2. Информатиканы оқыту әдістері
Әдіс (грек.– « methodos» – «зерттеу») – бұл тәсіл, әдіс немесе әрекет бейнесі; мақсатқа жету әдісі, қандайда бір айқындалған түрде реттелген әрекет; нақты тапсырманы шешуге бағынышты, шындықты игерудің практикалық немесе теориялық тәсілдері мен амалдардың жиынтығы.
Әдебиетте әдіс ұғымына әртүрлі анықтамалар келтіріледі:
1) мұғалім мен оқушы әрекетінің тәсілі;
2) жұмыс тәсілдерінің жиынтығы;
3) мұғалім оқушыларды білімсіздіктен білімге жетелейтін жол;
4) мұғалім мен оқушылар әрекеттерінің жүйесі және т.б.
Педагогтардың көпшілігі, әдістерді оқыту үрдісінің тапсырмалар жинағын шешуге бағытталған, мұғалім мен оқушының реттеліп өзара іліктелген әректерінің тәсілдері деп қарастырады.
Оқыту әдісі – бұл оқыту, дамыту және тәрбиелеу кезінде белгілі бір тапсырмалар шеңберінде қолданылатын педагог пен оқушылардың нысаналы педагогикалық қарым-қатынасын ұйымдастыру ережелері мен реттеуші қағидалар жүйесі (М.И.Махмутов).
Оқыту әдістерінің жіктелуі.
Оқыту әдістерінің саны мен сипаттамасы көп болғандықтан, оларды бірнеше негіздемеге сәйкес жіктеуге болады.
Мұғалім мен оқушылардың өзара әрекет ету сипаттамасы бойынша – Лернер-Скаткиннің жалпы дидактикалық оқыту әдістері:
- түсіндірме-суретті (көрнекілік) әдіс;
- репродуктивті әдіс;
- проблемалы баяндау әдісі; бөлшектеп іздеу немесе эвристикалық әдіс;
- зерттеу әдісі.
Мұғалім әрекетінің негізгі құрамдас бөліктері бойынша –Ю.К. Бабанскийдің оқыту әдісінің үш үлкен топтамадан тұратын әдістер жүйесі:
а) оқыту әрекетін жүзеге асыру және ұйымдастыру әдістері (ауызекі, көрнекі, практикалық репродуктивті және проблемалы, индуктивті және дедуктивті өздік жұмыстары және мұғалімнің басшылығымен өтетін жұмыстар);
б) ынталандыру және білімді дәлелдеу әдістері (қызығушылықты қалыптастыру әдістері: танымдық ойындар, өмірлік жағдайды талдау, жетістік жағдайын жасау; білім алу парызын және жауапкершілігін қалыптастыру әдістері: білімнің қоғамдық және тұлғалық мәнін түсіндіру, педагогикалық талаптар қою);
в) бақылау және өзін-өзі бақылау әдістері (ауызша және жазбаша бақылау, зертханалық және практикалық жұмыстар, машиналы және машинасыз бағдарламалық бақылау, жаппай және сараланған, ағымдағы бақылау және қортынды);
Жеке дидактикалық оқыту әдістері
1. Ақпаратты жеткізу көзі мен қабылдау сипаты бойынша –дәстүрлі әдістер жүйесі (Е.Я. Голант, И.Т. Огородников және т.б.): ауызша әдістер (әңгіме, сұхбат, дәріс және т.б.); көрнекі (көрсетілім, демонстрациялау және т.б.); практикалық (зертханалық жұмыстар, шығармалар және т.б.).
2. Мұғалім мен оқушы қарым-қатынасының деңгейі бойынша –айтып беру, баяндау, сұхбат, өздік жұмыс;
3. Нақты дидактикалық тапсырмаларға байланысты (Б. П. Есипов) – қабылдауға дайындық, түсіндіру, материалды бекіту және т.б.;
4. Білімді бөлу және қосу қағидасы бойынша – талдамалы (аналитикалық), жинақтамалы (синтездік), салыстырмалы, жалпылаушы, жіктеуші;
5. Ақыл-ойдың білімсіздіктен білімге жылжу сипаты бойынша – индукциялық, дедукциялық.
Оқыту формалары мен әдістерін таңдау
Оқыту әдістерін және үйлесімділігін таңдау кезінде мына критерийлерді басшылыққа алған жөн:
1) оқыту, тәрбиелеу және дамыту мақсаттары мен міндеттеріне сәйкестік;
2) оқытылатын материалдың мазмұнына сәйкестігі (күрделілігі, жаңалығы, сипаты, материалды көрнекі ұсыну мүмкіндігі және т.б);
3) сынып оқушыларының нақты оқу мүмкіндіктеріне сәйкестігі: жас ерекшелігіне (физикалық, психикалық), дайындық деңгейіне (білімділік, даму, тәрбиелілік, ақпараттық және коммуникациялық технологияларды игеру дәрежесі бойынша), сыныптың ерекшелігіне;
4) іс жүзіндегі жағдайға сәйкестік (кабинеттің тиісті оқу құралдарымен жабдықталуы, электронды және баспадан шыққан оқу-әдістемелік материалдардың болуы) және оқуға жеке уақыттың бөлінуі;
5) эргономикалық жағдай (кесте бойынша сабақ өткізу уақыты, сыныптың толықтығы, компьютерде жұмыс жасау ұзақтығы және т.б.);
6) мұғалімдердің дербес өзгешеліктеріне және мүмкіндіктеріне сәйкестік (мінез-құлқы, қандай да бір әдісті меңгеру деңгейі, сыныппен қарым-қатынасы, бұрынғы тәжірибесі, психологиялық-педагогикалық деңгейі, әдістемелік және ақпараттық-технологиялық дайындығы).
Достарыңызбен бөлісу: |