4 ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ МАЗМҰНЫ БОЙЫНША БІЛІМ БЕРУДІ ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
2017-2018 оқу жылында 1-ші және 2-ші сыныптар білім мазмұны жаңартылған оқу бағдарламалары бойынша оқытылатын болады.
Жаңартылған оқу бағдарламаларының мазмұндық ерекшеліктері:
пән мазмұнын жобалау кезіндегі «шиыршық» принципі, яғни білім мен біліктерді тігінен, сондай-ақ көлденеңінен біртіндеп кеңейту (дағдыларды тақырыптар және сыныптар бойынша күрделендіру);
пәндік операциялардың ең маңызды түрлері бойынша жіктелетін және таным заңдылығына негізделген оқу мақсаттарының Блум таксономиясы бойынша иерарахиясы;
білім беру деңгейлері бойынша және бүкіл оқыту курсы бойында педагогикалық мақсаттарды тұжырымдау, бұл пәнішілік байланыстарды барынша ескеруге мүмкіндік береді;
білім саласы ішіндегі пәндердің арасындағы байланыстарды, сондай-ақ пәнаралық байланыстарды жүзеге асыру үшін ортақ тақырыптардың болуы;
бөлімдер мен ұсынылған тақырыптар мазмұнының уақыт талабына сәйкес болуы, әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруға баса назар аудару;
оқу процесін ұзақ мерзімді, орта мерзімді, қысқа мерзімді жоспарлар түрінде технологияландырылуы болып табылады.
Оқу бағдарламаларында оқу пәні бойынша үштілді білім беру іске асыру көзделген. Көптілді оқыту ортасын құру үшін әрбір оқу пәнінің қосатын үлесі жиынтықта үштілді білім беру саясатын іске асыруды қамтамасыз етеді.
Тілдерді оқыту негізі коммуникативтік тәсіл болып табылады, ол әрбір оқу пәні әдіс-амалдары – әртүрлі оқу жағдаяттарында білім және дағдыларымен алмасу, тілдік және сөйлеу нормалары жүйесін дұрыс пайдалану арқылы білім алушылардың сөйлеу қызметі дамуының жетекші принципі ретінде қарастырылады.
Тілдерді оқыту сөйлеу әрекетінің төрт түрін дамыту арқылы жүзеге асырылады: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым.
Мұғалімнің білім алушылардың сөйлеуінің дамуына ықпал ететін, күнделікті жағдайларға жақындастырылған ортаның үлгісін жасауы өте маңызды.
Жаңа оқу бағдарламаларының тағы бір ерекшелігі – олардың пәндік білім мен дағдыларды ғана емес, сондай-ақ, кең ауқымды дағдыларды қалыптастыруға бағытталуы. Оқу мақсаттарының жүйесі мынадай кең ауқымды дағдыларды дамытудың негізі болып табылады: функционалдық және шығармашылық түрінде білімдерін қолдану, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану, қарым-қатынастың әртүрлерін қолдану, жеке және топта жұмыс істей алу, мәселелерді шешу және шешімдер қабылдау.
Жаңартылған оқу бағдарламаларының икемділігі мен жан-жақтылығы оның маңызды сипаттамасы болып табылады. Мұғалімдер тараудың және тиісті тоқсанның аясында тараулар мен бөлімдерді оқытудың ретін өзі анықтауға құқылы. Мұғалімдер бірнеше мақсатқа жетуге бағытталған тапсырмаларды құрастыра алады. Оқу бағдарламасы мұғалімдердің оқу мақсатын жиынтықта орындаған жағдайда оқу бағдарламасындағы оқу мақсатына жетуге әкелетін бірнеше мақсаттарға бөлуіне мүмкіндік береді. Мұғалімдер тақырыпқа /оқу мақсатына берілген сағат санын өз бетімен анықтауларына болады. Бұл шешім оқу-әдістемелік бірлестігінің отырысында қабылдана алады. Жоспарлау кезінде мұғалімдер бекіту және қайталау сабақтарын ескерулері тиіс.
Оқу жоспарлары
Оқу бағдарламаларындағы пәндер бойынша оқу жоспарлары ұсыныс сипатында берілген. Оқу мақсаттарының жүйесі мен оқыту тәсілдеріне негізделген ұзақ мерзімді және орта мерзімді жоспарларда мұғалімдер үшін тақырыптар мен бөлімдер бойынша сабақтарды өткізу, білім алушыларды сабақтарда ұйымдастыру бойынша ұсыныстар берілген, сондай-ақ оқыту ресурстары (интернет, мәтіндер, жаттығулар, бейне- және аудиоматериалдары және т.б.) көрсетілген.
Әрбір оқу пәні бойынша мазмұнын жобалаудың принципі өзгерген: сызықтық принципі «шиыршық» принципіне ауысты, яғни білім мен біліктің бірте-бірте тігінен де, көлденеңінен де ұлғайюы (дағдылардың тақырыптар және сыныптар бойынша күрделенуі).
Осыған байланысты оқу бағдарламасының мазмұнын құрудың негізі болып табылатын оқу материалдарын шиыршық тәріздес орналастыру принципін, сондай-ақ, сыныптар мен тоқсандар бойынша ұсынылған пәнаралық ортақ тақырыптарды оқу арқылы материал мазмұнын құрылымдауды ескеру керек. Мысалы, 1-сыныпта, түрлі дереккөздерді зерттей отырып, оқушы «отбасы» түсінігінің мәнін түсінуі және түсіндіре алуы тиіс, туыстық байланыстар жүйесіндегі басқа да отбасы мүшелеріне қатысты өз орнын анықтай алуы тиіс. 2-сыныпта ол отбасылық мұрағат материалдарының негізінде отбасы мүшелерінің сөздік портретін құрайды.
Ұзақ мерзімді жоспарларда: білім беруді дамытудың жалпы принциптері (оны дамыту тұжырымдамасы); дамытудың басты бағыты және бағдарламалары; көзделген оқу мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз ететін маңызды шаралардың мазмұны мен жүзеге асыру бірізділігі көрсетіледі. Ұзақ мерзімді жоспар бір оқу жылына арналған оқу мақсаттарын қамтиды.
Әдетте орта мерзімді жоспарлауды мұғалімдер тобы немесе бір мұғалім жүзеге асырады, олар оқу бағдарламасын сабақтардың топтамасы түрінде құрылымдайды. Орта мерзімді жоспарлау ұзақ мерзімді жоспарда анықталған бағдарларды нақтылайды. Орта мерзімді жоспарларда белгіленген мерзімнің негізгі міндеттері тұжырымдалады. Мұнда әр тоқсанның немесе бөлімнің тақырыптары көрсетіледі. Бөлімдер ішінде сағаттарды бөлуді мұғалімнің қалауына қарай өзгертуге болады.
Қысқа мерзімді жоспарды немесе сабақ жоспарын, орта мерзімді жоспарының соңында ұсынылған үлгі бойынша мұғалімнің өзі әзірлейді. Қысқа мерзімді жоспарды әзірлегенде мұғалімге саралап оқыту тәсіліне және оқушылардың жеке ерекшеліктеріне назар аудару ұсынылады. Сабақты жоспарлау мұғалімнің оқу мақсаттарына тиімді қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Ол үшін мұғалім оқу материалы мен сабақтағы әрекет түрлерін мұқият іріктеп алуы керек. Мұғалім әр сабақтан кейін білім алушылар меңгере алмаған немесе түсінбеген жерлерін анықтау мақсатында сабаққа талдау (рефлексия) жасап отыруы керек.
Қысқа мерзімді жоспар құрған кезде мұғалімге төмендегі ұсыныстарды басшылыққа алуына болады:
сабақты ұйымдастыру кезінде оқу бағдарламасында және оқу жоспарында көрсетілген мақсаттарды басшылыққа алу қажет;
орта мерзімді жоспарда ұсынылған барлық іс-әрекеттерді ұйымдастыру ұсынылады;
мұғалімнің қалауы бойынша іс-әрекет түрі қажеттілігіне қарай толықтырылып отырады.
Жаңа форматты сабақ балаларды оқыту процесіне белсенді тартуды, олардың талқылауларға қатысуын, өткен материалды талдау және қорытуын, зерттеу жүргізуін, бағалау пікірлерін айту, өзін-өзі бағалау және т. б. көздейді.
Сабақтың міндетті элементі ретінде оқушыны қолдауға бағытталған мұғалімнің әрекеттерін түзетуге мүмкіндік беретін кері байланыс болуы тиіс.
Қысқа мерзімді жоспарлау кезінде мұғалім міндетті түрде мыналарды анықтап, әзірлеуі қажет:
– тілдік оқу мақсаттары – терминдермен жұмыс және т.б.;
– саралау: білім алушыларға қолдау көрсету қалай жоспарланады? Қабілетті білім алушылардың алдына қандай міндеттер қою жоспарлануда? Білім алушылардың материалды меңгеру деңгейін қалай тексеруге болады?
– метапәндік байланыстар;
денсаулығы мен қауіпсіздігін, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының құндылықтарымен және АКТ-мен байланысын қамтамасыз ету.
Мұғалім тек білім көзі ретінде ғана емес, білім алушылардың өздерінің оқу-танымдық әрекеттерінің белсенді ұйымдастырушысы ретінде қызмет етуі тиіс.
Осыған байланысты сабақты жоспарлау бойынша барлық жұмысты оқытудың жаңа тәсілдерін ескере отырып, жүзеге асыру ұсынылады. Сондықтан, жаңартылған білім беру мазмұнын іске асыру аясында озық тәжірибелерді, оқыту мен оқудағы, бағалау жүйесіндегі жаңа технологиялар мен әдістерді енгізу, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізудің тиімді жолдарын күшейту, оқытудағы әртүрлі сандық білім беру ресурстарын, мектепаралық желілік өзара іс-қимылды, мектепаралық оқу жоспарлары мен бағдарламаларын, «мұғалімдермен алмасуды», мектептегі пәндер бойынша оқытуда жаңа технологияларды қолданудың шеберлік сабақтарын пайдалануды кеңейту қажет.
Пәндерді, бөлімдерді, тақырыптарды кіріктіру, сондай-ақ пәнаралық байланыстарды жүзеге асыру құралы – ортақ тақырыптар – жаңартылған бағдарламалардың бірден бір ерекшелігі болып табылады. Олар барлық пәндердің мазмұнымен, ұзақ мерзімді және орта мерзімді жоспарлау жүйесімен байланысқан. Сондықтан мұғалім қысқа мерзімді жоспар әзірлеуде ортақ тақырыптар жүйесін сақтау және тапсырмаларды құрастыру мен оқушылардың сабақтағы қызметін ұйымдастыруда оларды ескеруі тиіс.
Бастауыш мектептің оқу бағдарламалары мен оқу жоспарларының мазмұны шынайы өмірмен тығыз байланысты, практикаға бағытталған және байқампаздық, білуге құмарлық, ақпаратпен жұмыс істей білу, өз көзқарасын білдіру сияқты қасиеттердің дамуына ықпал етеді.
1, 2-сыныптардың білім алушылары үшін «патриотизм», «адамгершілік құндылықтар жүйесі» сияқты ұғымдар әзірге абстрактылы сипатта болады. Ал «Менің отбасым және достарым», «Бізді қоршаған әлем», «Саяхат», «Салт-дәстүр және ауыз әдебиеті» деген тақырыптар оларға жақын және түсінікті. Оқушылардың өз отбасы, үйі, ата-анасына деген махаббаты, достық туралы әңгімелер және кез келген саяхат туған үйінен басталатынын түсінуі, көп жағдайда оқушының өзін-өзі отбасы мүшесі ретінде айқындауын қамтамасыз етеді және адамгершілік бағдарларды қалыптастырады.
Ортақ тақырыптар әр тоқсанға екі-екіден тең бөлінген. Мұғалім әрбір ортақ тақырыпқа бөлінетін сағат санын білім алушылардың дайындық ерекшеліктеріне байланысты өзі өзгертеді.
55-кесте – 1,2-сыныптардың оқу бағдарламаларындағы ортақ тақырыптар
Тоқсан
|
Ортақ тақырыптар
|
1-сынып
|
2-сынып
|
I
|
Өзім туралы
|
Өзім туралы
|
Менің мектебім
|
Менің отбасым және достарым
|
II
|
Менің отбасым және достарым
|
Менің мектебім
|
Бізді қоршаған әлем
|
Менің туған өлкем
|
III
|
Саяхат
|
Дені саудың жаны сау
|
Салт-дәстүр және ауыз әдебиеті
|
Салт-дәстүр және ауыз әдебиеті
|
IV
|
Тағаммен сусын
|
Қоршаған орта
|
Дені саудың жаны сау
|
Саяхат
|
Оқу бағдарламаларында күтілетін нәтижелер оқу мақсаттарының жүйесі түрінде тұжырымдалған, олар оқу пәнінің мазмұнын анықтау үшін негіз болып табылады.
Бағалау критерийлері бар оқу мақсаттары мен күтілетін нәтижелер мұғалімдерге өз жұмысын жоспарлауға және білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалауға, сондай-ақ оларды оқытудың келесі кезеңдері туралы хабардар етуге мүмкіндік береді.
