68-бап. Борышкердің мүлкін бағалау
1. Сот орындаушысы мүлікке тыйым салынған және борышкерге мүліктің тиесілі екені анықталған кезден бастап он жұмыс күні ішінде:
бағалаушыны өз бетінше тағайындау;
атқарушылық іс жүргізу тараптарының бірінің ұсынысы бойынша бағалаушыны тағайындау;
атқарушылық іс жүргізу тараптарының біріне борышкердің мүлкін бағалауды жүргізу туралы тапсырма беруі арқылы бағалаушыны тағайындау туралы қаулы шығарады.
Борышкердің тыйым салынған мүлкін бағалау жөніндегі көрсетілетін қызметтің ақысын төлеу атқарушылық іс жүргізу тараптарына жүктеледі және кейіннен борышкердің есебінен өтеледі.
2. Бағалаушыны тағайындау туралы сот орындаушысы қаулысының көшірмелері атқарушылық іс жүргізу тараптарына оны шығарған күннен кейінгі күннен кешіктірілмей жіберіледі.
3. Бағалаумен келіспеген атқарушылық іс жүргізу тарапы бағалау туралы есеппен танысқан кезден бастап күнтізбелік он күн ішінде оған шағым жасауға құқылы. Шағым сот орындаушысының әрекеттеріне шағым жасау үшін Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа беріледі.
Бағалау туралы есеппен танысу осы Заңның 4-тарауына сәйкес жүргізіледі.
4. Борышкердің тыйым салынған мүлкін қайталап бағалау бойынша көрсетілетін қызмет ақысын төлеу шағым жасаушы тарапқа жүктеледі.
5. Атқарушылық іс жүргізу тараптары мүліктің құны туралы жазбаша келісім жасасқан жағдайда, бағалаушы тыйым салынған мүлікті бағалауды жүргізбейді және бағалаушыны тағайындау туралы қаулы шығарылмайды.
Ескерту. 68-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
69-бап. Мүлiкті сақтау
1. Сот орындаушысы сақтаушыдан сақтау қолхатын алу арқылы сақтау шарты негiзiнде тыйым салынған мүлiктi сақтауға берудi жүзеге асырады.
2. Тыйым салынған мүлiктi сақтаудың тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен және басқа да нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.
3. Егер мүлiктi пайдалану оның ерекшеліктері бойынша мүлiктiң жойылуына немесе оның құндылығының кемуiне әкеп соқпаса, сақтаушы бұл мүлiктi сот орындаушысының рұқсатымен пайдалана алады.
4. Борышкер немесе оның отбасының мүшесi сақтаушы болып табылмаса, ол сақтағаны үшiн сыйақы алады.
5. Мүлiктi сақтау жөнiнде жұмсалған қажеттi шығыстар сақтаушыға осы мүлiктi пайдаланудан iс жүзiнде алынған пайда шегерiле отырып өтеледi.
6. Мүлiктi сақтауға байланысты жұмсалған шығындар атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстарға жатқызылады.
70-бап. Мүлiктi сақтаушының жауапкершiлiгi
Сақтауға берілген тыйым салынған мүлікті талан-таражға салған, иеліктен шығарған немесе жасырған жағдайда сақтаушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
71-бап. Борышкерден алып қойылған құндылықтарды сақтау
1. Борышкерден ақшаны, бағалы қағаздарды, валюталық құндылықтарды, зергерлiк және қымбат металдардан, асыл тастардан және iнжуден жасалған басқа да бұйымдарды, сондай-ақ осындай бұйымдардың сынықтарын алып қойған кезде сот орындаушысы екі дана етіп алып қою актісін жасайды.
2. Борышкерден алып қойылған бағалы қағаздарды, валюталық құндылықтарды, зергерлiк және қымбат металдардан, асыл тастардан және iнжуден жасалған басқа да бұйымдарды, сондай-ақ осындай бұйымдардың сынықтарын сот орындаушысы банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға шарт негiзiнде жүзеге асырылатын сақтауға өткiзедi.
3. Өндiрiп алушыға берілген сомаларды және атқару жөнiндегi шығыстарды өтеу үшiн қажеттi, борышкерден алынған ақша сомаларын сот орындаушысы жиырма төрт сағат ішінде аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына енгiзедi. Аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотындағы ақша сомаларын есепке алу, сақтау және беру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
4. Борышкерден ақшаны алып қою кезінде борышкерге алып қою актісінен бөлек түбіртек беріледі, ал алып қойылған ақша аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына енгізіледі.
8-тарау. БОРЫШКЕРДІҢ МҮЛКIН ӨТКІЗУДІҢ ТӘРТІБІ 1-параграф. Өткізудің жалпы қағидалары
72-бап. Борышкердің мүлкін өткізу кезектілігі
1. Жеке тұлғаның мүлкiне өндiрiп алуды қолдану кезiнде осы мүлiктi өткізу мынадай кезектілікпен жүзеге асырылады:
1) бірінші кезекте – бірінші кезектегі қажетті заттар болып табылмайтын мүлік, бағалы қағаздар, валюталық құндылықтар, бағалы металдар мен асыл тастар, зергерлік бұйымдар, декор және жайластыру заттары;
2) екінші кезекте – көлік құралдары, жылжымайтын мүлік (тұрғынжайдан басқа);
3) үшінші кезекте – тұрғынжай.
2. Заңды тұлғаның мүлкіне өндіріп алуды қолданған кезде осы мүлікті өткізу мынадай кезектілікпен жүзеге асырылады:
1) бірінші кезекте – тауарларды өндіруге, жұмыстарды орындауға немесе қызметтерді көрсетуге тікелей қатысы жоқ жылжымалы мүлік, оның ішінде дайын өнім (тауарлар), бағалы қағаздар, валюталық құндылықтар, бағалы металдар мен асыл тастар, зергерлік бұйымдар, декор және жайластыру заттары;
2) екінші кезекте – тауарларды өндіруге, жұмыстарды орындауға немесе қызметтерді көрсетуге тікелей қатысы жоқ жылжымайтын мүлік;
3) үшінші кезекте – тауарларды өндіруге, жұмыстарды орындауға немесе қызметтерді көрсетуге тікелей пайдаланылатын мүлік: өндірістік мақсаттағы жылжымайтын мүлік объектілері, шикізат, материалдар, станоктар, жабдықтар және басқа да негізгі құралдар.
3. Осы баптың ережелері кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлғаның мүлкін өткізу кезінде оның жеке мүлкі мен кәсіпкерлік қызметте пайдаланатын мүлкі бойынша да қолданылады.
4. Өндіріп алуды қолданудың нысанасы – борышкер кепіл немесе міндеттемені қамтамасыз ету ретінде берген мүлік болған, не тыйым салынған мүлікті кезектілік тәртібімен өткізу атқарушылық құжат талаптарының толық орындалуына әкелмейтін немесе осы Заңда белгіленген орындау мерзімдерін ұлғайтатын жағдайда, мүлікті өткізу кезектілігі өзгертілуі мүмкін. Сот орындаушысы аталған мән-жайды борышкердің мүлкін өткізуге беру туралы қаулыда көрсетеді, оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
Ескерту. 72-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
73-бап. Борышкердің жылжымайтын мүлкін кейіннен аукционда
сату үшін оған құқықтарды тіркеу ерекшеліктері
1. Меншік құқығы (шаруашылық жүргізу құқығы, оралымды басқару құқығы) жылжымайтын мүлікке және олармен жасалатын мәмілелерге құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделмеген борышкердің жылжымайтын мүлкінен өндіріліп алынған жағдайда, сондай-ақ жылжымайтын объектінің кадастрлық және техникалық есепке алу (түгендеу) жөніндегі жұмыстары жүргізілмесе немесе аяқталмаса, сот орындаушысы борышкерге аталған әрекеттерді жүргізуге және жылжымайтын мүлікке құқықтарды кадастрлық, техникалық есепке алу мен мемлекеттік тіркеу жөніндегі құжаттарды табыс ету міндеттерін жүктеу туралы ұсыныспен сотқа жүгінеді.
2. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және олармен жасалатын мәмілелерді кадастрлық және техникалық есепке алу мен мемлекеттік тіркеу бойынша шығыстар атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарға жатқызылады.
74-бап. Тыйым салынған мүлікті өткізу
1. Айналымнан заң бойынша алып қойылған мүліктен басқа, тыйым салынған мүлікті өткізуді, осы Заңның 77-бабының 3-тармағында көрсетілген мүлікті қоспағанда, тыйым салу негіздері мен мүлік түрлеріне қарамастан, сот орындаушысы электрондық аукцион нысанындағы сауда-саттықта жүргізеді. Электрондық аукцион нысанындағы сауда-саттық бірыңғай электрондық сауда алаңында өткізіледі, оны таңдауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Борышкер сот орындаушысы мүлікке тыйым салғаннан кейін және оны бағалауды жүргізгеннен кейін және мүлік алып қойылғанға немесе өткізілгенге дейін сот орындаушысының жазбаша рұқсатымен және ол белгілеген мерзімде тыйым салынған мүлікті бағалау құнынан төмен болмайтын құн бойынша өткізуге құқылы.
Борышкердің мүлікті өткізуге рұқсат алуы мүлікті өткізу рәсімдерін тоқтата тұру үшін негіз болып табылмайды.
Борышкер мен сатып алушы сатып алу-сату шартына қол қойғаннан кейін және сатып алушы мүліктің бүкіл сатып алу құнын аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына салғаннан кейін, атқарушылық құжатты орындау барысында мүлікке салынған барлық ауыртпалықтар алып тасталады.
3. Егер тыйым салынған мүлікті өткізу туралы шешім қабылдау кезінде борышкердің банкроттығы туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалатын болса, онда мүлікті өткізу аталған мәселе мәні бойынша қаралғанға дейін тоқтатыла тұрады.
4. Тыйым салынған мүлікті өткізудің, оның ішінде электрондық аукцион нысанындағы сауда-саттықта өткізудің осы Заңмен реттелмеген мәселелері уәкілетті орган бекітетін қағидаларда айқындалады.
Ескерту. 74-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
74-1-бап. Сот орындаушысының тыйым салынған мүлікті
есепке алуы
Сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізу жөніндегі автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы тыйым салынған мүліктің есепке алынуын қамтамасыз етеді.
Ескерту. 8-тарау 74-1-баппен толықтырылды - ҚР 15.01.2014 № 164-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
75-бап. Мемлекетке берiлетiн мүлiктi өткізу
Мүлiктi тәркiлеу бөлiгiнде қылмыстық iс бойынша сот үкiмi негiзiнде не мүлiктi мемлекетке беру туралы шешiм негiзiнде тыйым салынған мүлiк мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен өткізіледі немесе пайдаланылады.
Ескерту. 75-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
76-бап. Құндылықтарды өткізу
Борышкерге тиесілі бағалы қағаздар мен валюталық құндылықтар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткізіледі.
Ескерту. 76-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
77-бап. Тыйым салынған мүлiктi өткізу тәртібі
1. Борышкердің мүлкін өткізуге беру туралы сот орындаушысы қаулы шығарады.
2. Тез бұзылатын мүлікті тыйым салынғаннан кейін және тізімдеме жасалғаннан кейін атқарушылық іс жүргізу тараптарының білдірген еркіне қарамастан, сот орындаушысы комиссия шарты бойынша сауда қызметінің субъектілеріне дереу сатуға тапсырады.
3. Егер маман тыйым салынған мүлік сату кезінде құнды болып табылмайды және өтімді емес деген қорытынды берсе, осы мүлік өткізуге берілмейді.
4. Құрамы бойынша біртектес мүлікті өткізген кезде ол сот орындаушысының қаулысы бойынша бірыңғай лотпен сатылуы мүмкін.
Ескерту. 77-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
78-бап. Мүлiктi комиссиялық сату ерекшеліктері
Ескерту. 78-бап алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |