«Әй Мүміндер! Аллаһтан қорқыңдар да, дұрыс сөз сөйлеңдер! Аллаһ істеріңді оңалтып, күнәларыңды кешіреді. Сондай-ақ кім Аллаһқа, Елшісіне бой ұсынса, әрине ол ұлы табысқа ие болады» (әл-Ахзаб сүресі, 70-71 аяттар).
Одан кейін:
Әртүрлі мазхабтың ізбасарларының арасындағы көптеген таластарға бірінен-бірін алаламай тура қараған адам, міндетті түрде мұның барлығы – шынымен бүлік, әрі мұсылмандардың артқа қалуының басты себептерінің бірі екендігін түсінеді. Мазхабшылар соқыр еліктеуге сондай терең бойлады, тіпті басқа біреудің ақылымен ойланып-толғанатын дәрежеге жетті. Дей тұрғанмен, мұсылмандардың алғашқы буын өкілдері мұндай емес еді, әрі алдыңғы өткен имамдарымыз ешкімді белгілі бір адамның сөзіне фанатик болып, сөзсіз еруге мәжбүрлеген жоқ. Ал мазхабшылар болса, араларында туындаған келіспеушілікті күн өткен сайын үрлеп, одан әрі тұтатты, ал шайтан болса, олардың араларына іріткі салып, қатал күрес туғызды.
Осы ащы шындықты ертеде-ақ көптеген ғалымдар ұғынып, ғасырлар бойы біресе бір ғалым, біресе бірнеше ғалымдар мұндай фанатизм мен мазхабтардың бөлінуіне және түрлі топтарға жіктелуіне қатты қарсы шықты. Бұл тақырыпқа байланысты көптеген керемет еңбектер бар, ал шейх әл-Мә’сумидің, Аллаһ оны Өз мейіріміне алсын, «Султанның Жапония мұсылмандарына сыйлығы» деген кітабы – мазхаб тақырыбында таптырмас ерекше құнды кітап. Бұл кітаптың көлемі кішкентай болғанына қарамастан, автор Құран, Сүннеттен дәлелдер және алғашқы мұсылмандардың ұлы имамдары мен әр ғасырдағы танымал ғалымдардың сөздерін өте кең көлемде келтірген. Сайып келгенде, аталмыш кітап мазхаб мәселесінің айналысында «оралып қалған» бүліктерге қарсы салмақты дәлелге айналды.
Бұл кітап бірнеше рет шығарылымды бастан кешірген. Ол туралы шейх әл-Мә’сумидің өмір баяны туралы айтқан кезде тоқталып өтеміз. Өкінішке орай, автор хадистерді қайдан алғанын көрсетпей кеткен, сондай-ақ кітаптың кейбір жерлері қосымша түсіндірмелерге мұқтаж болды. Міне, кітапты қолдануға, әрі түсінуге жеңіл болуы үшін мен келесідей міндеттерді атқардым:
1. Барлық аяттар мен хадистерге жалпыға ортақ нөмірлеумен сілтеме жасап, хадистердің сенімділік дәрежесін – сенімді, жақсы, әлсіз екендігін алдыңғы өткен үлкен ғалымдардың пайымдауларымен, әсіресе – біздің шейхымыз әл-Әлбәнидің сөздеріне салыстыра отырып, айқындадым.
2. Автор қолданған цитаталарды (тақпақ) түпдерекпен салыстырдым, ал егер келтірілген цитаталардың сөздерінде сәйкессіздік болса, мен шейхтің кітабындағыны емес, керісінше түпдеректегі сөзді жаздым.
3. Кітаптағы кейбір жерлер қосымша түсіндіруге мұқтаж болса, мен өзімнің сөздерім мен ескертпелерімді қостым (сілтемеде). Ал мәтіндегі кейбір созылыңқы жерлерді автордың көздеген мақсаты мен кітаптың мән-мағынасын өзгертпестен, оқырмандарды жалықтыратын кейбір керексіз жерлерін қысқарту қажет деп ұйғардым.
Дұрыс айтқан жерлерім болса, онда «табысты болуым, Аллаһқа ғана байланысты, Оған тәуекел еттім, әрі Оған бой ұсынамын» (Һуд сүресі, 88 аят). Ал егер бір жерлерде қателессем, онда «нәпсімді ақтамаймын. Расында нәпсі жамандыққа бұйырады» (Юсуф сүресі, 53 аят).
Аллаһ Тағаладан бұл кітапты мұсылмандар үшін пайдалы болуын сұраймын. Ғалымдардың бірі айтқандай:
Бүгінде шешендер көп жанарларда
Ел біткен сұлу сөзді санар арға.
Сұлу сөз бірақ әркез дұрыс емес
Екенінен
Дүйім жұрт хабардар ма?
Сөздің сұлу болғанымен
Маңызы жоқ
Болса егер еш дәлелсіз, аңызы көп.
Пайдасы жоқ Білімсіз дін ұстанып,
Қам – қарекет қылғанның, тамызып от.
Мүмкін емес білімсіз іс өнуі,
Исламға қайтадан күш енуі.
Білім – ол
Құран, Хадис, Сахаба мен
Ғалымдардың бұл дінді түсінуі.
Шындық ізде!
Қуғанды қойып елес,
Дәлел сұра, себебі Дін ойын емес.
Дінді түсін сахабалар түсінгендей
Дін деген менің, сенің ойың емес!!!
Аллаһ Тағаладан ізгі сәләфтардың жолындағы Құран мен Сүннетке мұсылмандарды қайтаруын, сондай-ақ дінімізді бөлшектеп, партиялар мен топтарға жіктелуге апарған әралуан бұрмалау мен бидғаттардан және адасушылық пен фанатизмнен тазалауды сұраймын.
Аллаһ Тағаладан осы кітаптың авторына, оны өңдегенге және кітаптың жарыққа шығуына себепші болғандарға сансыз сауап жазсын деп сұраймын.
(Әбу Усама) Сәлим әл-Хиләли
Хиджра жыл санауы бойынша 1403 жыл.
Автордың қысқаша өмір баяны4
Оның заманы және қоғамның жәй-күйі
Мазхабқа еру – жаңа құбылыс емес. Дегенмен, кейінгі кезеңдерде бұл жан түршігерлік кейіпке ие бола бастады. Мәселен, осы құбылыстың кесірінің бірі тақлид қылу – Құран мен Сүннеттегі дәлелдерсіз белгілі бір мазхабқа соқыр еліктеу. Тіпті соңына таман, жер бетінде тақлид өз тамырын жаймаған мекен қалмады. Әсіресе, бұл процесс ортаазиялық мемлекеттерде немесе ежелден бері «Өзеннің ар жағындағы жерлер» деп аталып кеткен аймақтар – Мәуренахрда кең етек жайды. Дәл осы жерде мазхаб пен тақлид мәселесі өткір, әрі аса өзекті болды, ал мазхабқа еруден сәл бас тартылса, онда «тура жолдан» ауытқып, бас тартқанмен тең қарастырылды. Мысалы, тақлид жақтаушылары келесідей ұрандарды үнемі қайталайтын:
«Мұсылмандар – бұл Әбу Ханифа мазхабымен жүретін адамдар»;
«Барлық мәликилер, шафиғилер, ханбалилер және хадис жақтаушылары қателескен, әрі олар анық адасушылықта»;
«Шафиғилермен некелесуге тыйым салынған (харам), себебі олар кәпірлер, өйткені олар: «Мен мүмінмін, иншаллаһ (әнә му‘мин ин ша-Аллаһ)» деген сөзді айтуға рұқсат етеді»5 ;
«Әрбір мұсылман сопылық тариқаттардың піріне қол тапсыруы (ант беруі) қажет, ал оның ішінде ең жақсысы – нақшбанди тариқаты»;
«Әһлю-Сунна – бұл тек матуридилер мен аш’арилер, ал қалғандарының барлығы – бидғатшылар (мубтәди’ун)».
Міне, осындай сопылық-тақлидтік қоғамда шейх әл-Мә’суми өмірге келді.
Шейхтің дүниеге келуі мен шығу тегі
Оның толық аты-жөні - Әбу ‘Абдул-Кәрим Мухаммад-Султан ибн Мухаммад-Урун ибн Мухаммад-Мирсаид ибн Мухаммад-Мә’сум. Өзінің аталарының бірі себепті әл-Мә’суми деп аталып кетті.
Хиджра жыл санауы бойынша 1297 жылы (1880 ж.) Ферғанаға жақын Ходжанд қаласында (қазіргі Тәжікстан) дүние келді. Соған байланысты әл-Худжәни деп аталды.
Мухаммад-Султан сауатты, әл-ауқаты орташа отбасында тәрбиеленді және ең алғашқы білімді – оқу мен жазуды өзінің ата-анасынан үйренді.
Оның білімі, білім алу мақсатында сапары мен ұстаздарды іздеуі
Мухаммад-Султан жастайынан парсы тілінде жазылған діни кітаптарды оқып үйрене бастады. Одан кейін ол араб тілін үйренуге кірісіп, түрлі сарф, нәху, бәләға (араб тілінің грамматикасы мен шешендік өнері) кітаптарын оқыды. Одан соң, логиканы оқып, тіпті философияны да үйренді. Ол ең алғаш ақида кітаптарынан «‘Ақида Нәсафия», «Адудадия», «Тахауия», «Джәухара әт-тәухид», «Санусия» және т.б. оқыды. Дәл осы кезден бастап әл-Мә’сумидің ғылымды үйренуге деген қабілеті байқалды. Ол ілгері өткен ғалымдардың кітаптарын оқуға кірісті. Әл-Мә’суми пайғамбар (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) мен сәләфтардан жеткен шынайы Ислам мен өзінің жергілікті тұрған жерінде таралған «Исламның» арасында үлкен айырмашылықтар бар екенін бірте-бірте түсіне бастады. Осылайша, ол 23 жасында ең алғаш рет жұрт алдында жерлестерінің ұстанған дінінің барлық үкімдері тақлидқа негізделгенін айтып, тақлидтің үлкен қателіктері мен бұзықшылығын айыптады. Өкінішке орай, жергілікті «шейхтер» мен «молдалар» өздерінің ата-баба дәстүрін сақтаймыз деген желеумен оны балағаттап, қыр ізіне түсіп алды.
Барлығына жалғыз қарсы тұра отырып, ол өзінің туған жерін тастап, Мекке қаласына кетуді ұйғарды. Сөйтіп, әл-Мә’суми хиджра жыл санауы бойынша 1323 жылы (1905 ж.) үйінен шығып, алыс сапарға шықты.
Оның сапары Бұхара қаласынан басталды. Мухаммад-Султан сол жерде поезға отырып, Красин-Абадқа жетті. Ал ол жерден кемеге отырып, Бакуға келді. Одан соң, Тифлиске, одан әрі Новосібірге. Ялта, Севостополь мен Одессаны жолда қалдырып, теңіз арқылы Стамбулға келді. Ол уақытта Стамбул Осман империясының астанасы болатын. Әл-Мә’суми сол жердегі «Йолдыз» мешітіне барған соң, ‘Абдул-Хамид сұлтанның қабылдауына шақырылды. Алайда, Стамбулдағы жағдай Мухаммад-Султанды қатты таң қалдырды.
Әл-Мә’суми Стамбулдан кейін Измир, одан соң Александрия және басқа мысырлық қалалардан өтіп, Меккеге жол тартты. Хиджра жыл санауы бойынша 1323 жылдың (1906 ж.) қажылықтың басталу уақытында Меккеге келді. Қажылық жасап жүрген кезінде бірнеше меккелік ғалымдармен кездесті. Сол уақытта ол шейх Шу’айб әл-Мәғрибиге әл-Бухари мен Муслимнің «Сахихтарын», имам Мәликтің «Мууаттасын» оқып, одан иснад6 пен иджаза7 алды. Сонымен қатар, әл-Мә’суми шейх Салих Кәмәл әл-Хәнәфиден (ханафи мазхабының ғалымы), Мухаммад-Саид Бәбсыл әш-Шәфи’иден (шафиғи мазхабының ғалымы) және тағы басқа ғалымдардан сабақ алды. Сондай-ақ, оның ұстаздарының бірі шейх Мухаммад-Мурад Рамзи әл-Казани...
Әділеттілік үшін осы жерде әл-Мә’сумидің өмір баянындағы мынадай оқиғаны айта кеткен жөн болар. Оның кейбір ұстаздары сопылар болған. Меккеде болған алғашқы жылдары сопылар оған белгілі бір ықпал жасады. Шейх Мухаммад-Султан олармен достық қатынаста болып, тіпті нақшбанди тариқатының пірі Мухаммад-Мә‘сум әл-Муджәддидке қол тапсырды (ант берді). Әлгі пір оған көптеген сопылық салттарды үйретіп, үнемі «Аллаһ» деп қайталауды бұйырды. Ал зікір салған кезде өзінің пірін көз алдына елестетуге кеңес берді. Кейін «ұстаз» әл-Мә’сумидің өзіне жеке мүридтер жинауға рұқсат еткен кезде, ол бұдан бас тартып, сопылармен қарым-қатынасын толықтай үзді.
Сол уақыттан бастап әл-Мә’суми Құран тәпсірі мен хадис жинақтарын оқуға тереңдей бастады. Ол уақыттары әл-Харам мешітінде намаз оқу үшін төрт мазхабтың имамдарына арналған бірнеше орын (мәқам) болатын. Кейбір мұсылмандар парыз намазын оқу үшін орындарынан тұрып жатса, басқалары өзінің имамын күтіп, өз жұмыстарымен айналыса беретініне ол талай рет өз көзімен көріп, куә болды. Сопылармен болған жайт, ал мына жерде төрт мәқамның жағдайы әл-Мә’сумиге тек мұсылмандар барған сайын топтар мен ағымдарға бөлініп бара жатқанын тереңірек түсінуге себепші болды – нәтижесінде шейх бұған қарсы бірнеше кітап пен еңбек жазды.
Меккеде өткен үш жылдан соң әл-Мә’суми Мединаға сапарға шықты. Сол жақта оқуын әрі қарай жалғастырып, түрлі хадис жинақтарынан «иджаза» алады, шейх әл-Кудумиден ханбали мазхабын үйренді.
Әл-Мә’сумидің білім іздену үшін барған келесі жері Шам – Иордания мен Сирия аймағы еді. Дамаск қаласында ол шейх-мухаддис Бәдруддин әл-Мә’марда оқып, басқа да ғалымдардан сабақ, әрі «иджаза» алды. Дамаскте Мухаммад-Султан сопылармен Меккедегідей емес, керісінше өте қатал сөйлесті. Бұл жерде ол сопылықты, әсіресе «мәуләуилік» тариқатты қатты сынға алды. Сопылар жасайтын әртүрлі салттары мен билерін, шыр айналып, зікір салу және барабан соғып, ән салу сықылды көптеген бидғаттарына қарсы шықты. «Рифә’и» тариқаты мен олардың «шайтани» Аллаһтың еске алулары және олардың түрлі қимыл-әрекеттерін әшкереледі. Дамасктен соң әл-Мә’суми Бейрутқа сапар шегіп, онда жергілікті шейхтермен кездесті. Одан кейін Иерусалимдегі әл-Ақса мешітіне барып, бірнеше күн сол жақта болды.
Шамдағы сапарын аяқтап, ол Мысырға қарай баруға шешім қабылдады. Каир қаласында ол «әл-Мәнәр» атты тафсирдің авторы шейх Мухаммад-Рашид Рида мен онымен аттас журнал шығарушы кісімен танысты. Осы журналда әл-Мә’сумидің авторлығымен бірнеше мақала жарық көрді. Ол өзінің қаражатына журналдың бұрыңғы номерлерін, шейх Мухаммад Абдоның барлық кітаптарын, Ибн Тәймия мен Ибн әл-Қайимнің бүкіл еңбектерін сатып алды. Оның замандастарының айтуы бойынша, әл-Мә’сумидің кітаптарының саны мыңнан астам том болған. Дәл осы жерде – Мысырда шейх Мухаммад-Султан өз еліне – Ходжәндқа қайтуды ұйғарды.
Шейхтің елге қайту сапары да өте ұзақ болды. Мысырдан Стамбулға, одан соң Одессаға, одан әрі поезбен Харьков, Мәскеу, Пенза, Самара, Орынбордан Ташкентке, сол жерден ата-анасы мен туысқандары күтіп отырған үйіне бет алды. Ұзақ сапарда болған кезінде жинаған кітаптарының барлығын мұқият оқып, зерттеуге уақыт табыла қалды. Әсіресе оны Ибн Тәймия, Ибн әл-Қайим мен Ибн ‘Абдул-Бәррдің еңбектері қызықтырды. Шейхтің өміріндегі жаңа кезең – әрбір шариғи мәселелерді анализдеу, әрбір автордың келтірген дәлелін зерттеу, пікірлерді салыстыру басталды. Муфтийдің шариғи сот кім болады деген сұрағы туындаған шақта, шейхтің білімінің кеңдігі мен түрлі сұрақтардың дұрыс жауабын айтуына байланысты әл-Мә’суми сол қызметке тағайындалуы да бекер емес. Әр уақыттың ғалымдарының пікірін салыстыра отыра, шейх Исламдағы тап-таза тура жол сәләфтардың – сахабалар, табиғиндер мен олардың ізінен тура ілескен ізгі ата-бабалардың жолы деген пікірдің дұрыстығына одан сайын нығая түседі. Осыдан кейін шейх таза Сүннет пен сәләфтар дінді қалай түсінсе, дәл солай түсінуге оралудың қажеттілігін адамдарға түсіндіре бастады. Сонымен бірге, ол бұрынғы және қазіргі кездегі муққаллидтердің адасуын айыптап масқаралады. Шейхтің дағуаты бірте-бірте қарапайым адамдардың арасында тарай бастады да, ортаазиялық аймақта Таухид пен Сүннетке қайта оралу басталып кетті. Сол уақыттары, адамдар құлшылықты Бір ғана Аллаһқа арнаудың орнына, «қасиетті әулиесымақтардың» қабірлері мен кесенелерінің8 басына түнеп, оларға дұға қылатын – міне, бұл құбылыс та жайлап-жайлап жойыла бастады.
Қиыншылық пен одан аман-есен құтылу
Шейх әл-Мә’сумидің дағуаты таралып, ал шейхтің өзі адамдар арасында құрметке ие болып, мойындала бастаған шақта, 1917 жылы большевиктердің революциясы болды. Көптеген адамдар большевиктердің тәуелсіздік, теңдік пен әділеттілік орнайтынына уәделерін естіп, оларға көмек беруге асықты. Бірақ, большевиктердің дінге көзқарасы бәрімізге белгілі, міне осылайша олар мұсылмандарды, әсіресе Ислам ғалымдарын қуғынға ұшыратты. Көптеген ғұламалар сол кезеңде-ақ атылды, одан да көбісі – Сібірге айдалып, кейін қайта оралмады! Ал әл-Мә’сумиге келер болсақ, ол екі рет тұтқындалды: бірінші 1342 жылы (1924 ж.), екінші рет 1344 жылы (1926 ж.). Дей тұрғанмен, Аллаһтың қалауымен, екеуінде де құтылып кетті, әрине бұдан соң туған жері Ходжәндтан кетуге тура келді. Большевиктер оның қыр ізінен қалмай, барлық мал-мүлкін тартып алды, тонады. Тіпті үшінші рет тұтқынға түсіріп, ату жазасына кескен де еді. Дегенмен олардың өлтіреміз деген ниеттері жүзеге аспады. Аллаһ Тағаланың мейірімімен, ол түрмеден қашып шығып, ізіне түскен қуғыншылардын құтылды, сөйтіп Қытайға да жетті. Бұл 1928 жыл болатын, Қытайда бірнеше жыл өмір сүрген соң, ол жерді де тастап шықты.
Хиджра жыл санауы бойынша 1353 жылы (1934 ж.) шейх Меккеде қалу мақсатымен қажылыққа аттанды. Бұл жерде оны қуана қарсы алып, танымал «Дар әл-хадис» институтына оқытушы етіп тағайындады. Соған қоса, жыл сайынғы қажылық уақытында шейх әл-Харам мешітінде Орта Азия мен Түркиядан келген қажыларға арнап түрік тілінде сабақ берді.
Шейх әл-Мә’сумидің кітаптарының көбісі Меккеде өмір сүрген соңғы жылдары жазылған. Түрлі тақырыптарға арналған 24 еңбегі даңққа ие болды. Соның бірі – «Султанның Жапония мұсылмандарына сыйлығы» атты кітабы. 1949 жылы шейх Мухаммад-Султан әл-Мә’сумидің Меккедегі үйіне, кейіннен «20-шы ғасырдың ұлы ғалымы» деп аталатын шейх Мухаммад Насыруддин әл-Әлбәни (Аллаһ оны Өз мейіріміне алсын) келді. Ұстазға шынайы құрмет ретінде шейх әл-Әлбәни Меккеге келген сәтінде-ақ алғашқылардың қатарында шейх Мухаммад-Султанның үйіне барып, оның насихатын өте мұқият тыңдады. Кездесудің соңында шейх әл-Мә’суми оған «Султанның Жапония мұсылмандарына сыйлығы» атты кітапты сыйға тартты. Бұл – аталмыш кітаптың ең бірінші тиражы еді. Бұл – сол уақытта аз мөлшерде ғана жарыққа шыққан кітап.
Шейх Мухаммад-Султан әл-Мә’суми Меккеде 80 жасында 1380 жылы (1960 ж.) дүниеден озды, Аллаһ Тағала оны Жәннат бақтарына орналастырсын. Сахих хадистердің бірінде былай делінген: «Адам қайтыс болғаннан соң, оның үш амалынан басқа амалдарының барлығы тоқтайды: үздіксіз келіп тұратын садақа; адамдарға пайда әкелетін білім; Аллаһ Тағалаға ата-анасы үшін дұға қылатын ізгі ұрпақ». Муслим 3/1255.
Шейх өзі қайтыс болса да, оның білімі мен еңбектері тірі, әрі мұсылмандарға пайдасын әкеліп жатыр. Бұған дәлел ретінде осы кітап – «Султанның Жапония мұсылмандарына сыйлығын» айтуға болады. Кезінде шейх әл-Әлбәниге берілген нұсқа 1970 жылға дейін кітапханада сақталып, одан кейін ғана басылымға шықты. Сол уақыттары шейх әл-Әлбәни Құран мен Сүннетті ізгі ата-бабалардың (сәләф) түсінігімен түсінуге шақырумен танымал болған кезі еді. Алғаш Сириядан бастап, кейін басқа да аймақтарда Аллаһтың көмегімен сәләфи дағуаты тарала бастады. Бұл факт мазхабшылар мен тариқатшыларды үнсіз қалдырмады. Олар бірігіп сәләфи дағуатына шабуыл жасады, әсіресе шейх әл-Әлбәни мұның зардабын көп көрді. Тіпті, қазіргі күнге дейін олар өздерінің кітаптары мен лекцияларында таза таухид пен Сүннетке, иджтиһад9 ашықтығына қайта оралуды айыптайды, әрі ақида мен шариғатта10 белгілі бір мазхабқа еру арқылы фанат болып, соқыр сенуге шақырады. Осындай жағдайда шейх әл-Әлбәнидің кейбір шәкірттері, оның ішінде Мухаммад ‘Иид әл-‘Аббәси де «Султанның Жапония мұсылмандарына сыйлығы» атты кітапты қайта бастырып шығаруды қолға алған болатын. Мухаммад ‘Иид әл-‘Аббәси кітаптың мақсаты мен мазмұнын көрсету үшін кітаптың атауына «Мұсылман адам төрт мазхабтың біреуін ұстану міндетті ме?» деген сөзді қосуды ұсынды.
Осыдан кейін кітап тағы да 1978-ші және 1981-ші жылдары екі рет қайта басылып шықты. Кітаптың барлық данасы сатылып кеткен соң, 2001 жылы «Дар Ибн әл-Қайим» баспа үйі осы кітаптың бесінші басылымын шығарды.
Шейх Мухаммад-Султанның кіріспесі
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен
Ислам мен иманға қарай жол көрсеткен Аллаһқа мадақ. Ол бізге Өзінің Кітабы – Құранның мағынасы мен Өз елшісі – адамзат пен жындардың мырзасының, Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын, хадистерін түсінуге жәрдем берді. Кемелдік пен толықтыққа ұмтылған ізгі сахабалар мен олардың ізінен ергендердің жолымен Жүргізген Аллаһқа бүкіл мадақ тән.
Одан кейін:
Бүкіл әлемнің Раббысына мұқтаж, ‘Абдул-Кәрим мен Абдур-Рахманның әкесі Мухаммад-Султан ибн Әбу Абдуллаһ Мухаммад-Урун әл-Мә’суми әл-Худжәнди әл-Мәкки, Аллаһ Тағала оны Құранмен сәйкес амалдарға, әрі пайғамбардың (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) Сүннетіне еруші етіп, оған бақытты өлімді әкелсін, айтады!
Маған Қиыр Шығыста орналасқан Жапония еліндегі Токио мен Осака қалаларынан сұрақ келіп жетті.
Олардың сұрақтарының мәні былай:
«Исламның шынайы мәні қандай? Исламдағы мазхаб (мектеп, жол) деген не? Исламға келген адам төрт мазхабтың біреуін яғни мәлики, ханафи, шафиғи, ханбалидің ұстану міндетті ме әлде міндетті емес пе?
Бізде осыған байланысты үлкен талас пен қатты дау болды. Бірнеше жапондық азаматтар жақсылап ойланғаннан соң, Ислам қабылдап, лайықты сенімді тапқысы келді. Бұл туралы олар Токиодағы мұсылман қауымына мәлімдеді. Оларға жауап ретінде Үндістанның бір топ мұсылман: «имам Әбу Ханифаның мазхабын ұстануға міндетті, себебі Әбу Ханифа – «үмметтің жарық сәулесі», - деп мәлімдеді11.Алайда Индонезиядан шыққан бір топ мұсылман «керісінше, шафиғи мазхабын ұстану керек», - деп мәлімдеді. Дәл осы жерде мұсылмандар арасында талас басталып кетті.
Мұндай сөздерді естіген жапондықтар қатты таң қалып, Исламды қабылдауға күмәндана бастады. Міне осылайша, мазхаб мәселесі жапондықтардың Ислам қабылдауына кедергі болды.
Құрметті ұстаз! Сіздің сауаттылығыңызды бәріміз білеміз және Аллаһтың көмегімен, сіздің жауабыңыз аталмыш дерттің дауасы мен дәрісі болады деп үміт етеміз. Біздің жүректерімізге сенімділік орнап, жандарымыз қайта оянып, әрі дерттен айғу үшін айдын теңіз біліміңіз арқылы біздің көзіміздің ақиқатқа қарай ашуыңызды өтінеміз. Аллаһ Тағала сізге сансыз сауап жазсын! Сондай-ақ бізден – Ресейден көшкен бір топ азаматтардың атынан алғысымызды қабыл алыңыз.
Сізге және барлық тура жолда жүргендерге сәлем болсын!»
Токиода хиджра жыл санауы бойынша 1357 жылдың мухаррам айында жазылды (1938ж.).
Мухаммад Абдул-Хай Кур Балыглы және Мухсин Жабықұлы.
Иман мен исламның мәні
Оларға мен – әл-Мә’суми Аллаһ Тағаланың үйреткенімен жауап беремін.
Аллаһ Тағаланың бергенінен басқа менде күш те, қуат та жоқ екеніне куәлік беремін! Раббым жәрдем бермесе, мен ешқашан табысқа жетпеймін, себебі Ол – ізгі істерде Көмектесуші.
Көптеген мұсылмандар, оның ішінде қарапайым адамдар да, ғалымдар да12 бар, имамдарға - Әбу Ханифа13, Мәлик14, әш-Шәфи’и15, Ахмад16, Аллаһ оларға разы болсын, қатысты мазхабтардың біреуін ұстану міндетті деп айтатынын біліңдер.
Алайда, бұл тұжырым - өрескел қателік, онымен бірге бұл – олардың надандығы мен Исламды білмеуін көрсетеді. Жалпыға мәлім Джибрилдің (Оған сәлем болсын) келуі туралы сахих хадисте, Джибрил Аллаһ елшісінен (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) Ислам туралы сұрағанда, ол былай жауап берді: «Ислам – бұл Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ, Мұхаммед – Аллаһтың елшісі, намаз оқуың, зекет беруің, Рамазан айында ораза ұстауың, егер мүмкіндік болса, қажылық жасауың».
Джибрил: «Иман дегеніміз не?», - деп сұрағанда, Аллаһ елшісі (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһқа, Оның періштелеріне, Кітаптарға, елшілерге, Қиямет Күніне, тағдырға, оның жақсылығы мен жамандығына иман келтіруің», - деп жауап берді.
Ихсанның не екені туралы сұралғанда Аллаһ елшісі (Аллаһтың оған салауат мен сәлемі болсын) былай жауап берді: «Ихсан – бұл Аллаһқа құлшылық қылып тұрғаныңда, сен Оны көріп тұрғандай құлшылық етуің және сен Оны көрмесең, Ол сені көріп тұрады». әл-Бухари 1/114, Муслим 1/164.
‘Абдуллаһ ибн ‘Умардан, Аллаһ екеуіне де разы болсын, жеткен хадисте пайғамбар (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Ислам бес тірекке негізделген: Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ, Мұхаммед – Оның елшісі деп куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, Рамазан айында ораза ұстау және қажылық жасау, кім оны жасай алса». Әл-Бухари 1/49, Муслим 1/176.
Муслим Әбу Һурайрадан, Аллаһ оған разы болсын, жеткізген хадисте, бір кісі келіп, Аллаһ елшісіне (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деді: «Ей Аллаһ елшісі, егер мен оны жасасам, онда Жаннатқа кіргізетін амал туралы айтыңызшы». Сонда Аллаһ елшісі: «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ, әрі Мұхаммед – Аллаһтың елшісі деп куәлік бер, намаз оқы, зекет бер және Рамазан айында ораза тұт!», - деп жауап берген соң, әлгі кісі былай деді: «Жаным Қолында Болған Аллаһпен ант етемін, мен осы айтқаныңа ешнәрсені қоспаймын да, азайтпаймын да». Аллаһ елшісі (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Егер ол шындықты айтса, онда табысқа жетті», - деді. әл-Бухари 3/261, Муслим 1/174.
Хадис түсіндірушілердің айтуы бойынша, бұл хадисте қажылық айтылмаған себебі – ол кезде әлі қажылық парыз қылынған жоқ.
Әл-Бухари мен басқа көптеген мухаддистер келтіретін Әнәстің, Аллаһ оған разы болсын, хадисінде былай делінеді: «Бір күні пайғамбармен (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) бірге болған кезде, бізге түйеге мінген біреу келді. Ол түйесін тізерлеп отыруға мәжбүрледі де, оны мешіттің дәл алдына байлады. Әлгі кісі: «Араларыңда Мұхаммед деген қайсысың?», - деп сұрады. Бұл уақытта пайғамбар (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) қабырғаға сүйеніп, адамдардың арасында тұр еді. Әлгі кісіге: «Анау қабырғаға сүйенген ақ кісі», - деп жауап берілді. Сонда түйемен келген кісі: «Сен ‘Абд әл-Муталлиб руынансың ба?», - деп сұрағанда, пайғамбар (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деді: «Жауап берді деп есептей бер».
«Мен сенен тағы да сұраймын және сұрағыма жауап бер және бұл үшін мені айып етпе!», - деді бейтаныс кісі.
Не сұрағың келеді, сұра, - деді Аллаһ елшісі (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын).
Сенің Раббыңның және саған дейін болған Раббының атымен сұраймын. Сені адамзатқа жіберген Аллаһ па?
Аллаһ көріп тұр, йә, дәл солай.
Сені Аллаһтың атымен шақырамын. Айт, шынында күніне бес рет намаз оқуды бұйырған Аллаһ па?
Аллаһ көріп тұр, йә, дәл солай.
Сені Аллаһтың атымен шақырамын. Айт, шынында жылына осы айда ораза ұстауға бұйырған Аллаһ па?
Аллаһ көріп тұр, йә, дәл солай.
Сені Аллаһтың атымен шақырамын. Айт, шынында біздің байларымыздан алып, кедейлерімізге зекет беруді бұйырған Аллаһ па?
Аллаһ көріп тұр, йә, дәл солай, - деді пайғамбар (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын).
Сонда әлгі кісі: «Мен сенің әкелген нәрселеріңе иман келтірдім! Ал мен – өз руымнан келген елшімін. Мен бәни Са‘д ибн Бәкр тайпасынан шыққан Са’ләбәның ұлы Дымәммін», - деп мәлімдеді. Әл-Бухари 1/148.
Міне, Аллаһ Тағала адамдарға міндетті қылған Ислам осы, әрі оны түсіндіру үшін Мұхаммед пайғамбарды (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) жіберді17.
Достарыңызбен бөлісу: |