Пайдалануға ұсынылатын әдебиеттер тізімі:
Негізгі әдебиеттер:
1. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдықтың І томы. Алматы, 1996.
2. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдықтың ІІ томы. Алматы, 1998.
3. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдықтың ІІІ томы. Алматы, 2002.
4. Артықбаев Ж. О. Қазақстан тарихы. Оқулық-хрестоматия. Астана, 2000.
5. Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы (ерте дәуірден бүгінге дейін). Оқу құралы. Алматы, 2005.
6. Жолдасбайұлы С. Ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан. Алматы «Ана тілі», 1995.
7. Кан Г. В., Шаяхметов Н. У. Қазақстан тарихы. Алматы: «Алматыкітап», 2007.
8. Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы. Оқулық.
Алматы «Қазақ университеті», 2005.
9. Қазақ тарихынан. Құрастырған Е. Аққошқаров. Алматы «Жалын», 1997.
10. Қазақстан тарихы. Очерктер. Алматы, 1994.
11. Маданов Х. Қазақ халқының арғы-бергі тарихы. Алматы, 1995.
12. Мағауин М. Қазақ тарихының әліппесі. Алматы, 1995.
13. Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Алматы, 2003.
14. Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Оқулық. Алматы, 2005.
15. Мұхамедов М. Б. Қазақстан тарихы. Оқу құралы. Алматы: «Қарасай», 2007.
16. Мыңжан Нығмет. Қазақтың көне тарихы. Алматы «Жалын», 1993.
17. Рысбайұлы К. Қазақстан Республикасының тарихы. Алматы «Санат», 1999.
18. История Казахстана и Центральной Азии. Алматы «Білім», 2001.
Қосымша әдебиеттер:
1. Алпысбаев К. А. «Памятники нижнего палеолита Южного Казахстана». Алма-Ата, «Наука»-1979.
2. Абуев Қ. Қ. Қазақстан: тарих және тағылым. Астана «Елорда», 2006.
3. Абуев Қ. Қ. Көкшетау. Исторические очерки. Кокшетау, 1997.
4. Әбжанов Х. Қазақстан: Тарих. Тіл. Ұлт. Астана, 2007.
5. Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғ.-ң 20-40 жылдарында. Алматы «Санат», 1994.
6. Жеріңнің аты – еліңнің хаты. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы, 2006.
7. Гумилев Л. Н. Хұндар. Алматы, 1998.
8. Гумилев Л. Н. Древние тюрки. Москва, 2004.
9. Жандарбеков З. З. «Насаб-нама» нұсқалары және түркі тарихы. Алматы: Дайк-Пресс, 2002.
10. Көркемсуретті Қазақстан тарихы. Екі томдық. Алматы,
«Қазақ энциклопедиясы»-2006.
11. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы, 2006.
12. Қуанғанов Ш. Ғұн және арғұн тарихы туралы. Алматы «Білім», 1997.
13. Омарбеков Т., Омарбеков Ш. Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас. Алматы «Қазақ университеті», 2004.
14. Назарбаев Н. Ә. Қазақстан жолы. Астана, 2007.
15. Назарбаев Н. Ә. Сындарлы он жыл. Алматы «Атамұра», 2003.
16. Озғанбай Ө. Ресей мемлекеттік Думасы және Қазақстан. Алматы, 2000.
17. Хазанов А. М. Кочевники и внешний мир. Алматы, 2000.
18. Шыңғысхан. Әлем сілкіндірушісі. Құрастырған І. Есенберлин. Алматы, 2002.
Дәріс сабақтарының тезистері
Тас дәуірі кезеңіндегі Қазақстан.
Азамат тарихы әр түрлі әлеуметтік-экономикалық формацияның дамуына байланысты үлкен кезеңдерге бөлінеді. Археологияда адамзат тарихы өзіндік кезеңдерге бөлінген: тас ғасыры, қола және темір ғасырлары. Алғашқы адам басқа ірі жыртқыштарға қарағанда әлсіз болды, өйткені адамның күшті тістері мен тырнақтары болған жоқ. Оның есесіне алғашқы Гоминидтер еңбек құралдарын жасау мен қолдану арқылы сол әлсіздіктерін білдірмеді. Тас ең ұзақ қолданылған құрал болды, ол осыдан б.з.д. 2,5 млн. жыл бұрыннан б.з.д. 5 мың. жылға дейін адамзат техникасында басты орын алды. Бұл кезеңді археологтар тас ғасыры деп атап, оны екі кезеңге бөледі: Палеолит (ерте тас ғасыры) және Неолит (жаңа тас ғасыры). Олардың арасындағы өтпелі кезеңді Мезолит (орта тас ғасыры) деп атады. Өз кезегінде палеолит те екіге бөлінеді: төменгі (б.з.д. 2 млн. ж.– б.з.д. 40 мың ж.) және жоғарғы (б.з.д. 40 мың ж. – б.з.д. 12 мың ж.). Ең көне бастапқы замандардағы адамдардың өмірі туралы түсінік қалыптастыру үшін, олардың тіршілігін, олардың мекенін, еңбек құралдарын, тамақ қалдықтарын, жануарлардың сүйек қаңқаларын зерттеп білу қажет болды. Сондай-ақ, этнографиялық мәліметтердің де мәні зор. Ол мәліметтер ең көне замандардағы адамзаттың материалдық және рухани мәдениетінің кейбір қырларын тура түсінуге мүмкіндік туғызады. Дегенмен, негізгі мәліметті, бастапқы адамдық қоғамның жалпыға ортақ материалы – тастан жасалған еңбек құралдары береді. Тарих ғылымының өзекті мәселелерінің бірі – адамзат қоғамының даму тарихын кезеңдерге бөлу. Кезеңдер – бұл қоғамдық даму барысында бірін-бірі ауыстырып отырған дәуірлерді анықтау. Дәуірлерді анықтауда қоғамдағы негізгі үдемелі өзгерістерді қамтасыз ете алатын факторлар алынады.Тарих ғылымының қалыптасу барысында, тарихшы-ғалымдар кезеңдердің бірнеше, яғни айналым теориясы (Пифагор, б.з.д. ҮІ ғ.), формациялық (К.Маркс, ХІХ ғ.), өркениеттік (А.Тойнби ж. б. батыс ғалымдары, ХХ ғ.) және басқа варианттарын ұсынды. Өркениеттің басталу мезгілін зерттеп, тануда ғылымда кең қолдау тапқан археологиялық кезеңдер. Ол еңбек құралдарын жасауда пайдаланылған материалдар және жасау техникасындағы айырмашылықтарға сүйенеді. Сөйтіп, ең көне дәуірді үш кезеңге бөлуге болады: тас ғасыры (адамның пайда болуынан б.з.д. ІІІ-мыңжылдыққа дейін), қола ғасыры (б.з.д. ІІ-мыңжылдықтан б.з.д. І-мыңжылдыққа дейін), темір ғасыры (б.з.д. І-мыңжылдықтан бері).Қазақстан территориясындағы тас ғасыры. Тас ғасыры өз ретінде көне тас (палеолит), орта тас (мезолит), жаңа тас (неолит) және қола ғасырына өтпелі арадағы мыс пен тас қатар тараған ғасыр (энеолит) болып бөлінеді. Палеолит – көне тас ғасыры, ол б.з.д. 2,6 млн. – 12 мың жылдыққа дейін созылады. Ерте (б.з. 2,6 млн. – 35-30 мың жыл бұрын) және кейінгі (б.з. 35-30 - 12 мың жыл бұрын) палеолит болып екіге бөлінеді. Адамзат анайы шаруашылық қам-қаракеті табиғаттың дайын тұрған өнімдерін пайдаланумен шектелген. Мезолит грекше аударғанда орта тас ғасыры дегенді білдіреді, ол б.з.д. 12-7 мың жыл. Бұл кезең Қазақстан тарихында ең аз зерттелген. Тек соңғы он жылда оншақты мезолит тас индустрия кешендеріне жататын ескерткіштер және тұрақтар табылып отыр. Жерлеу кешендері, алғашқы кезеңдер сияқты анықталмаған. Неолит - жаңа тас ғасыры, ол б.з.д. 6-4 мыңжылдықты қамтиды. Соңғы жылдардағы зертеулер бірнеше неолиттік мәдениеттерді анықтауға мүмкіндік береді. Тобыл бойындағы Маханджар, Есілде – Атбасар және Орталық Қазақстан ескерткіштер тобы. Бұлардан ертерек Батыс Қазақстанда – Кельтеминар, Шығыс Қазақстанда – Усть-Нарым мәдениеттері табылған. Неолит – тас индустриаландырудың дамыған кезі. Тас өңдеу жаңа технологиялары пайда болды: аралау, бұрғылау, сүргілеу. Энеолит – мыс пен тас ғасыры, б.з.д. 4-3 мыңжылдық орын алады. Соңғы уақытқа дейін энеолитті тас ғасырынан қола ғасырынан өтетін өтпелі кезең деп қарастырған. Алайда, бірқатар зерттеушілер энеолитті тарихтағы маңызды кезең деп біледі және оны біздің еліміздің оңтүстігінде мал және жер шаруашылығымен айналысатын тайпалардың гүлденуімен байланыстырады. Қазақстанның далалық және орманды бөліктердегі энеолит дәстүрі аңшылық-балықшылық кезең ретінде қарастырылады, бірақ Тобыл, Есіл бойындағы энеолит ескерткіштерін зерттеу өзгерістер әкеледі.Ежелгі тас ғасырының алғашқы құралы, бүтін тастан жасалған шаппа тастар болған. Олар дөрекі, өңделмеген болатын. Бұл көне құралдар щель мәдениетіне байланысты, кезінде австролопитектер жасап шығарған. Кейінгі кезеңдерде ондай шаппа тастардың өңделген түрлері табылды. Сонымен қатар құралдардың дифференциясы байқалды. Адамдар енді қырғыштар, тас пышақтарды, үшкір ұшты құралдарды жасай бастады. Құралдарды жасаудың екі жолы болған: біріншісінде тастардан шабу арқылы шақпақтар алынып, оларды қайта өңдеген. Бұл мәдениеті ашель деп аталды. Тас құралдардан басқа тік жүретін адам еңбек құралдарын сүйек пен ағаштан жасаған. Отты пайдалануға байланысты ол ұшы күйдірілген найза мен қазықтар жасады.
Қола дәуіріндегі Қазақстан (б.з.б. ХҮІІІ – ІХғғ.).
Металл балқытуымен адамзат өз дамуында келесі кезеңге өтті. Бұл кезеңнің негізгі материалы мыс пен қалайының қоспасы болғандықтан археологтар оны қола ғасыры деп атады. Қоладан әртүрлі еңбек құралдары жасалды – орақ, кетпен, әшекейлер т.б. құралдар. Қола ғасырының өзіне тән ерекшелігі – металлургия мен дамыған жер және мал шаруашылығының кешенді дамуы. Қазақстан жерінде өндіруші шаруашылықтың қалыптасуымен жаңа өзіндік мәдениет қауымдастықтары пайда болды, олар неолит дәстүрін жалғастырды. Осы жергілікті мәдениеттердің бәрі көп жағдайда ұқсас болды, сондықтан оларды жаңа археологиялық мәдениетке – Андронов мәдениетіне біріктірді. Бұл мәдениет Минусинк ойпатында табылған жердің атымен аталды. Ол екі кезеңге ерте және орта қола ғасыры болып бөлінеді. Жабайы жануарларды қолға үйретуге көшу адам қоғамы дамуының заңды кезеңі болды. Жабайы жануарларды қолға үйрету сонау неолит дәуірінде басталды. Неолиттен кейінгі қола дәуірінде қолға үйретілген жануарлардың саны көбейді. Малдың түр құрамы да көбейді. Қола дәуірі шаруашылық нысаны ретіндегі мал шаруашылығының үздіксіз дамыған уақыты болды. Үй маңында мал бағу бірте-бірте жайлауда малмен бірге бір жайылымнан екінші жайылымға жылжи көшіп отырды. Қола дәуірінің соңғы кезеңінде Қазақстанның далалық аудандарында мал өсіру шаруашылықтың негізгі саласына айналды және көшпелі мал шаруашылығына жақын түрге ие болды. Өнімді мал шаруашылығына көшу ілгері басқан құбылыс болды. Қазақстан аумағында мал шаруашылығымен қатар неолит дәуірінен бастап егіншілік дами бастады. Қола дәуіріндегі тайпалардың шаруашылығында мал шаруашылығы мен егіншілік бірін-бірі толтырып, өзара байланысты болды. Егіншілік өзінің сипаты жағынан қарапайым болып қала берді және мал өсірумен салыстырғанда көмекші рөл атқарды, бірақ ол тамақ өнімдерін алудың маңызды көзі болды. Қола дәуірінде аң және балық аулау өзінің бұрынғы маңызынан айырылды. Жабайы жануарлардың сүйектерінің үлесі алдыңғы қола дәуірінің қоныстарында 3,6%, соңғы қола дәуірінде 1% -ке дейін болды. Қола дәуіріндегі тайпалар үй маңында мал өсіруден жайлаудан мал бағуға, одан кейінгі көшпелі мал шаруашылығына көшті. Кен ісі, металлургия. Қола дәуірінде адам қоғамының өндіргіш күштердің дамуында мал шаруашылығымен және егіншілікпен қатар әр түрлі рудаларды өндіру, тас пен сүйекті ұқсату аса маңызды рөл атқарды. Қоныстар мен тұрғын үйлер. Қазақстан аумағындағы қола дәуірі қоныстарының көп екені мәлім, олардың 60-да археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Әдетте, қоныстар өзен жағасында, көл маңында орналасты. Қоныстар 60-10 үйден, үлкендері 20 үйден құрылды, олар бір немесе екі қатар үйлер болып бөлінді. Жартылай жертөлелердің негізгі үш түрін атап өтеуге болады, олар: тік бұрышты, сопақ және сегіздік тәрізді, бәрінің шаршы метрден 300-400 шаршы метрге дейін жетіп отырды. Үй-қоралардан жайғасуы, жер ошақтардың, шаруашылық саны мен орны үйдің немесе оның жеке бөлігінің нақ неге арналуына байланысты болды. Қоныстарға жақын жерде рулық зираттар орналасты. Үйдегі кәсіптер. Мал шаруашылығы тамақ өнімдерін ғана емес, сонымен қатар киім мен аяқ киім тігілетін шикізаттар да берді. Қола дәуірінде тоқыма кәсібі қарапайым тоқыма станогінің ұршықтарының табылуынан дәлелденді. Жүн киімдер қойдың биязы жүні мен ешкінің түбітінен тоқылады. Діни нанымдар мен табынушылықтар. Қола дәуіріндегі тайпалардың тұрмысы мен әл-әуқаты түгелдей табиғат деп білді. Бұл ең алдымен күн, от, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі болды. Күн мен от жылының біреуі – мұның бәрі қайырымды, құдіретті рухтармен байланыстырылды. Қола дәуіріндегі тайпалар отқа табынған, мұны сол дәуірде кең таралған өлікті өртеу ғұрпы көрсетеді. Ежелгі адамдардың ұғымынша, ол денені жамандықтардан тазартады және өлген адамды зұлым рухтардан қорғайды. Қола дәуірінің соңғы кезеңінде шаруашылықтың жаңа түрі көшпелі мал шаруашылығының дамуына байланысты күнге табынумен бірдей ай мен жұлдыздарға табыну пайда болды, өйткені көшпелілер түнде көшкенде соларға қарап бағыт ұстайтын болды.Қола дәуірінде тайпалардың ата-бабаларына айнуы және о дүниеге сенуі кеңінен таралды. Сондықтан қола дәуірінің тайпалары өлген құралдармен, қарумен, сәндік заттармен мүмкіндігінше жақсылап жабдықтауға тырысты. Бейіттері үйге ұқсас етіп салынды және айналасы шарбақтармен қоршалғанҚазіргі уақытта Орталық Қазақстанда қола дәуірінің 50-ге жуық қонысы мен 150 ірі қорымы табылды. Қазба ісі 40 қорым мен 10 қонысты жүргізілді. Орталық Қазақстанға Андронов мәдениеті тайпалары өз дамуында бірінен соң келетін екі кезеңнен өтті, алдыңғысы – Нұра кезеңі, ортаңғысы – Атасу кезеңі. Соңғы қола дәуірінде (б.з.б. Х-ҮІІІ ғғ.) олар Андронов мәдениетімен салыстырғанда анағұрлым жоғары, көрнекті Дәндібай-Беғазы мәдениетін құрды. Дәндібай – Беғазы заманындағы (б.з.б. Х-ҮІІІ ғғ.) тайпалар мәдениеттік дамуы бірінен кейін бірі келетін үш кезеңге: өтпелі, дамыған және соңғы кезеңдерге бөлінеді. Атасу заманынан Дәндібай-Беғазы заманына дейінгі өтпелі кезең Атасу өзенінен Ертіске дейінгі байтақ далада таралған көптеген ескерткіштермен сиппатталады. Олардың қатарына Ақсу-Аюлы-2, Ортау-2, Байбара-2, Бесоба, Бұғым-3 кешендері жатады. Бұл ескерткіштерге, бір жағынан, Андронов мәдениеті дәстүрлерінің сақталуы, екінші жағынан, мәдениеттік жаңа элементтердің - тұрпаты ерекше бейіт тамдардың, жатаған домалақ ыдыстардың пайда болуы тән. Жерлеу ғұрпы да Андронов мәдениетіне тән емес. Әдеттегі бүктетілген қаңқалармен қатар аяқтарын созып, шалқасынан жатқызған қаңқалар да кездеседі. Мұндай жерлеу ғұрпы кейінгі қола, ерте темір дәуірінде Қазақстан аумағында тұрған малшы тайпаларда кеңінен тараған.Дәндібай-Беғазы мәдениетінің дамыған дәуіріне жататындар Беғазы, Айбас-Дарасы, Аққойтас, Дәндібай, Ортау-3, Саңғыру-1-3 зираттары, Ұлытау, Шортанды бұлақ, Қарқаралы-1-3 және басқалары. Бұл қорымдар мен қоныстар тұрған үйлер мен ғұрыптық табыну үйлерінің сәулет-құрылыс жағынан жетілгендігімен сиппаталады. Беғазыдағы бай кесенелердің көңіл қоярлық ерекшеліктердің бірі – діни ғұрыптың заттарды қою үшін және құрбан шалу үшін арнайы істелген мехрап орны. Шаруашылықтың көшпелі қалыпқа бейімделумен сиппатталатын кейінгі даму кезеңінде бір кезде жоғары дәрежеде болған Дәндібай-Беғазы мәдениеті жаңа сатыға көшеді. өткен замандағы күрделі бейіттік құрылыстардың орнына қоршаусыз ірі тас жәшіктерден жасалған қарапайым құрылыстар пайда болды. Бұлар Қарқаралы маңын Кент тауларындағы, Айдарлы, Бұғылы-2, құрылыс алқаптарындағы ескерткіштер. Қыш ыдыстарда өткен уақыттағы дәстүрлер әлі сақталады. Ыдыстардағы өрнектер қара дүрсінденіп, негізінде тегіс қалыппен белдеулей салынған қиғаш кертпелер, біріне-бірі көлденең сызықшалар, көлбей сызылған айқаспа шаршалар түрінде болып келеді. Кейбір ыдыстардың мойны меруерт – деп аталатын шығыңқы шеңбермен сәнделеді, бұлар көзінің ішінен ұшы жұмырланған таяқшамен басу арқылы жасалған. Орталық Қазақстанның таулы аймағының тұрғындары бұл кезде де үйді жертөле және жартылай жертөле түрінде салатын болған. Жер ошақтар дөңгелек шұңқыр түрінде жасалып, олардың астына жалпақ тастар төселді. Дәндібай-Беғазы заманының төл-тума мәдениеті бар тұрғындары Қазақстан даласында ертедегі темір дәуірінде қалыптасқан жаңа этникалық-мәдени құрамдардың бір компоненті болды.
Қазақстан тарихындағы б.з.д. 1 мыңжылдықтың соңы мен біздің заманымыздың басы түбегейлі бетбұрыс болып табылады. Б.з.д. ҮІІІ-ҮІІ ғғ. темірдің пайда болуы мен өндірістің көшпелі түріне көшу Қазақстан жерінде өмір сүрген тайпалардың шаруашылығында күрделі өзгерістерге әкелді. Жетісуда - сақ-үйсін, Арал өңірінде - қаңлы, Қазақстанның солтүстік-шығыс жағында - ғұн, Батыс Қазақстанда - алан этномәдени қауымдастықтары қалыптасты. Қазақстан жеріндегі алғашқы мемлекеттік құрылымдар б.з.д. 1 мыңжылдықта тайпалар одағы ретінде қалыптаса бастады. Сөйтіп, Қазақстанда сақ-даха (массагет), сақ-рауки (тиграхауда), исседон, аримаспа бірлестіктері пайда болды.
Темір дәуіріндегі тайпалық одақтар және ежелгі мемлекеттер.
Сақтар (б.з.б. ҮІІ – ІІІ ғғ.). Б.з.д. 1 мыңжылдықтың ортасынан бастап Қазақстан жеріндегі көшпелі тайпалар «сақ» атауымен белгілі. Жазба деректердің мәліметі бойынша олар Қазақстанның барлық этникалық территориясында қоныстанып, бірнеше топқа бөлінген: оңтүстікте тиграхауда сақтары (грек деректерінде массагеттер, дон тайпалары), Бактрия мен Маржанада құрамына парасогда сақтары кірген хаумаварга сақтары. Солтүстік шығыста – аримаспы, Орталық Қазақстанда – исседондар, Батыс савроматтар, Геродот бойынша савроматтар аржағында, «биіктаулардың етегінде», оңтүстік шығыс Орал таулары болуы мүмкін, аргипей тайпалары өмір сүрген. Сақ тайпалары мал шаруашылығының үш түрімен айналысты; көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшы. Малдың негізгі түрі қой болды. Шаруашылықта және күнделікті тұрмыста жылқы жиі пайдаланды, мұны археологиялық деректер де растайды. Сақ жауынгерлері мен көсемдерінің қабірін ашқанда жылқылардың сүйектері табылған. Асыл тұқымды жылқымен бірге қарапайым жылқылар да болды, олар аса биік емес, аяқтары қысқа, бірақ өте төзімді болды. Жетісу жерінде сақ дәуірінің керемет бір ескерткіші – Есік қорғаны. Ол Алматының шығысында, км. жерде Іле Алатауының бөктерінде орналасқан. Қорғанның диаметрі 60 м. биіктігі 6 м. Үйілген топырақтың астында екі бейіт бар – 1-уі орталық, 2-сі жанынан табылған. Орталық мүрде тоналған, ал жанындағы аман. Тянь-Шань қарағайларын сүргілеп, қима моланың көлемі 2,9 м., тереңдігі 1,5. Еденінде жақсылап 10 тақтай төселген. Анықталғандай, мәйіт жатқан еденінің үстінде көрпе жайылып, алтын қаптамалармен безендірілген. Оның үстінде басын батысқа қаратып, бай киімдерін киіп, қару асынып мәйіт жатты. Антропологтардың айтуынша, өлген адамның жасы 17-18-де , бойы 165 см. Қазір көп ғалымдар оларды Иран тілдес дейді. Дәлелдеулер көрсеткендей, көне көшпелілер Қазақстанның қазіргі жергілікті халқының ата-бабасы бола алмайды. Бірақ, б.з.д. ҮІІ-ҮІ ғғ. жерленген адамдардың бас сүйегін зерттеген антропологтар оларда монголоидты нәсілдің араласқанын байқайды. Монголоидты элементтердің таралуы индоевропалық тілдің емес, түрік тілінің таралуымен байланысты болды. Археологиялық мәліметтерге қарағанда, Қазақстан тайпаларында күн мен отқа табыну болған, ол жөнінде антикалық та, ерте деректер де толық дәлел. Сонымен қатар бұрыннан қалған антимизм, тотемизм, магия сияқты нанымдар да орын алған.
Үйсіндер және қаңлылар (б.з.б. ІІ – б.з. Ү ғғ.). Б.з.д. 1 мың аяғында Жетісу, Тянь-Шань және Тарбағатай жерлерінде жаңа мемлекет пайда болды, ол Қытай деректерінде «Үйсін елі» деп аталды. Алғашында үйсіндер Данхэ өзенінің бойында мекендеген, б.з.д. ІІІ ғ. Юечжи тайпаларының қыспағынан Монғолияға көшіп баруға мәжбүр болды, ал мұнда Ғұндардан соққы алғаннан кейін Жетісу мен Жоңғарияға келді. Үйсін мемлекетінің басында «Күнбек» титулы бар билеушісі тұрды. Үйсін мемлекеті құрылғаннан бастап Ғұндарға тәуелді болды, бірақ ол одан тез босанып осы аймақта ең күшті мемлекттердің біріне айналды. Ү ғ. басында үйсін атауы деректерден кездеспейді. Айта кетуі керек, «Үйсін» этнонимі бүгінгі күнге дейін жетті. Қазақтардың Ұлы жүзінің бір руы «Үйсін» деп аталды.
Кангюй атауы (Қытайша Канцзюй) алғашқы рет деректерде б.з.д. ІІ ғ. кездеседі. Б.з.д. 138 ж. Қытай императоры У-Ди Чжан-Цянь бастаған сауда елшілігін батыс елдеріне жібереді. Ол елшілік тек 13 жылдан кейін қайтып келеді. Оның жазбаларында бұған дейін Қытайға мәлім болмаған мемлекеттер сиппатталған. Солардың ішінде Чжан Цянь билеушісінің ордасында болған Кангюй мемлекеті де бар. Кангюй халқының этникалық сипаты әлі де болса күрделі сұрақ, толық зерттелмеген. Қангюйлер қай тілде сөйлеген туралы әлі де тұтас пікір жоқ. А.М.Бернштамның пікірінше, Кангюйлер түркі тілдес болған. Басқа зерттеушілер оларды солтүстік Иран малшы тайпалары, б.з.д. І ғ. ортасында ғана Сыр өңіріне түркі тайпаларының келуіне байланысты ғана өзінің этникалық түрі мен тілін өзгерткен дейді.
Ғұндар. Ғұндар жазба деректерде алғашқы рет б.з.д. 822 аталады, ол кезде олар Қытайға үлкен жорық жасаған. Б.з.д. ІІІ ғ. ғұндардың Қытайға шабуылы үдей түсті. Сондықтан да Қытай императоры Ұлы Қорған салдырды. Бұл кезде ғұндар туысқан рулардың одағы ретінде қалыптасып, оны сайлаған көсем басқарды. Б.з.д. 209 ж. Туман атты көсемнің баласы Моде өзін «сенгер» деп жариялап (сенгир-ұлы) Ғұн мемлекет құру барысында қызмет ете бастады. Солтүстік ғұндардың бір бөлігі б.з.д. ІІ ғ. Қазақстан территориясына енді. Көп ұзамай олар Волга, Дон және Арал теңізінің аралығына келді. Осы кішкентай жерде хунну, алан және қангар тайпалары ІІІ ғасыр бойы көшіп, Иран, Рим сияқты көне мемлекеттермен саяси қатынасқа түсті. Осы уақытқа дейін ғұндар өзінің этникалық ерекшеліктерінен айырылып, жергілікті көшпелі тайпалармен ассимиляцияға түсті осыдан жаңа этнос пайда болды, енді біз оны Хунну емес Ғұн дейміз. Оларды осылай батыс деректері де атайды.
Ерте ортағасырлық Қазақстан территориясындағы мемлекеттер. (ҮІ - Х ғғ.).
Түрік қағанаты (552-603 жж). Қазақстан жерлері ҮІ ғасырда құдіретті держава – билеушілері түрік тайпасының әулеттік ашин руынан шыққан Түрік қағанатының билігіне түсті. Түрік энтонимі ең алғаш аталуы қытай жылнамаларында кездеседі. Шежірелерде түріктер Қытайдың Вэй князьдігінің солтүстік бөліктеріне жыл сайын шапқыншылық жасап тұрғандығы айтылады. 546 жылы тирек тайпалары қазіргі Моңғолияның оңтүстігі мен орталық бөліктерін мекендеген және бұл жерлерге үстемдік еткен аварларға қарсы жорық жасайды. Батыс жақтан қаптай енген тиректер армиясының сан жағынан көп болғаны белгісіз, бірақ олардың нөпірі сұсты болған деп топшаланады, өйткені тиректердің құрамына көптеген тайпалар енген, ал олардың қуатты аварларға аз күштермен қарсы тұра алуы екіталай еді. Түрік қағаны Бумын тирек армиясына шабуыл жасап күйрете жеңіске жетеді. Осы мемлекеттің ойрандалған орнында олар Түрік қағанатын құрады. Бұл этникалық - әлеуметтік бірлестіктің атасы Бумын қаған болады. 552 жылы көктемде түріктер аварлардың ордасына шабуыл жасап, оларды күйрете жеңіп, билеушілері Анағұй өзін-өзі өлтіреді. Сөйтіп аварлардың күш қуатына да, олардың барлық иеліктеріне де өзін мұрагер ретінде орнықтырады. 553 жылы Бумын қаған қаза табады, оның орнына таққа інісі Қара-Еске отырады, оның бастауымен Букрат тауларында аварларды екінші рет жеңеді. Қара-Ескінің мұрагері Мұқан қаған, оның лақап аты Нанту болады. Мұқан қаған (552-554 жж.) билік құрған уақытта Түрік қағанаты Орта Азияда саяси үстемдікке ие болады. Бұл жылдары түріктердің батысқа жасаған соғыс жорықтары бұлардан да күшті бола түседі. Бұларды Бумынның басқа бір інісі Иштеми бастайды, кейін оны батыс түріктердің түпкі атасы Батыс түрік қағанатының негізін салушы деп атайды. 552-553 жылдары түріктер «Батыста идті (эфтал) бағындырады». Отырықшы аудандардың байлығын иеленуге ұмтылу түріктердің батыстағы, Орта Азиядағы одан арғы саясаттың негізі болады. Олар эфталиттерінің батыс тармағына міне осы арада кездесті, ал эфталиттердің иелігі Каспий теңізінен Солтүстік Үндістанға және Шығыс Түркістанға дейінгі жерді алып жатқан болатын. Түрік қағанатындағы әлеуметтік қайшылықтар және мал індеттерінің күшейіп ашаршылықпен ушыға түсуі, Сүй Қытайының қағанат шекараларына шабуыл жасауы (581-618 жж.) Түрік қағанатының 603 жылы екі дербес қағанатқа – Шығыс және Батыс қағанаттарына бөлінуіне әкеліп соғады.Батыс түрік қағанаты Шығыс түрік қағанатына біршама саяси тәуелді болды. Билік түріктердің қаған руы ашиналардың қолында болған еді. Батыс қағанатының орталығы Суяб (Жетісу) болды. Аумағы Қаратаудың Шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жерді алып жатты. Сонымен қатар Түрік қағанатының Шығыс Түркістан мен Орта Азиядағы (Самарқант, Маймург, Кеш, Нахшеб, Иштихан, Кушания, Бұхара, Амуль және Айдхой) отырықшы егіншілік мұраттарындағы басып алған барлық жерлерінің мұрагері болды. Батыс түріктері мемлекетінің бірінші басшысы – қаған жоғарғы билеушісі әскербасы болды. Алғашқы кезде қаған тағына мұрагерлік бойынша қағанаттың сол қанатына шұмұқ (ашна) фратриясының өкілдері отыратын, бірақ бұл тәртіп өзара күрес тудырып бұзылып отырды. Қаған мемлекетінің ішкі және сыртқы істеріне басшылық етіп, дәулеттік шонжарларға сүйеніп ру басшыларын сайлады. Қағанатта қоғамдық экономикалық қатынастардың дамуы Евразияның басқа аудандарындағы сияқты үрдістерге байланысты жүріп, феодалдық қатынастардың орнығуы арнасында жүргенімен, оның өз ерекшеліктері де болды. Мемлекетте қағаннан кейінгі адам ұлық болған. Қағанаттағы жоғарғы лауазымдар – ябғу, шад және елтебер - қаған руының өкілдеріне тиесілі еді. Сот қызметтерін бұйрықтар мен тарқандар атқарды. Бектер – тайпа бастықтары мен өкілдері – жергілікті жерлердегі ақсүйектер сословиесінің басты тірегі болған. Мал өсіретін ерікті қауым мүшелері қағанаттың қарауында болған. Бағыныштылық әрқашан алым-салым төлеумен қатар жүріп отырған. Бағындырылған тайпалардан құлдар тобы қалыптасқан. Түріктердің көрші тайпаларға шапқыншылық жасауының себебінің бірі құлдар алу болған. Батыс түрік қағанатында әлеуметтік-экономикалық және саяси қатынастардың ала-құла, үстемдік ету мен бағыну түрлерінің алуан түрлі болуына қарамастан, Батыс түрік қағанатында топтардың құрылуы және ертедегі феодалдық қоғамдық қатынастардың біршама тез қалыптасу үрдісінің жүргені анық.
Достарыңызбен бөлісу: |