2. Информатиканы оқыту әдістемесі педагогикалық ғылым ретінде
Жалпы білім беретін орта мектепте «Информатика және есептеуіш техника негіздері» курсының енгізілуімен қатар педагогика ғылымының жаңа саласы – информатиканы оқыту әдістемесі (ИОӘ) қалыптаса бастады. «Информатиканы оқыту әдістемесі» пәнінің зерттейтін нысаны информатиканы оқыту болып табылады. Ғылыми мамандықтардың ресми жіктелуі бойынша, қоғам талабына сәйкес, қазіргі даму кезіндегі информатиканы оқу заңдылықтарын зерттейтін, педагогиканың бұл бөлімі «Информатиканы оқытудың теориясы мен әдістемесі» деген жаңа атауға ие болды. Әйтсе де қалыптасқан, «Информатиканы оқыту әдістемесі» атауы оқулықтарда, нормативті құжаттарда әлі де қоланылылуда.
Информатиканы оқыту әдістемесі жас ғылым болғанымен, негізсіз қалыптаспаған. Жеке ғылыми пән бола тұра, қалыптасу кезеңінде басқа ғылымдардан білім жинақтап, өз дамуында осы білімдерден алынған нәтижелерге сүйенеді. Ол ғылымдар –философия, педагогика, психология, жас ерекшелік физиологиясы, информатика, сондай-ақ орта мектептің басқа да жалпы білім беру пәндерінің жалпыланған практикалық тәжірибесін атауға болады .
Н.В.Софронова (Н.В.Софронова – профессор, т.ғ.д., Чуваш МПУ информатика кафедрасының меңгерушiсі, көптеген оқулықтардың авторы.) айтқандай, «информатиканы қазіргі деңгейде оқыту ғылыми білімнің алуан түрлі салаларының мәліметтеріне сүйенеді:
- биологияға (өздігінен басқарылатын биологиялық жүйелер,
мысалы, адам немесе басқа да тірі организм),
- тарих пен қоғамтануға (қоғамдық әлеуметтік жүйелер),
- орыс тіліне (грамматика, синтаксис, семантика және т.б.),
- логикаға (ойлау қабілеті, формалды амалдар, ақиқат, жалған),
- математикаға (сандар, айнымалылар, функциялар,
жиындар, белгілер, әрекеттер),
- психологияға (түйсікпен сезіну, ойлау қарым-қатынас)».
Адамзат әрекетінің барлық саласы ғаламдық жағынан ақпараттандырылып, информатика ғылымы басқа ғылымдардың барлық салаларына енген заманда, информатиканы оқыту әдістемесі де кез келген ғылыммен байланысы бар екендігін ашық айтуға болады.
Қазіргі уақытта Э.И. Кузнецов, М.П. Лапчик, С.А. Жданов, М.В. Швецкий, И.А. Румянцев, А.А. Малева және т.б. өткізген зерттеулердің нәтижесінде педагогикалық жоғары оқу орындарында болашақ мұғалімдерді кәсіптік дайындау құрылымы қалыптасты. А.М. Пискунов, Н.В. Кузьмина, В.А. Сластенина, Н.Ф. Талызина және басқа да дидактиктер мен психологтардың жұмыстарында мұғалімдерді дайындап жетілдірудің негіздері көрсетілген. Бұдан информатика пәнінің мұғалімдерін әдістемелік дайындау мазмұны мен құрылысын жетілдірудің негізгі бағыттарын тұжырымдап шығаруға болады:
- әдістемелік, дайындықты күшейту бағытында информатика мұғалімін кәсіпті дайындау;
- мектепте информатиканы оқытудың әдістемелік жүйесін дамытуда қазіргі заман талаптарына сай келетін әдістемелік дайындау бағдарламаларын құру;
- информатиканы оқыту әдістемесінде жеке тақырыптарының мазмұнын, әдістемелік оқыту жүйесінің элементтерімен толықтыру және дамыту.
Информатика мұғалімінің кәсіптік дайындалуының үлгісі негізгі үш бөлімнен құрылады. Олар:
1. Мұғалімдердің психологиялық-педагогикалық және әдістемелік дайындығын арттыру.
2. Жаңа ақпараттық технологиялармен жұмыс жасауда іскерлігін, бейімділігін, шеберлігін арттыру.
3. Информатика және есептеуіш техника саласында базалық білімін және ғылыми дайындығын арттыру.
Оқытудың жалпы мақсаттарына сәйкес информатиканы оқыту әдістемесі пәні өзінің алдына мына негізгі міндеттерді қояды:
- информатиканы оқудың нақты мақсаттарын, оның орта мектептегі оқу жоспарында жалпы білім беру пәні ретінде алатын орнын анықтау;
- практик-мұғалімге қойылған мақсаттарға жетуге бағытталған оқытудың ең тиімді ұйымдастыру формаларын және ұтымды әдістерді ұсыну;
- информатика және есептеуіш техниканы оқытудың барлық құралдарын (оқу құралдары, бағдарламалық құралдар, мультимедиалық құралдар, компьютерлер, интерактивті тақталар,т.с.с) қарастыру;
- мұғалімнің практикалық жұмысына оларды қолдануға нұсқаулар беру;
ИОӘ пәнінің мазмұны екі негізгі бөлімді қамтиды:
- жалпы әдістемелік бөлім – онда информатиканы оқыту әдістемесінің жалпы теориялық негіздері, бағдарламалық және аппараттық жасақтамалар қарастырылады;
- жеке (нақты) әдістемелік бөлімінде мектептегі информатика курсының пропедевтикалық, негізгі және бағдарлы оқу кезеңдеріндегі басты тақырыптарды оқыту әдістемесі қарастырылады. Мұнда қоғамның алға қойған мақсатына байланысты информатиканы оқытудың заңдылықтары анықталып, информатика дамуының нақты кезеңіне сай зерттеледі.
Оқу үрдісінде оқушыларды оқыту нәтижелерінің тиімділігі көбінесе мұғалімдердің кәсіптік дайындығына, педагогикалық шеберлігіне байланысты. Пәнді меңгеру нәтижесінде болашақ информатика пәні мұғалімі білім беруді ақпараттандыру жағдайындағы мектептің жұмысына толық дайындалып шығуы тиіс.
Қазіргі уақытта информатиканы оқыту әдістемесі қарқынды даму үстінде, оның көптеген мәселелері теориялық жағынан әлі де зерттеуді талап етеді. Педагогика ғылымының осы саласы тұтас, әрі толық бір мәнді болу үшін информатиканың барлық деңгейде оқытылуы зерттелуі керек: мектепке дейінгі кезеңде, мектепте, орта оқу буындарының барлық типтерінде, жоғары мектепте, информатиканы өзінше оқитындар үшін. Жалпы оқытудың негізгі мақсаты – оқушыны дамыту. Осы мақсатқа сәйкес жас және педагогикалық психологиясында, сондай-ақ оқыту теориясында негізгі орын алған мәселе - дамыта отырып оқытуды зерттейтін бағыт.
Достарыңызбен бөлісу: |