Мектепке дейінгі тәрбие
2017 жылдың 1 қаңтарына облыста жалпы саны 52 899 баланы құрайтын 791 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бар.
2015 жылмен салыстырғанда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны 143 бірлікке жетіп, балалар саны 9548-ге артты. 542 балабақшаның 158-і мемлекеттік, ал мемлекеттік-жеке әріптестік аясында жұмыс жасап жатқан жеке балабақшаның саны 384-ті құрап отыр. Жеке балабақшалардың үлесі 70,8 пайызды құрады (2015 жылы 60 пайыз). 2012 жылмен салыстырғанда мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде жұмыс жасап жатқан балабақшалар саны екі есе артқан. Білім саласын мемлекеттік-жеке әріптестікпен дамыту бойынша Қызылорда облысының оң тәжірибесі жөнінде Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстаннның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында атап өткен болатын.
2016 жылы 550 орынға арналған 4 балабақшаның құрылысы жүргізілді, оның ішінде 370 орынға арналған 2 балабақша пайдалануға берілді, олар: Қазалы ауданының Жалаңтөс батыр елді мекеніндегі 90 орындық және Қызылорда қаласында Көшербаев көшесіндегі 280 орындық балабақша. Сондай-ақ, Қармақшы ауданындағы Жосалы кентінде 90 орындық «Айгөлек» және «Ертөстік» атты 2 балабақша 2017 жылдың 3 тоқсанында пайдалануға берілетін болады.
Соңғы бірнеше жылдар бойы жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2015 жылы 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен мерзімінен бұрын 100 пайыз қамтылды. 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі дайындықпен қамту 52,4 пайыздан 54,3 пайызға өскен. Мектепалды даярлықпен балалар 100 пайыз қамтылды.
Орта білім беру
2016-2017 оқу жылының басында облыста 141 мың оқушыны қамтыған жалпы білім беретін мемлекеттік 293 мектеп жұмыс жасайды.
2016 жылы 2430 орынға арналған 18 мектептің, оның ішінде апатты жағдайдағы 15 мектеп құрылысы жүргізілді, 800 орынға арналған 4 мектеп (Жаңақорған ауданы Талап ауылындағы 100 орындық мектеп, Арал ауданы Жіңішкеқұм елді мекеніндегі 100 орындық мектеп, Шиелі ауданы Тәжібаев ауылындағы 300 орындық мектеп, Қызылорда қаласы Тасбөгет кентіндегі 300 орындық мектеп), оның ішінде апатты жағдайдағы мектептердің орнына 3 мектеп пайдалануға берілді. Жергілікті бюджет есебінен құрылысы жүріп жатқан апатты жағдайдағы мектептер орнына бой көтеретін 12 мектепті (Арал ауданындағы – Ерімбетжаға, Көктем, Үкілісай, Аққұлақ, Құланды, Ескіұра, Қазалы ауданындағы – Лақалы, Майдакөл, Бірлік, Шәкен, Шилі, Қармақшы ауданындағы Қуаңдария елді мекендеріндегі) 2017 жылдың 25 мамырында пайдалануға беру жоспарланған.
Өткен оқу жылында 6564 түлек мектеп бітіріп, оның 4478-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысты.
ҰБТ-ға қатысқан оқушылар саны 2015 жылмен салыстырғанда 3,7 пайызға артқан. 2015 жылы ҰБТ-ның орташа балы 81,7-ні құраса, 2016 жылы орташа балл 82,7-ні құрады. 143 түлек «Алтын белгіге» ие болды (2015 жылы – 139 түлек).
50-ден жоғары балл жинаған бітіруші түлектердің 94,6 пайызы облыстағы колледждер мен ЖОО-ларында мемлекеттік грант және ақылы негізде білім алуда (2014 жылы 88,3 пайыз, 2015 жылы – 91,2 пайызы).
2014 жылдан бастап өңір экономикасына мамандар дайындау мақсатында Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық орнатылды.
Бүгінде облыстың 390 түлегі Ресей Федерациясының жетекші оқу орындарының білім гранттары бойынша білім алуда, оның 110-ы 2016 жыл түлектері.
2016 жылы жаз мезгілінде демалу және сауықтырумен 1-10 сынып аралығындағы 121,6 мың бала қамтылды (2015 жылы – 108,7 мың бала) немесе 93,9 пайыз (2015 жылы – 92 пайыз). Сыртқы тынығу және сауықтыру лагері ұйымдары қызметінің негізгі бағыты - жыл бойы жұмыс жасау режиміне көшуі болып табылады. Қазіргі уақытта сыртқы 8 тынығу лагерінің 4-і жыл бойы жұмыс жасайды. Бұл лагерьлерде ҰБТ-ға дайындықтың жаңа форматында, халықаралық және республикалық олимпиадаларға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Педагог мамандардың біліктілігін арттыруға да аса мән берілген. 2016 жылы Қызылорда облысы бойынша біліктілікті арттыруға 5842 педагог жіберілді (2015 жылы – 3788).
Ұстаздардың жалпы санынан жоғары және бірінші санаттағы білікті педагог мамандарының үлесі – 44,6 пайыз.
Кәсіптік-техникалық білім
Қазіргі уақытта облыста 97 мамандық пен 167 біліктілік бойынша 22428 студентті оқытатын 31 колледж жұмыс жасайды.
Қызылорда облысындағы кәсіпкерлер Палатасымен бірлесе отырып оқытудың дуальды технологиясын оқу процесі элементтеріне енгізу бойынша жұмыстар атқарылуда. 2014 жылдан бастап дуальды оқыту жүйесіне тәжірибе жүргізу негізінде 23 мамандық бойынша 8 колледж жұмыс жасауда.
2016 жылы оқу бітірген 6505 студенттің бүгінгі күні 4359-ы жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 3255-і мемлекеттік тапсырыспен бітіргендер.
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық колледжі республикадағы 10 үздік колледждің қатарына енді.
Ұлт жоспарының 79-қадамына сәйкес, Назарбаев зияткерлік мектебінің жұмыс тәжірибесін орта мектептерге үйрету мақсатында, ағылшын тілімен оқытатын мамандарды даярлауға КАТЕV және М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжімен меморандум жасалған. Бұл тәжірибені жалғастыру үшін «магниттік» мектепке айналатын 46 инновациялық мектеп құрылған. 2017 жылы бұл мақсаттарға, яғни 45 физика кабинеті, 80 робототехника кабинеті, компьютерлер мен парталар сатып алуға 400 млн теңгеден астам қаражат қаралған. 2018 жылдан бастап 75 ұстаз биология, химия, физика және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытатын болады.
Қазіргі таңда, «КАТЕV» халықаралық қорынан шет тілі мамандығы бойынша білім алушыларды іріктеу, ағылшын тілін тереңдетіп оқыту бағытындағы жұмыстар жүргізілуде.
Денсаулық сақтау
2016 жылы облыстың денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2015 жылмен салыстырғанда 32 пайызға өсті. Бұл саланың бюджеті 9,5 млрд теңгеге жетіп, 39,6 млрд теңгені құрады. Ана өлімін, әлеуметтік-маңызды ауруларды және қатерлі ісікпен аурушаңдықты төмендету, өңір тұрғындарына медициналық қызметтің, оның ішінде жоғары мамандандырылған медициналық қызметтің қолжетімділігін және сапасын арттыру бойынша іс-шаралар денсаулық сақтау саласының басты басымдықтары болып қала береді.
2016 жылдың 15 қаңтарындағы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, облыс әкімдігімен 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Өңірлік іс-шаралар жоспары бекітілді. Өңірлік жоспарда 203 іс-шараны жүзеге асыру және 28 индикаторларға қол жеткізу қамтылған. Өңірлік бағдарламаның басты мақсаты – облыс тұрғындарының денсаулығын нығайту арқылы өмір сүру ұзақтығын 71,91 жасқа дейін жоғарылату.
Есепті кезеңде медициналық көмектің барлық кезеңдерінде сапалы, уақытылы және қол жетімді медициналық қызметті қамтамасыз ету мақсатында медициналық қызметтің интеграцияланған моделін жүйелі ұйымдастыру бағытында жоспарлы жұмыс жасалынды. Демографияға елеулі әсер ететін және барлық өлім-жітімнің 52 пайызын анықтайтын аурудың 5 тобы бойынша аталған модельді ендіруде 2016-2020 жылдарға арналған 5 Жол картасы әзірленді (Қызылорда облысындағы жүкті әйелдер мен перинаталдық кезеңнің патологияларында, жіті миокард инфарктінде, ми қан айналымының жіті бұзылысында, қатерлі ісіктер, жарақаттану, улану және оқыс оқиға жағдайларында, медициналық қызметтің интеграцияланған моделін ендіру бойынша Жол картасы).
Әрбір Жол картасы бойынша аурушаңдық жағдайына, көрсетіліп жатқан медициналық көмектің сапасына, оның толықтығына және ресурстар жағдайына (кадр мәселесі және материалдық-техникалық) бағалау жүргізілді. Осы орайда, пациенттердің жүру бағытын ескерумен 3 деңгейдегі медициналық көмек көрсету жүйесі құрылды. 1 деңгейде бастапқы медициналық-санитарлық көмек барлық 5 бағыт бойынша 89 мамандандырылған кабинеттермен қамтылды.
Көмек көрсетудің қалған деңгейлерінде ауданаралық травматологиялық бөлімдерін жабдықтау, барлық аудандық ауруханаларда төсек-орындарын қайта қалпына келтіру, сонымен қатар, ауыр экстргенитальді аурулармен босанғандарға, жарақат және инсульт алған науқастарға оңалту жұмыстарын жүргізу мақсатында реабилитациялық және қайта қалпына келтіру бөлімшелерін ашу бойынша жұмыстар жүргізілді.
Қатерлі ісікпен ауыратын науқастарға паллиативті көмек көрсету үшін 2016 жылы облыстық онкологиялық орталықта 15 төсек-орынға арналған паллиативтік бөлімше (хоспис) ашылды. Оларды бейімдеу мен сауықтыру бойынша белсенді шаралар қабылдануда. Науқастармен тұрақты түрде психолог және әлеуметтік қызметкер жұмыс жасайды. Паллиативтік бөлімше басқару тетігі арқылы науқастар реттейтін трансформер керуеттермен жабдықталған. Әрбір науқас арнайы SOS білезіктерімен қамтылуда, олар арқылы кез келген уақытта мейірбикені көмекке шақыруға болады.
2016 жылы облыстың 135 маманы қайта даярлау курсынан өткізілді, барлық дәрігерлер санының 59,4 пайызы біліктілікті арттыру курстарымен қамтылды. 2016 жылы резидентурада қайта даярлау арқылы мамандарды тарту мақсатында облыс бюджетінің қаражаты есебінен 11 маман үшін облыс әкімінің гранты бөлінді.
Науқастарға көмек көрсету құқығын және тұрғындардың сапалы медициналық қызметке қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында облыстың барлық медицина ұйымдарында емделушілерді (пациент) қолдау қызметі құрылды.
Халыққа қызмет көрсету сапасын жоғарылату және кезектілікті төмендету мақсатында БМСК ұйымдарында тіркеу бөлімінің жұмысы оңтайландырылды. Дәрігерге емделушілердің легін азайту мақсатында жүйелі әкімшілік лауазымдар тағайындалды, ірі емханаларда емделушілердің көп жиналатын жерлеріне бейнебақылау камералары қойылды.
2016 жылдың ақпан айында алғаш рет Emdeu.kz бірыңғай информациялық платформасы құрылып, Сall-центр қызметі кеңейтілді. Бұл жүйе интернет, телефонды қолданып қажет дәрігерге жазылуға немесе үйден шықпай дәрігерді шақыруға мүмкіндік берді.
Алыс қашықтықта орналасқан елді мекендердегі тұрғындарға мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында транспорттық медицина жұмысы ұйымдастырылды. 2016 жылы 132 елді мекенге жылжымалы медициналық кешендер шығып, 87261 адам қамтылды, оның скринингпен қамтылғаны 64 пайыз. Нәтижесінде 36106 науқас анықталып, 22 637 науқас сауықтырылды.
Мамандандырылған медициналық көмекпен бірге жоғары мамандандырылған көмек те дамуда. 2016 жылы жоғары мамандандырылған медициналық көмек ауқымының кеңеюіне орай, республикалық бюджеттен шамамен қосымша 1,5 млрд теңге қаржы тартылды, нәтижесінде жүрекке ашық ота жасау 20 пайызға, нейрохирургиялық операциялар саны 27 пайызға, эндопротездеу саны 2 есеге дейін өсуге мүмкіндік берілді (2015 ж – 27, 2016 ж – 54).
2016 жылдың шілде айында офтальмохирургиялық орталық ашылды, жоғары диагностикалық құрал-жабдықтар сатып алынып, 2015 жылмен салыстырғанда жасалған ота санының 2 есе өсуіне септігін тигізді. Облыста офтальмологиялық орталықта алғаш рет глаукомалық кабинет ашылып, 2000 - нан астам науқас глаукомамен есепке алынып, сауықтырылды.
Ұзақ уақыт бойы жасалған Қазақстан-Ресей арасындағы келісім нәтижесінде 2016 жылдың тамыз айында Байқоңыр қаласында Облыстық медицина орталығының филиалы ашылды. Мекеме Байқоңыр қаласы, Төретам және Ақай кенттерімен қоса Қармақшы, Арал, Қазалы аудандарының тұрғындарына да медициналық көмек көрсетеді. Көпсалалы аурухананың құрамында 30 төсек-орынға арналған терапия, 30 төсек-орынға арналған оңалту және 20 төсек-орынға арналған күндізгі емдеу бөлімшелері ашылды. Бүгінгі күнге дейін ауруханада 339 науқас емделген. 2017 жылдың 1 тоқсанында оталық-реанимациялық және кеңес беру - диагностикалық бөлімдері бар 30 төсек-орынға арналған хирургиялық бөлім ашу жоспарлануда. Рентген құрал-жабдықтарын инсталляциялау және медициналық құрал-жабдықтарды зарарсыздандыру үшін құрал-жабдықтар сатып алу жоспарлануда.
БМСК деңгейінде қан айналым жүйесінің асқынуының алдын алу және ерте анықтау мәселелері шешімін табуда. Қан айналым жүйесі бойынша Жол картасын жүзеге асыру аясында кардиостандарттармен жарақтандыру үшін медициналық құрал-жабдық сатып алынды. 2016 жылы жіті инсульт пен миокард инфаркті кезінде медициналық көмек көрсету алгоритмі бойынша 1000-нан аса медицина қызметкері оқытылды.
Қан айналым жүйесінің асқынуының алдын алу мақсатында 2016 жылы жүрек пен бас миының тамырларына 2000-нан астам ота жасалынып, 2015 жылмен салыстырғанда 15 пайызға өскен. 2016 жылдың ақпан айында Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының және Байқоңыр қаласының тұрғындары үшін Қазалы теміржол ауруханасының базасында ауданаралық үшінші нейроинсульттық орталық ашылды. Қазалы аудандық орталық ауруханасының базасында инсультпен ауырған науқастарды оңалту бөлімі сонымен қатар, №3 қалалық емхананың базасында нейрореабилитациялық орталық ашылды.
Қатерлі ісікпен ауыратын науқастарды ерте анықтау және көмек көрсету сапасын арттыру мақсатында қатерлі ісік ауруларын ерте анықтау үшін қосымша 32 мамандандырылған кабинеттер ашылды, нәтижесінде профилактикалық кабинеттермен жабдықтау 45,8 пайыздан 87,5 пайызға жоғарыласа, мамандармен қамтылу көрсеткіші 37,5 пайыздан 79,1 пайызға өсті. 2016 жылы аудандардағы аталған категориядағы науқастардың наркотикті анальгетиктерге қолжетімділігі бойынша мәселе оң шешімін тапты.
Жыл көлемінде сәби өлімін төмендету және ана өлім-жітімін болдырмау бойынша жұмыстар жүргізілді.
Жүктілік кезінде асқынуды төмендету мақсатында жүкті әйелдерді ерте анықтау бойынша жұмыстар белсенді жүргізілді және 12 аптаға дейінгілер есепке алынды. Нәтижесінде ерте есепке алу көрсеткіші 63 пайыздан 88,4 пайызға дейін жеткізілді (ҚР – 79 пайыз). Алғаш қаралуға келгенде терапевтке көріну 98 пайызға жеткізілді. 1 деңгейлі ауруханадағы дәрігерлердің арасында оперативті техниканы меңгерген мамандар санын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Ота жасайтын акушер-гинекологтардың үлес салмағы 45 пайыздан (9) 67 пайызға (19) артты.
2016 жылдың қаңтар айынан бастап облыстық Перинаталды орталықта ауыр патологиямен туған әйелдерге арналған 30 төсек-орынды босанғаннан кейінгі реабилитациялық бөлімше ұйымдастырылды.
Қауіп тобына байланысты маршруттау мен жүкті әйелдерді тіркеуді жүргізу бойынша күнделікті мониторинг жүргізетін ұйымдастыру-статистикалық бөлімі құрылды.
Сәби өлімінің төмендеу тенденциясы бар. Сәби өлімінің себебінен туа біткен ақаулардың үлес салмағының жоғары болуына байланысты БМСК ұйымдарының 20 УДЗ-дәрігеріне пренаталды диагностикалау бойынша оқыту ұйымдастырылды. Ультрадыбысты диагностикалау бойынша мамандар тапшылығы мәселесін шешу мақсатында 10 УДЗ-дәрігері қайта оқытылды. Скринингтік мерзімде ультрадыбыстық зерттеумен қамту 95,9 пайызға, биохимиялық пренаталды скринингпен қамту 86,8 пайызға жеткізілді.
2016 жылы Арал, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған, Шиелі аудандарының және Қызылорда қаласының елді мекендерінде 11 дәрігерлік амбулатория және Қызылорда қаласында 200 төсектік орынға арналған облыстық балалар ауруханасы пайдалануға берілді.
Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде 150 орындық емхана құрылысы басталды және Жаңақорған ауданы Жаңақорған кентінде 250 келушіге арналған емхананың құрылысы жалғасуда. Аталған нысандардың құрылысын біз 2017 жылы аяқтаймыз.
Осы орайда, кезең-кезеңмен денсаулық сақтау ұйымдарының желісін нормативке сәйкестендіреміз.
2016 жылы қабылданған шаралар қорытындысымен:
Қан айналым жүйесі аурулары бойынша өлім-жітім көрсеткіші 21,5 пайызға төмендеп, 105,9-ды құрады, 2015 жылғы көрсеткіш – 135.
Ана өлімі көрсеткіші 88,5 пайызға төмендеп, 5,4 құрады, 2015 жылғы көрсеткіш – 46,8.
Сәби өлімі көрсеткіші 10,5 пайызға төмендеп, 9,6 промильді құрады.
Облыста туберкулезбен аурушаңдық көрсеткішінің 10,3 пайызға дейін төмендеуі байқалуда. Туберкулез инфекциясының барлық ошақтарын картографиялау және паспорттандыру жүргізілді.
Туберкулез бойынша өлім-жітім көрсеткіші 17,1 пайызға төмендеп, 3,4-ті құрады.
Қатерлі ісік бойынша өлім-жітім көрсеткіші 8 пайызға төмендеп, 81,7-ні құрады.
Мәдениет
Облысымыздағы мәдениет ошақтарының жай-күйін жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды.
Жаңақорған ауданы Талап ауылында ауылдық клубтың құрылысы салынып, пайдалануға берілді.
«Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 8 клуб пен 1 кітапханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Облыстық тарихи-өлкетану музейін жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, Шиелі ауданындағы Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейіне жаңа ғимарат салынды. Нәтижесінде, 2 музей де келушілер сұранысына заман талабына сай жауап бере алатын мәдени орталыққа айналды.
Өткен жылы облыс аумағында белгілі тұлғалардың, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында 2 ескерткіш және 15 бюст орнатылды.
2016 жылдың қараша айында Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының кезекті отырысы өткізілді.
ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне облыс аумағындағы 9 ескерткіш – Сығанақ, Жанкент, Кескен-күйік, Шірік-Рабат, Бәбіш-мола, Жент, Баланды қалашықтары, Жетіасар мәдениеті ескеркіштері және Сауысқандық петроглифтері енгізілді.
Қызылорда облысының мәдени мұрасын сақтау және пайдалану бойынша ғылыми методикалық Кеңестің кезекті отырысы өтті.
Аталған Кеңестің шешіміне байланысты 2014 жылдан бері Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат қалашықтарында жүргізіліп келген археологиялық зерттеу жұмыстары 2017 жылдан бастап Жент, Сортөбе, Кердері кесенелеріне де жүргізілетін болды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Арнайы комиссияның шешіміне орай Қызылорда облысы бойынша 9 ескерткіш республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің Мемлекеттік тізіміне алынды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне арналып композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері К.Дүйсекеевтің әндерін орындаушылардың «Туған жер» атты V республикалық конкурсы, Батырхан Шөкенов атындағы «Отан-Ана» атты республикалық конкурсы, халықаралық ақындар айтысы, классикалық әндер фестивалі және Астана қаласы мен Ақтөбе облысында Қызылорда облысының күндері жоғары деңгейде өткізілді.
Алыс-жақын шет елдермен мәдени байланысты нығайту бағытында жұмыстар жалғасуда.
Облыстық филармония ұжымы Түркияда, АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон қалаларында қазақ өнерін тарту етті.
Өңіріміздің талантты балалары Әзербайжан, Грузия, Ресей елдерінде өткен халықаралық конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Спорт
2016 жылы бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 1500-ден аса бұқаралық спорт шарасы өткізіліп, оған 500 мыңға жуық адам қатысты.
Дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 203 594 адамға (2015 жылы–192 885) артып, бұл облыс тұрғындары санының 26,4 пайызын (2015 жылы – 25,3 пайыз) құрады.
Жоғары шеберлік деңгейіндегі спортшыларды дайындау мақсатында 201 оқу-спорттық жиындары өткізіліп, оған 2015 спортшы қатысты. 283 халықаралық, республикалық жарыстарға облыстың 2616 спортшысы қатысты.
2016 жылдың басты жаңалығы – Рио Де Жанейро қаласында өткен XXXI жазғы Олимпиада ойындарында облысымыздан 3 спортшы бақ сынады. Олимпиада нәтижесімен ауыр атлетикадан Александр Зайчиков қола жүлдені иеленді. Еркін күрестен Ғалымжан Өсербаев 5-орынды еншіледі.
Олимпиада ойындарына қатысудан жақсы тәжірибені біздің таэквондошымыз Айнұр Есбергенова жинап қайтты.
Норвегияда өткен Қысқы жасөспірімдер Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан Элизабет Тұрсынбаева қола медальды жеңіп алды.
2016 жылы Қазақстан Республикасы чемпионаттарында, республикалық және халықаралық чемпионаттарда облыс спортшылары 203 алтын, 203 күміс және 289 қола медаль иеленген болса, Азия және әлем чемпионаттарында 17 алтын,13 күміс,17 қола медальді иеленді.
Сонымен қатар, 1 – Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген спорт шеберi, 8 – ҚР халықаралық дәрежедегi спорт шеберi, 75 – ҚР спорт шебері, 3 – ҚР еңбек сiңiрген жаттықтырушысы, 639 ҚР спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалып, еліміздің Ұлттық құрама командасына спорт түрлерінен облыстың 395 спортшысы енді.
Сондай-ақ, «Қайсар» футбол клубы Премьер-лигаға жолдама алды.
2016 жылы Орталық стадионның қосалқы футбол алаңына қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Сонымен қатар, облыста қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында шорт-трек бөлімшесі ашылып, қазіргі таңда 42 бала шұғылдануда.
Жастар саясаты
2016-2017 жылдарға арналған Қызылорда облысында жастар саясатын дамытудың «Жол картасы» аясында 18 әлеуметтік жобаны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 80 млн теңгеден аса қаржы бөлінді.
Тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан күндізгі бөлімде білім алатын 3 214 студентке қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.
2016 жылы жастар ресурстық орталығында 45 мыңнан астам жасты қамтыған 1612 әртүрлі іс-шара өткізілді.
Аталған орталық 48 бос орындар жәрмеңкесін өткізіп, нәтижесінде «Жас құрылысшылар» еңбек отрядтарына 344 адам жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ, 1000-нан астам жасты қамтыған «Жасыл ел» еңбек отрядтары жұмыс жасауда.
Қоғамдық маңызды шаралар
2016 жылдың басты оқиғасы – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы.
Облыста Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын ұйымдастыру жөніндегі жұмыс тобы құрылып, 1071 іс-шарадан тұратын облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді. Барлық жоспарланған іс-шаралар орындалды.
Сондай-ақ, 370 тармақтан құралған «Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің – 25 негізі» 25 жұлдызды күндер облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді.
25 жұлдызды күндерді тойлау аясында облыс бойынша 1212 іс-шара өткізілді (214 – қоғамдық-саяси, 85 – ақпараттық-бейне, 162 – ғылыми-ағартушылық, 90 – спорттық, 557 – мәдени, 104 – әлеуметтік-экономикалық). Әсіресе, бұлардың ішінде «Болашағымыз бірлікте» атты облыстық патриоттық форумы, «Тәуелсіздік және Әбіш Кекілбаев әлемі» республикалық ғылыми конференциясы, «Мәңгілік ел мұраты – Тәуелсіздік» XII- облыстық жастар форумын ерекше атап өтуге болады.
«Тәуелсіздік құрдастары» жастардың жоғары буындарымен кездесуі, «Біз – Ұлы Даланың ұрпағымыз!» жастар флешмобы өтті.
Қазақ күресінен халықаралық турнир, облыстық олимпиадалар, «25 игі іс» тұрмысы төмен халықты әлеуметтік қолдау бойынша акциялар өткізілді.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің апта сайынғы жәрмеңкелері, ҚР Тұңғыш Президентінің күніне арналған салтанатты шаралар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, «Тәуелсіздік тартуы» телекөпірі, орталық мемлекеттік органдары өкілдерінің қатысуымен болған салтанатты жиын мен мерекелік концерттер де жоғары деңгейде өткізілді.
Достарыңызбен бөлісу: |