5-деңгей. Өзін-өзі жүзеге асыру қажеттілігі - рухани даму мен кемелдену, оның жаңа жолдарын іздеу, ізгілікке ұмтылу, басқаларға жақсылық жасау, өзін-өзі және әлемді жақсартудың күнделікті қажеттілігі. Адам өзінің бүгінгі ахуалынан асып кеткісі келіп, үнемі кемелденудің жолдарын іздейді.
Психологтар 1-ші және 2-ші деңгейлерді негіз құрайтын қажеттіліктер деп есептейді. Оларды қанағаттандырмайынша, адамда жоғарғы қажеттіліктер пайда болмайды. Мәселен, жалақысы төмен кәсіпорын немесе фирмада қызметкерлер мен жұмысшылар өздерін ұжым мүшесі ретінде сезінбейді, олар өз жұмысын ұдайы түрде жақсартуға тіпті де ұмтылмайды. Алайда көп жағдайларда негіз құрайтын қажеттіліктер қанағаттандырылса да, адамда жоғарғы қажеттіліктердің пайда болмауы да мүмкін. Адамның алға ұмтылысына оның шыққан тегі, тәрбиесі, өмір сүру ортасы және басқа да әлеуметтік факторлар ықпал жасайды.
Сонымен, нағыз тұлға дегеніміз өз қажеттіліктері мен құндылықтарын А.Маслоудың баспалдағындағы соңғы үш деңгей аумағында құрастыратын адамды айтамыз, яғни ондай адам өзінің өмірлік мақсатын құр тіршілік пен күнделікті күйбең төңірегінде қарастырмай («ішіп-жеу», «қызық көру» деген секілді), оны жоғары да асқақ идеялармен ұштастырады. Ондай тұлға өзін қоғамның бір бөлігі ретінде түсініп, қоғам игілігін өз жеке басының мұқтаждарынан анағұрлым биік қояды. Ондай адам әрдайым басқаларға қажет болуға ұмтылып, қатарының алды болуға тырысады. Ондай адам кемелденуге, жақсаруға және жақсартуға үнемі ұмтылыста болады.
Мектепте мұғалім оқушыдан ең бірінші кезекте нені талап етеді? Бұл сұраққа: «Әрине, тәртіп пен бағыныштылықты» деп жауап беруге болады. Ата-анасының үйінде мүмкін ерке-шолжаң болып өскен баланың мектеп табалдырығынан аттаған соң еркіндікті ұмытуына тура келеді, өйткені мұнда ыңғайлы әдеттердің орнына балалардың қатысуынсыз қабылданып, бекітілген ережелер күшіне енеді. Кім екі қолды партаға қойып, 45 минут бойы тапжылмай отыруды оңай, жан мен тәнге жайлы амалдар деп айта алады? Сіз ересек адамсыз: тура солай отырып көріңізші бір сабақ уақытын... Қиын болар... Мұндай тәртіптің қажеті бар ма екен өмірде? Әй, қайдам...
Қазіргі жұмыс жасап жүрген қызметіңізде осы сынды ережелер орын алса қалай болар еді? Мәселен, бір кабинетте отырып, бір жаққа (көрші кабинетке, далаға, әжетханаға, т.б.) шығу үшін немесе қарсы бұрыштағы әріптесіңізбен тілдесу үшін бастығыңыздан рұқсат сұрайтыныңызды көз алдыңызға елестетіңізші... Күлкілі жәйт емес пе! Ал мектепте неліктен ондай тәртіп бұлжытпай орындалуын талап ететін заң дәрежесіне көтерілген? Мектеп абақты емес қой!
Мектепке барғанша бала асық болады да, екі-үш ай оқыған соң оның мектепке деген зауқы мен ынтасы бәсеңси беретіндігі неліктен деп ойлайсыз? Байқадыңыз ба: не себепті ата-анасын, атасы мен әжесін «Бұл не? Не үшін? Неліктен? Қалай? Қашан?» деген сұрақтармен әбден жалықтырған бүлдіршін мектепке барғаннан кейін, біраз уақыттан соң мұндай сұрақтарды қоюды кілт доғарады? Бәрін біліп алып, сұрақтары сарқылып қала ма? Жоқ, әлде оның сұрақ қою әдетін мектепте тежеп тастай ма? Немесе сабақтардың дені оның қалауы мен мұқтаждарын ескермегендіктен, білім алу процесі ол үшін қызықты емес шығар?
Достарыңызбен бөлісу: |