Күтілетін нәтижелер мәндес бірнеше оқу пәндерін біріктіретін әрбір білім саласының ерекшелігін ескере отырып, жобаланған.
Оқу мақсаттарының нақты сипаттамасы оқу бағдарламасына енгізілген. Оқу мақсаттары әрбір оқу пәнінде екіден артық болуы мүмкін. Белгілі бір оқу мақсаттары (базалық дағдыларды қалыптастыратын) оқу жылы ішінде бірнеше рет қайталанады және бекітіледі.
Әр сабақ оқу мақсаттарын және оларға жетудің критерийлерін айтудан/көрсетуден басталатынын есте сақтау маңызды. Әрбір білім алушы қойылған оқу мақсатын түсініп, ұғынуы керек және оған қалай жетуге болатынын білуі керек.
Оқытудың күтілетін нәтижелерінің жүйесі білім алушыларды оқыту және тәрбиелеудің мазмұндық негізін анықтайды.
Қысқа мерзімді жоспарды әзірлеу кезінде әр мұғалім, ең алдымен, оқу мақсатын бағдарлайды. Әдетте, бастауыш сыныптарда оқу пәндері бойынша сабақта 1 немесе 2 оқу мақсаты қойылуы мүмкін.
Әр оқу мақсаты бойынша бағалау критерийлерін мұғалім әзірлеуі тиіс. Сондай-ақ, мұғалім өзінің білім алушыларының дайындық деңгейіне сәйкес келсе, ЖӘК порталына орналастырылған жиынтық бағалау бойынша жинақтардағы бағалау критерийлерін пайдалануға құқығы бар.
Бастауыш мектептің өзінде оқыту процесі білім алушылардың функционалдық сауаттылықтары мен кең ауқымды дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Бұл ретте оқыту процесі дәстүрлі оқыту процесінен алшақтағанын және күтілетін нәтижелерге негізделетінін есте сақтау қажет. Күтілетін нәтижелер алты білім салалары бойынша анықталады және іс-әрекеттік аспектісін көрсетеді, яғни білім алушылар «біледі», «түсінеді», «қолданады», «талдайды», «жинақтайды», «бағалайды».
Бастауыш сынып мұғалімі жаңартылған оқу бағдарламаларын іске асыру аясында ұсынылған оқу процесін, қалыптастырушы және жиынтық бағалауды өткізуді ұйымдастыру бойынша әдістемелік құралдар мен нұсқауларға назар аударғаны жөн. Олардың электрондық нұсқалары Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының (www.nao.kz), «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымының (smk.edu.kz) сайттарында орналастырылған.
Бастауыш сынып мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсету мақсатында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ «Жүйелі-әдістемелік кешен» (бұдан әрі – ЖӘК) порталы (smk.edu.kz) әзірленген.
ЖӘК мұғалімдер үшін ақпараттық-әдістемелік база, педагогикалық тәжірибе алмасу алаңы, желілік өзара әрекеттестікті дамытатын ақпараттық кеңістік, орта білім мазмұнын жаңарту аясында дайындалған онлайн платформа болып табылады.
ЖӘК-ті қалай пайдалану керек?
Пайдаланушыға порталға кіру үшін алдымен тіркелу қажет. Бұл үшін:
1. Порталдың басты бетіндегі «Тіркелу» батырмасын басу қажет. Сонда тиісті деректерді енгізуді қажет ететін тіркеу нысаны ашылады. Жүйе енгізілген жеке сәйкестендіру нөмірінің (ЖСН) дұрыстығын алдын ала тексереді. Егер ЖСН дұрыс болса, тіркеу нысанының мына жолдары белсендендіріледі: «Тегі», «Есім», «Аймақ», «Ұйым/Мектеп», «Е-mail» (қолданыстағы электрондық поштаны енгізу керек), «Құпия сөз» (құпия сөз кем дегенде алты таңбадан тұруы керек), «Құпия сөзді қайталаңыз». Тіркеу нысанын толтырып, «Тіркеу» батырмасын басқаннан кейін порталға кіруге болады.
2. Тіркелуден өткеннен кейін есеп жазбаны (аккаунтты) белсендендіру қажет. Бұл үшін тіркелу кезінде көрсеткен электрондық поштаға кіру керек. Жүйеден бірнеше секунд ішінде осы поштаға хабарлама келіп түседі. Хабарламаның ішінде көрсетілген сілтеме арқылы өтіп, есеп жазбаны белсендердіруге болады.
ЖӘК-тен нені табуға болады?
ЖӘК көруге/жүктеуге арналған қолжетімді файлдар орналастырылған төмендегі бөлімдерді қамтиды:
1. «Жұмыста қолдануға арналған құжаттар» бөлімінде Үлгілік оқу бағдарламалары, Үлгілік оқу жоспарлары, ҚР МЖМБС, орта мерзімді жоспарлар, қысқа мерзімді жоспарлар орналастырылған.
2. «Сабақ бойынша жоспарлау» бөлімінде пәндер және сыныптар бойынша оқу жоспарына сәйкес құрылымдалған сабақ жоспарлары, таныстырылым, аудио/бейне материалдар орналастырылған.
3. «ОӘК» бөлімінде бастауыш мектептің пәндеріне сәйкес оқулықтар мен жұмыс дәптерлері, мұғалімге арналған нұсқаулықтар мен оқу құралдарының электрондық нұсқалары, оқу мақсаттарына жету бойынша шеберлік сабақтары орналастырылған.
4. «Критериалды бағалау» бөлімінде критериалды бағалау бойынша нұсқаулықтар, қалыптастырушы және жиынтық бағалауға арналған тапсырмалар жинақтары, бейне және таныстырылым ресурстары орналастырылған.
5. «Онлайн сабақтар мен семинарлар» бөлімінде қалыптастырушы бағалау бойынша онлайн семинарлар, онлайн сабақтар орналастырылған. Педагогикалық тәжірибе алмасу процесін жүзеге асыру мақсатында мұғалімдерге жаңартылған бағдарлама бойынша өздерінің материалдарын жариялауға мүмкіндік берілген. Материалды орналастыру үшін жоғарғы оң жақ бұрышында орналасқан «Материалды қосу» батырмасын басу керек.
6. «Форум» жаңартылған білім мазмұнының өзекті бағыттары бойынша (ұйымдастырушылық мәселелер, оқулықтардың мазмұны, білім алушыларды бағалау және т.б.) сұрақтарды орналастырып, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ қызметкерлерінен кеңес алуға мүмкіндік береді.
Әзірленген және «Жүйелі-әдістемелік кешені» порталында орналастырылған ресурстар пайдалану үшін ұсынылған, бірақ оларды мұғалімнің өзі әзірлеуге құқылы (қысқа мерзімді жоспарлар, тапсырмалар, пайдаланылатын ресурстар және т. б.).
1-сыныпта оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері
1-сыныпта оқу процесін ұйымдастыру – бастауыш білім беру деңгейінің ең күрделі және жауапты кезеңі.
1-сыныптарда оқытудың мақсаты – 6-7 жастағы балаларды буынмен оқу, тұтас сөздерді оқу, мәнерлі мазмұндау, жатқа айту қабілеттерін қалыптастыру, сауатты жазу қабілеттеріне дағдыландыру, байланыстыра сөйлеуін және т.б. дағдыларын дамыту болып табылады. Сондықтан, 1- сыныптықтардың танымдық қызметінің оң мотивациясын қалыптастыру ерекше маңызды болып саналады және оқу процесі қарапайымнан күрделіге, жеңілден қиынға өту принципі бойынша құрылуы тиіс.
1-сыныптардың оқушыларына оқу жылының І жартыжылдығында баға қойылмайды, ынталандырудың басқа әдістері мен тәсілдері қолданылады. 1-сыныпта оқушыларға үй тапсырмасы берілмейді.
Білім беру ұйымдарында оқу сабақтары сағат 08.00-ден ерте басталмайды.
«Жалпы білім беру ұйымдарының (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру) түрлері бойынша қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» ҚР БҒМ 2013 жылғы 17 қыркүйектегі № 375 бұйрығына сәйкес 1-сыныпта балалардың оқу процесіне бейімделу кезеңін жеңілдету мақсатында оқу жүктемесі бірте-бірте ұлғайтылады, яғни оқу жүктемесін біртіндеп өсірудің «сатылы» сабақ кестесі қолданылады: І жартыжылдықта сабақтар 35 минуттан, ІІ жартыжылдықтан бастап сабақтар 45 минуттан болады.
Оқу жылының барысында 1-сынып білім алушыларына ІІІ тоқсанда қосымша 1 апталық демалыс беріледі.
1-сыныптың сабақ кестесіне қосарланған сабақтар қойылмайды («Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» ҚР Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы № 179 бұйрығы).
Сабақ кестесіндегі үзілістердің ұзақтығы оқушылардың тамақтануы мен белсенді демалысын ескеруі қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |