Ж.Бөдештің «Жалғыз» поэмасын талдау
Поэма — эпостық жанрдың бір түрі; белгілі бір оқиғаны, адам тағдырын, заман шындығын эпикалық не лирикалық үлгідегі өлеңмен сипаттайтын көлемді поэтикалық шығарма.
Поэма көбіне сюжетке құрылып, кейіпкерлердің қарым-қатынасын, тартыс-таласын, күйініш-сүйініш, мінез-құлық, іс-әрекеттерін суреттейді. Поэма барлық халықтың әдебиетінде кездесетін көне жанр
«Жалғыз» поэмасы – жалғыздық концепциясының шыңы. Жалпы, адам жанының жалқы, шын мәнінде әр пенденің жалғыз екенін, ешкімнің қайталанбайтын жаратылыс екенін айқындай түседі. Өз замандастарына қойылған ескерткіш сияқты. Туған даласының әр аймағын, әр тасын, замандасының әрқайсысын жалғыз деу арқылы, олардың Жәркен үшін аса қымбат екенін көрсетеді. Өзін жалғыздау арқылы өз болмысын терең тани түседі. Жалғыз адам қашанда ой үстінде болады. Еркіндікке құлаш ұрады. «Жалғыздықты сүймеген адам еркіндікті де сүймейді» (Шопенгауэр). Мүмкін ақынды айналасындағылар шын түсінбегеннен жалғыз.
Жалпы, жалғыздықты кез келген шығармашылық иесі сезінеді. Білетіндердің сөзіне сенсек, адам санасы белгілі бір деңгейге өскенде өзін жалғыз сезіне бастайды. Сол жалғыздықтан қиналғанымен, рухы тынышталады. Баяғы замандағы ғұламалардың елден оқшауланып, бөлек ғұмыр кешулері де сондықтан болса керек.
Бұл поэма қазақы тәмсілмен басталады. «Ғұлама таулардың тұрғыны арқар, құлжаны кәнігі аңшылар күзде, тек қана күзде аулайды. …Қуатты, қоңды шіркіндер мергеннің қақ жүректен көздеп атқан тосын оғы дөп тигенде былайғы аңдар сияқты бірден құлап түсіп, жантәсілім етпейтін көрінеді. …қорғасын оқтың уы денесіне жайылғанша, сағаттап, тәуліктеп жылжымай қарысып тұра береді екен. Мұны аңшылар қауымы «оққа сүйенген жалғыз арқардай» деген тәмсіл арқылы еске алады».
Жәркеннің де жүрегінің сау-тамтығы жоқ. Өмірдегі болмысына қарап, ешкіммен бармақ басты, көз қыстыға бармаған, біреудің ала жібін аттамаған кісі екен деп ойлайсың. Әңгімесін тыңдағанда өзін Жәркен ақын ретінде алып шығатынына сенетін жалғыз серігі жыры екенін түсінесің. Мына қоғамда сенері де, сүйенері де өлеңі. Жалғыз жырға сүйенген шайыр Жәркен деп ойлайсың. Ойлайсың да, жалғыздығының шыңы поэма болғанда, түйіні мына өлең екен дейсің:
Поэма кіріспеден 6-бөлімнен тұратын сюжетсіз лирикалық туынды. Себебі, мұнда шығарманың дамуы, байланысуы, шарықтау шегі, кейіпкерлермен тартысы сияқты сюжеттік кезеңдері жоқ. Поэмада ақын “оққа сүйенген жалғыз арқардай” деген тәмсілді негізге ала отырып, жалғыз деген сөзге назар аударады.(Тәмсіл-халық даналығына қатысты ұғым-түсініктерді білдіретін атаулар. Тәмсіл-өсиет, астарлы әңгіме)
Ж.Бөдешұлы “Жалғыз” поэмасын жазуға не себеп болды деген сұраққа жауап беретін болсақ. Оныншы сыныпты бітіргеннен кейін, Үрімжідегі Шыңжаң университетінің әдебиет факультетіне 1962 жылы түседі. Оқып жүрген кезде он жылға созылған мәдениет төңкерісінің ұшқыны басталып кетеді де [1966-1976 ж.ж.], оқуы аяқсыз қалды. Сол кезде Қытай өкіметінің, оқыған жастарды ұстап, түрмеге жабу оқиғасы етек алып, Жәркеннің соңынан да шырақ алып түсу басталады. Әлімғазы Дәулетханұлы мен Айтан Түсіпханұлы деген достарына ілесіп, Жабақ деген кісінің бастауымен 1969 жылы сол кездегі Кеңес одағының құрамындағы Қазақстанға қашып өтеді.
-Қашқын қазақ бара жатыр жаяулап,
Жанарынан жасы ағып, қор балады-деп келе жатқан қашқын адамның алдынан бейтаныс адамдар, бейтаныс орта күтіп тұрған еді. Содан, ақынның басына жалғыздық орнаған еді. Философиялық пайымға құрылған Бөдеш жырларындағы «Жалғыздық» тақырыбы «Өліп, тірілуден», «Тозақтан-жұмаққа» поэмасында қозғалып, «Жалғыз» атты философиялық поэмасына ұласты.
Достарыңызбен бөлісу: |