Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж



жүктеу 4,75 Mb.
бет25/26
Дата20.05.2018
өлшемі4,75 Mb.
#14720
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26

Ақылбек Шаяхмет,

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті журналистика факультетінің деканы, ақын.

Мәриям анамыздың "Мәншүк" поэмасының кезінде цензураға ұшырап, хандарымыз бен батырларымызға қатысты талай шумақтарының алынып тасталғаны бар. Мына спектакльде сол бабаларымыздың рухы сезіледі. Махамбеттің "Ереуіл атқа ер салмай" деп басталатын асқақ жыры Мәншүктің аузымен айтылып, ұрпақ сабақтастығын паш етеді.


СҰҢҒЫЛА СЫРЛАР, ЖАМПОЗ ЖЫРЛАР

Хамитбек Мұсабаевтың ақындығы туралы бірер сөз


Қаламгер атанып, сөз өнері мен баспасөз саласында ұзақ жылдар қызмет етіп келе жатқандықтан туған әдебиетіміздің хал-ахуалын үнемі назарда ұстап отыру – бұлжымас әдетіме айналып кетті десем, ешкім бекер дей қоймас. Қазір біздің облысымызда да біраз ақын-жазушылар еңбек етуде. Әрқайсысының өз қолтаңбасы бар. Осы қаламгерлер арасында шығармашылық еңбегі жемісті болса да, 6-7 жинақ шығарса да өзінің лайықты бағасын әлі алмаған бір ақын бар. Ол – Хамитбек Мұсабаев. Өткен, 2005 жылдың аяғында оның белгілі меценат Жұмағали Құрмансейітовтің демеушілігімен мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген "Наркескен" деп аталатын өлеңдер мен поэмалар кітабын оқып шыққаннан кейін осындай қорытындыға келдім. Көлемі 500 бетке жуық бұл кітап үлкен-үлкен 3 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімге ақынның әр алуан тақырыпқа жазылған лирикалық өлеңдері, "Тұлғалар" деп аталатын екінші бөлімге Аяз би мен Жиренше шешеннен бастап Қалибек Деріпсалдинге дейінгі аралықтағы Алаш қайраткерлері мен өнер шеберлері туралы жүрекжарды жырлары топтастырылған. Ал, үшінші бөлімде қаламгердің 11 поэмасы берілген.

"Наркескенді" бас алмастан бір күн ішінде оқып шығып, ғажайып әсерге бөлендім. Хамитбектің дүниетанымы, білім, ой, дарын, тіл байлығы қалыптасқан қолтаңбасы сүйсіндірді. Өлеңдерінің мазмұны да, мағыналық маңызы да терең әрі өмірдің өзіндей алуан тақырыпты қамтиды. Ақынның көркемдік әлемі ойыма Жүсіпбек Аймауытовтың "Мағжанның ақындығы туралы" деген мақаласын түсірді. Жүсекеңнің Мағжан өлеңдерінің астарын зерделей келіп: "Мағжан нәзік сезімнің, тәтті қиялдың ақыны. Ұлт ақыны" – дейтіні бар емес пе?! Оның осы сөзін Хамитбек шығармашылығы туралы да қайталап айтуға болады. Хамитбек те күйшіл, сыршыл, нәзік сезімдерді толқытқыш, тебіренгіш. Осы кітаптың Алғысөзінің тақырыбын "Тәуелсіздік жыршысы немесе Алашшыл ақын" – деп көрнекті ақын Серік Тұрғынбекұлы бекер жазбаған. Шынында да Хамитбек Тәуелсіздігімізді асқақтата жырлап жүрген ақын. Ақынды ақыннан артық кім таныған?! Секең Хамитбектің өзіндік ерекшеліктерін дәл көрсеткен: "Сөз өнерінің қадір-қасиетін жанымен ұққан ақын інімнің "Наркескен" кітабына Алғысөз жазу барысында оның көп оқып, көп ізденетінін және ақындық еңбегінің жемісті екенін біліп, қаламдас ағасы ретінде қатты қуандым. Әдетте өлең жазушы көп те, шын ақын аз. Хамитбек – ақын. Ақын болғанда өлең-жырларынан көркемдіктің қуаты мен мұңдалап тұрған ақпа-төкпе ақын. Қуаныштысы Хамитбекте жүректің отымен жазылған өлеңдер көп. Соңымызда осындай дарынды ақындардың келе жатқаны үшін қуана білуіміз керек деп ойлаймын. Сондықтан да оған өлеңде бағың жансын, бауырым! – деп ақ тілегімді білдіремін" – дейді С.Тұрғынбекұлы ағынан жарылып. Ақын кітабының бірінші бөлімі:

"Шыным да, барлық сырым да,

Ұятым менен арым да,

Шаттығым менен зарым да,

Бәрі де бәрі – жырымда!! – деген бір шумақ эпиграфпен ашылған. Ал беташар бөлім "Тәуелсіздік толғауы" деген тамаша жырмен басталған. Бұл толғау:

Ел болып шырқар – Басты Әнім,

Ел болып жырлар – Дастаным,

Бір өзің десем артық па,

Тәуелсіз Қазақстаным! – деген жан тербер жолдардан басталып, егемендігіміздің қандай құрбандықтармен келгені және оны қадірлеу туралы үлкен әлеуметтік ой тастайды, қоғамдық пікір түйдіреді. Сол сияқты осы бөлімдегі "Туған жермен сырласу", "Қайталанбас енді екінші", "Анама хат", "Бәсіре", "Өмірбаян", "Балалық шақты аңсау", "Найзағай", "Жүк", "Досқа сыр", "Раушанға", "Түн қандай ғажап, ай қандай", "Махаббат жыры", "Қазақ тілі", "Құранкәрім”, "Аруақ", "Мағжанмен мақұлдасу", "Тәттіғұл-Тоқсанбай қажылар кесенесі" деп аталатын өлеңдер де салмақты, салиқалы туындылар.

Ал, "Мағжанмен мақұлдасуын" – тебіренбей, көкірегің күңіренбей оқу қиын. Бұл жырдағы – XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы запыран-зар қобыз үніндей кеудеңді қарс айырады. Өлеңнің мазмұнын қара сөзбен қайталап айтып жеткізу мүмкін емес. Сондықтан оны оқырман өз көзімен өткеріп, оқығаны абзал. Енді бір алуан өлең "Теріс бұтақ топтамасы," деп аталады. Мұнда А.Имановтың, оның туған жері Теріскенсай мен Дулығалының, анасы Қалампырдың, нағашы атасы Бердікей ишандардың, ағасы Көшімбек бидің, жазушы Бақыт Имановтың, жан ақынның бейнелері жырмен қашалып жасалған. Бұл өлеңдер – кеңестік дәуірдегідей жалған мадақ даңғаза дақпыртқа емес, шынайы шындықпен шырайландырылған. Халық батыры Аманкелдінің өмірдегі болмысы боямасыз кестеленген. Ал, "Біз жылымық жылдарда туғандармыз" деген өлең – ақынның ғана емес, бәріміздің жан сырымыз секілді. Түгел оқиық:

Біз – "жылымық жылдарда" туғандармыз,

"Тоқыраудың" – балаларымыз.

Түнектің бәрін – қуғандармыз,

Жазылар емес сонда да жараларымыз?!
Біз – социализмді арқандап,

"Халық жауларын" – құндатқандармыз!

Қызыл империяны – талқандап,

Тәуелсіздікті орнатқандармыз!


"Желтоқсан-86-ның" –

Тозағына жанып-күйгендерміз!

Кемеңгер қазақ халқының –

Қасіретті тарихын сүйгендерміз!


Бұхар жырау мен Абай, Мұхтарды –

Жүректе жаттағандармыз!

Ахмет, Мағжан, Міржақыптарды

Соттағандарды,

Ар алдында – соттағандармыз!!!
Экономикада – күнін кешіп қара шаруаның,

Нарықта – кіріптар болып тосылғандармыз.

Саясатта – "АЛАШТЫҢ", "АЛАШОРДАНЬІҢ"

Арманын жүзеге асырғандармыз!!!


Біз – қалайтын жоғары ұшқанды,

Тайқымас табанды ұрпақпыз.

300 жыл бодан болған Қазақстанды –

Жерұйыққа айналдырмақпыз!!!

Мұндағы айтылған ойлар – тұтас қазақ ұлтының қазіргі күндері мұраты мен мақсаты, тілегі мен ниеті. Бұл кітапта философиялық ой-түйіндерге толы өлеңдер көп. Қайсысын алсаңыз да қалыптасқан ақындық сыршыл қолтаңбаны, шыңдалған шеберлікті, кең тынысты көресіз. Осы өлеңнің жалғасы іспетті "Тағдыры үшін Қазақстанның" деп аталатын шап-шағын, бірақ қорғасын құйған сақадай шып-шымыр жыр бәріміздің ортақ тілегімізді аңдатып тұр. Мұны да түгел оқып көрейік:

Көре алмайтын ала дұшпанның,

Көзіне шыбын үймелетемін.

Тағдыры үшін Қазақстанның –

Дүниені дөңгелетемін!!!
Тәуелсіздікке жеткелі қолым,

Досымды да ұқтым, қасымды да ұқтым!!

Әлем таныған соқталы Елім,

Жолыңа сенің басымды тіктім!


...Гүл егіп қырқа-қыраттарыма,

Көргендер көзін алмастай етем!

Алдымда тұрған мұраттарыма,

Адалдан тілеп, жауласпай жетем.


Бабамнан қалған ардақты Отан,

Кеше гөр, болса білместігімді.

Сақтай алмасам не дейді жаһан,

Оп-оңай келген дербестігімді!!!



Ойлы жыр. Арлы жыр. Ақынның ана тіліміз туралы өлеңдері де өзекті өртеп жүрген ортақ өкінішті толғайды. Міне, сол ақиқат.

Ботасы өлсе бозінген де боздайды,

Оты сөнсе ошақ қалай маздайды?

Ана тілім, ертеңіңді ойласам,

Шыбын жаным шығып кете жаздайды.

Хамитбектің ақындық өнерді тануы мен бағалауы жоғары:

Ақында кейде ақылдан сезім басым,

Сенсең де, сенбесең де осы расым.

Кеудемді өлең кернеп кеткен кезде,

Мен де Абай,

Мен де Мағжан,

Мен де Қасым!!! десе, біз бұған толық сенеміз. Мұндай алапат сезімді әрбір шын ақын басынан кешіреді. Немесе оның келесі бір өлеңіндегі:

Нағыз ақын болу керек Құдайдай,

Шұғыласы әлемге ортақ Күн, Айдай.

Асан Қайғы, Бұхар жырау, Махамбет,

Мағжан, Қасым, Сырбай, Олжас, Абайдай, дегеніне де шүбәсіз иланасыз. Кітаптағы туған жер, туған ел, Отан, махаббат туралы өлеңдер де сәтті шыққан. Атап айтқанда, "Қасиетті Батпаққарам-ай", "Жыңғылды өткелі", "Қоңыраулы", "Жыланшық", "Ахаңның Ақкөлі", "Біз бақытты бола алмаймыз Торғайсыз", "Торғай қаласы", "Түркістан", "Бардым Ұлытауыма", "Жиделі", "Айналайын, Айырқұм", "Өзің ғой маған", "Сүйем мен де Хамаңша", "Алғашқы уыз махаббат", "Қазақ әйелі" деген жырларда ақынның мөлдір сезімі, кіршіксіз көңілі, елі мен жеріне деген перзенттік махаббаты оттай маздап, ыстық жалынымен шарпиды.

Ақын жырларының мазмұны терең, формасы мол. Онда екі жол, төрт жол, жиырма-отыз жолдан ұйқасатын өлеңдер бар. Мысалы:

Құс кетті.

Қыс кетті.
***

Данышпан сен, ақымақ па басқалар,

Азаматтар жоқ па елге ес болар?!

Жексұрын ба бәрі жайсыз қасқалар,

Өмір сүріп жүр ме әлде босқа олар? деген өлеңдер басынан аяғына дейін бірыңғай екі жол, төрт жолдан шебер ұйқасқан. Екі жол ұйқас бұрын бар ғой. Ал бірыңғай төрт жолдан ұйқасқан өлеңді бірінші рет оқып отырмыз. Бұл әдебиетімізге Хамитбек әкелген жаңалық. Оның шеберлігін танытатын бір өлеңі "Кейде" деп аталады. Бұл өлеңнің әр жолындағы барлық сөздер ұйқасқан. Байқап қараңыз:

Кейде шалқар көлдеймін,

Кейде салқар белдеймін.

Кейде аққан селдеймін,

Кейде – соққан желдеймін, – деп осылайша жалғаса береді.

Хамитбек кешегі қанды сұрапыл соғыстан кейін туса да, оның зар-запыранын басынан кешірмесе де бұл тақырыпты көп жырлап жүрген ақындарымыздың да бірі. "Қайталанбасын енді екінші" деген өлеңінде:

Жазылса да жараның мыңы,

Есте – соғыстың үні.

1941-ші жылғы 22 маусым –

Тарихтың қаралы күні, – деп адамзатқа үн қатады. Сол сияқты "Кештік бастан біз де соғыс зардабын" деп аталатын топтамасы, "Волховқа мен де барамын" және "Тоққұлының Садығы" деп аталатын жырларында соғыс салған қайғы-қасірет, мұң-нала шынайы баяндалады. Әсіресе "Тоққұлұлының Садығы" деген өлеңінде соғыстан кейінгі халық қасіреті мен қуанышы, ұлттық рух болмысы қанық бояумен бедерленген. Садықтың тоғыз ағасы соғыстан оралмайды. Елге келген соң ол тоғыз жеңгесінің өзін күтіп отырғанын көреді. Сүт фермасында сауыншы болып істейтін олар қайнылары Садықты сағынысып қарсы алады. Ал Садық сүт фермасына завферма болып орналасады. Өзінің де екі әйелі бар ол жеңгелеріне әмеңгерлік жасайды. Өмірге сәбилер келеді. Оларды ағаларының аттарына жаздырады. Қамқор болады.

Жоспарды артық орындап жылда-жылда,

Сүт фермасы – жарыста жүрді алда.

Ең ғажабы сауыншы тоғыз жеңге,

Сүйді Садық ағадан қыз да, ұл да.
Өсті бірге сәбилер қол ұстасып,

Сыры ұштасып,

Жүректе жыры ұштасып.

Тату болып абысын бәрі

Жатты үйде,

Фермада ырыс тасып.


Бір ауыл боп бірлікті, ынтымақты,

Сүт бұлағы фермада әр күн ақты.

Тоғыз аға үйінің Сәкең солай,

Өшірмеді шырағын қайта жақты.


Жылдар өтті,

Өмірден Сәкең де өтті,

Бір адамдай тер төгіп, еңбек етті.

Жалғыз өзі он үйге тұтқа болып,

Кетті қосып қатарға бір әулетті.

Бұл нағыз қаны тамып тұрған шындық. Соғыстан кейінгі талай қазақ ауылында болған оқиға. Бірақ Кеңестік дәуірде айтылмады. Айтуға мүмкіндік берілмеді. Ақын өмірдің осы шындығынан әдемі жыр тудырған.

"Наркескеннің" екінші бөлімі "Тұлғалар" деп аталады. Мұнда жоғарыда айтқанымыздай Аязбиден бастап бүгінгі өз замандастарымыздың да тұлғалары көркем бейнеленген. Әрқайсысының өмірдегі өз болмыс-бітімі дәл сомдалған. Мысалы, өзіміз талай көрген, ғажайып әңгімелерін сүйсіне тыңдаған Ахмет Әбіқаев туралы өлең осынау сан қырлы өнер шеберлерінің бейнесін қаз-қалпында көрсеткен. Бұл өлеңді үзіп-жұлмай тұтас берген жөн болар еді. Газет беті көтермейтіндіктен екі-үш шумақпен шектелейік:

Өтсе де өмірі – Торғайдың даласында,

Тарих жүзген том-том боп санасында

Ахметхандай ақиық енді қайтып,

Туар ма екен, қазақтың баласында?!
Көмейінен ұшқандай көкала үйрек,

Ахметхандай асылдар туар сирек.

Торғай тасып жататын арнасында,

Ол әніне салғанда "Он екі ирек".


Тектілік бар – түбінде, түбірінде,

Зор тұлғасы – тұр сайрап көңілімде.

Сегіз емес,

Сенсеңіз сексен қырлы –

Ондай дарын көрмедім өмірімде!!!

Кітаптың үшінші бөліміндегі 11 поэманың бәрі де үлкен толғаныстан туған. "Қаншеңгел" поэмасының арқауы – Ахмет Байтұрсыновтың соңғы күндері. Бұл оқырманның жан дүниесін қозғайтын, бір де күйіндіріп, бір де сүйіндіріп, баурап алатын психологиялық поэма. Ақын Ахаңның ой ағысын, күңіренген ащы күйігін өзіне сай лайықты формамен, жан тербер сөздермен ашып салған. Поэманы құйқа тамырың шымырламай оқу мүмкін емес.

Ойсоқты болып – қатты ғой басым,

Көзімнен көл боп – ақты ғой жасым.

Сергелдең кешіп, сарғайып санам,

Төбемнен тура түсті ғой жасын.


Өзіңе аян – өмірім, ісім,

Көрдім ғой бейнет туған ел үшін.

Жабылған нақақ жаланы ойласам...

Өзегім күйіп, өртенеді ішім.


Көбейген шақта сақалдың ағы,

Кетті ғой тайып ағаңның бағы.

Темір құрсаулы түрмеге мынау,

Төртінші рет мен қамалдым тағы.


Ана сүтімен ақындық дарып,

Жыр жазып едім, отырмын налып.

"Халық жауы" боп – қасірет шеккен,

Бүгінде, енді мен де бір ғаріп.


Дамылдап бір сәт таба алмай тағат,

Кеттім, – деп япыр-ау, қай жерден ағат??

Түсесің ойға иір де шиыр...

Елестеп көзге – мақсат пен мұрат.


Жегенім – желім, ішкенім ірің,

Түсінер түбі, Алашым – пірім.

Басты кінә боп тағылды-ау маған,

Сүйгенім туған ұлтымның тілін!


Бола ма – сұмдық дәл мұнан өткен,

Сталин заңы шықты ғой шектен.

Жауапты орында безбүйрек жандар,

Аяуды білмес, мейірімсіз неткен.


Тегінде бәрін алған ғой таңдап,

Қол қойдырады азаптап... зорлап.

Сенбейді айтқан сөзіңе адал,

Мазақ қылады табалап қорлап.

Ахаң туралы бұл поэманы 1991 жылы Торғайдың Ақкөліндегі мәжілісте академик З.Қабдоловтың, үлкен жазушы Ә.Кекілбаевтың, көрнекті ақын С.Тұрғынбекұлының жоғары бағалағанын жақсы білеміз. Осы таяуда 60 жасқа толған тойына келгенінде Серіктің: "Ахаң туралы біз жазбаған поэманы Хамитбек жазды, өте жақсы жазды және сонау Ахаң ақталған 1988 жылы жазды. Бұл әдебиетімізге қосылған үлкен үлес. Ахаң туралы мұндай тамаша поэма әлі күнге жазылған жоқ", – дегенін аманкелділіктер оның өз аузынан тағы бір естіді.

Оның бұл сөзінің зәредей жалғандығы жоқ. Мұндай пікірді ақынның кітабына енген кез-келген поэмасы туралы айтуға болады. Мысалы "Міржақыптың соңғы монологі", "Он жеті ер", "Абылай хан мен Бұхар жырау", "Қойлыбайдың қоштасу күйі", "Бәйге немесе тұлпар тағдыры", "Шақшақ Жәнібек", "Тәуелсіз Қазақстаным", "Мұхтардың монологі", "Ғазиз қажы", "Нұрсұлтан Назарбаев" поэмалары туралы да. Бұлардың көркемдік кестесі, көтерген жүгі бірінен-бірі өтеді. Жазылу формасы да әр түрлі. Тілі бай, ойы терең. Ақын Президентіміз Н.Назарбаев туралы әуелі бірнеше қысқа өлеңдер жазып барып, ақыры үлкен поэмаға қол артқан және бұл туынды ана тіліміздің бар ажар-бояуымен әдіптеліп, сұңғыла сырлар ағытқан. Хамитбек талантының табиғатын, бітім-болмысын, лирикалық нәзік тынысы мен эпикалық кең құлашын егіз қатар танытқан шығармалары осы 11 поэмасы. Бұларда табиғат көріністері, адамдар жанының сұлулығы күй сияқты шертіледі. Ақынның тілінің көркемдігі мен байлығы, шешендігі мен айтқыштығы көзге түседі. Жақұт та жампоз жырлар ағытқан сұңғыла сырлар жүректі әлдилейді.



Шынымды айтсам, "Наркескенді" оқып шыққан соң кеудеме нұр құйылғандай әсерге бөлендім. Хамитбектің үлкен ақын екендігін таныдым. "Наркескен" Хамитбекті облысымыздың маңдайалды ақындарының бірі дәрежесіне жеткізген нысаналы кітап. Мұндай кітаптар өмірге күнде келе бермейді. Қаламдас ақиық ақынымыздың үлкен табысына ел болып бірге қуанайық дегім келеді. Сол сияқты осындай сүбелі кітапты шығарып берген меценат Жұмағали Құрмансейітовке айтар алғысымыз мол. Әдебиетіміздің осындай үлкен жанашырлары көбейе берсін дейміз.

ӨМІРДІҢ МӘНІН ӨРНЕКТЕП
Былтырғы жылдың аяғында Астанадағы "Фолиант" баспасынан "Қостанай таңы" газеті редакциясының бұрынғы қызметкері, есімі бүкіл республика жұртшылығына жақсы таныс қаламгер Қайсар Әлімнің "Махаббат жыршысы" атты кітабы жарыққа шықты. Қайсар әріптесіміз қара шаңырақ – "Қостанай таңында" журналистік жолын бастап, жиырма жылдан астам облыс өңірінің шежіресін жазып, қаламын осында ұштап еді. Мұны айтып отырғанымыздың да өзіндік сыры бар. Оқырманға ұсынған осынау кітабының алғашқы жолдары бұрын біздің көз алдымызда жазылып еді.

Бәлкім, болашақ жазушы осы еңбегінің тосын жанрын да сол кезде таңдаған шығар. Тосын деп отырғанымызда да мән бар. Кітап – екі адамның бір-бірімен хаттасуы түрінде, яғни қазақ әдебиетіндегі тың жанр – эпистолярлық үлгіде жазылған. Қайсардың жап-жас жігіт, қаламгерлік жолын жаңа бастаған сәтте хат жазып, ақыл-кеңес сұраған адамы – тамаша журналист, аса көрнекті жазушы Әзілхан Нұршайықов ағасы. Әз-ағаңның да бұрын көріп, білмеген алыстағы қалам ұстаған інісіне ерінбей-жалықпай, оның жазған хатындағы әр мәселеге ерекше көңіл бөліп, жауап жазуының өзі бір ғанибет, ерекше өнеге.

Қайсар да қызық. Әз-ағаңа 1975 жылы 2 мамырда жазған хатында былай депті:

"Құрметті Әзілхан аға!

