Қазақстан Республикасының Білім және ғылым Министрлігі
А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті
Заңтану факультеті
Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасы
Мукашева Г.Қ.
МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ТЕОРИЯСЫ Оқу әдістемелік құрал
Қостанай, 2012
УДК 342 (075.8)
ББК 67.0 я73
М 82
Құрастырған: А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ Заң факультетінің «Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы» кафедрасының аға оқытушысы Мукашева Гүлжамал Қасыбайқызы
пікір жазғандар:
Хакимова Г.Е. А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ Заң факультетінің «Қылмыстық құқық және қылмыстық іс жүргізу» кафедрасының доценті, заң ғылымының кандидаты
Укин С.К. А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ Заң факультетінің «Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы» кафедрасының доценті, заң ғылымының кандидаты
Узакбаева А.Б. академик З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік техникалық университетінің Экономика, құқық және басқару факультетінің «Заңтану пәндері» кафедрасының доценті, заң ғылымының кандидаты
Мукашева Г.Қ.
М 82 Мемлекет және құқық теориясы күндізгі және сырттай бөлім студентеріне арналған. Оқу әдістемелік құрал. Г.Мукашева. -Қостанай. А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ, 2012.- 101 бет.
ISBN 978-601-7385-24-8
Аталған оқу-әдістемелік құрал студенттердің өз бетінше семинарға, БОӨЖ-на және емтиханға дайындалуына арналған. Мемлекет және құқық теориясы- базалық пән, соның ішінде міндетті компонент. Бұл пән базалық бiлiмнiң - бакалавриаттың студенттiң заңгерлiк iлiмдердiң бүкiл жүйесiн табысты игеруi үшiн жалпы теориялық негiзiн құрайды. Бұл оқу әдістемелік құрал жоғары оқу орнындағы студенттерге арналған.
УДК 342 (075.8)
ББК 67.0 я73
А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ Оқу-әдістемелік кеңесімен мақұлданған, хаттама № 4. 23.02.2012ж.
© А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, 2012
ISBN 978-601-7385-24-8 © Мукашева Гулжамал Қасыбайқызы,2012
Мазмұны
Кіріспе ...................................................................................................................4
1 Бөлім. Практикалық (семинар) сабақтардың жоспарлары....................5
1 тақырып. Мемлекет және құқық теориясы ғылым ретінде және мемлекет және құқық теориясының әдістемесі..................................................................5
2 тақырып. Мемлекет және құқықтың пайда болуы.........................................7
3 тақырып. Мемлекет және құқықтың дамуының негізгі кезеңдері................9
4 тақырып. Мемлекеттің түсінігі және мәні.....................................................11
5 тақырып. Мемлекеттің түрлері /нысаны/......................................................12
6 тақырып. Мемлекет механизмі.......................................................................15
7 тақырып. Мемлекеттің қызметі (функциялары)...........................................17
8 тақырып. Қоғамның саяси жүйесi..................................................................18
9 тақырып. Құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам.................................19
10 тақырып. Қоғамдық қатынастарды нормативтік реттеу............................21
11 тақырып. Құқықтың түсінігі және мәнi.......................................................22
12 тақырып. Құқық нормалары..........................................................................25
13 тақырып. Құқықтық реттеу және оның механизмі.....................................26
14 тақырып. Құқық формалары/қайнар көздері/..............................................27
15 тақырып. Құқық жүйесі және заңнама жүйесі............................................29
16 тақырып. Заңнаманы жүйелеу......................................................................31
17 тақырып. Құқықшығармашылық..................................................................33
18 тақырып. Құқықтық қатынастар...................................................................34
19 тақырып. Құқық нормаларын жүзеге асыру................................................36
20 тақырып. Құқық нормаларына түсінік беру................................................37
21 тақырып. Құқыққа сай мінез-құлық және құқықбұзушылық....................39
22 тақырып. Заңдық жауапкершілік..................................................................40
23 тақырып. Құқықтық сана және құқықтық мәдениет..................................42
24 тақырып. Заңдылық және құқықтық тәртіп.................................................43
25 тақырып. Құқық және жеке тұлға.................................................................44
2 Бөлім. Өз білімін тексеруге арналған тапсырмалар...............................46
Әр түрлі нысандағы тест сұрақтары.................................................................46
Аралық бақылау сұрақтары...............................................................................85
Қорытынды бақылау сұрақтары........................................................................88
Курстық жұмыс жазуға ұсынылатын тақырыптардың жалпы тізімі.............90
Реферат тақырыптары.........................................................................................92
3 Бөлім. Пән бойынша анықтамалық – сөздік ...........................................93
Пайдаланылған дерек көздер тізімі.................................................................101
Кіріспе
Мемлекет және құқық теориясы- базалық пән, соның ішінде міндетті компонент. Мемлекет және құқық теориясы қоғам және мемлекет туралы күрделі де біртұтас білімдер жүйесінің маңызды компонентерінің бірі ретінде өмір сүріп әрі дамып келеді. Мемлекет пен құқық теориясы - қоғамдағы мемлекеттілік пен құқықтық құбылыстарды зерттейтін ғылым. Мемлекет пен құқық теориясының тақырыбына мемлекет және құқықтың пайда болуы, функциясы, дамуы туралы негізгі және жалпы заңдылықтар жатады. Бұл ғылым мемлекет пен құқықтың пайда болуының себептерін, олардың формаларын, типтерін, мемлекеттік және құқық жүйесінің құрылуындағы негізгі заңдылықтарды, олардың қызметінің қоғамдық өмірге тікелей қатыстылығын зерттейді.
Мемлекет және құқық теориясы пәнінен сабақтарға дайындық барысында студенттер пәннің типтік оқу бағдарламасын, пәннің жұмыс бағдарламасын, лекция және басқа да оқу әдістемелік материалдарды басшылыққа алуға міндетті. Бұл ретте әсіресе мемлекет және құқық теориясы бойынша оқулық және монографиялық әдебиеттерді, сонымен қатар мемлекет және құқық теориясы, басқа да заңдық ғылымдардың проблемалық мәселелеріне арналған ғылыми мақалаларды тереңдеп зерттеп оқуға ерекше көңіл бөлінуі қажет. Сондай-ақ нормативтік құқықтық актiлердi, атап айтқанда ҚР-ның Конституциясын, конституциялық және жай заңдарды, т.б. зерттей және талдай білу маңызды роль атқарады.
Мемлекет және құқық теориясын оқытудың мақсаты оқу процесінде қолданылатын түрлі әдістемелік амалдардың көмегімен төмендегідей нәтижелерге қол жеткізу болып табылады:
Білім алушылардың мемлекет және құқық туралы алған теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде пайдалана білу,
Білім алушылардың саяси және құқықтық мәдениетін көтеру,
Білім алушылардың теориялық және кәсіби даярлықтарының деңгейін көтеру және күрделі саяси жағдайға талдау жасай алуға үйрету,
Елімізде және шетелдерде орын алып отыратын түрлі құбылыстарға дұрыс баға бере алуға үйрету,
«Мемлекет және құқық теориясы» курсы қоғамдық ғылымдардың ішінде ерекше орын алады. Осы орайда қазіргі кезде, елімізде және шет елдерде де теориялық ойлауды талап ететін және тәжірибені саяси талдау негізінде шешуге ғылымның алдына жаңа міндеттер қойылуда. Сол себепті де пән бойынша ең алдымен мынандай мәселелер зерттелуі қажет:
билік аппаратының құрылуы, басқарылуы және даму заңдылығы, олардың жауапкершілігін көтеру жолдары және заңдылықты іске асыру мәселелерін талдау;
құқық жүйесін жетілдіру жолдары және заңдарды жүйелеудің негізін жасап оны іске асыру тәжірибесі т.с.с.
Осы аталған міндеттер елімізде қабылданған жоғары заңдық білім тұжырымдамасымен де үндес.
І Бөлім. Практикалық (семинар) сабақтардың жоспарлары
1 тақырып. Мемлекет және құқық теориясы ғылым ретінде және мемлекет және құқық теориясының әдістемесі
Мақсаты: Студенттерді Мемлекет және құқық теориясы курсының маңызымен, оның қоғамдық, заң ғылымдары жүйесіндегі орнымен таныстыру. Мемлекет және құқық теориясының пайда болу заңдылықтарына, қазіргі кездегі даму ерекшеліктеріне, тақырыбына және зерттеу әдістеріне сипаттама беру және ашу. Мемлекет және құқық теориясының пәні мен әдістері бере отырып, оның өзге ғылымдармен байланысын көрсету.
Жоспары:
1. Мемлекет және құқық теориясының түсінігі.
2. Мемлекет және құқық теориясының функциялары.
3. Мемлекет және құқық теориясы әдiстерiнiң жүйесi.
4. Мемлекет және құқық теориясының заң ғылымдары жүйесiндегi орны мен ролi.
Тақырып бойынша әдістемелік нұсқаулар
Мемлекет және құқық теориясы – бұл мемлекет пен құқықтың жалпы заңдылықтары туралы, олардың мәні, мақсаты және қоғамдағы дамуы туралы жалпыланған білімдер жүйесі. Мемлекет және құқық теориясының пәні — адам қоғамының өміріндегі құбылыстардың, мемлекет пен құқықтың өмірге келу, даму объективтік заңдылықтары мен олардың мәні-маңызы, құрылымы және мақсаты.
Мемлекет және құқық теориясы іргелі де терең ғылым ретінде бірнеше функциялар (қызмет) атқарады: Онтологиялық функция - (грек...шын білім) адам қоғамының тұрмысын, оның қағидаларын, құрылымын, даму зандылықтарын зерттеу. Бұл зерттеу арқылы мемлекет пен құқықтың өмірге келуін, дамуын, болашағын білуге мүмкіншілік қалыптасады. Гносеологиялық функция - (грек.-.. білім, теория) таным теориясы арқылы мемлекет және құқықтың қүрылымын, маңызын, мақсатын білуге болады. Эвристикалық функция - (грек... табу) заң ғылымының барлық саласында зерттеудің әдіс-тәсілдерін жетілдіріп, қоғамдағы құбылыстардың даму процесінің жаңа зандылықтарын табу, ашу. Әдістемелік функция - мемлекет және құқық теориясы заң ғылымы салаларының талаптарына сәйкес жалпы әдістемелік ғылыми тұжырымдар жасап, ғылымның жақсы дамуына жағдай жасау. Саяси функция - қоғамның алдында тұрған мақсатты, саясатты жалпы теория тұрғысынан орындау бағыттарын, жолдарын белгілеу. Идеологиялық функция — жалпы теория қоғамдағы әртүрлі көзқарасты, саясатты, идеяларды біріктіріп, ғылыми түрақты жүйе қалыптастырып, адамдардың сана-сезімін, құқықгық мәдениетінің сапасын жақсарту. Тәжірибелік-ұйымдық функция - тәжірибелерге сүйене отырып, жалпы теория қоғамдағы зақдылыкты, тәртіпті сапалы іске асыру үшін ұсыныстар жасап отыруы қажет. Болжау функциясы - жалпы қоғамдағы саяси- құқыктық құбылыстармен ғана шектелмей сол құбылыстардың болашақ бағытын зерттеп, ғылыми қорытынды тұжырымдар жасап, оны құқьіқтық реттеп, басқару бағдарламасын дайындауы қажет.
Әдіс дегеніміз – бұл пәнді түсінуге мүмкіндік беретін тәсілдер мен бағыттардың жиынтығы. Мемлекет және құқық теориясы өз пәнін зерттеу үшін көптеген әдістерді қолданады. Олардың ішінде мыналарды ерекше атауға болады:
1. Жалпы әдістер – ойлаудың кешенді қағидаларын көрсететін философиялық, дүниетанымдық бағыттар. Оларға мыналар жатады:
а) метафизика. Ол мемлекет пен құқықты мәңгілік және өзгермейтін институттар ретінде қарастырады;
ә) диалектика. Өз ішінде материалистік және идеалистік болып бөлінеді. Материалистік диалектика бұл құбылыстарды қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен, нақты айтқанда жеке меншіктің пайда болуымен және қоғамның таптарға бөлінуімен байланыстырады, яғни, мемлекет пен құқық нақты бір тарихи кезеңге сәйкес, бір-бірімен байланыстылықта, даму барысында қарастырылады. Идеалистік диалектика, өз кезегінде, объективтік және субъективтік идеализм болып екіге бөлінеді. Объективтік идеализм мемлекет пен құқықтың пайда болу себептері мен өмір сүру жағдайын құдайдың күшімен, ал субъективтік идеализм адамның санасымен байланыстырылады.
2. Жалпы ғылыми әдістер – жалпы әдістер сияқты бүкіл ғылыми танымды толығымен қамтымайды, оның жекелеген кезеңдерінде ғана қолданылады. Оларға мыналар жатады:
а) талдау – күрделі мемлекеттік-құқықтық құбылысты шартты түрде жекелеген бөліктерге бөлу;
ә) синтез – құбылысты оның құрамдас бөліктерін шартты түрде біріктіре отырып зерттеу;
б) жүйелік әдіс – объектінің тұтастығын ашуға, ондағы әртүрлі байланыс түрлерін анықтауға бағытталады;
в) функционалды әдіс – бір әлеуметтік құбылыстардың екіншілеріне қатысты функцияларын анықтауға бағыттайды.
3. Жеке ғылыми әдістер – мемлекет және құқық теориясын техникалық, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдардың ғылыми жетістіктерін қабылдауы нәтижесінде пайда болатын әдістер. Оларға мыналар жатады:
а) нақты әлеуметтанушылық әдіс – сұраудың, бақылаудың, сұхбаттасудың және т. б. тәсілдердің көмегімен мемлекеттік құқықтық саладағы субъектілердің іс жүзіндегі жүріс-тұрысы туралы мәліметтер алуға мүмкіндік береді;
ә) статистикалық әдіс – нақты бір мемлекеттік құқықтық құбылыстың сандық көрсеткіштерін алуға мүмкіндік береді;
б) кибернетикалық әдіс – кибернетиканың түсініктері, заңдары және техникалық құралдарының жүйесі арқылы мемлекеттік құқықтық құбылыстарды тануға мүмкіндік береді.
4. Жеке құқықтық әдістер – тек заң ғылымдарына ғана тән болып келеді, оларға мыналар жатады:
а) формальді заңды әдіс – заң түсініктерін, олардың белгілерін анықтауға, түрлендіруді жүзеге асыруға, құқықтық ережелердің мазмұнын түсіндіруге және т. б. мүмкіндік береді;
ә) салыстырмалы құқықтық әдіс - әр түрлі құқықтық жүйелерді не олардың жекелеген элементтерін олардың жалпы және арнайы қасиеттерін анықтау мақсатында салыстыруға мүмкіндік береді.
Өз жиынтығында ғылым жүйесін құрайтын ғылыми пәндерді шартты түрде үш топқа бөлуге болады:1. техникалық ғылымдар; 2. жаратылыстану ғылымдары; 3. гуманитарлық ғылымдар.
Гуманитарлық ғылымдар қоғамды, адамды, әлеуметтік қатынастар мен институттарды зерттейді. Заң ғылымдары – гуманитарлы ғылымдардың бір түрі, себебі, мемлекет пен құқық әлеуметтік институттар болып табылады. Заң ғылымдарын мынадай түрлерге бөлуге болады: мемлекет және құқық теориясы; тарихи- құқықтық ғылымдар (мемлекет және құқық тарихы, саяси және құқықтық ілімдер тарихы); салық заң ғылымдары (конституциялық, азаматтаық, қылмыстық және т.б. құқық салалары); қолданбалы ғылымдар (криминалистика, сот медицинасы және т.б.).
Мемлекет және құқық теориясы гуманитарлық ғылымдар жүйесінде бола тұра, философиямен, әлеуметтанумен, саясаттанумен және т.б. тығыз байланыстқа түседі. Солай, философияның көмегімен мемлекет және құқық теориясының дүниетанымдық бағыттары қалыптасады, оның нәтижесінде мемлекеттік құқықтық шындықты танудың жалпы әдістемесі қалыптасады. Өз кезегінде, мемлекет және құқық теориясы кеңейтілген философиялық жалпылаулар үшін нақты материалдар береді. Заң ғылымдары жүйесіндегі мемлекет және құқық теориясының орнын оның тарихи құқықтық ғылымдармен ара қатынасын мысалға ала отырып, қарастыруға болады. Мемлекет және құқық теориясымен тарихи құқықтық ғылымдарға тән ортақ белгі – олар мемлекет пен құқықты зерттейді. Ал айырмашылықтары мынада – тарихи құқықтық ғылымдар мемлекеттік құбылыстардың даму үдерісін хронологиялық тәртіпте зерттесе, мемлекет және құқық теориясы бұл үдерістерге жалпы сипаттама береді, мемлекет пен құқықның мәнін, олардың қызметін ету заңдылықтарын және т.б. зерттейді.
Өзін - өзі тексеру сұрақтары:
1 Мемлекет және құқық теориясының ғылыми пәні не болып табылады?
2 Мемлекет және құқық теориясының негізгі функциялары қандай?
3 Мемлекет және құқық теориясының оқу пәні ретіндегі ерекшелігі қандай?
2 тақырып. Мемлекет және құқықтың пайда болуы
Мақсаты: Мемлекетің пайда болуының алғышарттарына тоқтала отырып, оларды салыстыру арқылы жалпы мемлекеттің және құқықтың пайда болу ерекшеліктерін, заңдылықтарын түсіндіру. Мемлекет және құқықтың пайда болуына қатысты теориялардың әралуан болуының себептерін ашу. Негізгі теорияларға сипаттама беру. Мемлекеттің пайда болуы себептері мен нысандары туралы түсінік қалыптастыра отырып, оларды ажырата білуге үйрету.
Жоспары:
1. Мемлекетке дейінгі кезеңдегі әлеуметтік билікке жалпы сипаттама.
2. Мемлекеттің пайда болу себептері мен нысандары.
3. Мемлекеттің қалыптасуына әсер еткен факторлар/ салыстырмалы сипаттама/.
4. Мемлекеттердің құқықтарының пайда болу ерекшеліктері.
5. Мемлекет пен құқықтың пайда болуына қатысты негізгі теориялар.
Тақырып бойынша әдістемелік нұсқаулар
Мемлекетке дейінгі кезендегі әлеуметтік биліктің ерекшеліктері болып мыналар табылады:
ол тек бір ру көлемінде ғана таралды, оның еркін білдірді. Және қандық туыстыққа негізделді;
тікелей қоғамдық болып табылды, алғашқы қауымдық демократияның, өзін-өзі басқарудың бастамаларының негізінде қалыптасты;
бұл биліктің биліктік органдары ретінде рулық жиналыстар, ақсақалдар, әскербасылары және т.б. қызмет етті, олар алғашқы қауымдық қоғамның өмір сүруінің маңызды мәселелерін шешіп отырды.
Мемлекеттің пайда болуы туралы мәселе даулы болып табылады, себебі, этнография және тарихы ғылымдары оның пайда болуы туралы күннен-күнге жаңа мәліметтер беруде. Мемлекеттің пайда болу себептері туралы бірқатар теориялар бар, олардың негізгілері болып мыналар табылады: Діни теория – мемлекеттің, мемлекеттік биліктің пайда болуының құдайлық бастамасын негізге алады, «барлық билік құдайдан» деген тұжырымдаманы бекітіп, жақтайды. Өзіннің діни мазмұнына қарамастан, бұл теория бірқатар шынайы жағдайларды көрсетеді, нақты айтқанда, алғашқы мемлекеттердің теократиялық нысандарын – абыздар билігін, шіркеудің рөлін, діни және әкімшілік орталықтар арасындағы билік бөлінісін. Бұл теорияның көрнекті өкілдерінің бірі – Фома Аквинский. Патриархалды теория – мемлекеттің пайда болуын отбасымен байланыстырады, ал мемлекет басшысының билігін отбасы мүшелерінің алдындағы әке билігінен туындатады. Бұл теория патшаның шексіз билігін негіздеуге бағытталған, ал бұл биліктің қайнар көзі ретінде құдайды емес, отбасындағы әкенің, патриархтың шексіз билігін орын алған отбасы нысанын таниды. Бұл теория Грецияда пайда болған, өз негіздемесін Аристотельдің еңбектерінен иеленсе, өз дамуын ағылшын ғалымы Филмердің еңбектерінен тапты. Шартты теория – 17-18 ғасырларда кеңінен таралған. Оны жақтаушылардың қатарынан Голландияда Гуго Гроций мен Спиноза, Англияда Д.Локк пен Т. Гоббс, Францияда Ж.-Ж.Руссо, Ресейде А.Радищев орын алды. Мысалы, А. Радищевтің ойынша, билік халыққа тиесілі, алайда ол мемлекет басшысына берілген және оны халық бақылауы тиіс. Шарттық теорияға сәйкес, мемлекет шарт нәтижесі ретінде пайда болады, оның қатысушылары болып адамдар табылады, олар шарттың негізінде өз бостандықтарының, өз билігінің бір бөлігін мемлекетке береді. Күштеу теориясы – мемлекеттің пайда болу негізі ретінде күштеу әрекетін, бір халықтың екінші халықты жаулауын таниды. Жауланған халықтың үстінен билікті бекіту үшін, оған күштеу жүргізу үшін мемлекет құрылады. Күштеу теориясы 19 ғасырда пайда болды, оның өкілдері – Л.Гумплович, К.Каутский, Е.Дюринг.
Мемлекеттің пайда болу нысандары. Мемлекеттің қалыптасуы - әртүрлі халықтарда түрліше жүзеге асқан ұзақ үдеріс. Шығыста «өндірістің азиялық тәсілі» (Египет, Вавилон, Үндістан, Қытай және т.б.) нысаны кеңінен таралды. Бұл жерде рулық құрылымның әлеуметтік-экономикалық бөліктері – жердік үлес, ұжымдық меншік және т.б. тұрақты сипатты иеленді. Ежелгі Шығыста пайда болған алғашқы мемлекеттер ауылдық қауымдастықтарды қанай отырып, оларды басқарды, яғни, өндірісті ұйымдастырушы рөлін атқарды. Афины мен Римде мемлекеттің пайда болу бағыты басқаша жолмен жүзеге асырылады, бұларда құлиенушілік мемлекет меншіктің пайда болуы және қоғамның таптарға бөлінуі негізінде пайда болды. Афины – мемлекеттің пайда болуының ең таза, классикалық нысаны, себебі, мемлекет рулық құрылым ішіндегі таптық қарама-қайшылықтардың негізінде пайда болады. Римде мемлекеттің пайда болуы плебейлердің римдік аристократтар-патрицийлерге қарсы күресінің нәтижесінде тездетілді.
Өзін - өзі тексеру сұрақтары:
1 Алғашқы қауымдық қоғамның қандай ерекшелiктерi бар?
2 Ру дегенiмiз не?
3 Әдет-ғұрыптар қалай пайда болады?
4 Жеке меншiктiң пайда болу себептерi қандай?
5 Таптардың пайда болу себептерi қандай?
6 Құқық не себептi пайда болды?
7 Мемлекеттің пайда болының нысандары қандай?
8 Мемлекеттiң пайда болуына қатысты қандай негiзгi теориялар бар?
9 Құқықтың пайда болуына қатысты қандай негiзгi теориялар бар?
3 тақырып. Мемлекет және құқықтың дамуының негізгі кезеңдері
Мақсаты: Мемлекетке дейінгі қоғамға, яғни алғашқы қауымдық құрылысқа сипаттама беру. Мемлекет ұғымының сан алуандығының себептерін, сонымен қатар мемлекеттің пайда болуының жалпы заңдылықтарын түсіндіру. Мемлекеттің типі ұғымына және түрлеріне тоқталу және оны ажырата білуге үйрету.
Жоспары:
1 Мемлекет типологиясындағы формациялық көзқарас.
2 Мемлекет типологиясындағы өркениеттiк көзқарас.
3 Азиялық өндiрiс тәсiлiне негiзделген мемлекет, оның ерекшелiктерi.
4 Құлиеленушi, феодалдық, буржуазиялық және социалистiк мемлекет типтерiнiң сипаттамасы.
Тақырып бойынша әдістемелік нұсқаулар
Мемлекет типі сәйкес тарихи кезеңде туындайтын оның маңызды жақтары мен қасиеттерінің қатаң жүйесін білдіреді. Белгілі бір кезеңдегі барлық мемлекеттерге белгілі бір сипаттар тән болып келеді. Мемлекеттерді типке бөлу негізінен формациялық және өркениетті тәсілдер тұрғысынан жүзеге асырылады.
Мемлекеттерді типке бөлудегі формациялық тәсіл. Формациялық тәсілдің шегінде негізгі талап ретінде әлеуметтік-экономикалық факторлар, яғни қоғамдық-экономикалық формация орын алады. Бұл тәсіл тұрғысынан мемлекет типі қоғамның экономикалық базисімен тығыз байланысты қоғамдық құрылымға сәйкес мемлекеттің өзара тығыз байланысты белгілерінің жиынтығы ретінде анықталады. Экономикалық базистің типтеріне қарай мемлекеттің төмендегідей типтерін бөліп қарастырады: құлиеленушілік, феодалдық, буржуазиялық және социалистік мемлекеттер. Бұл типологияның артықшылықтары болып екі мәселе табылады: мемлекеттерді әлеуметтік-экономикалық негізінде бөлу идеясы өте дұрыс, себебі, шынымен де бұл факторлар қоғамға зор әсерін тигізеді, ол мемлекеттің дамуын, табиғи-тарихи сипатын, кезеңділігін көрсетеді. Ал формациялық теорияның әлсіз жағы оның тарихтың әртүрлі сипаттарын ескермеуінен және рухани факторларды бағаламауынан көрінеді.
Мемлекеттерді типке бөлудегі өркениетті тәсіл. Өркениетті тәсіл шегінде негізгі талаптар ретінде рухани факторлар – мәдени, діни, ұлттық және т.б. факторлар орын алады. Өткениет – бұл қоғамның діни, ұлттық, географиялық және тағы да басқа белгілерінің ортақтығымен ерекшеленетін тұйық және локальды сипаты. Өз дамуында өркениет бірнеше кезеңдерден өтеді:
І кезең – локальды өркениеттер, олардың әрқайсысының өзара байланысты әлеуметтік институттары, оның ішінде мемлекет те, болады (ежелгі египеттік, шумерлік, үнділік, эгейлік, және т.б. өркениеттер).
ІІ кезең – белгілі бір мемлекет типтерімен байланысты ерекше өркениеттер (үнділік, қытайлық, батыс еуропалық, исламдық және т.б. өркениеттер).
ІІІ кезең - өз мемлекеттілігімен ерекшеленетін қазіргі кезгі өркениеттер, бұл өркениеттер енді-енді қалыптасып келе жатыр, бұларға әлеуметтік-саяси құрылымдардың дәстүрлі және қазіргі кезгі түрлерінің қатар өмір сүруі тән.
Өркениеттер мен олардың мемлекеттерін типке бөлудің басқа да негіздері бар: хронологиялық, генетикалық, діни және т.б.
Өзін - өзі тексеру сұрақтары:
1 Мемлекеттi типтерге бөлу не үшiн қажет?
2 Мемлекет типологиясында қандай негiзгi көзқарастар бар?
3 Мемлекет типологиясындағы формациялық көзқарастың сипаттамасы қандай?
4 Мемлекет типологиясындағы өркениеттiк(цивилизациялық) көзқарастың сипаттамасы қандай?
5 Мемлекеттiң қандай негiзгi типтерi бар?
Достарыңызбен бөлісу: |