12
бостандығынан айыру. Бас бостандығынан айыру түрінде сот шешімімен
жазаланған балалар түзету мен қайта тәрбиелеу үшін тәрбиелеу колонияларына
бағытталады. Алайда, статистикалық мәліметтерге сәйкес жазасын
өтегендердің көбісі қайтадан қылмыс жасайды. Тәрбиелеу колониясында бас
бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеп жатқан барлық кәмелетке
толмағандар өмірлік қиын жағдайда жүрген балалар санатын құрайды.
Бейімделу бұл баланы бас бостандығынан айырғанда туындайтын маңызды
аспектілердің бірі. Тәрбиелеу колониясының жағдайында бейімделу түсінігін
кең аспектіде қарастырған жөн. Мәселенің мәні жазаны өтеудің қатаң, қалыпты,
жеңілдетілген немесе жеңілдікті жағдайларына тәуелді болады. Себебі, бір
колонияның шегінде болса да бір жағдайдан басқа жағдайға ауысқанда
әлеуметтік орта, күн тәртібі, еңбек және оқу әрекеті, болашақты бағалау,
тәрбиеленушінің ұмтылысы өзгереді. Шамамен әрбір жазаға кесілген
жасөспірімде белгілі бір дәрежеде эмоционалдық алаңдаушылық, өмірлік
жағдайға қанағаттанбау, төмен эмоциялық фон, сондай-ақ қандай да бір
бұзылыстар байқалады. Тәрбие колониясына түскен жасөспірім күн тәртібі,
тәртіп ережелері деген не екенін біледі. Осыған байланысты ұйқының бұзылуы,
әлсіздік, енжарлық, тез шаршау болуы мүмкін. Жасөспірімнің жалпы
үрейлілігінде үлкен орынды әр түрлі қорқыныштар, түсініксіз қауіптер сезімі,
соған байланысты өзіне сенімсіздік алады. Әлеуметтік-педагогикалық
қолдаудың негізгі мақсаты бұл тәрбие колониясында бейімделуде балаға көмек
көрсету, ал оның соңғы нәтижесі бұл ұжымға аман-есен кіру, ұжым
мүшелерімен қарым-қатынаста сенімділіктің пайда болуы, осы өзара қарым-
қатынас жүйесіндегі өз орнымен қанағаттану болып табылады.
Жоғарыда айтылғанды қорытындылай келе, біз баланы өмірлік қиын
жағдайға соқтыратын көптеген факторлар оның отбасынан туындайтынын
түсінеміз. Егер жоғарыда сипатталған факторлардың бірі ғана отбасында болса,
балада өмірлік қиын жағдайдың туындау қаупі өте жоғары болады. Бала
әрекетінің тағы бір маңызды саласы білім беру саласы болып табылады. ол бала
тіршілігінің негізгі әрекеттерінің бірі болғандықтан, осы салада баланың
өмірлік қиын жағдайының туындау қаупі жоғары.
Қиын жағдайға тап болған бала проблемаларының бірі әлеуметтенудің
төмен деңгейі, яғни, мобильділіктің шектеулігі, құрдастар және ересектермен
қарым-қатынастың кедейлігі, табиғатпен байланысудың және мәдени
құндылықтарға қолжетімділіктің шектеулігі және т.с.с. Қазіргі мектептерде
әлеуметтендірушіден гөрі, білім беру қызметіне басты рөл беріледі. Мектеп
қоғамға толыққанды кіруге керекті қасиеттер жиынтығымен балаларды
қамтамасыз ете алмайды. Мектеп әрекетінің шектеулігі көптеген оқушылардың
тұлға ретінде өзін көрсетуге мүмкіндік бермейтін осы тәрбие институтына
жағымсыз қарым-қатынасты тудырады. Балалар өміріндегі қиын жағдай
туындауының себебі қанағаттанарлықсыз білім деңгейі болуы мүмкін.
Соның салдарынан озат және нашар оқушылар үлгерімінің үлкен
айырмашылығы болады. Бұл бала тұлғасының өзін өзі бағалауымен тығыз
байланысты. Сондықтан балаларда мектептегі әлеуметтік қарым-қатынаста
13
бейімделуімен байланысты әр түрлі бағыттағы проблемалар туындайды.
Жинақтала келе бұл проблемалар баланы өмірлік қиын жағдайға әкеліп
соқтыруы мүмкін [9].
В. А. Никитин өзінің зерттеуінде әлеуметтенуді «әлеуметтік қарым-
қатынасқа индивидті қосу процесі» ретінде сипаттайды [10].
Әлеуметтену адамның өмірі бойы созылатын процесс екенін түсінген
маңызды. Сондықтан әлеуметтенудің басты мақсаттарының бірі адамды
әлеуметтік шындыққа бейімдеу, ол қоғамның қалыпты қызмет атқаруының
мүмкін болған шарты болады. Қазіргі таңда бала әлеуметтенуінің төмен
деңгейіне әкелетін өмірлік қиын жағдайларға қайыршылық, бақылаусыздық пен
қараусыздықты, тәртіп бұзушылықтың алуан түрлерін, сондай-ақ ауру мен
мүгедектікті жатқызуға болады. Бұндай балаларды әлеуметтендіру процесінде
туындайтын проблемалар ең алдымен, әлеуметтік мәселелер, әлеуметтік қолдау
формаларының жеткіліксіздігі, денсаулық сақтаудың, білім берудің,
мәдениеттің, тұрмыстық қызмет көрсетудің және т.с.с. қолжетімсіздігі.
Олардың ішінде макро-, мезо- және микродеңгейдегі проблемаларды бөлуге
болады. Бұл проблемалардың кешені барлық балаларға тең мүмкіндіктерді
жасауға бағытталған қоғам мен мемлекеттің күшімен шешіледі. Балаларды
әлеуметтендірудің елеулі проблемаларының бірі қоғам мен мемлекеттің
дамуында ауытқуы бар тұлғаларға қарым-қатынасы болып табылады. бұл
қарым-қатынас әр түрлі аспектілерде көрініс табады: арнайы білім беру, оқыту
жүйесін жасауда, қолжетімді денсаулық сақтау жүйесін құруда және т.с.с.
Бала құқығының декларациясында «дене бітіміне, психикасына немесе
әлеуметіне қатысты толық емес бала оның ерекше жағдайына байланысты
арнайы білім және күтіммен қамтамасыз етілуі қажет» деп айтылған [11].
Бала құқықтары туралы конвенцияда «қатысушы мемлекеттер ақыл-есі
немесе денсаулығына қатысты жарымжан бала оның қадір-қасиетін
қамтамасыз етіп, өзіне деген сенімділігін арттырып және қоғамдық өмірге
белсене араласуына жәрдемдесетін жағдайларда толыққанды және лайықты
өмір сүруі қажет екенін мойындайды» деп баяндалған. Мемлекеттік деңгейде
өмірлік қиын жағдайға ұшыраған балаларға көмек көрсетуге бағытталған
арнайы бағдарламалардың үнемі қабылданып жүзеге асырылатынына
қарамастан, тек мемлекеттің ғана күші жеткіліксіз. Бұндай балалардың өмір
сүруі мен дамуына қолайлы жағдайларды жасау бойынша міндеттердің
көпқырлығы, күрделілігі мен ауқымдығы бұл жұмыста балалардың жанында
жүрген барлық қоршағандардың қатысуын талап етеді.