Ақ Орда хандығы. ХІҮ-ХҮ ғасырларда Орта Азия мен Қазақстан халқы моңғол шапқыншылығының ауыр зардаптарынан бірте-бірте арыла бастады. Бүліншілікке ұшыраған шаруашылықты, қираған қалаларды қалпына келтіруге бағытталған шаралар жемісін беріп, феодал-байлардың экономикалық және әлеуметтік жағдайлары біраз жақсарды. Сонымен бірге бұл тұста моңғолдардың қол астында болып келген көптеген ұлыстар мен ел дербес тәуелсіз мемлекеттер қатарына шықты. Осындай тәуелсіздікке ие болып Қазақстан жеріне алғаш рет жергілікті этникалық негізде пайда болған ірі мемлекет Ақ Орда болды. 1227 жылы Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы өлген соң, Ертіс өзенінің Дунай дариясына дейін созылған Жошы ұлысы (Қыпшақ ұлысы) оның ұлдарына енші ретінде бөлініп, батыс және шығыс бөлікке айырылды. Жошының Алтын Орда хандығы әскери негіздегі мемлекет еді. Сондықтан аумақтық қарулы күштердің бөлігіне бағынышты болды: Алтын Орданың барлық қарулы күштері "оң қол" және "сол қол" деп екі қанатқа бөлінді. Жошының орнын басқан мұрагері - Алтын Орданың ұлы ханы Батый қарулы күштердің оң қанатын тікелей өз қарамағына қалдырды, сол қанатын ағасы Орда-Ежен билігіне берді. Мемлекеттің батыс бөлігі - Еділ алқабымен және оның батысындағы жерлер, Қырым, Солтүстік Кавказ, Солтүстік Хорезм және осы өңірлерде мекендеген халықтар Батый ханмен Тоқай-Темірдің үлесіне тиді де, оны Алтын Орда тікелей басқарды. Мемлекеттің шығыс бөлігі Алтай таулары мен Ертіс өзені мен Жайық (Орал) өзеніне дейін, Балқаш көлінен Сырдария алабы мен Арал теңізінің солтүстігіне дейінгі ұлан байтақ өңір және оған іргелес жерлерді мекендеген халықтар Орда-Ежен мен оның төрт інісінің (Удор, Торқа-Темір, Шинкум, Синкум) үлесіне тиді де, бұл өңірде Ақ Орда хандығы кұрылды.ХІІІ ғ. ортасынан бастап Шығыс Дешті Қыпшақтың аумағында өмір сүрген Ақ Орданың мирасқорлары іс жүзінде дербес билеушілер, Рашид ад-Диннің айтуынша, өздерін Батый хан ұрпақтарының вассалдары деп сөз жүзінде ғана санаған "өз ұлысының тәуелсіз патшалары" болды. Осы Ақ Орда құрамына қосылған үйсін, қаңлы, қарлұқ, қыпшақ, т.б. тайпалар Батыс түрік (VІ-VІІІ ғ.ғ.) дәуірі мен түркеш, қарлұқ (VІІІ-Х) дәуірінде өз алдына халық болып қалыптаса бастаған қазақ халқының негізгі тұлғасы еді. Ол XI ғасырдан бастап XIII ғасырдың басына дейін кең байтақ қазақ даласына үстемдік еткен қыпшақ бірлестігіне еніп, қыпшақ елі атанған. ХШ ғ. басындағы Шыңғыс ханның жорығынан соң Жошы ұлысына еніп, ХІІІ ғ. екінші жартысында Алтын Ордадан бөлінген Ақ Орданың негізгі халқы болды. Ақ Ордаға үстемдік еткен моңғол хандары мен билік басындағы шонжарлар аз санды адамдар еді. Олар жергілікті халықтың шаруашылық тұрмысы мен мәдениетіне ықпал жасай алған жоқ, қайта өздері ұзаққа бармай-ақ жергілікті халыққа сіңіп кетті. Сол заманда жасаған әйгілі араб тарихшысы, моңғолдар туралы жазба хаттардың авторы Әл-Омари бұл жөнінде былай дейді: "Ертеде бұл мемлекет - қыпшақтар елі болған еді, ал оларды татарлар (моңғолдар) билеп алғаннан кейін қыпшақтар солардың қол астына қарап қалды. Сонан кейін олар (моңғолдар) бұлармен (қыпшақтармен) араласып туыс болып кетті, жер олардың (моңғолдардың) табиғи және нәсілдік сипатып өзгертіп жіберді, олардың бәрі (бұлармен) бір атадан туғандай, дәл қыпшақ болып кетті. Осыдан келіп моңғолдар қыпшақ жеріне мекендеп қалды. Бұлармен неке қиысып, осылардың (қыпшақтардың) жерінде тұрып қалды".Ақ Орда хандығының аумағы - қазіргі Қазақстан жерін түгел қамтыды. Оның халқы этникалық жағынан біріңғай түрік тілдес тайпалар мен халықтар – қыпшақ, қаңлы, үйсін, жалайыр, алшы, қарлұқ, найман, керей, қаракесек (арғын), қоңырат, маңғыт т.б. еді. Бұлардың әлеуметтік даму деңгейі біркелкі, шаруашылық тұрмысы негізінен көшпенді және жратылай көшпенді мал шаруашылығы болды. Мәдениеттік даму дәрежесі қарайлас, тілі түрік тілдердің бір тармағы қыпшақ тілі болған. Ақ Орда құрамына кірген тайпалардың ішіндегі алты арыс ел – қыпшақ, жалайыр, найман, қоңырат, қаракесек (арғын), алшындар - Шыңғыс ханның батысқа жасаған жорығының алғашқы кезінде- ақ "алты сан алаш" деген атпен Жошы ұлысына енген. Жошы хан оларды үйсін Майқы би арқылы басқарған. Алты сан алаштың ол кездегі қоныстанған жері - Алтай мен Каспий теңізінің аралығы бір шеті Тобыл мен Сыр бойы, Жетісу өлкесі.Ақ Ордада хан ордасы алғашында Ертісте және Алакөл маңында, яғни Орда-Еженнің әкесі Жошы ханның бастапқы отырған жерінде болды. XIV ғ. бас кезінен Орда-Ежен ұрпақтарының Сыр өңірінің қалалары мен Жетісу жайылымдары үшін Шағатай ұрпақтарымен күрес жүргізілді. Ақ Орданың билеушілері XIV ғ. екінші жартысында өздері Алтын Орданың қол астында екенін сөз жүзінде мойындағанымен, іс жүзінде тәуелсіз саясат жүргізді. Барлық саяси күш Ақ Орданың өзінде болды. Сол себептен де шығыс қолжазбаларында Ақ Орда Алтын Ордамен қатар өмір сүрген, одан бөлек жеке мемлекет ретінде сипатталады. Ақ Орданың Алтын Ордадан оқшаулануы XIV ғ. екінші ширегінде, Ерзен мен Мүбәрәкқожа хандар билігі тұсында болған делінеді. Ол XIV ғ. 60-70 билік еткен Ұрыс хан кезінде едәуір нығайды.Мұсылман хандығының хронологиялық кестесінде көрсетілген Ақ Орда хандары - Орда-Ежен, Сартақ, Қонишы (Қойшы), Баян, Сасы-Бұқа, Ерзен, Мүбәрәк, Шымтай, Орыс хан, Қойыршақ және Барақ. Жәнібек хан қайтыс болғаннан кейін Алтын Ордада кезекті аласапыран кезең мен сарай төңкерісі басталды. Ақ Орданың үстем табы Алтын Ордада қалыптасқан жағдайды пайдаланып, Жошы ұлысының екі бөлігін өз билігінде саяси жағынан тұтас етіп біріктіргісі келді. Бердібек хан қайтыс болған соң сарай тағына отыруға, мысалы, Ақ Орда ханы Шымтай (1344-1361) ресми түрде шақырылды, ол шақыруды қабылдамады, бірақ Алтын Орда тағы үшін күреске Орыс хан белсене қатысты.Алғашында ата қонысы ретінде Ертіс бойын мекендеген Ақ Орда орталығы бірте-бірте Жетісудың шұрайлы жерлері мен Сырдария алабындағы қалаларға қарай ауыса бастады.Орыс хан 1368 - 1379 жж. Ақ Ордада атасының (Орда-Еженнің) орнына таққа отырды. 1368-1369 жж. бастап-ақ Ақ Орданың астанасын Сығанақ қаласына көшірді және осы қалада Орыс хан соқтырған теңгелер осы кезден бастап белгілі болды. Ақ Орда Орыс хан кезінде (XIV ғ. 60-70 жж.) айтарлықтай күшейді. Орыс хан Ақ Орданы дербес билеп, оның саяси тәуелсіздігін нығайтуға ұмтылды. Ақ Орданың Сырдария аймақтарында егін және қала шаруашылықтарын дамьпуды қолға алғаны белгілі. Орыс хан Шымтай ханның тұсында-ақ Алтын Орданы өзіне бағындыруға әрекет етті.Алайда Орыс ханның табысы ұзағынан болмады, ол Алтын Ордада әмірі жүріп тұрған Мамайды тағынан тайдыра алмады, 1376 ж. Сырдария бойына қайтып оралды. Осы кезде Орта Азияны билеуші Әмір Темір Ақ Орданың оңтүстік шекарасында өзінің жаулап алушылық әрекеттерін күшейте түскен еді. Орыс хан өлтірген Ақ Орда феодалдарының біреуінің ұлы Тоқтамыс тарихи аренаға шығады, ол Самарқанға қашып барып, Әмір Темірдің қол астында қызмет атқара жүріп, әкесін өлтірген адамнан кек алуды ойлайды. Темір Тоқтамысты өзінің жаулаушылық мақсатында пайдаланып, оған әскер беріп Орыс ханға қарсы жіберді. Тоқтамыс Темірдің көмегімен 1378-1379 жылдары Ақ Орданың астанасы Сығанақты жаулайды да, тақты тартып алады. 1380 жылы ол Алтын Орданы басып алып, өз билігін жүргізеді. Темірмен соғыстар, Тоқтамыстың Русь пен Орта Азияға шапқыншылықтары, Ақ Ордадағы тартыстар оның Сарай мен Сығанақтағы билік құрған кезін сипаттайды. 1395 ж. Тоқтамыс Темірден күйрей жеңіліс тауып, Сібірге қашып кетті.XIV ғ. аяғы - XV ғ. басында сыртқы саяси ауыр жағдайлар мен ішкі қырқыстар кезінде Ақ Орда едәуір әлсіреп кетті. Жиырмасыншы жылдарда Ұрыс ханның немересі Барақ хан өз әулеттінің билігін бірсыпыра уақытқа қалпына келтірді. 20-жылдардың аяғында Шығыс Дешті Қыпшақтың үлкен бөлігіндегі билік Шайбани ұрпағы Әбілхайырдың, қолына көшті. XV ғ. екінші ширегінде Орыс хан мен Барақ ұрпақтары Қазақстанның оңтүстік аудандарында өз биліктерін сақтап қалды.
Моғолстан (ХІҮ ғ. ортасы – ХҮІ ғ. басы).Ұлы ханға тауелді болмаған саяси бірлік түріндегі Орта Азиялық шыңғыстықтардың мемлекеті - Хайду мемлекеті. Хайду (1269-1301 жж.) билеген кезде мемлекеттің құрылымы өзінің толысу шегіне жетті. Жамал қаршының сөзіне қарағанда, Хайду әділетті, қайырымды, жұмсақ мінезді, елінің мүддесін қорғайтын білімді мұсылмандарға қамқор хан болған. Үгедейдің немересі Хайду өлгеннен кейін көп кешікпей, 1306-1307 жж. шамасында мемлекеттегі билік Барақ ханның ұлы, Шағатайдың шөбересі Туваға (Дуваға) ауысты. Сөйтіп, Шағатай әулетінің Орта Азия мен Жетісудағы рөлі қалпына келді. В.В. Бартольдтың айтуына қарғанда, оны Шағатай мемлекетінің негізін салушы ретінде танып-білу керек. Бірақ Шағатай мемлекеті көп тұрған жоқ. Өзара тартыстың әсерінен әлсіреген хандық биліктің беделінің түсуі әскери көшпелі қауымның алға шығуына себепші болды. XIV ғасырдың 40 және 50-жылдары ол он шақты иелікке бөлініп кетті. 1346 жылы Шағатай мемлекетінен Моғолстан деп аталған солтүстік-шығыстағы аумақ бөлініп шықты. Моғолстанның құрылуы пайда болған кезінен бастап-ақ саяси және экономикалық жағынан біртұтас ел болмаған Шағатай ұрпағы мемлекетінің ыдырауымен байланысты. Мауереннахрды жаулап алған моңғолдар жергілікті отырықшы - егіншіліктің және қала дәстүрлерінің ықпалымен жаңа жағдайға бейімделіп, отырықщылыққа ауыса бастады. Жетісуда қалған моңғолдар болса, олар мұнда елеулі дәрежеде түріктенсе де, негізінен көшпелі тұрмысты сақтап қалды, ол былай тұрсын, жергілікті халықтың егіншілері мен жартылай көшпенділерінің біразы көшпелі тұрмысқа көше бастады. Таусылмайтын феодалдық соғыстар мен тартыстар елдің ауыр шаруашылығын күйзеліске ұшыратты. Мұнда 1306 жылдан 1370 жылға дейін 20 хан ауысты. Осының бәрі XIV ғасырдың ортасына қарай Шағатай мемлекетінің ыдырап, батыс пен шығыс бөліктерге бөлінуіне әкеп соқты. Шығыс бөлігі Моғолстан атанды, ал батысы - Мауереннахр дербес аймақ күйінде қала берді.Орта ғасырдағы тарихшылардың келтірген деректеріне қарағанда, XIV ғасырға таман осындағы ру-тайпалар "моғол" деп аталған. Бірақ бір кездегі "моғол" сөзі XIV ғ. қалыптасқан халықтың аты емес, әскери-саяси одақтың ғана аты болған еді. XIV ғасырдың ортасыңда осы "моғол" одағы негіз болып құрылған хандық Моғолстан деп аталады. Алайда тарихи оқиғаларға байланысты Моғолстанның жер көлемі бірде кеңейіп, бірде тарылып отырды. Дулат феодалының тәуелді иелігі болған Маңғылай Сүбе өлкесі Моғолстанға кейде қосылып, кейде бөлініп кетіп отырды. Маңғылай Сүбе өлкесі Моғолстан мемлекетінің негізгі халқы түркі тілдес тайпалар - дулат, албан, суан, қаңлы, керей, арғын, найман т.б. Бұлардың басым көпшілігі ежелден осы өңірді мекендеген түрік тілдес тайпалар, олардың ішінде жергілікті түрік тілдес халықтарға сіңіп, түріктеніп кеткен моңғол тайпалары да болды.Моғолстан атанған бұрынғы Шағатай ұрпағы мемлекетінің шығыс аймақтарының көшпелі шонжарлары хижра бойынша 748 ж. /1347-48 ж. Шағатай ұрпағы Тоғылық-Темірді хан қойды. Хан өзінің билігін ортағасырлық шығыстағы сыннан өткен идеологиялық тірек - мұсылман діні арқылы нығайтуды ұйғарды. Мұнда XIV ғ. ортасында саяси өмірдегі басты рөлді Мауереннахрдан бөліну жолындағы қозғалысты басқарған дулат тайпасының көсемдері атқара бастады. Дулаттар бұл кезде Жетісудағы ең ірі түрік тайпаларының бірі болатын.Моғолстан шекарасы Мұхаммед Хайдардың "Тарих-и-Рашиди" атты кітабында былай баяндалады: "Қазір Моғолстан деп аталатын жер аумағының ені мен ұзындығы 7-8 айға созылатын жолды көрсетеді. Моғолстанның шығыс шеті қалмақтар жеріне кіріп жатыр, ол өзіне Барс көл, Еміл, Ертісті қосып алады. Солтүстігінде Көкше теңізбен (Балқаш көлі), Бом және Қараталмен, батысында Түркістан және Ташкентпен, оңтүстігінде Ферғана, Қашқар, Ақсу, Шалыс және Турфанмен шектеседі". Яғни сол кездегі Моғолстанға қазіргі Оңтүстік-шығыс және Оңтүстік Қазақстан жер аумағы кірген. Одан әрі қарай Хайдар былай жалғастырады: "Моғолстанда үлкен өзендер көп, үлкендігі Джейхунға (Әмудария) ұқсайды. Олардың ішінде Іле, Еміл, Ертіс, Шұйлық және Нарын бар. Бұл өзендер Сырдариядан кем түспейді. Бұл өзендердің көп бөлігі Көкше теңіз (Балқаш) көліне құяды, ол Моғолстан мен Өзбек ұлысының ортасын да бөліп тұрады". Бұл мемлекет Шағатай ұлысының бір бөлігі еді, ал екінші бөлгінде Мауереннахр өмір сүріп жатты.Моғолстанның құрамына Түркістан, Оңтүстік-шығыс Қазақстан облыстары және Орта Азияның кейбір облыстары кірді. Моғолстан ортағасырлық авторлардың тарихи деректерінде мемлекет өзінің құрылу кезеңдеріне қарай "моғол" атты этникалық-саяси бір тұтастыққа енудің ұзақ араласу және сіңісу процесінен өткен жергілікті түрік және түріктенген моңғол тайпаларының мемлекеттік-саяси бірлестігі болып көрінеді. Оған кіретін тайпалар: дулаттар, албандар, суандар, қаңлылар, керейлер, арғындар, барластар т.б. Моғолстан ордасының орныққан орталығы Алмалық қаласы болды. Моғолстан бұрынғы Шағатай ұлысының және Жошының оңтүстік-шығыстағы әскерлеріне толық билік жүргізді. Тоғылық-Темір Мауереннахр өлкесін Шыңғыс әулеті Денішмендінің атынан билеп отырған Қазағанның көзін құртуды, сол арқылы бұл өңірді Моғолстанға қосып алуды ойлады. Сөйтіп, ол 1358 жылы астыртын кісі жіберіп Қазаған әмірді өлтіртті. Бір жыл өткен соң ірі соғыстардың бірінде Қазағанның мұрагер ұлы Абдолла да қаза тапты. Осыдан кейін Мауереннахр бірнеше тәуелсіз облыстарға бөлініп кетті. Бұл жағдайды пайдаланып қалуды көздеген Тоғылық-Темір оларды бағындыруға кірісті. 1360 жылдары Тоғылық-Темір Орта Азиядағы Шағатай мемлекетінің бұрынғы қалпына қайта келтіру үшін Мауереннахрға екінші рет жорық жасап, екеуін де жеңіспен аяқтап, баласы Ілияс Қожаны хан тағына отырғызып қайтады. Бұл жолы ол Орта Азияның болашақ билеушісі әмір Темірді Кеш қаласының бастығы етіп тағайындады. 1362 ж. Тоғылық Темір қаза тауып, Моғолстанда билік Ілияс Қожаға көшкенде Мауереннахрға билеуші болып, Қазағанның немересі Хұсайын тағайындалды. Осы тұста қарындасына үйленіп Хұсайынмен дос болған әмір Темір онымен бірге Моғолстанға қарсы шығып, Мауеренахрды өздерінің қол астына біріктіруге кірісті. Темір билік биігіне өрлегенде мұсылман дініне сүйенді. Ол діндар емес еді. Дін тиым салған талай күнәларға белшесінен батып жүріп көптеген мешіттер, діни оқу орындарын салдырды. Түркістанда Қожа Ахмет Иассауидің мазарын салдырған да соның өзі.XIV ғасырдың 70-90 жж. Орта Азия билеушісіне айналған әмір Темір Моғолстан мен Ақ Ордаға қайта-қайта шапқыншылық жорықтар жасады. Әмір Темірдің әскерлері Алмалық маңына дейін келді және осы өңірдегі керей тайпасын талан-таражға ұшыратты. Әмір Темірдің шақыншылық жорықтары Ақ Орда мен Моғолстан халқына ауыр азап шектірді. Егін шаруашылығы бүлінді, қала-қыстақтар қирап, сауда мен қолөнер құлдырап, мал басы кеміп кетті. Осынын нәтижесінде 70-80-жж. өзінде-ақ Моғолстан билеушілері Қызыр Қожа ханның (1388-1389 жж.), әмір Қамар ад-дин Дулаттың, Енге төренің және басқалардың Жетісу мен Қашқарияға Темір әскерлерінің басып кіруіне қарсы ұзаққа созылған және табан тірескен күрес жүргізуіне тура келді. Осы күрес барысында Ақ Ордамен күш біріктіруге әрекет жасалды. Әмір Темірге қарсы бірлескен күресінің Шығыс Дешті-Қыпшақ пен Жетісу халқының саяси, шаруашылық байланыстарын орнату үшін зор маңызы болды. Орта Азия билеушісі жорықтарының нәтижесінде Моғолстан уақытша үлестерге бөлініп кетті. Қызыр Қожа хан өзін Темірдің вассалы деп тануға мәжбүр болды. Темір ұрпақтары XV ғасырдың І-жартысында Оңтүстік-Шығыс Қазақстан мен Қырғызстан жерлерінен дәмеленуін тоқтатпады.Қызыр Қожа хан өлген соң, оның балалары билеген кезеңдерде өзара талас-тартыс қайта өршіді. Моғолстан мемлекеті бірнеше бөлікке ыдырады. 1408 жылдан Моғолстан ханы Мұхаммед ханның тұсында Моғолстан іс жүзінде Темір әулетіне тәуелді болған жоқ. Бұл хан Темір әулеті билігінен Моғолстанның батыс аудандарын, Шу, Талас алқабын азат етіп қоймай, сонымен қатар Түркістан мен Ферғананың егіншілікті алқаптарына қол жеткізу үшін одан әрі жылжуға күш салды. Мұхаммед Хайдар Дулати атап көрсеткендей Мұхаммед хан ел басқару ісін тәртіпке келтірді.Дегенмен Мұхаммед ханнан кейін Моғолстанда бүліктер мен өзара дау-жанжал қайта өрбіп, мұны Мауереннахр билеушілері пайдаланды. 1414 ж. Қашқария қайтадан Темір әулетінің иелігіне көшті. Әмір Темірдің ұрпағы Ұлықбек 20-жж. Моғолстанның өз ішінде Жетісу жерлерінде, Солтүстік Тянь-Шаньда Темір әулетінің ықпалын кеңейту қадамдарын жасады.1418-1421 жж. Моғолстанда үкімет билігі Уәйіс ханның қолында болды. Моғол тағына екінші бір үміткер Шер-Мұхаммедтің өтініші бойынша 1421 ж. маусымда Ұлықбектің өзі Моғолстанға жорыққа аттанды. Ұлықбектің көмегіне сүйенген Шер-Мұхаммед 1421 ж. елде билікті өз қолына алды. Моғол әмірлері мен бектерінің бір тобы оны қолдаса, енді бір тобы Уәйіс хан жағында қалды. Уәйіс хан тұсында (1418-1428 жж.) ойраттардың Моғолстанның шығыс шекараларына қысымы күшейе түсті.Уәйіс хан 1422 ж. Турфан қаласын басып алып, оны өз астанасына айналдырды, ал ойраттар Хами қаласына шабуып жасады. Уәйіс хан он жыл ішінде қалмақтардың барлығы 61 шабуылына тойтарыс берген.XV ғасырдын I-жартысында Оңтүстік-Шығыс Қазақстан тынымсыз өзара алауыздық қырқысулар сахнасына айналды. Қызыр Қожа хан, Мұхаммед хан, Уейіс хан тұстарында Моғолстанда үкімет билігін орталықтандыру мен ішкі саяси жағдайларды уақытша тұрақтандырудың жекелеген кезеңдерін феодалдық күресінің жаңа толқындарымен, Жетісу аумағына батыстан Темір әулеті және шығыстан ойраттар жасаған үздіксіз шапқыншылықтары бұзып отырды.Уейіс хан өлгеннен кейін 1433-1434 жылдар шамасында хан тағына 13 жасар Есен-Бұға отырды. Арада бірнеше жыл өткен соң моғол көшпелі ақсүйектерінің талап етуімен жаңа хан Есен-Бұға Сайрам, Түркістан, Ташкентке тонаушылық шапқыншылықтар жасады. Келесі жолғы жорықта Есен-Бұға Әндіжанға дейін жетіп, қамалды қоршады.XV ғасырдың 50-жылдарында ойраттар Моғолстан аумағына келіп, Шу өзенінің жағасына жетті. Қашқардағы алауыздық қырқысулардан қолы босамай жүрген Есен-Бұға хан оларға айтарлықғай қарсылық көрсете алмады. Соғыстар мен өзара қырқысулардың салдарынан Жетісудағы қазақ тайпалары орталық және оңтүстік өңірлерден қол үзіп қалды, тайпалардың этникалық ұлт болып бірігу процесі баяулады.XV ғ. ойраттар шапқыншылығы бірнеше рет қайталанды. Олар Моғолстанды әлсірете түсті, міне сондықтан да Моғолстан ханы Есен-Бұға 50-жж. аяғында Батыс Жетісуға келген қазақтар Жәнібек пен Керейді ойраттар бетін қайтару үшін пайдаланбақ болды. Қазақтар, іс жүзінде, әсіресе 60-жж. ортасында Жетісудағы өз иеліктерін ойраттардан қорғай алды.
Әбілқайыр хандығы. (1428 –1468 жж.). Феодалдық бытыраңқылықтың күшеюі XV ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақстанның орталық аймағында Әбілқайыр хандығының пайда болуына әкелді. XV ғасырдың 20-жылдарының аяғында Ақ Орданың далалық аумағының үлкен бөлігінде, XIV ғасырдың өзінде-ақ біріккен, Орда – Ежен мен Шайбани ұрпақтары билігіндегі халық пен жерде билеуші әулет ауысады: Шыңғыс ұрпақтары мен көшпелі шонжарларының қиян-кескі күресінің нәтижесінде билік біріншісінің мұрагерлерінен екіншісінің мұрагерлеріне ауысады. Бұл күрестің пайда болуы мен етек алуына саяси және әлеуметтік-экономикалық сипаттағы көптеген себебтерге байланысты Ақ Орданың әлсіреуі мен құлдырауы себепші болды. Ортағасырлық авторлардың бірі Махмұд ибн Уәли Ақ Ордада Шайбани ұрпақтарының билік басына келу фактісін жалпы Алтын Орданың күйреуімен орынды байланыстырады.Ақ Орда хандарынан айырмашылығы – Шайбани ұрпақтары Орда тағы үшін жан аямай, өздерінің материалдық және адам ресурстарын ысырап еткен жоқ. Олардың Темір мен оның мұрагерлерінің басқыншылық дәмелеріне тойтарыс беруіне де тура келмеді. Өйткені Темір ұрпақтарын бұл ауданда көшіп жүретін даладан гөрі бірінші кезекте Сырдария аңғарындағы бекініс-қалалар қызықтырған еді. Осының бәрі Шайбани ұрпақтарына Орда–Ежен мен Тоқа-Темір әулетінен өрбіген хандарға қарама-қарсы Ақ Орда аумағында билік ету құқығын білдіру және Шығыс Дешті Қыпшақ пен кейініректе Түркістанның саяси картасын өзгерту мүмкіндігін қамтамасыз етті. Шайбани ұрпағы Жұмадық хан 1428 жылы маңғыт әмірлерімен және Жошы ұрпағы Қажы-Мұхаммедпен Жайтар-Жалқын сайында болған шайқаста қаза тапқаннан кейін Шайбани ұрпағы Дәулет-Шайхтың баласы Әбілқайыр хижра бойынша 833 жылы (1428-1429 жж.) Тура өңірінде (Батыс Сібір) хан деп жарияланады. Оның хандығының құрамына қият, маңғыт, шынбай, найман, қарлұқ, үйсін тағы басқа сол сияқты тайпалар енді. Шығыс Дешті Қыпшақтың феодалдық бытыраңқы жерлерін біріктірген "Көшпелі өзбектер мемлекетінің" яғни Әбілқайыр хандығының Қазақстан тарихында елеулі орны бар. Әбілқайыр хан құрған мемлекеттің атауы деретемелерде дәстүр бойынша "Өзбек ұлысы", сондай-ақ "Шайбани ұлысы", "Әбілқайыр ұлысы" деп аталған. "Ұлыс " атауы деректемелерде ел атауымен, "ел және өзбек ұлысы" деген түрде тәуелді халықтың этносаяси жалпы атауы ретінде айтылады. Бұл соңғы ат сонымен бірге географиялық "дийар "- ел (Дийар-и өзбек) ұғымымен қоса қолданылады. Тарихи әдебиетте Әбілқайыр мемлекетін "Өзбек хандығы", "Көшпелі өзбектер мемлекеті", "Әбілқайыр хандығы" деп атайды. Соңғы атау неғұрлым бейтараптау көрінеді, өйткені Орта Азиядағы өзбек халқының болашақ компоненті ретінде хандық аумағында тек көшпелі өзбектер ғана өмір сүрген жоқ, солармен бірге көп нәрседен хабардар болған XV ғасыр авторы Рузбихан Исфаханидің жазбаларына қарағанда, негізінен қазақтар, маңғыттар тұрған. Осы аумақты мекен еткен, Әбілқайыр мемлекетінің құрамына кірген аса үлкен этникалық топтардың бірінің атауымен оны Қыпшақ хандығы деп атауға да толық негіз бар. Әбілқайырдың жаулаушылық соғыстары XV ғасырдың 30-жылдарында басталады. Тоқа Темір әулетіне қарсы жорыққа Әбілқайыр көп әскер жиды. Әбілқайырдың төменгі Сырдария аймағына жорыққа шығуының басты себебі әулеттік күрес қана емес, сонымен бірге Сырдария мен Арал жағалауы төңірегінен қысқы жайылымдық алу қажеттілігі еді. Сырдарияның төменгі сағасына иелік ету көшпелі мемлекеттің қуатын арттыру үшін аса қажетті Түркістан қалаларына жол ашатын. Шайқас 1431 ж. Екітүреп деген жерде болып, Тоқа-Темірдің жеңілуімен аяқталады. Әбілқайырдың келесі жеңісі 1446 жылы Атбасар маңында болды. Ол жолы Мұстафа ханды тас-талқан еткен. Ол бағындыру мақсатымен оңтүстік аймақтар мен елдерге әскери жорықтарға шыға бастады. Ол 1430 жылы қысқа мерзімге Хорезмді басып алды, Үргенішті тонады. 1446 жылы Ұлықбектің тақ мұрасы істеріне байланысты Мауереннахрдың оңтүстігі мен Хорасанға кеткенін білген Әбілқайыр жазғы көші-қонысын қоя тұрып, Самарқанд пен Бұқараға тап берді, олардың төңірегіндегі жерлерді тонап, ортаңғы Сырдарияның бірқатар қалаларын басып алды. Әбілқайыр хан бұрынғы Барақ хан сияқты, Ақ Орданың экономикалық жағынан анағұрлым қуатты оңтүстік аудандарын өз қол астына кіргізудің маңызын жақсы түсінді. Ол үшін Сырдария қалалары, бұрынғы Ақ Ордадағы сияқты, бірігудің, мемлекеттің далалық аймақтарын өз билігінде ұстаудың факторы бола алатын еді. Қазақстанның далалық көшпелі аудандар тұрғындары үнемі ұмтылып келген кәсіпшілік пен сауда орталықтары саналатын Сырдария қалаларын алу Әбілқайыр хандығын нығайтуға айтарлықтай ықпал ететіні сөзсіз. Әбілқайыр Дешті Қыпшақтағы өз жақтастарының қыруар күшіне, далаға жиырма жыл бойы үстемдігін жүргізген өз қуатына сүйенгендіктен де Сырдария қалаларын тез басып алды. Бұл жағдай өзара ағайындас Шайбани ұлысы мен Орда ұлысы тайпаларының арасындағы қырғи қабақ қатынастарды бұрынғыдан бетер шиеленістіре түсті. Өйткені Әбілқайырдың қалалар мен оның төңірегіндегі алқаптарды алуы Жәнібек пен Керейдің және оған тәуелді, Сырдария бойы мен Қаратау өңірінде көшіп-қонып жүрген қазақтардың мүдделеріне қайшы келді. Бұл олардың арасындағы күрестің қайта жанданып, қазақ сұлтандары мен оларға қарасты рулар мен тайпалардың көшіп кетуіне әкеліп соқтырған аса маңызды себеп болды. 1456-1457 жылдары Сығанақ түбінде қалмақтардан күйрей жеңілген Әбілқайыр Түркістанның талан-таражыға түскенқалаларын тастап шығып, Дешті-Қыпшаққа кетуге мәжбүр болды. Жеңілудің басты себебі оның мемлекетінің ішкі әлсіздігінде жатыр еді. Шыңғыс әулеті арасындағы толассыз қырқыстар мен алауыздықтар, рулар мен тайпалардың көшпелі ақсүйектерінің оқшаулыққа ұмтылуы, феодалдық жоғары топтар мен қатардағы көшпелі және жартылай көшпелі бұқара арасындағы қайшылықтардың шиеленісуі, ішкі және сыртқы соғыстар мемлекеттің шаңырағын шайқалтып, күйреу дәрежесіне жеткізген еді. 1468 жылы Жетісу жорығы кезінде Әбілқайыр қаза тапты. Қазақ хандығының құрылып, нығаюына байланысты Шайбани әулетінің Шығыс Дешті Қыпшақтағы билігі тоқтады.
Ноғай ордасы. Алтын Орда ыдырап, Ақ Орданың әлсіреуі нәтижесінде Қазақстанда бой кетерген мемлекеттік құрылымдардың бірі - Ноғай Ордасы еді. Ноғай Ордасы XIII ғ. екінші жартысында бөлектене бастады. Бұл процесс XIV ғ. әмір Едіге тұсында жалғасып, оның баласы Нұраддиннің (1426-1440) кезінде аяқталды. Ноғай Ордасы Еділ мен Жайықтың арасындағы созылып жатқан жалпақ дала мен құмды, таулы жерлерді мекендеді. Орталығы Еділдің төменгі бойында немесе Сарайшық (Жайық) ауданында болатын. Шығысында ноғайлар Жайықтың сол жағалауы бойында көшіп жүрді, олардың көшіп жүретін жерлері солтүстік-шығысында Батыс-Сібір ойпатына дейін, солтүстік-батысында Қазанға дейін, оңтүстік-батысында Арал теңізі мен Каспий өңірінің солтүстігіне дейін жететін, ал кейде олар Маңғыстау мен Хорезмге барып жүретін.Ноғай Ордасы негізінен Жайық пен Еділ арасын жайлаған негізгі тайпа манғыттардан тұрды, сол себепті де бұл ұлыс "Маңғыт жұрты" деп атанды. "Ноғай", "ноғайлықтар", "Ноғай Ордасы" деген терминдер әдебиетте алғашқы рет тек XVI ғ. басында ғана пайда болды. Сонымен қатар Ноғай Ордасының құрамына қоңырат, найман, арғын, қаңлы, алшын, қыпшақ, кенгерес, қарлұқ, алаша, тама және басқа ру тайпалар кірді.XIV ғ. аяғында саяси аренаға шығып, Ноғай Ордасының негізін қалаған Едіге 1396-1411 жылдар аралығында Алтын Ордада бүкіл билікті өз қолынан шығармай, оны өзі тағайындаған хандар арқылы басқарып келді. "Беклер бегі" ұлы әмір атанған Едіге көрші ұлыстардың өміріне де ықпал етіп отырған. Клавихоның айтуына қарағанда, "Едіге өз Ордасында екі жүз мыңнан астам атты әскерді ұдайы ұстаған".Едіге түрік тектес халықтардың тарихи зердесінде өшпес із қалдырды. "Ел қамын жеген Едіге" деп ардақтаған халық оның тұлғасын: "Артынан келіп қарасам, қаhардан пайда болғандай, алдынан келіп қарасам, лапылдан пайда болғандай,"- деп сүйсіне жырға қосты. Ол 1399 жылы Литва-Польша әскері мен Тевтон ордені рыцарьларының біріккен жасақтарына күйрете соққы берді. 1408 ж. Едіге орыс әскерлерін талқандап, Мәскеуге дейінгі жерлерді жеңісті жорықпен жүріп өтті. Оның есімі тарихи шежіре жылнамалардың бәрінде де үлкен құрметпен аталды.Ноғай Ордасында бүкіл саяси билік пен экономикалық өмір шын мәнінде Едіге ұрпағы маңғыт әмірлерінің қолында болды және оны рудағы жасы үлкендігіне қарай мұраға қалдырып отырды. Алтын Ордадан бөлектенген бірқатар иеліктердің аумақтарында Шыңғыс ұрпақтарынан қайсыбір адамды хан көтеру Едіге ұрпақтарының келісімінсіз жарамсыз деп танылатын дәстүр болған. Шығыс Деті Қыпшақтың саяси өмірінде XV ғасырда Едігенің ұрпақтары Уақас би, Мұса мырза, Жаңбыршы және басқалар зор рөл атқарды.Ноғай Ордасы мен Қазақ хандығы халықтарының жақын туыстығы туралы Ш.Ш. Уәлиханов айтқан болатын. Ол алғашқы қазақ ханы Жәнібек тұсында достық қатынаста өмір сүрген ноғайлар мен қазақтарды "екі туысқан Орда" деп атаған. Мұндай қатынастар кейін де, меселен, деректермелерде "қазақтар мен ноғайлардың ханы" аталатын Хақназар хан тұсында XVI ғ. ортасында да сақталды.XVI ғ. Ноғай Ордасының Орыс мемлекетімен сауда-экономикалық және саяси байланыстар бірте-бірте қалыптаса бастады. XVI ғ. екінші жартысында Казан және Астрахан хандықтары Ресейге қосылғаннан кейін Ноғай ордасы бірнеше дербес иеліктерге ыдырап кетті, оның ыдырау процесінде халықтың бір бөлігі Кіші жүз құрамына енді. Солтүстік-шығыста тұратын ноғай рулары Сібір иеліктеріне қарап кетті.
Достарыңызбен бөлісу: |