі жаққа тартады. Ойынның мақсаты – екі команданың бір не бірнеше ойыншысын ортадағы сызықтан өз жағына тартып шығару. Ортаңғы сызықтан өтіп кеткен ойыншы ойыннан шығып қалады.
Қай команда қарсылас команданың ойыншыларын түгелдей ортаңғы сызықтан өз жағына өткізсе, сол ұтқан болып есептелінеді. Ойнаушылардың өзара келісімдері бойынша ойында тағы да жалғастыруға болады.
Аңшылар
Бұл ойын екі топтық командалардың жарысы ретінде де ойналады, бұдан шыққан топ ойыннан ұтылған болады (жалғыз қалған ойыншыға сыйлық беруге болады). Ойын жүргізуші күні бұрын созылған шеңбердің бойына үш жерге үш ойыншыны тұрғызады, оларға бір-бірден доп беріледі, бұлар – «аңшылар». Қалған балалар «үйректер» - шеңбердің ішіне орналасады. Кейін жүргізуші «тоқта!» деген кезде, «үйректердің» бәрі орындарында қозғалмай тұра қалады. Осы кезде «аңшылар» қолдарындағы доптар мен «үйректерді» көздеп ұра бастайды. «Үйректер» доптан қашып, оны өздеріне тигізбеуге тырысады. Ойын «үйректердің» бәрі ойыннан шыққанша созылады да, келесі ойында «үйректер» мен «аңшылар» орын ауыстырады.
Белбеу тастау
Ойыншылар екі топқа бөлініп, ұлдар мен қыздардың араласып, ойнауына да болады. Екі топтың дәл ортасындағы сызыққа жалау байлап, түбіне белбеу немесе шиыршықталған орамал тастайды.
Кезек бойынша бір топтың басшысы өз ойыншыларының біреуінің атын атайды. Екінші жақтың басшысы өз ойыншыларының біреуінің атын атайды. Берілген белгі бойынша әлгі екі ойыншы ортадағы жалауға қарай жүгіреді, бұрын жетіп белбеуді ала салып, жете алмаған ойыншыны қарсы топқа жеткенше кері қуып барады да, қолындағы белбеуді сонда тастай сап, өзі кейін қашады. Енді әлгі қуылып келген ойыншы жаңағы ұтылған ұпайларын қайтарып алуға тырысады.
Ойынның қорытындысында қай топтың ойыншылары қарсыластарына белбеу жұмсаса, сол топ ұтқан болып есептеледі.
Бұрыш
Ойынды бес тоғыз адам ойнайды. Ойын жүргізушінің бұйрығымен белгілі бір арақашықтықты сақтап 3-5 м ойыншы төрт бұрышқа бұрып, олар екі-екіден орын ауыстырады. Ойын жүргізушінің мақсаты – төртеуінің ортасында тұрып, осы кезде босаған орынға тұра қалу. Ойынның шарты түсінікті болу үшін, әрбір ойыншының тұрған жерін бормен белгілеп қойса да болады. Сөйтіп, орнынан айрылған ойыншы ойын жүргізуші болады да, ол да бос орын іздейді. Ал тоғыз ойыншы ойнағанда әрбір қабырғаға 3 адамнан тұрып, өзара екі-екіден орын ауыстырады.
Дауыста, атыңды айтам
Ойыншылар қол ұстасып, дөңгелене шеңбер жасап орналасады. Көзі байлаулы бір ойыншы шеңбердің ортасында тұрады да, қолындағы таяғын шеңбер бойында тұрған ойыншылардың кез-келгеніне ұсынып – дауыста, атыңды айтам, - дейді. Таяқтың екінші ұшын ұстаған ойыншы атын біліп қоймас үшін әдейі дауысын бұзып шығарады... (Ойыншылар белгілі бір бағытпен үнемі қозғалыста болады). Көзі байланған ойыншы бірінші таяқ ұсынған ойыншысының атын дұрыс тапса, сол ойыншымен орнын ауыстырады. Таба алмаса, таяғын екінші ойыншыға ұсынады, оны таба алмаса, келесіге ұсынады: осылайша үш ойыншының атын анықтай алмаса, ойыннан шығып қалады.
Ұшты-ұшты
Ойын бастаушы айнала отырған ойыншыларды жаңылыстыру үшін тез-тез ұшатын және ұшпайтын заттарды араластыра айтып отырады. Шарт бойынша тек ұшатын зат алғанда ғана ойнаушылар қолдарын көтеру керек. Ал егер кімде-кім ұшпайтын зат аталғанда қолын көтеріп қойса, айыбын тартып, не өлең айтып береді, не билейді, не басқа бір өнер көрсетеді. Ойын осылай жалғаса береді:
-Ұшты-ұшты – тарғақ ұшты (ұшады)
-Ұшты-ұшты – жарғақ ұшты (ұшпайды)
-Ұшты-ұшты – үкі ұшты (ұшады)
-Ұшты-ұшты – үйрек ұшты (ұшады)
-Ұшты-ұшты – тырна ұшты (ұшады)
-Ұшты-ұшты – тырма ұшты (ұшпайды).
Аңшылар мен қояндар
Бұл ойынды жылдың қай мезгілінде болса да ойнауға болады. (жазда доппен, қыста жөнтектелген қармен). Ойынға жиналғандар екі топқа бөлінеді. Аңшылардың саны «қосындылардан» екі есе аз болады.
Екі жерге бір-бірінен қашықтығы 50-100 адымдай шеңбер сызылады. Қояндар сол екі шеңбердің біріне – «інге» орналасады. Шеңбер шетіне тұрған аңшылар қояндардың «інін» тақырлатып қаза бастайды. (Жерді аяқтарымен түрткілейді). Сол кезде қояндар өз «інінен» шығып, екінші «інге» - шеңберге қарай қашады. Осы кезде аңшылар қояндарды ата бастайды. Екінші шеңберге жеткенше «оққа ұшқан қоян» ойыннан шығып қалады. Барлық қоянды аңшылар атып біткенше, ойын тоқтамайды.
Келесі ойында бұрынғы қояндардың жартысы аңшылар болып алмасып ойнай береді.
Жігіт қуу
Ойын көгалдарда, үлкен бөлмелерде, залда 10-20 адамның қатысуымен өтеді. Ойыншылар екі топқа бөлінеді де, бір сызықтың бойына қатарға тұрады. Қарама-қарсы жақта 15-20 метр жерде екі жерге жалауша тігіледі. Ойын жүргізуші әр топтан бір-бір ойыншы шығарып, біреуіне белбеу (немесе екі бүктеліп бұралған орамал) береді. Ойын жүргізушінің белгісі бойынша ойнаушылар қарсыдағы сызыққа қарай жүгіреді. Белбеу алған ойыншы белбеуді жерге тастайды. Белбеуде екінші ойыншы алады да, оны кері қуалайды. Ол да көмбеге жеткізбей қарсыласын ұруы керек. Ойын қорытындысында қарсыласына белбеу жұмсаған ойыншы ғана өз командасына ұпай әкеледі. Осылайша қай команда көп ұпай жинаса, сол команда ұтқан болып есептеледі.
Қындық-сандық
Ойынға қатысушылардың ішінен екі ойыншы ортаға шығады да, біріне-бірі арқаларын тіреп тұрып шынтақтасады. Ойын жүргізуші белгі берген кезде екеуі бірдей алға еңкейіп бірін-бірі жерден көтеріп алудың қамын ойлайды. Жерден қайсысы бұрын көтеріп алса, сол ұтқан болып есептелінеді. Енді ұтқан ойыншы орнында қалады да, ұтылған ойыншының орнына кезек күтіп тұрған келесі ойыншы шығады. Ойын осылай біреуі жеңімпаз атанғанша жалғаса береді. Ұпайды көп алған ойыншы жеңімпаз атанады.
12-ҚОСЫМША
Сынып жетекшілерінің ата-аналармен жүргізілетін әңгіме тақырыптары
Бала тәрбиесіндегі отбасының негізгі міндеттері.
Ұлттық педагогика материалдарын бала тәрбиесінде пайдалана білу (Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов).
Ата-ана беделі және отбасындағы тәртіп үлгілері.
Отбасы арқылы сынып ұжымының беделі мен ерекшелігіне тәрбиелеу.
Абай еңбектеріндегі отбасындағы адамгершілік тәрбиесі.
Қазақстан Республикасының «Білім заңын» іске асыруда отбасының рөлі.
Отбасындағы әкенің баламен, қызымен қарым-қатынасы.
Баланың ақыл-ой мәдениетіне тәрбиелеуде отбасының рөлі.
Отбасындағы еңбек тәрбиесі.
Оқушыларға кәсіптік бағдар берудегі ата-ананың рөлі.
Күн режимін орындауда отбасының рөлі: оқушының жеке басының гигиенасы, сабаққа дайындалу, оған жағдай жасау, оны күн сайын бақылау, демалысы, тамақтануы, үй шаруасына көмектесу.
Отбасындағы эстетикалық тәрбие.
Ата-ананың бала мен табиғатқа серуендеуінің мәні мен оны ұйымдастыру жолдары.
Баланың үйдегі кітапханасы. Отбасында баланы кітап оқуға қызығушылығын арттыру.
Баланың жеке басының гигиенасын байланыстыра отырып жыныс тәрбиесін жүргізу.
Қазақ халқының әдет-ғұрпы және салт-дәстүрлеріне көңіл аудару, үйрету, бала дағдысына айналдыру.
Отбасы тәрбиесінде баланы мадақтау және жазалау мәселелері.
Баланың өзін-өзі тәрбиелеу ісінде ата-ананың басшылығы.
Отбасының қазақстандық патриотизмге, Отан қорғау ісіне, елін сүйе білуге тәрбиелеуде ата-ананың рөлі.
Достарыңызбен бөлісу: |