Қазақ мемлекеттік қыздар
педагогикалық университеті Хабаршы №3 (51), 2014 ж.
27
ӘОЖ 82(091)
ТҰЛҒА БЕЙНЕСІ
А.Найманбаев,
оқытушы
(Алматы қ., Алматы үздіксіз
білім беру университеті)
Аңдатпа: Мақалада Алашорда көсемі, қазақтың рухани мәдениетін алғашқы
зерттеушілердің бірі – Әлихан Бөкейханов пен Сұлтанмахмұт Торайғыров арасындағы
тілектестік, үндестік тақырыбы нақты мысалдар негізінде сараланады.
Түйін сөздер: Тұлға, алаш идеясы, ұлттық сана, ақын, алаш ұраны, рухани мәдениет.
Екі ғасыр арасында қазақтың ұлттық санасының оянуына үлкен әсер еткен тұлғаның
бірі – Әлихан Бөкейханов. Ол қазақ хандарының тікелей ұрпағы, ұлт-азаттық қозғалыстың
жетекшісі, қазақтың алғашқы саяси партиясының басшысы, қазақтың бірінші ұлттық
үкіметі – Алашорданың көсемі болды. Әлихан Бөкейханов сан қырлы қоғамдық
қызметтерімен бірге қазақтың рухани мәдениетін алғашқы зерттеушілердің қатарында
танымал.
Қазақ халқының маңдайына біткен Әлихандай алып тұлғаның жанында оның
идеясын қолдаушылар көп болды. Ахмет, Міржақып, Мағжандардан кейін артынан еріп
келген Сұлтанмахмұт Торайғыров бірден-бір Әлихан Бөкейхановтың бастаған ісіне
тілектестік танытушы тұлға. Оның «Алаш ұраны» атты өлеңінен осы айтылған ой көрініс
табады.
Алаш туы астында
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді ешкімнің алашты
Қорлығына бермейміз [1,122б.].
«Жасасын, алаш, жасасын!» деп Сұлтанмахмұттың жігерлене жырлауы сол заман
ақиқатын көз алдымызға елестетеді. Өлең әрі қарай Алаш ісіне адалдықты, оны қолдауды
уағыздайды, бірлікке шақырады. Патша отаршылдығы мен қоғамдық әділетсіздікке қарсы
күрескен Сұлтанмахмұт «мұндай заманда қазақ оқығандарының қазақ ішінде болмауы
иттік» деп, 1917 жылдың 10 наурызында Семей қаласына арнайы келеді. 1917 жылдың
қазан айында Семейге келген Әлихан Бөкейхановты қарсы алушылар ішінде болады.
Жастар атынан шығып сөз сөйлейді, Әлиханның келуін былайша құттықтайды:
Көш басында еріміз!
Қуанышта келіңіз.
Төбеміз көкке жеткендей,
Көкіректен бүгін кеткендей,
Сізді көріп шеріміз.
Еліңіздің бұл шағын,
Алаш туын һәм бағын,
Көзбен көріп төленді,
Көптен бергі теріңіз,
Алаш туын қолға алған
Қараңғыда жол салған
Арыстаным келіңіз!
Жастар атынан шығып сөйлеген сөздерін көп уақыт өтпей «Әлиханның Семейге
келуі» («Сарыарқа», 1917 ж. 30 қазан, 13 қараша) атты мақала етіп бастырады.
Сұлтанмахмұт мақалада елдің «еңбегі сіңген ерін» күтіп алғанын суреттей келіп: «Ол ері,
Казахский государственный женский
педагогический университет Вестник №3(51), 2014 г.
28
елі үшін құрбандыққа жанын берген, бит, бүрге, қандалаға қанын берген, көрдей сасық ауа,
темірлі үйде алаш үшін зарығып бейнет көрген, басқан аяқ кер кеткен заманда жасымай,
алашына қызмет еткен болса да қалың тұман, қараңғы түн туатын бақ жұлдызына көзі
жеткен, жарқылдаған түймеге алданбаған, басқадай бір басы үшін жалданбаған, қайткенде
алаш көркейер деген ойдан басқа ойды өмірінде малданбаған Әлихан Нұрмұхамедұлы
Бөкейханов еді», – деп жазады [2]. Шындығында Әлиханның Семейге келуін халық зор
мереке ретінде өткізген.
Сұлтанмахмұт шығармашылығы ақынның заман туралы үлкен толғанысынан туады.
Ақын Әлихан Бөкейхановты дәріптеуді бір уақыт та тоқтатпайды. 1918 жылдың басында
алаш азаматтарын бүкіл елге таныстыру мақсатында «Таныстыру» поэмасын жазады. Ақын
екі қазақты сөйлету арқылы өз мақсатына жетіп отырады. Қара қазақтың ел тұтқасын ұстар
қазақ елінде қандай азаматтары бар деген сауалына оқыған қазақ былай деп жауап береді.
Бұл поэмада да ең бірінші ауызға Әлихан Бөкейханов ілінеді.
Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі,
Демейді қандай қазақ оны оң көзі.
Семей тұрсын, жеті облыс бар қазақтан,
Талассыз жеке дара тұр ғой өзі.
Осы айтылған ойды іле шала қара қазақ та қостайды. Ол былай деп көсіледі:
Басында ол қарағым тұр ғой дайын,
Тез ұзақ өмір берсін бір құдайым.
Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов,
Білемін бұл үш ердің айтпай жайын.
Кешегі қара күнде болмап па еді,
Бірі – күн, бірі – шолпан, бірі – айым.
Солардан басқа кеше кім бар еді,
Қазақ үшін шам қылған жүрек майын [3, 146 б.], - деп Бөкейхановпен
бірге оның сенімді серіктерін де жырға қосады.
Дегенмен алаш идеясын жырлау, Бөкейхановты жырлау көп уақытқа созылмайды.
Ақынның бала күнінде жармасқан жазылмас дерті одан сайын асқынып, ақын арманы
толық орындалмай қалады. Одан бөлек алаш идеясын жақтаушылардың артына кеңес
өкіметі шам жағып түсіп, алаш ойын қуаттаушыларды қуғынға ұшыратады.
Қорыта айтқанда, Сұлтанмахмұттың Алашордаға тілектестігін, олардың жолын
қуаттап еңбектер жазуын кездейсоқ дүние деп қарауға болмайды. Оны ақынның сол кездің
маңызды саяси-қоғамдық мәселелеріне, ел өміріндегі жаңалықтарға сергектікпен үн қосуы
ретінде қарау орынды. Оның алаш идеясын жырлаған еңбектері, Әлиханды суреттеп жазған
өлеңдері бүгінгі күн үшін үлкен мұра болып қала бермек.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Торайғыров C. Екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Ғылым, 1993.– 215 б.
2. Сарыарқа журналы, 1917. 30 қазан, 13қараша.
3. Cұлтанмахмұт шығармалары. Үшінші том. – Алматы: Алаш, 2005.– 268 б.
РЕЗЮМЕ
Найманбаев А.,
преподаватель
(г.Алматы, Алматинский университет непрерывного образования )
ОБРАЗ ЛИЧНОСТИ
Достарыңызбен бөлісу: |