...Рудныйлық экскаваторшы Сәлімжан Досов туралы "Серпін" атты очерк жазып, өз газетіме (облыстық "Қостанай таңы") ұсынып едім, басшылар жағы "бұл очерк дәрежесіне толық көтерілмеген" деп, жанрын қоймай жарияламақ болды. Бұған мен келіспедім. Оны қайтарып алып Сізге жіберіп отырмын. Оқып көріп, жанрын анықтауға көмектеспес пе екенсіз? Өзім очерк дәрежесіне көтерілген секілді деп ойлаймын.

Құрметті Әзілхан аға! Мына "Жүрек жылуы" деген очеркімді де қосып салып отырмын. Газетке жарияланған болатын. Бұны да сараптан өткізіп берсеңіз.

Өзіңізге ұқсап, "очеркист" болғым келгендіктен осындай тосын ұйғарым жасадым. Сіз бұл өтінішімді ескерусіз қалдырмайды деп сенемін.

Өзіңізге деген іңкәрлікпен

Қайсар Әлімов,

Қостанай облыстық "Коммунизм таңы" газетінің бөлім меңгерушісі".

Жастыққа тән максимализм дегенің де осы. "Очерк" деген айдарын сызып тастаған бастық ағасына деген "өкпесі қара қазандай" Қайсар белгілі очеркист, қазақтың Овечкині атанған Әзілхан ағасына жүгінеді. Ал Әз-ағаң болса, "бала, бастығыңды тыңдасайшы..." деп, меселін қайтарып, тауын шақпай, журналистика факультетінің студентіне дәріс оқығандай очерк жанрының ерекшеліктерін тәптештейді, оған қойылатын талаптарды еске салады. Әз-ағаңның хатына үңілейікші (қысқартылып алынды).

"Қадірлі Қайсар!

...Сіздің маған жіберген екі очеркіңді де оқыдым. Екеуі де газет очеркі екен. Газет үшін ешқандай кемшілігі жоқ дүниелер. Сондықтан да ол екеуін де қай газетке болса да ұялмай ұсынуға, қымсынбай басуға болады.

...Әрине, Сіз жазғанымның газет очеркі екенін өзім де білемін, бірақ соны қалай көркем очерк етуге болады, маған Сіз осыны айт депсіз. Бұл жайында білетінімді бір хатпен айтып жеткізіп түсіндіріп беру маған да мүмкін емес.

Ең алдымен бұған бірсыпыра өмір тәжірибесі керек болар, Сіз газет очеркін жазуды меңгеріпсіз. Енді ары қарай талаптана беру шарт.

...Сіздің жай журналист емес, журналист-жазушы болуыңызға шын жүректен тілектеспін.

Құрметпен Әзілхан.

24.06.1975ж. Алматы".

Міне, бұдан отыз бір жыл бұрын осынау хаттармен басталған аға мен іні арасындағы сырласулар күні бүгінге дейін жарасымды жалғасын тауып келеді екен. "Махаббат жыршысында" сондай сан хаттар жүйеленіп жарияланған. Одан оқырмандар ең алдымен Әзілхан Нұршайықов сияқты тамаша қаламгердің жазушылық, журналистік лабораториясына бойласа, екінші жағынан азамат, қайраткер ретіндегі тұлғасын таниды.

Хаттарды оқи отырып, замана рухын дөп басасың. Бір ұрпақтың бастан өткерген қуанышы мен мұңын көресің. Мөп-мөлдір махаббат пен өмірге деген іңкәрлікке бас иесің.

Қайсардың бұл қомақты еңбегінде Әз-ағаңның азаматтық бейнесі мен шығармашылық жанкештілігі, соғыс және бейбіт өмірдің тәлімді үлгі- болмысындай жарқыраған патриоттық тұлғасы алуан қырынан әңгімеленіп, салиқалы сомдалған.

Бес жүз беттік қалың кітаптың "Халима: махаббат маздағы", "Тән шәрбәті", "Мұңды мұңлық", "Жалғыз жолаушы", "Рухани ерлік" және "Қыздар – ұлт анасы" тарауларының аттарының өзі де көп жайтты аңғартқандай. Кітаптағы кейіпкер мен автор өміріне қатысты берілген суреттер де ерекше жарасымды қиюластырылған, хаттардағы терең сырды көз алдыңа елестетердей.

"Махаббат жыршысы" – өмірдің терең мәнін, оның нәзік қылын дөп басып, оқырмандарын ойға бөлеп, сезімге әсер етіп, серпілтер тамаша туынды болып шыққан.

Бұл еңбек бір жағынан "Махаббат, қызық мол жылдар", "Аңыз бен Ақиқат" сияқты өлмес туындылар берген Әз-ағаңның бейнесін өзі жазған хаттар арқылы көз алдыңа әкелсе, екіншіден, ағасын пір тұтқан Қайсар қаламының қарымын да танытады.




ӘДЕМІ ӘЛЕМ

Асқарбек Бектемісовтың кітабы туралы бірер сөз


Астанада тұратын құрылысшы ініміз Асқарбек Бектемісовтың атын естігенім болмаса, жүздеспеген жандармыз. Бірақ жазған шығармаларымен таныса отырып, оны көптен білетін, ерекше жақын жандай сезіндім. Асқарбек өзінің атасы, өмірден көргені мен түйгені мол Бектеміс марқұмның өмір жолын қағазға түсіріп, маған жолдаған еді. Тәжірибелі қаламгер, газет редакциясында істейтін журналист ретінде ақыл-кеңес сұрапты. Қомақты қолжазбаны бір демде оқып шықтым, тіпті түскі үзіліске де шықпай бейтаныс жігіттің атасы туралы толғанысының соңына жеткенше асықтым. Бектеміс қарияның көрген қиыншылықтары қабырғамды қайыстырды, бірақ сағы сынбаған, рухы мықты ақсақалдың әзіл-оспағы жан жадыратты. Сол эсседе Торғай төңірегіне белгілі талай адамдардың аттары аталады екен. Олардың бәрі іс-қимыл үстінде көрсетіледі, таза да адал, жөн білетін, сөз қадірін ұғатын жандар. Автордың сөз саптауы да, ой иірімі де көңілге қонымды, бірден өзіне тарта жөнеледі екен.

Асқарбек Бектемісов кім? деп Торғай төңірегіндегі туыстардан сұрағанымда бар. Сөйтсек, Асекең Арқаның арқалы ақыны Назарбек Бектемісовтың ұлы екен. Назекеңнің шығармаларына жастай қанықпыз. Тамаша талант, айтулы азамат, кезінде өзім қызмет істеп жүрген Қостанай облыстық “Қостанай таңы” газетінде жұмыс істегені де бар. Тегіне тартқан ұл екен деп ойладым Асқарбекті. Әйтпесе Астана сияқты алып құрылыстар күн санап қанат жайып жатқан қаладағы белді құрылыс ұйымдары басшыларының бірі зейнетінен бейнеті көп сөз өнеріне ат басын бұра ма? Оның үстіне жазғандарына қаламақы төлейтін күн де келмеске кеткендей...

Асқарбектің қолжазбасын ерекше ризашылықпен оқып шығып, алғысөз жазып, газетіміздің төрт-бес санына жариялайық. Оқырман да жақсы дүниені дөп басады ғой, телефон шалып, хат жазып үн қосқан жандар аз болған жоқ. Бәрінен бетер Асқарбектің өзі сол атасы тіріліп келгендей қуанса керек, оны Астанаға барып-келіп жатқан туыс-достары маған да айтып келетін. Ақындар Серікбай Оспанов, Нағашыбай Мұқатов, сазгер-әнші Қалибек Деріпсалдин, отставкадағы пол­ковник Рамазан Зияутдинов, мемлекеттік қызметкер Серікбай Шаймағамбетов және басқалары Асқарбектің сәлемін жеткізіп жатты.

Сөйтіп, өзіме қаламдас іні таптым, Асқарбек менің өтінішім бойынша жазған дүниелерін облыстық “Қостанай таңы” газетіне жолдайтын болды. Өйткені оның да өзіндік реті бар, Асқарбек – қасиетті топырақ Торғай тумасы, оның кейіпкерлері де сол өңірдің өрендері, әңгіме ететіні де – туған жер, өскен орта, ауылының адамдары, оның үлкені мен кішісі, бұрынғысы мен бүгінгісі, құрбы-құрдас, достары, әкесімен үзеңгілес жүрген ағалары...

Асқарбектің сол деректі әңгімелерін оқи отырып, сол ортаға терең бойлап, өзің де сол ортаның адамы болып кетесің. Автор адам тағдырына терең бойлайды, сезімге әсер етер, селт еткізер жайттарды жіті байқайды және ұғынықты да әсерлі жеткізеді. Кәдімгі кәнігі, төселген қаламгердей кең көсіледі.

Жазған әрбір дүниелерінің өн бойынан автордың дүниетанымын, оның бүгінгі болмысқа көзқарасын, білім-біліктілігін айқын аңғарғандай боласың. Әсіресе, Асқарбектің қазақтың марқасқа ақыны Мұқағали шығармашылығын жақсы білетіндігі бірден көзге түседі. Кейде ақын өлеңдерін сәтті кіріктіре отырып, ой өрбітеді.

Басқа саланың адамдары ішінде әдеби өмірді жіті қадағалап, әдебиет әлеміндегі жаңалықтарды, жаңа есімдерді көзден таса қылмайтын жандардың бірі де осы Асқарбек. Онысы, бәлкім, бала күнінен ақын-жазушыларды көріп, сөзін тыңдап өскендіктен болар. Онысы, бәлкім, әкесі Назарбек ақыннан қалған өнеге болар. Онысы, бәлкім, Серікбай, Серік, Кеңшілік сияқты ақын ағаларына еліктеп өскені, Сыр ағаң мен Ғафекеңдердің көзін көріп, өлеңдерін жаттап, өзімсініп еркелегенінен болар.

Серік Тұрғынбеков ағасы 60 жасқа толғанда “Сұлу жырдың сұңқары” атты әдемі эссе жариялағаны бар. Мұнда ол нағыз әдебиет сыншысы сияқты ақжал ақынның арынды өлеңдерін білгірлікпен талдайды.

Жалпы Асқарбек Бектемісовтың “Өзге емес, өзім айтам өз жырымды” атты бұл кітабы оқырманын ерекше бір таза, пәк, әлди-әлемге бойлатады. Туған жер, өскен елді сүюге үндейді, ағайын-туған, жолдас-жора, құрбы-құрдастар арасындағы жарасымды қарым-қатынастарды қастерлейді, ізгілік пен инабаттылыққа, имандылыққа бастайды.

Айтары бар адам ғана қолына қалам алу керек десек, Асқарбектің айтары аз емес екен. Оны осынау кітаптың алғашқы оқырманы және алғашқы редакторы ретінде анық аңғардым. Асқарбек бауырыма әдебиет деген айдында жүзер кемесінің желкені жығылмасын деген тілек білдіремін. Өзге емес, өзі айтқан жырының ғұмыры ұзақ болғай.

Сөз соңында Асқарбектің жазған бір хатын толық келтіргім келіп отыр. Оны оқыған адам автордың бүгінгі күнгі толқынысы мен тілек-мақсатын айқын сезеді деп ойлаймын. Ол хат мынау:

“Адам баласы басындағы басты байлығы денсаулығы екенін біле тұра, басына түспей түсіне бермейді екен.

Мен де денсаулықтың қадірін жеті ай бойы аяқ-қолдан жан кетіп, сартөсекте көзім жаудырап жатқанымда білдім.

Бұл мені, ешқашан ауырмайтындай сезініп жүрген алдамшы сезімімді, жасаған иеміздің сабама түсіргені болар деп ойлаймын. Қазір шүкір, Құдайға тәубә деймін, жақында басымды көтеріп, таяққа сүйеніп, аяғымды сүйрете басуға мұршам келді. Қазір біршама ілініп келе жатқан сияқтымын.

Басымда болып жатқан жаңалығым, Баян деген қызымды құтты орнына қондырдым. Жат-жұрттыққа жаратылған бала ғой, маған алаңдап жүріпті. Елдің ақсақалдарының басын қосып, құдайы беріп, баталарын алдым. Шама-шарқымша тойымды өткіздім.

Той дегенің көпшіліктің көмегімен, ағайынның араласуымен өтетін дүние ғой, шаруашылыққа бұрынғыдай емін-еркін араласып кетпегеніммен, жақындарым, достарым қол ұштарын берді. Жаның жабырқап жүргенде, күмәнданған көңіліңді жадыратар асыл жандардың жаныңнан табылуы – адам баласы үшін баға жетпес бақыт екен.

Өткендегі Өзбек аға жөніндегі жазбаларымды жариялағандарыңызға көп-көп рахмет, Марғайша апайдан бастап, танымақ түгілі бұрын түрлерін көрмеген адамдар да алғыстарын айтып жатыр.

Сәке, мына жіберіп отырған жазбаларым Ғалибек досым мен Әбдіхалық әкем жайлы, оқып шығып, ретіне қарай көрерсіз. Досым да, мен сияқты адам баласының жауына тілемейтін ауруымен (инсульт) ауырып қалыпты. Менікі оған деген көңілімнің баяғы бала күнімдегідей екенін және өзгермейтінін жеткізіп, оны өмірге жігерлендіріп жіберейін деген ой ғой.

Қазіргі заманда жақындарына жылы сөздерін де көпсінетін жандардың да кездесіп қалатынын несіне жасырамыз.

Сәке, өткенде Сізбен телефонмен сөйлескеннен кейін ойланып-ойланып әкем жайлы естеліктерді ұжымдарыңыздың атына жолдау хатпен жіберуді жөн көрдім, бас редакторларыңыз, әріптестеріңіз көрсін.

Қаламымның қалыптасуына жасаған қамқорлығыңыз үшін мың да бір рахмет! Бала-шағаңыздың қызығын көріңіз. Хош, сау болыңыз, көріскенше күн жақсы болсын!

Сәлеммен Асқарбек ініңіз”.

Алғашқы кітабыңа жазған осы шын жүрегімнен шыққан ой-пікірім жазған хатыңа жауап, өзіңе, отбасыңа тілектес көңілімнің белгісі, шығармашылық жолыңның даңғыл болуына берген ақ батам болсын, Асқарбек!


жүктеу 4,75 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау