Ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы № 76 қаулысы.
Мәтін
Ресми жарияланым
Ақпарат
Өзгерістер тарихы
Сілтемелер
Көшіру
Басқа
"Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" 2015 жылғы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
|
|
Премьер-Министрі
|
К.Мәсімов
|
|
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 18 ақпандағы
№ 76 қаулысымен
бекітілген
|
Ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидалары
1-бөлім. Жалпы ережелер
1. Ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" 2015 жылғы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 14-бабының 8) тармақшасына сәйкес әзірленді және ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу тәртібін айқындайды.
Ішкі мемлекеттік аудит мынадай өзара байланысты кезеңдерден тұрады:
1) тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде мемлекеттік аудитті ұйымдастыруды көздейтін мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастыру;
2) жекелеген мемлекеттік аудитті жоспарлау және оны жүргізу;
3) ішкі мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша шешімдер қабылдау және құжаттар жасау.
2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аудиторлық іс-шара – ішкі мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша есептер мен қорытындыларды дайындауға, жүргізуге, ресімдеуге бағытталған іс-қимылдар кешені;
2) аудиторлық рәсімдер – аудит бағдарламасына сәйкес аудиторлық іс-шара барысында жүзеге асырылатын, аудиторлық іс-шара мақсаттарына қол жеткізу үшін қажет іс-қимылдар;
3) аудиторлық дәлелдемелер – мемлекеттік аудиторлардың жұмыстағы бұзушылықтардың және (немесе) кемшіліктердің бар немесе жоқ екенін анықтауына негіз болатын, заңдылығы, анықтығы және қолжетімділігі ескерілген нақты деректер, сондай-ақ аудиторлық есепте жазылған фактілерді растайтын өзге материалдар;
4) ішкі мемлекеттік аудит – мемлекеттік аудит объектісінің Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген тікелей және түпкі нәтижелерге қол жеткізуін, қаржылық және басқарушылық ақпараттың сенімділігі мен анықтығын, мемлекеттік органдар қызметін ұйымдастырудың ішкі процестерінің тиімділігін, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын, мемлекет активтерінің сақталуын талдау, бағалау және тексеру;
5) мемлекеттік аудит тобы – екі және одан көп мемлекеттік аудитор, оның ішінде мемлекеттік аудит тобының басшысы, сондай-ақ қажет болған кезде тиісті бейіні бойынша тартылған сарапшылар;
6) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау материалдары – мемлекеттік аудит жүргізу үшін қажет құжаттар, сондай-ақ олардың нәтижелері бойынша жасалған құжаттар және қоса берілетін аудиторлық дәлелдемелер;
7) ішкі мемлекеттік аудит ауқымы – мәселелер тізбесі, ішкі мемлекеттік аудит жүргізу кезеңі мен мерзімі;
8) ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары (бұдан әрі – ішкі мемлекеттік аудит органдары) – ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) және оның аумақтық бөлімшелері, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ішкі аудит қызметін қоспағанда, орталық мемлекеттік органдардың ішкі аудит қызметтері, орталық мемлекеттік органдар ведомстволарының (құрылған болса) ішкі аудит қызметтері және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының ішкі аудит қызметтері (бұдан әрі – ішкі аудит қызметтері);
9) нұсқама – Қазақстан Республикасының заңнамасын анықталған бұзушылықтарды және (немесе) оларға ықпал ететін себептерін, жағдайларды жою, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарымен осы бұзушылықтарға жол берген адамдарға көзделген жауапкершілік шараларын қабылдау үшін мемлекеттік аудит объектілеріне жіберілетін орындауға міндетті уәкілетті органның және оның аумақтық бөлімшелерінің актісі;
10) ішкі мемлекеттік аудит жүргізу жоспары (бұдан әрі – аудит жоспары) – объектінің атауын, мемлекеттік аудит ауқымын, мақсатын, нысанасы мен түрін, оның ішінде қажетті еңбек ресурстарын қоса алғанда, аудитті жоспарлау процесінде туындайтын басым бағыттарды және мәселелерді қамтитын мемлекеттік аудит объектісін алдын ала зерделеу деректерінің негізінде әзірленген құжат;
11) ішкі мемлекеттік аудит жүргізу бағдарламасы (аудит бағдарламасы) – ішкі мемлекеттік аудитке жататын мәселелер тізбесін қамтитын әрбір мемлекеттік аудит объектісі бойынша жеке жасалатын егжей-тегжейлі әзірленген құжат;
12) мемлекеттік аудит тобының жетекшісі – ішкі мемлекеттік аудит органының басшысы айқындайтын мемлекеттік аудит тобын басқаратын мемлекеттік аудитор;
13) аудиторлық іс-шараға жауапты тұлға – ішкі мемлекеттік аудитті ұйымдастыруды және жүргізуді бақылау жөніндегі міндеттер жүктелген ішкі мемлекеттік аудит органының лауазымды адамы;
14) қаржылық есептілік – мемлекеттік аудит объектілерінің қаржылық жағдайы, қызметінің қаржылық нәтижелері мен қаржылық жағдайының өзгерістері туралы ақпарат, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, оның нысандары мен көлемдерін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын басқа ұғымдар Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде, Заңда және Қазақстан Республикасының өзге заңнамасында айқындалатын мәндерде қолданылады.
4. Қазақстан Республикасының арнайы мемлекеттік органдарында мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау Республикалық бюджетің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетімен (бұдан әрі – Есеп комитеті) және уәкілетті органмен келісу бойынша осы органдардың бірінші басшылары айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Аудиторлық іс-шараларды жүргізу кезінде мемлекеттік аудиторлар, сондай-ақ тартылатын сарапшылар, мемлекеттік органдардың мамандары, аудиторлық ұйымдар (бұдан әрі – сарапшылар) Заңда белгіленген құзыретке сүйене отырып, жалпы, рәсімдік стандарттарды және осы Қағидаларды басшылыққа алады.
6. Ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау мемлекеттік басқару жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады және бюджет қаражатын, мемлекет және квазимемлекеттік сектор активтерін пайдаланғаны үшін айқындылықты, тиімділікті, жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
7. Ішкі мемлекеттік аудит тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі (бұдан әрі – мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі) негізінде жүргізіледі.
8. Мемлекеттік аудит тобының құрамында аудиторлық іс-шара өткізуге қатысатын ішкі мемлекеттік аудит органдарының қызметкерлері, мемлекеттік аудит тобының және аудиторлық іс-шара өткізуге қатысатын мемлекеттік аудиторлардың басшысы, сондай-ақ қажет болған кезде сарапшы(лар) болады.
9. Уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері мемлекеттік аудиттің мынадай түрлерін жүзеге асырады:
1) қаржылық есептілік аудиті – мемлекеттік аудит объектісі қаржылық есептілігінің, бухгалтерлік есебінің және қаржылық жай-күйінің анықтығын, негізділігін бағалау;
2) сәйкестік аудиті – мемлекеттік аудит объектісінің Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын, сондай-ақ оларды іске асыру үшін қабылданған квазимемлекеттік сектор субъектілерінің актілерін сақтауын бағалау, тексеру.
10. Ішкі аудит қызметтері мынадай мемлекеттік аудит түрлерін жүзеге асырады:
1) тиімділік аудиті – мемлекеттік аудит объектісінің қызметін тиімділік, үнемділік, өнімділік және нәтижелілік нысанына бағалау және талдау;
2) сәйкестік аудиті – мемлекеттік аудит объектісінің Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын, сондай-ақ оларды іске асыру үшін қабылданған квазимемлекеттік сектор субъектілерінің актілерін сақтауын бағалау, тексеру.
11. Қаржылық есептілік аудитінің, сәйкестік аудиті мен тиімділік аудитінің ерекшеліктерін (ішкі мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттары) Есеп комитетімен келісу бойынша уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
12. Ішкі мемлекеттік аудит шеңберінде ішкі мемлекеттік аудит органдары мынадай тексерулер жүргізеді:
1) үстеме тексеру – тексеріліп отырған мәселе шеңберінде негізгі мемлекеттік аудит объектісімен өзара қатынастар мәселелері бойынша ғана жүргізілетін, үшінші тұлғаларды тексеру. Үшінші тұлғалар ретінде бюджетке түсетін түсімдерді қалыптастыруға қатысатын және (немесе) бюджет қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, байланысты гранттарды, мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыздарды пайдаланатын, сондай-ақ мемлекеттік мүлікті басқару мен пайдалануды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар болуы мүмкін;
2) бірлескен тексеру – мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарымен және (немесе) мемлекеттік органдармен келісілген мерзімдерде бірыңғай бағдарлама және мемлекеттік аудит тобы шеңберінде бірлесіп жүргізілетін тексеру, оның нәтижелері бойынша бірыңғай қорытынды құжат қабылданады;
3) қатар тексеру – кейіннен тексерулер нәтижелерімен алмаса отырып, басқа мемлекеттік органдармен келісілген мәселелер мен жүргізу мерзімдері бойынша дербес жүргізілетін тексеру.
13. Уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және мемлекеттік мекемелердің қаржылық есептілігінің жыл сайынғы аудитін;
2) мыналардың:
бюджеттік инвестициялық жобалардың сметалық құнының ұлғаюына байланысты шығыстардың;
Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмалары, депутаттық сауалдар бойынша, сондай-ақ бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган ақпараттық жүйелерінің деректері мониторингінің нәтижелері бойынша республикалық және жергілікті бюджеттер қаражатын, кредиттерді, байланысты гранттарды, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, сондай-ақ мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыздарды, мемлекет және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін пайдаланудың;
мемлекеттік-жекешелік әріптестікті іске асыру мақсаттары, бюджеттік кредиттер беру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелердің, оның ішінде мемлекеттік концессиялық міндеттемелердің, мемлекеттік кепілдіктердің және мемлекет кепілгерліктерінің атқарылуын қаржыландыру, сондай-ақ оларды пайдалану үшін объектілерді беру шарттары мен рәсімдерінің сақталуының;
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген жағдайларда, мемлекеттік қарыздарды беру, пайдалану шарттары мен рәсімдерінің сақталуының;
тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік мүлік, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік, аудиторлық қызмет туралы заңнамаларының сақталуының сәйкестік аудитін жүргізеді.
14. Ішкі аудит қызметі:
1) қаржылық есептілік аудитін жүргізуге қатысады;
2) мемлекеттік органда, оның аумақтық бөлімшелерінде, ведомстволық бағынысты ұйымдарында олардың қызметінің барлық бағыттары бойынша тиімділік аудитін жүргізеді;
3) мемлекеттік органның ішкі процестерінің (бизнес-процестерінің) тәуекелдерін басқару жүйесі негізінде мемлекеттік органда, оның аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарында ішкі бақылау және басқару жүйесінің жұмыс істеуін бағалауды жүзеге асырады;
4) бюджет шығыстарымен өзара байланыста мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының және аумақтарды дамыту бағдарламаларының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуін талдайды;
5) мемлекеттік органда, оның аумақтық бөлімшелерінде және ведомстволық бағынысты ұйымдарында сәйкестік аудитін жүргізеді;
6) мемлекеттік сатып алуды жүргізу және шарт талаптарының, оның ішінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің мерзімі, көлемі, бағасы, саны және сапасы бойынша орындалу рәсімдерінің сәйкестік аудитін жүргізеді;
7) тиісті мемлекеттік органда тауар-материалдық запастардың және өзге активтердің сақталуын тексеруді жүзеге асырады.
15. Ішкі мемлекеттік аудит органдары мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді талдауды, қорытындылауды және жүйелендіруді жүзеге асырады.
2-бөлім. Тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыру
16. Мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыру жалпы және рәсімдік стандарттарға, 2015 жылғы 27 қарашадағы № 590 Есеп комитетінің нормативтiк қаулысымен және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің бұйрығымен бекітілген тәуекелдерді басқару жүйесіне бірыңғай қағидаттар мен ұстанымдарға, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 597 бұйрығымен бекітілген Тәуекелдерді басқарудың үлгілік жүйесіне (бұдан әрі – ТБҮЖ), 2015 жылғы 27 қарашадағы № 589 Есеп комитетінің нормативтiк қаулысымен және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының өзара іс-қимыл жасау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
ТБҮЖ негізінде ішкі мемлекеттік аудит органдары Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, жүктелген функциялар мен өкілеттіктерге сәйкес өзінің тәуекелдерді басқару жүйесін әзірлейді және бекітеді.
17. Мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыру мынадай қағидаттарға сәйкес жүйелі тәсілдерге негізделеді:
1) жиынтықтылық (алдыңғы кезеңнен аяқтау рәсімдеріне дейін тізбені қалыптастырудың барлық кезеңдерінің өзара байланысы мен келісімділігін қамтамасыз ету);
2) үздіксіздік;
3) объективтілік.
18. Мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі мемлекеттік аудит объектісінің атауын, аудит түрін, аудит жүргізу мерзімдерін қамтиды.
19. Уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыру кезінде Қазақстан Республикасы Президентінің, ол уәкілеттік берген Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Қазақстан Республикасының Үкіметі тұлғаларының тапсырмалары, депутаттық сауалдар, прокуратура және қылмыстық қудалау органдарының сұрау салулары міндетті түрде қаралуға және есепке алынуға жатады.
20. Мемлекеттік аудит объектілерінің тізбелерін қалыптастыру үшін ішкі мемлекеттік аудит органдары мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау материалдарын, есептілікті Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі бірыңғай дерекқорда орналастырады, сондай-ақ келісілген мерзімдерде басқа мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарымен мемлекеттік аудит объектілерінің тізбелері бекітілгенге дейін олар туралы ақпарат алмасуды жүзеге асырады.
21. Уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелері мемлекеттік аудит объектілерінің тізбелерін және мемлекеттік аудитпен қамтылатын бюджет қаражаты мен активтердің көлемдерін келіседі, сондай-ақ сыртқы мемлекеттік аудит органдарымен бірлескен, қатар тексеру жүргізу мәселелерін пысықтайды.
22. Тиісті қаржы жылына мемлекеттік аудит объектілерінің тізбелерін уәкілетті органның, оның аумақтық бөлімшелерінің басшылары немесе ішкі аудит қызметі құрылған мемлекеттік органның басшысы не тиісті мемлекеттік органның жұмыс регламентінде көзделген тәртіппен оларды алмастыратын тұлғалар бекітеді.
Уәкілетті органның және оның аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік аудит объектілерінің тізбелері әзірленеді және жоспарланған жылдың алдындағы жылдың 10 желтоқсанына дейін бекітіледі және күнтізбелік үш күн ішінде ішкі аудит қызметтеріне жіберіледі.
Ішкі аудит қызметтерінің мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі әзірленеді және уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік аудит объектілерінің тізбелерін есепке ала отырып, жоспарланған жылдың алдындағы жылдың 20 желтоқсанына дейін бекітіледі және күнтізбелік үш күн ішінде уәкілетті органға жіберіледі.
Мемлекеттік аудит объектілерінің бекітілген тізбелері, сондай-ақ оларға өзгерістер олар бекітілген күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде құпиялық, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге құпиялық режимін есепке ала отырып, ішкі мемлекеттік аудит органдарының интернет-ресурсында орналастырылады.
23. Уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері мемлекеттік аудит объектілерінің тізбелері бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оны Есеп комитетіне, тексеру комиссияларына, құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органға, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне жібереді.
24. Уәкілетті органның және оның аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік аудит объектілерінің тізбелеріне өзгерістер енгізу негіздерін растайтын құжаттар (материалдар) қоса беріле отырып, мемлекеттік аудит объектілерін алып тастау бөлігінде оларға өзгерістер енгізуге жол беріледі.
Ішкі аудит қызметтері мемлекеттік аудит объектілерінің тізбелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу негіздерін растайтын құжаттар (материалдар) қоса беріле отырып, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол беріледі.
25. Ішкі мемлекеттік аудит органдары тұрақты негізде мемлекеттік аудит объектілерінің бекітілген тізбесінің орындалу мониторингін жүргізеді.
26. Уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері тоқсан сайынғы негізде Есеп комитетінің және тексеру комиссияларының мемлекеттік аудит объектілері тізбелерінің өзгерістерін мониторингтеуді жүргізеді.
27. Есепті кезең қорытындысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит органының бірінші басшысына мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін орындау туралы ақпарат беріледі.
28. Уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері жоспардан тыс аудитті:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмалары бойынша;
2) бюджеттік инвестициялық жобалардың сметалық құнының ұлғаюына байланысты мәселелер бойынша;
3) анықталған бұзушылықтар фактілері бойынша тексерулер бөлігінде тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның ақпараттық жүйелері деректерінің мониторингі нәтижелері бойынша;
4) жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жүргізеді.
Заңның 15-бабының және Қағидалардың осы тармағының ережелерін қоспағанда, Есеп комитеті тиісті жылға бекіткен мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне енгізілген мемлекеттік аудит объектілерінде жоспардан тыс мемлекеттік аудит жүргізуге жол берілмейді.
3-бөлім. Жекелеген ішкі мемлекеттік аудитті жоспарлау тәртібі және оны жүргізу
1. Аудиторлық іс-шара кезеңдері
29. Аудиторлық іс-шараны ұйымдастыру әрқайсысы белгілі бір міндеттердің орындалуымен сипатталатын мынадай кезеңдерді қамтиды:
1) дайындық;
2) негізгі;
3) қорытынды.
30. Мемлекеттік аудит объектілерін алдын ала зерделеу, аудит жоспарын және бағдарламасын, аудиторлық нұсқауларды жасау, тексеру тағайындау туралы акті болып табылатын аудиторлық іс-шара, үстеме, бірлескен және қатар тексерулер жүргізуге тапсырманы (бұдан әрі – аудиторлық іс-шара жүргізуге тапсырма), аудиторлық іс-шара жүргізуге аудиторлық тапсырманы (бұдан әрі – аудиторлық тапсырма) жасау ішкі мемлекеттік аудит жүргізудің дайындық кезеңі болып табылады.
Аудиторлық іс-шараны жүргізу ішкі мемлекеттік аудит жүргізудің негізгі кезеңі болып табылады.
Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша шешім қабылдау және құжаттарды жасау ішкі мемлекеттік аудит жүргізудің қорытынды кезеңі болып табылады.
2. Мемлекеттік аудит объектілерін алдын ала зерделеу
31. Мемлекеттік аудит объектісінің қызметін алдын ала зерделеу аудиторлық іс-шарамен қамтылатын қаражат пен активтердің көлемін, мемлекеттік аудит жүргізу мерзімін нақтылау, мемлекеттік аудит мәселелерін айқындау үшін жүргізіледі.
32. Мемлекеттік аудит түріне қарай мынадай көрсеткіштер ескеріледі:
1) тиімділік – алынған нәтижелердің жоспарланғанға, оларға қол жеткізу үшін пайдаланылған ресурстар ескерілген арақатынасы;
2) үнемділік – қызметтің бағаланатын нәтижелерінің тиісті сапасын сақтай отырып, осы нәтижелерге қол жеткізу үшін бөлінген ресурстардың құнын барынша азайту;
3) өнімділік – санын, сапасын және мерзімдерін ескеріп бөлінген ресурстарды пайдалана отырып, экономика немесе жекелеген басқару саласы үшін барынша пайдалы нәтиже алу;
4) нәтижелілік – әрбір қызмет бойынша белгіленген міндеттердің іске асырылу деңгейі және тиісті қызметтің жоспарлы (тікелей, түпкілікті) және нақты нәтижелерінің арақатынасы;
5) мәнділік – мемлекеттік аудит объектісі қаржылық және шаруашылық операцияларын жасауы кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасы нормаларының, оларды іске асыру үшін қабылданған квазимемлекеттік сектор субъектілері актілерінің талаптарынан ауытқу, сондай-ақ ең жоғары жол берілетін мөлшері мемлекеттік аудит объектісі қызметінің ерекшелігіне және көрсеткіштер санатына қарай Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасына сәйкес айқындалатын, қабылданатын шешімдерге ықпал ететін өзге де қателер;
6) перспективалық – жүргізілген шығыстардың межелі күтілетін кезеңге қойылған мақсаттар мен міндеттерге сәйкестігі.
33. Аудит түріне және аудиторлық іс-шара мақсаттарына қарай мемлекеттік аудит объектісінің қызметі туралы ақпаратты талдау және бағалау негізінде алдын ала бағалау барысында осы Қағидалардың 32-тармағында көзделген мемлекеттік аудит көрсеткіштерінен басқа мынадай көрсеткіштер ескеріледі:
1) тәуекелдердің болуы және дәрежесі – тексерілетін салада және (немесе) мемлекеттік аудит объектісінің қызметінде бюджет қаражатын және активтерді қалыптастыру мен пайдалану кезінде мемлекеттік органның өз мақсаттарына қол жеткізуіне әсер ететін қандай да бір факторларды (әрекеттерді немесе оқиғаларды) айқындау және болуын растау;
2) мемлекеттік аудит объектісін тиімді басқаруға қол жеткізу үшін мемлекеттік аудит объектісінің басшысы қабылдайтын шаралар мен рәсімдер жүйесінің (ішкі бақылау жүйесі) мемлекеттік аудит объектісінде болуы және оның ахуалы – Заңда көзделген ішкі бақылау жүйесін және оның құрауыштарын ұйымдастыру тиімділігін алдын ала талдауды және оның дәрежесін бағалауды жүргізу, оның нәтижелері бойынша ішкі бақылау жүйесінің қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді қамтамасыз ету жүйесінің қабілеті айқындалады.
34. Мәнділік және аудиторлық тәуекел көрсеткіштерінің есебі ішкі мемлекеттік аудиттің тиісті рәсімдік стандарттарында айқындалады.
35. Жиналатын ақпарат мемлекеттік аудит объектілерінің қызметін нормативтік құқықтық реттеу, оның ұйымдық құрылымы, мақсаттары, міндеттері және күтілетін нәтижелері, олардың есептілік тетіктері және ішкі бақылаудың бар жүйелері, бар тәуекелдер және ішкі мемлекеттік аудит мақсаттары үшін қажет өзге мәселелер жөніндегі деректерді қамтиды.
Ақпарат көздері:
1) алдыңғы, оның ішінде басқа мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары тексерулерінің нәтижелері мен материалдары;
2) бюджет процесіне қатысушылар есептерінің материалдары;
3) бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның ақпараттық жүйелерінің деректері;
4) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары үйлестіру кеңесі отырыстарының материалдары;
5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және өзге атқарушы билік органдары отырыстарының материалдары;
6) Қазақстан Республикасының өкілді және атқарушы билік органдарының өтініштері;
7) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының өтініштері;
8) бұқаралық ақпарат құралдарының материалдары;
9) жеке және заңды тұлғалардың өтініштері;
10) өзге көздер болуы мүмкін.
36. Мемлекеттік аудит тобы аудиторлық іс-шараға дайындық кезеңінің мерзімі басталғаннан бастап бес жұмыс күні ішінде:
1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері үшін, осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес ішкі аудит қызметтері үшін мәселелердің болжамды тізбесіне сәйкес мемлекеттік аудит объектісінің қызметін алдын ала зерделеу үшін ақпарат көздерін талдауды жүргізеді;
2) қолжетімді көздерден, Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі бірыңғай дерекқордан ақпарат жинақтауды жүзеге асырады және мемлекеттік аудит объектісін алдын ала зерделеу үшін қосымша мәліметтер, ақпараттар, құжаттар (материалдар) сұратады.
37. Осы Қағидалардың 32-35-тармақтарында көрсетілген, мемлекеттік аудит объектісінің бюджет қаражатын және ішкі активтерді қалыптастыруын және пайдалануын сипаттайтын ақпараттар мен көрсеткіштердің жиынтығын талдау және бағалау нәтижелері бойынша мемлекеттік аудит органдары:
1) аудиторлық іс-шара барысында қамтуға жататын мәселелерді мемлекеттік аудиторлар арасында, бірлескен және қатар тексеру жүргізген жағдайда – мемлекеттік органдар мен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары арасында бөледі;
2) үстеме тексеру объектілерін айқындайды;
3) мемлекеттік аудит жүргізуге тартылатын сарапшыларды және оларға тапсыру үшін жоспарланатын мемлекеттік аудиттің нақты мәселелерін айқындайды;
4) режимдік объектілерде мемлекеттік аудит жүргізген жағдайда рұқсаттар алу мәселелерін пысықтайды.
38. Белгілі бір аудиторлық іс-шараны мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесінен алып тастау қажет болған жағдайда аудиторлық іс-шараны жүргізуге жауапты тұлға ішкі мемлекеттік аудит органының басшысына тиісті негіздемесімен қызметтік жазбаны енгізеді.
39. Осы Қағидалардың 38-тармағында көзделген қызметтік жазбаны қарау қорытындылары бойынша ішкі мемлекеттік аудит органының басшысы мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесінен аудиторлық іс-шараны алып тастау туралы шешім қабылдайды.
Достарыңызбен бөлісу: |