Сабақтың жоспары:
Географиялық қабықтағы зат айналымы
Географиялық қабықтың заңдылықтары
1. Географиялық қабықтағы зат айналымы бір құбылыстар мен процестердің бірнеше рет қайталанып отыруын қамтамасыз етеді. Айналымға жататындар: мұхит суларының циркуляциясы, атмосферадағы ауа циркуляциясы, су айналымы (үлкен және кіші), биологиялық процестер, тау жыныстарының айналымы.
Теңіздік ағыстар әрбір мұхитта мұхиттық циркуляциялар сақинасын құрайды. Олардың ең ірілері экватор мен қырықыншы параллельдер арасында қалыптасады. Кориолис күшінің әсерінен солтүстік жарты шардағы сақинадағы су сағат тілімен, ал оңтүстікте – сағат тіліне қарсы қозғалады. Мысалы, Саргасс теңізінің маңындағы сақина. Мұхит суларындағы циркуляцияның міндетті буыны компенсациялық қарсы ағыстар болып табылады. Мысалы, Атлант және Тынық мұхиттарындағы пассат аралық ағыстар.
Айналып тұрған Жер атмосферасындағы циркуляциясының жүруі негізінен жер бетінің әр түрлі жылынуына негізделген. Төменгі ендіктер тез жылынса, полярлық ендіктер баяу жылынады. Нәтижесінде температураның әр түрлілігіне байланысты атмосфераның 20-25км қабатында экватор мен полюстер арасында ендік аралық ауа алмасуы пайда болады. Материктер мен мұхиттар арасында да температураның әр келкілігі байқалады: жазда суықтың ошағы – мұхит, жылының ошағы – материк; қыста суықтың ошағы – материк, жылының ошағы – мұхит.
Табиғаттағы су бір күйден екінші күйге үздіксіз өтуі арқылы үлкен және кіші су айналымын қалыптастырады. Мұхит бетінен буланған су жоғары көтеріліп атмосферада конденсацияға ұшырап мұхит бетіне жауын түрінде түсіп кіші су айналымын қалыптастырады. Су буы ауа ағыстары арқылы құрлыққа тасымалданған кезде, су айналымы күрделене түседі. Жауын-шашынның бір бөлігі құрлыққа түседі. Оның бір бөлігі атмосфераға қайта буланып, бір бөлігі жер асты және жер үсті ағыстары арқылы мұхитқа келіп қосылады да үлкен су айналымын жасайды.
Биологиялық айналым географиялық қабықта минералды қосылыстардың аккумуляциялануында үлкен рол атқарады. Биологиялық айналымның жалпы сызбасы келесідей: жасыл өсімдіктерде күндізгі жарық кезінде фотосинтез жүреді; жануарлар мен өсімдіктердегі органикалық заттар организмдердің өлімінен кейін микробтар оларды қарапайым қосылыстарға дейін – көмірқышқыл газы, су, аммиак және т.б. ыдыратады. Жоғарыда айтылған жолмен пайда болған, органикалық қосылыстарды жануарлар, өсімдіктер, саңырауқұлақтар мен микробтар сіңіріп алады да, одан соң қайта күрделі органикалық қосылыстардың құрамына енеді.
Жердегі ішкі процестердің әсерінен сыртқа төгілген магма тау жынысына айналады. Сыртқы күштердің әсерінен тау жыныстары үгіліп сумен, мұзбен, желмен тасымалданады да, басқа бір жерге барып шөгеді. Жоғарғы қысым мен температураның әсерінен шөгінді жыныстар метаморфоздалады, ал температура жеткілікті мөлшерде жоғары болған жағдайда жыныстар балқып, магма күйіне айналады.
2. Географиялық қабықтың негізгі заңдылықтары: біртұтастылығы, ырғақтылығы, зональдылық, азональдылық және полярлық ассиметрия.
Біртұтастылық – геогафиялық қабықтың ең маңызды заңдылықтарының бірі, оның барлық компоненттері бір-бірімен тығыз байланысты және олардың кез келген бірі өзгеріске ұшыраса географиялық қабықтың біртұтастылығы бұзылады. Географиялық қабықтың біртұтастылығы зат пен энергия айналымы есебінен жүргізіледі. Компоненттерге адамның іс-әрекеті үлкен ықпалын тигізеді. Компоненттердің өзара байланысы туралы білімнің жеткіліксіздігі Каспий, Арал теңіздерінің мәселелеріне, шөлденуге, топырақтың деградациялануына әкелді.
Ырғақтылық дегеніміз – белгілі бір уақыт аралығында қайталанып отыратын процестер кешені, олар әрдайым бір бағытта дамып отырады. Ырғақтылықтың екі формасы бар: периодтық – бұл ұзақтығы бірдей ырғақтар, циклдік – ұзақтығы ауыспалы ырғақтар.
Ырғақтардың ұзақтығы әр келкі болады: ғасырдан астам, ғасыр ішілік, жылдық, тәуліктік. Жер тарихындағы ең ірі ырғақ Күн жүйесінің Галактика төңірегінде айналуымен байланысты және ол 180-220 млн жылды құрайды. Жер тарихында олар тектоникалық кезеңдер ретінде болады: каледон, герцин, мезазой, кайнозой. Бұл кезде тектоникалық қозғалыстар жылдамдап, вулканизм, материктердің жағалаулары өзгереді, нәтижесінде климаттың өзгеруіне әкеледі.
Ғасырдан астым ырғақтардың ішінде ұзақтығы 1800-2000 жыл болатын ырғақтар жақсы зерттелген. Ырғақ жерге келетін толысу қалыптастырушы күштердің өзгеруіне негізделген. Шамамен 1800 жылда Күн, Ай және Жер бір жазықтықта, бір тізу сызықтың бойына келеді; бұл кезде Күн мен Жердің арасындағы қашықтық ең төменгі болады. Ырғақта үш фаза бөлінеді. Бірінші фаза – трансгрессивті (салқын және ылғалды климат), жылдам дамиды, бірақ ұзаққа созылмайды 300-500жыл. Екінші фаза – регрессивті (құрғақ және жылы климат), бұл фазаның ұзақтығы 600-800 жыл. Үшінші фаза - өтпелі, оның ұзақтығы 700-800 жыл. А.В. Шнитников салқын ылғалды климат кезеңінде мұз басу күшейіп, өзендердің ағысы артады, көлдердің деңгейі көтеріледі; құрғақ жылы кезеңде - өзендер тартылып, мұздықтар кішірейеді деп есептеген.
Ғасыр ішілік ырғақтардың ішінде ұзақтығы 11, 22 және 33 жыл болатын циклдер белгілі. Олар күннің белсенділігімен байланысты. А.Л. Чижевский күн белсендігінің шарықтау шегінде эпидемия күшейеді, вулкандық белсенділік артып, циклондардың пайда болу жиілігі күшейеді деп есептейді.
Жылдық ырғақтылық Жердің орбиталық қозғалысына және осьтің еңістігіне негізделген жыл мезгілдерінің ауысуымен байланысты. Маусымдық ырғақтылық барлық геосфераларда байқалады: атмосферада ылғалдылық, температура, жауын-шашынның жылдық барысы, маусымдық желдер – муссондар қалыптасады. Литосферада жыл бойына желге мүжілу интенсивтілігі және басқада экзогенді процестер өзгеріп отырады. Гидросферада су температурасының жылдық барысы, тұздылығы, тығыздығы, балықтардың маусымдық миграциясы байқалады.
Әр түрлі табиғи аймақтарда маусымдардың саны әркелкі. Экваторлық белдеуде жыл бойына ыстық әрі ылғалды, сондықтан мұнда бір ғана жыл мезгілі болады. Субэкваторлық белдеуде екі маусым – құрғақ және ылғалды болып бөлінеді. Қоңыржай ендіктерде жылдың төрт мезгілі – көктем, жаз, күз, қыс анық байқалады.
Тәуліктік ырғақтылық Жердің өз осінен айналуы кезінде болатын күн мен түннің алмасуымен байланысты. Тәуліктік ырғақтылық тәулік барысында байқалады, фотосинтез тек күндіз ғана жүреді. Адам да «күн сағаты» бойынша жүреді: организмнің активтілігі таңғы сағат 2-ден 5 аралығында және 12-14 сағат аралықтарында төмендейді; бұл мезгілде пульстің жиілігі азайып, есте сақтау, температура төмендейді. Сағат 8-ден 12 және 14-17 аралығында белсендірек болады.
Зональдылық туралы ілімнің негізін қалаушы ұлы орыс топырақтанушысы әрі географ В.В. Докучаев (1846-1903). Ол зональдылық – табиғаттың жалпы заңдылығы деп есептеген. Зональдылықтың негізгі себебі – Жердің шар тәрізді формасы және күн радиациясының ағыны. Зональдылық – күн сәулесінің түсу бұрышының экватордан полюстерге қарай өзгеруіне байланысты компонентердің немесе кешендердің өзгеру заңдылығы.
Географтар компоненттік және кешендік зональдылық түсініктерін бөледі. Компоненттік зональдылық туралы түсініктер антикалық дәуірлерде қалыптасқан. Аристотельдің өзі Жердің жылулық белдеулерін бөліп көрсеткен. Кешенді зональдылықты В.В.Докучаев ашып, оның негізін қалаған. Ғалымдар горизонтальды, ендік және меридиандық зональдылықты бөледі. Олардың жалпы түсінігі – горизонтальды зональдылық. Жазықтарда ендік бағытта көрініс берсе, мұхиттарда меридиандық сипатқа ие болады.
Азональдылық – эндогендік процестердің көрініс беруімен байланысты компонентердің және кешендердің өзгеруі. Азональдылықтың себебі – жер бетінің әркелкілігі, материктер мен мұхиттардың болуы, материктердегі таулар мен жазықтар. Азональдылықтың екі негізгі формасы бар – географиялық белдеулердің секторлығы және биіктік белдеулік. Географиялық белдеу шеңберінде үш секторды бөледі – материктік және екі мұхит маңы.
Академик К.К. Марковтың пікірі бойынша, географиялық қабықтың негізгі заңдылығы полярлық асиметрия деп есептеу қажет. Жердің пішінінің өзі асиметриялы, солтүстік полярлы жартылай осьі оңтүстікке қарағанда 30-100 м ұзынырақ. Солтүстік жарты шарда құрлықтың ауданы 39%, ал Оңтүстікте – 19%. Солтүстік жарты шардағы Солтүстік Мұзды мұхитына, оңтүстікте Антарктида материгі сай келеді. Солтүстік жарты шарда жер қыртысының бір шама көтерілген үлескілері (Байкал, Канада қалқандары) орналасса, Оңтүстікте бұл ендіктерде мұхиттық шұңғымалар тізбегі (Африка-Антарктикалық, Австралия-Антарктикалық) жатыр.
Материктер мен мұхиттардың асиметриялылығы қалған компоненттердің де асиметриялылығын тудырады. Оңтүстік жарты шарда судың үлесі көп болуына байланысты климат тұрақтырақ, температураның жылдық амплитудасы 6°, ал Солтүстікте- 14°.
№13 дәріс тақырыбы: Географиялық орта және қоғам.
Достарыңызбен бөлісу: |