3. Мезосфера. Стратосфераның үстiнде, стратопаузадан шамамен 82–85 км биiктiкке дейiн мезосфера қабаты орналасады. Ол қабатта температура қайтадан биiктiк бойынша төмендейдi де жоғарғы шекарасында минус 1000С-ға дейiн жетедi. Мезосферада температураның биiктiк бойынша тез төмендеуi нәтижесiнде турбуленттiлiк қатты дамиды, ауа қарқынды араласып тұрады. Желдiң жылдамдығы 150 м/с дейiн барады. Мезосфераның жоғарғы жағында (82 км) мұз кристалдарынан тұратын күмiс бұлттар байқалады. Оларды түнде ғана байқауға болады. Мезосфераның үстiндегi мезопауза өтпелi қабатында ауа қысымы жер бетiндегiден шамамен 1000 есе төмен болады. Осылайша тропосфера, стратосфера және мезосфера қабаттарында бүкiл атмосфера салмағының 99,5 % орналасады.
4. Термосфера. Атмосфераның мезосферадан жоғары бөлiгiн термосфера деп атайды. Термосферада температура биiктiк бойынша жылдам өседi, жерден 150 км қашықтықта температура 240 К, 200 км қашықтықта – 500 К-нен жоғары болады, ал термосфераның жоғарғы шекарасында 1000 К-нен асады. Температураның биiктiк бойынша өсуi атомдық оттегi мен азоттың ультракүлгiн радиацияны жұтуымен түсiндiрiледi. Бiрақ ол биiктiктердегi температура тек молекулалардың қозғалысының кинетикалық энергиясын сипаттайды, яғни газдардың молекулалары мен атомдары өте жоғары жылдамдықпен қозғалады. Термосферада ауа тығыздығы өте төмен болғандықтан, онда орналасқан дене (мысалы, жасанды жер серігі) ауамен жылу алмасу арқылы жылынбайды, тек күн радиациясын жұту арқылы жылынады.
Термосферада 100 км-ден жоғары ауа құрамы өзгере бастайды: атомдық оттегi пайда болады, аргон мен көмiртегi диоксидi болмайды, ауа өте күштi иондалып электрөткiзгiштiгi жоғарылайды. Сондықтан да термосфераның мезопаузадан 800–1000 км биiктiкке дейiнгi бұл бөлiгiн ионосфера деп атайды.
5. Экзосфера. Атмосфераның сыртқы 800-1000 км-ден жоғары жер тәжiне дейiнгi қабатын экзосфера деп атайды. Бұл қабат ауасының өте сиректiгiмен (тығыздығы өте төмен) ерекшеленедi. Жылдамдығы өте жоғары газ бөлшектерi бiр-бiрiмен соқтығыспай жердi эллипстiк орбитамен айналып ұшып шыға алады, кейбiр жеке бөлшектердiң жылдамдығы екiншi космостық жылдамдыққа жетiп (11 000 м/с) әлемдiк кеңiстiкке ұшып кетедi. Сондықтан да экзосфераны газдардың ұшып кету қабаты деп те атайды. Температура 800 км биiктiкте күндiз 2000 0С, түнде 1000 0С шамасында болады.
Бұрын, экзосфера және сонымен бiрге жер атмосферасы 3000 км биiктiкте бiтедi деп есептелiнген. Соңғы кездерi спутниктiк бақылаулар бойынша, экзосферадан ұшып шыққан сутегiнiң Жердiң айналасында 20 000 км-ге дейiн созылып жер тәжiн құрайтыны анықталды. Мұндағы зарядталған бөлшектерге Жердiң магниттiк өрiсi әсер ететiндiктен оны магнитосфера деп те атайды.
Спутниктер мен геофизикалық ракеталардың көмегiмен атмосфераның сыртқы бөлiгi мен жер айналасындағы космостық кеңiстiкте Жердiң радиациялық белдеуi бар екенi де анықталды. Ол жер бетiнен бiрнеше жүз километрден ондаған мың километрге дейiн созылып жатыр. Ол белдеу жылдамдығы өте жоғары (400 км/с шамасында) электрлiк зарядталған бөлшектерден – протондар мен электрондардан тұрады. Олардың энергиясы жүздеген мың электрон-вольт құрайды.
Ұшатын аппараттарға (Жердiң жасанды серiгi және басқармалы космостық кемелер) әсерi бойынша атмосфера екi қабатқа бөлiнедi: атмосфераның өзi (тығыз қабат) және жер айналасындағы космостық кеңiстiк. Екеуiнiң шекарасы шамамен 150 км биiктiкте жатыр. Атмосфераның тығыз қабатының кедергiсi өте жоғары болатындықтан, ұшатын аппарат сөндiрiлген двигателiмен Жердi бiр рет те айналып шыға алмайды (жылдамдығы төмендейдi немесе өртенiп кетедi).еу
Достарыңызбен бөлісу: |