1. Шұбыртпалы:
Беркініп садақ асынбай,
Біріндей жауды қашырмай
Білтеліге доп салмай,
Қорамсаққа қол салмай,
Қозы жауырын оқалмай,
Ерлердің ісі бітер ме?
2. Кезекті:
Аспандағы боз торғай,
Бозаңда болар ұясы.
Бозаңның түбін су алса,
Қайғыда болар анасы
Қара лашын ақ тұйғын,
Қайыңда болар ұясы.
Қайыңның басын жел соқса,
Қайғыда болар анасы.
3. Ерікті айнымалы ұйқас
Алты күндей алаулап…
Өлең сөз теориясының білгірі, қазақ өлеңінің тілі мен өлеңдік құрылым ерекшеліктерін аса кең ауқымда қарастырып, ақиқат тұжырымдар жасаған академик Зәки Ахметовтің қазақ өлеңінің азуын айға білеген айтулы өкілі Махамбет поэзиясының жайына айрықша тоқталып отыруы – заңды. Ғалым қазақ әдебиетінің ғасырлар бойы қалыптасқан өзгешеліктерін танып-білуде Махамбет өлеңінің орны өзгеше екендігін үнемі назарда ұстаған.
Өлеңдегі халықтық дәстүрді дамытып, түрлендіру, жетілдіріп, толықтыру жөнінен Махамбет ақындығының өзгешелік, ерекшелігін З. Ахметов айрықша атап көрсетіп отырады.
“Махамбет өз жайын баяндап, өзінің бейнесін суреттеген жырларында халық әдебиетінде мол орын алған дәстүрді – ақындардың өзін, өз басын ұтымды, өрнекті теңеу салыстыруларды көп пайдалана отырып сипаттайтын дәстүрін өте қызықты пайдаланады, бұл дәстүрге көп жаңалық қосып, жандандырады” [24, 51 б.].
Ғалым “Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны” өлеңіндегі халықтың дәстүрлі бейнелеу нақыштарын қоса ақынның нақтылы өмір құбылыстарын жеткізуде ерекше, оқшау, бояу суреттерді де соншалықты мол туғызып отырғанын атап айтады. “Мен кескекті ердің сойымын кескілеспей басылман” немесе “Еңіреп жүрген ер едім, жақсыларға еп едім, жамандарға көп едім” деген сенімді сипаттау сөздерден ақынның өз қолтаңбасы, сөз қолдану ерекшелігі айқын танылатынын көрсете отырып, Махамбеттің сұлтанды “Қайраңнан алған шабақтай, қия бір соғып ас етсем” деуінде де салыстыру, сипаттау тәсілі ақиқат өмірден алынған әсерлерден туғаны анық байқалатынын танытады.
Махамбет өлеңде халық ұғымына әбден сіңісті болған теңеу, тұспалдау, салыстыруларды қолдануымен бірге соларға ыңғайлас өзіндік қолданыстарды төпеп-төпеп төгіп тастап отырған, сирек ұшырасатын ақындық шеберлікпен танылған сөз ұстасы. З. Ахметов осыны ақын поэзиясының табиғатын ашуда нақтылы сөз қолданысты айқындап отырып, теориялық тұжырымға айналдыруында өзінің өлең сөз қисынын зерделеуге келгенде қара үздірген үздік екенін және бір мойындатып кетіп отырады. Махамбеттің ақындық қуатын мейлінше жанды, мейлінше сезімді ой оралымдарына орап отырып, нақты шеберлікпен ұғындырады. Махамбет поэзиясында көркем салыстыру тұспалдаудың дамытылған түрлерінің молдығы да сөз жоқ Махамбеттің ақындық өзгешелігінің бір қыры.
“Мен шарға ұстаған қара балта едім
Шабуын таппай кетілдім
Қайраса тағы жетілдім…”
Ақын мұнда бір “балта” сөзінің ауқымында ауыспалы астарлы ой туғызып, өте қызықты, күрделі метафоралық бейне жасап отыр дейді З. Ахметов.
Ғалым Махамбет ақындығындағы дара өзгешеліктің бірі оның бейнелі сөздердің, халық поэзиясының қалыптасқан құрылыс-бітімін, жасалу қалпын сақтай отырып, оларды айналадағы өмірді, өзінің сезім-күйін суреттеу мақатына толық үйлесіріп, терең мағына беріп қолдана білушілік, нақтылы сипаттамалар мен тұспал суреттерді араластырып, жалғастырып, астастыра отыруын өлең жасау шеберлгі дейді.
“Мұнар да мұнар, мұнар күн…” Исатайдан айрылған аза күні. Ағайын-жұрттың басына түскен ауыр күн. Ақын халық тіліндегі қазаға қатысты дәстүрлі тұспал сөздерді пайдаланады. Өткірін ұштап, үздігін оздырған асқан шеберлікпен сөйлейді. Жаңбырдай жауған оқ, жиырылып түскен ту, буулы теңнің шешілуі, т.б.
“Мұңар күннің” өлеңдік қуаты жайлы З. Ахметовтің мына бір түйіні де өлең танудағы таптырмайтын байқағыштық “Ақынның осылай етіп бейнелеу тәсілі суретінің дәлдігі, жандылығымен адамды қызықтырып, баурап алады. Оның әр нәрсенің жеке белгілерін де тап басып, анық көрсететін шеберлігін жүкті тартқан түйелерді қатарланған, теңді буып, садақ оғын орта белін сырлаған, туды ала желпілдеген, арлан төбет, жез қарғылы деген сияқты айқын эпитеттерден де жақсы аңғаруға болады” [24, 51 б.].
З. Ахметов айқындамасында ақын шеберлігінің бір қыры мағынасы жағынан бір-біріне үндес бірнеше символ суретті қатар алып, бейнелі көріністерді үстемелеп қолданып, сол арқылы сезімге күшті әсер ететін көркемдік туғызуынан аңғарылады.
Зәки Ахметов қазақ өлеңіндегі жыр үлгісін теориялық жақтан негіздеуінде Махамбет поэзиясын үнемі назарда ұстаған. Кезінде М. Әуезов, Қ. Жұмалиев тоқталған “Ереуіл атқа ер салмай” өлеңіне З. Ахметов жырдың айрықша бір белгісі есебінде тоқталды. Жыр түйдегінің сипаттамасына үлгі болды. Ғалымның “жырдың” ұйқас, буын, бунақ, шумақ (түйдек, триада) жөнін теориялық негіздеуінде аса айқын тұғырдың нақты көрінісінің бірі – Махамбет поэзиясы.
Жыр өлшемі, қазақ өлеңінің дәстүрлі жыр үлгісінде кездесетін тармақтардағы буын санының әркелкілігі туралы зерттеулерінде Махамбет поэзиясына да жиі жүгініп отыратын ғалым Махамбеттің қазақ өлеңінің дәстүрлі сипаттарын жетілдіру, сақтау жөндерін айрықша атап көрсетіп отырады.
“Сендей нарқоспақтың баласы – 9 слогов
Маған оңаша жерде жолықсаң, – 10 слогов
Қайраннан алған шабақтай – 8 слогов
Қия бір соғып ас етсем, – 8 слогов
Тамағыма қылқаның кетер демес ем. – 12 слогов
Как видим строка в жыре может удлиняться иногда до 13 слогов.
Эти отступления не есть следствие небрежности певцов: поэты и певцы обнаруживают очень большую чуткость к ритму поэтической речи. Ошибка могла быть на один слог. Но ведь нельзя ошибаться на 3-4 слога, тем более на
5 или 6 слогов! Совершенно очевидно, что в жыре просто, иной раз допускаются, так сказать вставные ”лишние“ слова. Таким образом, перед нами сознательное изменение ритма в определенную сторону.
…Но и в стихах, сложенных размером жыр а, отклонения в общем редки, встречаются в отдельных строках и к тому же у немногих певцов (Бухар, Махамбет), чаще всего а прооизведениях, сложенных в форме толгау” [67, 175 б.].
Зәки Ахметов Махамбет поэзиясының дәстүрлі халық поэзиясымен байланысын өлең үлгісі жөнінен, өлеңдік құрылым жөнінен, тіл қолданыс жөннен айрықша қарастырып, ақынның қазақ поэзиясындағы өзіндік өзгеше үздік өлең жасау үрдісіне айқын теориялық негіздемелер жасады. Махамбеттану өрісін өлең теориясы жөнінен кеңіте түсті.
Небір асыл сөз қисынымен қоюласпаса құнын азайтпай ма?!
Махамбет ақынның “қиыннан қиыстырған” (Абай) өлең тілі өз алдына бір сала.
Академик Зәки Ахметов айтқандай, өлең тілін сөздің суреттілік, бейнелілік қасиетін айтуда ауыспалы мағына туғызатын бейнелі сөздерге назар аудару қазақ әдебиетінің сөз түрлендіру тәсілдерінің шексіз мол мүмкіншілігін ашып көрсетеді. Сөзді тура мағынасында жеткізу қиын емес, ал оның өлеңдегі өзгерген, сурет пен сезімге бөккен жаңа мағынасын жасау ше? Ауыспалы, астарлы, айнымалы сөздің өлең үлесіндегі көтеріп тұған жүгін салмақтау – ақынның алымын ашу.
Махамбет өлеңінің тілі өзгеше бейнелі, өлеңдегі озық тәсілді мүмкіндігінше мол өрістеткен тіл. Махамбет өлеңінің тілі негізінде нақтылығымен ерекшеленеді ғой. Соған қарамастан оның тілінде ауыспалы мағынадағы, тұспал мағынадағы сөз айшықтары да аса қою.
Зерттеушілер Махамбет поэзиясы ерекшеліктерін, ондағы дәстүр мен жаңашылдықтың өлең тілі, өлең құрылысындағы сипаттарын белгілі бір дәрежеде қарастырды. Ақынның қазақ әдебиетінің тарихындағы орнын теориялық тұғырнамамен бекіте түсті.
Махамбет өлеңі уақыт озған сайын күрделі поэтикалық үлгі екендігін көрсетумен келеді. Қазақ әдебиеттану ғылымының қазіргі кезеңдегі кемелдене түскен, толыға түскен қалпы Махамбет өлеңіне уақыт көзімен қайта қарауды; ол туралы ендігі ұрпақтың танымын да қамтып отыр.
Махамбет поэзиясын көркемдік тұрғыдан тереңдей зерттеудің міндеттерін академик З. Ахметовтің мына пікіріне сәйкес сабақтастыра қарастырғанда Махамбет жөнінде ашылған, айтылған тұжырым-танымға қосар дүние де аз емес.
Зәки Ахметов “Сөз өнерінің заңдылықтарын, ұлттық сипаты мен ерекшеліктерін тереңдеп ашу, поэзия тілінің бейнелеу құралдарын, тәсілдерін жіктеп топтастыру, өлең құрылысын, өлшем, шумақ, ұйқас өзгешеліктерін айқындай түсу және өлеңдегі түр, тіл ерекшеліктерін тарихи-әдеби процеске тығыз байланыста алып зерттеу, міне, бұл салада әдебиеттану ғылымының атқаратын ісі аз емес” – дейді [24, 3 б.].
Махамбет “өлеңінің сөз кестесін, өлең сөздің суреттілігін, бейнелілік сипат қасиеттерін сөз еткенде ауыспалы, астарлы мағына туғызатын бейнелі сөздерге көбірек назар аудару“, сөзсіз қажет. Өлең тілін осы жағынан алып, қарастыру поэзиямыздың, әдебиетіміздің сөзді түрлендіріп, мағынасын өзгертіп, кеңейтіп пайдалану жағынан шексіз мол мүмкіншілігін ашып көрсету мақсатынан туады дейді З. Ахметов.
Теоретиктің анықтамасында теңеу, балама бейнелер – метафора мен метонимия, тұспалдап суреттеу тәсілдері – аллегория мен символ, әсірелеу тәсілдері – гипербола (зорайту), литота (кішірейту), табиғат құбылыстарын жандандырып кейіптеу тәсілдері (олицотворение), сөзді керісінше мағынада алатын сықақтау тәсілі (ирония) – осының бәрі де не салыстыру негізінде, не қалайда екі нәрсенің өз ара жалғастық, жанасымдығы негізінде астарлы мағына туғызады, бір мағынаны екінші мағынамен алмастырады. Махамбет поэзиясы – осы әдіс-тәсілдің мол, қанық үлгісі.
Сөз қолданыстағы, сөз құбылтудағы Махамбет шеберлігі сирек кездесетін ақындық алым. Ол өлеңге халықтың келісті сөз нақыштарын емін-еркін енгізе отырып, нақты өмір суретін жеткізуде бұрын-соңды ешкімнің аузына түспеген сөз табады. Сөзді басқа бір қырымен аунатып алып, жұтындырып шығарады. Өзіндік, оқшау ерекшелігін (З. Ахметов) сәт сайын көлденең тартады. Астарлы, ауыспалы ой, күрделі шендестіру, салыстыру, теңеу… шексіз мінсіз сөз нөпірі.
Махамбет поэзиясы – көп тұспал, көп айшыққа көміліп барып нақтылықты сол қалпында жеткізудің, бұрын-соңды болмаған күйде ашудың, өзгеше тәсілдің, “орай да борай қар жауған” күнгі сұмдық әсердің тілі. Оның өлеңі – қазақ халқының сөз өнеріндегі шексіз мүмкіндігін, көреген көкірек көзін, асылдай таза жанын, өзгеше өр намысын, биік рухын сөйлеткен ғажайып тіл.
Махамбетті өлең жасауға итермелеген шығармашылық құдірет, адам танымы ала алмастай құпияның нұры оның поэзиясына бас ұрған жанның барлығын баурап, сиқырлайды. Естен тандырады.
Шығармашылық сыр құпиясын теория тілімен ұғыну ғылым шаруасы. Сол тұрғыда Махамбет поэзиясының көркемдік теориялық негіздемесін тұжырымдап, ақынның дара сипат, қара сөзбен жаулаған көркемдік қамал-алымдарын ұғындырған сөз білгірлері Махамбеттің әлемін ашу үстінде Махамбетті туғызған қазақ көркем сөзіндегі көркемдік қисындарды да ғылыми негіздеп, жүйелеп отырды.
Белгілі ғалым Рәбиға Сыздық Махамбет тілін зерттеу жайлы былай дейді: “Ал, негізгі проблема, яғни бүгінгі де, әрі қарайғы да Махамбет мұрасына қатысты үлкен тақырыптың бірі – оның тілін, тілінің көркемдік кестесін әр қырынан зерттеп, таныту болмақ. Және жеке-дара зерттеу нысаны етпек керек. Өйткені, Махамбет шығармашылығы – тілі жағынан өзіне дейінгі де, өзмен тұстастарынан да, өзінен кейінгілерден де, тіпті тақырыптас, жанрлас ақын-жыраулардың өлең-толғауларынан да көрінеу оқшауланып тұрған дүние. Және бұл оқшаулық тек тілдік-стильдік ерекшеліктерінде ғана емес, аралық, жаңалық сипатында. Махамбет – қазақ поэтикалық мектептерінің бірін жинақтап, екіншісіне жол көрсеткен сөз иесі. Ол өзіне дейінгі үш-төрт ғасыр бойы қазақ жұртының рухани және көркемдік-эстетикалық сұранысын өтеп келе жатқан жыраулар дәстүрін тұйықтап, ақындар мектебінің аяқ алысын көрсетуші дер едік” [100, 145 б.].
Махамбеттің өлең құрылымы жөнінде аталған мақалада Рәбиға Сыздық ілгеріде зеттеушілер аса көңіл бөле бермеген, ежелгі түркі поэзиясының, жыраулық поэзиядағы басқы ұйқаспен келген “ұйқассыз” өлеңдер жөніне ғылым назарын аударады. Ғалымның бұл пікірі өте орынды, ұтымды. “Толарсақтан саз кешіп” деп басталатын 19 жолдық өлеңнің бір ғана ұйқасы бар, ол бұл іске-өріске-келіске деген сөздер, ал олардың алдындағы екі, үш тіпті соңғы бес тармақ (өлең жолдары) ешбір ұйқасқа құрылмаған. Мысалы: егер ұйқасқа қарай өлеңді шумақтарға ажырата қалақ, соңғы шумақ:
Тағыдай таудан су ішкен
Тарпаңдай тізесін бүгіп от жеген,
Тағы сынды мырза едік,
Тағы да келдік тар жерге
Таңдансаң тағы болар ма
Тәңірінің салған бұл іске…
Ғалым Махамбет тіліндегі қарындас, аға, азамат, жолдас, аламан, байтақ, жігіттер сияқты сөздердің семантикасы қазіргі біз таныған мағыналарынан өзгеше екендігін айтады.
Рабиға Сыздықтың Махамбет шығармашылығының және бір өзіндік қыры деп оның қайсыбір “өлеңге ұқсамаған” өлеңдерінде билердің қара сөздеріне жақындайтынын айтады.
“Мамандардың айтуынша, прозаға жақын құрылған өлең ақынның идеясын дәл, толық жеткізетін, яғни өлеңге қажеттіктерді (ұйқасты, өлшемді, т.б.) іздемей, оны еркін құратын амал болса, бұл тәсілдің классикалық көрінісін ұсынған Махамбет деуге болады. Әрине, бұл – теориялық негіздермен айтылатын үлкен әңгіме” [100, 150 б.]. Осы жерде прозадағы ақ өлең мен поэзиядағы қара сөздің арақатысы қандай екен деген сауал көлденеңдейтіндей. …Жалпы қазақ әдебиеті тарихындағы дәстүр, жанр, стиль мәселесінің теориялық негіздемесін тануда Махамбет поэзиясы берер олжа мол. Махамбет ақындығынан шартарапқа тарап ағылып кете берер сауал көп.
Махамбет поэзиясының тілі, жанры мен стилі туралы тың зерттеу жасаған ғалым Құлмат Өмірәлиев былай дейді: “Махамбет өлеңдері негізінен, ерлік-жауынгерлік стильде туған өлеңдер. Осыған орай Махамбет қолданатын эпитет, теңеу метафоралар да осы стильдік қабатты құрайтын үлгіде жасалған. Бірақ Махамбет таза азаматтық жыр үлгісінде ғана шығарып қойған жоқ, оның өлеңдерінде эпостық-батырлық жыр таңбалары да, дидактикалық-шешендік толғаулар да, лирикалық элегия элементтері де бар”.
“Азаматтық поэзиямызда сөздердің мағыналық аясын кеңейтіп, көркемдік мақсатта қолданылу өрісін ашуда Махамбет өзіндік стильдік ерекшелікке ие” [28, 46 б.]. Қ. Өмірәлиев Махамбеттің тілдік мағыналық аясын кеңейту, тіл құбылту тәсілдерін мейлінше ыждаһатпен зерттеп, зерделеп, Махамбет шығармаларының көркемдік сипаттамасын дәл, нақты, айқын жасаған ғалым. Махамбеттің теңеуі, эпитет жасауы, жалпы таза поэтикалық тәсілдері қайсы дегенді көзіңе көрсетіп сөйлейді.
Ғалымның қазақ поэзиясының түрлі жанрының ерекшелігіне қарай эпитеттің де теңеу, метафораның да жанрлық қабаттары қалыптасқан деген айқындамасы сөз өнерінің бір заңдылығын көрегендікпен көру.
Махамбетте дәстүрлі эпитетті тіркестерді бұзу кездеседі, бірде болат найза, ақ семсер десе, бірде қарқыны күшті көк семсер дейді. Махамбет көп көркемдік тәсілдерді түйдектетіп қолданады.
Халел Досмұхамедұлы “Махамбеттің жыраулығы күшті” деді. Мұхтар Әуезов Махамбет поэзиясының дәстүрлі жыраулар поэзиясымен үндестігін тәптіштеп айтты.
Қажым Жұмалиев Махамбет поэзиясының халық әдебиетімен үндестігін түгесе, қамти сөйледі. Сәбит Мұқанов Махамбет жырларының бұрын жасаған үндес тұстарын айтып, бұл “ауыз әдебиет ақындарында” (С.М.) кездесетін “әдет” екендігін атап көрсетеді. Мұхтар Мағауин “Жауынгер жырау Махамбет сақара бардтарының ең соңғы тұяғы еді. Ол қанды шайқас, тынымсыз күрес үстінде өткен өмірімен көне жыраулар жүрген жолды қайталады, ал оның өр рухты асау жырлары әлденеше ғасырлық тарихы бар жауынгерлік поэзияның ең соңғы аккорды болды”, – деп жазды [72, 245 б.].
Жыраулық поэзияның көркемдік негіздері, жыраудың әлеуметтік тұлғасы жайлы “Әдебиет тарихында” (1927) Мұхтар Әуезов жан-жақты ғылыми негіздеме жасағаны белгілі. Жырдағы, кейінде М.Мағауин қадай айтқан басқы ұйқастың сырына да ғалым осы тұста бойлата түседі. Жыр шумағының өзгешелігін де, ұйқас ерекшелігін де теориялық тұрғыдан танытып кетіп отырады. 1927 жылғы “Әдебиет тарихында” жыраулық өнер жайын жан-жақты қозғағанымен, өлең жасау, жыр тудырудың көркемдік негіздерін кең ашып, тереңге тартпай қысқа қайырған М. Әуезов Махамбетке тоқталған тұста жырдың көркемдік шарттарын, дәстүрлі сипаттарын әр қырынан қамтып, түйіндеп отығанын көреміз. 1933 жылғы Махамбет жайлы зерттеуінде “Бұныкі сөз ғана емес, ұлы дүбір іс, аласапыран тартыс. Жырының бәрі тұтасқан қимыл. Қан майдан үстінде көпті екілендіре сөйлеген шабуыл, атой, ұран жыры. Ылғи сезімге соғып, қиялға шабатын қыздырма жыр”, – дейді [99, б.].
Әуелде, “Ереуіл атқа ер салмайдың” бір ғана шумақ өлең екендігін байқап, мұны жырдың дәстүрлі ерекшелігімен сабақтастыра қараған да М. Әуезов.
Қажым Жұмалиев Махамбет өлеңдері көбіне жыр ағымына келеді деп, оның себебі қазақ ауыз әдебиетіндегі батырлар жыры сияқты: Махамбеттің де суреттейтіні ерлік қимылдар, жорық, шабуыл, тартыс, халықты ерлік қимылға үндеу дейді.
Махамбетте өлең шумағы дәстүрлі төрт тармақ емес, жыр-толғаулардағыдай, жыр ағымындағы шумақтың аз жолдан да, көп жолдан да құрала беретінін, әркелкі келетінін, мәселен, “Ереуіл атқа ер салмай” өлеңінің 19 жолдан тұратын бір-ақ шумақ екенін айтады. 19 жол өлең көп бағыныңқылы сөйлемнен құралған дейді. Жыр ағымында ұйқас көбіне ерікті. Бұл Махамбет өлеңдеріне тән.
Буын жағынан қарастырғанда Махамбет өлеңдерінде үш түрлі өлең құрылысы бар дейді.
1. Он бір буынды (бір ғана өлең: “Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай”)
2. Таза жеті буынды
3. 7 мен 8 буын аралас келетін өлең түрлері.
Осы орайда Махамбет поэзиясының жыраулық поэзиямен туысатын тұсын ғалым және бір түйіндеп қояды. “Сонымен қатар, аралас буынды болып келетін өлеңдер тек жеті буын мен сегіз буынды ғана емес, кейбір жолдардың буын саны онанда гөрі басқаша. Мысалы:
Толарсақтан аз кешіп? 7
Тоқтамай тартып шығарға 8
Қас түлектен туған қатепті 9
Қара нар керек біздің бұл іске. 10
Махамбет өлеңдерінде кездесетін мұндай жолдар айтайын деген ойына сабақтас. Өлеңнің ұйқасы мен ырғағын ойға бағындырудан туған деуге болады. Әрине, бұл жаңалық емес. Онан бұрынғы тарихқа аты белгісіз, эпостық тамаша жырлар шығарып кеткен халық ақындарының өлең-жырларында мұндай жолдар кездеседі [16, 351 б.].
Жыр үлгісінің өлең құрылысындағы мұндай құбылыстың жырдың даралық сипатының, ара-тұра саны әркелкі тармақтардың кездесуі жыр жасау заңдылықтарының бірі екендігін, (Радлов айтқандай өлеңнің міні емес – Қ.М.) М. Мағауин де атап көрсеткен.
Жыраулық поэзия үлгілерімен туыстықты Қ. Жұмалиев атаған ұйқастың жөнінен және табамыз. Оның өлеңдерінде ұйқастың шұбыртпалы, кезекті, ерікті түрлері кездесетінін, әсіресе шұбыртпалы, ерікті айнымалы ұйқас түрлеріің басым екенін айтады ғалым.
Құлмат Өмірәлиев “ХV-ХІV ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі” (1976) еңбегінде Махамбет поэзиясының өзіне дейінгі дәуірдегі поэзия үлгілерімен байланысын тілдік, стильдік жөнінен нақтылы, кең қамтып қарастырады. Ақынның шығармашылық сырын ғалым қазақ поэзиясы дамуындағы елеулі заңдылықтар аясында ашу үрдісін нақтылы, стильдік талдау, орайлы, өтімді қисындаулар арқылы бекіте, толықтыра түседі.
Қ. Өмірәлиев поэзиядағы дәстүрлі қайталаулар ұғымын таратып айтады. “Қайталау деген ұғымға, біріншіден, поэзиядағы тәсіл, түр қайталануы, екіншіден, ой, пікір қайталауы, үшіншіден, сөйлемдер, жолдар қайталауы”, – деп нақтыла түседі.
Махамбет поэзиясыдағы толғау үлгілерінің “Жалған дүние”, “Аймақ көл”, “Ұл туса”, “Аспандағы бозторғай”, “Арғымақтың баласы” т.б. толғаулардың шешендік-толғау өлеңдер сияқты белгілі-бір нормалармен ғана келіп отыратындығын айта отырып, ғалым Махамбет поэзиясының дәстүрлі жыраулық поэзиямен сабақтастығын, туысып, тоғысатын тұстарын да айқындап, аша түседі.
Бұл пікірлердің, түйін-тұжырымдардың аясына қазақ жыраулар поэзиясының басты-басты көркемдік негіздері, ерекшеліктері тартылған. Зерттеуші пікірін тарата түссек, эпикалық жыр үлгілеріндегі жыр шоғырлары, үдете, дамыта сөйлеу, шешендік түйіндеулердегі дүние шарттары, батырлар бейнесін сомдау, кейіптеудегі сөз айшықтары, ұйқас, өлең үлгісі, қайталаулар (сөз, ой, үлгі – Қ.М.) дыбыс қуалаушылық, дәстүрлі қолданыстар.
Қабиболла Сыдиықов Махамбет поэзиясына Шәлгез, Асан, Сыпыра, Доспамбет, Қазтуған сияқты батыр жыраулар мұрасы – ерлік жырлардың әсері күшті болғанын қадап айтады.
Махамбеттің ақындық қуаты, сөз жоқ, бізге жеткен жыраулық поэзия үлгілерімен түгесіліп, қамтылмайтын өзгеше жырдың өрісін шарпыған зор қуат. Махамбет – жыр құдіреті. Оның алмастай асыл өлең сөзі сөз қадірін түсінген қазақ баласын қай заманда да өз тылсымына тартып, қайран қалдырумен келеді. Оның өлеңі жыраулық поэзиямен қаншалықты туыс болса, дәстүрлі арнаны бұзып-жарып жатқан өзгеше кернеу-қуатымен соншалықты бөтен, бөлек те. Ол туралы сөз өз алдына басқа сөз…
Ғалым Жұмат Тілепов Махамбеттің қазақ әдебиеті тарихындағы өлшеусіз орнын, әдебиет тарихы мәселелерін сөз еткенде Махамбет шығармаларына соқпай кету мүмкін еместігін атап айта келіп, былай дейді: “Дегенмен Махамбет мұрасы осы кезге дейін біраз қырынан зерттеліп, көп сырлары ашылғаныменен, жоғары, орта мектеп оқулықтарына жазылып, оқу проблемаларына енгенмен оның шығармаларындағы тарихилық мәселесі әзірге арнайы сөз болған емес” [35, 177 б.].
Ғалым Махамбет поэзиясындағы тарихилық мәселесіне тікелей
ХІХ ғасырда Ішкі Бөкей ордасында өткен Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы басқарған ұлт-азаттық көтеріліс кезеңдерінің тарихи негіздеріне, нақтылы фактілерге сүйене отырып, жан-жақты кең тоқталады. Өлеңдегі қайсыбір нақты сәттің өмірдегі өткен шындықпен арақатысын аша түсіп, Махамбет поэзиясының көркемдік алымына қоса, сол кезеңнің тарихы ішке бүккен көп құбылысты тірілтеді.
Сонымен бірге ғалым Махамбет поэзиясының өлеңдік қасиеті, ақынның “өмір шындығын көркем сөзге аударудағы тапқыр тәсілдерін” де тарихилық негізде, қазақ поэзиясының белгілібір кезеңдегі саналық жаңа бір сатысы есебінде айқындай түсіп отырды.
Махамбет Өтемісұлының өлеңдегі ерекшеліктері, өзгеше ақындығы жайлы махамбеттану ғылымында көп айтылды. Алайда Махамбет поэзиясы жайлы сөз жалғасын таба беретін, жаңа ұрпақтың эстетикалық талғам таразысына әр уақыт қайта түсіп отыратын өмірлі өлең жайлы үздіксіз таным.
“Ереулі атқа ер салмай” 18 тармақ бір ұйқасқа тартылып, екі тармақ бейтарап қалған өзгеше өлең есебінде М. Әуезовтің, Қ. Жұмалиевтің
З. Қабдоловтың, З. Ахметовтың, т.б. зерттеушілердің назарын аударған бөлек бір түр.
Екпінді, төкпе жыр мақамындағы үгіт, үндеу сөз. Бір қарағанда бұл өлең жаңа түр есебінде танылғанымен, біздіңше, бұл түр – дәстүрлі шешендік сөз үлгісінің көп компонентті бағыныңқы, бір басыңқымен келген күрделі түрі. Дәстүрлі, дүние шартын түгендейтін, өмір сабақтарын, қисындарын ұғындыра отырып мойындатар, шартқа, тоқтамға тірелетін нақыл сөз үлгісі. Шартты бағыныңқылы сабақтаспен жүйеленген афоризмнің ойнақшыған өлеңге айналуының бір сипаты.
Шешендік сөздегі ақындық үлгі, поэтикалық ырғақ жайлы, жыраулық поэзия, толғау, термедегі екпін, ұйқас, ырғақ, бунақ жөнінің теориялық негіздемелері жайлы аздап мағлұматтың аясында-ақ “Ереулі атқа ер салмайдың” бұл сипаты көзге ұрып тұрғанын байқауға болады.
“Беркініп садақ асынбай” өлеңі де сол үлгіде келген өлең. 13 тармақты өлеңнің 10 тармағы бір ұйқасқа тартылған да, 3 тармақ әрқайсысы бейтарап қалыпта келген.
Бұл – Махамбет өлеңінің бір үлгісі. Келесі бір үлгі – “Орай да борай қар жаусы” өлеңінің үлгісі.
Сұрай арнау түріне жатқызылып жүрген бұл өлеңдегі нақыл сөз нақышы да айқын.
Орай да борай қар жауса,
Қалыңға боран борар ма?! үлгісін “Қалыңға боран борамас” деп, дәстүрлі үлгіде де өруге болар еді. Махамбет ол түрді әдейі “бұзып”, қарсы сұрақпен келетін поэтикалық қуатқа суарып тұр өрекпіп өрге жұлқынған өжет өлеңді.
Өлең құрылысы ситуацияға орай іле-шала біліп тұрған жайды “білмей” сұрау түрінде түзілген.
Дәстүрлі үзілді-кесілді дүние жаратылыс заңдылықтарын, шарттарын Махамбет нақыл сөз айтқан ділмәр шешен миссиясында емес, ақпа-төкпе, арпалыс сөз буған ақын кейпінде, шешендіктің түп негізін енгізе отырып, үні де, жөні де бөлек жұтынып тұрған өлеңге, нағыз поэзияға айналдырудың жаңа бір үлгісін ашқан.
ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясында да, одан ілгерідегіде де “Ереуіл атқа ер салмай” мен “Орай да борай қар жаусаның” үлгісі кездеспеді. Махамбетте “Орай да борай...” үлгісінде келген өлеңдегі сұрау – жауабы белгілі сұрақ. Оны Махамбеттің басқа сұраулы мағыналы өлеңдерімен ұқсас деуге болмайды.
“Бағаналы терек жарылса,
Бақыраш жаман болар ма?!” немесе
“Туған ұлдан не пайда?” өлеңдері шешендік нақыл мәннің сұраулы сөйлемге айналуы емес, өмір заңдарына ақын атынан кесім, үкім айту.
“Орай да борай” – Махамбет өлеңге әкелген жаңа бір түр.
“Арғымақ, сені сақтадым” өлеңі де – дәстүрлі шешендік үлгіден жетілген өлең. Мұнда да дүние шарты қамтылған. Өлеңнің 1925 жылғы
Х. Досмұхамедұлы басылымы негізінде басылған “Махамбет” (Арыс, 2001) жинағындағы мәтіні Махамбет өлеңінің құрылымын Абайша жасалған етіп көрсету ниетінен тумады ма деген ой келеді. Әйтпесе,
Арғымақ,
Сені сақтадым,
Құлағың сенің серек деп.
Азамат,
Сені сақтадым,
Бір күніме керек деп... –
деп басталған өлеңнің соңғы бөлігі
Ат – жігіттің майданы,
Қылыш – жанның дәрмені,
Өлім – хақтың пәрмені...
болып жалғасады.
Ат –
Жігіттің майданы,
Қылыш –
Жанның дәрмені
деп бөлінбеген.
Ақынның жақсы мен жаман, аяр мен адал жайлы дәстүрлі тоқтамдаррды нақтылы тарихи жағдай, дәуір дүрбелеңі шындығына араластырып келтіруі және бір өзгешелік, өзіндік үні. Тапқаны. “Жабыдан туған жаман аттың шаба алмайтыны жайлы” ақиқатты ақын заманның уақиғасы, шындық жағдайымен сабақтастырады.
Қырдан қиқу төгілсе,
Еділге таман үңілсе,
Арғымақтың баласы
Шабушы еді безектеп...
Ақын нақтылы жағдайда дәстүрлі сарынды негіз ете отырып, реалистік сипат дарытқан. Сыдыртып сырт баяндау, тіршілік шартын санамалау емес, жаңдылық дарыта отырып, айқын суретті, өмірде болған шынайы құбылысты сурет жасап отырып енгізу.
Махамбетте Азамат ердің баласы мен Арғымақтың баласының сапасы көп мәрте көлденең тартылады. Тазалық пен туралықтың тұспалы, түп бейнесі кейпінде көп көрінер еді.
Бұрын-соңғыда бұлайша, жауынгердің болмысын азаматтық қасиеттермен астастыра, ұлы құрметпен, бағасын бере, қасиетін аша сөйлеу дәстүрі қазақ поэзиясында бола тұра, дәл Махамбетше келістіре сөйлеп, көтеріп айтуды кездестірмедік.
Махамбет өлеңі – толыққанды кешен, Азамат ердің баласын бар қасиетімен аша алған, азаматтық поэзияның үздік үлгісі.
“Азамат ердің баласы” дейтін тіркес – Махамбеттің азатшыл рухы мен биік азаматтық өресін, ұстанымын айқындай түсер бір оралым.
Махамбеттану – бүгінде өрісті, ауқымды ғылым аймағы. Махамбеттің ақындығы арбамаған қазақ баласы жоқ. Махамбет әр қазақтың жанында. Жаратылысында. Мәңгілікпен туысып туған Махамбет ақынның жуық жылдар ішінде 200 жылдық мерейтойы өтті. Жалаулы найза ұстап жауға шапқан батыр Махамбетпен халқы мақтанғалы қаншама жылдар жылжып жатқанымен, бұрын-соңды кең ауқымда ат шаптырып, той жасап атап өткен шара Махамбеттің пәнилік ғұмырында да, бақилығында да осы болды.
Махамбет поэзиясы алаулатып, жалаулатып той өткізіп, қадірін асырып көтермелеуге әсте зәру болған емес екені белгілі. Бірақ бұл шараның бір керегі, бір кереметі – ендігі ұрпаққа Махамбет мұрасын аманат ету болғандай. Махамбеттану өрісі осы тұста кейінгінің, қазақ әдебиеттану ғылымының келелі көшінің жүгін көтеріп келе жатқан буының танымымен толыға түсті.
Махамбеттің ақындық алымы, ақынның бұрын көп айтылмаған шеберлік жөндері асқақ өлеңінің алабөтен рухы, ата-тек, өскен ортасы, хан Жәңгірмен арақатысы, аумалы-төкпелі заманалардағы қилы тағдыры тағы бір мәрте ұрпақ зердесінен өтті. Бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымы, ілгері озған ғылым, өткеннің көп құндылығын құнттап игілігін көру мүмкіндігіне де ие болып отыр. Ілгері дамыту, ғылыми негіздемелердің көкжиегін кеңейтуге білім, білік жөнінен де жетіліп отыр.
Академик Зейнолла Қабдолов Махамбеттің ЮНЕСКО деңгейінде аталып өткен 200 жылдығы қарсаңында “Елдік пен ерліктің өшпес рухы” атты заманалар тоғысындағы ой толғансында былай деп жазды:
“Әрине, асқар таудың асу-асу белдері біреу емес, бірнешеу болатыны секілді, қазақтың жыршы-жыраулық өнерінің де төбесін тіреген қадау-қадау діңгектері бірқыдыру бар. Асан Қайғы мен Қазтуған, Доспамбет пен Шәлгез, Жиембет пен Марғасқа, Ақтамберді мен Тәтіқара, Үмбетей мен Бұқар… Осылардың әрқайсысы заңғардың әр биігіне ұқсас, Махамбет бар биіктің ішіндегі Қыранқия тәрізді қиырдан мұнартады” [101].
Сол қиырдан мұнартқан Қыранқияға бүгінгі таным әр қырынан көз салды сол мерекелік жылда. Махамбеттанудың сонау Халелдердің заманынан бері тартқан ұзынарқау ұзақ желісі тағы да өрісін ұзартты. Ақын мұрасы, көтеріліс жайы, махамбеттану мәселелері әр қырынан қарастырылды. Бұл тұста Махамбет әлемінің шексіздігі және бір айғақталды.
Үздіксіз қозғалып келе жатқан Махамбет ақындығы жайлы үзілмеген әңгіме күрделене түскенін, құнарлана түскенін тағы көрсетті.
Тілші ғалым Сабыр Мұраттың “Махамбет поэзиясы тілінің орта ғасыр жазба ескерткіштеріне қатысы” мақаласында сөз болған жайлар Махамбеттің ақындық әлеміне бүгінгі мүмкіндік, бүгінгі таныммен үңілудің бір көрінісі. Мұнда бұрын Махамбет шығармашылығының қозғалмаған қыры қарастырылады.
“Сондықтан Махамбеттің араб әрпіне негізделген орта ғасырлық жазба әдеби мұралармен таныс болуы әбден мүмкін.
…Орта ғасырдағы ғұламалар араб, парсы тілдерін жетік білген және өз дәуірінің жазба дәстүрі бойынша шығармаларында араб, парсы сөздерін қолданып отырған. Мұндай дәстүр Махамбет поэзиясы тілінде де аңғарылады.
Мысалы,
Қарны жуан билердің
Атандай даусын ақыртып,
Лауазымын көкке шақыртып,
Басын кессем деп едім.
Осы шумақтардағы лауазым сөзі қазіргі күн тұрғысынан түсініксіз. Ескерткіштер тіліне үңілсек лавазим талап қылу, сұрау мағынасында қолданылады. Лауазым сөзін “жалынып, жанына сауға сұру” мағынасында қолданған болуы керек”.
Ғалым Махамбет поэзиясы тілі ортағасырлық қыпшақ-оғыз тілінде жазылған жазба мұрағаттармен тығыз сабақтас, ақын тілін ХІV ғасырдағы көне қыпшақ тілінің жаңа, ұлттық, сипат алған жалғасы деп таныған жөн дейді.
Шығыстанушы ғалым Өтеген Күмісбаев былай дейді: “Махамбетті соншалықты мықты айтқыштыққа, суырып салушылыққа, айтулы ақындыққа жеткізген мектептің әлі есігі ашылған жоқ” [100, 263 б.].
Тілші ғалым Бағдан Момынованың “Ауызша әдеби тіл және Махамбет мұралары” Махамбет поэзиясы тілін қарастыруда бұрын арнайы сөз болмаған қисындарға бастайды.
Б. Момынова Махамбет өлеңдерінің лингво-текстологиясы туралы жазылған Ғ. Әнестің ғылыми кандидаттық диссертациясының қазақ лингвистикасындағы ақын шығармашылығын тілдік тұрғыдан талдаған алғашқы толыққанды еңбек екендігін атап айту арқылы Махамбетті тілдік тұрғыдан зерттеудің көкейтесті мәселелерін қозғайды: “Махамбетке ғана тән, оның стилін айшықтайтындай тілдік қолданыстар жаңа ғана айтылып кеткен ойымызды жалғастыруға мүмкіндік береді. Тілші ғалымдар Махамбет тілінің ерекшелігі дегенде көбіне лексикалық ерекшеліктерді, көркемдеуіш тәсілдерді атауға тырысады. Бірақ, біздің ойымызша, Махамбет өлеңдеріне нұсқап тұрған басты айшықты тілдік элементтер іс-әрекет, қимылды білдіретін қолданыстардан көбірек байқалады дер едік. Айталық, қырдан қиқу төгілу, темір қазық жастану, қу толағай бастану, Жайықты тіземен бұзып өту, т.б. [100, 308 б.]”.
Б. Момынова Махамбет және ауызша әдеби тіл мәселесін қарастыруында қазақ тілтану, әдебиеттану ғылымдарының бүгінгі шын мәніндегі ғылыми алымының деңгейін көрсеткен пікірлер түйген, пайымдаулар жасаған көркемдік-теориялық негіздемелерді ұсынады. Махамбет ақындығының асу бермес арынын ала алмай жүрген себептеріміздің қисындарын орынды барлайды.
Ғалымның “Ал Махамбетті ақындық мектептің негізін қалаушы деген мәртебеге ие еткен – Махамбеттің тіліндегі өзіне ғана тән стильдік қолданыстары. Дәл осы стильдік ерекшелік оны ауызша әдеби тілдің өкілі санауға мүмкіндік беріп тұр. Ол қолданыстар туралы Қ. Жұмалиев,
Е. Жанпейісов, Р. Сыздықова, Қ. Өмірәлиев, Ж. Тілепов, т.б. әдебиетші ғалымдар мен тілшілер еңбектерінде айтылған”, – деген ойына орай бір пікір.
Тек қана тіл өзгешелігі деген пікірдің қисыны бола тұра, ақындық мектептің негізін қалаушы болып танылуындағы өлеңдік құрылым, т.б. ерекшеліктерін ескермеуге болмайды.
Осы арада Б. Момынова өзі жүгініп отырған М. Әуезов пікіріне қайшы пікірде болғандай көрінеді. Бірақ, түйін біржақты емес, жан-жақты. “Сөйтіп, ауызша тараған қазақ әдеби тілі деген терминнің дүниеге келуіне жыраулар поэзиясынан бойын тартып, жазба поэзияның белгілерін орнықтырған
ХІХ ғасырдың І жартысындағы Дулат, Махамбет сынды тұлғалар бастаған ақындар мектебінің өкілдері, олардың ұрпаққа қалдырған бай мұралары қатты ықпал еткен деп түйіндейміз” [100, 309 б.].
Махамбет шығармаларының басылымы, жиналуы текстологиялық мәселелері сияқты махамбеттанудың және бір мәнді арналарының бастауында, барысында тұрған зерттеушілердің еңбегі де махамбеттанудың елеулі бір өзегі.
Ең әуелде Халел Досмұхамедұлы Махамбет шығармаларының кейінгіге жету, басылым жөнінен мәлімет берді.
Қажым Жұмалиев Махамбет өлеңдерінің жиналуы және басылуы жайлы аса мол дерек, мәлімет береді. Махамбет өлеңдерін жинады. Махамбет өлеңінің таралым аумағы, оны жеткізушілер жайлы айтты. Сол негізде қазақ әдебиетіндегі Махамбет дәстүрі мәселесін алғаш арнайы қозғады.
Шернияз, Қуан, кішкене Қобыланды, Қубала, Мұқан, Мұрат, Ыбырай ақындар Махамбет өлеңін жатқа біліп, кейінгіге жеткізуші Қ. Жұмалиев бұл ақындардың Махамбет өлеңін жатқа біліп қана қоймағанын, оған еліктегенін айтады. Кейінгі ақындардың шығармаларына Махамбет үлкен әсер еткен. 1868 жылы өлген Кішкене Қобыланды ақынның “Шектімен айтысы” дейтін бір өлеңі бар. Бұл өлең құрылыс жағынан да, образды пайдалану әдісі жөнінен де Махамбет өлеңдеріне қатты ұқсас. Ал Махамбеттің Мұрат ақынға тигізген әсерін алсақ өзгешелеу, үйткені бұл екеуінің әлеуметтік мәні, дүниеге көзқарасы екі түрлі болды. Феодальдық ру қоғамын өте дәріптеген Мұратқа Махамбеттің төңкерісшіл өлеңдері кейбір түр жағынан ғана ықпалын тигізген. Оның “Шалгезі” мен “Үш Қиян” деген өлеңдері Махамбетке түр жағынан еліктеумен шығарылған өлеңдер. Ығылман Шөрекұлының “Исатай, Махамбет” деген үлкен поэмасы да осы Махамбет өлеңдерінің күшті ықпалымен жазылған. Махамбет поэзиясының әсерін біздің жас ақындарымыздың өлеңдерінен де табуға болады” [16, 361 б.].
1938 жылы Қ. Жұмалиев Махамбеттің туған жері мен өмір сүрген аймағын, көтеріліс болған жерлерді екі айдай аралап, материал жинайды. Махамбет өлеңдерін бастан-аяқ жатқа білетін көп адам барын білді. Біразымен жолығып, 3-4-інің аузынан Махамбеттің бұрын белгісіз біраз өлеңдерін жазып алады.
Олар Қ. Жұмалиевтің өз айтуында “Әй, Махамбет, жолдасым”, “Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай”, “Исатай деген ағам бар”, “Арқанын қызыл изені”, “Мен қарақұстан туған құмаймын”, “Белгілі туған ер едім”, “Арғымақ, сені сақтадым”, “Арғымақтың баласы”, “Қарағай шаптым шандоздап”, “Адыра қалған Нарынның”, “Еңселігім екі елі”, “Атадан туған ардақты ер” – не бары төрт жүз жол өлең.
Қ. Жұмалиев Махамбет өлеңдерін жатқа білушілердің ішінен Бекқазы мен Қайролла Төлеевтің айтуындағы шығармалар олардың жас кезінде жаттағаны екенін, олардың айтқанын кейінгі басылып шыққандармен салыстырудың нәтижесі елеулі болғанын айрықша ескеріп, елеулі нәрсе деп бағалайды.
“Бұл айтушылардан Махамбет өлеңдерін жазғанымызда 1925 жылғы баспасы қолымызда болды. Жыршыларға айқызып, өзіміз кітаптан қарап отырдық. Таң қалаларлық нәрсе 17 жасынан, немесе, 19 жасынан бері білетін (басылмастан талай жыл бұрын) айтушылар мен басылып шыққан өлеңдердің арасында айырма мүлде жоқтың қасы. Мұрат, Ығылмандардың айтуларынан түсіп қалған, сондықтан баспасына еңбеген бірен-саран жол, бірлі-жарым шумақтар болмаса, түгелдей баспасындағымен дәл келеді. Бұл жөнінде ең алдымен Мұрат пен Ығылманға үлкен алғыс айтқандайсың” [16, 363 б.].
Махамбеттің жаңадан табылған өлеңдері жөнін айтуында Қ.Жұмалиев олардың ақынның стиль, өлең құрылысы, сөз қолданыс, образ жасау әдіс-тәсіліне тән екенін айтып айғақтайды. Мұнда да Махамбет поэзиясының теориялық негіздемесіне сүйенеді.
“Ақынның жаңадан табылып отырған өлеңдері оның бұрынғы өлеңдерімен жанр жағынан да үндес. Біз жоғарыда, Махамбет поэзиясына тән жанр саяси, үгіттік лирика дедік. Бұл жағынан да бірін екіншісінен айырып болмайды. Әсіресе, сөз қолданыс, сөйлем құрылыс жақтары дәлме-дәл” [16, 364 б.].
Қ. Жұмалиев Махамбеттің жаңадан табылған өлеңдерін бұрынғы өлеңдерінің сөз образдарын жасаудағы өзіндік әдіс-тәсіл, өзіндік ерекшелігімен айғақтайды. Бұл тұста да ғалым Махамбет поэзиясының түрі мен тегін ғана ашып қойған жоқ. Жалпы қазақ өлеңінің жаратылысынан туған теориялық негіздемелер де жасады.
Махамбет өлеңдерінің басылымдары жөнінен, ақын шығармаларының текстологиясы жөнінен әдебиеттанушы ғалым Қайым Мұқаметқанов мәнді сөз көтерді.
1925 жыл мен 1979 жылдар арасында Махамбет өлеңдері жеке жинақ кітап ретінде 8 рет басылып шықты. Қайым Мұқаметқанов сол жинақтардағы өлеңдердің басылу тіртібі, жеке сөз, өлең жолдары әртүрлі, қым-қиғаш қайшылықта берілген тұстар барын қынжыла айтып, ақынның кейбір асыл сөздері бұрмаланып мән-мағынасынан айрылғанын айтты.
Кейбір сөз тіркесі, сөз төркініне берілген түсініктер мүлдем дұрыс емес дейді.
1925 жылғы басылымдағы өлең мәтіндерін “Шайыр” жинағына енген (1910), сонан кейінгі басылымдардағы Махамбет өлеңдерінің мәтіндерімен мұқият салыстыра қарау бір шығарманың өзіндік бірнеше айырмашылықпен басылып келгенін көрсетеді.
Махамбет шығармаларының басылым, текстологиялық жақтан зерттелу жөнінде ғалым Қабиболла Сыдиықовтың, Берқайыр Аманшиннің, кейінгі кезеңде Махамбет поэзиясын, махамбеттануды тереңдеп, жүйелеуде қыруар іс тындырып жүрген Ғарифолла Әнестің еңбектері елеулі.
Жалпы махамбеттану іргелі зерттеулердің барлығында да текстология мәселесі назарда болып отырған.
Кейінгі кезеңдегі Махамбеттің өмірі, қилы, қиын тағдыры жайлы, көтеріліс тарихына, Ішкі Бөкей ордасының тарихына Махамбет пен хан Жәңгір арасындағы кейінгіге беймәлім жағдаяттарға, Махамбеттің ата-тегін байланысты зерттеулерге құрылған, көркемдік-танымдық мәндегі
Х. Сүйіншәлиев, Ә. Кекілбай, Ә. Сарай, М. Тәжімұрат, М. Құлкенов,
Р. Отарбай, Ж. Жетіруов т.б. еңбектерінің де махамбеттанудың қазіргі алымында өз орны бар.
Махамбеттану бүгінде Махамбет ақындығының алуан сапасын жан-жақты зерттеп, зерделеген ғылым. Мұнда Махамбеттің өлең жасау тәсілдері қазақтың байырғы көркемдік әдістерімен сабақтастықта айындалды. Ортағасырлық жазба ескерткіштер үлгілерімен тілдік, құрылымдық жақтан салыстыра қараудың мәселелері қойылды.
Махамбет поэзиясының тілі, оның қазақтың ауызша әдеби тілін қалыптастырудағы, жазба әдебиет тілін жасаудағы ықпалы, орны жайлы сөз өрістеді.
Махамбеттің сөз айшықтау тәсілдеріндегі дәстүрлі ерекшеліктерге қоса өзіндік жаңа үлгілері, қазақ сөзінің мағыналық жақтан баю, толысу мүмкіндіктеріне қосқан үлесі айғақталды.
Махамбеттің ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетін, жалпы қазақ поэзиясын жанрлық жақтан байытуы ашылды.
Дара ақындық стиль жасаудағы шеберлік алымдары айқындалды. Арғы-бергідегі іргелі ірі зерттеулердің, шағын-талпыныс танымдардың барлығы да Махамбет ақындығының арнасын кеңітті. Махамбеттанудың ендігі міндеттерін бағдарлауға негіз салды.
Қазақ әдебиеттану ғылымының аса бір құнарлы, олжалы, табысты негізі болып отырған махамбеттанудың ендігі өрісінің алды да айқын, ашық. Қай бағытта сөз қозғасаң да Махамбеттің ақындық әлемі түгін тартсаң майы шығатын құнарлы алқап. Соның ішінде күні бүгінге шейін махамбеттануда кем қалып отырған, кенжелеп қалған Махамбеттің ақындық дәстүрі мәселесі тұр. Махамбет шығармаларының барлық басылымын түгендеп отырып, құрылым жақтан жүйелеу де жалғасын таба берер шаруа.
Махамбет поэзиясының тілі де сан салада зерттеле түсуге зәру. Лексикалық құрам, қайсыбір көне атаулардың этимологиясы, жекеленген сөздің белгілі бір толғаудағы нақтылы қолданыс мәнін ашу, ақынның сөз құбылту үстінде тілімізге өзі әкелген жаңа мағыналық реңк, немесе Махамбеттің сөз жасамы, Махамбет поэзиясы тілінің грамматикалық табиғаты т.б.
Махамбеттің ақындық өнеге мектебінің, Махамбет ақындығының айналасын ашуда бізге әзірге беймәлім бағыттарға барлау қазіргі махамбеттануға енген үрдіс. Осыны жалғау, ғылыми негіздеу ақын поэзиясының “ішін алдырмай” келе жатқан жұмбағын айқындай түспек, біршама сыр суыртпақтауға мүмкіндік туғызбақ.
Махамбеттің тілінде сол заманның өзінде көнерген, пассив лексикаға айналған сөздердің молдығын Рәбиға Сыздықова атап айтады. Бұл тұстағы ендігі зерттеулер де махамбеттанудың өрісін ұзартар бір шара болмақ.
Махамбет поэзиясының этнолингвистикасын арнайы зерттеу де қозғалған шаруа. Бұл тұста біз Махамбет жасаған тарихи-әлеуметтік ортаның жаратылыс қалпын, тұрмыс-тіршілігін айқындай түсуге, сол арқылы ХІХ ғасырдың белгілі бір кезеңін жақыннан тануға мүмкіндік аламыз.
Махамбеттің өлең құпиясы, оның қазақ өлеңін алабөтен түлетіп, жұтындырып шығарған шығармашылық қуаты, уақыт, заманалар көшінде құнын түсірмейтін ұлы поэзиясы жайлы сөз, ой тасқыны Махамбеттің тыншымайтын, тоқтамайтын ақындық галактикасымен, қазақ халқының құдіреттен дарыған ғажайып сөз өнерімен тұтасып, кірігіп кеткен сарқылмайтын ағым.
Достарыңызбен бөлісу: |