жат жазу;
қысқаша өздік жұмыс;
жазбаша бақылау жұмысы;
зертханалық бақылау жұмысы;
өтілген тақырып бойынша ауызша сынақ.
Қысқаша өздік жұмыс. Жұмыстың бұл түрінде оқушыларға өзінің дәйекті жауабын беретіндей сұрақтардың тобы беріледі. Берілетін сұрақтардың үлгісі ретінде оқушының білімін анықтайтын теориялық сұрақтар, берілген тақырып бойынша оның біліктілігін анықтайтындай есеп шығару; нақты құбылысты тану біліктілігін көрсететіндей немесе тұжырымдар бере алатындай нақты жағдайлар; сонымен қатар нақты жағдайларды ғылыми деректер мен түсініктер тұрғысынан модельдеуге арналған тапсырмалар беріледі.
Өздік жұмысқа ұзақ уақытты талап етпейтін, жаңа ұғым жасауға арналмаған барлық іс әрекет түрін қамтитын тапсырмалар беріледі. Бақылаудың мұндай түрін орындағанда оқушы өздік жұмыс жоспарын ойластырып, сол жоспар бойынша әрекет етеді, сонымен қатар өз ой түйіні мен шешімін жасайды. Жат жазуды орындағанға қарағанда, бұл бақылау жұмысын орындауға көп уақыт кетеді.
Жазбаша бақылау жұмысы. Мектеп тәжірибесінде көп қолданылатын бақылаудың түрі. Дәстүрлі бақылау жұмысы тақырып пен тарауларды оқытқаннан кейін оқушының бойында қалыптасқан білім мен біліктілікті, түрлі есептер мен тапсырмаларды орындау мүмкіндігін, жеткен соңғы нәтижесін анықтауды мақсат етеді. Жазбаша бақылаудың мазмұнын тест, эксперименттік тапсырмалар құрауы мүмкін. Сөйтіп құрылған бақылау жұмысы арқылы оқушының білімі мен біліктілігінің шағын көлемін анықтауға болады. Тақырып бойынша тапсырмаларды орындауда эксперименттік есептер мен жаттығулар орындайды. Тарау оқытылып болғаннан кейін оқушының білімі мен біліктілігін бақылау мақсатында жүргізілетін болса, «бақылау жұмысы» деген ұғым кеңейтіліп, онда орындалатын тапсырмалар кеңейтіліп, түрлендіріліп бірнеше тапсырмалар топтамасы түрінде қолданылуы мүмкін. Бақылау жұмысының нұсқаларының түрлілігі әлі де даулы мәселе. Қазіргі мектептерде бақылау жұмысының 2, 4, 6, 8 нұсқасы қолданылады. Бұл мәселе әр оқушының дербес жұмысын ұйымдастыру үстінде мұғалімнің өз біліктілігіне байланысты шешіледі. Бақылау жұмысының құрамына дидактикалық талдау жасай келе, оны информатика пәнінде пайдаланудың мынадай тиімді ұстанымын атап өтуге болады:
оқушы білімді қаншалықты толық меңгергендігін анықтауға болады;
тапсырмалардың күрделілігі әр түрлі болады: бұл мұғалімнің оқушы білімді қаншалықты толық меңгергенін анықтауына жағдай туады. Егер тапсырманы кімде кім орындай алмаса, онда орындауға қажетті ақпаратты қандай деңгейде меңгергендігін, тақырыпты меңгеру мүмкіндігінің қандай дәрежеде екендігін көруге болады;
орындалуы күрделендірілген тапсырмалар болып кіруі мүмкін. Оларды орындау міндетті болмауы керек, бірақ оны орындаған оқушы қосымша көтеріңкі баға алады, ал мұғалім бағдарлама талаптарына міндетті түрде кірмейтін оқушы білімі мен біліктілігін айқындап алуға мүмкіндік алады;
бақылау жұыстарының құрамына тек қана есептеу тапсырмалары ғана емес, мысалы, үдерісті графикалық түрде сипаттауды немесе нақты жағдайдағы құбылысқа талдау жасауды талап ететін сапалық тапсырмалар да кіреді.
Бақылаудың жазбаша түріне бақылау жұмыстары, диктанттар, рефераттар, карточкалар бойынша жауап беру, тәжірибе жұмыстары, сынақ, емтихан жатады.
Білім беру жүйесінде емтихандық жазба жұмыстары ең жиі қолданылатын бақылау құралы болып табылады. Барлық зерттеулерде бірауыздан дәстүрлі жазбаша білімді бақылаудың әділдігі, нақтылығы, сенімділігі жеткіліксіз екені және сыныптан сыныпқа, пәннен пәнге өткен сайын баға ауқымында айтарлықтай айырмашылықтар пайда болатыны дәлелденді. Жазба жұмыстарының әділдігі жеткіліксіз екенін көрсеткен зерттеулердің қорытындысын жалпылай келе, барлық пән бойынша емтихан жұмысының бағасына мыналар әсер ететінін көреміз: 1) жазба жұмысының сыртқы түрі; 2) бағалаудың реті; 3) сыналушы туралы белгілі болған ақпараттың сипаты; 4) грамматикалық қателері; 5) қолтаңба; 6) оқушыға көзқарас; 7) сыныптың үлгерім деңгейіне қатысты бағалаудың салыстырмалы жүйесі. Жазба жұмыстарының сенімділігі мен нақтылығын зерттеу де жағымсыз қорытынды береді. Баға қойғанда, мұғалім сапаның абсолюттік ауқымына емес, сынып үлгеріміне бағдарланған жеке сапа ауқымын алады. Оқушының біліміне алған бағасы оның білімінің сапасы емес, бүкіл сыныпқа қойылатын бағаға және сонымен қатар оқушыны бағалаушы мұғалімге де тәуелді болады. К.Ингенкамп өзінің зерттеуінде бір пәннің өзі, егер ол мектепте негізгі болмаса, әр түрлі бағаланатынын, яғни пәннің “қиындығы” оның мазмұнына тәуелді емес екендігін дәлелдейді.
Зертханалық бақылау жұмыстары. Тақырыпқа сай оқулықтағы немесе оған сәйкестендірілген тапсырманың үлгісі. Ол бір эксперименттерді шешуге, ғылыми фактілер мен құбылыстарды елестету арқылы орындауға арналады. Зертханалық жұмыс – бақылаудың ерекше түрі. Оны орындау оқушыдан тек білім қорын қажет етіп қана қоймай, жаңа жағдайда өз білімі мен біліктілігін шеберлікпен қолдана білуді талап етеді. Жаңа жағдайда жинақтылықты қажет етеді.
Зертханалық жұмыс оқушының танымдық белсенділігін арттырады. Өз қолымен істеген жұмысты дәптеріне түсіріп орындау оқушының ынтасын арттырып, белсенділігін жетілдіреді.
Тақырып бойынша ауызша сынақ. Бұл жоғары сыныптағы бақылаудың негізгі түрінің бірі. Оның артықшылығын мынадан көруге болады: оқушының білімі мен біліктілігін кешенді түрде нақтылауға мүмкіндік береді. Оқу үстінде зертханалық жұмыс, тапсырманы орындап, мұғаліммен өз білгені туралы пікірлеседі. Мұғаліммен ауызша пікірлесу оқушының дүниетанымының қалыптасуын бақылауға, білімдегі олқылықтарды білуге, курс бойынша түсініксіз мәселелерді анықтауға болады. Бұл жағдай сынақ алудың басқа түрінен артықшылығын көрсетеді. Бұл бақылаудың неғұрлым дараландырылған үлгісі болып табылады. Мұғалім осы жүргізілген бақылаудың нәтижесінде әр жеке тұлға қандай білім мен біліктілікке назар аудару қажеттігін анықтайды. Әр оқушыға өзіне тән тапсырма бере алады. Сынақ алу ұзақ уақытты талап етеді, сондықтан тақырыпты жақсы меңгерген топты одан босатуды жөн санайды. Тақырып бойынша сынаққа әзірлеудің, оны өткізудің ұстанымы:
сынақ алуға кемінде 2 сағат бөлінуі керек;
сынақтың өтетіні оқушыларға алдын ала хабарланады, тақырыпты бастамас бұрын сынақтың уақытын хабарлап, оның билеттеріне кіретін теориялық сұрақтармен таныстырады;
теориялық сұрақтардың жиыны 20-дан артпайды;
сынақтың осындай күрделі жағдайын ескере отырып, сынақты жоғары сыныптарда ғана өтуі құпталады.
Тақта алдында оқушыдан ауызша сұрау кең таралған, тексерілетін тақырыптың көлеміне қарай және қойылатын мақсатқа сай әр түрлі ұйымдастырылатын бақылау түрі. Бақылау мақсатының қойылуына қарай, мынадай жағдайларды бөліп көрстеуге болады: үй тапсырмасының орындалуын тексеру, жаңа өтілген сабақты меңгеруін бақылау, жаңа білімді игеру деңгейін анықтау. Ауызша тексеру әдісі екі бөліктен, тексеру сұрақтары мен тапсырмаларын құрудан, оқушылардың қойылған сұрақтарға берген жауаптарынан тұрады.
Ауызша тексеру тәсілдері сабақтың әр түрлі кезеңінде қолданыла береді. Тәсілді таңдау сабақтың мақсаты мен логикалық жүйесіне қатысты болады.
Ауызша түріне жататындар: тақта алдында сұрау, жаппай (фронтальді) сұрау, көзбен шолып бақылау (ескерту, талқылау, баяндамалар), оқушылардың өзара бақылауы, сынақ, емтихан.
Барлық ресми емтихандарда бақылаудың ауызша түрі маңызды роль атқарады. Соған қарамастан ол бақылаудың аз зерттелген түрі болып табылады, өйткені ауызша жауап ұзақ уақыт бойы оны қайтадан талдауға мүмкіндік беретін түрде бейнеленбей келді.
Білім беруде ауызша сұрау үлкен роль атқарады, ол мұғалімге оқушыларды өз ойын айтуға үйретуге мүмкіндік береді. Оқушы өз ойын сауатты түрде айтып үйреніп, сонымен қатар ойлай білуге де үйренеді. Соған орай, ауызша бақылау мәселесін көтергенде мыналарды ескеру керек:
1) жауапта барлық маңызды нәрселер айтылды ма;
2) оқулыққа не қосылды;
3) баяндау реті;
4) ой түйіндерінің дәйектілігі; қорытындының дұрыстығы;
5) оқушының сөйлеуі.
Оқушы жауабының мынадай жобасын ұсынуға болады:
1) не туралы сөз болуда;
2) не алынуы керек;
3) бұл қалай алынады.
Тестік бақылау. «Тest» - ағылшын сөзі, байқау, сынау деген мағына білдіреді.
Дамыған елдер мектептеріне тест енгізіп, оны жетілдіру, тез қарқынмен дамыды. Мектеп үлгерімін анықтау үшін ұқсас үлгіден дұрыс жауапты тану, қалған әріпті, цифрды, сөзді, формуланың бөлігін толықтыру үлгісіндегі тестер мен диагностикалық тестер кең етек алды.
Орындалуы жеңіл осындай тапсырмалар арқылы көптеген статистикалық материалдар жинақталды, оларды математикалық өңдеу арқылы тестік тексерудің алдындағы міндеттер анықталды. Тестер қазір жинақ түрінде баспадан шығып, оқулыққа қосымша электрондық дискі түрінде таратылады
Достарыңызбен бөлісу: |