1 Өндірісті ұйымдастыру негіздері
1.1 Курстың пәні мен міндеті
«Өндірісті ұйымдастыру» курсы кешенді пән болып есептеледі, себебі оның құрамында өндірісті ұйымдастыру, өндірістік инфрақұрылым және қазіргі заманғы кәсіпорындардағы менеджмент негіздері оқытылады.
Пәнді оқудың мақсаты – кәсіпорынның және оның бөлімшелерінің ғылыми-техникалық, өндірістік-шаруашылық және әлеуметтік іс-әрекеттерін ұйымдастыру, жоспарлау, басқару салалары тәжірибесінде туындайтын мәселелерді тиімді шешуге жеткілікті білікті деңгейлері бар өндіріс менеджерлерін дайындау.
Өндірісті ұйымдастыру ғылымының даму тарихын XVIII ғасырдан бастауға болады. Осы кезде ағылшынның механигі Аркрайт айыппұл жүйесін, жұмысшыларға арналған белгіленген еңбек режимін және т.б. қарастыратын «Фабрикалық кодексін» жарыққа шығарды.
Кейін өткен ғасырдың соңында өндірісті ғылыми тұрғыдан басқарудың негіздері құрушы бірқатар ғалымдар пайда болды. Сол заманның осы сала бойынша Тейлор, Гильберт, Гант сияқты және тағы басқа белгілі ғалымдар еңбекті нормалауға, еңбекақыны ұйымдастыруға қатысты көптеген ережелерді, нормалар мен техникалық тәсілдерді қалыптастырды.
Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде машиналық өндірісті үздіксіз-ағымдық ұйымдастыруға бағытталған Фордтың жүйесі пайда болды.
Сол жылдары Хелси, Роуэна, Ганта, Рефа, және басқалардың еңбекақы жүйесіне байланысты әртүрлі жүйелері кең қолданысқа ие болды.
Кеңес үкіметі кезінде біздің мемлекеттің өндірісті ұйымдастыру және басқару жөніндегі ғылым дамуының негізгі кезеңдері:
1921г. – Еңбектің орталық институтының құрылуы. Дәл сол кезде Мемжоспар жасалды.
1923г. – Еңбекті ғылыми ұйымдастыру бойынша Кеңес (ЕҒҰКеңесі), «Уақыт» лигасы құрылды.
1924г. – Еңбекті және өндірісті ғылыми ұйымдастыру бойынша Бүкілодақтық конференция өтті.
1925г. – Өндірісті рационализациялау бойынша Бүкілодақтық кеңес
Өндірісті ұйымдастыру, жоспарлау және басқару туралы отандық ғылымның дамуында келесі маңызды оқиғалар соғыстан кейінгі уақытта 50-ші – 70-ші жылдары болды және олар ғылыми-зерттеу және жобалау институттарының сәйкесінше кең желісін құрумен байланысты.
Соңғы жылдардың шетелдік тәжірибесінің талдауы өндірісті ұйымдастыру жөніндегі ғылым дамуының бес негізгі бағытын ерекшелеуге мүмкіндік береді. Олар: Ғылыми менеджмент, Индустриалды әлеуметтану, Эмпирикалық мектеп, Әлеуметтік жүйелер мектебі, «Жаңа мектеп».
ҚР азаматтық кодексін қабылдағаннан кейін «Кәсіпорын» ұғымы біраз өзгерістерге ұшырады. Ол мемлекеттік немесе муниципальдық меншіктегі кәсіпорындар тобына ғана сақталды. Барлық қалған заңды тұлғалар шаруашылық серіктестіктеріне, өндірістік кооперативтерге және коммерциялық емес ұйымдарға бөлінді.
Бүгінгі таңда шаруашылық серіктестіктерінің келесі түрлері бар: толық серіктестік (ТС), коммандиттік серіктестік (Кс), жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС), қосымша жауапкершілікті серіктестік (ҚЖС), акционерлік қоғам (АҚ).
1.2 Кәсіпорынның жалпы және өндірістік құрылымы
Кәсіпорынның немесе цехтің құрылымы дегеніміз оның құрамына кіретін бөлімшелер, сонымен қатар олардың өзарабайланысы.
Цех дегеніміз бұл – өндірістік процестің белгілі бір бөлігін атқаратын, немесе кәсіпорынның белгілі бір өнім түрін жасайтын кәсіпорынның ұйымдастыру және технологиялық лайықталған бөлімі.
Кәсіпорында негізгі, көмекші цехтер және қызмет көрсетуші шаруашылық деп бөледі.
Негізгі цехке кәсіпорынның құрылымдық бөлімшелері кіреді. Мұнда кәсіпорынның мамандануына сәйкес және шығару бағдарламасын құратын бұйым дайындаудың өндірістік процестері жүзеге асырылады.
Көмекші цехтерге өнімді дайындауға байланысты цехтер жатады. Олар кәсіпорында негізгі өндірісте пайдаға асырылады.
Кәсіпорынның қызмет көрсету шаруашылығына әдетте негізгі өндіріске өндірістік қызмет көрсетуге байланысты жұмыс атқаратын құрылымдық бөлімшелерді жатқызады.
Мамандандыру деңгейіне байланысты кәсіпорынның өндірістік құрылымдарының келесідей үлкейтілген типтері бар: толық технологиялық циклді заводтар, толық емес технологиялық циклді заводтар, құрастыру заводтары, өндірісте белгілі бір түрді дайындауға мамандандырылған заводтар. Кәсіпорын цехтерінде технологиялық, пәндік және бөлшектік мамандандырулар болуы мүмкін.
1.3 Өндірістік үрдіс және уақыт бойынша оны ұйымдастыру
Өндірістік процесс дегеніміз негізгі, көмекші және қызмет көрсетуші процестердің, сонымен қатар нәтижесінде шығыс материалдары дайын бұйымдарға айналатын табиғи процестер жиынтығы.
Қарапйым процестер дегеніміз бұл – еңбектің қарапайым құралдарын өңдеу процесі, сонымен қатар жеке алынған құрастыру процестері.
Күрделі процесс дегеніміз бұл - қарапайым процестердің уақыт бойынша үйлестірілген жиынтығы.
Қарапайым процестің негізгі құрылымдық элементі операция болып табылады.
Кәсіпорындарда өндірістік процестерді рациональді ұйымдастыру келесі жалпы принциптерге негізделеді: мамандандыру, пропорционалдық, параллельдік, туралық, үздіксіздік, ырғақтық және бірқалыптылық.
Өндірістік цикл дегеніміз бұл – өндірістік процестің немесе оның кез келген бөлігінің орындалатын уақыттың күнтізбелік кезеңі.
Бұйымды өңдеудің негізгі операцияларын орындау уақыты технологиялық циклді құрады.
Өндірістік цикл шеңберінде үзілістер циклішілік (операцияішілік), цикларалық және режимдік болып бөлуі мүмкін.
Операциялық цикл – бұл дегеніміз процестің бір операциясында детальді (партияны) өңдеу ұзақтығы продолжительность.
Операциялық циклдердің уақыт бойынша үйлесімділігі өндірістік циклдің ұзақтығына елеулі әсер етеді және өндіріс процесінде детальдарды жіберу тәртібін анықтайды.
Операциялық циклдер (еңбек құралдарының процесс операциялары бойынша қозғалыс түрлерінің) үйлесімділігінің үш түрі болуы мүмкін: ретті, параллельді және параллельді-ретті.
Еңбек құралдары қозғалысының ретті түрі детальмен жұмыстың әрбір келесі операциясы оның өткен операциядан кейін ғана басталатынын сипаттайды. Сонымен бірге партия бөлшектенбейді, келесі операцияға толық мөлшерінде жіберіледі.
Еңбек құралдары қозғалысының параллельді-ретті түрі бұйымды (немесе жіберудің кіші партиясын) жіберудің мынандай тәртібін қарастырады: яғни мұнда операциялық циклдер орындалуының анағұрлым біруақытыттылығына қол жеткізіледі, және әрбір операцияда бүкіл партия үздіксіз өңделеді. «n» даналы бүкіл детальдар партиясы операцияларға бөлшектеліп, «nт» даналы партиялармен немесе бір-бірлеп жеткізіледі.
Өндірістегі еңбек құралдары қозғалысының параллельді түрі кішігірім жіберу партиялары (жеке детальдар) өңделіп біткеннен кейін алдындағы операциядан келесі операцияға тез, шұғыл жіберілуімен сипатталады. (аралас операциялық циклдер ұзақтығына тәуелділіктен тыс).
Күрделі процестің өндірістік циклі дегеніміз бұйымды немесе олардың партияларын дайындаудың күрделі процесіне кіретін уақыт бойынша үйлестірілген қарапйым процестер кешенінің жалпы ұзақтығын білдіреді.
Күрделі процестерді құрайтын процестерді үйлестірудің мақсаты құрал-жабдықтарды толық іске қосу кезіндегі өндірістің кешенділігі мен тоқтаусыздығын қамтамасыз ету.
1.4 Өндірісті ұйымдастыру түрлері мен нысандары
Өндірістің типі дегеніміз бұл - бір жұмыс орнында немесе цех, учаске, кәсіпорын масштабында жүзеге асатын өндірістік процестердің ұйымдастырушылық-технологиялық сипаттамасын анықтайтын белгілер жиынтығы.
Бұйымның мол номенклатурасы бір ғана данамен дайындалып, немесе біртекті бұйымдар уақыттың белгісіз бір аралығында қайталанса, ондай жағдайда бұл – бірлі-жарым өндірістік процесс деп аталады.
Сериялық өндірістік процесі кезінде бұйымның номенклатурасын оның шығару партиясын анықтайтын санмен шектеуіне қатысты периодтық түрде дайындалады.
Көпшілік өндірістік процесс кезінде бұйымның аса шектеулі номенклатурасы елеулі мөлшерде үздіксіз дайындалады.
Технологиялық процесс операциясы реттілігінде мамандандырылған жұмыс орындарында атқарылатын негізгі және көмекші операциялары уақыт бойынша ырғақтық қайталымға негізделген өндірісті ұйымдастырудың прогрессті формасы ағымдық өндіріс деп аталады.
Өңделетін детальдар атауының санына қарай бірпәндік және көппәндік ағымдық сызықтар болады, ал жолдағы жұмыс орындарының саны бойынша – қарапайым және күрделі болып бөлінеді.
Өнімді үздіксіз шығаруды және барлық операцияларда өнімділіктің пропорционалдығын есепке ала отырып сызықтың бірнеше түрін бөліп көрсетуге болады: үздіксіз-ағымдық және үздікағымдық.
Ырғақты сақтау тәсілі бойынша сызықтар регламентті және бос ырғақты болып бөлінеді.
Үздіксіз-ағымдық сызықтарды ұйымдастырудың ерекшелігі - өндірістік процестің барлық операцияларының ұзақтығын синхрондау қажеттілігі болып табылады.
Үздіксіз-ағымдық сызықтарда үш түрлі заделдер құрылады: технологиялық, көліктік және резервтік (сақтандыру).
Үздіксіз-ағымдық өндірісте конвейерлер кеңінен қолданылады. Конвейерлер жұмыстық және таратып тұрытын болып екіге бөлінеді.
Үздік-ағымдық сызықтарды ұйымдастырудың ерекшелігі олардың технологиялық операцияларының синхрондаусыздығы болып табылады. Осының салдарынан тура сызықтардың аралас операцияларында өңделуші детальдердің операцияаралық заделдері пайда болуынан қашып құтыла алмаймыз.
Аралас операциялар арасындағы операцияаралық айналым заделінің өлшемі белгілі бір уақыт ішінде осы әрбір операцияларда өңделген бұйым санының айырмасы ретінде анықталады.
Тура сызықтарда конвейерлерді пайдалану негізінен орынсыз. Бұл жерде әртүрлі гравитациялық көліктік құралдар (рольгангтер, скаттар), сонымен қатар циклдік іс-қимыл құрал-жабдықтары (электрокарлар, тельферлі монорельстер және т.б.) кеңінен қолданылады.
Ағымдық өндірісті дамыту процестерді автоматтандыру жолымен келе жатыр. Автоматтандырылған цехтерде және автомат-заводтарда өндірістік процестердің үздіксіздігі олардың орындалуының автоматтылығымен сәйкес келеді.
Ағымдық өндірісті ұйымдастыру біршама талаптарды сақтауды талап етеді: бұйым кострукциясының технологиялылығы, бұйымды жеке детальдарға рациональды конструктивті мүшелеу; озық технологияларды, өндірістік процестерді кешенді автоматтандыруды және механизациялауды пайдалану.
Өндірісті ұйымдастырудың ағымдық формасын таңдау келесі артықшылықтарға ие: еңбек өнімділігін арттыру, өндірістік цикл ұзақтығын қысқарту, аяқталмаған өндіріс көлемін азайту, кәсіпорынның негізгі қорлары мен айналымдық құралдарын пайдалануды жақсарту, өнім сапасын жоғарлату және ақауды азайту, өнімнің өзіндік құнын төмендету.
1.5 Өндірісті ғылыми-техникалық тұрғыдан дайындауды ұйымдастыруды жетілдіру
Дайындық процесі және өндірісте ғылыми-техникалық жетістіктерді пайдалану техника нысанының өмірлік цикл ретіндегі келесі негізгі фазаладран өтеді: Бірінші фаза – ғылыми-зерттеу жұмыстары. Екінші фаза – тәжірибелік-конструкторлық өңдеулер. Үшінші фаза – технологиялық дайындық және өндірісті игеру. Төртінші фаза – бұйымды өндіру. Бесінші фаза – алынған бұйымдарды пайдалануға беру.
Жоғарыда аталған циклдің алғашқы үш фазасы өндірістің техникалық дайындығын құрады. Бұйымның өмірлік циклінде техникалық дайындық ұзақтығы оның бүкіл ұзақтығының 40 %-н алуына болады.
Ғылыми-зерттеу жұмыстары.
Ғылыми-зерттеу жұмыстары (ҒЗЖ) келесі түрлерге бөлінеді: теоретикалық ізденушілік, теоретикалық іргетасты, қолданбалы.
ҒЗЖ келесі сатыларға бөлінеді: техникалық тапсырмаларды жасау, техникалық ұсыныстарды жасау, теоретикалық және экспериментальды зерттеулер жүргізу, ҒЗЖ нәтижелерін безендіру, тақырыпты қабылдау.
ҚР-да өнертапқыштық, рационализаторлық және патенттік-лицензиялық жұмыстар ҚР патенттік Заңына негізделе ұйымдастырылады. Ұлттық экономиканың барлық салаларында өнертапқыштық пен рационализацияны дамытуды Ұлттық патенттік ведомство (Қазпатент) жүзеге асырады. Осы бағытта белгіленген шараларды жүзеге асыру үшін ҚР өнертабыстар мемлекеттік қоры құрылды.
Ғылыми жаңалық дегеніміз бұған дейін белгілі болмаған сана деңгейіне түбірлі өзгеріс енгізетін материалдық әлемнің заңдылықтары, қасиеттері мен құбылыстарының заңы.
Өнертабыс бұл оң пайда беретін ұлттық экономиканың кез келген саласында тапсырмаларды техникалық шешудің елеулі ерекшеліктері бар нәрсе немесе мүлдем жаңа дүние.
Рационализаторлық ұсыныс дегеніміз кәсіпорын үшін жаңа және пайдалы болып табылатын техникалық шешім. Ол шешім сол кәсіпорында жүзеге асады, бұйым конструкциясының өзгеруін, өндіріс технологиясын және қолданылатын техникаларды немесе материал қасиеттерінің өзгерісін қарастырады.
ҒЗЖ экономикалық тиімділігі негізгі төрт параметр бойынша бағаланады: ғылыми-техникалық тиімділік, ұйымдастырушылық-өндірістік тиімділік, әлеуметтік тиімділік және экономикалық тиімділік.
Тәжірибелік-конструкторлық өңдеу
ҒЗЖ нәтижелері жаңа бұйым өндірісінің конструкторлық дайындығында қолданылады.
Конструкторлық құжаттаудың бірыңғай жүйесі (КҚБЖ) өндірістің конструкторлық дайындығының негізгі сатыларын анықтайды: техникалық тапсырма, техникалық ұсыныс, эскизді жоба, техникалық жоба, жұмыстық құжаттауды жасау.
Өндірістің конструкторлық дайындығын жылдамдатуға және оны арзандатуға ықпал ететін ұйымдастырушылық-экономикалық факторларға сызба шаруашылығын жақсы ұйымдастыру және автоматтандырылған жобалау жүйесін (АЖЖ) енгізу жатады. Сонымен қатар конструкторлық шешімдерді стандарттау, унификациялау бойынша және жобаланушы конструкцияның технологиялылығын қамтамасыз ету шаралары экономикалық тұрғыдан тиімді болып табылады.
Конструкторлық унификация – бұл бұйымның типтері мен кострукцияларының, детальдардың формалары мен өлшемдерінің, материалдың маркаларының негізделмеген көптүрлілігін жоюды қамтамасыз ететін шаралар кешені.
Стандарттау – бұл белгілі бір салада пайда тәртіп орнату мақсатында барлық қызығушы жақтардың қатысуымен ереже қабылдау және қолдану.
Технологиялық дайындық және өндірісті игеру
Бұйымның технологиялылығы – бұл бұйымның жасалу, өндірілу және пайдаға берілу сияқты барлық сатыларында еңбек, құралдар мен уақыт шығындарын оптимизациялау мүмкіндіктерін сипаттайтын бұйым конструкциялары қасиеттерінің жиынтығы.
Өндірісітің технологиялық дайындығы (ӨТД) дегеніміз белгіленген мерзім, шығару мен шығын көлемі бойынша берілген сапа деңгейінде бұйымды шығаруға кәсіпорынның технологиялық дайындығын қамтамасыз ететін процестердің өзара байланысының жиынтығы.
ӨТД өзінің барлық сатыларында өндірістің технологиялық дайындығының бірыңғай жүйесінің (ӨТДБЖ) стандарттарына бағынады
ӨТД-нің төрт сатысы бар:
ӨТД-нің бірінші сатысы цехаралық технологиялық маршруттарды жасау болып табылады. Бұлар детальдардың, құрастыру бірліктерінің өнідіріс бөлімшелерінен реттілікпен өтуін орнатады.
ӨТД-нің екінші сатысы технологиялық процестерді толық жасайды.
ӨТД-нің үшінші сатысы – жарақтандыруды жобалау және дайындау.
ӨТД-нің бірінші сатысына технологиялық процестерді (құжаттау) өндірістік цехтерге беру, тапсыруды, бұйым партиясын сынамалы және орнатпалы дайындауды жатқызуға болады.
ӨТД процесі ӨТД-нің техникалық тапсырмаларын, техникалық жобаны және жұмыс жобасын жасайды.
ӨТД-нің тиімділігін арттыруға келесі негізгі бағыттар бойынша жүзеге асатын технологиялық унификациялау мен стандарттау ықпал етеді: технологиялық операциялар мен процестердің типизациясы, технологиялық құжаттаудың унификациясы, құрал-жабдықтарды агрегирлеу және стандарттау.
Технологиялық шешімді таңдаудағы соңғы қадам салыстырмалы техникалық-экономикалық талдауға және нақты өндірістік күштерді есепке ала отырып сәйкес келетін негіздерге сүйенуі керек.
Өндірістік процестің технологиялық шешімінің неғұрлым пайдалы нұсқасын пайдаланудан жылдық экономикалық тиімділік «Халықтық шаруашылықта жаңа техниканы, өнертабысты және рационалды ұсыныстарды пайдаланудың экономикалық тиімділігін анықтау әдістемесіне» сәйкес есептеледі.
Жаңа бұйым шығаруға көшудің әлемдік тәжірибеде үш әдісі бар: ретті, параллельді және параллельді-ретті.
Ретті әдіс кезінде жаңа конструкциялы бұйым шығаруға көшу кәсіпорынның барлық өндірістік цехтерін қайтадан жабдықтауға тоқтату арқылы жүзеге асады.
Параллельді әдіс кезінде жаңа бұйым конструкциясы ескі бұйымды шығару конструкциясымен қатар параллель игеріледі.
Параллельді-ретті әдіс кезінде жаңа бұйым шығаруды игеру процесі бірнеше кезеңге бөлінеді. Әрбір кезең ішінде жаңа агрегат пен тораптар бөлімі игеріледі.
1.6 Кәсіпорынның инновациялық қызметін ұйымдастыру негіздері
Экономикалық талдау және зерттеу тәжірибелерінде инновациялық бағыттағы көптеген түсініктер қолданылады: олар инноватика, инновация және инновациялық үрдіс.
Инноватика – жаңалықтар енгізудің түрлі теориясын зерттейтін ғылым саласы. Осында зерттелінетін теориялар – жаңалықтарды жасау, оларды тарату, жаңалықтар енгізуге кедергі болатын факторлар, кері әрекеттерге адамның және инновациялық ұйымдардың әсерлері, инновациялық шешімдерді жасау болып табылады.
Инновациялық қызмет – аяқталған ғылыми зерттеулер мен өңдеулер немесе нарықта өткізілетін жаңа немесе қасиеттері өзгертілген, яғни жаңартылған өнімнің, қызметте пайдаланылатын жаңа немесе жетілдірілген технологиялық үрдістің ғылыми-техникалық жетістіктерін, және осылармен байланысты болатын қосымша ғылыми зерттеу мен өңдеу нәтижелерін таратуға бағытталған үрдіс.
Инновация (жаңалықтар енгізу) – нарықта өткізілетін жаңа немесе жаңартылған өнім, қызметте пайдаланылатын жаңа немесе жетілдірілген технологиялық үрдісі түрінде нарықта өткізуге болатын инновациялық қызметтің соңғы нәтижесі.
Инновация бұл тек өндіріске енгізілген ғана емес, сонымен бірге тиімді және жоғары пайда әкелетін объект. Инновацияны жүзеге асыру үрдісінде жүргізілетін ғылыми-техникалық, технологиялық және ұйымдастырушылық өзгерістердің жиындығын инновациялық үрдіс деп атауға болады, ал жаңа енгізулерді жасауға, таратуға және оны пайдалануға кеткен уақытты инновациялық кезең деп атайды.
Зерттеу объектісіне байланысты инновацияны келесідей қарастыруға болады:
а) инновация – үрдіс ретінде (Б. Твисс, А. Койре, И.П. Пинингс, В. Раппопорт, Б.Санта, В.С. Кабаков, Г.М. Гвишиани, В.Л. Макаров және басқалары);
б) инновация – жүйе ретінде (Н.И. Лапин, Й. Шумпетер);
в) инновация – өзгерістер ретінде (Ф. Валента, Ю.В. Яковец, Л. Водачек және басқалары);
г) инновация – нәтиже ретінде (А. Левинсон, С.Д. Бешелев, Ф.Г. Гурвич).
Инновация және оның экономика дамуындағы ролі туралы зерттеулердің негізін қалаған Н.Кондратьев. Ол конъюнктураның ірі циклдарын (ұзын толқындарды) қарастырып, циклдардың себептерін және олардың ұзақтығын зерттеген. Осы себептердің ішінен ең бастысы инновация болып табылады.
Бұл идеялар австриялық экономист Й.Шумпетерге көп әсерін тигізген, ол өзінің “Экономикалық циклдар” атты жұмысында инновациялық үрдістер теориясының негізгі түсініктерін зерттеген. Ол жаңалықтарды технология мен басқару тәсілдерінің өзгерісі ретінде және ресурстарды пайдалану комбинациялары ретінде қарастырған. Сонымен бірге Й.Шумпетер инновациялық үрдістердегі кәсіпкердің ролін бөлек атап көрсеткен, оның ойынша кәсіпкер - жаңалық пен жаңалықты енгізу арасындағы байланыстырушы.
Инновациялық үрдістерді ұйымдастырудың түрлі нысандарын кәсіпкерлік тәжірибеде пайдалану үш фактормен сипатталады:
сыртқы орта жағдайы (саяси және экономикалық жағдай, нарық түрі, бәсекелестік күрес сипаттамасы, мемлекеттік-монополиялық реттеу тәжірбиесі және т.б.);
шаруашылық жүйенің ішкі орта жағдайы (лидер-кәсіпкердің және қолдау тобының болуы, қаражаттық және материалды-техникалық ресурстар, пайдаланылатын технологиялар, қалыптасқан ұйымдық құрылым, ұйымның ішкі мәдениеті, сыртқы ортамен байланысы және т.б.);
басқару объектісі ретіндегі инновациялық үрдістердің ерекшеліктері.
Инновациялық үрдістер өндірушілердің барлық ғылыми-техникалық, өндірістік, маркетингтік қызметін ескеретін және нәтижесінде нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған үрдістер ретінде қарастырылады.
Инновациялық менеджмент – фирманың нарық жағдайында әрекет ететін нақты инновациялық мақсаттарға жету үшін бағытталған кәсіби қызметтің ерекше түрі.
Кәсіпорынның (саланың, аймақтың, мемлекеттің) инновациялық әлеуеті – инновациялық қызметті жүзеге асыруға қажетті түрлі ресурстардың, соның ішінде материалдық, қаржы, интеллектуалды, ғылыми-техникалық және басқа да ресурстардың жиынтығы.
Инновациялық сфера – инновациялық өнімді (жұмысты, қызмет түрін) өндірушілер мен тұтынушылардың қызмет ету саласы, соның ішінде инновацияларды жасау және оны тарату да қарастырылады.
Инновациялық бағдарлама – өнім мен технологияның жаңа түрлерін игеруге және оны таратуға байланысты тиімді шешімдерді қамтамасыз ететін және олардың орындалуын ресурстармен, орындаушылармен қамсыздандыру, тапсырылатын мерзімі келісілген инновациялық жобалар мен шаралар кешені.
Инновациялық инфрақұрылым – инновациялық қызметтің жүзеге асырылуына жағдай туғызатын ұйымдар (инновациялық-технологиялық орталықтар, технопарктер, оқу-кәсіби орталықтар мен басқа да мамандандырылған ұйымдар). Инновациялық қызметтің дамуына әрекет ететін құрылымдарды тізбектей келесідей қарастыруға болады: инкубаторлар, технологиялық парктер, технополистер.
1.7 Өнім сапасын бақылауды ұйымдастыру
Өнім сапасы дегеніміз белгілі бір тұтыну кезінде қанағаттандыру үшін жарамдылығын қамтамасыз ететін бұйым қасиеттерінің жиынтығы.
Өнім қасиеті дегеніміз бұйымның жасалу, пайдаға берілу немесе тұтыну кезінде байқалатын объективті ерекшеліктері.
Сапа көрсеткіші – бұл өнімнің жасалу, пайдалануға берілу немесе тұтынудың белгілі бір жағдайларына қарай қарастырылатын өнім қасиеттерінің мөлшерлік, сандық сипатамасы.
Бұйымның сипатталатын қасиеттерінің саны мен мәні бойынша сапа көрсеткіштері жеке, кещенді, анықтаушы және интегралды деп бөлінеді.
Өнімнің сапа көрсеткіштері тым саналуан, алайда олар келесідей топтарға біріктіріледі: бағытталу, сенімділік көрсеткіші; эргономикалық және эстетикалық көрсеткіштер; технологиялылық, тасымалға жараушылық, стандарттау және унификациялау көрсеткіштер; патенттік-құқықтық, экологиялық көрсеткіштер; қауіпсіздік көрсеткіші және т.б.
Өнім сапасының көрсеткіштерін анықтау әдістері өлшеу, тіркеу, есептеу, органолептикалық, әлеуметтік және эксперттік болып бөлінеді.
Бұйым сапасын салыстырмалы талдауда көп жағдайда жеке көрсеткіштер пайдаланылмайды, онда қарастырылып отырған бұйымның сапа деңгейі бағаланады.
Сапа деңгейі – бұл бағаланып отырған өнімнің сапа көрсеткіштері мәнін сәйкес келетін көрсеткіштердің базалық мәндерімен салыстыруға негізделген сапаның қатыстық, салыстырмалы сипаттамасы.
Өнім сапасын басқару – бұл өнімді жасау, пайдалануға беру және тұтыну кезінде оның қажетті сапа деңгейін бекіту, қамтамасыз ету және ұстап тұру мақсатында жүзеге асатын іс-қимылдар.
Өнімнің сапасын басқару оның дайындалуының барлық сатыларында мемлекеттік, салалық және кәсіпорын стандарттары кешенін қамтитын стандарттар жүйесін қолдану мен қатаң түрде сақтауға негіделеді.
Өнім сапасын басқару саласында әрдайым күшінде болатын факторлардың бірі бұл – аттестация. Оның мынадай түрлері болады: халықаралық, мемлекеттік, салалық және фирмаішілік аттестациялар.
Техникалық бақылау – бұл өнім сапасы тікелей қатысты өнімнің немесе процестің техникалық талаптарға сәйкестігін тексеру.
Кемшіліктер мен ауытқуларды ескерту мақсатында өнім сапасы және технологиялық процестердің жағдайы жайында толық және сенімді ақпаратты уақтылы алу кәсіпорындағы техникалық бақылаудың негізгі міндеттері болып саналады.
Келіп түсетін материалдар, дайындаудың әртүрлі сатысындағы полуфабрикаттар, дайын өнім, өндіріс құралы, технологиялық процестер мен режимдер, өндірістің жалпы мәдениеті техникалық бақылаудың нысандары болып табылады.
Технологиялық бақылаудың функциялары бақылау нысанының міндеттері мен қасиеттері арқылы анықталады.
Өндірістік процестің кезеңдері бойынша бақылаудың келесі түрлері бар: кіріс, операциялық, қабылдау. Қамту толықтығына қарай тұтас және ішінара бақылау болып бөлінеді. Бақылау нысандарымен байланыс дәрежесіне қарай уақыт бойынша жедел, үздіксіз, қайталанбалы бақылау болып бөлінеді. Бақылаудың қолданатын құралдарына қарай өлшеуіш, тіркеу, органолептикалық, визуалды бақылау; бақылау үлгісі бойынша бақылау; техникалыө бақылау, инспекциялық бақылау және т.б.
1.8 Қоршаған ортаны қорғауды ұйымдастыру және табиғат ресурстарын ұтымды пайдалану
Табиғат ресурстарының қоры бойынша Қазақстан Республикасы әлемде бай ел болып саналады. Көптеген табиғи байлықтар зерттелді және ұлттық экономиканы дамыту мақсатында нәтижелі пайдаланылуда.
Қазақстан ресурстарын бағалау және оларды рационалды пайдалану бойынша ұсыныстар ҚР Президентінің «Стратегия – 2030» атты халыққа Жолдауында көрсетілген. Осы бағыттағы бірінші дәрежелі міндеттердің бірі экономиканы шикізаттық бағыттан біртіндеп кетуге мүмкіндік беретін құрылымдық жүйелік тұрғыдан қайтадан құру болып табылады.
Кен қазатын өнеркәсіптер салаларын нығайтумен қатар қазіргі заман техникаларын, озық технологияларды және тиімді менеджментті пайдалану негізінде отандық шикізат материалдарын анағұрлым тереңірек өңдеуге мүмкіндік беретін кәсіпорындарды дамытуды жылдамдату қажет.
Бүгінгі күні өндірістік қалдықтарды азайтуға бағытталған шикізатты анағұрлым терең және кешенді өңдеу мәселесі өте өзекті болып табылады. Сонымен қатар бүгінгі күнге дейін көп көлемде үйіліп қалған көмір қазудан төбелік жыныстар, энергетикалық ұяларды жағудан қалған күл-шлактық қоспалар, қара және түрлі-түсті металлургия қалдықтары сияқты өнеркәсіптердің қалдықтарын экономикалық тұрғыдан тиімді түрде пайдаға асырудың мүмкіндіктерін табу маңызды болып табылады.
Табиғатты қорғауды және табиғи ресурстарды рационалды пайдалануды ұйымдастыру саласындағы тиімді мемлекеттік стратегияны жасаумен қатар кәсіпорындардың сәйкесінше міндеттерін анықтау маңызды болып табылады.
«Қоршаған ортаны қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жеке шаруашылықтық нысандарға табиғи ресурстарды рационалды пайдалану үшін құқықтар мен экономикалық жауапкершілік белгілейді.
Республика аумағындағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың барлығы, яғни бұған дейін және енді ғана ашылғандар қазіргі заманғы экологиялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келуі керек. Шаруашылық жүргізіп отырған нысандар іс-әрекеттері бұл тұрғыдан Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы экологиялық экспертиза туралы» Заңымен белгіленеді.
2 Өндірістік инфрақұрылымды ұйымдастыру негіздері
2.1 Өндірістік инфрақұрылымның мазмұны мен міндеттері
Өндірістік инфрақұрылым ұғымына осы өндірістік бөлімге кіретін бөлімшелер құрамы, сонымен қатар олардың өзара байланысы кіреді.
Өндірістік инфрақұрылым астына біріктіруге байланысты оған кіретін кәсіпорындар мен ұйымдар құрамын, кәсіпорынға байланысты – оның цехтері мен қызметтерінің, цехке байланысты – учаске мен оның бөлімшелерінің құрамы ескеріледі.
Қазіргі заманғы кәсіпорындардың көпшілігі көп мөлшерде әртүрлі мамандандырылған цехтер мен қызметтері бар тым дамыған өндірістік инфрақұрылым болып сипатталады. Олардың өндірістік құрылымы кәсіпорын төлқұжатында белгіленеді және оның бас жоспарында көрсетіледі.
Өндірістің техникалық қызмет көрсетуі қазіргі заманғы толық технологиялық циклді көптеген ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың өндірістік инфрақұрылымының ажырамас бөлігі болып саналады.
Оның негізгі міндеттері:
өндірістік бөлімшелердің барлығын сәйкесінше құрал-саймандармен, технологиялық және ұйымдастырушылық жарақтандырумен кешендік қамтамасыз ету;
жоспарлы-ескерту жөндеу жұмыстары жүйесін функционалдауды қамтамасыз ету арқылы кәсіпорынның бөлімшелеріне жөндеу жұмыстары қызметтерін көрсету;
цехішілік, цехаралық және сыртқы көліктік ағымдарды қамтитын тиімді және тоқтаусыз жұмыс істейтін көліктік жүйе салу, ретке келтіру;
тиімді қоймалық шаруашылықты ұйымдастыру;
барлық қажетті отын және энергетикалық ресурстар түрлерімен, оларды үнемдеу және рационалды пайдалануды ескере отырып, кәсіпорын бөлімшелерін тұрақты, тоқтаусыз жабдықтау;
Негізгі өндірістің техникалық қызмет көрсету бойынша жұмыстары кәсіпорынның арнайы құрал-сайман, жөндеу жұмыстары, көліктік-қоймалық, энергетикалық және т.б. сынды бөлімшелері арқылы атқарылады.
2.2 Кәсіпорынның құрал-сайман шаруашылығын ұйымдастыру
Кәсіпорынның құрал-саймандық шаруашылығы дегеніміз кәсіпорынды құрал-саймандар мен технологиялық жарақтандырудың барлық түрлерімен уақтылы кешенді қамтамасыз ету функцияларын орындайтын жалпыөндірістік және цезтік бөлімшелердің жиынтығы.
Кәсіпорынның құрал-саймандық шаруашылығының негізгі міндеттері:
Кәсіпорынның жарақтандыруға қатысты қажеттілігін анықтау;
Өндірісті жарақтандыруды сатып алуды жоспарлау және қамтамасыз ету;
Жарақтандыру құралдарын рационалды пайдалануға беруді ұйымдастыру және техникалық қадағалауды жүзеге асыру;
Жұмыс орындарын жарақтандыру құралдарымен қамтамасыз ету;
Құрал-саймандар мен жарақтандыру құралдарын есепке алуды және сақтауды ұйымдастыру;
Құрал-саймандық шаруашылықтың жалпызаводтық және цехтік бөлімшелерін айыру қажет.
Құрал-саймандық шаруашылықтың жалпызаводтық бөлімшелеріне құрал-саймандық цехтер, құрал-саймандық шаруашылықтың орталық қоймалары, заводбасқарудың құрал-саймандық бөлімі жатады.
Құрал-саймандық шаруашылықтың цехтік бөлімшелеріне құрал-саймандық-бөлу қоймалар, қайрау және жарақтандыру құралдарының ағымдық жөндеу жұмыстары бойынша шеберханалар жатады.
Өндірісті жарақтандыру құралдарымен қамтамасыз етуді жоспарлауды жүзеге асыруда белгілі бір кезең ішінде оған деген сұраныстың және қажеттілікті жабудың қайнар көздері есепке алынады.
Құрал-сайман шығыны жұмыс орындарын жарақтандыру және шығын нормалары бойынша статистикалық әдіспен анықталуы мүмкін.
Кәсіпорын бойынша жарақтандыру құралдарының айналым қоры жарақтандыру құралдарының барлық түрлері мен типтікөлшемдеріне белгіленеді. Цехтің айналым қоры құрамына бір мезгілде жұмыс орындарында болатын жылдық жарақтандыру; қайрауда және жөндеуде болатын жарақтандыру; сақтандыру және ауыспалы запас.
Кәсіпорын жарақтандырылуының айналым қоры цех жарақтануының айналым қорынан, сонымен қатар орталық қойманың сақтандыру және ауыспалы запасынан құрылады.
Құрал-саймандық шаруашылықты ұйымдастыруды жетілдірудің негізгі бағыттары:
Технологиялық жарақтандыруды стандарттауды және унификациялауды тереңдету, прогресті типтік технологиялық процестерді көбірек кең қолдану.
Біршама кәсіпорындарға қызмет көрсететін құрал-саймандық цехтерде біртипті арнайы жарақтандыру құралдарының өндірісін концентрациялау.
Жұмыс орындарын құрал-саймандармен жабдықтаудың прогрессивті формасын енгізу. Сонымен қатар осы жерде құрал-саймандардың жағдайын және пайдаланылуын техқадағалауды күшейту.
Жоспарлауды, есептеуді және нормативті базаны жетілдіру.
2.3 Кәсіпорынның жөндеу шаруашылығын ұйымдастыру
Кәсіпорында рациональды ұйымдастырушылық жөндеу жұмыстары шаруашылығының басты міндеті құрал-жабдықтарды нақты сипаттамаларымен және жоспарлы тапсырмаларды орындау кезіндегі эксплуатациялық көрсеткіштерімен тоқтаусыз пайдалануға беруді қамтамасыз ету.
Кәсіпорынның жөндеу жұмыстары құрамына мына цехтер кіреді: жөндеу-құрылыс, электржөндеу, жөндеу-механикалық.
Кәсіпорынның жөндеу жұмыстары қызметіне келесі жұмыстарды атқару жатады:
Құрал-жабдықтарды паспорттандыру және аттестациялау.
Жөндеу жұмыстарының технологиялық процестерін жасау және оларды жарақтандыру.
Техникалық қызмет көрсету және құрал-жабдықтарды жөндеу бойынша жұмыстарды жоспарлау және орындау.
Құрал-жабдықтарды модернизациялау.
Жөндеу жұмыстары шаруашылығын және осы қызметте жұмыс істейтін жұмысшылардың еңбегін ұйымдастыруды жетілдіру.
Жөндеу жұмыстары шаруашылығын және құрал-жабдықтарға технологиялық қызмет көрсетуді ұйымдастыру құрал-жабдықтарға қызмет көрсету, күту, қадағалу және жөндеу жұмыстары бойынша жоспарланған ұйымдастыруышлық және техникалық шаралардың жиынтығы ретіндегі жоспарлы-ескерту жөндеу жұмыстары жүйесіне негізделеді. Аталмыш жүйе құрамына жұмыстың келесі түрлері кіреді: техникалық қызмет көрсету, жоспарлы жұмыстар - ағымдық, орташа және күрделі.
Жөндеу жұмыстары мен құрал-жабдықтарға қызмет көрсету жүйесі құрал-жабдықтардың сипаты мен пайдалануға беру жағдайына байланысты әртүрлі ұйымдастырушылық формаларында былай функцияланады: бақылаудан кейінгі жүйелер, стандарттық жөндеу жұмыстары жүйелері және периодтық жөндеу жұмыстары жүйелері.
Жөндеу жұмыстарын және құрал-жабдықтарға қызмет көрсетуді рационалды ұйымдастыру мұқият конструкторлық, технологиялық және материалдық дайындықты талап етеді.
Кәсіпорындарда жөндеу жұмыстары шаруашылығын ұйымдастырудың келесі формалары кеңінен тараған: орталықтандырылған, орталықсыздандырылған және аралас.
Жөндеу жұмыстарында уақытты қысқартуды қарапайым құрал-жабдықтар жұмысты ұйымдастырудың прогрессивті технологиялары мен формаларын, жөндеу жұмыстарының кешенді механикаландырылуы мен автоматтандырылуын; жұмысшылардың жұмыс орындарын мамандандыруын; жөндеу жұмыстарының ретті-торапты әдістерін; жөндеу жұмыстарын орындауды кәсіпорынның жұмыс істемейтін ауысымдары мен күндерінде ұйымдастыруын енгізу арқылы жөндеу жұмыстарының еңбексыйымдылығын қысқартуға қол жеткізеді.
2.4 Кәсіпорынның энергетикалық шаруашылығын ұйымдастыру
Ең аз шығындар кезінде бекітілген параметрлі энергияның барлық түрлерімен кәсіпорынды сенімді және тоқтаусыз қамтамасыз ету энергетикалық шаруашылықтың негізгі міндеттері болып саналады.
Кәсіпорын энергетикалық шаруашылығына құрамына мыналар кіруі мүмкін: электр және жылу станциялары; электр жабдықтаудың орталық жүйесінен кәсіпорынды қоректендіретін жоғарывольтті подстанциялар; буқуатты цех; газгенераторлық, оттектік, компрессорлық, сунасосты станциялар және т.б.
Кәсіпорын энергетикалық шаруашылығы екі бөлікке бөлінеді: –жалпызаводтық және цехтік.
Энергетикалық шаруашылықты рационалды ұйымдастыру өндірісті жоспарлауға және баланстық әдісті пайдалана отырып энергияның барлық түрлерін тұтынуға негізделеді. Баланстың шығысдық бөлімінде энергетикалық ресурстарға деген есептік жоспарлы қажеттілік беріледі, ал кірістік бөлігінде осы қажеттілікті жабудың қайнар көздері беріледі.
Кәсіпорынның энергетикалық шаруашылығын жетілдірудің негізгі бағыттары:
Орталықтандырылған энергияжабдықтауға көшу.
Өнеркәсіптік кәсіпорындардың энергетикалық шаруашылықтарын нығайту.
Анағұрлым үнемді энергия тасымалдаушыларды пйдалану, сұйық отынды газ тәріздіге алмастыру.
Энергетикалық құрал-жабдықтар мен желілердің жөндеу жұмыстарын және техникалық қызмет көрсетулерін ұйымдастырудың рационалды әдістерін енгізу.
Энергия тасымалдаушылар шығынының техникалық тұрғыдан негізделген нормаларын, энергия ресурстарының барлық түрлерін қатаң түрде үнемдеу режимін кеңінен пайдалану.
2.5 Тасымалдау шаруашылығын ұйымдастыру
Кәсіпорынның көліктік шаруашылығын рационалды ұйымдастыру көліктік процестерді технологиялықпен үйлесімділігін, тасымалды заводішілік және сыртқы кооперацияға бірлестіруді жүзеге асыруды, кәсіпорынды жабдықтауды шикізатпен, материалдармен, дайын өнім өтімділігімен қамтамасыз етеді.
Көліктік процестер ағымы сферасы бойынша көліктер сыртқы, цехаралық және цехішілік болып бөлінеді. Цехішілік көліктер жалпыцехтік және операцияаралық болып бөлінеді.
Тасымалды рационалды ұйымдастыру кәсіпорын, оның жеке цехтері мен қоймалары масштабындағы жүкайналым мен жүкағымды меңгеру негізінде құрылады.
Жүкайналым – бұл заводта, цехте немесе қоймада уақыт бірлігі (ауысым, тәулік, ай, жыл) бойынша жылжитын жүкттердің жалпы мөлшері.
Жүкағым – бұл уақыт бірлігі бойынша екі пункт арасында жылжитын жүк көлемі.
Цехаралық тасымал кезінде көлік құралдарының қозғалысы маршруттарының екі негізгі жүйесі қолданылады: маятниктік (бірбағытты, екібағытты, желпуіштік) және айналмалы.
Көлік шаруашылығы жұмыстарын жоспарлау техникалық-экономикалық, күнтізбелік жоспарлаудан және диспетчерлеуден тұрады.
Техникалық-экономикалық жоспарлау жылдық кешенді жоспар жасауға негізделеді. Кешенді жылдық жоспарлауда тасымалдың көлемі мен жүкайналымы, жүктиеу-жүктүсіру жұмыстарының көлемі, көліктік және көтеру-көліктік құралдардың паркі, техниканы пайдаланудың көрсеткіштері анықталады.
Күнтізбелік жоспарлау ай, онкүндік, ауысым тілігінде жүргізіледі және бекітілген күнтізбелік нормативке (көліктік циклдердің ұзақтығы, жүктиеу-жүктүсіру кезіндегі нормативтер және т.б.), маршруттарды және қозғалыс кестесін, тасымалдың жедел жоспарларын жасауға негізделеді,
Тасымалды диспетчерлеу ауысымдық-тәуліктік тапсырмаларды нәтижелі орындауға, жүктиеу-жүктүсіру пунктерінде жұмысты ұйымдастыру және техниканы дұрыс пайдалануды бақылауға, көлік қозғалысының кестесін орындауды қамтамасыз етуге бағытталады.
2.6 Қойма шаруашылығын ұйымдастыру
Материалдарды қабылдау, сақтау, есепке алу және олардың запасын реттеу, өнімді тұтынушыға жіберуді дайындау қоймалық шаруашылықтың міндеті болып саналады.
Функционалдық міндетіне қарай қоймалар заводтық және цехтік болып екіге бөлінеді.
Әртүрлі материалдар мен дайын бұйымдар сақтаудың әртүрлі жағдайын қажет етеді: арнайы жабдықталған алаңдарда, жылу берілмейтін жабық қоймаларда, жылу берілетін қоймаларда.
Көліктік-қоймалық шаруашылықты жетілдірудің негізгі бағыттары:
көтермелі-көліктік және көліктік машиналар парктерінің құрылымын жақсарту;
жүктиеуді, материалды тасымалдауды, көліктік құралдарды түсіруді және қоймада реттеуді қамтамасыз ететін жүктиеушілер паркін көбейту;
жүктердің автоматтандырылған адресатты көліктік және қоймалық жүйені, автоматтандырылған қоймалар мен контейнерлік алаңдарды, материалдарды цехаралық ауыстыруға арналған үздіксіз көлік құралдарын енгізу;
тасымалды және қоймалық процестерді ұйымдастыруды жетілдіру;
математикалық әдістері мен электрондық-есептеуіш техникаларын пайдалану негізінде техникалық-экономикалық, жедел жоспарлау жүйесін және диспетчерлік басшылықты жақсарту;
Достарыңызбен бөлісу: |