320-бап. Салық мөлшерлемелері
1. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетiлген кірістерді қоспағанда, салық төлеушiнiң кірісіне 10 пайыздық мөлшерлеме бойынша салық салынады.
2. Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған дивидендтер түрiндегi кірістерге 5 пайыздық мөлшерлеме бойынша салық салынады.
321-бап. Жеке тұлғаның жылдық кірісіне қосылатын кірістер
Жеке тұлғаның жылдық кірісіне оның кірістерінің барлық түрлері қамтылады:
жұмыскердің кірісі, оның ішінде үй жұмыскерінің кірістері және Қазақстан Республикасының резиденті үй жұмыскері болып табылатын еңбекші көшіп келушінің кірісі;
мүліктік кірістен басқа, дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам болып табылмайтын жеке тұлға алған тауарларды өткізуден, жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден түскен кіріс;
жеке тұлғаның тауарлардың құнына, орындалған жұмыстарға, көрсетілген қызметтерге үшінші тұлғаның ақы төлеуі түріндегі кіріс;
жеке тұлға алдында берешекті өтеу есебінен орындалған (көрсетілген) жұмыстар, көрсетілетін қызметтер түріндегі кіріс;
өтеусіз алынған мүлік, оның ішінде жұмыстар, көрсетілетін қызметтер түріндегі кіріс;
борышты кешіру түріндегі кіріс;
есепке жазылған айыппұлды, өсімақыны және санкциялардың басқа да түрлерін қоспағанда, борышкерге қойылатын талап ету мөлшерін азайту түріндегі кіріс;
репо операциялары бойынша сыйақы төлеу түріндегі кіріс;
зейнетақы төлемдері түріндегі кіріс;
дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар түріндегі кіріс;
стипендия түріндегі кіріс;
жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша кіріс;
мүліктік кіріс;
дара кәсіпкер кірісі;
жеке практикамен айналысатын адамның кірісі;
салық салуға жататын, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын адамның анық емес мәліметтерді салық агентіне ұсынуға байланысты төлем көзінен жеке табыс салығын ұстап қалу жүргізілмеген, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаруашылықты есепке алу кітабында есепке алынған жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін кіріс;
осы тармақтың 1) - 16) тармақшаларында көрсетілмеген, салық агентінен немесе Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған басқа да кірістер;
осы Кодекстің 335-3-бабына сәйкес айқындалатын бақыланатын шетелдік компаниялардың немесе бақыланатын шетелдік компаниялардың тұрақты мекемелерінің жиынтық пайдасы.
36-ТАРАУ. КІРІСТЕР
§ 1. Төлем көзінен салық салынуға жататын кірістер
322-бап. Жұмыскердің кірісі
1. Салық агенті болып табылатын жұмыс беруші есепке жазған және оның ішінде Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес жұмыс берушінің бухгалтерлік есепке алуында шығыстар (шығындар) ретінде танылған мына кірістер:
1) еңбек қатынастарының болуына байланысты жұмыс берушінің жұмыскер меншігіне беруіне жататын, қолма-қол және (немесе) қолма-қол емес нысандағы ақша;
2) осы Кодекстің 160-бабына сәйкес жұмыскердің заттай нысандағы кірістері;
3) осы Кодекстің 165-бабына сәйкес жұмыскердің материалдық пайда түріндегі кірістері жұмыскердің кірістері болып табылады.
2. Салық салуға жататын, салық агенті болып табылмайтын тұлғалардан алынған (алуға жататын) жұмыскердің кірістері Қазақстан Респбликасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес жасалған еңбек шарты (келісімшарты) бойынша алынған (алуға жататын) кіріс болып табылады.
3. Жұмыскердің салық салуға жататын кірісіне мынадай кірістер:
1) жеке тұлғаның салық агентінен түсетін кірістері;
2) зейнетақы төлемдерi түріндегі кіріс;
3) дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар түрiндегi кіріс;
4) стипендиялар;
5) жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша кіріс;
6) жеке тұлға өз бетінше салық салуға жататын кірістер жатпайды.
323-бап. Жұмыскердiң заттай нысандағы кірісі
Жұмыскердiң салық салынуға жататын, заттай нысандағы кірісі мыналар:
1) еңбек қатынастарының болуына байланысты жұмыс берушінің жұмыскер меншігіне беруіне жататын тауарлардың, бағалы қағаздардың, қатысу үлесінің және өзге мүліктің (ақшадан басқа) құны болып табылады. Мұндай мүліктің құны қосылған құн салығының тиісті сомасы және акциздер:
мүліктің баланстық құны;
мұндай мүліктің баланстық құны болмаған жағдайда, мүлік жұмыскерге берілетін шарт немесе өзге де құжат негізінде айқындалатын мүліктің құны;
2) еңбек қатынастарының болуына байланысты жұмыс берушінің жұмыскер пайдасына жұмыстарды орындауы, қызметтер көрсетуі болып табылады. Орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құны қосылған құн салығының тиісті сомасы және акциздер ескеріле отырып, жұмыс берушінің осындай жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге байланысты шеккен шығыстары мөлшерінде айқындалады;
3) жұмыс берушіден өтеусіз негізде алынған мүліктің құны болып табылады. Жұмыскер жұмыс берушіден өтеусіз негізде алған, орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтердің құны жұмыс берушінің осындай жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге байланысты шеккен шығыстары мөлшерінде айқындалады;
4) жұмыскер жұмыс берушіден немесе үшінші тұлғалардан алған тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құнын жұмыс берушiнiң жұмыскерге немесе үшінші тұлғаларға төлеуi болып табылады. Мұндай тауарлардың, орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтердің құны қосылған құн салығының тиісті сомасы және акциздер ескеріле отырып, жұмыс берушінің осындай жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге байланысты шеккен шығыстары мөлшерінде айқындалады.
324-бап. Жұмыскердiң материалдық пайда түрiндегi кірісі
Жұмыскердiң салық салынуға жататын материалдық пайда түріндегі кірісі:
1) жұмыскерге тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу кезінде – жұмыскерге өткізілген тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құны мен осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi сатып алу бағасы немесе олардың баланстық құны арасындағы терiс айырма;
2) жұмыскер борышының сомасын есептен шығарған кезде – жұмыс берушiнiң шешiмi бойынша жұмыскердiң оның алдындағы борышының немесе мiндеттемесiнiң сомасын есептен шығару;
3) сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларының сомасын төлеу кезінде – жұмыс берушiнің өз жұмыскерлерiнің, оның ішінде жұмыскерлермен жасалған сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларын төлеуге арналған шығыстары;
4) жұмыскерге шығындарды өтеу кезінде – жұмыскердің жұмыс берушiнің қызметiне байланысты емес шығындарын өтеуге жұмыс берушiнің жұмсаған шығыстары болып табылады.
325-бап. Өтеусіз алынған мүлік, оның ішінде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер түріндегі кіріс
Өтеусіз алынған мүлік, оның ішінде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер түріндегі кіріс қосылған құн салығының және акциздердің тиісті сомасы ескеріле отырып, төмендегідей мөлшерде:
мүліктің баланстық құны;
мұндай мүліктің баланстық құны болмаған жағдайда, мүлік жеке тұлғаға берілетін шартта немесе өзге де құжатты айқындалған мүлік құны айқындалады.
326-бап. Зейнетақы төлемдері түріндегі кіріс
1. Салық салуға жататын зейнетақы төлемдері түріндегі кіріске:
1) мыналар:
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті зейнетақы жарналары;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес 2014 жылғы
1 қаңтарға дейін қолданылған ерікті кәсіптік зейнетақы жарналары;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары;
ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың талаптарына сәйкес ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған салық төлеушілердің зейнетақы жинақтарынан;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зейнеткерлік жасына толған және тұрақты тұруға Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге шығып кеткен Қазақстан Республикасының резидент жеке тұлғаларына;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зейнеткерлік жасына толмаған және тұрақты тұруға Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге шығып кеткен Қазақстан Республикасының резидент жеке тұлғаларына;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылған зейнетақы жинақтары түріндегі жеке тұлғаларға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары жүзеге асыратын төлемдер жатады.
327-бап. Дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар түріндегі кірістер
1. Мыналар:
1) осы Кодекстің 12-бабы 1-тармағы 14) тармақшасында айқындалған, төленген (төленуге жататын) дивидендтер;
2) төленген (төленуге жататын) сыйақылар;
3) төленген (төленуге жататын) ұтыстар салық салынуға жататын дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар түріндегі кірістер болып табылады.
Осы бөлімнің мақсаттары үшін сенімгерлік басқару шарты бойынша сенімгерлік басқару құрылтайшысының не сенімгерлік басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының сенімгерлік басқарудан түскен, сенімгерлік басқарушы болып табылатын заңды тұлғадан алған таза кірісі де салық салынуға жататын дивидендтер түріндегі кіріске жатады.
328-бап. Стипендия түріндегі кіріс
Салық агенті:
Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасына сәйкес білім беру ұйымдарында білім алушыларға;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мәдениет, ғылым қайраткерлеріне, бұқаралық ақпарат құралдары жұмыскерлеріне және басқа да жеке тұлғаларға төлеуге тағайындаған ақша сомасы салық салуға жататын стипендия түріндегі кіріс болып табылады.
329-бап. Жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша кіріс
1. Салық салуға жататын жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша кіріс:
1) сақтандыру сыйлықақылары:
жеке тұлғаның жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша өз пайдасына енгізетін сақтандыру сыйлықақылары есебінен;
жұмыс берушінің жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша жұмыскердің пайдасына енгізетін сақтандыру сыйлықтары есебінен төленген сақтандыру ұйымдары жүзеге асыратын сақтандыру төлемдері есебінен төленген сақтандыру ұйымдары жүзеге асыратын сақтандыру сыйлықақылары;
2) осындай шарттар мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайларда төленетін құнын төлеп сатып алу сомалары;
3) сақтандыру ұйымы жүзеге асыратын сақтандыру төлемдері сомасының осы баптың 1) тармақшасында көрсетілмеген қаражат есебінен төленген сақтандыру сыйлықақыларының сомасынан асып кетуі болып табылады.
§ 2. Жеке тұлға өз бетінше салық салуға жататын кірістер
330-бап. Мүліктік кіріс
1. Жеке тұлғаның салық салуға жататын мүліктік кірісіне:
1) жеке тұлғаның осы Кодекстің 180-1-бабында көрсетілген мүлікті өткізуі кезіндегі құн өсімінен түсетін кіріс;
2) жеке тұлғаның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған мүлікті өткізуден түскен кірісі;
3) жеке тұлғаның осы Кодекстің 180-2-бабында көрсетілген мүлікті (ақшадан басқа) жарғылық капиталға салым ретінде беруі кезіндегі құн өсімінен түсетін кіріс;
4) дара кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлғаның мүлікті салық агенттері болып табылмайтын тұлғаларға мүліктік жалдауға (жалға) беруден алған кірісі;
5) талап ету құқығын басқаға беруден, оның ішінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын үйдегі (ғимараттағы) үлесінен түсетін кіріс;
6) шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолданатын, бірыңғай жер салығын төлеуші болып табылатын дара кәсіпкердің осы Кодекстің 180-3-бабында көрсетілген өзге де активтерді өткізу кезіндегі құн өсімінен түсетін кіріс жатады.
2. 1), 2) және 3) тармақшалардың ережелері жеке тұлғаларға, оның ішінде бірыңғай жер салығын төлеушілер болып табылатын шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлерге қатысты қолданылады.
3. Мүліктік кіріс дара кәсіпкердің кірісі, жеке практикамен айналысатын адамның кірісі болып табылмайды.
331-бап. Жеке тұлғаның Қазақстан Республикасында мүлікті өткізуі кезіндегі құн өсімінен түсетін кіріс
1. Жеке тұлғаның мүлікті өткізуі кезіндегі құн өсімінен түсетін кіріс мынадай мүлікті:
1) меншік құқығында болған Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан тұрғын үйлерді, саяжай құрылыстарын, гараждарды, жеке қосалқы шаруашылық объектілерін;
2) меншік құқығында болған Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген объектілер орналасқан, меншік құқығы туындаған күннен бастап өткізу күніне дейін нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы, саяжай құрылысы, жеке қосалқы шаруашылықты жүргізу, гараж салу болып табылатын жер учаскелерін және (немесе) жер үлестерін;
3) меншік құқығында болған Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген объектілер орналаспаған, меншік құқығы туындаған күннен бастап өткізу күніне дейін нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы, саяжай құрылысы, жеке қосалқы шаруашылықты, бау-бақша шаруашылығын жүргізу, гараж салу болып табылатын жер учаскелерін және (немесе) жер үлестерін;
4) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көрсетілмеген, нысаналы мақсаты бар жер учаскелерін және (немесе) жер үлестерін;
5) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан инвестициялық алтынды;
6) осы тармақтың 1) - 4) тармақшаларында көрсетілген мүлікті қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жылжымайтын мүлікті;
7) меншік құқығында болған, Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркелуге жататын механикалық көлік құралдарын және тіркемелерді;
8) эмитенттері Қазақстан Республикасында тіркелген бағалы қағаздарды, туынды қаржы құралдарын (базалық активті сатып алу немесе өткізу арқылы орындалатын туынды қаржы құралдарын қоспағанда); Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін өткізу кезінде туындайды.
2. Мүлікті өткізу бағасы (құны) мен оны сатып алу бағасы (құны) арасындағы оң айырма осы баптың 1-тармағының 1) - 7) тармақшаларында көрсетілген мүлікті өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
Осы тармақтың ережелері осы баптың 5 - 7-тармақтарына сәйкес айқындалатын өтеусіз алынған мүлікті өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріске қолданылмайды.
3. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу арқылы сатып алынған жылжымайтын мүлік өткізілген жағдайда, мүлікті өткізу бағасы (құны) мен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бағасы арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
4. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлесті талап ету құқығын басқаға беру нәтижесінде сатып алынған жылжымайтын мүлік өткізілген жағдайда, мүлікті өткізу бағасы (құны) мен салық төлеуші тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлесті талап ету құқығын сатып алған құн арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
5. Жеке тұлға бұдан бұрын осы Кодекстің 427-бабының 4-тармағына сәйкес өтеусіз алынған мүлік түрінде салық салу объектісіне енгізілген немесе бұдан бұрын ол бойынша осы Кодекстің 96-бабына сәйкес өтеусіз алынған мүлік түрінде кіріс айқындалған, осы баптың 1-тармағының 1) - 8) тармақшаларында көрсетілген мүлікті өткізген жағдайда, мүлікті өткізу бағасы (құны) мен өтеусіз алынған мүліктің бұдан бұрын кіріске қосылған құны арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
6. Жеке тұрғын үйді өткізетін тұлға салған жеке тұрғын үй, сондай-ақ мұра, қайырымдылық көмек (осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда) түрінде алынған, осы баптың 1-тармағының 1) - 7) тармақшаларында көрсетілген мүлік өткізілген жағдайларда, мүлікті өткізу бағасы (құны) мен өткізілетін мүліктің меншік құқығы туындаған күнгі нарықтық құны арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
Бұл ретте мұндай нарықтық құнды салық төлеуші осындай мүлік өткізілген салықтық кезеңі ішіндегі кіріс және мүлік туралы декларацияны табыс ету үшін белгіленген мерзімнен кешіктірмей айқындауға тиіс. Осы тармақтың мақсатында Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған құн нарықтық құн болып табылады
7. Осы баптың 6-тармағында көрсетілген жағдайда, осы баптың 1-тармағының 1) - 7) тармақшаларында көрсетілген, өткізілген мүліктің меншік құқығы туындаған күнге айқындалған нарықтық құны болмаған кезде не осы баптың 6-тармағында белгіленген нарықтық құнын айқындау мерзімі сақталмаған кезде, сондай-ақ осы баптың 6-тармағында көрсетілмеген, мүлікті сатып алу бағасы (құны) болмаған басқа жағдайларда, құн өсімінен түсетін кіріс:
1) осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мүлік бойынша – мүлікті өткізу бағасы (құны) мен бағалау құны арасындағы оң айырма болып табылады. Бұл ретте салық органдары жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган ұсынатын мәліметтер негізінде, өткізілген мүлікке меншік құқығы туындаған жылдың
1 қаңтарында мүлік салығын есептеу үшін айқындаған құн бағалау құны болып табылады;
2) осы баптың 1-тармағының 2) - 4) тармақшаларында көрсетілген мүлік бойынша – мүлікті өткізу бағасы (құны) мен жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнының арасындағы оң айырма болып табылады. Бұл ретте жер қатынастары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган неғұрлым кеш күндердің біріне:
жер учаскесіне меншік құқығы туындаған күнге;
жер учаскесіне меншік құқығы туындаған күннің алдындағы соңғы күнге айқындаған құн кадастрлық (бағалау) құн болып табылады;
3) осы баптың 1-тармағының 5) - 7) тармақшаларында көрсетілген мүлік бойынша – осындай мүлікті өткізу бағасы (құны) болып табылады.
Дара кәсіпкер болып табылмайтын, жеке тұлға салған тұрғын емес үйді (ғимаратты) өткізу кезінде осындай мүлікті өткізу бағасы (құны) мен осындай тұрғын емес үйді (ғимаратты) салу үшін сатып алынған жер учаскесінің құны арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
Бұрын тұрғын үйден (ғимараттан) реконструкцияланған, кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын тұрғын емес үйді (ғимаратты) өткізу кезінде осындай мүлікті өткізу бағасы (құны) мен оны тұрғын үй (ғимарат) ретінде сатып алу құны арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
8. Жеке тұлға осы баптың 1-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген, Қазақстан Республикасының аумағына осындай тұлға бұдан бұрын әкелген мүлікті өткізген жағдайда:
1) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше емес мемлекеттің аумағынан әкелінген механикалық көлік құралдары және (немесе) тіркемелер бойынша – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше емес мемлекеттің аумағынан әкелінген механикалық көлік құралының және (немесе) тіркеменің сатып алынғанын растайтын шартта (келісімшартта) немесе өзге де құжатта көрсетілген баға (құн) және тауарлар декларациясында көрсетілген және осындай механикалық көлік құралдарын және (немесе) тіркемелерді әкелу кезінде төленген қосылған құн салығы мен акциз сомасы;
2) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағынан әкелінген механикалық көлік құралдары және тіркемелер бойынша – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағынан әкелінген механикалық көлік құралының және (немесе) тіркеменің сатып алынғанын растайтын шартта (келісімшартта) немесе өзге де құжатта көрсетілген баға (құн) және импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі салық декларациясында көрсетілген және осы Кодексте белгіленген тәртіппен төленген қосылған құн салығы мен акциз сомасы оны сатып алу бағасы (құны) болып табылады.
9. Осы баптың 1-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген мүлікті өткізу кезіндегі құн өсімінен түсетін кіріс:
1) сатып алу (салым) бағасы (құны) болған жағдайда – өткізу бағасы (құны) мен оны сатып алу (салым) бағасы (құны) арасындағы оң айырма болып табылады. Жеке тұлға опцион бойынша сатып алған бағалы қағаздарды өткізу кезінде сатып алу құны опционның орындалу бағасы мен опционның сыйлықақысы мөлшерінде айқындалады;
2) мүлікті (салымды) сатып алу бағасы (құны) болмаған жағдайда – мүлікті өткізу бағасы (құны) болып табылады.
Осы Кодекстің осы бабының және 180-2-бабының мақсатында заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көрсетілген, бірақ нақты енгізілген салым мөлшерінен аспайтын құн жарғылық капиталға салымның құны болып табылады.
332-бап. Жеке тұлғаның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған мүлікті өткізуден түсетін кірісі
1. Егер осы Кодекстің осы бабында және 180-1-бабында өзгеше белгіленбесе, жеке тұлғаның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған мүлікті өткізу кезінде түсетін кірісі мүлікті өткізу құны болып табылады.
2. Жеке тұлғаның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған мүлікті өткізу кезінде түсетін кірісі мынадай мүлікті:
1) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі мүлікке құқық және (немесе) мәмілелер шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге де тіркелуге жататын;
2) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі, шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге де тіркелуге жататын мүлікті өткізу кезінде мүлікті өткізу құны мен оны сатып алу құны арасындағы оң айырма ретінде айқындалады.
3. «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен жария етілген, сатып алу бағасы (құны) жоқ және жария еткені үшін алым төлеу бойынша міндеттеме орындалған мүлікті жария еткен тұлға оны өткізген жағдайларда, мүлікті өткізу бағасы (құны) мен өткізілетін мүлікті жария ету үшін алынатын алымды есептеу үшін теңгемен айқындалған бағалау құны арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
4. Борыштық бағалы қағаздарды қоспағанда, жеке тұлғаның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған бағалы қағаздарды өткізу кезінде түсетін кірісі өткізу құны мен сатып алу құны арасындағы оң айырма ретінде айқындалады.
5. Жеке тұлғаның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған борыштық бағалы қағаздарды өткізу кезінде түсетін кірісі өткізу күнгі дисконт амортизациясы және (немесе) сыйлықақы ескеріле отырып, купон есепке алынбаған өткізу құны мен сатып алу құны арасындағы оң айырма ретінде айқындалады.
6. Жеке тұлғаның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған қатысу үлесін өткізу кезінде түсетін кірісі өткізу құны мен оны сатып алу (салым) құны арасындағы оң айырма ретінде айқындалады.
7. Осы баптың 2-тармағының ережесі мынадай жағдайларда:
1) жылжымайтын мүлік жеңілдікті салық салынатын мемлекеттің аумағында болса;
2) жылжымалы мүлікке құқықтар немесе жылжымалы мүлік бойынша мәмілелер жеңілдікті салық салынатын мемлекеттің құзыретті органында тіркелген болса, қолданылмайды.
8. Осы баптың 4, 5, 6-тармақтарының ережелері, егер осы баптың 4, 5, 6-тармақтарында көзделген кірістер жеңілдікті салық салынатын мемлекеттегі көздерден алынса, қолданылмайды.
9. Осы баптың 2, 3, 4, 5 және 6-тармақтарының ережелері:
1) мүлікті сатып алу құнын (салым құнын);
2) мүлікті өткізу құнын;
3) мүлікті және (немесе) мүлікке меншік құқығын және (немесе) мүлік бойынша мәмілені шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органының тіркегенін растайтын құжаттар негізінде қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |