ЕРЛІКПЕН ЖАЗЫЛҒАН ЕҢБЕК
Туысқан түркі тілдері ішінде араб-парсы сөзін ең аз қабылдаған — қазақ тілі. Бұл жөнінде ғалымдар аз айтып жүрген жоқ. Солай бола тұрса да қазір дыбысталу, айтылу жағынан төл сөздерімізден ажыратқысыз болып, тілімізге әбден сіңісіп кеткен араб сөздері баршылық. Ол сөздің мән-мағынасын ашып, қалың жұртшылыққа түсіндіріп беретін сөздік жасаудың қазақ тілі тарихын, даму, қалыптасу жолдарын бағдарлап, пайымдауда айрықша пайдалы екені даусыз.
Мұндай сөздікті жасаудың өзіндік қиындығы бар. Өйткені, тілімізге сіңісіп кеткен араб және парсы сөздерінің өзара жігін ажырату тіпті де оңай емес. Себебі — араб пен парсы тілдері бір-бірімен мидай араласып кеткен. Ал тілімізге, мәдениетімізге шығыс халықтарының игі әсері болды дегенді айту кешірілмес күнәға жататын кешегі бір кездерде бұл іске бел шешіп кірісу көзсіз ерлікке тең еді. Ерлікті ғана емес, терең білімдарлықты, қажырлы еңбекқорлық пен үлкен ыждағаттылықты қажет ететіні тағы белгілі.
Білімділік демекші, марқұм Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың зейнеткерлік жастағы жемісті ізденісінің нәтижесі болып табылатын екі томдық "Арабша-қазақша түсіндірме сөздігі" — әдебиеттегі сөздік үлгілерінің шеңберін бұзып шыққан айрықша құрылымды еңбек. Ол еңбегі туралы автордың өзі былай дейді: "Бұл ұсынылып отырған еңбек — арабша-қазақша сөздік емес, түсіндірме сөздік. Сөздіктің негізгі міндеті — қазақ тіліне енген және жұртшылық сирек қолданатын, әйтеуір бір қазақ жазбасында кездесетін, ол жазбаның ұшан-теңіз беттерінде тарыдай шашылып жатқан араб сөздері мен оның элементтерін мүмкіндігінше бір жерге жинап, хадари-хал түсіндірме беру. Сонымен қатар, оларды пайдаланушылардың жағдайын мейлінше жеңілдете түсу үшін бұл сөздерді жеке бір сөздік ретінде оқырмандарға жеткізу. Оның басқа сөздіктерден ерекшелігі осында".
Екінші ерекшелігі — сөздікте реестрге алынған сөздердің қазақ тіліндегі балама, түсінігі беріліп қана қоймайды, сонымен қатар ол сөздердің араб тіліндегі мағыналары толық тізіліп көрсетіледі. Сонда көзі қарақты оқушы араб тіліндегі сөз көп мағыналы болса, оның қай мағынасы біздің тілімізге ауысқанын, қай мағынасы енбей қалғанын аңғарады. Бұл жағдай бір тілден екінші тілге сөз ауысқанда қандай процестер жүретінін байқатады. Мұндай мәліметтер, әсіресе, тіл зерттеушілер үшін өте-мөте қажет.
Үшінші ерекшелігі — түсіндірме сөздік қазақ тіліне енген араб сөздерінің қазақ тілінің артикуляциялық базасында қандай өзгерістерге ұшырап, қандай күй кешкенін де көрсетеді. Автор бұл жерде емле сөздігіне қарап, әдеби тіл нормасына лайық сөздерге ғана мысал келтіріп қоя салса да қыруар іс тындырған болар еді. Бірақ, ол мұны місе тұтпай, ерінбей-жалықпай, халық қалай айтты, қалай дыбыстады — міне, осының бәрін де көркем әдебиет шығармаларынан нақты мысалдар келтіре отырып түсіндіреді. Мысалы, "ижтиһат" деген бір сөздің "иждаһат", "иждыһат", "ыждаһат", "ыждағат", "іждаһат", "іждіһат " болып алты түрлі айтылып та, жазылып та жүргеніне мысалдар келтіреді. Сондай-ақ, "нақыш" сөзі "нақыс "болып та қолданыла береді. Әрине, бұл сөздің ою, өрнек, әшекей деген мағыналарды білдіретіні белгілі. Ал енді осы екі түрлі дыбысталудың қазақ орфографиясынан біреуі ғана орын алуы керек қой. Автор осы мақсатты көздей отырып, оқырманға ой салады. Ал, орфографиялық сөздікте "нақыс" та, "нақыш" та бар. Ал, енді көп томдық түсіндірме сөздікке көз салып көріп едік, онда да солай екен. Әрине, егер мағыналары сараланып жатса (өкімет — власть, үкімет — правительство сияқты), онда жеке-жеке реестрмен бергенін құптауға болар еді. Ал, түсіндірме сөздіктегі түсініктер жұмбақтау тәрізді көрінді: "Нақыс — әшекейлі ою-өрнек, нақыш; нақыш — ою, өрнек, нақыш" деп жазылыпты. Сондықтан да бұл екі сөздің біреуін ғана алу жөн екенін аңғарамыз.
Бұл сияқты фонетикалық варианттардың сөздіктерімізде жеке-жеке берілуі көңілді көншітпесе керек. Тізе берсек, мұндай сөздер қазіргі орфографиялық және түсіндірме сөздіктерімізде көптеп кездесетініне көз жеткіземіз. Демек, Н. Оңдасыновтың жоғарыдағыдай ой салуының қазақ тілі үшін практикалық та, теориялық та маңызы бар деуге әбден болады.
Автор сонымен қатар араб тілінен енген сөздердің қазақ тіліндегі төл сөздерімізбен, қосымшаларымызбен қоян-қолтық қатынасқа түсіп, түрлі сөздер, формалар жасаудағы қызметін де талдап көрсетеді. Мысалы, "мекенде", "мекендеу", "мекендет", "мекендес", "мекендеуші", "мекенді"' сияқты сөздерде "мекен "сөзіне жалғанған қазақ қосымшаларының қызметі айқын аңғарылса, "мекен-тұрақ", "атамекен" сияқты сөздерде төл сөздерімізбен қосарлана, тіркесе келе жаңа сөздер жасалғанын көреміз. Әрине, бұл сөздер (жұрнақ жалғанған, басқа сөзбен қосарланған, тіркескен сөздер) кірме сөз қатарынан шығып, төл сөзге айналған лексемаға жатады. Дегенмен, тіліміздегі сөздік байлықтың қалыптасу жолын білу үшін сөздіктегі ұшан-теңіз берілген мұндай материалдардың қажеті жоқ деп ешкім де айта алмаса керек.
Сөздікте жалпы халыққа түсінікті сөздермен қатар өте сирек кездесетін немесе көпшілікке, мағынасы күңгірт араб сөздеріне де түсініктер берілген. Мысалы, "зілзала ", "құжат ", "мәзрағат", "мағруп", "миғраж", "муғаллақат", "мақшат", "мұғаллақ", "мағишат", "мекер", "мәлел", "мәзін", "мәуріт", "напи ", "нажат" сияқты сөздерді теріп, олардың түрлі басылымдарда қалай қолданылғанына мысалдар келтірілген. Ал, мұның өзі қыруар күш-жігер жұмсауды қажет ететін жұмыс екені айтпаса да белгілі. Бұл ретте автор ертеректе Қазан қаласында және кейінгі кезде өзімізде басылған көркем әдебиет шығармалары мен ғылыми кітаптарды түгелдей дерлік сүзіп шыққаны, тіпті күнделікті мерзімді баспасөз беттерін де үзбей қадағалаумен болғаны көрініп тұр. Мәселен, "Социалистік Қазақстан", "Лениншіл жас", "Қазақ әдебиеті" газеттері мен "Жұлдыз", т.б. журналдардың 60-70-жылдардағы сандарынан жүйелі түрде мысалдар келтіріп отыруы осының дәлелі іспеттес.
Мұндай мағынасы күңгірт сөздердің біразы жеке қолданылудан қалғанмен, қазақ тілінің қосымшалары қосылуы арқылы қолданылып жүргені мәлім. Мысалы "зәрре" сөзі қазақ тілінде "зәредей", "зәресі қалмады" дегенде ғана қолданылады. Ал, автордың түсіндіруінше, бұл сөз араб тілінде "ұнтақ ", "тозаң" деген үғымды білдіреді.
Көп болып қолға алғанда ғана бітетін осынау қыруар жұмысты не хатшысы, не лаборанты жоқ зейнеткер қарттың отбасында отырып, бір өзі бітіріп тастағаны – біреу сеніп, біреу сенбейтіндей жағдай. Ал, ақиқатына жүгінсек, "Арабша-қазақша түсіндірме сөздік" — бір адамның ғана атқарған жұмысы. Аңыз-әңгімелерде ғана айтылатын алыптардың тас талқандап, тау қопаратын ерлігімен салыстыруға болатын мұндай қиындығы қияметтей үлкен істі елім деп еңіреген, туған халқының қамын жеген абзал азаматтың ғана атқара алуы мүмкін. Сол үшін оқырман қауым Нұрекеңнің аруағы алдында бас иіп, тағзым етсе болады.
"Егемен Қазақстан", 1 желтоқсан, 1992 жыл
Рахманқұл БЕРДІБАЙ,
академик
НАРДЫҢ ЖҮГІН КӨТЕРГЕН
Қандай адамның да қадірі мен қасиеті атқарған жұмыс орнының жоғарылығымен немесе жұпынылығымен өлшенбейді. Биік лауазым иеленгенімен, ойы да, ісі де аласа, жиған-терген өткінші даңқы қызметінен түскен күні-ақ бітетіндер аз емес. Өкінішке қарай осы кезге дейін партия, совет басшылары деп дәріптеп келгеніміздің көбі мансап сатысына кездейсоқ көтерілген, не білімімен, не іскерлігімен көзге түспеген, азаматтығы қалыптаспаған, кезіндегі "мықтылардың" сүйеуімен ғана санатқа ілінгендер екенін көреміз. Халықтың ішінен қайнап шыққан, ұлт мүддесі үшін күрескендердің көбі жойылып кетіп, аракідік аман қалғандары шерлі-шемен күй кешіп жүргенде әлгідей көмескі, тайыз адамдардың өрге басуы кешегі әкімшілдік-әміршілдік жүйенің табиғатына тән құбылыс еді.
Қазақстан Республика атанып, Мәскеудің жетегінен бір елі босамаған ұзақ жылдар ішінде мемлекет басшылығына шыққандар ондап саналады. Олардың басым көпшілігінің аты-жөнін бұл күнде архив ақтарып қана білуге болады... Асылы қызметкер мен қайраткер деген сөздердің мағынасында жер мен көктей айырма бар. Жұмысына уақтылы келіп, мезгілінде кетіп, көбінесе өзі де жете түсінбейтін қағаздарға қол қойғанына, астына жеңіл машина мінгеніне мәз болып, халықтың тарихын да, бүгіні мен болашағын да ойлап бас ауыртпаған, "бақ қонған" қызметкерлер саны көбірек те, қайраткер мінезділер азырақ болғанын көзі қырағы жұртшылық теріске шығара қоймас. Бір таңғаларлығы — халқы үшін өз басы зәредей де бейнет шекпей, жолы болғандар ұлт мүддесін неғұрлым аяқасты еткен сайын Мәскеудегі билеушілерден сый-сияпатты көбірек алып және орын тақта мызғымай отыра беретін.
Бірақ, кешегі партия, совет басшыларының бәрі осындай еді десек те, шындыққа қиянат болмақ. Олардың ішінде ісіне тындырымды, ақырын жүріп, анық басқан, жүрегінің түкпірінде еліне деген махаббаты маздап тұрған, ел мұратын пір тұтқан, табанды, тегеурінді, алдына айқын мақсат қойғандар да бар еді. Бұларды жоғарыдан түскен бұйрықты орындаушы ғана емес, әр нәрсені ақыл, әділдік таразысына салып атқарған парасатты жандар десек жарасады.
Міне, осындай талап деңгейіне көтерілген саусақпен санарлықтай ел азаматының бірі — Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов болатын. Біз бұл тұжырымды оның ұзақ жылдар бойында Республика Үкіметінің бірінші басшысы болғандығы үшін ғана айтып отырған жоқпыз. Н.Оңдасыновтың 1938 жылдан 1951 жылға дейін Қазақстан Министрлер Кеңесінің, 1954-1955 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумның төрағасы, 1955-1962 жылдары Гурьев (қазіргі Атырау) облыстық атқару комитетінің төрағасы, Гурьев обкомының бірінші хатшысы болғаны қызмет сатыларының анкеттік көрсеткіштері ғана. Осы ширек ғасыр ішінде оның аса қауырт мәселелерді шешкенін, республика тағдыры үшін ерекше маңызды шараларды жүзеге асырғанын тізімдеп шығу мүмкін емес. Әдетте ел басшысы болған соң, мемлекет жүйесіндегі істердің бәріне де қатысы бар деп есептеледі ғой. Сонда да болса Нұрекеңнің өзгеше ыждаһаттылықпен зерек көңіл бөліп ұйымдастырған істері елеулі, көрнекті болып көрінеді.
