Мазмұндамалар жинағЫ Құрастырған: Исмадиярова Гүлшахар Бердиярқызы Алматы 2012



жүктеу 0,82 Mb.
бет1/4
Дата07.02.2018
өлшемі0,82 Mb.
#8948
түріМазмұндама
  1   2   3   4

9-СЫНЫПТАРҒА АРНАЛҒАН

МАЗМҰНДАМАЛАР ЖИНАҒЫ

Құрастырған: Исмадиярова Гүлшахар Бердиярқызы

Алматы 2012

Пікір білдірген: Оспанова Шарипа Қаныбекқызы – Мақтарал аудандық білім

бөлімінің әдіскері

Құрастырған: Исмадиярова Гүлшахар Бердиярқызы – «Үлгілі»

жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі

Аязхан Қалыбеков а/ә Мақтарал ауданы Оңтүстік Қазақстан облысы



ISBN 9965 – 19 – 251 – 6

Жинақта 5–9-сыныптардың әрқайсысына 6 –10 мәтіннен мазмұндама жинағы қамтылған. Алынған мәтіндер оқушының ой өрісін, зейін қабілетін жетілдіруге негіз болатын, сауаттылығын арттыру жұмыстарына көмегі тиетіндей деңгейде құрастырылған.



ISBN 9965 – 19 – 251 – 6

КІРІСПЕ

Мазмұндама және шығарма жұмыстарының көлемі мен бағалау өлшемдері

Мазмұндама – оқушының өз ана тілі мен әдебиетінен алған білімін тексерудің негізгі нысандарының бірі. Мазмұндама арқылы баланың өз ойын жүйелі баяндай білу қабілеті мен тіл байлығы, сауаттылық деңгейі айқын көрінеді.

Мазмұндама мәтіннің көлемі төмендегідей болады:

5-сынып – 100 – 150 сөз; 6-сынып – 150 – 200 сөз; 7-сынып – 200 – 250 сөз;

8-сынып – 250 – 300 сөз; 9- сынып – 300 – 350 сөз; 10-сынып – 350 – 400 сөз;

11- сынып – 400 – 450 сөз.

Мазмұндаманы бағалауда оқушы жұмысының мәтін мазмұны мен негізгі ойға сәйкестігі, тақырыптың толық ашылуы, баяндау жүйесі ескеріліп, сөздік қорының деңгейіне, сөйлем құрылысына, мәтіннің стильдік біртектілігіне, тіл шеберлігіне назар аударылады.

Мазмұндама мен шығармаға екі баға: біріншісі жұмыстың мазмұны мен көркемдік сапасы, тіл шұрайлығы үшін, ал екіншісі грамматикалық сауаттылығы үшін қойылады.

Мазмұндама – дайын мәтін немесе оның үзіндісі бойынша жүргізілетін жұмыс түрі. Мазмұндама жаздыруға арналған мәтін ең алдымен сыныпта мәнерлеп оқылады (мұғалімнің оқып бергені жөн). Одан кейін мазмұны баяндалып, ондағы мағынасы белгісіз сөздер түсіндіріледі. Жоспар жасауға оқушылар әбден төселгенше ұстаздың көмегімен оқушылар ұжымы түзейді. Кейіннен әрбір оқушының жеке-жеке жоспар құруы талап етіледі.

Мәтін мазмұнын айтып бергенде, оқушылар мұғалімнің баяндағанын қайталап қоймай, мәтін мазмұнын өз бетінше меңгеріп, өз сөздерімен құрастыруы талап етіледі. Атап айтқанда, оқушы жазған мазмұндама мәтініне мынадай талап қойылуға тиіс.

оқушының өз ойы болуы;

өз жанынан қосымша оқиға қосуы;

өздігінен қортынды жасау;

мәтін формасын өзгерте мазмұндау, яғни І жақ, осы шақ формасын

дағы мәтінді ІІІ жақ, өткен шақ формасында немесе керісінше

мазмұндау;

қысқарта мазмұндау, яғни берілген мәтіннің тек түйінді, негізгі

мәселелерін ғана мазмұндау, қажетсіз деп табылған детальдарды

қысқарту;

кеңейте мазмұндау, яғни мәтін мазмұнына аса қажетті материалдарды ойдан қосу;

мәтін мазмұнына байланысты цитата және эфиграф келтіре отырып

мазмұндау;

берілген мәтін мазмұнына лайықты ой қорытындысын жасау.

Мұғалім мазмұндамаға лайықты мәтінді, баяндалатын оқиғаның ауыр-жеңілдігін оқушының жас ерекшеліктеріне лайықты таңдауы тиіс.

Таңдалған материалдар бала танымына жақын, етене таныс, күнделікті қарым-қатынас жасап отырған ортаға байланысты таңдалады. Мазмұндама мәтіндері қызғылықты, қоршаған орта мен табиғатты терең тануға ықпал ететін, дүние танымын кеңейтетін, ұлттық рухты көтеретін, батырлыққа, ерлікке жетелейтін, баяндалатын іс-әрекет пен оқиғалар сабақтаса байланысқан, бірін-бірі толықтыратын болып келу жағы қарастырылады. Мазмұндама тақырыбы жыл мезгілдерінің кезеңіне сай болғаны мақұл. (Күзге арналған мазмұндаманы күзде жаздыру).

Мазмұндама жаздыру барысында мына төмендегі материалдарды пайдалануға болады:

1) жыл мезгілдері және олардың бір-бірінен өзгешеліктері, ерекшеліктері;

2) оқушылардың өз бастарынан кешкендері;

3) оқыған кітаптары, естіген әңгімелері, көрген кинофильмдері;

4) қоршаған орта мен табиғатты бақылаудан алған әсерлері мен ой-пікірлері;

5) балалардың еңбек әрекеттері, ойындары;

6) отбасы, ауылы, туған өлкесі;

7) үй жануарлары және олардың қасиеттері;

8) жабайы аңдар және құстар;

9) түрлі кәсіп жайында;

10) туған елдің тарихы, ұлы ойшылдары мен ақын-жазушылары, билері мен батырлары т.б.

Мазмұндама тақырыптары сынып өскен сайын қайталануы мүмкін. Мәселен, «Күз», «Қыс», «Көктем» және т.б. тақырыптар сөз жоқ, әр сыныпты шәкірттің жас ерекшеліктеріне,біліміне, іс-тәжірибесіне байланысты бұл тақырыптар күрделене түседі. 5-cыныпта көктемнің өзіне тән санаулы белгілері жайында жазылса, 6-сыныпта оған тән қасиеттер тереңдей түспек.



Алғы сөз

5–9- сыныптарға арналған бұл мазмұндама жинағына тек қана жергілікті жазушы, өз өңіріміздің тума таланты Нұрғали Әмірбекұлы Қадырбаевтың шығармалары енгізілген.

Жазушы Нұрғали Әмірбекұлы Қадырбаев 1950 жылы 1 қаңтарда Мақтарал ауданы қазіргі Еңбекші ауыл округіндегі «Нұрлы таң» ауылында туылған.

1966 жылы Абай атындағы орта мектепті бітірген.

1970 жылы Сырдария мемлекеттік институтының қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін үздік дипломмен бітірген.

1970 – 1977жылдары Абай атындағы орта мектепте оқытушы, тәрбие істері бойынша мектеп директорының орынбасары қызметін атқарған.

1981 жылы Абай атындағы мектепте директор, 1981 – 1991 жылдары аудандық «Мақтарал» газетінде редактордың орынбасары болып жұмыс атқарған.

1991 – 1992 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық телерадио компаниясында редактор.

1992 – 2002 жылдары Мақтарал ауданы әкімдігінде тіл бөлімінің бастығы қызметінде болған.

2002 жылдан қазірге дейін «Сырдария» университетінде «Филология» факультетінің деканы, тәрбие істері бойынша проректор. «Сырдария» университетінің профессоры.

Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі.

Жиырмаға жуық кітаптары шыққан. Атап айтқанда, «Алыстап кеткен жұлдыздар», «Мырзашөл жазы», «Қылмыспен бетпе-бет», «Кафеде», «Ауған жақта күн ыстық», «Тау бөктерінде», «Өмір белестері», «Гүлназ», «Үйлену де бір бақыт», «Шығыстың Сұлтанбегі», «Дауыл соққан ауыл», «Қарабура әулиемен қауышу», «Әке», «Қоянның құлағы неге ұзын?» және тағы басқа да прозалық кітаптардың авторы.

Әңгімелері балқар, орыс, өзбек тілдеріне аударылған. Әңгімелері, ертегілері мектеп оқушыларына арналған диктанттар, мазмұндамалар жинақтарына енген. «Шетел әдебиеті» хрестоматиялық оқулығының авторы.

Халықаралық С.Қожанов атындағы қордың, Б.Баязитов атындағы әдеби жүлденің иегері. Республикалық Т.Рысқұлов атындағы әдеби байқаудың, Республикалық «Қысқа әңгімелер» байқауының жеңімпазы.

Халықаралық «Көне әлем» академиясының лауреаты, Құрметті докторы, Ы.Алтынсарин белгісінің иегері.

2002 жылдың «Ең үздік жазушысы» номинациясының иегері. Мақтарал ауданының Құрметті азаматы. Республиканың бір топ зиялы қауым өкілдерімен біргелікте Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қабылдауында болған. Өзінің төлтума еңбектерін балалар әдебиетіне арнаған жазушымыздың әңгімелері оқушы қауымның назарын қызықтырары сөзсіз.



5-сынып

САРЫ САМАУРЫННЫҢ ШАЙЫ

Ерлан атасымен шөп жинауға жиналды.

– Сары самаурынды ұмытпа, балам, – деді атасы.

– Шәйнекті, пиалаларды да алдым, ата, – деді Ерлан.

Ерлан қоңыр тайдың үстіне мінген. Атасы ат үстінде. Оның қолында айыр. Тайдың екі қапталының бірінде – сары мыс самаурын. Екіншісінде – аузы бекітілген бактың ішінде Жиделі өзенінің мөлдір суы.

Жиде қалың өскендіктен, өзен аты – Жиделі атанған. Бұл өзеннің ауыл бойын қуалай аққанына талай жылдар өткен. Өзен жағасының арғы шетінде қалың шөп өседі. Атасы екеуі мал азығы үшін өткен аптада ат шаптырымдай жердің шөбін орды. Атасы шалғымен, Ерлан қол орақпен-ақ едәуір іс тындырыпты.

Енді, мінеки, кепкен шөпті Ерлан мен атасы шөмелеуге кірісті. Күн түске таянды. Ауа ыси бастады.

– Ерлан, самаурынды қайната ғой, – деп дауыстады атасы тер жуған бетін

сүртіп.

– Мақұл, ата, – десе де, Ерлан кепкен шөпті үйе түсті. Өзі үйген шөмелені

қатты нығыздап болған соң, самаурынға су құя бастады.Сіріңкені жағып, құрғақ отынды тұтатты. Сәлден соң, сары самаурын ішіндегі су ысылдай бастады. Үсті- үстіне жағылған оттың қызуынан лезде-ақ су қайнады. (154 сөз)

Мазмұндау жоспары:

Ерлан мен атасы

Шөп жинауға жиналу

Жиделі өзені

Қызу еңбек

Сары самаурынның шайы

Тірек сөздер: шәйнек, пиала, шөмелеу.



ҚОШ БОЛ, БАЛАБАҚША

– Балдырған кезіме серік болған, балабақшам, қош бол! – деді Нұрлан

Балабақша қақпасын жайлап жауып.

Бүгін балабақшамен, өз тобындағы балалармен бірге Нұрлан қоштасты. Алма, Гүлнәр, Ерік, Диана, Сәбит, Мақсат бәрі-бәрі де ендігіде мектепте оқымақ. Алма ауылда қалатын болды. Диана аудан орталығына көшеді екен. Ерік те үлкен қалаға кетіпті. Нұрланның әкесі әскери. Облыс орталығындағы әскери бөлімде қызмет етеді. Анасы сол жерде – дәрігер. Өзі ауылдағы атасы мен әжесінің қолында. Ауыл деген аты ғана. Әйтпесе, жолдарына асфальт төселген. Мәдениет үйі бар. Үлкен екі қабатты мектебінде оқушылар екі ауысымда оқиды. Түрлі пән үйірмелері жұмыс жасайды. Нұрлан спортты жақсы көреді. Таэквондомен шұғылдансам деп армандайды. Келешекте қай жерде оқитындығы әзірше белгісіз.

Бірақ өзі тай-құлындай ойнап өскен балабақшаны қимай кетіп барады. Нұрлан өзінің бөлмесіндегі терезелерге көз салды. Ойын алаңшасындағы темір әткеншектерге назар аударды. Әткеншектер тербелмей, қимылдамаған қалыпта. Балабақшадан қаншама ұзағанымен, оған деген ыстық сағынышының лебі көңілінен бір елі кетпей қойды. (147 сөз)

Мазмұндау жоспары:

Нұрланның балалармен қоштасуы

Қоштасудың себебі

Қимастық

Ыстық сезім

Тірек сөздер: асфальт, таэквондо, тай-құлындай.

СЫНЫПТАСТАР

Досхан, Сапар, Алданбек, Сәкен және Дүйсехан бір сыныпта оқиды.

Дүйсехан каратэге қатысады. Әжептәуір спортшы. Аудандық, облыстық,

республикалық жарыстарға қатысып жүр. Қазірше бірінші орынға республикада

қол жеткізген жоқ. Үшінші орынға табан тіреді.

– Әттең, сол қолымды ауыртып алдым. Әйтпесе, бірінші орынды жеңіп алар

ем, – деп Дүйсехан өкіне сөйледі.

– Жарысқа қатысудың өзі үлкен жеңістік, – деді Алданбек үлкендерше ой

айтып.

– Алғашқыда үшінші орын алсаң, келесіде екінші, бірінші орынды сөзсіз



аласың, Дүйсехан, – деді Сапар нық сөйлеп.

– Жарайсың, – деді Сәкен.

Содан соң:

– Ау, Дүйсехан, қолыңды абайламадың ба? – деді сақтықтың алдын алу

керектігін ескерткендей.

– Бұны спорт дейді. Спортта бәрі де болады, – деді олар бірін-бірі қостай

Дүйсеханның алған жарақатын елемей.

Сыныптастар республикалық жарыстан оралған Дүйсеханның үйінде едәуір

отырды. Анасы оларға арнап дастархан жайды.

– Айналайындар, рахмет. Сыныптастар деген осы. Ынтымақтарың

ортаймасын, – деді.

– Сыныптастар бірігіп жеміс шырынын ішті. Дүйсеханның анасы нан турады. Кесілген нан бетіне қолдан пісілген сары майды жағып, әрбіріне ұсынды.

– Жеңдер. Ұялмаңдар, – деді.

Содан соң, олар Дүйсеханмен, оның анасымен қоштасып, үйлеріне тарқады.(154 сөз)

Мазмұндау жоспары:

Бір сыныптың оқушылары

Спортшы Дүйсехан

Дүйсеханның өкініші

Достарының демеу сөзі

Жарыстан оралған Дүйсехан.

Тірек сөздер: каратэ, спорт.

ЖАРАСЫМДЫ СӘТ

Апайының жаңа сабақты ықыластана түсіндіргенін Жарасбек көңіл қойып тыңдап отыр. Кенет Гүлдана мен Мәрзия бір-бірімен сыбырласып, сөйлесе бастады:

– Апай бүгін жаңа көйлек киіп келіпті.

Көгілдір түс апайға жарасады екен.

Сабақ үстінде сөйлеген Гүлдана мен Мәрзияға апай ескерту жасап:

–Тынышталыңдар, – деді.

Осы сәт Жарасбек те:

– Қандай көйлек кисе де апайға жарасады, – деді томпиған күйі.

Гүлдана мен Мәрзия сөзден тосылып қалды.

Апай Жарасбектің үлкендерше айтқан сөзіне бір сәт таңданды да, жылы күлімсіреді.

Осы бір жәйттен соң, класс ішінде сабаққа деген ынта жалғаса түсті. Жарасбек, Гүлдана және Мәрзия апайдың әр сөзін зая жібергісі келмегендей, құлақтарын түре қалыпты. Апайдың жағымды үні, ұқыпты киінгені класс ішінде жарасымдылық шуағын себелеп тұр. (94 cөз)

Мазмұндау жоспары:

1) Жаңа сабақ

Гүлдана мен Мәрзияның сыбырласуы

Жарасбектің үлкендерше айтқан сөзі

Жарасымды сәт

Тірек сөздер: көгілдір көйлек, сөзін зая жібермеу.

6–сынып

БОЛАШАҚ БАТЫРЛАР

Марат пен Сәкен өз ойыншықтарымен ойнап отыр. Екеуінің жанында үйме–жүйме ойыншықтар. Танкілер. Ұшақтар. Автоматтар. Пистолеттер. Жауынгерлер.

– Алға! –дейді Марат. – Мен – Бауыржан Момышұлымын.

– Мен – генерал Сабыр Рахимовпын, – дейді Сәкен.

– Жауынгерлер, жау танкісін бір қадам да ілгері жүргізбеңдер, – дейді Марат.

Бұл Бауыржан Момышұлының бұйрығы. Орындаңдар.

– Елімізді жау табанына таптатпаймыз, – дейді Сәкен. – Бұл генерал Сабыр

Рахимовтың жауынгерлерге арнаған сөзі. Түсіндіңдер ма?

Марат пен Сәкен едәуір ойнады. Ойыншық автоматтардан олар ойын арасында тарсылдата оқ жаудырады. Қолдарындағы ұшақтарымен көкті тілгілеп, ерсілі–қарсылы ұшады.

– Тарс-тұрс! Бомба жарылды, – дейді Марат.

– Жаудың үстіне бомба тастадым, – дейді Сәкен де ауада қалықтап ұшқан

ойыншық ұшағын жерге бауырлата төмендетіп.

Бір кезде ойыншық танкілер бірінен соң бірі аударыла бастады.

– Жау танкілері қирады, – деді Марат.

– Көріп тұрмын. Жарайсың, – деді Сәкен.

Соғыс ойыны қыза түсті. Марат пен Сәкен ендігіде қолдарына автомат пен пистолетті алып, тарсылдатып, ата бастады.

– Жауды аяма. Ат. Әкесін көзіне таныт, – деді Марат.

– Көмек келгенше шыдай түс. Артқа шегінбе, – деді Сәкен.

Екеуі де ойын қызығына елігіп кетті.

Әлгіден бері Марат пен Сәкеннің ойынына қарап отырған көрші үйдегі ақсақал:

– Жарайсыңдар. Сендер барда еліміздің қас батыр ұлдарының есімдері

ұмытылмайды. Бірің – халық батыры Бауыржан Момышұлының, ал екіншің – атақты генерал Сабыр Рахимовтың ролін келістіре орындадыңдар. Қалайша риза болмассың, сендердей өрендерге, – деп ақ батасын берді.

Марат пен Сәкен көрші атайдың сөзіне құлақ аса тыңдап, біргелікте өз ойыншықтарын жинастыра бастады. Сабаққа әзірленетін сәт те осы кезде таяп қалған-ды. (204 сөз)

Мазмұндау жоспары:

Ойыншықтар

Балалардың ойыны

Қас батырлар есімі

Көрші атаның сөзі.

Тірек сөздер: Танкілер, ұшақтар, автоматтар, пистолеттер, жауынгерлер, генерал.

ІЗДЕНУ

Ермек пен Әсия бір сыныпта оқиды. Екеуі де төртінші сынып оқушылары.

Пәндер бойынша үлгерімдері жақсы. Бүгін де ана тілінен тест тапсырған. Бұл тесттің ерекшелігі – іздену қажет. Оны апайы айтты.

– Тестегі сұрақтарға жауапты екінші, үшінші сыныптағы ана тілі оқулығынан табуға болады.Тек талмай іздену керек, – деді.

Ермек те, Әсия да тест сауалдарына сай жауаптарды белгіледі. Өз ойларынша дұрыс.Әбден ойланған, толғанған.

Әсияның тестке қайтарған жауаптары түгелдей дұрыс болып шықты.

– Өте жақсы. Жауаптардың бәрін өзің белгіледің бе? Әлде ата-анаң, аға-әпкелерің жәрдем берді ме?

– Жоқ апай. Өзім белгіледім. Мамам «Жұмысым көп. Мазалама.» деді. Сөйтіп, көрші қыздардың екінші, үшінші сыныптарға арналған ана тілі оқулығын уақытша алып, кей сұрақтардың жауабын таптым.

– Ұқыппен даярлағаның көрініп тұр. Өз бетіңше жауап іздегенің байқалады.
– Ал, Ермек сен ғұлама ғалым әл-Фарабидің туған жерін дұрыс белгілемепсің?

– Апай, ондай сұрақтың жауабын таба алмадым. Содан соң, күмәнданғаным рас.

– Бұл сұрақтың жауабы үшінші сыныптағы ана тілі оқулығында бар, – деді Әсия сөзге араласып.

– Ия, ия. Есіме түсті, – деді Ермек. – Дұрыс айтасың. Үшінші сыныпта өткенбіз.

– Мен сендерге үнемі айтамын ғой. Іздену керек деп. Ізденіс қана өз жемісін береді, – деді апай сыныптағы оқушыларға өз сөзін нықтай түсіп.

Ермек пен Әсия апайдың сөзімен келіскендей, іштей мақұлдасты. Сөйтті де, сабақ ретіне сай тест сауалдарына берілген жауаптарды одан әрі пысықтай түсті. (192 сөз)

Мазмұндау жоспары:

Ермек пен Әсия

Тест сауалдары

Ұқыпты даярлық

Ізденіс өз жемісін береді.

Тірек сөздер: тест, ғұлама.



ӘЛІППЕМЕН ҚОШТАСҚАН КҮН

Жансая әліппемен қоштасатын күнге ерекше даярланды. Өлең жаттады. Әліппенің әріптерді үйреткеніне мәз болды. Сөздерді оқи алатынына қуанды. Жүгіртіп оқығанына төбесі көкке жетті.

Әліппемен қоштасу мерекесіне ата-аналардың бәрі жиналды. Апайы – Айсұлу өз шәкірттерінің қабілеттеріне көңілі толғандай.

Сәбира домбырамен өлең айтты. Бейбіт тақпағын орындады. Жансая үш қызбен біргелікте дөңгелеп би биледі. Бәрі де тап-таза, әдемі киінген. Көйлектері бүрмелі. Оюлы нымшалары өздеріне арнап тігілгендей. Қолдары, саусақтары майысып, өнерлерін көпке көрсетті.

Ата-аналар жас бүлдіршіндерге риза боп, әлсін-әлсін қошемет танытты. Қол

шапалақтады. «Керемет!» деп әр ән, би өлең сайын өз ой-пікірлерін сүйсіне білдірді.

Жансая үшін бүгінгі күн есінде жатталып қалды. Әліппені жақсы оқығаны үшін мектеп директоры мен апайының қолы қойылған, мөр басылған мақтау грамотасын иеленді.

– Жансая, алған марапатың құтты болсын! Қуаныштысың ба? – деді Айсұлу апай.

– Иә, апай! – деді Жансая қатты қуанып.

Өзінің өте мәз болғанын апайы қалай біледі деп Жансая таңдана қалды.

– Үйге келген соң, Жансая әліппемен қоштасқан сәттерді атасы мен әжесіне жеткізгенше әңгімеледі.

– Қуанышың қуанышқа жалғассын, – деді атасы.

– Сауатты болды деген осы, – деп әжесі Жансаяны аймалап, бауырына қыса түсті.

Жансаяның көңіл-күйі әбден балқыған. Бақытты балалықтың сәті дүниені түгел құлпыртқандай. Бұның барлығы оқуға үйреткен, білімге талпындырған әліппенің құдіреті болатын. (192 сөз)

Мазмұндау жоспары:

Жансаяның дайындығы

Қоштасу мерекесі

Шәкірттердің өнері

Ата-аналар қошеметі

Жансаяның қуанышы

Әліппенің құдіреті

Тірек сөздер: мөр, мақтау грамотасы, мектеп директоры.



ЕКІ САУЫСҚАН

(мысал)

Бірде аңшының әкесі қатты ауырып қалады. Емшілердің бірі:

– Егер де әкеңе сауысқанның өтін ішкізсең, ауруынан құлан таза жазылып кетеді, – дейді.

Аңшы емшінің айтқанын орындамақ болады. Сауысқандарды аңдыды. Бір кезде үйінің жанындағы ағаш қораның үстіне екі сауысқанның қатар келіп қонғанын байқайды. Екеуі шықылықтап, бірауық отырды.

Аңшы мылтығын көздеп, шүріппені баспақшы болғанда, мал айдап бара жатқан баланы көзі шалып қалды. Атудың ретін таппаған аңшы күтпеген кедергіге бола, қатты өкінеді. Әйтсе де, қос сауысқан ұшып кеткенімен, сәлден соң-ақ, баяғы орындарына қайта қонды.

Екеуін ажал айдап келді-ау шамасы, аңшы мылтығын оларға кезеп, шүріппені басып қалды. Сауысқанның бірі ағаш қораның арғы тасасына құлап түсті. Екіншісі ұзап ұшып кетпей, сол тұсқа айналсоқтап қайтадан ұшып келді.

Аңшы ағаш қораның арғы бетіне барғанда аман қалған сауысқанның оқ тиіп, жаралы болған сауысқанды тұмсығына іліп, ары қарай сүйрелеп, әкетіп бара жатқанын байқайды.

– Апырым–ай, – дейді аңшы қайран қалып, – сауысқандарды өте сақ деуші еді. Ал мынаған не дерсің. Олар сонымен бірге бір-біріне өте мейірімді екен-ау. Жаралы серігін жолда қалдырғысы келмей, өлермен халде өзімен бірге әкетіп бара жатқанын қарасаңшы!

Аңшы сол күні алғаш рет емшінің айтқан сөзін орындауға шынайы пейіл танытпады. (172 сөз)

Мазмұндау жоспары:

Емшінің емі

Аңшы мен сауысқан

Күтпеген кедергі

Аңшының өкініші

Аңшының амал-әрекеті

Жаралы сауысқан

Қайран қалған аңшы.

Тірек сөздер: құлан таза жазылу, шүріппе.



ШИЕ ПІСКЕН ШАҚ

Көктемнің соңғы айы. Бақ ішінде жапырағы жап-жасыл бірнеше шие ағаштары өсіп тұр. Бағдаттың атасы еккен шиелер бұл.

Былтыр жаз кезінде келген еді. Онда Бағдат шие жемісін жей алмады.

Бағдат биыл да атасының ауылына келді. Былтырғыдай емес, қаладан екі апта ерте шыққаны дұрыс болыпты. Бақтағы шиелердің жемісі шымқай қара. Қарасаң қарай бергің келеді. Жемістері толықсып ісінген, нәрі толған. Қол созымдай жердегі біреуін жұлып алды да, дәмін татты.

– Ата, шие тәтті екен, – деді.

– Әжеңе бір шелегін теріп бер. Шиенің тосабы жақсы болады. Әрі қысты күні тұмауға бірден-бір ем. Бір банкісін өзіңе беріп жібереміз, – деп атасы жөн–жосықты әңгімесін айта түсті.

Бағдат түстен кейін шие терді.

– Әжесі-ау, Бағдатқа шиеден тосап қайнатып бер, – деді атасы.

– Қалай қайнатам? Құмшекері түскір жоқ қой.

– Әкеп берем. Ауылдағы Сырбай қайнағаңның үйі қант, шекер сатады. Құмшекердің мәселесі қиын емес, – деп атасы да шие терісті.

Есік алдындағы қара қазан астында от жанып жатты. Шие тосабы қайнап, бүлк-бүлк етеді. Ашық түсті қызғылт шие тосабы әзір болды ма дегендей, әжесі әлсін-әлсін темір қасықпен дәмін татып көреді.

Түн қараңғылығын төңірекке жайғысы келмегендей, толықсыған ай сәулесі сүттей жарық болған сәтте, шие тосабы да дайын болды.

Атасы мен әжесі және Бағдат таза ауада дастархан жанында шие тосабынан шәй ішті.

Төңірек тып-тыныш әрі жанға жайлы еді. (162 сөз)

Мазмұндау жоспары:

Шие піскенде.

Бағдаттың ауылға келуі, шие теруі.

Шие тосабы.

Тірек сөздер: шымқай қара, жөн-жосық.

БІР ТОСТАҚ ЖИДЕ

Қоңыр күз. Күн көзі көрінгенімен, ауа салқын. Есік алдындағы жиде әбден піскен. Көрші үйдегі әже кішкентай Нұргүлді шақырды.

– Келе ғой, Нұргүл. Жидені теріс. Бір өзім үлгере алар емеспін. Биыл қиямет көп салыпты, – деп Нұргүлді демде-ақ жанына үйіріп алды.

– Мақұл әже. Көмектесем, – деп Нұргүл үлкен тостаққа жидені теріп, сала бастады.

Жиде ағашының қол жетер жеріндегі өнімін екеулеп, әп-сәтте теріп алды. Содан соң, әже жиде ағашын қолымен сілкіп-сілкіп қалғанда нән жиделер жерге топ-топ етіп, түсе бастады.

– О, әже, жиденің бәрі түсіп қалды.

– Ә, уақыты болды. Күн суымай, жинап алсам, кәнеки. Міне, екеуіміз ешбір қиналмай, қапты да толтырдық, – деп әже риза көңілін жасыра алмады.

Нұргүл жерге еңкейіп, жиде тергенімен, шаршаған жоқ. Көрші үйдегі әже «Айналайын, Нұргүл, дәу қыз болып, өсіп қалыпты», «Нұргүл болмаса, бұл жидені түгел теріп алу қайда?», «Нұргүл қарағым, қолғанат болып қалыпсың» деп жылы сөзбен тіл қатқаны көңілін өсірді. Тіпті бойына қанат біткендей, жидені емін-еркін жинады.

– Мынау сенің сыбағаң, Нұргүл. Үлкен қыз бол, – деп батасын берді.

Жүзіне иман иірілген әженің алғыс сөзінен Нұргүлдің осы сәтте мерейі тасыды. Әженің қолынан тостақ толы жидені алып, үйіне қарай томпаңдап, жүгіре жөнелді. (170 сөз)

Мазмұндау жоспары:

Қоңыр күз.

Көрші үйдегі әжей.

Жиде теру.

Әженің батасы.

Мерейі тасыған Нұргүл.

Тірек сөз: нән жиде.

КӨШЕТТЕР

Наурыз айы туысымен атам бақша ішінен шықпайды. Түрлі жеміс ағаштарын отырғызады, ескі бұтақтарды қырқады. Мен жанынан қалмай, жәрдем беремін.

– Мына алмұрт ағашын сен туғанда еккен ем, – дейді атам бойын тіктеп.

– Енді, міне, басына шықсаң, ауылдың бәрі түп-түгел көрінеді.

Жаңбыр жауа бастады. Біз асыға қимылдадық.

–Топырақта ылғал жақсы болса, көшеттер тезірек көктейді, – деп, атам сөйлеп қояды. Көшеттердің бәрін де отырғыздық.

Атам екеуіміз үстіміздегі жаңбыр тиген киімдерді ауыстырмақ болып, үйге кірдік.

– Ата, жаурап қалдым, – дедім мен.

– Онда біраз жылынып ал, – деді де, жылы көрпешемен үстімді қымтады. Содан соң қолына сіріңке алып, пешке сүт қойды. Сіріңкені жаққан сайын оты жарқ етеді де сөне береді.

– Неге жанбайды, ата? – дедім таңданып. Суланып қалған ба?

– Жоқ, балам. – Сөйтті де, терезе сыртына қарап, желге иілген бұтақтардың сыбдырын тыңдап сәл-кем тұрды.

– Балам, ормандағы ескі ағаштардың құлаған лебінен сіріңке жағылмай, өшіп қала береді, – деді.

– Ата, соққан жел үй ішіне кірмейді ғой, – дедім мен.

– Бұрыңғылар солай дейтұғын. Сөйтіп, жыл сайын құлаған ескі ағаштардың орнына жаңа көшеттер отырғызатын. Атамның сөзіне иландым.

Көзім ілініп кетіпті. Сәлден соң оянсам, терезе сыртында жел басылыпты. Сүт те пісіпті. Көшеттердің бүршігінде жаңбыр тамшылары үздіге ілініп тұр. (181 сөз)

Мазмұндау жоспары:

Наурыз айы туғанда

Көшеттер отырғызу

Жанбаған от

Атамның сөзі

Тірек сөздер: көшеттер, бүршік, бұтақтардың сыбдыры.


жүктеу 0,82 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау