15-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
129-бап. Атқарушылық іс жүргізу органдарының жүйесі
Ескерту. 129-бап алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
130-бап. Мемлекеттік сот орындаушысын қызметке тағайындау
тәртібі
1. Мемлекеттік сот орындаушысы мемлекеттік қызметші болып табылады.
2. Мемлекеттік сот орындаушысын Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аумақтық органның басшысы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
3. Мемлекеттік сот орындаушыларының сандық құрамы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.
131-бап. Мемлекеттік сот орындаушысына қойылатын талаптар
1. Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын, жоғары заңгерлік білімі бар, Қазақстан Республикасының заңнамасында қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келетін, өзінің іскерлік және жеке басының қасиеттерімен, сондай-ақ денсаулық жағдайы бойынша өзіне жүктелген міндеттерді орындауға қабілетті адам мемлекеттік сот орындаушысы болып тағайындалуы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған; өзіне мемлекеттік сот орындаушысы қызметіне тағайындалғанға дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған; сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған; бұрын мемлекеттік, әскери қызметтен, құқық қорғау органдарынан, соттардан және әділет органдарынан теріс себептермен босатылған; заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам мемлекеттік сот орындаушысы бола алмайды.
3. Мемлекеттік сот орындаушыларына қызметтік куәліктер беріледі, олар үлгілерін уәкілетті орган бекітетін нысанды киіммен (погонсыз), жетонмен және эмблемамен қамтамасыз етіледі.
4. Мемлекеттік сот орындаушыларын нысанды киіммен (погонсыз) қамтамасыз етудің заттай нормаларын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган бекітеді.
Ескерту. 131-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.12.28 № 368-IV (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.01.06 № 379-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 15.01.2014 № 164-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
132-бап. Мемлекеттік сот орындаушысының жауаптылығы
Мемлекеттік сот орындаушысының өзiне жүктелген мiндеттердi және лауазымдық өкiлеттiктердi орындамауы не тиiсiнше орындамауы заңдарда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
133-бап. Мемлекеттік сот орындаушысының қызметiн бақылау
Мемлекеттік сот орындаушысының қызметiн бақылауды уәкiлеттi орган және оның аумақтық органдары жүзеге асырады.
134-бап. Аумақтық бөлiмнiң басшысы - аға сот орындаушысы
Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 2010.12.28 № 368-IV (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Аумақтық бөлімнің басшысы - аға сот орындаушысы:
1) өзi басқарып отырған аумақтық бөлiмнiң жұмысын ұйымдастырып, бақылайды және мемлекеттік сот орындаушыларына жүктелген мiндеттердiң орындалуына дербес жауапты болады;
2) уәкiлеттi және аумақтық органдардың бұйрықтарының, әдiстемелiк ұсынымдарының, нұсқауларының және өкiмдерiнiң орындалуын ұйымдастырады;
3) сот орындаушыларының әрекеттерiне жеке және заңды тұлғалардың шағымдары мен арыздарын шешудi жүзеге асырады, оларды қабылдауды жүргiзедi;
4) аумақтық бөлiмнiң қызметi туралы статистикалық есептiлiк жасайды және iс жүргiзу мен мұрағат жүргiзу жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;
5) осы Заңда көзделген атқарушылық әрекеттерді жасайды;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де әрекеттердi жасайды.
Ескерту. 134-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 № 368-IV (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
135-бап. Мемлекеттік сот орындаушыларының қызметiн
қамтамасыз ету
Мемлекеттік сот орындаушыларының қызметiн ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
136-бап. Мемлекеттік сот орындаушыларын әлеуметтiк қорғау
шаралары
Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
Мемлекеттік сот орындаушылары қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде қаза тапқан жағдайда қаза тапқандардың отбасылары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғынжай алуға құқылы.
Ескерту. 136-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
16-тарау. ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
137-бап. Атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызмет
1. Жеке сот орындаушыларының сот актілерін және өзге де органдардың актілерін орындау жөніндегі қызметі – осы Заңда аталған атқарушылық құжаттарды орындаудың балама тәсілі.
2. Жеке сот орындаушыларының қызметі Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасына сәйкес атқарушылық және өзге де әрекеттерді жасау кезінде адам мен азаматтың, ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге тиіс.
Ескерту. 137-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.01.2014 № 164-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
РҚАО-ның ескертпесі!
138-бапқа өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
138-бап. Жеке сот орындаушысы қызметінің негіздері
1. Жеке сот орындаушысы орындауға, мемлекеттен немесе дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке және онымен үлестес заңды тұлғаларға тиесілі заңды тұлғалардан өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды қоспағанда, осы Заңда көзделген барлық атқарушылық құжаттарды қабылдайды.
2. Істердің әлеуметтік маңызы бар санаттары бойынша жеке сот орындаушыларының орындауындағы атқарушылық құжаттардың үлесін (алименттер, жалақы өндіріп алу және басқа да өндіріп алу) уәкілетті орган белгілейді және белгіленгеннен төмен болмауға тиіс.
3. РҚАО-ның ескертпесі!
ҚР 15.01.2014 № 164-V Заңымен 3-тармақ көзделген (қолданысқа енгізілу тәртібін осы Заңның 173-баптан қараңыз).
4. Жеке сот орындаушысы атқарушылық іс-әрекеттерді өтеулі негізде жүргізеді. Жеке сот орындаушысы жасаған атқарушылық іс-әрекеттерге ақы төлеу осы Заңда белгіленген тәртіппен айқындалған тарифтерге сәйкес жүзеге асырылады.
5. Жеке сот орындаушыларына Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасының борышкерден атқарушылық санкциясын өндіріп алу бөлігіндегі ережелері қолданылмайды.
Ескерту. 138-бап жаңа редакцияда - ҚР 15.01.2014 № 164-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
139-бап. Атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі
қызметке кепілдік
1. Жеке сот орындаушысы өз қызметінде әділ әрі тәуелсіз және Қазақстан Республикасының Конституциясын, осы Заңды, Қазақстан Республикасындағы атқарушылық іс жүргізуді реттейтін басқа да заңдарды, сондай-ақ халықаралық шарттарды басшылыққа алады.
2. Жеке сот орындаушысына қызметтік міндеттерін орындау кезінде, сондай-ақ оның кеңсесінде жұмыс істейтін адамдарға атқарушылық әрекеттер жасауына байланысты, оның ішінде өкілеттігін тоқтатқаннан немесе жұмысынан босатылғаннан кейін де, заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, өзіне белгілі болған мәліметтерді жариялауға, құжаттарды жария етуге тыйым салынады.
Жасалған атқарушылық әрекеттер туралы мәліметтер (құжаттар) олардың атынан, тапсырмасы бойынша немесе осы әрекеттер соларға қатысты жасалған адамдарға ғана берілуі мүмкін.
Жасалған атқарушылық әрекеттер туралы анықтамалар өздерінің іс жүргізуіндегі қылмыстық немесе азаматтық істерге байланысты сот, прокуратура, тергеу органдарының талап етуі бойынша беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |