8. Қатар тексеруді жүзеге асыру
96. Мемлекеттік аудит органдарының басқа мемлекеттік органдармен қатар тексеру жүргізуі әрбір мемлекеттік орган дербес бекіткен мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі негізінде келісілген мәселелер мен жүргізу мерзімдері бойынша жүзеге асырылады.
97. Қатар тексеру жүргізуге дайындық мемлекеттік аудит объектілері тізбесінде көзделген мерзімдерге сәйкес жүргізіледі.
98. Мемлекеттік аудит тобының басшысы және қатысушылары ақпарат жинауды және алдын ала зерделеу жүргізу мерзімінен бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік аудит объектілеріне жетпейтін ақпаратты ұсынуға арналған сұрау салуды жібереді.
99. Мемлекеттік аудит органдары қатар тексеруге қатысқан мемлекеттік органдармен бірлесіп алдын ала зерделеу қорытындысы бойынша қатар тексеру жоспарының жобасын жасайды. Қатар тексеру мен аудиторлық тапсырма бағдарламалары қатар тексеру жүргізуге қатысатын мемлекеттік органдарға жіберіледі. Мемлекеттік органдар бойынша тексерілетін мәселелер тізбесін бөлу тексеру басталғанға дейінгі кемінде бес жұмыс күні бұрын жүзеге асырылады.
100. Қатар тексеру жүргізуге қатысатын мемлекеттік органдар мәселелер тізбесі, мемлекеттік аудит объектілері негізінде жоспар мен бағдарлама жобаларын әзірлейді, бұл ретте аудиторлық іс-шара басталғанға дейін кемінде бес жұмыс күні бұрын келісу үшін жіберілетін тексерудің қосымша мәселелерін қоса отырып, негізгі тексерілетін тізбені кеңейтуге жол беріледі.
101. Қатар тексеру жоспарын, бағдарламасын және аудиторлық тапсырмаларды әр тарап өз бетінше (тексеру объектілерінің, бюджеттік бағдарламалар мен активтердің атауын, тексеру мәселелерін көрсете отырып) қатар тексеру басталғанға дейін екі жұмыс күні бұрын бекітеді.
102. Қатар тексеру жүргізу үшін негіз болып табылатын құжаттарды әрбір мемлекеттік орган өз бетінше ресімдейді.
103. Қатар тексеру әрбір тараптың мемлекеттік аудиттің жекелеген тобын қалыптастыру арқылы оны өткізу мерзімдерін келісе отырып жүргізіледі.
104. Мемлекеттік аудитті жүргізуге жауапты лауазымды адамдар, қатар тексеру тобының қатысушылары:
1) қатар тексеру жүргізу барысында туындайтын мәселелерді талқылай отырып, жұмыс кеңестерін;
2) консультацияларды;
3) әдістемелік және талдамалық құжат алмасуды жүргізеді.
105. Мемлекеттік аудит топтарының басшылары қатар тексеру жүргізу барысы (тексеру мәселелерінің толық қамтылуы, туындаған проблемалар) мен тексерудің алдан ала нәтижелері туралы ақпарат алмасады.
106. Әрбір тарап қатар тексеру жүргізу кезінде аудиторлық есептерді, олардың нысаны мен мазмұнына қойылатын мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары бекіткен талаптарға сәйкес дербес ресімдейді.
107. Аудиторлық есепке жазбаша қарсылықты тексеру жүргізген мемлекеттік орган қарайды. Тексеру объектісіне жауапты қол қойылған аудиторлық есеп ұсынылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жазбаша қарсылық келіп түскен мемлекеттік орган жібереді.
108. Мемлекеттік аудит органдары және (немесе) мемлекеттік органдар ЭҚАБЖ және пошта арқылы қағаз түрінде, сондай-ақ Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау бойынша бірыңғай дерекқорға тиісті ақпаратты орналастыру арқылы қатар тексеру қорытындысы бойынша нұсқамалар тармақтарының іске асырылу барысы туралы бірін бірі хабардар етеді.
4-бөлім. Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша шешім қабылдау және құжаттарды жасау тәртібі
1. Аудиторлық есептерді жасау және ресімдеу
109. Аудиторлық іс-шараның нәтижелері бойынша:
1) қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есеп – мемлекеттік аудитті тікелей жүргізген мемлекеттік аудиторлар жасаған, қаржылық есептіліктің анықтығы, сондай-ақ бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау тәртібінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы жазбаша нысанда білдірілген пікірді қамтитын құжат;
2) аудиторлық есеп – мемлекеттік аудитті тікелей жүргізген мемлекеттік аудиторлар жасаған, белгілі бір уақыт кезеңі үшін жүргізілген сәйкестік аудитінің нәтижелерін қамтитын құжат ресімделеді.
110. Мемлекеттік қаржылық есептілік аудитінің нәтижелері бойынша:
1) елеулі қателер болмаған кезде – қаржылық есептілік жөніндегі оң аудиторлық есеп;
2) елеулі қателер анықталған кезде – қаржылық есептілік жөніндегі ескертпесі бар аудиторлық есеп қабылданады.
Мемлекеттік аудит объектісінде бухгалтерлік есеп жүргізілмеген не бухгалтерлік құжаттар жоғалған жағдайларда ішкі мемлекеттік аудит органының басшысы:
1) мемлекеттік аудит объектісінің басшысына және мемлекеттік аудит объектісіне басшылықты немесе оны басқаруды жүзеге асыратын жоғары тұрған органға осы жұмыстың аяқталу мерзімін айқындай отырып, мемлекеттік аудит объектісінде бухгалтерлік есепті қалпына келтіру туралы талаппен нұсқама жібереді;
2) мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне тиісті өзгерістер енгізе отырып, мемлекеттік аудитті уақытша тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды. Бұл ретте мемлекеттік қаржылық есептілік аудитінің нәтижелері бойынша мемлекеттік аудитор пікірін білдіруден бас тарта отырып, қаржылық есептілік бойынша аудиторлық есепті береді.
111. Мемлекеттік аудит жүргізілген мемлекеттік аудит объектілерінің әрқайсысы бойынша аудиторлық іс-шара нәтижелері осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес аудиторлық есеппен және осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есеппен ресімделеді.
112. Аудиторлық есептің немесе қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есептің құрылымы аудит бағдарламасында көрсетілген барлық мәселелердің толық көрініс табуын, дұрыстығын, онда жазылған мәліметтердің объективтілігін қамтамасыз етуі тиіс.
113. Аудиторлық есеп немесе қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есеп аудит бағдарламасы мәселелерінің және аудиторлық тапсырмалардың тізбесімен қатаң сәйкестікте жасалады. Анықталған жетіспеушіліктер мен бұзушылықтар аудиторлық есептегі жазулардың дұрыстығын растайтын құжаттардың түпнұсқаларының деректемелеріне, сондай-ақ ережелері бұзылған нормативтік құқықтық актілердің баптарына, тармақтары мен тармақшаларына қажетті сілтемелерді көрсете отырып, объективті және дәл сипатталады.
Егер аудиторлық іс-шара мәселесі бойынша жетіспеушіліктер мен бұзушылықтар анықталмаған болса, мемлекеттік аудитор:
1) аудиторлық есепте немесе қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есепте анықталған жетіспеушіліктер мен бұзушылықтардың жоқтығын көрсете отырып, аудиторлық іс-шара нәтижелерін көрсетеді;
2) аудиторлық есепке немесе қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есепке деректемелерін көрсете отырып, мемлекеттік аудит жүргізілген құжаттардың тізбесін қоса береді.
114. Әрбір бұзушылық фактісі, сондай-ақ анықталған жетіспеушіліктер бұзушылықтың сипаты мен түрі сипаттала отырып, дәйекті тәртіппен нөмірленеді және тіркеледі. Бұзушылық сипаттамасында бұзушылықтарды растаушы құжаттарға сілтеме жасалады.
115. Аудиторлық есепке немесе қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есепке олардың ажырамас бөлігі болып табылатын мынадай аудиторлық дәлелдемелер қоса беріледі:
1) мемлекеттік аудит объектісінің мәліметтерді, ақпараттарды, құжаттарды (материалдарды) ұсынуы жөніндегі талап;
2) мемлекеттік аудиторлар қол қойған және осы Қағидаларға 13-қосымшаға сәйкес жасалған аудиторлық іс-шара нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар мен жетіспеушіліктер тізілімі (бұдан әрі – тізілім);
3) құжаттардың төлнұсқалары немесе белгіленген тәртіппен расталған көшірмелері, кестелер, сондай-ақ қажет болған кезде анықтамалар, бұзушылық фактілерін бейнелейтін фотосуреттер;
4) функционалдық және лауазымдық міндеттеріне сүйене отырып, жол берілген бұзушылықтарға қатысы бар тұлғалардың жазбаша түсініктемелері;
5) бақылау өлшемдерінің (қарап тексеру) актілері (олар жасалған жағдайда);
6) зерттеулердің (сынақтардың), сараптамалардың қорытындылары, хаттамалардың көшірмелері, аудиторлық іс-шара нәтижелерімен байланысы бар басқа да құжаттар немесе олардың көшірмелері (олар жасалған жағдайда);
7) сарапшылардың (тартылған жағдайда) сараптамалық қорытындылары;
8) мемлекеттік көрсетілетін қызметті алушылардың қанағаттануы тұрғысынан халық арасындағы сауалнама нәтижелері (қажет болған кезде);
9) ақы төлеу фактісін растайтын құжаттар (көшірмелері) (аудиторлық іс-шара барысында қаражаттың орнын толтырған (қалпына келтірген) жағдайда):
төлем тапсырмалары (төлеуге берілетін шоттар, түбіртектер, чектер және (немесе) басқалар);
ведомостер, ордерлер, нарядтар;
10) талдамалық материалдар мен тиімділік аудиті кезінде мемлекеттік аудит объектісі қызметіндегі бұзушылық және жетіспеушілік фактісін растайтын материалдар.
Аудиторлық есепке немесе қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есепке қоса берілетін құжаттардың көшірмелері белгіленген тәртіппен, уәкілетті лауазымды адамдардың қол қоюымен, мөрімен немесе (болған жағдайда) мемлекеттік аудит объектісінің мөртаңбасымен расталады. Аудиторлық есепте немесе қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есепте олардың реттік нөмірі, парақ саны көрсетіле отырып, қосымшаларына сілтемелер көрсетіледі.
116. Аудиторлық есепке немесе қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есепке тиісті құжаттармен расталмаған фактілерді, тұжырымдарды енгізуге жол берілмейді.
117. Аудиторлық есепте немесе қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есепте жазылған бұзушылықтарды растайтын құжаттардың болмауы мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылаудың жалпы стандарттары мен ішкі мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылаудың тиісті рәсімдік стандарттарын бұзу болып табылады.
118. Аудиторлық есеп немесе қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есеп екі данада жасалады, оған аудиторлық іс-шараны жүзеге асырушы мемлекеттік аудиторлар, тартылған жағдайда сарапшылар қол қояды және мемлекеттік аудит объектісінің лауазымды адамына танысу үшін:
1) жүргізу мерзімі он бес жұмыс күнін құрайтын аудиторлық іс-шаралар бойынша – мемлекеттік аудит объектісіндегі аудиторлық іс-шара аяқталғанша кемінде бір жұмыс күнінен кешіктірмей (үстеме тексерулердің аудиторлық есептерін, бақылау өлшемдерінің (қарап тексерулерінің) актісін қоспағанда);
2) мерзімі он бес жұмыс күнінен асатын аудиторлық іс-шара жүргізілген жағдайда – мемлекеттік аудит объектісіндегі аудиторлық іс-шара аяқталғанша кемінде үш жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынылады.
119. Аудиторлық есептің немесе қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есептің барлық беттеріне мемлекеттік аудиторлар және мемлекеттік аудит объектісінің лауазымды адамы қол қояды.
120. Аудиторлық іс-шара нәтижелерімен келіспеген кезде аудиторлық есепке немесе қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есепке мемлекеттік аудит объектісінің басшысы қарсылықтардың бар екені туралы ескертпемен қол қояды.
Аудиторлық есепке немесе қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есепке жазбаша қарсылықтар қол қойылған аудиторлық есеп ұсынылған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде ішкі мемлекеттік аудит органдарына жіберіледі.
121. Аудиторлық есепке немесе қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есепке мынадай:
1) қол қойылған аудиторлық есеп немесе қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есеп ұсынылған күннен бастап он жұмыс күн өтіп кеткеннен кейін келіп түскен;
2) қарсылықсыз қол қойылған аудиторлық есепке немесе қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есепке келіп түскен;
3) мемлекеттік аудит объектісінің лауазымды адамының бас тартуы салдарынан қолы қойылмаған аудиторлық есепке немесе қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есепке келіп түскен қарсылықтар қарауға жатпайды.
122. Уәкілетті органның және оның аумақтық бөлімшелерінің аудиторлық есепке немесе қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есепке келіп түскен қарсылықтары осы Қағидалардың 5-бөлімінің 2-параграфында айқындалған тәртіппен қаралады.
123. Аудиторлық есепке немесе қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есепке келіп түскен қарсылықтар мен оларға уәжделген жауаптар міндетті түрде аудиторлық іс-шара материалдарына қосылады.
124. Мемлекеттік аудит объектісінің басшысы аудиторлық есеппен немесе қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есеппен танысудан бас тартқан кезде мемлекеттік аудитор мемлекеттік аудит объектісі лауазымды адамының қол қоюдан бас тартуы туралы аудиторлық есепте немесе қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есепте тиісті жазба жүргізеді.
125. Мемлекеттік аудитор аудиторлық іс-шара аяқталғаннан кейін немесе іссапардан келген күнінен бастап бір жұмыс күні ішінде аудиторлық іс-шара материалдарын, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілерінің қарсылықтарын (болған кезде), тізімдемеде құжаттардың атаулары мен парақ сандарын көрсете отырып, жинақтау папкасына қалыптастырады.
2. Аудиторлық қорытындыны, ішкі аудит нәтижелері туралы есепті жасау және ресімдеу
126. Уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері жүргізген мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша аудиторлық қорытынды ресімделеді, ол аудиторлық есептер және (немесе) қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есептер негізінде жасалатын, тұжырымдар мен ұсынымдарды қамтитын, аудиторлық іс-шара үшін жауапты тұлғаның қолы қойылатын және осы Қағидаларға 14-қосымшаға сәйкес нысан бойынша уәкілетті орган, оның аумақтық бөлімшелері басшысының бұйрығымен бекітілетін құжат болып табылады.
Ішкі аудит қызметі жүргізген мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктер бойынша тұжырымдарды, жұмыс тиімділігін арттыру, мемлекеттік аудит объектісі қызметінің тікелей және түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізу мақсатында ішкі рәсімдерді, қағидаларды, процестерді жақсарту бойынша ұсынымдарды қамтитын осы Қағидаларға 15-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ішкі аудит нәтижелері туралы есеп ресімделеді.
Ішкі аудит нәтижелері туралы есеп, бюджетке өтеуді қамтамасыз ету арқылы, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету, тауарларды жеткізу және (немесе) анықталған бұзушылық сомаларын есепке алу бойынша көрсету және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту жолымен бұзушылықтардың жойылғаны туралы шешімнің жобасын енгізе отырып, орталық мемлекеттік органның бірінші басшысына немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкіміне және ішкі мемлекеттік аудит бойынша уәкілетті органға ұсынылады.
127. Уәкілетті орган жүргізген аудиторлық іс-шараның нәтижелері бойынша, аудит материалдарының сапасына бақылау жүргізілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде аудит тобының жетекшісі аудиторлық қорытындының және нұсқаманың жобасын дайындайды.
Аудиторлық қорытындыға және нұсқамаға осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен мемлекеттік аудит объектісінің қаралмаған және сапа бақылауымен расталмаған арсылықтары бар бұзушылық фактілерін енгізуге жол берілмейді.
Ішкі аудит нәтижелері туралы есепке ішкі аудит қызметі қарамаған мемлекеттік аудит объектісінің қарсылығы бар бұзушылықтар және жетіспеушілік фактілерін енгізуге жол берілмейді.
Мемлекеттік аудит объектісінен қарсылықтар келіп түскен жағдайда аудиторлық септе немесе қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есепте көрсетілген бұзушылықтардың анықталған күні қарсылықты қарау нәтижелері бойынша шешім қабылдау туралы құжаттың күні болып есептеледі.
128. Аудиторлық қорытындыда, аудиторлық есепте көрсетілген бұзушылықтардың, жетіспеушіліктердің құжаттармен және сапаны бақылаумен расталған, анықталған фактілері қорытындыланады, жүйелендіріледі және қысқаша нысанда, сондай-ақ сарапшылардың қорытындыларының нәтижелері (болған кезде) көрсетіледі.
129. Аудиторлық қорытындыда мемлекеттік аудит объектісі қызметінің тиімділігін арттыру және жетілдіру үшін мемлекеттік аудит объектісі бойынша тұжырымдар (қаржылық есептіліктің дұрыстығы мен заңнама нормаларының талаптарына сәйкестігі туралы) мен ұсынымдар жекелеген тармақтармен жазылады.
130. Аудиторлық қорытындыда аудиторлық іс-шараны жүргізу барысында мемлекеттік аудит объектісі өтеген және қалпына келтірген (жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету, тауарлар беру және (немесе) анықталған бұзушылық сомаларын есеп бойынша көрсету жолымен) қаражат, қаржылық бақылаудың ұсынылатын ден қою шаралары және мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада көзделген шаралар туралы ақпарат көрсетіледі.
131. Аудиторлық қорытындыны уәкілетті органның, оның аумақтық бөлімшелерінің басшылары бекіткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ол мемлекеттік аудит объектісіне жіберіледі.
Ішкі аудит нәтижелері туралы есеп, оны орталық мемлекеттік органның бірінші басшысы немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі қараған және тиісті шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік аудит объектісіне жіберіледі.
132. Уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері аудиторлық қорытынды бекітілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органға электрондық ақпараттық есепке алу құжатын – хабарлама-талон береді.
3. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау материалдары бойынша есептілік
133. Аудиторлық іс-шараны өткізу барысында немесе аудиторлық қорытындыны уәкілетті орган, оның аумақтық бөлімшелері бекіткеннен кейін бес жұмыс күні ішінде аудит тобының жетекшісі және (немесе) аудиторлық іс-шараны өткізген мемлекеттік аудитор мемлекеттік аудит материалдарын Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі бірыңғай дерекқорға және уәкілетті органның ақпараттық жүйесіне енгізеді.
134. Ішкі аудит қызметі ішкі аудит нәтижелері туралы есепті жасағаннан кейін бес жұмыс күні ішінде аудит тобының жетекшісі немесе аудиторлық іс-шараны өткізген мемлекеттік аудитор мемлекеттік аудит материалдарын Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі бірыңғай дерекқорға және уәкілетті органның ақпараттық жүйесіне енгізеді.
135. Мемлекеттік құпияларды қамтитын аудиторлық іс-шара материалдары Қазақстан Республикасында құпиялық режимін қамтамасыз ету жөніндегі заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес есепке алынады және сақталады.
136. Ішкі аудит қызметтері уәкілетті органға ішкі аудит қызметінің жұмысы туралы есепті Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыну үшін уәкілетті орган бекіткен тәртіппен жүргізілген мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі есепті ақпаратты жібереді.
137. Уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері бұқаралық ақпарат құралдарында ақпарат түрінде ішкі мемлекеттік аудит нәтижелерін, оның ішінде уәкілетті органның сайтында құпиялылық режимін, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның қамтамасыз етілуін ескере отырып, жариялауды қамтамасыз етеді.
4. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелері бойынша қабылданатын құжаттар мониторингі
138. Аудиторлық іс-шараға жауапты лауазымды адам тұрақты және жүйелі негізде мыналардың:
1) аудиторлық қорытындыда берілген ұсынымдарды қарау нәтижелері туралы ақпараттың және мемлекеттік аудит объектісі және өзге мүдделі мемлекеттік органдар жіберетін растаушы құжаттардың толықтығына және уақтылығына;
2) міндетті түрде орындау үшін жіберілген нұсқамалардың орындалуы мен мемлекеттік аудит объектісі және (немесе) өзге мүдделі мемлекеттік органдар жіберген растаушы құжаттардың толықтығына және уақтылығына;
3) аудиторлық қорытынды мен ішкі аудит нәтижелері туралы есепте берілген ұсынымдарды қарау нәтижелері туралы ақпараттың және мемлекеттік аудит объектісі және өзге мүдделі мемлекеттік органдар жіберетін растаушы құжаттардың толықтығына және уақтылығына мониторингті жүзеге асырады.
139. Аудиторлық қорытынды мен ішкі аудит нәтижелері туралы есепте берілген ұсынымдарды қарау нәтижелері, сондай-ақ нұсқамалардың орындалуы туралы ақпаратты мемлекеттік аудит объектісі және өзге де мүдделі тұлғалар растау құжаттарын қоса бере отырып, тиісті құжаттарда көрсетілген мерзімдерде мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарына жібереді.
140. Аудит тобының жетекшісі мемлекеттік аудит объектісінен ақпаратты (растаушы құжаттарды) алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік аудит объектісінің ұсынымдар мен нұсқамаларды орындау толықтығына талдау жүргізеді.
Ұсынымдар мен нұсқамалар толық орындалған жағдайда осы Қағидаларға 16-қосымшаға сәйкес Аудиторлық іс-шараның аяқталғаны туралы анықтама жасалады.
141. Мемлекеттік аудит объектісі нұсқаманы көрсетілген мерзімде орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда аудит тобының жетекшісі немесе мемлекеттік аудитор нұсқамада көрсетілген мерзім аяқталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ӘҚБК-де көзделген шаралар қабылдайды.
5-бөлім. Қорытынды ережелер
1. Қаржылық бақылауды жүзеге асыру
142. Қаржылық бақылауды Мемлекеттік аудит туралы заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде белгіленген құзыреті шегінде бюджетке өтеуді қамтамасыз ету, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету, тауарлар беру жолымен қалпына келтіру және (немесе) анықталған бұзушылықтар сомасын есепке алу бойынша көрсету, нұсқамаларды орындау және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту арқылы ішкі мемлекеттік аудит органдары жүзеге асырады.
143. Мемлекеттік қаржылық бақылаудың ден қою шаралары:
1) барлық мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және лауазымды адамдардың орындауы үшін міндетті нұсқама шығару;
2) ӘҚБК көзделген құзырет шегінде әкімшілік іс жүргізуді қозғау;
3) мемлекеттік аудит объектісі лауазымды адамдарының әрекеттерінде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайларда, материалдарды тиісті аудиторлық дәлелдемелерімен бірге құқық қорғау органдарына немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғауға және (немесе) қарауға уәкілеттік берілген органдарға беру;
4) бюджетке өтеуді қамтамасыз ету, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету, тауарлар беру және (немесе) анықталған бұзушылықтар сомасын есепке алу бойынша көрсету жолымен қалпына келтіру және нұсқамаларды орындау мақсатында, міндеттемелері толық көлемде және тиісінше орындалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұза отырып жасалған мемлекеттік сатып алу туралы күшіне енген шарттарды жарамсыз деп тану туралы сотқа қуыным беру болып табылады.
Ішкі аудит қызметтері осы Қағидалардың 3) тармақшасында көзделген ден қою шараларын жүзеге асырады.
144. Сыныптауышта көзделген бұзушылықтар немесе өзге де бұзушылықтар нықталған жағдайда мемлекеттік аудит объектілері мен басқа да мемлекеттік органдардың орындауы үшін міндетті құжат болып табылатын нұсқама жасалады.
Нұсқама осы Қағидаларға 17-қосымшаға сәйкес ресімделеді.
145. Нұсқамада бюджетке өтелуге жататын бұзушылықтардың сомалары бойынша түсімдер коды, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету, тауарларды жеткізу және (немесе) анықталған бұзушылықтардың сомаларын есеп бойынша көрсету, сондай-ақ кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту жолымен бұзушылықтардың сомаларын қалпына келтіру қажеттілігі көрсетіледі.
146. Нұсқама аудиторлық қорытынды бекітілгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік аудит объектісіне жіберіледі.
147. Уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшелері енгізген нұсқаманың күшін жою, өзгерту немесе тоқтата тұру туралы мүдделі тұлғалардың жоғарғы тұрған мемлекеттік органға не сотқа өтініш беруі оның қолданылуын тоқтата тұрмайды.
148. Ішкі мемлекеттік аудит органдары мемлекеттік аудит объектісінің лауазымды адамдарының іс-әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін анықтаған жағдайларда, тиісті аудиторлық дәлелдемелері бар материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі.
Берілетін материалдарда:
1) уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің басшысы немесе ішкі аудит қызметі құрылған мемлекеттік органның басшысы қол қойған бұзушылық фактілері туралы ілеспе хат;
2) мемлекеттік аудит объектісінің басшысы қол қойған аудиторлық есептердің көшірмелері;
3) анықталған фактілерге жататын аудит материалдарына қосылған аудиторлық дәлелдемелердің, мемлекеттік аудит объектісі қызметкерлерінің жазбаша түсініктемелерінің және қарсылықтарының (болған кезде) көшірмелері қамтылуы тиіс.
Уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері мен құқық қорғау органдары тиісті құқық қорғау органына берілген аудит материалдарының қозғалысы туралы тоқсан сайын салыстырып тексеру жүргізеді.
149. Ішкі мемлекеттік аудит органдары мемлекеттік аудит объектісінің лауазымды адамдарының іс-әрекеттерінде әкімшілік құқық бұзушылықбелгілерін анықтаған жағдайларда, тиісті аудиторлық дәлелдемелері бар материалдар әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғауға және (немесе) қарауға уәкілетті органдарға жіберіледі.
Берілетін материалдарда:
1) ішкі аудит қызметі құрылған мемлекеттік органның басшысы қол қойған бұзушылық фактілері туралы ілеспе хат;
2) мемлекеттік аудит объектісінің басшысы қол қойған аудиторлық есептердің көшірмелері;
3) анықталған фактілерге жататын аудит материалдарына қосылған аудиторлық дәлелдемелердің, мемлекеттік аудит объектісі қызметкерлерінің жазбаша түсініктемелерінің және қарсылықтарының (болған кезде) көшірмелері қамтылуы тиіс.
150. Уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшелері бюджетті жоспарлау бөлігінде анықталған бюджет заңнамасын бұзушылық фактілері туралы ақпаратты бюджетті жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға тиісінше жұмыстарында басшылыққа алу үшін жібереді.
151. Ішкі мемлекеттік аудит органдарының, мемлекеттік аудит объектілерінің іс-әрекеттеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |