28
Осы бапқа сәйкес кәмелетке толмаған адамды толық әрекетке қабілетті деп
жариялау (эмансипация) оның заңды өкілдерінің келісімімен қорғаншы және
қамқоршы органның шешiмi бойынша не ондай келiсiм болмаған жағдайда
соттың шешiмi бойынша жүргiзiледi. Бұл ретте эмансипацияланған кәмелетке
толмаған адам Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде ие болу
үшiн жас шектеуi белгiленген құқықтар мен мiндеттердi қоспағанда, азаматтық
құқықтарға ие болады және мiндеттердi (оның iшiнде өзiнiң зиян келтiруi
салдарынан туындаған мiндеттемелер бойынша) мойнына алады. Заңды өкiлдер
эмансипацияланған кәмелетке толмаған адамның мiндеттемелерi бойынша
жауапты болмайды.
АК-нің 17-бабы азаматтың өз әрекеттерiмен азаматтық құқықтарға ие
болуға және оны жүзеге асыруға, өзi үшiн азаматтық, оның ішінде кәсіпкерлік
қызметке байланысты мiндеттерді алып, оларды орындауға құқығы оның толық
әрекетке қабілеттілігінің туындауына тәуелді етеді. Осымен қатар, АК-нің 22-1-
бабы кәмелетке толмаған азаматтың толық әрекетке қабілеттілігін жариялау
шартымен оның еңбек қызметін және кәсіпкерлік қызметпен айналысуын
белгілейді. Біздің пікіріміз бойынша, осы және басқа нормалардың құрылымы
мүлдем мінсіз деп айтуға келмейді.
1. РФ АК сияқты, ҚР АК-нің бірде бір нормасы кәмелетке толмаған
адамның қай жастан бастап кәсіпкерлік қызметпен айналысуға болатынын
тікелей белгілемейді, бұл өз кезегінде осы ережені түсінуде кейбір
қиындықтарға әкеп соқтырады. С.Э. Жилинскийдің пікірі бойынша, азамат дара
кәсіпкерлікпен 14 жасқа толған кезден бастап айналыса алады. Бұл ретте автор:
«14 жасқа толған кәмелетке толмаған адам да кәсіпкер бола алады. Алайда ол
үшін олардың заңды өкілдерінің келісімінің қажеттігі әлсіз жұбаныш» - деп
өкінішпен атап өтеді [6, 134 б.]. Бұл ретте автор 14 пен 18 жас аралығындағы
кәмелетке толмаған адамдар ата-анасының, асырап алушыларының немесе
қамқоршыларының келісімімен мәмілелер жасасуға құқығы көрсетілген АК-нің
22-бабы (РФ АК 26-бабы) ережесіне сүйенеді.
В.С. Белых болса, өзге пікірге келеді, ол 16 мен 18 жас аралығындағы
кәмелетке толмаған адамдар ата-анасының, асырап алушыларының немесе
қамқоршыларының келісімімен ғана кәсіпкерлік қызметпен айналыса алады деп
көрсетеді [14, 134 б]. Бұл ретте ол РФ АК-нің 27-бабы 1-тармағына (ҚР АК-нің
22-1-бабы - эмансипация) сілтеме жасайды. Біздің көзқарасымыз бойынша,
В.С. Белыхтың ұстанымы қолайлырақ, дегенмен, АК-нің 22-1-бабының (РФ
АК-нің 27-бабы) мәні жоғарыда көрсетілген жас туралы болжауға ғана
мүмкіндік береді.
Осы мәселе бойынша И.В. Амирханованың ұстанымын аса атап өткен жөн.
Ол «әрекетке қабілетсіз және шектеулі әрекетке қабілетті 14 жасқа дейінгі
кәмелетке толмаған адамдардың кәсіпкерлігіне тыйым салуды» ұсынады. Оның
пікірінше, ҚР заңнамасы коммерциялық өкілдік институты арқылы әрекетке
қабілетсіз адамдардың кәсіпкерлігіне жол береді, бұл ретте автор Дания мен
Финляндия заңнамасына сілтеме жасайды. Практикада белгілі бір адамның
кәсіпкерлік істі ұйымдастыру кезінде одан істі басқаратын адамды тауып, ол
арқылы бар қаражатын іске салу ғана талап етіледі, деп жалғастырады
29
И.В.Амирханова. Басқарушы кәсіпкерлік істі өзі ұйымдастырады. Нақтырақ
айтқанда, бүкіл қызмет кәсіпкердің жеке қабілеттерін емес, атын ғана
пайдалана отырып жүзеге асырылады [2, 12 б., 6, 105-107 б.].
Бір қарағанда, бәрі де қисынды секілді, алайда автор ең бастысын
ескермеді: кәсіпкерлік қызмет кәсіпкердің атынан, оның тәуекел етуімен және
мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылады. Коммерциялық өкілдік шартын
жасасу және сенімхат беру үшін де (АК-нің 166-бабы) кәсіпкер әрекетке
қабілеттілігіне ие болуға тиіс. Мұндай адамға кем дегенде 14 жасқа толған
немесе сот әрекетке қабілетсіз деп танымаған жеке тұлғаны жатқызуға болады.
Осылайша, ҚР заңнамасы бойынша 14 жасқа толмаған немесе әрекетке
қабілетсіз деп танылған адам кәсіпкерлік қызметпен айналыса алмайды.
2. Бір жағынан, кәсіпкерлік қызмет және, екінші жағынан, жеке азаматтық-
құқықтық мәміле мен еңбек келісімшарты бойынша жұмыс арасында теңдік
белгісін қоюға болмайды. Біздің ойымызша, мәселе мынада. Заңды өкілдердің
келісімі болса да 14 пен 18 жас аралығындағы кәмелетке толмаған адамның
жасасқан азаматтық-құқықтық мәмілесінің (бір жолғы болып табылатын) осы
қарастырылып отырған кәмелетке толмаған адамның еңбек келісімшарты
бойынша орындайтын жұмысының және кәсіпкерлік қызметтің сипаты мен
құқықтық мазмұны бойынша айырмашылығы бар.
Бұл мүліктік жауапкершілік бөлігінде аса айқын көрінеді. АК-нің 10-
бабында кәсiпкерлiк қызмет кәсiпкердiң тәуекел етуiмен және мүлiктiк
жауапкершiлiгiмен жүзеге асырылады деп анық жазылған. Шарттық
міндеттемелер бойынша осы ережені дамыту үшін АК кәсіпкерлік қызметпен
айналысатын адамға біршама жоғары жауапкершілік белгілейді (АК-нің 359-
бабының 2-тармағы), егер мiндеттемеде кәсiпкердiң тапсырысы бойынша
әлдебiр жұмысты орындау көзделсе, жұмыстың нәтижесiн пайдаланудың
мүмкiн еместiгi немесе оны пайдаланудың тиiмсiз болу тәуекелiн (кәсіпкерлік
тәуекел) кәсiпкерге жүктейдi (АК-нің 360-бабы).
Оған қоса, жалпы қағида бойынша он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi
кәмелетке толмағандардың зиянды өтеу үшiн жеткiлiктi мүлкi немесе өзге кiрiс
көздерi болмаған жағдайда (деликт міндеттемелері), зиянды толық немесе оның
жетпей тұрған бөлiгiн оның ата-анасы (асырап алушылары) немесе
қамқоршысы өтеуге тиiс болса (АК-нің 926-бабы), кәмелетке толмаған жеке
кәсіпкер үшін оның заңды өкілдері мұны жасауға міндетті емес. Өйткені,
жоғарыда көрсетілгендей, АК-нің 10-бабында «кәсіпкерлік қызмет кәсіпкердің
мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылатыны» нақты белгіленген.
АК-нің 19-бабы 4-1-тармағында;
«Қызметкерлердiң еңбегiн тұрақты негiзде пайдаланбайтын жеке тұлға
Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген мынадай
табыстарды алу кезiнде дара кәсiпкер ретiнде тiркелмеуге құқылы:
1) төлем көзiнен салық салынатын табыс;
2) мүлiктiк табыс;
3) өзге де табыстар.» - деп көрсетілген.
Тиісінше, дара кәсіпкер мәртебесі табыс алу мақсатында қызметтің кейбір
түрлерімен айналысу үшін міндетті шарт болып табылмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |