Екінші аңыз
Көтерілген киіз үй
Бұхардан аман-есен елге жетіп, Есіл бойын құт мекенге айналдырған осы ел мыңғырған малына қысқа жетерлік шөп шауып алу қамымен жүрсе керек. Бұл кезде Аспантайдың аты алысқа кетіп, оны жұртшылық әулие деп таныған тұс.
Жігіттер бел орақпен көк майсаны баудай түсіріп, кепкен шөпті шөмелеге салып, мая үйіп жатқан кез. Орталарына келген Аспантайға өзеннің арғы бетінде шөп дайындап жүрген бір құрдасы, айғай салып, дәмге шақырады.
– Әулие, дәм татып, балдай тәтті сары қымыз ішіп кетіңіз, – дейді.
Бұл шақырудың тегін еместігін Аспантай да түсінеді. Дәм тату құр сылтау, құрдасы мұның әулиелілігін сынамақ екен.
Әулие келісімін беріп, айтылған уақытта алты қанат ақ үйдің есігін ашады. Жайғасып отырған соң, дөңгелене қалған ақсақал-қарасақалдарға сөз арнап:
– Енді киіз үйдің есігін мықтап байлаңыздар, өздеріңіз орындарыңыздан қозғалмаңыздар, – деп пәрмен береді. Жиналған жұрт аң-таң. Қонақ кісі билеп-төстеп әкетіп барады. Бір кезде ол қолына таспиғын алып, дұғасын оқи бастайды. Сол сәтте киіз үй ішіндегі адамдары және ас-суымен көтеріліп барып, өзеннің арғы бетіндегі Аспантайлар шөп шауып жатқан кең шабындыққа келіп, қонады.
Құрдасының қонақасысын Аспантай осы жерде жеп, бал татыған сары қымызын осы жерде ішеді. Қонақасы аяқталған соң әулие атамыз қонақтың киіз үйін өз орнына қайта қондырады.
Осы аңызды бірде ерекше білімдар ұстаз, өлкетанушы, ақын Масғұт Шалабаев ағамыздың аузынан естігеніміз бар еді.
Үшінші аңыз
Сұлу қыз
Бірде Аспантай әулие үйінен шығып, есік алдында таза ауа жұтып, тыныстап отырады. Қасына елдің төрт-бес жігіті келіп, оны сөзге тартып, әңгімесіне құлақ түреді. Бірақ құлақтары әулиеде болғанымен көздері шеткі үйдің жанында шай қойып жүрген сұлу қызда екен. Оны Аспантай да сезеді. Қу жігіттердің бірі:
– Әулие ата, ана қыз көлбеңдеп, біздің көзімізге түспекші болып әуре. Шын әулие болсаңыз, сол қызды осында алып келші, – дейді.
Аспантай басын изеп, дұғасын оқып, бетін сипап келіп жібергенде, жер үсті астан-кестен болып, жел тұрып, нөсер құяды. Самауырынын қайда апарарын білмеген балаң қыз түтінін будақтатқан күйі құрғақ жердегі Аспантай әулиенің алдынан бір-ақ шығады. Келіп қана қоймай, наздана тіл қатады:
– Кешіріңіздер, осы жерден басқа құрғақ орын да қалмапты. Шайымды қайнатып ала қояйыншы, сол қайнаған шайды келіп, сіздер де ішіңіздер, – деп өтінеді.
Жігіттердің күткені де осы еді. Олар Аспантай аталарының қасиетіне қайран қалыпты деседі аңыз. Бұл әңгімені жұртшылық Төлеген Оразалы- ұлының аузынан сан мәрте естіген екен.
Әулие шапағаты
1954 жылы тың көтеру уақытында қыс кезінде далада тебіндеп жүрген Сұлуағаш (Алғабас) ауылының бір үйір жылқысы ығып кетіп, таптырмай қояды. Мал іздеп шыққан жандар Ұзынкөл ауданының Үкіатқан ауылына келіп, осы ауылдың қадірменді қарты Мұсат ақсақалдың үйіне түседі. Қай қазақ келген қонақты құрақ ұшып, қарсы алмаған. Мұсекең де бейтаныс жандардың асты-үстіне түсіп, күтіп, жөн сұрасады.
– Мына Сарыкөлдегі күрлеуіттерміз, ыққан жылқыны іздеп жүрген жай бар, – дейді олар.
Күрлеуіт екендіктерін естіген Мұсекең ағынан жарылады:
– Айналайындар, мойныма борыш болмасын, сол күрлеуіттің абыз-әулиесі атанған Аспантай аталарыңыздың қабірі осы ауыл шетінде жатыр, – дейді. – Ертең көрсетемін.
Жолаушылар ата зиратына тәу етіп, құран оқиды. Құдай сәтін салғанда жоғалған мал да табылады. Үйірді алға салып, айдап келісімен, Мұсекең айтқан әңгімені ауыл ақсақалдарына жеткізеді. Дәукенбай, Асылбек, Түбір, Қабдырахман, Қасым, Тәйтен, Сейтен, Жанмырза, Мақпуза және басқа аза-маттар әу десіп, Аспантай әулие басына тас орнатады.
1961 жылы Төлеген Оразалыұлы ақсақал Солтүстік Қазақстан облысынан келген апасы Сәлиманы Аспантай бабасының басына апарады. Ауру-сырқау меңдеген кісі құлан-таза жазылып кетеді.
Осы Аспантай әулиенің бір ұрпағы Аманкелді Жоламанов айтқан әңгімеге құлақ түрелік:
– 1961 жылы ағамыз Сыздық ұстамалы ауруға шалдығып, көп қиналды. Әулие басына барған соң ол қалың ұйқыға кірді. Кететін кез болып, бір тәуліктен кейін оятып алдық. Сөйтіп әлгі ағамыз бір жыл бойы ауырмады, тегінде оятып алғанымыз қате болды, өзі оянғанша ұйықтаса, кім біледі, кеселінен құлан-таза айығып та кетер ме еді деген ой келеді.
Былтыр Астанада тұратын Айдана атты немерем келіп, атасының басына апарып едім, барған бетте денесі бөртіп, қышынып, жанын қоярға жер таппаған кішкентай үйге келісімен құлан-таза жазылып, денесі тазарып, жайнап шыға келді. Қазір, құдайға шүкір, денсаулығы жақсы.
***
Біз бүгін есімі көпшілікке бүгінге дейін белгісіздеу болып келген күрлеуіт Аспантай абыз-әулие туралы сөз еттік. Әрине, талай ықылым заман өткен соң кейбір есімдердің көлеңкеде қалуы, ұмытыла бастауы заңды да. Бірақ ел ішінде сақталған аңыз-әңгімелер бір сәті келгенде қайта жаңғырып, сол асылдар есімін халық жадына қайта салатыны және бар. Аспантай абыз-әулие үшін де сондай кез туды. Олай дейтініміз, оның бүгінгі ұрпағы аталарының басына кесене орнатып, оның аруағына бағыштап, ас беру қамында жүр. Сол үшін арнайы қор ашылған, ұйымдастыру алқасы құрылған.
Енді Қараөткелге қоныс тепкен Аспантай әулие неге осы Ұзынкөл жерінде жерленді деген мәселеге келейік. Оның ағалары, Нияздан тараған ұрпақтың бір бөлігі, Ұзынкөл мен Пресногорьков аралығын жайласа керек. Сол ағаларына келе жатып, Аспантай ауыр дертке шалдығады. Жанындағы қошемет көрсетіп келе жатқан тілеулес-жанашыр жандарға, демім бітсе, түйе шөккен жерге жерлеңдер деп өсиет айтады. Ақыры жол үстінде үзілген әулиені осы жерге арулап қояды. Айта кетейік, осы өңірде оның Байғожа, Атығай, Барлыбай, Артықбай, Төлеген атты ағаларының да зираты бар. Жаменке ағасына да топырақ осы жерден бұйырған. Өткен жылы осы ба-балар басына да ескерткіш белгі қойылған еді. Оған Байтас Болатайұлы, Марал Бәриұлы, Абай Масғұтұлы сияқты азаматтар мұрындық болған екен.
***
Облыстық "Қостанай таңы" газетінің 2005 жылғы 17 маусымдағы санында "Аспантай абыз-әулие" атты мақала жарияланған болатын. Онда ел аузында сақталған аңыз-әңгімелерге сүйене отырып, біртуар бабамыз туралы сыр сабақтауға тырысқан едік. Мақала жұртшылық қызығушылығын туғызды. Аспантай абыз-әулиеге қатысты ел ішінде сақталған басқа да әңгімелер баршылық екен. Енді солардың кейбірін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Қарахан бабаның аяны
Бұл әңгімені Бақытжамал Мұстапақызы айтқан еді:
– Сәті түсіп, былтыр ата-бабалар аруағына зиярат етуге қасиетті Түркістанға бардым. Содан Таразға тартып, Қарахан баба қабіріне ізет еттік. Бізбен бірге барған топтың ішінде Ұзынкөл ауданындағы бір серіктестік басшысы Сәбит Құлтаев деген азамат қызы Айгүлмен бірге болды.
Жол бастап жүрген, дін жолын берік ұстанған сондағы бір қарындасымыз қайтар сәтте Сәбитті іркіп, "бабамыз аян беріп, өзіңізге деген тілек-батаны жеткізуді маған тапсырды", деді. Сөйтіп, жиналған жетпіс-сексен адамның алдында сөз бастай жөнелді:
– Алыс жолдан келген азаматым. Өзің еңбек етіп жүрген кең даланың төсінде әулие бабаңның сүйегі жатыр. Елге оралған соң сол бабаңның басына барып, тағзым ет. Шапағат-нұры жауады. Қарахан бабаның берген аяны бұл, – деді.
Расында да, Сәбит Құлтаев егіншілікпен айналысатын үлкен бір серіктестікті басқарады екен. Жері – сол Ұзынкөл ауданындағы бұрынғы "Калинин" кеңшары аумағында.
Туған жерге оралысымен сұрастырып көрсе, расында да әулие-абыз атанған Аспантай баба зираты осы төңіректе екен. Ол кісінің ғажайып қасиеттері туралы көнекөз ақсақалдардан естіп, білген Сәбит бір қара си-ырды құрмалдыққа шалып, басына барып, дұға оқытады. Абыз-әулиенің туған-туыс, жекжаттары жиналады. Сол жерде баба басын көтеріп, белгі қоюға уәделеседі. Бүгіндер сол игілікті іс басталып та кетті. Жақында бола-шақ күмбездің алғашқы қазығы да қағылды. Оған сол Сәбит бастап, Ұзынкөл мешітінің имамы Есенкелді қажы, Меңдіқара мешітінің имамы Ерік қажы, Ұзынкөл мешітінің алқа мүшесі Хамит ақсақал, әулиенің үрім-бұтағы қатысыпты.
Бір таң қаларлық жай, сонау Тараздағы Қарахан бабаның тылсым аяны шындық болып шықты.
2. Әулиенің батасы
Бұл әңгімені Сейдахмет Жоламанұлының аузынан естіген жандар әлі күнге дейін айта жүреді.
Аспантай әулие атанып, жұртшылыққа танымал болған тұста ел ішін жиі араласа керек. Қайда барса да оны құрақ ұшып қарсы алады, сый-сияпат көрсетеді, батасын алады. Ауру-сырқауларға жасаған емі дарып, құлан-таза сауығып кетеді. Жан-жақтағы жұрт абыз-әулиенің келуін үнемі асыға күтіп отырса керек.
Бірде ел аралап жүріп, әулие белгілі бір байдың үйіне ат басын бұрады. Қасына ерген үш-төрт жігіт бар. Келсе, үйде қожайын жоқ екен. Жап-жас, көзі-қасы қиылған, ерке тотай тоқал шай демдеп, қонақтарға дастарқан жаяды. Шай үстінде суырыла сөйлеп, сылқылдап күліп, әулиенің дембелше келген келісті бітіміне, бұлтылдаған бұлшық еттеріне сұқтана қарайды. Әлден уақытта:
– Абыз-әулием, қона жатып, дем ал, сәтін бергенде күйеусымақ та бүгін жоқ, сенің көзіңнің қысығына, мұрныңның пұшығына мән берейін деп отырған мен жоқ, – деп түпкі ойынан хабар береді.
Мұндай бейбастақ сөзді естіген Аспантай баба ашуға мініп, орнынан атып тұрып, атына қонады. Қасындағы жігіттері де тысқа шығады. Сыртқа бірге ере шыққан ерке тоқалға қарап:
– Пұшпағың қанамаған,
Құдайым қаламаған,
Антұрған тоқал екенсің, – деп
жүруге аттанбақ болғанда сол бейбақтың кәрі күйеуі де келіп жеткен екен. Аттан түсерде абыз-әулиенің ашулы жүзін көріп, айтқан сөзін естіген ол ерке тоқалды қамшының астына алып, сыбағасын беріпті. Сосын:
– О, абыз-әулием, ақымақ әйелдің қатесін кеш, атыңнан түс, қадірмен қонағым бол, – деп жабыса кетеді.
Аспантай бабамыз да райынан қайтып, бай нұсқаған алты қанат ақ үйдің есігін ашады. Қонақасыға көп адам жиналып, әулиенің сөзіне құлақ қояды. Бай да барын салып, аты аңызға айналған жанды құрақ ұшып күтеді. Манағы қылмаңдаған тоқал да сызыла қалыпты. Аяғын ұшынан басып, иіліп қызмет жасайды. Жиналған әнші-күйшілер елді думанға бөлеп, әулиеге құрмет көрсетіп, ұзақ отырады. Ертеңіне аттанар алдында бай әулиеге ерекше сый-сияпат жасап, тоқалдың білместігін кешіріңіз, шаңырағыма батаңызды беріңіз, деп өтініш айтады. Сонда абыз-әулие:
"Тоқал білместігін кештім,
Түйінді бір шештім.
Тоғыз ай, тоғыз күннен соң,
Ұлыңның кіндігін кестім.
Әмин", – деп бетін сипапты.
Шынында да, айы-күні жеткенде сол ерке тоқал шекесі торсықтай ұл туыпты. Сол ұл кейін бір әулеттің ерекше арқа тұтар азаматы болып, еліне қалтқысыз қызмет етіпті.
3. Трактор сынып, тракторшы есінен таныпты
Бұл әңгімені Мұсат ақсақалдың баласы Бақытжан үнемі айта жүреді.
1954 жыл. Тың көтеру науқаны. Жер-жердегідей осы Ұзынкөлде де талай мыңдаған гектар жер жыртылды. Кейіннен "Калинин" совхозы атанған жерге алғаш қазық қаққан осы кеңшардың алғашқы директоры Владимир Ядревский еді. Жұрттың айтуы бойынша, ол өте мәдениетті, жергілікті халықтың мұң-мұқтажына үнемі ден қойып, қордаланған мәселені тез шешуге бейім адам екен. Жан-жақтан жиналған білімі де, тәрбиесі де, мәдениеті де әртүрлі жастарға үнемі қазақ халқының салт-дәстүрін құрметтеуді уағыздап жүретін еді дейді көз көргендер.
Осы Бақытжанның әкесі Мұсат қария сол Владимир Федоровичке әдейі барып, ауыл сыртындағы зираттарға құрметпен қарау, жер жыртқанда бұл қасиетті мекенге тимеу керектігін ескертеді. Директор да тракторшы жігіттерге мұны қатаң тапсырады. Бірақ көптің ішінде ала да, құла да болаты-ны белгілі. Бір кеудемсымақ тракторшы алдындағы бейіттерді көрсе де, оны айналып өту орнына тура тартпақшы болады. Қуатты трактор дарылдап келіп, Аспантай әулие басына қойылған көктасты қопара бергенде техника кілт тоқтайды. Мотор үні өшеді. Ал тракторшы болса ауыз-мұрнынан ақ көбік ағып, жынданып кетеді.
Мұны естіген совхоз директоры сол Мұсат ақсақалдан кешірім өтініп, ақыл сұрайды. Жынданған тракторшыны ауруханаға салады. Ал сынған трак-торды сүйремек болса, оның шынжыр табандары жермен тістесіп, мыңқ етпейді. Ақыры әулие басында қой сойып, ас беріп, дұға оқытып, қорымның бұзылған жерін қайта қалпына келтіріп, тәубеге келеді. Содан кейін ғана сынған тракторды тіркемеге алып, ауылға алып келеді.
Бір ғажабы, сол трактор осы күнге дейін іске жарамсыз, ал оны жүргізген тракторшы осы күнге дейін ауруынан айықпапты.
Әулие басына белгі қойылып, ас берілді
Сәті келген күні Аспантай абыз-әулиенің бүгінгі ұрпақтары бабаларының басына белгі орнатып, ас берді. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен, Ресейдің шекаралас облыстарынан абыз-әулиені қастерлеп, пір тұтқан жүздеген жан жиналды.
Енді арада үш ғасырдан астам уақыт өтсе де халық жадынан шықпай, талай ұрпақтарды тағзым еткізген, қасиеті өзіне тартып тұратын бұл тұлға кім еді, соған келейік.
Абылай хан тұсында Қыпшақ, күрлеуіт Нияздың Бұхардың әмірі болып, он екі жыл бойы аты жер жарып тұрғаны белгілі. Сырт жерде жүргенде Нияз бабамыз інісі Қалдардың баласы Аспантайды өз тәрбиесіне алады. Оны Бұхар медресесінде оқытып, сол кездегі түсінік бойынша жан-жақты білім бермекші болады. Бірақ бала Аспантай оқу-тоқудан гөрі жалғандағы басқа тіршілікке бой алдырып, әмірдің айтқанына көнгісі келе қоймайды. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған әмір немере інісіне өктемдік жасамағанмен де, тезге салар тәртіп қолданады.Ұстаздарына қатаң тапсырып, күнделікті қадағалауға алады. Оған да болмаған соң табанын тілгізіп, оған жылқының қылын салып, байлап, жер астынан шығармай жеті жыл бойы оқытады.
Уақыт өткен соң Аспантайды алдына шақырып, жағдайын сұрайды. Енді ол бұрынғы бұғау-құрық тимеген ерке Аспантайды емес, кемелденіп, толысқан, білімнің әр саласынан жан-жақты хабардар, көзінің оты бар, түсінігі мол Аспантайды көреді. Аспантай да:
– Жеті жыл бойы текке жатқан жоқпын. Аспан мен жердің, адамзатпен қоса жан-жануарлар, өсімдіктердің де тілін, заңдылығын біліп шықтым, сәті келгенде бір сынарсыз, – деп сабырлы сөйлейді.
Бұл кезде Нияз баба да елге қайтуды, қазақ жеріне ойран салған қалмақтармен күреске шығуды ойластырып жүрсе керек. Өзбек бауырлар қанша жалынып, жалпайып, Бұхарда қалуын өтінгенмен ол Абылай ханмен тілдесіп, елге оралады. Өзімен бірге болған қырық мың қыпшақты да ала келеді.
Аты-шулы Ниязға Абылай хан да оң қабақ танытып, Есіл бойынан, қазіргі Астана қаласы төңірегінен жер береді.
Өзбек елінен көшіп келе жатқан осы қырық мың қыпшақ Есілдің арғы бетіне өте алмай қиналады. Арнасы кең, асау өзеннен осынша жан мен мыңғырған малды калай өткізуге болады. Осы сәтте Нияздың ойына "сәті келгенде бір сынап көрерсіз" деген Аспантай түседі. Оны шақыртып алып:
– Сынға түсер сәтің келді, бір амалын тап, – дейді Бұхардың бұрынғы әмірі.
Аспантай көп ойланып жатпай таспиғын тартып, дұғасын оқып, қолындағы қамшысымен ағынды судың бетін бір осып жіберіп:
– Өткел бол! – деп бұйырса керек.
Міне, ғажап! Өзен қақ айырылып, қақ ортасынан қара өткел пайда болыпты-мыс. Содан бері осы өңір Қараөткел атаныпты дейді аңыз.
Жалпы бабамызға қатысты мұндай аңыз, әңгімелер ел ішінде аз емес. Оның біразымен жоғарыда таныстырған болатынбыз.
Енді бүгінгі көзі тірі жандардың айтқандарының біріне назар аударайықшы.
Бүгіндер Затобол селосында тұратын Сәлім Жантөрин ақсақал былай деп еске алады.
– Осыдан он шақты жыл бұрын Тойсайын (Новопокровка) ауылында бригадир болып жұмыс істедім. Күздің қауырт шағы. Бірде ел ақсақалдарының бірі көршілес Үкіатқан ауылына машинамен апарып келуді өтінді. Қайтыс болған жұрағатқа бата қылмақ. Қысылып тұрған жанға қай қазақ қол ұшын бермейді. "Москвич" машинамды жегіп, багажнигіне бір қойды аяғын байлап, тірідей салып тартып кетейік. Қасымда келіншегім де бар.
Жолшыбай қыр басындағы механизаторларға соғып, олардың хал-жағдайын біліп, алға тарттық. Асығыспыз. Аспантай абыз-әулие қабірі жанынан да ишарат жасамай зу ете қалыппыз.
Кенет аруақты баба басына мінәжат етпегеніміз еске түсіп, кілт тоқтап, машинадан түсіп, артқа қарасам, машинаның багажнигі ашық тұр. Аяқтарын мықтап буып, сонда салған қой да жоқ. Ал іздейік. Жаңа ғана механизаторларға соққанда қой бар да. Маңайдың бәрі көз алдымда, кең жазық. Машинадан секіріп кеткен қой болса да көзге түсері хақ. Бірақ көз жетер жерде қарайған ештеңе көрінбейді.
Бірден сездім. Аруақ аттап, асығыстыққа ұрынғандық салдары. Жалма-жан бәріміз де әулие басына барып, құран бағыштадық.
Содан бері өткен-кеткен сайын Аспантай абыз-әулие басына кідіріп, бас имеген кезім жоқ. Ал манағы қой із-түссіз жоғалды.
Асқа жиналған үлкен-кіші осы тақылеттес естеліктерін айтып жатты. Баба басына келіп, түнеп, құран бағыштап, тілек тілеген талай пенделер ауыруынан айығыпты, шаруасы оңға басыпты. "Бабамыздың шапағаты тиді, қасиетіңнен айналайын" деген үлкен-кішіде сан жоқ.
Марал ишан атындағы Ақ мешіттің хатиб-имамы Ертай қажы Құран бағыштады. Осы шараға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Теміржан Төлебаев былай деді:
– Барлығымыз Аспантай бабамыздың басын көтеруге, оған арналған асқа жиналып отырмыз. Бәріңіз де білесіздер, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев егемен еліміздің өрісін кеңейтіп, халқымызға дінін, тілін қайтарды. Кезінде бәріміз де коммунист болып, қайтыс болған әкеміздің басына барып, құран оқуға қорқушы едік. Бүгін Құдайға шүкір, еліміз талай-талай қасиетті бабаларымыздың басын көтеріп, құран оқытып, мұсылмандыққа оралып жатырмыз. Соған орай біздің елімізді Құдай да қолдап, экономикамыз өркендеп, талай биіктерден көріндік. Жан-жағымызға қарасақ, сырт елде соғыс та, жарылыс та, тасқын да болып жатыр. Қазақстан аман. Ол халқымыздың кең пейілінің, адал ниетінің, бауырмалдық болмысының қайтарымы. Өлі жебемей, тірі байымайды деген. Аруақты сыйлаған елміз біз.
Бүгінгі шара да ерекше тәрбиелік маңызы бар, тағылымды жиын. Жастар үшін өнеге.
Аспантай абыз-әулие ұрпақтары, бүкіл қазағымыз, бүкіл көп ұлтты еліміз аман болсын.
Аспантай абыз-әулие және оның ағасы Жаменке Қалдар ұлдарының қабірі Ұзынкөл ауданы бұрынғы "Калинин" кеңшарынан бес шақырым жердегі бір жағы шағын көл, бір жағы шоқ орман ортасындағы кең жазықта жатыр.
Енді Қараөткелге қоныс тепкен Аспантай әулие неге осы Ұзынкөл жерінде жерленді деген мәселеге келейік. Оның ағалары, Нияздан тараған ұрпақтың бір бөлігі, Ұзынкөл мен Пресногорьков аралығын жайласа керек. Сол ағаларына келе жатып, Аспантай ауыр дертке шалдығады. Жанындағы кошемет көрсетіп келе жатқан тілеулес-жанашыр жандарға, демім бітсе, түйе шөккен жерге жерлеңдер деп өсиет айтады. Ақыры жол үстінде үзілген әулиені осы жерге арулап қояды. Айта кетейік, осы өңірде оның Байғожа, Атығай, Барлыбай, Артықбай, Төлеген атты ағаларының да зираты бар. Жаменке ағасына да топырақ осы жерден бұйырған.
Осы Ұзынкөл ауданының әкімі Амантай Сейфуллин сөз алып, аруақты бабалар туралы тебірене әңгіме өрбітті.
Алтынсарин ауданының әкімі Бақытжан Ғаязов та ұрпақтар сабақтастығы туралы пәтуалы сөз айтты.
Басқа да шығып сөйлеушілер баба басына белгі қойып, аруақтарға құрмет көрсеткен бүгінгі ұрпақ өкілдеріне алғыс айтып, шараның ұйымдастыру тізгінін қолға алып, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүгіріп жүрген ел ағасы Аманкелді Жоламанов ұлағатты іске үлес қосқан ағайын-туған, бауырларға, жиналған қалың жұртқа ізет білдіріп, бас иді.
Бабалар басына қойылған құлыптаста бір ауыз өлең бар:
Жер асты мен үстінің,
Ғылымын толық меңгерген,
Аспантай абыз-әулие,
Ұрпағың үшін ұлысың,
Біз үшін мәңгі тірісің,
Болашақтың да пірісің.
Осынау қанатты сөздер асқа жиналған әрбір жанның көкірегінен шыққандай әсер етті.
Он шақты киіз үй тігіліп, жиналған жамағатқа ас берілді. Ертай қажы пәтуалы, өнегелі сөз айтып, үлкен-кішіні имандылыққа үндеді.
Сол күні күн де жадырап тұрды. Көңілдер де көтеріңкі еді...
ҚОС АРЫС
академик Сұлтанғазин және академик Алдамжар туралы інілік ілтипат
1. Сөз басы
Біздің тәуелсіз еліміздің тарихында ерекше орын алатын ел есіндегі екі абзал аға туралы сөз қозғап отырсам, оның да өзіндік себебі болып тұр. Сөз жоқ, Өмірзақ Махмұтұлы да, Зұлқарнай Алдамжарұлы да тарихи тұлғалар, көрнекті ғалым және қоғам қайраткерлері.
Дүниеден ерте өткен арыстарымыздың есімдерін мәңгі есте қалдыру шаралары туралы сөз болғанда Қостанай қаласындағы Герцен көшесін кейде академик Алдамжардың атына, кейде академик Сұлтанғазиннің атына беру туралы мәселелер көтеріліп жүр.
Біріншіден айтарым, қос арысқа қандай құрмет көрсетсек те, олардың атына қандай көше берсек те орынды. Бірақ басқа амал қалмағандай тіршілікте бір-бірін ерекше сыйлап, құрметтеп жүрген екі зиялымызды бір көше атына теліп қойғанымыз тым ағаттық емес пе? Қостанайда қайта атауға лайық басқа көшелер жоқтай шешуі қиын тұйыққа өзімізді өзіміз неге тірейміз?
Ал, мәселенің мәнісіне терең бойласақ, Герцен көшесін Зұхаң атымен атау бұдан бес-алты жылдан бері сөз болып жүр. Оның реті де бар және мәселенің қисыны да бұл ойдың көңілге қонымды екенін айғақтайды. Өйткені академик Алдамжардың өз қолымен құрған әлеуметтік-техникалық университеті сол көшенің бойында тұр. Алдамжар ағамыз сол көше бойымен жүріп, сол көшенің сән-салтанатын келтіруге өлшеусіз үлес қосқан адам. Ағамыздың мақтан етер «Студенттер сарайы» да сол маңда. Академиктің жүздеген шәкірттері сол әлеуметтік-техникалық университетте ұстаздық етеді, Зұхаң құрған білім ордасында мыңдаған түлектер сан түрлі мамандықтар бойынша дәріс алады.
Егер Өмірзақ Махмұтұлы тірі болса, сөз жоқ, Зұхаң жағына шығар еді.
Ал бүкіл дүниежүзі таныған әйгілі ғалым Өмірзақ Сұлтанғазинге жерлестері құрмет көрсетілсін десе, талай қисын табуға болады ғой. Егер біз шын мәнінде тәуелсіз ел болсақ, сол тәуелсіз елде қазақ халқының саны 65 пайыздан асса, кешегі Кеңес Одағының империялық саясатының салдарындай көзге ұрып тұрған Урицкий, Дзержинский, Павших Борцов, 1 Мая, тағы басқа көшелердің бірін ғұлама ғалым, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің атымен атасақ, жарасымды іс болмай ма?
Мен бұл арада Л.Толстой, А.Пушкин, М.Лермонтов, Н.Гоголь, В.Маяковский және басқа орыс жазушыларының есімдерімен аталған көшелер тілімнің ұшында тұрса да әдейі айтпай отырмын. Өйткені өткен жолы Ілияс Омаров есімімен Лермонтов көшесін атаймыз дегенде кейбір ағайындардың аспаннан жасын түскендей жаппай тулап шыға келгені бар. Олар тәуелсіз елдің ономастикалық саясатты да сол ел мүддесіне, негізгі халық мүддесіне сай жүргізуі қажет екенін әлі де болса түсінгісі келмейді. Кезінде Қостанайдың қақ ортасындағы көшені қай қазақ Пушкиннің, Толстойдың немесе Гогольдің есімімен атайықшы деп өтініш айтқан екен. Ал енді тәуелсіз Қазақ елінің құйқалы бір өңірі – Қостанай жерінде арыстарымыздың есімі үнемі ардақталуы – сіз бен бізге парыз болса керек-ті.
Енді сөз етіп отырған қос арыстың өзім куә болған бір-екі жағдайын әңгіме етейін. Олардың ақыл-парасаты және кісілігі мен кішілігі осындай штрихтардан да көрініс тауып тұрғандай еді.
2. Арманына жеткен Алдамжар
Бұдан бірнеше жыл бұрын Қостанай мемлекеттік педагогика институтында облыс жоғары оқу орындарын дамытуға ерекше үлес қосқан қайраткер тұлға, ғұлама ғалым, осы институттың бұрынғы ректоры, академик Зұлқарнай Алдамжар атындағы дәрісхананың ашылу салтанаты болды. Оған облыс жоғары оқу орындарының ректорлары, шығармашылық интеллегенция өкілдері, ұстаз-ғалымдар мен студенттер қатысты.
Дәрісхананың ашылу салтанатында сөз алған облыстың бұрынғы басшысы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Үкіұлы, осы институттың бұрынғы ректоры, профессор Иван Терновой, академик Алдамжардың ерекше сенім артқан ізбасар інісі, генерал-майор, профессор Михаил Дәуенов, Қостанай педагогика институтының профессоры Аманжол Күзембай, Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Марат Жұрқабаев, Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің ректоры, профессор Сәбит Есмұратов, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қостанай қаласының құрметті азаматы Бертран Рубенштейн Зұлқарнай Алдамжарұлының қалдырған өшпес ізі туралы тебірене баяндады.
Расында да, Зұқаң жан-жақты білімді, ұйымдастыру қабілеті ерекше, ешкімді де жат санамайтын бауырмал, бүгінгі емес ертеңгінің қамын әріден ойлайтын біртуар тұлға болатын. Оның Қостанайда университет ашуда қаншалықты қиыншылықтарға кездескенін, соны жеңу жолында барынша табандылық және ұсынықтылық танытқанын оның тұстастары тым жақсы біледі. Экономикалық, әлеуметтік жағдайдың тым қиын кезінде, қаражат жетпей дағдарған тұста, инфляция дегенің шарықтап кеткен шақта мұндай тәуекелге бару өзіне-өзі нық сенген жанның ғана қолынан келер іс еді.
Зұқаң үнемі: «Біз жастарға барынша жағдай жасауымыз керек. Олар біз көрген жоқшылық пен қиыншылықты көрмеуге тиіс», – дейтін. Ол сол үшін, осындай игі мақсатқа жету үшін тер төкті және көзінің тірісінде-ақ сол асқаралы арманына жеткен адам. Ол қазыналы Қостанай өңіріндегі бүгінгі беделді жоғары және арнаулы оқу орындарының бастауында тұрған біртуар азамат.
1996 жылы Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Ғарыштық зерттеулер институтының директоры Өмірзақ Сұлтанғазин 60 жасқа толды. Біртуар тұлғаны жерлестер атынан құттықтауға барған делегацияны Зұлқарнай ағамыз басқарды. Алматыда Ғалымдар үйінде мені көрген ол:
Бауырым, сен менің жанымда бол. Қазір сахнаға шыққанда екеуіміз бірге тұрайық, шапанды бірге жабайық. Өмекеңдер ұлы адам ғой, – деді.
Сол сөз менің жадымда мәңгілікке сақталып қалды. Бұл Өмекеңді ерекше пір тұтқан екінші бір ұлы адамның сөзі еді.
Достарыңызбен бөлісу: |