4.3
Әдеби тілдің жазбаша және ауызша түрлері мен нормалары
Әдеби тілдің ауызша нормалары. Қазақ әдеби тілі ауызша және
жазбаша түрде қызмет ететіні белгілі. Әдеби тілдің жазба түрімен
байланысты оның жазу нормалары қалыптасты. Сырт қарағанда, ауызша тіл
мен жазба тілдің еш айырмасы жоқ, айырма тек біреуінің естуге (аудиалды),
екіншісі көруге (визуалды) негізделген, яғни бірінде дыбыс толқыны,
екіншісі қағаз бетіндегі таңбалар жүйесі тәрізді материалдық негізінде ғана
сияқты. Ал, расында, айырма тереңде, астыртта жатыр. Ол – тілдік
құралдарды талғап, таңдау және қалай қолдану дегенге саяды. Мысалы,
ауызша тілдің интонациялық құралдары беретін мән-мағына, интонациялық
бедерді беруде қаламның мүмкіндігі шектеулі. Жазба тілдегідей ойды елеп-
екшеуде, сол екшеуден өткен ойды объективтендіруде ең керекті-ау деген
тілдік құралдарды, бірліктерді талғап, таңдауға келгенде микрофон
алдындағы сөйлеушінің мүмкіндігі қалам ұстағандағыдай емес. Қалам
«иесінің» жазылған сөзге қайта оралып, ойын дәлдеп, сөзін ұштап жатуға
мүмкіндігі бар, ал микрофон «иесінің» ондай мүмкіндігі жоқ. Аса күрделі
ойды ауызша сөзде күрделенген сөйлемдермен емес, қысқа құрылымды,
ықшам құрылымдармен жеткізу орынды көрінеді. Кейбір стандартты
құрылымдар, тұрақты тіркестер, сөздер мен формалардың ауызша сөзде
қолданылу мүмкіндігі тым төмен болады. Оларды мән берместен ауызша
сөзде қолдану сөзді жасандылау етіп көрсетеді.
Әдеби тілдің ауызша жүйесі мен жазбаша жүйесінің ара жігін біліп
қолданудың сөз мәдениеті үшін принципті мәні бар. Өйткені бұл екі жүйе
бір-бірімен тығыз байланысты. Екеуінің де өзегі ортақ, яғни көптеген
қосымша, сөз, сөйлем құрылымы екеуіне де ортақ. Алайда мұндай
ортақтыққа қарап, ауызша тіл мен жазба тілдің сыртқы-ішкі айырмалары
елеусіз екен деуге болмайды.
Жазба тілдің өзіне тән жүйесі бар. Жазудың негізгі мақсаты
дыбысталған сөзді айна-қатесіз қағазға түсіру емес немесе транскрипциялау
емес, ой мен сезімді дәл, тиімді жеткізу. Жазудың жүйесі осы мақсатты
жүзеге асыруға бағынады.
Жазылған сөзді, яғни жазба кодты оқырман ешбір қиындықсыз тануға,
«кілтін» ашуға тиіс. Оқырманның көзшалымына оңтайлы болу жағы
көзделеді. Сондықтан көп жағдайда сөздің жазылуы мен дыбысталуы сәйкес
келе бермейді.
Жазуда сөз мағынасын ажырата алатын қабілеті бар дыбыстар
белгіленеді, ал олардың дыбыстық қоршауға тәуелді түрлері еленіп-ескеріле
бермейді:
ба [с] шы, (ба [ш] шы
емес); кез келді
(кезгелді емес);
мұ [ж]
арғыш
(мұзжарғыш)
;
қара ала (қарала емес), қалааралық (қаларалық емес).
Бұл сөздерді айтылуынша таңбалау, яғни
башшы, мұжжарғыш, қарала,
қалалық
деп жазу көзшалымына азды-көпті қиындық туғызары сөзсіз.
Жазылған сөзді танудағы автоматизмді баяулатады. Сондықтан қазіргі жазу
сөздің негізгі дыбыстық (фонемалық) құрамын сақтап жазу қағидасын негізге
алады.
Ал жазудың дәл осы қағидатын ауызша сөзде қолдану, яғни микрофон,
экраннан естілер сөзде қолдану қатеге саяды. Сондықтан әлгідей сөздер
керісінше,
ба [ш] шы (басшы емес); кез [г] елді (кез келді емес); мұ [ж]
жарғыш (мұзжарғыш емес); қарала (қара ала емес); қаларалық (қала аралық
емес)
түрінде дыбысталады.
Әдеби тілдің ауызша нормасынан уәжсіз, мақсатсыз ауытқулардың
салдарынан айтылған сөздің мағынасы тыңдаушы үшін бұлыңғыр тартып,
тілдік қарым-қатынасқа қаяу түседі, бұл – бір. Екіншіден, дыбысталған
сөздің өзіндік үйлесімі, ырғағы, әуені, әуезі болуға тиіс. Бұлар, бір жағынан,
айтылған ойға, мағынаға қатысты болса, екінші жағынан, естір құлаққа
жағымды болады, естіген құлақтың айызы қанатындай болады. Сондықтан
сөз аралығындағы дыбыстарды ықпалдастырып, сындырып айтудың,
«қатқылдау» дыбыстарды «жұмсартып» айтудың эстетикалық мәні бар.
Мысалы, қазақ тілінде қатқыл естілетін [қ] дыбысынан басталатын
сөздің үлесі барлық дыбыстан жоғары, сөздікте тіркелген сөздердің шамамен
оннан бірі деуге болады: қазақ, қымыз, қыз т.б. Осындай сөздердегі сөздің
ұшар басындағы [қ] көп жағдайда сынық дыбысталады:
ер ғазақ, сары
ғымыз, меңді ғыз, т.б
. Егер тиісті жерінде қатаң [қ], [к] сындырылып
айтылмаса, сөйлеуші «қақалап», «кекелеп» тұрғандай жағымсыз әсер
қалдырады. Бірақ мұндайға мән бермегендіктен, эфирден естілер сөздің
нормасы өрескел бұзылып жатады:
шекара, кө [к] ала, келе [қ] алды
деп,
дикторлар «кекелеп», «қақалап» тұрады.
Жекелеген дыбыстар буын құрап, буын өзара бунақ құрап, бунақтар
ырғақты топ құрап, өзара үйлесім, үндесіммен айтылады.
Орфоэпиялық норма дыбыс, буын, сөз, сөйлем ғана емес, мәтін
деңгейін де қамтиды. Сөйлем әдетте, мектеп бағдарламасынан білетініміздей,
біршама аяқталған ойды білдірсе, мәтін тиянақталған, аяқталған белгілі бір
ойды білдіреді. Мәтіннің, яғни мәтіндегі ойдың басталуы, дамуы, аяқталуы
болады. Бұл мәтіндердің динамикасы деп аталады. Мәтіннің ойжелісін сол
мәтінге тән интонацияның реңктері арқылы тыңдаушы аңғарып отырады.
Көркем мәтіннің жанрларына өзді-өзіне тән, ортақ интонациялық
реңктері болады. Мысалы, ресми хабарлар, ақпараттық хабарлар жанры
«байыпты», «байсалды» интонациялық бедермен оқылады. Ал интервью
жанрының интонациялық реңкі мен бедері мүлде басқа, сөйлеу тіліне жақын.
Тіпті сөйлеу тіліндегідей мағыналы кідіріс, фонетикалық фигуралардың жиі
кездесуі мүмкін.
Солайы солай-ау?! Ж [оо] қ, дұр [е] с,
т.б. Юмор, сатира
жанрларының интонациялық бедері сөйлеу тілі интонациясының реңкіндей
«ойнақы», «құбылмалы» болып келеді. Сөйтіп, мәтін интонациясы мәтін
мазмұнына қатысты белгілі бір ақпарат береді. Бұл ақпараттық код
адресаттың мәтін мазмұнын түсінуіне, дұрыс қабылдауына бағыт-бағдар
береді. Мәтіннің мазмұнымен интонациялық бедер, реңктер үйлесіп жатады.
Сөйтіп, мәтіннің сөз мазмұны мен мәтін интонациясының мазмұны тұтасып,
бүтін бірлікке айналады.
Микрофоннан айтылған сөздің бунақ, буын үндесімі мен дыбыс
үйлесімдері бұзылып жатса, бунақ ырғақтары келіспей жатса, мәтіннің
интонациялық бедері дәл түспей жатса, эфир мен экрандағы сөздің әсері
азайып, тіпті тыңдаушысын мезі етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |