Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
М. Жұмабаев атындағы жоғары колледж
Баяндама
Тақырыбы: «Қадырғали Жалаиридің қазақ әдебиеті мен тарихындағы орны»
Орындаған: Кусаинова М. Е.
Тексерген: Искакова Л.К.
Петропавл қ., 2019-2020 о.ж.
Қазақ халқының ауызша және жазбаша тарихының негізін салған, ХVІ ғасырда өмір сүріп, түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының сол дəуірдегі ата тарихын хатқа түсіріп, артына өшпес мұра қалдырған тарихшы, ғұлама ғалым Қадырғали би Қосымұлы Жалаири (кейде Жалайыри деп те жазылып жүр).
XVI ғасырда көптеген тарихи еңбек жазған ғұлама ғалым һəм мемлекет қайраткері Қадырғали би Қосымұлы Жалаири осы тарақ таңбалы Жалайыр руынан шыққан. Ол өз руының атын ата тегі етіп алған. Оның есімі мен шығармасы тарихи əдебиеттерде осы күнге дейін түрліше жазылып келген. Мəселен, оның атын бірде Қадырғали, Қыдырғали, Қадыр Əлі, Қадыр Али, Қадырғали бек Хошимұлы десе, бірде өзінің шыққан руының атымен Жалайыри немесе Жалайырлық деп атаған. Сол сияқты оның еңбегі де бірде «Джами ат-Тауарих», бірде «Жами-ат-тауарих», бірде «Жамиғ ат- Тауарих» немесе «Жылнамалар жинағы» деп əр түрлі аталып жүр.
Бізге жеткен деректерден Қадырғалидың əкесінің аты да бірде Қасым, ал енді бірде Хосым, тіпті кейде Қосын, Көшімбек болып та жазылып жүргенін байқаймыз.
«Мұсылман ғалымдары» атты жинақта: «Қадырғали Қосынұлы (Қосымұлы) Жалайыри 1530 жылдары туып, 1605 жылдары шамасында қайтыс болған. Өз өмірі туралы өте аз мəлімет қалдырған. Біздің қолымызда бар деректер бұл құрметті адамның өмірін баяндау үшін жеткіліксіз», — деп жазылған [4;87]. Ал «Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық» деген еңбекте мынандай дерек келтірілген: «Қадырғали Жалайыри, Қыдырғали Қосымұлы Жалайыри, (1555–1607) — орта ғасырдағы қазақ халқының ғұлама ғалымы, белгілі биі. Жалайыр тайпасынан шыккан. Жалайыри атануы осыдан. Ата-бабалары Қарахан заманынан бері үздіксіз хан нояндары, уəзірлері, батырлары болып, аталық қызметін атқарған. Əкесі Қосым бек, атасы Темшік батыр атанған».
Қадырғалидың қазақ даласында өткен жастық шағы тарихқа белгісіз. Ол хан ордасының қағазын жазып, жас сұлтандарға тəлім-тəрбие беру ісін басқарған. Ханның қарашысы (ақылшысы, кеңесшісі) ретінде іс атқарған адам. Қадырғалидың ата-бабалары жəне өзі хан ордасына жақын болғандықтан, ол үшін ХV-XVІ ғасырлардағы қазақ хандықтары жайында тарихи шығарма жазу оған онша қиынға түспеген жəне бұл шығармада шындықтың, ақиқаттың көбірек болуына мүмкіншілік туған.
Жалаиридің ауылын қалмақтар шауып, Шығай ханның баласы, Тəуекел ханның інісі əскер басы Ондан сұлтан жау қолынан өлген соң, 13 жасар баласы Оразмұхаммедті (Оразмəмбетті) ертіп, ауыл аймағымен Сібір ханы Көшімнің қол астына көшіп барады. Онда ол төбе би болып сайланады. Өзінің «Жылнамалар жинағында»: «Менің аталарым Оразмұхаммед сұлтанның аталарына қызмет етті. Өзім Оразмұхаммедтің əкесі Ондан сұлтанға қызмет еттім, одан соң Оразмұхаммедтің қасында болдым», — деп жазады.
Қадырғали ана тілімен қатар араб, парсы тілдерін жетік игеріп, Шығыстың классикалық озық əдебиеті мен мəдениетін, ғылымын терең білген... «Мен дүние жүзіндегі неше түрлі мемлекеттерді аралаған əділ үкім, нақыл сөзге қанық көптеген кітаптар оқыған адаммын», —деп жазған ол «Жылнамалар жинағында». Қадырғалидың ғұлама ғалымдығы мен даналығын бағалаған Көшім хан оны өзінің ақылгөй кеңесшісі еткен.
Бұл жерде олар (Қадырғали мен Оразмұхаммед) Көшім, Сейдақ (Сейтек) сұлтандармен бірігіп, Сібірді жаулауға келген Ермак əскерлеріне қарсы күреседі. Бұл күресте, əсіресе, Қадырғали Қосымұлы ерекше тапқырлық көрсетеді.
Қадырғали Қосымұлы Сібір князі Сейтектің (Сейдақтың, Сейдектің) де кеңесші биі болған. Кейіннен Көшім ханға қарсы шығып, ол Ораз-Мұхаммедпен бірге Сейтекпен жақындасқан. Сөйтіп, оның мəртебесін көтеріп, беделін арттырған.
Орыс жылнамаларында былай деленген: Сейдекке (Сейтекке) «Қазақ ордасының бір ханзадасы (Ораз-Мұхаммед) мен Қараш мырза (бұл арада Қадырғали Жалаири осылай аталып отыр) келгеннен кейін, ол күшті болып алды...».
1580 жылдан бастап Қадырғали Ораз-Мұхаммедтің (Оразмұхаммедтің) қарашысы болады. 1588 жылы Ораз-Мұхаммед екеуі Ертіс бойында «тұйғын салып, аң аулап жүріп», Сібір воеводасы Даниил Чулковтың қолына тұтқынға түседі де, сол жылы аманат ретінде Мəскеуге əкелінеді. Қазақ ханы Тəуекел өз туысы Ораз-Мұхаммедті сұратып, орыс патшасына сан рет елші жібереді. Бірақ орыс патшасы Ораз-Мұхаммед пен Қадырғали Қосымұлын өз еліне қайтармайды. 1588 жылдан 1598 жылға дейін олар Мəскеуде, патша сарайында болады. Оған себеп болған нəрсе тағы да Ораз-Мұхаммед сұлтан. Өйткені, ол Ресей патшасының қарамағына келгеннен кейін шведтерге қарсы, Қырым хандығына қарсы жасалған көптеген жорықтарға қатысады. Осы жорықтарда ерлік көрсетіп, көзге түседі. Соның үшін Ресей патшасы Борис Годунов Оразмұхаммедті Қасым қаласына əмір етіп сайлайды.
Ораз-Мұхаммед осы қалада бірнеше жыл хандық құрады. Қ.Жалаири оның төрт уəзірінің бірі етіп тағайындалады. Осы кезде Қадырғали Қосымұлы тікелей ғылыммен шұғылданады.
Жалаири Қасым қаласында 1600 жылы өзінің атақты «Жамиғ ат-Тауарих» («Жылнамалар жинағы») атты шежіре кітабын жазуды бастап, оны 1602 жылы аяқтаған. Шежіре 157 бет, қытай қағазына ұқыптылықпен жазылған. Бұл шығарманың бізге белгілі данасы Қазан университетінің кітапханасында сақтаулы (каталог № 10422). Бізге белгілі бұл дананың өзін Қадырғали өлгеннен кейін 1641–1642 жылдары аты-жөні белгісіз бір адам көшірген. Осы қолжазбаны Н.И.Ильминский түркі-шағатай (ескі қазақ) тілінен орыс тіліне аударған. Н.Ильминскийдің аударған мəтін басылып шықпаған. Ол текст қазір кайда екені белгісіз. Ал көне текстің тұпнұсқасын 1854 жылы И.Н.Березин өзінің шығармаларының екінші томына енгізіп, факсимилие (фотокөшірме) түрінде басып шығарған.
Шежіре қазақ тілінде алғаш 1989, одан соң 1991, 1997 жылдары жарық көрді. Сөйтіп, Қадырғали Жалаири шығармасы шым-шырғасы шықпай оқырман қолына тиді.
Жалаиридің бұл еңбекті жазудағы негізгі мақсаты — өз əміршісі Шыңғысхан ұрпағы — Ондан сұлтанның баласы Оразмұхаммедтің хан тағына лайық екенін дəлелдеу. Екінші бір мақсат: «...Патша Борис Федоровичтің мəңгі əділдігін, ақтығын айту жəне тағы жоғары мəртебелі Оразмұхаммед ханды жоғары мəртебелі патшаның құрметпен хандыққа отырғызғанын көрсету үшін жазылды» (Березин И.Н. Библиотека восточных источников. Тю 1. — Казань, 1854).
«Жылнамалар жинағы» негізінен төрт бөлімнен тұрады. Кіріспе, аударма бөлімі, қазақ хандықтары және қортындылау бөлімі. Кіріспе бөлімін Мәскеу патшалығына, оның патшасы Борис Годуновқа арнайды. Осы бөлімінде «Ресей патшалығы - дүние жүзіндегі ең үлкен патшалық. Оның әскеріндей күш жоқ. Оған қараған жер-байлық, сән-салтанат ешбір елде болмаған көрініс» деп мадақтайды да, «осы еңбегімді Мәскеу патшасы Борис Годуновтың құрметіне арнаймын» - деп атап көрсетеді. Содан кейін Қасым қаласының ханы, қазақ сұлтаны Ораз-Мұхаммедті, оның хандыққа отырғандығын сыпаттап кетеді. Кітабының алғашқы бес бетінде Мәскеу патша сарайында болғандығын, оның көркем, байсалдылығын, әр елден келіп жатқан елшілерді, тағы басқа оқиғаларды жазған. Кітаптың негізгі бөлімі XIII ғасырдан XVI ғасырға дейінгі қазақ жеріндегі оқиғаға арналған. Автор: «ертедегі оқиғаларды парсы тіліндегі «Шыңғыс-Зададан» қазақшаға аудардым. Ал одан кейінгі окиғаларды алланың қуатының арқасында өзімнің зерттеуімше жаздым» деген. Бұған қарағанда кітаптың бірінші бөліміндегі баяндалатын оқиғалар Рашид-ед-диннің белгілі «Жамиғ-ат-таварих» атты парсы тіліндегі еңбегінен қазақ тіліне аударылған да, ал екінші бөліміндегі оқиғалар - Қазакстанның XVI ғасырдағы тарихына байланысты жазған беттері - бірінші қазақ тарихшысының өз қаламынан шыкқан.
Қазақстанның орта ғасырдағы тарихымен шұғылданушылар үшін тың мағлұмат беретін өте бағалы бөлімі - осы Қадырғалидың өзі жинап, өзі зерттеген, көзімен көріп, заманның куәшісі болған дәуірі - XVI ғасыр. Бұл ғасырдағы Қазақстан тарихы терең зерттелмеген. Міне, осы кемшілікті толықтыруда таптырмайтын тарихи дерек беретін еңбек - Қадырғалидың «Жылнамалар жинағының» екінші бөлімі деп білеміз. Бұл бөлімде XVI ғасырдың басынан бергі қазақ хандықтарының ішкі, сыртқы жағдайларына тоқталады. Қазақ тайпаларының халық болып қалыптасуы, оның тәуелсіздігі үшін жүргізген күресі, халықаралық жағдайы, тағы басқа мәселелер суреттеледі. Автор ұлы орыс халқына үлкен мейірбандықпен, сүйіспеншілікпен қарайды.
Бұл тарихи еңбекте қазақ хандарының саяси-әлеуметтік жағдайы туралы көптеген мағлұмат бар. Қазақстандағы рулық, патриархалдық-феодалдық қатынастың қаншама дамығандығы байқалады. Ханның төңірегіндегі сұлтандар мен қарашылар, бектер, мырзалар, аталықтар мен данышпандар, хафиздар сияқты түрлі әлеуметтік топтарға тоқталады. Ертеден келе жатқан бірнеше қазақ руларының тарихын баяндайды. Қадырғали бір кезде: «ханның қасында, оның сол жағында - Шырын, Барын тайпаларынан шыққандар, оң жағында - қыпшақ, арғын тайпаларынан шыққандар болса, қазір басқаша. Ханның сол жағында арғын - Жанышбек, қыпшақ - Төкейбек отыр, оң жағында маңғыт - Себайбек, жалайыр - Қадырғалибек отыр» деп көрсетеді.
«Жылнамалар жинағының» авторы қазақтың бай тілін жақсы меңгерген. Көрген-білгенін шеберлікпен суреттей білген, жақсы сауатты жазушы болған. Сондықтан бұл еңбек - тек тарихи мұра ғана емес, сонымен бірге бағалы әдеби шығарма. Бұл еңбек тарихи және әдеби ескерткіш болумен қатар, қазақ халқының рухани байлығының ең басты және бай саласы - тіл тарихын зерттеуде де мәні өте зор. Кітапта көптеген жер-су аттары, адам аттары (Жаған бикен, Қанық ханым), түрлі мақал-мәтелдер көп кездеседі. Мәселен, «Ойда-орыс, қырда-татар, барша ұлысын бақтырған хан» (5-бет). «Ғаділ келіп, залым кетер белгісі, кеше кетіп, күндіз болар, бұлт арасынан күннің көзі көрінер» (6-бет) немесе «Абаха хан Улан ханның ұлы еді. Арғын хан Абаха ханның үлкен ұлы еді. Бұл Ахметтен кейін жеті жыл патша болды» (10-бет). «Оғуздың барша қауымын ол уақытта түрікмен деп айтар» (12-бет).
Жалайыри еңбегін зерттеуші кейбір ғалымдар онда кездесетін қазақтың ару, қауым, қыршын деген сияқты сөздерін дұрыс түсіне алмаған. Тіпті «мал» деген сөздің де мәнін білмеген. Өйткені, бұл шығармада, Шокан Уәлиханов көрсеткендей, «мал» деген сөз, «туар қара мал» деген сөзсіз ешбір жерде жазылмаған. Бұған қарағанда ертеректе «жылқы» деген сөзді «туар қара» деген ұғымда айтқан сияқты. Ертеректегі қазақ келіншектері Жылқыбай деген атасы болса, жылқыны жылқы демей, «туар» деп атаған.
Қамбар сұлтан туралы әңгімесінде: «Қамбар сұлтан өмірінде Қасым ханның тобығында жүрді. Ешуақытта хан болуға тырысқан емес. Қамбар сұлтан ылғи сақта болып, әскерді басқарған адам. Оның тұкымдары да хан болған емес» деп жазады. Бұл деректерге қарағанда, қазақтың батырлар жырында жырланатын атақты Қамбар батыр-әскери адам, хан әскерінің басы, ол қазақ хандығының жерін, шегін қорғауға, халқын қорғауға өмірін сарп еткен адам деп есептеуге негіз бар.
Қазак халқының қадірменді ұлы Қадырғали Қосынұлы Жалайыридың өмірі, ол жасаған дәуір және оның қаламынан туған қазак тіліндегі тарихи еңбектің кысқаша мазмұны осындай. Әрине, заманымыздың жетістігі тұрғысынан қарағанда, әңгіме етіп отырған еңбек ғылыми, әдеби жағынан онша құнды болып көрінбеуі де мүмкін Бірақ бұл еңбекке және оның авторына тарихи тұрғыдан, атап айтқанда XVI ғасырдың өлшемімен қарауымыз керек. Ал, бұл тұрғыдан алғанда, Қадырали Қосынұлының еңбегінің мәні өте зор.
"Қадырғали Жалайри еңбегінің қазақ халқының, қазақ хандығының қалыптасу процесін зерттеп білуде алатын орны ерекше, бұл мәселелерді анықтау барысында тарихшылар оған әлі талай рет оралатын болады, — дейді одан өрі М.Қойгелдиев. — Мәселен, Қадырғали бидің сол түстағы қазақ елін "Алаш мыңы" атау себебі ғылыми әдебиетте әлі күнге дейін жан-жақты баяндалған емес... Аса маңызды тарауларының бірі — "Орыс хан дастаны". Бұл дастаннан біз басқа еңбектерде кездесе бермейтін мынадай фактілерді байқаймыз: біріншіден, Жәнібек ұлысының, яғни қүдіретті Алтын Орданың ыдырау барысы, оған Фетка Науакрат бастаған әскердің "қосқан" үлесі, Фетка Науакрат деген кім, қайдан келген — бұл әлі анықталмаған мәселе. Екіншіден, осы Фетка Науакрат салған алаңнан кейін Орыс ханны Алатау жаққа кетіп, сонда орын тебуі. Ал бұл Орыс хан қазақ хандары династиясының негізін қалаушы болғандығы мәлім. Үшіншіден, Қадырғали би бұл дастанында Жетісудың сол тұстағы (ХIV-ғасыр) қалаларын атап, әскерін сипаттап, елінің ірі, ержүрек келетіні туралы да айтқан" (38-бет). "Қазақ тарихы" журналының сол нөмірінде Қадыр Әлі еңбегінің "Орыс хан және оның ұрпақтары" деген тарауы берілген. Жалпы, Қадыр Әлі еңбегі қолдан қолға көшірілгенде көп қателер кеткені анық, сонда да оған әлі талай тарихшы айналып соғары сөзсіз.
Шығыс жылнамашыларының, әсіресе, Рашид әд-Диннің, Әбілғазының, Хайдар Дулатидің, Қадырғали Жалайырдің тағы басқа ғалымдардың жазбаша еңбектерін оқып отырғанда ағайын-туғандар бақ-дәулет, атақ-даңқ үшін қаншама ғасырлар бойы өзара қырғын соғыстар ашқанына көз жеткізу қиын емес. Бірақ, бүл — тарих. Ал тарихтан келер үрпақсабақалып, өсіп-өркендеуге тиіс. Ол үшін өткен тарихқа жиі-жиі көз жіберіп отыруымыз керек. Қадыр Әлі бидің еңбегі — бұл салада айрықша көзге түсетін інжу-маржан.
Достарыңызбен бөлісу: |