Гүлсім Оразалықызы
Нұртас Оңдасынов
туралы естеліктер
«Білім», 2012
Алғы сөз орнына
Әбіш Кекілбай,
халық жазушысы
Б А С Ш Ы
немесе
Көзден кетсе де, көңілден кетпес тұлға жайындағы толғаныс
«Осы бір есімді естігенде мен ылғи елең ете түсемін. Оның себебі бар. Елуінші жылдар еді. Бір күні Маңғыстау түбегінің қақ ортасына сұлай көлбеген Қаратаудың күнгей бауырындағы шағын бұлақтың қасында отырған біздің ауылға үсті-бастары шаң-шаң бір топ жолаушы тоқтады. Қатты ыстықтап қалыпты. Әуелі шайға бас қойысты. Біраз шөл басқасын барып, қауқылдасып хабарын айтты. Үстірт үстінен келеді екен.
Ол кезде көптен ел жайламай, тусырап бос жатқан ұлан-ғайыр Үстіртті аралап көруге Министрлер Кеңесінің басшысы Нұртас Дәндібайұлының өзі келіпті. Қашқан киік пен ойнақтаған көк сағымнан басқа ештеңе көзге түспейтін тұлдыр түзді күн қатып, түн қатып түгел аралап шығыпты. Сосын Батыс Қазақстанның алыс жайылымдарын игерудің мәселелері жөнінде көршілес облыстар өкілдерінің басын қосқан жиын өткізіпті.
Содан қайтып келе жатқан жолаушылардың біреуі біз көрмеген жиынның жай-жапсарын жіліктей айтып, құлағымызды құнықтырып қойды. Нұртас көлігінен бет-жүзін күн қауып, түтігіп түсіпті. Ат жақты, ақ құба өңді, тікірейте қайрылған қара шашты, еңгезердей кісі екен. Алдынан шығып, есік ашқандармен қол алысып, былайғы жұртпен бас изесіп амандасыпты. Үстіндегі сұрғылт қоңыр кителін шешіп алып, қасындағылардың біреуіне ұсыныпты. Екі жеңін шынтағынан асыра түрініпті. Омырауын ағытып, көйлегінің жағасын жауырына қарай шалқайта ысырып, иығын жалаңаштап, қолына сабын алыпты. Облыстың ба, ауданның ба бір бастығы құманмен су құйып тұрыпты. Тағы бір бастық сүлгі әзірлеп бәйек болыпты. Соған қарамастан, кейінірек тұрған лектен бір басқарма ала бөтен өңмеңдеп, ілгері ұмтылып, жарыса сүлгі ұсына берген екен, Оңдасынов: «Жуынып болайын, тұра тұрыңыз», – депті. Басын құман шүмегіне қайта тосып, бір шайып алып, шаштарының арасына саусақтарын жүгіртіп, сілкіп-сілкіп қалыпты. Үстіне құлайтындай болып, елпеңдеп тұрған егде басқарманың омырауы малмандай су болыпты. Оңдасынов тік мінезді кісі екен, «Ойпырмай, отағасы-ай жуынып жатқанымды ғой көріп тұрсыз, судың шашырайтынын білесіз. Аулағырақ тұрмайсыз ба?», – депті. Жиналған жұрт жарамсақ неменің тауын салған жерден жығып тастаған салиқалы басшыға разы болып, айыздары қанып қалыпты.
Жиынға барып келе жатқандар екі езулері құлақтарына жетіп, қуанып оралыпты. Астарындағы аттары ақ тер, көк тер. Өздерін жерден қазып алғандай, үстері топырақ-топырақ. Жолсоқты болып шаршағандарына қарамастан бір-біріне дес берер емес. Жарты ғасыр тұяқ тимей бос жатқан құла дүздің жай-жапсарына бір сапарының өзінде-ақ жете қаныққан сыйлы мейманға көңілдері қатты бітіпті. Оңдасынов өлкенің өнеркәсіптік болашағын да майын тамыза әңгімелесе керек. Атсоқты жолаушылар: «Нұртас Оңдасыновтың өзі айтқасын Атырау мен Маңғыстау енді әбден гүлдейді», – деп желпілдеседі.
Оңдасынов келіп кеткен соң көп ұзамай ол кездегі ортақ облысымыздың, ортақ Гурьевте тағы да бір ұлан-асыр жиын өтті. Оған ақсақал, қарасақал ғалымдардың бәрі жиналыпты. Осы өлкенің естияр азаматтары түгел шақырылыпты. Жаңа ашылған Ұлттық Ғылым академиясының алғашқы көшпелі сессиясы Батыс Қазақстан аймағының табиғи байлықтарын игеруге арналыпты. Халық бұны да Нұртас Оңдасыновтың ана жолғы Үстірттегі Уәлі басында айтқан уәжді әңгімесінің жалғасы екенін білді. «Ғылымды басқаратын Сәтбаев: «Мұнда не жоқтың бәрі бар. Тек соны игерсек те талай Қазақстанды асырар едік», – депті. Оңдасынов: «Ендеше, барлық күшті осында жұмылдырайық», – депті» деген әңгіме ел арасын кеулей түсті.
Келесі жаздан бастап, Маңғыстауға жан-жақтан экспедиция шұбыра бастады. Бір-екеуі біздің ауылдың желкесіндегі Бескемпір, Жездібас дейтін жылымшы бұлақтардың қасына кеп қоныс тепті. Олардан онша қашық емес тау қойнауындағы қойшы ауылдың шет жағындағы киіз үйдің көлеңкесінде кітап оқып жатқанмын. Ит үрді. Басымды көтерсем – анадай жерде бір топ адам тұр. Қақ ортасындағы аласа бойлы, шағын денелі, жалтыр бас қунақы шал қолын бұлғап қастарына шақырды. Бардым. «Бізбен бірге жүр, біздер геологтармыз», – деді. Қазақстан Ғылым академиясының президиум мүшесі, әйгілі геолог, академик Иван Иванович Бокпен солай таныстым. Жыл сайын жаз шыға кен іздеуші топтар келеді. Келген сайын мені іздеп тауып алады. Жаз бойы оларға жол көрсетуші болып, тау-тасты аралап кетемін. Қыс бойы мектептестеріме жазда көргендерімді айтып, күпілдеп мақтанып жүремін.
Бірақ, екі-үш жылдан соң Алматыдағы менің таныстарым ұшты-күйлі келмей қалды. Тың игерудің әңгімесі дуылдай жөнелді. Басшылар өзгерді. «Оңдасынов оқуға жіберіліпті. Енді бізге көңіл бөліне қоймас», – десті үлкендер.
Оныншы сыныпқа көшкен күзде Маңғыстау өнерпаздарының күндерін өткізуге Гурьевке бардық. Бәрімізді облыс басшылығы арнайы шақырып әңгімелесті. Сахнадағы жылтыр үстелдің қақ орта тұсындағы екі кісінің біреуі обкомның, біреуі облыстық атқару комитетінің басшысы екен. Облауткомды басқаратын ұзын бойлы, ірі денелі, ақ сары кісі сөйлеп тұрған серігінің әңгімесін тыңдап, бізге баппен көз тастап, үнсіз отыр. «Баяғыдағы бізді қуантқан Оңдасынов осы кісі көрінеді», – деп, ішім жылып, қайта-қайта қарай беремін.
Қыс өтіп, көктем шыға біз оқитын Ұштаған аулына уәкіл келгіштеп кетті. Бәрі де аттарының басын мектепке бұрып оныншының оқушыларын төңіректейді. Сол жылы Шығыс Қазақстандағы Ұлан ауданының мектеп бітірушілері бір кісідей ауылда қалып, мал бағамыз деген бастама көтерген. Біздерге де соларды қолдап, ауылда қалып, мал бағамыз деп, облыстағы мектеп бітірушілерге үндеу тастаңыздар дейді. Шектес жатқан алты-жеті ауылдың балалары оқитын үлкен мектеппіз. Елудің үстінде мектеп бітірмекпіз. Комсомол комитетін мен басқарамын. Ауданға белгілі озат оқушымын. Келген уәкілдер: «Сен айтсаң, бәрі тыңдайды», –деп, арқамнан қағып, үсті-үстіне салмақ салады. Күні кешеге дейін «өлкеміздің байлығын игеретін инженерлер боламыз, тегіс оқуға барып, бағымызды сынаймыз» деп келіп, енді «бәріміз де қойшы болайық» деу шындап қиналтып жүр. Ересектеу балалар жиналып ақылдастық. «Қаласақ, бәріміз бір шаруашылықта болып, бірге еңбек етеміз. Екі жылдан кейін оқуға баруға бірге әзірленеміз», – деп, шарт қоюды ұйғардық. Ол кезде ауданда ондай жағдай жасай алатындай шаруашылық жоқ еді. Басшылар сонда да келісім беріп, үндеуімізді облысқа жіберіпті. Оңдасынов облысқа бірінші басшы болған. Біз аттестатқа емтихан тапсыра бастадық. Жазбашаларын бітіріп, ауызшалары қалды. Аяқ астынан облыс орталығына жүретін болдым. Мектеп басшылығына: «Қалғандарын қайтып келіп тапсырады, жіберіңдер», – деген нұсқау беріліпті.
Мәскеудегі Дүниежүзілік Жастар фестивалінің қарсаңында облыстық фестиваль өткелі жатқан. Маңғыстау өнерпаздарын Жайықтың батыс жағындағы темір шарбақты, қос қабатты үйге жайғастырды. Ауласына екі-үш сегіз қанатты үй тігілді. Іші қызылды-жасылды. Есіктерінің алды қаздай тізілген жез самауырлар. Бұрқылдап қайнап тұр. Көлдей-көлдей кең дастарханда тау-тау бауырсақ, ірімшік-құрт. Зерең-зерең шұбат. Бұндай салтанатты аудандық фестивальде біздің ұштағандықтар шығарып еді. Төлесін Ерғалиев дейтін ауыл басшысы аудан орталығына киіз үйлерден фестиваль қалашығын тұрғызған. Сол хабар облыстағы Оңдасыновқа жетіпті. Маңғыстаулықтарға баржаға тиеп, киіз үйлер әкеліп, қазақ ауыл тігуге арнайы тапсырма беріпті. Ол ауыл қаладан он шақырымдай жерде бөлек тігіліп жатыр. Ал, мынау – көшедегі қызықтаушылар үшін тігілген үйлер. Көптен бері киіз үйді таңсық көріп қалған қала тұрғындары ертелі-кеш лек-легімен ағылады да жатады. Концертке әзірлік арасында оқтын-оқтын біз де бас сұғып қоямыз.
Бірде ортадағы үйдің төрінде шай ішіп отыр едік, біреу асыға-үсіге есіктен бас сұғып: «Тұрыңдар! Үлкен кісілер келе жатыр!» – деді. Атып-атып тұрдық. Былтыр күзде алыстан көрген ақсары кісім бір топ адаммен кіріп келді. Аудан басшылары: «Концертке әзірлік жасап жатқан балаларымыз ғой. Шай ішуге кірген ғой», – деп ақталып жатыр. Құлағымыз қызарып біз тұрмыз. «Оқасы жоқ, отыра беріңіздер!» – деп, Нұртас аға өрге озды. Ешкім отырған жоқ. Үй жиһаздарын, бау-шуларын байыппен шолып шықты. «Ауылдағы әлгі тігіліп жатқан үйлер де осындай ма?» – деп сұрады. «Бұдан артық болмаса, кем емес», – десті біздің үлкендер. «Сіздің жақтың үйлерінің әсемдігін Үстіртке барғанда көргенмін. Жігіттерге ұлт ойындары мен бәйгені сол ауылдың қасында жасауға тапсырма бердім»,-деп бауырсақ пен шұбаттан дәм ауыз тиіп, есікке беттеді. «Ал, соңыра концертте көреміз ғой. Табысқа жетулеріңізге тілектеспін!» – деп, табалдырыққа жете бере бізге бұрылып қарады.
Нұрекең айтқанында тұрды. Концертімізге келді. Сахнаға шығып, өлең оқыған менің көзім үлкен шоғырдан басы асып отырған еңгезердей кісіге қайта-қайта түсе берді. Ертесіне «Теңдік» деген жерге апарып тігілген ауылдың қасында болған ұлттық спорт жарыстарында да маңдайы жарқырап өзі отырды. Сол арадан түн ортасына дейін ашық аспан астында ән салып, би билеп, алтыбақан теуіп, байырғы ойындар ойналып, баяғыша ұйымдастырылған сауық-сайранда да бастан-аяқ өзі жүрді. Баяғыда мектептес достарыма: «Оңдасыновтың өзі айтыпты», – деп айтқан қуанышты әңгімелерім жадыма оралды. «Болса, енді болатын шығар. Сол айтқан аймағына өзі басшы болып келді ғой», – деп қоямын ішімнен. «Апыр-ай, анадағы үндеуіміз бұл кісіге жетті ме екен?» – деген ой келгенде, өн бойымды уайым билеп алады.
Фестиваль қорытындысы бойынша, мен Алматыға жүретін болдым. «Барсам, барып-ақ келейін. Көп болса, қалған емтихандарымды күзде-ақ тапсырамын. Биыл бәрібір оқуға бармайтын болдық қой», – деп мұңайдым. Сонымды біліп қойғандай, дәл сол күндері обком бюросында біздің үндеуіміз қаралыпты. Нұртас ағай алдында жатқан біздің қолымыз қойылған қағазға көз жүгіртіп, қасындағы арнайы фотограф келіп түсіріп кеткен мойындарымыз қылқиған суреттерімізді қолына алып, желпіне сөйлеп тұрған баяндамашыны тоқтатып: «Жә, Гурьев облысында қой табылса, қойшы табылады. Маңғыстауда жоғары білімді мамандар жетіспейді. Балаларды жолынан қалдырмайық»,- депті.
Бұны естіген мен Алматыға пойызбен жүретін топты тастай салып, көпірдің қасынан Маңғыстауға жөнелгелі жатқан кемеге жүгірдім. Ауызша сынақтарымды тапсырып, Алматыға тарттым. Зорға үлгеріп, университетке құжат өткіздім. Бірақ, есіл-дертім ел жақта. Бала кезімдегі «Оңдасыновтың өзі айтыпты» деп естіген әңгімем оқуда жүрген бес жылымның ішінде расқа айналайын деді. Ол кісінің тұсында Атырау, Үстірт, Маңғыстауға көптен жоламай кеткен Қызыр Іляс қайтып оралғандай болды. Мал көбейіп, жайылыс жетпей, көрші Ақтөбе мен Түркіменстандағы мемлекеттік жерлерден өріс сұралды. Өндірістің де өркені өсейін деді. Шалшыққа шашып тастаған сүйек-саяқтай қиқы-жиқы сиықсыз қалаға келбет кірейін деді. Құлазып жатқан Маңғыстау даласына Алматының экспедицияларын тобықтан қағып аттатпай қойған орталық Мәскеу, Ленинград, Киев, Уфа экспедицияларын үсті-үстіне шұбыртып, толтырды да жіберді. Олардың ашқан кен орындары жайлы мәлімет қырық құлыптың ар жағында cақталды. Олар салдырған қалашықтарға жергілікті жерден адам түгілі, ұшқан қаңбақты жолатпады. Маңайдағы елді мекендерден сынық шеге алғызбай, бәрі «үлкен жерден» ұшақпен тасылды.
Жергілікті жерлердің табиғи байлықтарына ыссылай сұғынғанымен, адамдарына мұрын шүйіре қарайтын менсінбеушілікпен алғаш рет айқасқа шыққан да Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов еді. Мәскеудің есігінен есік тастамай жүріп, өз облысы аумағында тұрып, партиялық есепте басқа жақтарға тіркелетін «қашақ» партия ұйымдарын өз қарамағына қайтарып алды. Сол арқылы құрық жетпей жүрген құр асауларға облыс, аз да болса, өз ықпалын жасай алатын болды. Соның арқасында ол «Гурьев-20» деп ел-жұрттың бәрін шатыстырып келген жұмбақ қаланың атын анау-мынау емес, Ақтау деп өзгерттірді. Бір өкініштісі, Нұртас аға Мәскеуге кеткен бойда-ақ, тап іргесінде сол аттас тағы бір қала тұрғандығына қарамастан Шевченко болып аталады.
Орталықтың снобизмімен аянбай айқасқан басшы өзгелердің алалауы аз болғандай, өзімізді-өзіміз аяқтан шалатын күңкіл-сүңкілді де ит етінен жек көріпті. Құдды бір папуастардың арасында жүргендей нанын жеп, суын ішіп отырған өлкенің азаматтарын сырттарынан «әй, осыларды қойшы» деп мысқылдай сөйлеген бірер мысық тілеу мықтысымақтарды қасынан бір-ақ айдап қуып шыққаны ауыздан ауызға көшіп жүрді. Оңдасыновтың Атырау, Маңғыстау аймақтарының табиғи байлықтарын жарыққа шығаруға жасаған қамқорлығы қандай ересен болса, адами байлығын танытуға жасаған қамқорлығы да сондай ерекше еді. Құрманғазы мен Дина, Махамбет пен Абылай шыққан елдің өнері мен мәдениеті босағаға ығысып кеткенін көріп, қатты қынжылыпты. Алматыда консерваторияда оқып жүрген Сейілхан, Раушан Құсайыновтарды, Боздақ Рызахановты, Рысбай Ғабидиевтерді оқулары біткен бойда, елдеріне шақырып алып, шығармашылық ұжымдар құрғызды. Музыкалық оқу орындарын ашқызды: жас дүлей Нұрғиса Тілендиевті 1957 жылы Гурьевке шақырып, бес жүз адамдық оркестр ұйымдастыртып, стадионда концерт бергізді. Содан бастап, «Күй Отанының» аруағы қайта тіріле бастады. Күңіреніп көлеңкеде отырып қалған Сәттіғұл ақын облыс орталығына шақырылып, қайтадан халық алдына шықты. Құрметті атақ алды. Ж.Ысқақов, А.Безелюк, В.Власов, А.Зелетдинов, К.Айдаралиев сынды спорт шеберлерін қанаттандырып, спорт командаларын құрғызды. Әйгілі жүйрік Әмин Тұяқовтың жұлдызы сол жылдарда жана бастады. Алматыдан атақты ақын-жазушыларды шақыртып, Құлсарыдағы электрик Санжар Жандосовты, Гурьевтегі студентка Фариза Оңғарсынованы, Маңғыстаудағы мұғалім Рахмет Иманғалиев пен мектеп оқушысы мені облыстық газет редакциясына кеңеске қатыстырып, әдебиетке баулыттырды. Оңдасынов барғанға дейін «өздерінің кадрлары жоқ» деп, бригадирліктен жоғарыға қызметкерлер ылғи шеттен шақырылып келген-ді. Нұртас Дәндібайұлы дәл сол «кадрларға да қу тақыр» аймақтың барлық шаруашылық, өнеркәсіп, мәдениет мекемелерін, ауылдарын, аудандарын, қалаларын түгелдей өз мамандарына басқартып қана қоймай, кейін, республикалық, одақтық дәрежеде танылған білікті басшы кадрларды тәрбиелеп өсірді. Алыс вахтадағы бұрғышылар мен айдамал отарлардағы шопандардан бастап, елдің естияр азаматтарын түгел танып білді. Араларында болып, ақылдасты. Бірде шалғай құдықтың басында қой суарып жатқан шопан бұйымын сұраған Нұрекеңе: «Бұйым біреу-мына мал суарып болғасын үйге жүріп, қонақасыңызды жеп кетіңіз. Қазір алып баруға жалғыз әйелім, әне, суатқа ұмтылған қойларды қайтарып тұр. Екеу болғанда біреуі үйде қазір қазан көтеріп жатар еді. Үкімет осы мәселеде, ең болмаса малшыларға кеңдік жасамай ма?» – депті. Нұрекең: «Сіз қонақасы бердім деп біліңіз. Мен жедім деп білейін. Жеңгей келіссе, екінші әйелді қазір-ақ ала беріңіз. Үкімет қинап жатса, екеулеп бірдеңе етерміз», – депті. Разы болған малшы: «Мына әңгімеңізге екі әйел алғаннан кем қуанып тұрған жоқпын. Құдай алдыңыздан жарылқасын, Нұреке!» – депті. Сөз білетін басшының жөн білетініне шек келтірмейтін халық оның қай ақылын да жерге тастамауға тырысыпты, «Жерлеріңде сораңнан басқа ештеңе өспейді» дегенге сеніп, шыбық та екпей, бейқам отырған, бойкүйез жұртқа күрек ұстатып, тал еккізді. Бау отырғызып, жеміс жегізді.
Дихан өлкенің перзенті барлық мәселені баппен шешті. Бірақ, сөйткен Оңдасыновты Атырау, Маңғыстаудың маңдайына сыйғызбады. Әуелі ел ішіне «оған жергілікті жігіттер қарсы болып жүр екен» деген сыбыс таратылды. Артынан тізелес отыратындарға «жағасына жармасыңдар» деген ишара да беріліпті. Сөйтсе, әлгідей әңгімені бықсытып жүрген жергілікті адамдарға бес қайнаса сорпасы қосылмайтын, көлденең көбік ауыздар болып шығыпты. Алайда, Оңдасыновтың орындығына ошаған лақтыру бәрібір қойылмапты. Сөйтсе, оны Алматы емес, Мәскеудің өзі ұйымдастырып отырыпты. Оның тамыры тым тереңде жатқан қырық қатпар сыры бар екен.
Ол Нұртас Оңдасыновтың саяси ғұмырнамасын аяқтайтын соңғы он бір айдың ішінде ақи-тақи анықталады. 1961 жылы 22 наурыз күні Алматыдан Мәскеуге шығарып салғанында пойыздың үстінде Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа С.Хрущев: «Было большой ошибкой, что целиной занялись очень поздно. Это ощибка Скворцова, Шаяхметова, Ундасынова»,-деген көрінеді.
Бұл сөзге қарағанда, тың көтеру Мәскеудің көкейін көптен тесіп келе жатқан көне дәмесі болып шығады. Бірақ, оны жүзеге асыруға Қазақстанды билеген аталмыш үш басшы онша құлықтылық таныта қоймаған секілді. Демек, іштей қарсы болған. Әрине, олар Кеңес үкіметін жек көргендіктен солай етпеген шығар. Сырт көзге жақсы көрініп, жылы естіліп тұрған жылмағай ұранның ар жағында жымысқы пиғыл жатқанын алыстан аңғарған шығар. Сондықтан, әлгіндей ниеттің бар екенін естіп-біліп отырса да, оңай абырой алып қалайық деп, «етегімізге бидай сал» деп елден бұрын жүгірмей, түсінсе де, түсінбеген болып, аңын аңдап, сөзбұйдаға сала түскен түрлері бар. Егер бұл Н.А.Скворцов заманынан қаузастырылып келе жатқан гәп болса, әлгіндей сөзбұйданың қаншалықты ұзаққа созылғанын мөлшерлеу де онша қиын емес. Ал, егер Н.С.Хрущев өзі дабылдатып баққан бұндай бастаманы әлгі үшеуі әуелде өздері біліп, неге көтермеді деп өкпелеген болса, онда олардың тұтас бір халықтың тағдырына қалай болса солай қарайтын ақикөз кеудемсоқтар сойынан болмағандары. Не де болса, тыңгер Н.С.Хрущевтың «тракторы» тың көтеруді Қазақстан басшылығын тұтасымен төңкеріп тастаудан бастауы тегіннен-тегін емес еді. Оларды қай мәселеде де өзі сияқты басы-көзіне қарамайтын, ұрдажық болмағандары үшін алып тастағаны байқалады. Ал олардың, расында да, солай екендігін Оңдасыновтың өз жазбасында «Сталин қателеседі» дегенге шынымен де сенбегенін, бірақ екі нәрсесіне - өз тілімен айтқанда, «репрессия мен переселениеге» – жаппай қуғын-сүргінге және қандай шаруаны да қарайған халықты әрлі-берлі сеңдей соғыстыру арқылы шешуге неге әуес болғандығына іштей ренжіп өткенін ашық айтқанынан-ақ аңғара беруге болатындай.
Н.С.Хрущевтың тың игеруге И.В.Сталиннің көзі жұмылмай жатып, кірісіп кеткеніне қарағанда, бұл жоғарғы жақ үшін онша таңсық мәселе болмаған. Ендеше, елуінші жылдары Н.Оңдасынов пен Қ.Сәтбаевтың Батыс Қазақстанның табиғи байлықтарын тездетіп игеруге жан-тәндерін салуы тіпті де тегін емес. Біріншіден, тың игеру сияқты жойқын «переселение» шақыратын сойқан пиғылдың жолын орауға тырысқандық, екіншіден, қазақстандық дамуды ұлттық еңбек ресурстарын индустрияға бейімдеу арқылы жүзеге асыруды жақтағандық деп түсінгеніміз жөн. Олардың мұндай ұлттық дамудың мүддесін ойлаған көрегендік мақсаттарын көлденеңнен тап болған тың игеру даңғазасы көктей солдыруға айналды. Екеуі де біраз уақытқа басшылық қызметтен аластатылды. Алайда, екеуі де басшылық қызметтеріне қайта оралысымен, баяғы абзал мақсаттарын қайта қолға алды. Н.Оңдасынов 1955 жылы Гурьев облысының экономикасы мен әлеуметтік ахуалына көмек көрсету туралы үкімет алдына ресми түрде мәселе қойды. Обком басшысы болған кезінде академик Қ.Сәтбаевтың шақыруымен Атырау атырабындағы мұнай кеніштері мәселелеріне арнап, үлкен ғылыми жиын өткіздіреді. Оған одақтың белгілі ғалымдары да қатысады.
Қазақстанның басшы қайраткерлерінің мұндай пиғылы Мәскеудің көңіліне әуелден қонбағандығы, ал Н.С.Хрущев тұсында одан атымен күдер үздіртуге мейлінше күш салынғандығы айтпай-ақ белгілі болып тұрғандай еді. Бұл ретте, «тың көтеруші падиша» «қиқар қазақтарды» тәубесіне келтірудің неше қилы қитұрқысын ойлап тапты. Республиканың қырықжылдық тойын уақтылы тойлатқызбады. «Қолым тимейді», – деп келмей қалды. Бір жыл кешіктіріп барып өткізілген тойда айтқан әңгімесі әрпіл-тәрпіл шықты. Келген мақсаты – ұлтжанды азаматтарға кезекті дүре соғу ұйымдастырып, елдің намысына тиетін қиямпұрыс шешімдер қабылдату еді. 1961 жылдың 24 маусымында Алматы стадионында өткен той үстінде елдің елеулі азаматтардын көздерінен түзіп атағанда баяғыдан көріп-біліп жүрген, дәл жанында тұрған Қаныш Сәтбаевтың аты-жөнін аяқ астынан ұмытып қалып, есіне түсіре алмай, «әлгі академияларыңның президенті» деп қақалып-шашалып әрең айтқанын тұсында пәтуасыз адамның кезекті бір жаңғалақтығы ғой деп жайбарақат қабылдадық. Ол, расында, әлгіндей ұлтжанды ұстанымына бола көңілінен шықпай жүрген қазақ ғалымын көп алдында әдейі мұқатудың саяси әдісі еді.
Бұл сапарында Н.С.Хрущев көптен бері тісін басып жүрген Нұртас Оңдасыновпен де кермар сөйлесіп қалғанға ұқсайды. Қазақстан халық шаруашылығын жоспарлау мен басқару саласында ұзақ жылдар қызмет еткен белгілі қайраткер Ғарай Сағымбаев бұл жөнінде нақты дерек келтіреді: оның айтуынша, аталмыш мерекеге орай берілген ресми қабылдау үстінде Хрущев қолында арағы бар, Оңдасыновтың қасына келіп: «Мақта өсіретін үш ауданды Өзбекстанға беруге үнемі қарсы болушы едің. Ертең Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы алынады»,-дегенде, Нұрекең орнынан атып тұрып: «Мен қазір Қазақстанды басқарсам, әлі де қарсы болар едім»,-депті. Соған ашуланған Хрущев қонақасыдан кетіп қалады. Нұрекең «Кешірім сұра, ертең сессияда аудандарды беру туралы ұсыныс жаса»,-деген бюро мүшелерінің кеңесін қабылдамайды (Нұртас Оңдасынов. «Ел орда», Астана, 2002 жыл, 124-бет). Егер осыдан дәл үш ай бұрын Хрущевтың пойыз үстінде Димекеңе айтқан әңгімесін ескерер болсақ, оның аталмыш қабылдау үстінде Оңдасыновқа әдейі ұрынғанын аңғару қиын емес еді.
Аталмыш сапарында айызы мықтап қана қоймаған қорқау бастық Қазақстанның басына әңгіртаяқ ойнатып бақты. Өзбекстанға берілген үш аудан аз болғандай, тың өлкесін бөліп әкету, Маңғыстауды түрікпендерге беру сияқты сұрқия ойлар қылаң бере бастады. Қазақ басшыларын шыны аяқтай қағыстырып, бірінен соң бірін қызметтен қуды. Ақыр аяғы Қонаевтың орнынан Исмайыл Юсуповты әкеліп отырғызумен тынды. Бұндай бүкіл бір ұлтты тікелей мұқатуды көздеген жаппай дүре соғудан Нұртас Оңдасыновтай айқын ұлтжанды азаматтың аман қалмауы айтпаса да түсінікті еді. Н.С.Хрущев онымен біржола есеп айырысып тынғысы келді.
Оның 1962 жылдың лайсаң ақпанындағы Алматыға келген даңғаза сапары тұсында Н.Д.Оңдасынов ұсынып жүрген мәселелер арнайы мәжілісте қаралды. Ол үш-ақ мәселе екен. Барлығы да Маңғыстауға байланысты екен.
Оңдасынов: «Маңғыстау табиғи ресурстарға, әсіресе, мұнайға бай, оны барлау мен игеруді қатар жүргізуіміз керек», - дейді. Хрущев: «Бізге Сібірдің мұнайы да жетеді Маңғыстауға күніміз қарап тұрған ештеңе жоқ», - дейді.
Оңдасынов: «Маңғыстаудың өн бойы – толып тұрған құрылыс материалы. Ұлу тастарды елімізде енді қанат жая бастаған құрылыс ісіне кеңінен пайдалану керек», - дейді.
Хрущев: «Осы заманғы құрылыс индустриясының наны – сенің қайдағы бір табиғи тастарың емес, темір бетон. Неткен кертартпа надан адамсың?!»- деп зіркілдеп ала жөнеледі.
Оңдасынов талайдан бері құпия әзірлеп жасап, талай Одақтық министрліктердің әдейілеп барып, аузын алып та қойған, соңғы ұсынысын – Маңғыстауға Мақаттан теміржол тарту керектігін айтады. Хрущев оны тыңдағысы да келмей, орнынан тұрып кетеді. Бұны көріп Оңдасынов та қатқыл әңгімеге көшеді. «Бұл ұсыныстарым өтпейтін болса, облыстың жағдайы осы мүшкіл күйінде қалады. Оны көріп, басшы болып отыра алмаймын», - деп, жұрт алдында қызметтен бас тартады.
Қаһармандық драмаға лайық осы бір саяси сахнадан Нұртас ағаның нар тұлғасы мен бар болмысын түгел аңғара беруге болады. Бірақ, озбыр бастық, соның өзінде де өз қарсыласының ең басты қыры мен сырын, өзіне неге ұнамайтын себебін ашып айтпай, бұлталаққа салып, бұрмалап көрсетеді. Бір кезде тың игеруге Оңдасыновтың кертартпалықтан емес, ұлтжандылықтан ұмтылмағанын Хрущев жақсы біледі.
Енді сол «кертартпа» Оңдасыновтың әлгіндей ұсыныстармен тағы да кесе көлденең алдынан шыққанына Хрущев ыза болмағанда, кім ыза болады?! Соны түсінген Оңдасынов та қатты сөзге барысуға мәжбүр болады. Бұны кеш біліп отырған біздің бүгінгі ағайындар: «Ойпыр-ай, ол кісі жуас дейтін еді. Жуастан жуан шығады деген рас екен-ау!» - деп таңғалады. «Апыр-ай, ол кісі көбіміздей емес, терең ойлайды екен-ау!» - деп ешқайсымыз айта қоймаймыз. Ал, «тың игеруді кешіктірген Оңдасынов» отырған жерде Н.С.Хрущевтың әлгіндей мәселелерді қалтасынан қырқып бағатыны, әрине, белгілі. Қызыл император жылдар бойы қырына алып баққанын былай қойғанда, соңғы он бір ай бойы үздіксіз артиллериялық төмпешіктің астына алып, қашан көзін құртпай тынбасқа айналған. Соған біржола көзі жеткен Нұртас аға іс күйзелгенше, мен күйзелейін деп, қызметтен бас тартса керек. Бұл тек ерлік емес, тереңдік еді. Ақикөз ашу емес, өзін емес, халқын ойлаған мәрттігі еді, әркімнен табыла бермейтін биік парасат еді. Не де болса, Н.Оңдасынов Қазақстанға бұл жолы экономика арқылы жасалмақ жаңа қысымның алғашқы құрбандарының біріне айналғаны даусыз. Ендеше, ондай сенімсіз адамға Қазақстанда орын жоқ болары, сондықтан да қалған күндерін Мәскеуде өткізуге тура келері түсінікті еді. Ол кезде орталықтың суық қабағына іліккен ірі басшыны көзге шыққан сүйелдей қылып, өз ортасынан аулақ алып кететін жымысқы тәсілі бар-ды.
Әрине, ол кездегі гурьевтіктер бұның бірін де білген жоқ-ты. Бірақ, елу сегіздегі кемел азаматтың тектен-текке аласталып бара жатпағанын іштері сезді. Келесі жылы облыстық жиынға құрметті қонақ болып келгенінде күллі облыс халқы туған әкелері тіріліп келгендей, ағыл-тегіл қуанды. Бұны өз көзімен көрген Нұртас ағаның тумаса да, туғандай болып кеткен ізбасар інісі Сағидолла Құбашев әдемі әңгімелейді. Нұрекеңе сөз берілгенде жұрт орындарынан дүрілдей көтеріліп, қол шапалақтап тұрып алады. «Отырыңдар!»- десе де, отырмайды. Ол кезде Батыс Қазақстан өлкесі бар еді. Соның екі бірдей басшысы Құбашевтың етегінен тартқылап: «Халықты отырғыз!» - дейді. Оған көне қоятын халық бар ма?! Дауыстап, шапалақты жаудыра түседі. Мінбедегі Нұрекеңнің қолын былғалап: «Болды, болды!» – дей берген ишарасынан ғана амалдары құрып, орындарына әзер отырады. Енді Нұрекең тамағы құрғап, үні шықпай, қапелімде аузына сөз оралмай, ұзақ кідіріп қалады. Ол кісінің қатты қобалжып тұрғанын көрген халық орындарынан түрегеліп, қайтадан дуылдата қол ұрады. Қашан Нұрекең өзіне-өзі келіп, сөзін бастап кеткенінше орындарына отырмайды. Нұрекең сөзін бітіргенде әлгі көрініс үшінші рет қайталанады.
Отыз жылдан астам ел басқарып, бүкіл саналы ғұмырын төс пен балғаның ортасында төмпеш көріп өткеріп, қазақша айтқанда, дәйім жаудың бетінде, желдің өтінде дәурен кешкен саясаткер үшін бұдан асқан марапат, бұдан асқан бақыт болуы мүмкін емес еді. Бұны сол күні кешкі дастархан үстінде Нұрекеңнің өзі де мойындапты. Ол: «Өмірімде осынша құрмет көргем жоқ, осындай қобалжыған емеспін. «Ел - алтын бесік» деген осы екен ғой. Атыраулықтар мені бүгін алтын бесікке салып тербетті ғой. Алтын бесіктің ішінде тербеліп отырғанда көзің ештеңені көрмей қалады екен ғой!» - деп көңілі босапты.
Иә, терең тебіреністің сөзі. Ол күні Нұрекеңнің де, халықтың да соншалықты толқитындай жөні бар еді. Өйткені, Нұрекең өмірінде бірінші рет халық тарапынан осынша ыстық ықылас көріп тұрса, Атырау халқы да өмірлерінде соншалық әділ, соншалық адал, соншалық елжанды елгезек басшының болатынына тек Нұртас Оңдасынов басшы болып барғанда ғана көздері жетіп еді.
Елі жоқ жерге келе жатқандай болмайын деп, қасына бір кісіні де ертпей, саяқ келіп, саяқ кеткен, білек кімдікі болса, күрек соныкі деп, керекті мамандардың бәрін жергілікті жұрттың өз арасынан іздеп, тауып, тәрбиелеп өсірген ұстаз басшыны ол кездегі атыраулықтар мен маңғыстаулықтардың алғаш көріп тұрғаны да сол Нұртас ағаның тұсы еді.
Облысты сегіз жыл басқарғанда төрт чемодан мен бір контейнер кітаптан басқа ештеңе алып кетпеген, нұсқаушысынан да жұпыны тұрған Нұртас Оңдасыновтай қарапайым басшыны жұрт әліге дейін аңыз қылып айтады.
Сонымен, атыраулықтар мен маңғыстаулықтардың Оңдасыновты неге жақсы көргені түсінікті болды. Өзгелерді де өзіндей тұтып, өзімшілдік көрсетпеген азаматқа ел шіркін қашанда өзегін жұлып беруге әзір ғой! Ал, Н.Д.Оңдасынов атыраулықтар мен маңғыстаулықтарға неге сонша үздіге қалды?
Біреулер бұны да устав пен нұсқамалардың айтқанынан шықпайтын партиялық педантизмнен өрбіп жатқан тазалық пен тәртіптілікке жоруы мүмкін.
Олай дейін десең, кеңес заманы жастарының фестиваліне бағзы қазақ жастарының байырғы болмысы, әдеп-тәрбиесі, өмір-салты, дәстүрлі өнері мен сауық сайранын қаз-қалпында бейнелейтін жан-жақты бағдарлама дайындатып, жарқырата көрсеткізгенін жоғарыда айттық. Ол кезде қазіргідей, қазақша дұрыс сәлемдесе алмай жүріп, қит етсе, қаланың асфальт сасыған көшесіне самсатып киіз үй тігіп, қазан-қазан қазы қарта астыратын көз бояушы «ұлтжандылық» үрдіске ене қоймаған-ды. Ол кездегі жағдайды мың шақырым жерден ондаған киіз үйді баржамен алдырып, өзен бойындағы көк шалғынға қақырадай ақ үзікті ауыл орнатып, әлденеше күн ұлттық фестиваль өткізгені үшін әңгімеге қаларын білмеді ме? Білді. Біле тұра, әдейі істеді.
Ол аз болғандай дәл сол кезде ұзақ жылдар айдауда болған атақты Ержан хазірет ақталып, Маңғыстаудағы еліне оралды. Көлігінен түсе сала, ешқайда бұрылмай, айдауға аттанардағы ата-қонысына, көк теңіздің жағасындағы әйгілі Шақпақ ата әулиенің қасына апарып, қосын тігіп, құдай жолы қызметіне кірісті. Бұрын ауыл арасындағы дүмше молдалардан көңілдері қалып, «дін» дегенде бастарын ала қашып қалған қауым Ержан хазіреттің уағыздары мен дәрістерін естуге жан-жақтан жамырап бара бастады. Шын діндар мен шын пірәдардың қандай болатынын ел енді көрді. Жұрт жақынды қойып, алыстан шұбырып келе бастады. Ел ішінде діннің атын пайдаланып істелініп келген ерсі қылықтар пышақ кескендей тыйыла бастады. Ержанның аруағынан қаймыққан дүмше молдалар жұмған ауыздарын ашпайтын болды. Маңғыстауға бір келгенде Нұрекең арнайы сәлем беруге Ержан хазіретке барды. Ол заманда Обкомның бірінші хатшысы айдаладағы көне қорымда сұпылық құрып отырған пірәдарға айдай жұрттың алдында өзі іздеп барып амандасады деп кім естіген?!
Соған қарағанда, Оңдасынов – өз заманының қас-қабағын бағуға мәжбүр болса да, өз қағынан өзі безінбей, сол қиын заманның өзінде де тілегі өз жұртының үстінде болған елжандылығын таныта алған адам. Демек, атыраулықтар мен маңғыстаулықтарға әлгіндей үздіге қалуы уставты құрметтегендіктен емес, халықты құрметтегендіктен екендігі даусыз. Жұртты адалдығымен баурап, әділдігімен сүйсіндірген. Жақсыда жаттық жоғын іспен көрсеткен.
Мен Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың атыраулықтар мен маңғыстаулықтарға жасаған айрықша қызметімен олардың сегіз жылдай ортасында болған осындай атпал азаматты, арада әлденеше ұрпақ ауысса да, ауыздарының суы құрып мақтап, әліге дейін айрықша ыстық ықыласпен еске алатынын, иісі қазақтың бәрін, өзім тұтқан нағыз елжандылықпен адамзаттың бәрін бауыр тұтып өткен нағыз адамгершіліктің арқасында деп түсінемін.
Нұрекең бұрынғы Гурьев облысының бірінші басшысы болып істеген бес жылында бастық пен басшының арасы аспан мен жердей алшақ екендігін дәлелдеді. Басыңнан нұқып жөнге салғысы келетін ноқайлар бастық екен де, ал, басыңнан сипап та жол көрсетуге сабырлары жететін сырбаз сарбаздар нағыз басшы екен, Нұрекең соның соңғы санатынан еді.
Бәлкім, Нұртас Оңдасынов тек «Хрущев Гурьевке жер аударып жіберген» соң ғана, басына талай нәрсе тиген соң ғана осындай елгезек, іскер, көреген басшы болып шыға келген шығар. Тіпті солай болған күннің өзінде де, бұл екі кісінің бірінің қолынан келе қоймас ерлік еді. Алайда, гәп басқаша сыңайлы. Бір өкініштісі, Нұрекеңнің кейінгі жиырма жеті жыл өмірі елден алыста, Мәскеуде өтті. Көзден кетсе, көңілден кетеді деп, алыста жүрген, жарты ғасырдан астам тарихымызды өз көзімен көріп, өз қолынан өткерген қайраткеріміздің тірі кезінде артынан іздеп барып, не ойлап, не білетінін айтқызып алуды ешқайсымыз ыждағаттай қоймаппыз. Ал, оның бір басынан басқа да көз майын сарқа зерттейтін зәру мәселелері жеткілікті болыпты. Артында қалдырған мұралары соны айғақтайды. Сөйтіп, Нұрекең көп сырын өзімен бірге алып кетті. Алайда, артындағы жұртын атымен құр алақан қалдырған жоқ. Ол үшін талай жылын сарп етіп, «Нұртас Оңдасынов» деген кітап түзіп, жарыққа шығарған Гүлсім Оразәлиева қаламдасымызға көп-көп рахмет айтамыз. Ол науқасқа ұшырап, бастан кешкен өмірдің көп өткелегін өз аузынан баяндай алмай, өзімен бірге алып бара жатқан ақ бас ағасына аянбай көмек көрсетті. Тар қолтықтан оқ тиіп, қапыда кетіп бара жатқан жарадар батырды қолтығынан демеп, жұрт алдына алып шығып, армансыз бақұлдастырған жанашыр қарындастың адал қызметін абыроймен атқарып шыға алады.
Сол кітаптағы Нұртас ағаның өз жазбалары мен кейбір С.Құбашев, Ғ.Сағымбаев, Х.Наурызбаев, С.Өтебаев, Р.Өтесінов, Ө.Жәнібеков, Ж.Әзіретбергенов сынды іні, замандастарының естеліктеріне қарағанда, Оңдасынов Гурьев облысына барған соң аяқ астынан жаңа мінез тауып ала қоймағандай. Әуелден бойында бар, туа біткен және өмір көрсетіп келе жатқан ізгі қасиеттерін бұрынғыдан да бетер жарқыратып аша түскендей. Оның қай жағынан да қисыны келеді. Әу баста Л.Мирзоянның қолдауымен Семей, Шығыс Қазақстан облыстарына облыстық атқару комитеті төрағалығына жіберіліпті. 1938 жылдың жаппай қуғын-сүргін зобалаңынан кейін келген жаңа басшы Н.А.Скворцовтың тұсында үкімет басшысы болып тағайындалыпты. Содан Н.С.Хрущев заманына дейін Қазақстандай күрделі республиканың шаруашылығын он үш жыл бойы табан серіппей басқаруды қандай режим болмасын кім көрінгенге сеніп тапсыра қоймайтыны белгілі. Оның үстіне, сол екі ортада өткен үш бесжылдықтың үшеуі де оңайға түспейтін төтен міндеттерді жүзеге асырған-ды. Басқасын былай қойғанда, жержүзілік ауқымдағы үлкен соғысқа әзірлену, төрт жылдан астам уақытқа созылған қанды майданға төтеп беру, оның орасан зардаптарын шұғыл мерзімде қалпына келтіріп, әлемдік деңгейдегі жаңа бәсекеге уақтылы көшіп үлгеру сынды тарихи сынақтарда Қазақстанның мойнына түскен батпан жүктерді қайыспай арқалай білу қандай нар тұлғаның да қабырғасына батар еді. Оның үстіне, әлгіндей ауқымды істерді өзің бастама көтере алмай, қырық құбылған деспотиялық айла-шарғыға шыдай жүре, ойдағыдай атқарып шыға білу үшін қаншалықты қажыр-қайрат пен төзім-парасат керек екендігі айтпасақ та түсінікті. Н.Д.Оңдасынов бойынан ондай қасиет молынан табылды. Сондай кіріптар кездің өзінде де ол халқының өнері мен ғылымына қаншалықты жаны ашығандығын қапысыз дәлелдей алды. Басқасын айтпағанда, тек қана Ұлттық Ғылым академиясын құру мен оның басшылығына Қаныш Сәтбаевты тағайындатудағы, жаңа ғылым ордасының ғылыми-техникалық базасын жасаудағы тікелей қосқан үлесінің өзі неге тұрады?
Нұртас Оңдасыновтың Арыс-Түркістан каналы мен Мойынты–Шу теміржолын тартудағы батыл әрекеттері оның тәуекелшілдігімен қоса, стратегиялық көрегендігін, тактикалық, оралымдылығын қапысыз айғақтап бергендей. Егер сондай шалымды басшыға дербес билік берілген болса, туған елі мен халқының жолында қандай тауларды қопара алатындығына Атырау мен Маңғыстаудағы асқаралы бастамалары көзімізді әбден жеткізе түседі. Бұл арада ұлы Абайдың жігітті істі қалай тындырғанынан емес, қалай бастағанынан тану керектігі жайындағы әйгілі қағидасы ойға оралады. Өйткені, қандай абзал ойдың тууы адамына байланысты болғанымен, оның ойдағыдай жүзеге асар-аспасының тағдыры әрқашанда заманының қолында. Мәселен, Маңғыстауды игеру жөнінде бастама көтерген Оңдасыновтың қандай құқай көргенін жоғарыда айттық. Бірақ, жүйелі бастама бәрібір жүйесін таппай қоймайды. Өкініштісі – өзі өсірген жемісті өзі тере алмады.
Атырау атырабына осыншалық шапағаты тиген шарапатты азаматтың ыстық ықыласының жылуы менің де көкірегімде әлі нұр шашып тұрғандай. Біздің болашағымызды ойлап, ақ таяқты ұстап малға кетесіңдер деп, аттестатымызды бергізбей, көрер көзге жіпсіз байлап отырғандарды райларынан қалай қайтарғанын айтып өттік. Ол қылығы үшін ауыр сын естігенін білеміз. Сондай сойқаны тиген оқиғаны ол, әрине, ұмыта қоймас. Алайда, сол амалсыз аяқтан маталған жас түлектердің аты-жөндерін ұзақ уақыт есінде сақтап жүрді деп кім ойлаған?!
Бірде жұмыста отырғанымда алпамса денелі, күдірейе қозғалып, едірейе қарайтын, қара бұжыр кісі есік қағып, кіріп келді. Қырық жылдай Мәскеудің қалалық мәдениет басқармасын басқарған Қазанғапов деген ағамыз екен. Маған соққан шаруасы – дүкеннен «Үркер» деген кітап сатып алыпты. Соған авторына қол қойдырып алмақ. Сөйтсе, бұндай кітап Мәскеуде тек Нұртас ағаның ғана қолында бар екен. Ол кісі кітаптың сыртынан менің аты-жөнімді көріп, мәз болыпты. Қатарларына баяғы 1957 жылғы оқиғаны айтып беріп: «Бұл дәу де болса, сол жылы мектеп бітірген Кекілбаев. Егер сол жылы ауылдан шығармай алып қалсақ, Әбіштің таудай талабын орға жықпайтынымызға кім кепіл? Расында да сол бала ма екен, басқа ма екен? Біле келші», - деп тапсырыпты.
Арада бірер жыл өткен соң, есіктен еңгезердей, ашаң өңді, қыр мұрынды кісі аттады. Бір кездегі ақ сары боп нұрлы көрінетін көрікті жүзі сұрқай, самарқау тартқан.
Саламатсың ба, шырағым. Әбіш, сен баяғы 1957 жылы Маңғыстаудан мектеп бітірген Кекілбаевсың ғой. Мен – Нұртас Оңдасынов деген ағаңмын, - деді.
Мен орнымнан ұшып тұрдым. Өзімше бәйек болып жатырмын. Нұрекең қалтасынан бір қағаз шығарып, «Үркерден» теріп алынған өзіне таңсық сөздердің мағынасын қалай түсінгенін айтты. Әрқайсысының тұсында: «Солай ма?» - деп сұрап қояды. Мен басымды изеп отырдым. Сосын қазақ тілінің байлығы мен сөз пайдалану мәдениетіміз жайындағы ағыл-тегіл ойларын айтты. Димекеңе де сол турасындағы ұсыныстарын қағазға жазып тастап кетіпті. Біреулерге уәде беріп қойғанын айтып, орнынан көтерілді. Қасына еріп, есік алдындағы көлігіне шығарып салдым.
Жан-жағына осылай шырайынан шырақ жағып, сыбағасынан сарқыт үлестіріп жүретін мейірбанды азамат кейініректе ұзақ жылдар соқпай кеткен туған аулына барыпты. Емен-жарқын әңгіме үстінде бір ақсақал: «Нұртас қарағым, өзің қаздырған канал бірер шақырым жердегі бізге соқпай, тұсымыздан өтіп кетіп, суға жарымай отырмыз. Жолымыз болса, ойқы-шойқы», - деп базына айтыпты. Сонда «Үшқайықтағы» біреу-міреудің үзігі ағарса да, құлқы бұзылса да Оңдасыновтан көретін қаймана ағайынның қаңқу сөздерінен қаймыққанынан емес, жақынды жарылқаймын деп, жалпының обалына қалып қоймайын деген қағиданы берік ұстанып, ел үшін деп еміреніп өткен есіл азамат сөзден тосылып отырып қалыпты. Жата қалып ренжімепті. Аузынан таусылып ақталмапты. Үйіп-төгіп уәде де бермепті. Кейін Алматыдағы Сағидолла Құбашевқа хат жазыпты. Кіндік кескен ауылының қоңторғай жайын баяндапты. Кезінде қолғабыс бере алмағанына өкініпті. Көмек сұрапты.
Бұны естігенде, біреулердің қыбы қанып қалуы мүмкін. Алайда, бұл – күйелеш күйкіліктің емес, ізгілікті іріліктің көрінісі. Сталинге барып, жылап-сықтап әзер сұрап алған тұтымдай каналды төрағаның ауылына деп екі шақырымға орынбасарларының ауылына деп бір-бір шақырымға, көмекшілердің де ауылы бар деп жарты-жарты шақырымға бұралаңдата берсе, былайғы жұртқа қасық су қала ма?!
Осылай ойлап өмір сүрген адамның құлағынан қай заманда қаңқу кеткен:
«Әй, соны қойшы... Бастық болып, қайсымызды жарылқап еді?» Сондайды естімейін деп, есігінен жылап-сықтап кірген жалпының бәрін ризалап баққан жалпақ шешейліктен де халықтың қарық болып жатқаны шамалы еді.
Сондай-сондай бармақ басты, көз қыстылықтан әбден зығырданы қайнағандардың кейде жауыр болған қыршаңқы аттай жон арқасын жоңқалап біткен бөгелекке ауыз саламын деп, жайына ұшып жүрген жазықсыз көбелекке ауыз салатыны бар. Ондай-ондайға Нұртас Оңдасыновтай мейлінше дегдар кісілер іштей күйзелсе де, «жаны күйген не демейді, ақылы барлар үндемейді» деп түсіністікпен қарайды. Кейде құр босқа лағып: «Сол не бітірді? Мансап қумай, әуелден сөзін тіміскілеп, қағаз күйелей бергенде, мүйізі қарағайдай жазушы не ғалым болып, артына қарайған мұра қалдырар еді», - дейтіндер де кездеседі. Ондайдың талайын тірісінде өзі де естіп жүрді. Арыса да, апшыса да сыр бермеуге тырысты. Қай заманда да дүниені бүлдірген осындай біреулердің көріп жүрген зейнеті түгіл, бейнетін көпсінетін күңірсік күңкіл екенін, ал, ол бір теріге он екі жілік қана сыятын, қай қаңқиған кеудеге де бір аяқ ас қана сыятын іштарлықтан екенін, қай қиянатты да сол туғызып, сол өрбітетінін, ал тіршілікті сақтап тұрған біреуді-біреу түзеймін деген жаппай жау-жағалас емес, әркім өз дәтіне өзі берік болып, өзімді-өзім түзеймін дейтін инабат пен парасат екенін жақсы білетін жайсаң аға: «Жүйелі сөз жүйесін табар, жүйесіз сөз иесін табар», – деп ойлап, қолынан келген еңбегін ете берді. Қасиетті бес кітаптан бастап, бағзыдағылардың бәрі айтқан: «Біреуге мін тағу үшін, әуелі оның орнында өзім болсам, қайтер едім деп ойланып ал», – дейтін салиқалы ақылға ешкім құлақ асып жатпаған соң, сауысқандай сумаңдаған қай ауызға қақпақ болсын?!
Ақтық жылдарында тек қағазбен ғана сұхбаттасып, шерін әбден тарқата алмай, қапыда дүние ауған арысымыздың артында өлмес мұра, өшпес із қалды. Ол өкпесі өшіп, жүйкесін тауысып, айтыса-тартыса жүріп, игерткен Атырау мен Маңғыстау мұнайынсыз, ерсілі-қарсылы, күні-түні эшелон ағылып жатқан Мойынты-Шу темір жолынсыз бүгінгі экономикамыздың тыныс-тіршілігін көзге елестете аламыз ба? Ендеше, көзі жоқ Оңдасыновтың ақыл-жігері әлі де еліне – тәуелсіз Қазақстанға еңбек етіп жатыр. Бұдан артық қандай өшпес із керек?! Қаламынан басқа қамқоршысы, көзәйнегінен басқа көмекшісі жоқ саяқ зейнеткердің жер түбіндегіні зерделеген зерттеулерін жазбақ түгіл, әлі жұртқа дұрыстап түсіндіріп бере алмай жатырмыз. Расында да, ол тиянақтаған «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік», «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік», «Араб текті қазақ есімдері» сынды іргелі еңбектер тек тіл тарихының ғана емес, ел тарихының да талай қалтарыс, қатпарларынан хабар бергендей. Арамыздан заманалық танымының заңғар биігіне шыға алған аса көрнекті мемлекет қайраткері ғана емес, мейлінше биік интеллект иесі, кемел оқымысты өткеніне көзімізді жеткізе түскендей. Бұдан асқан қандай өлмес мұра керек?
Ендеше, халқына қызмет етуді мансап деп емес, парыз деп ұғып, ерінбей еңбек етіп өткен абзал ағаларымызды тек «Қайран, Азаматым-ай!» деп аңсап, «Есіл ерім-ай!» деп, еске алып жатқанымыздың өзі де елдіктің еңсесін көтергеніміз шығар.
Қандай кер замандарда да тобасынан жаңылмай, тағылымды тағдыр кеше білген тарландар табылғанына шүкіршілік дейік!
Достарыңызбен бөлісу: |