Бұл ретте, ең алдымен, оның фашистік Германияға қарсы ұрыс жылдарында (1941-1945) Қазақстанның экономикалық потенциалын Отан қорғау мүддесіне лайықты ұйымдастырудағы ұлан-ғайыр қызметін атаған болар едік. Теміртаудағы тұңғыш Қазақ металлургия зауыты, Мойынты — Шу темір жолы, Арыс — Түркістан каналы, Қазақстан Ғылым академиясы секілді аса маңызды нысандар осы қатарда. Дегенмен, бұл арада атқарылған жұмыстардың сандық құрамын емес, солардың басы — қасында жүріп, ақыл-қайрат, дарынын сарқа жұмсаған адамның азаматтық тұлғасын танып, білу маңыздырақ. Осы тұрғыдан алып қарағанда Н. Оңдасыновты кезінде онымен қызметтес, әріптес болған көп замандастарынан ірі етіп көрсететін нышандары баршылық.
Қазақта "бас болмақ оңай, бастамақ қиын" деген терең мәнді нақыл бар. Талай адамдар мансаптың салмағын көтере алмай, қызмет дәрежесіне сай іс тындырмай өмірден кетіп жатады. Н. Оңдасыновтың Қазақстан басшылығына ұзақ уақыт кінәратсыз, қалтқысыз қызмет етуі ерекше тоқталып өтерлік нәрсе. Ол мұндай беделге халық мүддесі үшін аянбай, адал еңбек еткендігі арқасында ғана жеткен. Нұрекеңнің бойынан мемлекет басшысына тән салмақтылық, кең ойлайтын парасаттылық, іскерлік, тегеурінділік, тиянақтылық түгел табылған дегенге шүбә келтіру қиын.
Осылардың үстінде Н.Оңдасыновтың қазақ арасынан шыққан кейбір басшыларға тән пендешілік-жершілдік, топшылдық, рушылдық секілді сырқаттардан мүлде таза болғаны – оның бейнесін оқшау дараландырып көрсетеді. Нұрекеңнің көп жылдар ел ағасы болған кезінде туыстық немесе сыбайластық, жекжаттық белгілеріне қарап, бірде-бір адамды, айталық, министрлік яки облыс бастығы қызметіне қоймағаны қазіргі кезде кісі нанғысыз ертегі тәрізді елестеуі мүмкін. Оның есесіне Қазақстанның төрт бұрышында оның өзі тауып, таңдап, мәпелеп, тәрбиелеген кадрлары күні бүгінге дейін кездеседі. Бұл реттен алғанда оның бұндай мінезі халықтың тұтастығын, бірлігін жарықшақ шығармай ұстау үшін, өзіне "жақынды" емес, туыстығы жырақ та болса, жарамдыны ғана іздеген бұрынғы ұлы билердің дәстүрін еске салады. "Орындықтан құлап қалмайды" деп, болымсыз аталасты көтермелеу үшін көп ақылдың керегі жоқ. Ал, ауыл мүддесінен алаш мүддесін жоғары қойып, адамшылық, имандылық шарттарын ұстау – нағыз кемел басшының белгісі.
Қазақ бірлігіне залал келтіретін рушылдық, жүзшілдікті қоздырып, өз ауыл-аймағының, тайпасының көлемінде "көсем", "данышпан" атанып жүргендер жоқ емес. Бірақ көптің көзі көреген, сөз жүзінде жікшілдікті, рушылдықты айыптаған болып, трайбализмнің шоғын үрлеп жүрген арамзалардың айла-шарғысы барған сайын әшкере бола бермек. Мұндай жағдайда Н. Оңдасынов сынды үлкен тұлғалар ерекше өркештеніп, халыққа ортақ мұрат сабағын ұқтырғандай болады. "Нұртас тағылымы" деп атауға лайық құбылыстың аса өнегелі тұсы осында жатыр. Қазақстанның кеңестік кезеңдегі жетпіс жылдық тарихында биік борышын кіршіксіз атқарып, артына сөз ертпей, атағына нұқсан келтірмей, зейнеткерлікке жүзі жарқын болып шыққан қазақ басшыларының бірі – Нұрекең. Ондаған жылдар бойы Қазақстанның дербестігі сөз жүзінде ғана мойындалып, ұлтымыздың жетекші кадрларының тағдыры толығымен Мәскеудің еркінде тұрған қысылшаң кезеңде қолдан келген мүмкіндікті пайдаланып, әрбір ісінде байыптылық, мақсаттылық танытқанын оның замандастары кәміл мойындайтынын талай естідік.
Бұған бір мысал келтірейік. 1994 жылы Түркістан қаласында Н.Оңдасыновтың 90 жылдығына арналған жиналыста есте қаларлық ерекше оқиғаның куәсі болған едік. Алдын ала белгіленген күн тәртібі бойынша баяндамалар тыңдалып, жиналыс бітуге таянған кезде осы салтанатқа арнайы келген атыраулық ағайындар Нұрекеңнің сол облысты басқарған кезіңде атқарған алуан істерін кезекпе-кезек әңгімелеп, көпшілік біле бермейтін мағлұматтарға қанықтырды. Сөйлегендердің ішінде Қазақстанның белгілі қайраткері, Нұрекеңнің тікелей ағалық тәрбиесін көрген.С. Құбашевтен бастап республикаға белгілі бірсыпыра ғалымдар, мұнай мамандары, зейнеткерлер бар еді. Бұлардың сөздерінен біз Н. Оңдасынов өмірбаянының тағы бір қызғылықты қырларын танығандай болдық. Нұрекеңнің Атырау өңіріндегі мұнай көздеріне сонау елуінші жылдарда-ақ зерек көңіл бөліп, бірсыпыра кендерді іске қосуға бастамашы болғанын тұңғыш рет естіп білген едік.
Парасатты басшы проблемасын қайталай пысықтап айтуымыздың үлкен себебі бар. Қазіргі кезеңде еліміздің үстіндегі ауыртпалық жүгі жеңілдемей, барар бағдары да айқындалмай тұрғаны белгілі. Базарлық экономиканың заңдылығын меңгеріп, ерекшелігін пайымдап, тәртібі мен тәсіліне жетіліп болған жоқпыз. Осындай "аралық" кезеңнің аласапыран, шытырман жағдайын пайдаланып, шеттен келген, өз ішімізден шыққан сұғанақ жемқорлар ел байлығын талан-таражға салды. Халқымыздың басым көпшілігі жұмыссыздық салдарынан азып-тозудың бұрын болып көрмеген сорақы түрлеріне душар болып келеді. Тұрмыс тапшылығы өз алдына, ұрлық, ұйымдасқан жемқорлық, кісі өлтіру, маскүнемдік, нашақорлық, қазақтың ұл-қыздарын басқа діндерге шоқындыру, шет жұрттықтарға бала сату, тастанды сәбилердің көбеюі, жезөкшеліктің белең алуы секілді ұлтымыздың рухы мен дәстүріне жат құбылыстардың зардабы қатерлі көлемге шықты.
Қазақстанның көпшілік құралдарында, әсіресе, баспасөз бен теледидарда азғындық пен ұятсыздықтың неше атасы ашық насихатталуы еліміздің болашағы — жас қауымды күн сайын, сағат сайын ірік-шірік мінез бен әрекетке "баулып" келеді. Мұндай сорақылықтарға тыйым салатын Үкімет көрінбейді. Қазақ тіліндегі басылымдардың радио, теледидар, баспасөз бетіндегі осындай тағылық пен тұрпайылықты тоқтату, бұл іске кінәлілерді жазалау қажеттігі жөнінде жылдар бойы айтылып келе жатқан ұсыныстары елеусіз қалып отыр. Міне, мұндай жағдайда Республика президентінен бастап қазақтың зиялы қауымы ұлы кеңес жасайтын кез келді. Жақсы сөздерді айтып-айтып, артынан ұмытып кететін ескі әдетіміз халқымызды орны толмас өкінішке душар етпесін. Қалай болған күнде де халықты аман сақтаудың жолын іздейтін, ел болып ақылдасатын, шаралар белгілейтін құрылтай өткізетін уақыт туды. Жылы орнымнан, мансабымнан айрылып қаламын деп қорықпайтын, ұлт мүддесі жолына жанпида азаматтардың бірлесуі қажет. Үлкен, батыл әрекеттерге бару керектігін, өзінен басқа сенері жоқ екенін қазақ халқы енді ұқпаса, тым кешігіп қалуы мүмкін. Республика көлеміндегі хал-ахуалды ақылдасатын, халықтың игі тәжірибелерін, қиын кезеңде бір-біріне көмекке келетін дәстүрлерін білетін Ақсақалдар алқасы құрылатын кез әлдеқашан келіп еді. Өзге елдерде (мәселен, Түркіменстанда) ақсақалдар мәслихаты көптеген істерге тиісті көмегін тигізіп отырғаны белгілі.
Қазақ халқы басына алмағайып күн туғанда кемеңгер билер "Күлтөбенің басында күнде жиылыс" жасап, бүгін мен болашақтың уәзипасын келісіп отырған. Қазақтың үш ұлы биінің Ордабасыда ел тағдырын ақылдасуы да аса қажеттіліктен туған және өз нәтижесін берген. Ордабасы дәстүрін тек кезекті науқан кезінде ғана еске түсірумен шектелмей, оны қазақ көшінің бағдары дұрыс жүруі мүддесіне жарататын тұрақты құбылнама етіп ұстауды өмірдің өзі талап етеді. Тұжырып айтқанда, халыққа жаны ашитындарды, қысылғанда ақыл табатындарды алғы шепке шығару, қазақтың іске татырлық азаматтарының парасатын, қабілетін бір арнаға құю – кезек күттірмейтін мәселе. Әр облыста өз орнын таба алмай, тасада қалыңқырап жүрген ойлы, қажырлы, намысты жандардың кім екенін, олардың құлашы мен қауқарын ел жақсы біледі. Ақсақалдар кеңесі жұртшылық атынан соларға жауаптылық жүктеуге, аманат артуға беделін жұмсаса, дағдарған шағымызда тұйықтан алып шығуға демеу болар еді...
Жақсы дәстүрді құрметтеу — халқының келешегін ойлау деген сөз. Мұны еліміздің ертеде өткен ұлы даналары ғана емес, күні кешеге дейін арамызда жүрген Нұртас Оңдасынов сынды көрнекті мемлекет басшылары да терең ұғып, осындай үрдісті өзіне нысана тұтқанын көреміз. Зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі жиырмадан артық жылының әр күнінде үздіксіз еңбек етіп, артына зор ғылыми мұра қалдырғаны Нұрекеңнің тағы бір тамаша өнегесі еді. Оның жалпы көлемі жүз баспа табақтан асатын арабша-қазақша, парсыша-қазақша түсіндірме сөздік жасағанын біреу білсе, біреу білмес. Бұл бір институттың демей-ақ қояйық, арнаулы сектордың немесе бөлімнің, әлденеше қызметкерлер тобының сан жылдар бойы бірлесіп атқаратын жұмысымен бірдей. Осы сөздіктердің алғашқы, шағындау нұсқалары бұдан біраз жыл бұрын түрколог ғалым, академик Әбдуәлі Қайдаровтың редакциясымен жарық көрген болатын. Кейінірек "Арабша-қазақша түсіндірме сөздік" кеңейтілген түрінде елу баспа табақ болып қайта басылды. Мәскеуде тұрған жылдарында ешбір көмекшісіз, осыншама қиын жұмыспен айналысып, қазақ тіліндегі араб, парсы сөздерінің мағынасын ашып, қолдану өрісін анықтау үшін ол жүз мыңдаған терминдерді тізіп, салыстырып шыққанына қайран қалмасқа болмайды.
"Біреуді азапқа салғың келсе, оған сөздік тіздір" дегеннің шындықтан туғанын сөзтізбе, лұғат жасауға азды-көпті араласы барлардың бәрі біледі. Қазақ тіліндегі газет-журналдарда, жүздеген кітаптарда көрініс берген, арғы түбі араб пен парсыдан келген сөздерді тауып, танып, жүйеге түсіру, түсініктемесін беру – арнаулы мамандардың да белін қайыстыратын жүк. Оның үстіне қазақ арасына сіңген араб пен парсы сөздерінің өзара жігін ажырату үшін, осы екі тілдің де лексикалық айырмашылығын, бірінен екіншісіне ауысқан терминдердің заңдылықтарын білу керек. Өзі шығыстану институтында оқымаған, өмірінің ең қайратты шағын Қазақстанның дамуы жолына жұмсаған адамның қартайған кезінде мұншама машақаты көп іске ұрынуы сырт қарағанда мүлде түсініксіз болып та көрінеді. Ол "еңбек ет те, міндет ет" деген қағиданы арқаланып, егделікке жеткен кезінде демалыс орындарында тынығып, "бергеніңе шүкір" деп бейғам тіршілік жасаса, ешкім таңғалмас еді. Бірақ, Нұрекең туысы өзге жан екенін осы еңбегімен-ақ дәлелдеп кетті. Қалайда халқыма бір көрнекті ескерткіш қалдырайын деген мақсатпен ол жиырма жылдап, зият үйінде отырып, өзін айлықсыз-пұлсыз, қисапсыз ауыр жұмысқа жекті. Оның жас кезінде молдалардан дәріс тыңдап алған арабшасы мен парсышасының кейбіреулері жылдар бойы пайдаланылмағандықтан ұмыт бола бастағаны да заңды еді. Міне, осындай олқының орнын толтыру үшін ол Мәскеу кітапханаларынан шығыстануға арналған сан кітаптарды, арабша, парсыша сөздіктердің түрлі тілдердегі нұсқаларын ұдайы қарап отырғанын түсіну қиын емес. Мұншама ауыр жұмысқа бел шешіп кіріскенде Нұрекең ғылыми атақ алуды да көздемеген. Бұл сөздіктер орта мектеп оқушылары мен университеттердің шығыстану факультеттері тәліптеріне (студенттеріне) қажетті қолданба құрал бола алатынын ескерткеніміз жөн.
Көп жылдар бойында Тәжікстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған, кейіннен Мәскеуде Шығыстану институтын басқарған академик Б. Ғафуровтың "Тәжіктер" деген монографиясын мамандар ғалымның халқына соғып кеткен ескерткіші деп бағалап жүр. Ал, Н.Оңдасынов ғылыми институт басқармаса да, өзінің ізденгіштігі, еңбеккерлігі арқасында ұзақ жасайтын мұғал ғимарат тұрғызды деуге болады. Дүниеде арабтың, парсының, қазақтың тілі аман тұрса, Нұрекең сөздіктері де кәдеге жарай береді демекпіз... Жаһанға даңқы жайылған асқан ойшылдарды, теңдесі жоқ ғұламаларды, көркем сөздің алыптарын туғызған араб, парсының адамзат өркениетіне қосқан өлшеусіз үлесін пайымдайтындар біздің бұл тұжырымымызды шеккі көрмес.
Қазақ зиялыларының Н. Оңдасынов кітаптарына ризалық сөзін айтпайтындары кемде-кем. Қазіргі көрнекті ақындарымыздың бірі Жаппар Өмірбеков марқұм Бауыржан Момышұлымен ауруханада бір мезгілде жатқан кезінде қаһарман қолбасыдан Н.Оңдасынов сөздіктері туралы аса жылы тебіреністі лебіздер естігенін айтады. Бұл әңгімені білімдар қазақ аудармашысы Ісләм Жарылғапов та ұйып тыңдаған екен. Мұндай пікірлер жалпы зиялы жамағатшылықтың ортақ ойы екені кәміл.
Н. Оңдасыновтың халқына сіңірген еңбегіне, қалдырған мұрасына баға берудің алғашқы қадамы — оның туғанына 90 жыл толуына арналған ғылыми конференцияның өтуі. Бұл бастама кеңейе, тереңдей түсетініне сенімдіміз. Алматыда Нұрекең тұрған үйде мемориалдық тақта қағылды, Түркістан қаласында оның атына бір көшенің аты берілді. Сәтін салса, Алматы мен Шымкентте де аса көрнекті қайраткердің есімін мәңгілікке қалдыратын басқа да шаралар жүзеге асар. Мұның бәрі елінің абыройы мен мәртебесін өсіру үшін ұмытылмас еңбек еткен, қайраткерлікті қаламгерлікпен ұштастырған, ұлттық мұраттармен жалындап, нардың жүгін көтерген алаштың айтулы ұлы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновқа деген халық ықыласының белгісі болмақ.
Дегенмен, Н.Оңдасынов жасап кеткен зор ғылыми мұраға кең талдау жасалды, еңбектің ғылыми, мәдени мәні әділ анықталды дей алмаймыз. Келешекте ірі мемлекет қайраткері әрі ғұламаның өмірі мен қалдырған еңбектерін саралап, салиқалы тұжырымдар жасау қажет. Нұрекеңнің әдеби, ғылыми еңбектерін тиісті түсініктемелермен көп томдық етіп қайта бастыру – ең басты уәзипамыздың бірі. Оның Түркістандағы музейін жандандырып, туристер мен жалпы жамағатымыз келіп көретіндей маршрут тізбегіне ендірудің де тәрбиелік мәні бар. Н. Оңдасынов өмірі арнаулы көркем және ғылыми-көпшілік шығармаларға да тақырып боларлық. Оңтүстік Қазақстандағы Арыс-Түркістан каналына Нұртас Оңдасынов атын беру де әділ шешім болар еді.
Асқар ЕГЕУБАЕВ,
ғалым, ақын
СӨЗ ТӨРКІНІН ІЗДЕГЕН...
Тіл — халықтың қасиетті мұраларының бірі. Ол елдің елдік тарихи-әлеуметтік даму дәрежесін білдірумен қатар, үнемі көркейіп, мәңгілік жас шынардай түрленіп, желегін кең жайып отырады ғой. Ана тіліміз — қазақ тілі де сондай тарихтың белес-белес асуынан асқан, шар болаттай шыңдалған тіл; ол алмастай өткір, қорғасындай ауыр, ана мейіріндей шуақты.
Тағдырдан түйгені көп халқымыз: "Өнер алды — қызыл тіл" десе, тіл өнерін сүйгендіктен болар. Міне, бүгінгі дамыған, толысқан дәуірімізде де осы тілді зерттеуге, оның даму, жетілу жолдарын жете танып, өмірде қолдануда үлкен жұмыстар атқарылуда. Тілдің ерекшеліктері, құрылысы, мән-мағынасы жөнінен талай-талай еңбектер, сөздіктер жазылып жүр. Өткен жылы "Қазақстан" баспасынан шыққан Нұртас Оңдасыновтың "Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігі" – сондай жаңа бір күрделі, сүбелі еңбек. Сөздік негізінен әр халықтар тілінің бір-біріне әсері, соның нәтижесінде дамуы, толысуы процесіне арналған. Автор қазақ тілінде көптеген жылдар ішінде сіңіп, кірігіп келген парсы, араб, тіпті иран сөздерінің мағыналық түп-төркінін анықтап түсіндіруге баса көңіл бөлген. Және де сол сөздер ана тілімізде, әдебиетімізде қалай қолданылып жүр, мағыналық ерекшеліктері қандай, қандай өзгерістерге түскен деген сұрақтарға да тиянақты жауап беруге күш салады. Қазақ тіліне өте ерте кезде еніп, сіңісіп кеткен, сөздік құрамына айналып кеткен сөздер де баршылық.
Әрине, жалпы түркі тілдес халықтар ішінде араб, парсы сөздерін ең аз қабылдағаны қазақтар ғой. Сөйтсе де, тарихи, экономикалық жағдайларға байланысты ондай сөздердің енгені анық. Ол әдеби тілімізде де, жалпы тілімізде де байқалады. Осы тұрғыдан келгенде, сөздікте парсы тілінен енген сөздерге толық мағыналық түсіндірмелер берілген. Сонымен қатар, сол сөздің қазақ тілінде қандай мағыналарда қолданылатынын, мәндік немесе дыбыстық өзгерістерге түскенін дәлелді көрсетеді. Бұл сөздікті жасаудағы негізгі принциптердің бірі ғана, ал осыған байланысты — басқа тілден ауысқан сөздер қазіргі әдебиетімізде, ғылыми еңбектерде, өлең-жырларда, көркем прозада қалай қолданылып жүргенін белгілі ақын-жазушылардың шығармаларынан мысалдар келтіре отырып дәлелдейді. Ұлы классик ақынымыз Абайдың, Ақан серінің, Жамбылдың халық қазынасына айналған өшпес мұраларынан көптеген мысалдар келтірілген.
Сондай-ақ, қазақ әдебиетінің тамаша қаламгерлері С.Торайғыров, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев, Ә.Нұрпейісов, С.Мәуленов, тағы басқаларының шығармаларынан келтірілген мысалдар мол. Мұның өзі қазіргі әдеби өмірімізде ақын-жазушылар лабораториясындағы, тіл қолданыстарындағы араб, парсы сөздерінің түрлену процесін терең, жан-жақты дәл көрсетеді. Әрине, тек осы көркем шығармалардағы араб-парсы сөздерін еңбектің бір қыры ретінде алып, зерттеуі әдебиет үшін әжептәуір пайдалы екені даусыз болса керек. Әр қаламгердің стилі, ізденісі әр түрлі. Осы творчестволық ізденіс үстінде түрленген араб, парсы сөздері жаңа бір қырынан жарқ етіп, соны мүмкіндік, жарқын бояуларын танытпай ма? Осы тұрғыда автор тілдік жаңа нәш, мағыналарды жүйелеуде бірқыдыру жемісті еңбек еткен.
Ашығын айту керек, кейбір сөздерді әлі де болса түрліше жазып жүрміз. Мысалы, қазір тілімізге "ілім", "ғылым" ретінде екі түрлі мағынада қалыптасқан сөздердің бір-бірімен кейінгі кезге дейін ауыстырылып қолданылып келгені бар. Осы тұрғыдан келгенде, сөздіктің пайдасы көп. Әлі де түрліше жазылып жүрген сөздерді мағынасына, түп-төркініне қарай жүйелі ізге салуға әбден болады. Жалпы сөздіктің өзін жасаудағы мақсат — қазақ тіліне ертерек кірігіп, сіңісіп кеткен парсы сөздерінің түп-төркінін анықтап, тілдік қорымыздың құнарын, бояуын байытуға азды-көпті қолғабыс ету көрінеді. Осы мақсат орындалған. Сөздіктен көптеген сөздердің мағыналық, тарихи мәнімен таныса аламыз. Бұл еңбек, әсіресе, жазушыларға, тіл мамандарына, ғалымдарға көп көмек тигізері анық. Сөздікте парсы жазуының ерекшеліктері туралы шағын, салмақты мақала бар. Онда жазу ерекшелігіне байланысты туындайтын айтылу, оқылу, тағы басқа мәселелер нақты, дәлелді мысалдармен көрсетіледі. Бұл сөздіктегі сөз мағынасын, түсіндірмелерін қабылдауда оқырманға жеңілдік тигізеді. Сондай-ақ, сөздіктің құрамы туралы әңгімелейтін кіріспе мақала да оқушыға арналған әзірлік деп түсінеміз.
Көлемді еңбек өзінің нақтылығымен, тіл тазалығымен, жинақтылығымен оқушысын жалықтырмай, көркем шығарма оқығандай жетектеп отырады. Ойлары тиянақты, жүйелі. Басы артық пікірлер, тым қазбалап кетушілік те байқалмайды.
Халқымызда "Кен байлығы — жерде, сөз байлығы — елде" деген қанатты сөз бар. Ел болған соң оның дамуы, гүлденуі, өркендеуі болады. Ал сол даму деген ұғымның өзі тілдің, сөздің көктеп көркеюіне де байланысты ғой. Тілдің өзара байланысы, әсері нәтижесінде туындап, өркендеп жататын құбылыстарды зерттеген зерделі еңбек дүниеге келді. Нұртас Оңдасынов осы мақсатта жақсы, жемісті іс тындырыпты. Бұл елеулі еңбек.
«Қазақ әдебиеті», 28 наурыз, 1975 жыл
Өмірбектің ЖАППАРЫ,
ақын
МЫРЗА ТЕРЕК
1970 жылдың қараша айының бір күнінде, кешке қарай Төлебаев көшесімен келе жатқанымда жарасымды киінген, еңсе бойлы қазақ қарсы жолықты. Тани қалып, таяу келгенде сәлем бердім. Ол кісі кідіріп сәлемімді алды да, қолымды ұстап тұрып:
— Қарағым, сен қай баласың? — деп сұрады.
— Бұрын сізбен жолығып таныспаған Жаппар Өмірбеков деген бір ініңіз боламын, сізді сырттай білетіндердің бірімін.
— Көп жаса, қарағым, қай мамандықтың азаматысың?
— Негізі журналиспін, қазір Жазушылар одағында істеймін.
— Жаза баспасам, ақындығың да болар, газет, журналдардан фамилияңды кездестіріп жүремін.
— Сіз Мәскеуде тұрмайтын ба едіңіз, көшіп келдіңіз бе?
— Көшіп келген жоқпын, осында бір жұмыстармен Академияның Тіл институтына келіп жүрмін. Араб, қазақ тілдерінің сөздігімен айналысамын, уақыт оздыра алмағандықтан емес, сондай кітаптың қажеттігі болар деген оймен...
— Сіздің өмірбаяныңызда Орман шаруашылығы техникумын бітірді деп жазылған сияқты еді.
— Оның рас, орман шаруашылығының мамандары қазір аз емес. Мына араб тілінің мамандары азайып кетті, мектептерде бұл тілді оқытпайды...
Нұрекең ықыласты әңгімелесіп, Совет көшесіне (қазіргі Қазыбек би) таяу келгенде, кідіріп тұрып қалды да:
— Орман шаруашылығы дегеннен шығады, осы табиғаттың өзі таусылмас ғылым ғой, бір ағаштың өзінің әлденеше аты болады. Мәселен, (оң жақтағы ағашты нұсқап) мынау бәйтеректі "Мырза терек" деп атайды, неге олай атайтынын білесің бе?
— Білмеймін, уақытыңыз болса, түсіндіріңізші...
—Қазақ ағаштың, шөптің аттарын көбіне сыртқы пішініне қарап атаған, боз терек, қара терек, сүмбіл терек, тораңғыл, тау терек, бақа терек, ал, басқа біреулерін сары ағаш, қызыл ағаш, ырғай, ақ қайың деп, бір-бірінен айырып, даралап атайды. Бұлай атау басқа ұлттың да дәстүрінде бар... Мынау ұзын теректің жапырағына назар аударшы, жан-жағына тарап өсіп тұрған жоқ, көкке қарап, дінін бойлап өсіп тұр. Бұл ағаш жан-жағына көп көлеңке түсірмейді. Төңірегіндегі өсімдіктердің өсуіне мүмкіндік беріп тұратынын байқап білген қазақ мұны "мырза терек" дейді. Басқа түрінен айыру үшін халық осындай атау берген.
— Мына сөздеріңізге қарағанда, өсімдік дүниесін де аз білмейтін сияқтысыз. Араб тілін зерттеуге Мәскеуде мүмкіндік бар ма?
— Ленин атындағы кітапханадан іздегеніңнің бәрін табасың. Өзің онда болып па едің? Болсаң, байқаған шығарсың.
— Қазақ бөліміне жетудің өзі оңай емес...
—Қарағым, ғылыми жұмыс қайтсе де оңай болмайды. Бір жақсысы керек кітаптарды үйге алдырып тұруға мүмкіндігім бар.
Нұртас ағамен алғаш ұшырасқандағы әңгімеміз осымен аяқталды. Содан кейін ол кісіні көре алған жоқпын. Бірақ бір-екі жылдан кейін "Арабша-қазақша түсіндірме сөздігін" кітап дүкенінен алып таныстым.
Нұртас Оңдасынов туралы ендігі әңгіме 1973 жылы 5 қарашада Бауыржан Момышұлының Фурманов көшесіндегі пәтерінде болды. Ол кезде мен де сол көшенің 119 үйінде тұратынмын. Сол жылы Азия, Африка жазушыларының мәслихаты Алматыда өтті. Қарбалас жұмыстан жаз бойы қолымыз тимеді, жаңадан мәслихат зал салынып, оның іші-сыртын безендіру, қонақ күтуге әзірлік жұмысына жазушылардың жас-кәрісі атсалысты.
— Осы Баукең жаз бойы науқас, ауруханаға бара алмадық, жуырда үйіне шығыпты, барып көңілін сұрап, кінәмізді жуайық, — деді, одақ партия ұйымының хатшысы Ісләм Жарылғапов. Бұл ұсынысты құптай кеттім, өйткені, жергілікті кәсіподақтың төрағасы ретінде әрі Баукеңді жақсы көретін інілерінің бірімін, қай жөнінен де көңілін сұрап қайту — борышымыз. Сонымен, сағат төрттен аса Баукеңдікіне келдік. Есікті өзі ашты. Залы кең, бірақ бізді ас бөлмесіне әкеп отырғызды. Баукең жүдеу, сылти басатыны байқалады.
— Қайдан адасып жүрсіңдер? — деп, Баукең тірей сұрады.
—Адасып жүрген жоқпыз, Бәуке, сізге, көңіліңізді сұрап, ауруханаға бара алмаған кінәмізді жуып-шайғалы келдік. Мына Жаппар көрші тұрып, кіріп шыға алмапты, менің де мұршам келмеді, — деп Ісекең жорға сөздің майын тамыза бастап еді Баукең:
— Жарайды, сен себебін тауып, дәлелдеп бере аласың ғой. Одағыңда, ЦК-да не жаңалық бар, содан хабардар қылғын. Мен тірі отырмын, қатын ауруханада, мына кішкене немереміз екеуіміз таңды атырып, күнді батырып жатырмыз, әйтеуір. Ешбір жаңалық жоқ дейсің бе, жарайды, оны естиін деп отырған мен де жоқ, көбіне жалған сөйлесе де радио бар ғой, әйтеуір... Ендеше, мен сендерге бір жаңалық айтайын. Көңіл сұрау дегеннен шығады, осыдан екі-үш күн бұрын осы үйге Қазақстанның бұрынғы – Премьер-Министрі Нұртас Оңдасынов келіп кетті. Деликатты, мәдениеті бар кісі ғой, алдымен телефон соқты. "Нұке, нендей шаруамен?" — дедім амандықтан соң. "Бәлендей шаруам жоқ, сізді сырқат деп естіп, көңіл сұрау жөнімен, мүмкіндігі болса, қолтаңбаңызды алсам деген ойым бар", — деді. "Онда келіңіз-келіңіз", — дедім. Жақын жерден соққан екен телефонды, бес-он минуттан кейін, есіктен қоңырау шылдыратып Нұртас Дәндібаевич келсін... Қош, мен ол кісіні, осы сендер құсатып, осы ас үйге әкеліп отырғыздым да, қатынның ауруханада жатқанын айттым. Сонымен жайғасып отырған соң былай дедім:
— Нұртас Дәндібаевич! Сіз он үш жыл Қазақ Республикасының Премьер-министрі болдыңыз, сіз үйге келгенде, қой сойса да, тай сойса да, тіпті бие сойса да болар еді. Бірақ менің қазіргі жағдайым оны көтермейді... Дәм ауыз тиюге ғана тура келеді, — деп, вазадан бір үлкен апорт алманы дәл осылай қақ жардым да жартысын ол кісінің алдына қойып, жартысын өз қолымда қалдырдым. Міне, сендерге де солай етіп отырмын... Қош, одан әрі әңгімеміз жалғасу үшін Нұрекеңе тағы бір сауал бердім: "Нұртас Дәндібаевич, осы менің көңілімді сұрау идеясы басыңызға қалай және не үшін келді екен?"...
— О не дегеніңіз, Бауке... Қазақ халқының бетке ұстар беделдісі санаулы ғой, Жамбыл атамыз, Мұхтар аға, Қанышекең... Күләш Байсейітова... дүние салып кетті, шетелге шыға қалсақ, "еліңде кім бар" дегенде, атап айтар, көзі тіріден, сіз қалдыңыз, сіз біздің, қазақ елінің тірі паспорты — визитная карточкасы емессіз бе?! Сіздің көңіліңізді сұрамағанда, кімнің сау-саламаттығын ден қойып тілейміз?
Нұрекең осыны айтып, үнсіз отырып қалды, мені шын сыйлап келгені байқалды. Бұрын ол кісінің жалған айтар жарамсақтығы бар деп естімеген едім. Бір сәт үнсіздіктен кейін сөз жалғастырды:
— Мына бір "Арабша-қазақша түсіндірме сөздігім" баспадан шығып еді, соны сізге әдейі жазып әкелдім...
Кітаптағы жазуын көріп, автордың қолын алып, ризашылық білдірдім де былай дедім:
— Нұреке, араб-қазақ сөздігін тізіп, мынау кітапты шығарғаныңыз дұрыс-ау, мен сізден бұдан басқа да еңбек күтер едім. Әрине, ғылыми кітап жазу екінің бірінің қолынан келмейді, бірақ сіз саясат адамы екеніңізді ұмытпауыңыз керек...
— Бауке, сізден ендігі тілегім, бір кітабыңызды қолтаңбаңызбен сыйласаңыз...
— Жарайды, онда сіз менің кабинетіме жүріңіз...
— Енді, — деді Баукең, — сен екеуің Нұртас Дәндібаевич болыңдар да маған еріңдер, кабинетім алыс емес...
Баукең орнынан тұрып, сол жағындағы есікті түртіп қалып еді, ашылып кетті. Бірге ере жүрдік. Баукең біраз кідіріп тұрып:
— Сол жаққа қараңыз, Нұртас Дәндібаевич.
– Нұрекең назары сол жақтағы үстелге ауды.
— Мынау не? — дедім үстелге жабылған мынау матаны нұсқап.
— Бұл дәке, — деді Нұрекең.
— Басқаша, мұсылманша қалай атайды?
— Ақирет...
— Дұрыс айтасыз, бұл дәкені ақирет деп білейік, кәдімгі өлген адамды орайтын, ақирет, олай болса, мына үстелге неге ақирет жабылған?
— Ол арасын білмедім...
— Білмесеңіз мен түсіндірейін, Нұреке, — бұл үстелдің үстінде өңшең өлік жатыр, жазықсыз, жазықты да өліктер, ішінде құрбан болғандары да бар...
Үстел үстіндегі дәкені тап осылай сыпырып алдым.
— Мына жатқан дәптерлер неге қап-қара? Нұрекең үндемеді.
— Бұл қара дәптерлер ғана емес, қаралы дәптерлер. Бәрін өзім жаздым, күні-түні отырып, көз майын тауысып отырып жаздым... Менің жарық көрген қолжазбаларым аз емес, мыналар олардан аз болмаса керек, менің көзім тірісінде, тіпті өлгеннен кейін де жарық көруі неғайбыл... Ендеше, неге жаздың дейсіз ғой, әдейі жаздым, арым таза екенін дәлелдеу үшін жаздым, мен адам өлтірдім, көп өлтіруге тырыстым, амалсыздан қатыстым... Нұреке, сұмдық соғысқа Сіз де қатыстыңыз, кеңседе креслода отырып-ақ, қағазға қол қойып қатыстыңыздар. Бәлки мен құсап майданда, арпалыс арасында жүрмей-ақ, қол қойып қатысқан шығарсыз, сол арасын айырып, арыңызды арашаласаңыз тіпті дұрыс болар еді. Араб-қазақ сөздігі де абыройлы еңбек, әрине, аз еңбек емес болар, ал, мынау арыңды тазалау деген одан артық болмаса, кем емес, бәлки, сізге ғылыми жұмыстан гөрі оңайға түсуі, бірақ естелік те оңай емес екен, өтірігім шығып қала ма деп қиналасың... Солай емес пе, Нұртас Дәндібаевич?!
— Солайы-солай... – Нұрекеңді бұдан әрі қинамадым,—Енді менің кітапханамды көре тұрыңыз, мен сізге, мынау "За нами Москваны" жазып, сыйлайын...
—Нұрекең менен автограф алып, риза-қош айтып кете барды. Қатыны түскір осындайда керек-ақ, дәм татқызып, қонақ қыла алмадым. Ал, сендерге кітап та сыйлай алмаймын, өздерің көріп тұрсыңдар, бес-алты данасы қалды...
Баукең Нұрекеңмен кездесуін еске алып айтқаны жүрек тебірентерлік болды, мен айтқандарын дәл түсіре алмадым ғой деймін, әйтпесе Нұрекеңе де, өзіне де оңай тиетін әңгіме болмаған сияқты.
— Сендер, — деді Баукең, қалжың шырайымен, — Қазақ республикасының Премьер-министрінен артық та, кем де емессіздер, сондықтан да Бауыржан үйінен шай іше алмай кете барасыңдар... Көңіл сұрай келгендеріңе рахмет, көріскенше күн жақсы болсын, Дінмұхамед Қонаевқа жазған хатым бар еді, тағы бір келсеңдер, жайласып отырып оқып берермін... Тамамдағаныммен, қайыра бір қарап шығуым керек...
Сонымен Баукеңнің көңілін сұрай келіп, бірқатар жаңалық естіп қайттық.
Естігенімді "Мырза терек" деп атауым — Нұртас ағаға байланысты, ол кісі туралы сырттай көп әңгіме естиміз, негізінен мемлекеттік қызметі, лингвистік-ғалымдық еңбектері хақында. Нұрекең Баукеңе жолыққаннан кейін кітаптарын бастыру шаруасымен Алматыға бірнеше рет келсе де мен ұшырасып, сөйлесе алмадым.
Сол, 1973 жылы Әзілхан Нұршайықовқа жоғарыдағы әңгімені бастан-аяқ әңгімелеп беріп: "Сен осыны Баукеңнен қайыра бір тыңдап барып жазшы, роман жазып жүрсің, соған кіргізуге де болар, жеке жазсаң да Баукең өмірінің соңғы кездегі назар аударарлық бір тарих ұшырасуы ғой, — дедім. Менің әңгімемді басқа қонақтарымен бірге Әзілхан да көңіл қойып тыңдады. Бірақ, жазамын деп уағда бермегенмен, Баукеңмен сөйлеспек болды. Содан, көп жыл өткен соң осы әңгімені Әзілхан романға кірмей қалған эпизод ретінде "Жұлдыз" журналында жариялады. Баукеңнің бізге айтқанынан әлдеқайда толық, әлдеқайда өзгеше болып шығыпты. Қайран қалдым. Баукең кейбір жайттарды толығырақ айтуы мүмкін, әбден мүмкін, әйтсе де Әзілхан жазып алған эпизодта Баукеңнің Нұрекеңе берген мінездемесі тым ерсі сияқты боп көрінді... Ол кісінің мемлекет қайраткері ретіндегі еңбегі әлі зерттеліп, заман пікірі тиянақталды дей алмаймын. Олай дейтінім, Нұрекеңнің өз естелігін біз әлі оқыған жоқпыз. Баукеңнің кеңесімен Нұртас Дәндібайұлы естелік жазса, ел тарихындағы бірқатар жайттар, әсіресе, кадр мәселесі, сол кездің көрнекті азаматының бейнесі ашылған болар ма еді деймін ғой...
Тіл ғылымына Нұртас Дәндібайұлының қосқан үлесін саралаған мамандар ол кісінің жиырма бес жылдық еңбегін атап айтып, соншалық ілтипат білдіреді. Адалына келсек, Нұрекеңнің екі томдық "Арабша-қазақша түсіндірме сөздігі" араб тілін үйренушілерге оқу құралдық маңызы бар зор еңбек емес пе?! Тіл біліміне мол үлес болып қосылған бұл еңбекті бағалап отырып, өмірі өнегелі ол кісінің есімі былтырғы мерейтойы кезінде ерекше қастерленгеніне бек қуандым...
(«Ана тілі» газеті, 19 қазан, доңыз жылы)
Достарыңызбен бөлісу: |