ХАТТАМА
I. Жалпы ережелер
1. Осы Хаттама Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың IX бөліміне сәйкес әзірленді және Одақтың кедендік аумағында кедендік-тарифтік реттеу шараларын қолдану қағидаттары мен тәртібін айқындайды.
2. Осы Хаттамада пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
«ұқсас тауар» - өзінің функционалдық мақсаты, қолданылуы, сапалық және техникалық сипаттамалары бойынша тарифтік квота шеңберінде Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауармен толықтай сәйкес келетін тауар не (мұндай толықтай ұқсас тауар болмаса) тарифтік квота шеңберінде Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауардың сипаттамаларына жақын, оны тарифтік квота шеңберінде Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауардың мақсатты тағайындалуына ұқсас функционалдық мақсаты бойынша пайдалануға мүмкіндік беретін сипаттамаларға ие және коммерциялық жағынан онымен алмастырылуы мүмкін тауар;
«үшінші елдердің маңызды өнім берушілері» - Одақтың кедендік аумағына тауар импортында 10 және одан көп пайыз үлесі бар тауар жеткізушілер;
«тарифтік квота көлемі» - тарифтік квота шеңберінде әкелуге бөлінген заттай немесе құндық мәндегі тауар көлемі;
«алдағы кезең» - Одақтың кедендік аумағында тауарлардың тұтынылу көлеміне және Одақтың кедендік аумағында ұқсас тауарлар өндірісінің көлеміне талдау жүргізілетін кезең;
«импорттың нақты көлемі» - шектеулері жоқ жағдайдағы импорттың көлемі;
«ауылшаруашылық тауарлары» - ЕАЭО СЭҚ ТН-ның 1 - 24-топтарында сыныпталған тауарлар, сондай-ақ маннит, D-глюцит (сорбит), эфир майлары, казеин, альбуминдер, желатин, декстриндер, түрлендірілген крахмалдар, сорбит, терілер, былғары, мамық-үлбір шикізаты, шитті жібек, жібек қалдықтары, жануарлар жүні, шитті мақта, мақта қалдықтары, түтілген мақта талшығы, шитті зығыр және аршылмаған кендір сияқты тауарлар;
«тарифтік квота» - белгілі бір кезең ішінде белгіленген көлем (заттай немесе құндық мәніндегі) шегінде және осы көлемнен артық әкелінетін тауарларға қатысты ЕАЭО БКА кедендік әкелу баждарының сараланған мөлшерлемелерін қолдануды көздейтін, үшінші елдерден шығарылатын ауылшаруашылық тауарларының жекелеген түрлерін Одақтың кедендік аумағына әкелуді реттеу шарасы.
II. Тарифтік жеңілдіктер
3. Одақтың кедендік аумағына үшінші елдерден әкелінетін (әкелінген):
1) осы капиталды (қорды) қалыптастыру үшін құрылтай құжаттарында белгіленген мерзімдер шегінде шетел құрылтайшысының жарғылық (қалыптасушы) капиталдағы (қордағы) салымы ретіндегі тауарларға. Мұндай тауарларға қатысты тарифтік жеңілдіктер қолдану тәртібін Комиссия белгілейді;
2) ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастық, сондай-ақ Комиссия бекітетін тізбеге сәйкес ғарыш аппараттарын ұшыру бойынша, қызметтер көрсету шеңберінде әкелінетін тауарларға;
3) мүше мемлекеттердің кемелерінің, сондай-ақ мүше мемлекеттердің заңды және (немесе) жеке тұлғалары жалға алған (жалдаған) кемелерінің теңіз кәсіпшілігі өнімдеріне;
4) мүше мемлекеттердің валюталарына, үшінші елдердің валюталарына (нумизматтық мақсаттар үшін пайдаланылатыннан басқа), сондай-ақ мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес бағалы қағаздарға;
5) гуманитарлық көмек ретінде және (немесе) дүлей зілзалалардың, авариялар мен апаттардың салдарын жою мақсатында әкелінетін тауарларға;
6) үшінші елдер, халықаралық ұйымдар, үкіметтер желісі бойынша қайырымдылық мақсатында әкелінетін және (немесе) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес өтеусіз көмек (жәрдем), оның ішінде техникалық көмек (жәрдем) көрсету ретінде танылатын, акцизделетін тауарлардан басқа (медициналық мақсаттарға арнайы арналған жеңіл автокөліктерді қоспағанда) тауарларға қатысты кедендік әкелу бажын төлеуден босату түрінде тарифтік жеңілдіктер беріледі.
4. Одақтың кедендік аумағына үшінші елдерден әкелінетін (әкелінген) тауарларға қатысты тарифтік жеңілдіктер Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта, Одақтың үшінші тараппен халықаралық шарттарында, Комиссия шешімдерінде белгілеген өзге де жағдайларда да берілуі мүмкін.
III. Тарифтік квоталарды қолдану шарттары мен тетігі
5. Үшінші елдерден шығарылатын және Одақтың кедендік аумағына әкелінетін ауылшаруашылық тауарларының жекелеген түрлеріне қатысты тарифтік квотаның көлемін Комиссия белгілейді және ол мұндай тауарды Одақтың кедендік аумағында тұтыну көлемі мен ұқсас тауарды Одақтың кедендік аумағында өндіру көлемі арасындағы айырмадан аспауға тиіс.
Бұл ретте, егер бір мүше мемлекет үшін ұқсас тауарды өндіру көлемі осындай тауарды тұтыну көлеміне тең немесе одан асып кететін болса, онда мұндай айырма Одақтың кедендік аумағы үшін тарифтік квотаның көлемін есептеу кезінде назарға алынбауы мүмкін.
6. Егер Одақтың кедендік аумағында ұқсас тауарды өндіру көлемі осындай тауарды Одақтың кедендік аумағында тұтыну көлеміне тең немесе одан асып кететін болса, тарифтік квотаны белгілеуге жол берілмейді.
7. Тарифтік квотаны белгілеу туралы шешім қабылдаған кезде мынадай шарттар сақталуы тиіс:
1) тарифтік квотаны (үшінші елдер арасында тарифтік квота көлемін бөлу туралы мәселенің қаралу нәтижелеріне қарамастан) белгілі бір мерзімге белгілеу;
2) барлық мүдделі үшінші елдерді оларға бөлінген тарифтік квотаның көлемі жөнінде хабардар ету (тарифтік квота көлемін үшінші елдер арасында бөлу туралы шешім қабылданған жағдайда);
3) тарифтік квотаны белгілеу, оның қолданылу мерзімі мен көлемі, оның ішінде үшінші елдерге бөлінген тарифтік квотаның көлемі (тарифтік квота көлемін үшінші елдер арасында бөлу туралы шешім қабылданған жағдайда), сондай-ақ тарифтік квота көлемі шегінде әкелінетін тауарларға қатысты қолданылатын кедендік әкелу баждарының мөлшерлемелері туралы ақпаратты жариялау.
8. Мүше мемлекеттің сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында тарифтік квотаның көлемін бөлу олардың тарифтік квота алуға қатысты тең құқығына және меншік нысанының, тіркеу орнының немесе нарықтағы жағдайының белгілері бойынша кемсітпеуге негізделеді.
9. Одақтың кедендік аумағы үшін тарифтік квотаның көлемін есептеу кезінде назарға алынған әрбір мүше мемлекеттегі тұтыну және өндіру көлемдері арасындағы айырма шегінде осы Хаттаманың 5 және 6-тармақтарына сәйкес мүше мемлекеттер арасында тарифтік квотаның көлемі бөлінеді.
Бұл ретте Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі болып табылатын мүше мемлекет үшін тарифтік квотаның көлемі мұндай мүше мемлекеттің Дүниежүзілік сауда ұйымының алдындағы міндеттемелерін негізге ала отырып, белгіленуі мүмкін.
10. Комиссия не Комиссия шешіміне сәйкес - мүше мемлекет үшінші елдердің барлық маңызды өнім берушілерімен консультациялар нәтижелері негізінде, егер Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда, Одақтың үшінші тараппен халықаралық шарттарында немесе Жоғары кеңес шешімдерінде өзгеше белгіленбесе, үшінші елдер арасында тарифтік квота көлемін бөлуді жүзеге асырады.
Үшінші елдердің барлық маңызды өнім берушілерімен консультациялар нәтижелері бойынша тарифтік квота көлемін бөлу мүмкін болмаған жағдайда, алдағы кезең ішінде осы мемлекеттерден тауарлар жеткізілу көлемі ескеріле отырып, үшінші елдер арасында тарифтік квотаның көлемін бөлу туралы шешім қабылданады.
Алдағы кезең ретінде, әдетте, импорттың нақты көлемдерін көрсететін ақпарат қолжетімді болатын кез келген алдағы 3 жыл қабылданады.
Мұндай алдағы кезеңді таңдау мүмкін болмаған жағдайда, тарифтік квота көлемі импорттың нақты көлемін неғұрлым ықтимал бөлуді бағалау негізінде бөлінеді.
11. Тауар тарифтік квотаның қолданылу кезеңі ішінде жеткізілген кезде, кез келген үшінші елге оған бөлінген тарифтік квота көлемін толық пайдалануына кедергі болатын шарттар және (немесе) формальдылықтар белгіленбейді.
12. Тауарды жеткізуге мүдделі кез келген үшінші елдің өтініші бойынша Комиссия:
1) тарифтік квотаның бөлінген көлемін қайта бөлу қажеттігі;
2) таңдап алынған алдағы кезеңді өзгерту;
3) тарифтік квотаның бөлінген көлеміне немесе оны шектеусіз пайдалануға қатысты шарттардың, формальдылықтардың немесе біржақты тәртіппен белгіленген кез келген басқа да ережелердің күшін жою қажеттігіне қатысты мәселелер бойынша консультациялар жүргізеді.
13. Тарифтік квоталар белгіленуіне байланысты, Комиссия:
1) тауарды жеткізуге мүдделі үшінші елдің өтініші бойынша сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында тарифтік квотаның көлемін, сондай-ақ лицензиялар берілген тарифтік квотаның көлемін бөлу әдісі мен тәртібіне қатысты ақпарат береді;
2) тарифтік квотаның бөлінген көлемі шеңберінде жеткізуге арналған тауардың жалпы саны немесе құны, тарифтік квотаның қолданылу мерзімінің басталатын және аяқталатын күндері туралы және олардың кез келген өзгерістері туралы ақпаратты жариялайды.
14. Тарифтік квотаның көлемін үшінші елдер арасында бөлу жағдайларынан басқа, Комиссия лицензиялардың тауарды белгілі бір үшінші елден импорттау үшін пайдаланылуын талап етуге құқылы емес.
Еуразиялық экономикалық
одақ туралы шартқа
№ 7 ҚОСЫМША
Үшінші елдерге қатысты тарифтік емес реттеу шаралары туралы
ХАТТАМА
I. Жалпы ережелер
1. Осы Хаттама Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың IX бөліміне сәйкес әзірленді және үшінші елдерге қатысты Одақтың тарифтік емес реттеу шараларын қолдану тәртібі мен жағдайларын айқындайды.
Осы Хаттаманың күші техникалық реттеу, санитариялық, ветеринариялық және фитосанитариялық талаптарды, экспорттық бақылау және әскери-техникалық ынтымақтастық саласында шараларды қолдану мәселелеріне қатысты қатынастарға қолданылмайды.
2. Осы Хаттамада пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:
«автоматты түрде лицензиялау (қадағалау)» - тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортының және (немесе) импортының серпінін мониторингілеу мақсатында белгіленетін уақытша шара;
«бас лицензия» - сыртқы сауда қызметіне қатысушыға лицензияда айқындалған санымен лицензияланатын жекелеген тауар түрінің экспортына және (немесе) импортына құқық беретін лицензия;
«тыйым салу» - тауарлардың жекелеген түрлерін әкелуге және (немесе) әкетуге тыйым салатын шара;
«импорт» - тауарды кері әкету туралы міндеттемесіз үшінші елдерден Одақтың кедендік аумағына әкелу;
«айрықша лицензия» - сыртқы сауда қызметіне қатысушыға жекелеген тауар түрінің экспортына және (немесе) импортына айрықша құқық беретін лицензия;
«айрықша құқық» - сыртқы сауда қызметіне қатысушыларға тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортын және (немесе) импортын жүзеге асыруға айрықша лицензияның негізінде берілетін құқық;
«сандық шектеулер» - квоталар белгілеу жолымен енгізілетін тауарлардың сыртқы саудасын сандық шектеу жөніндегі шаралар;
«лицензиялау» - лицензиялар және (немесе) рұқсаттар беру тәртібін белгілейтін әкімшілік шаралар кешені;
«лицензия» - тауарлардың экспортын және (немесе) импортын жүзеге асыру құқығына берілетін арнайы құжат;
«біржолғы лицензия» - нысанасы лицензияланатын тауар болып табылатын сыртқы сауда мәмілесі негізінде сыртқы сауда қызметіне қатысушыға берілетін және белгілі бір санымен осы тауардың экспортына және (немесе) импортына құқық беретін лицензия;
«рұқсат» - нысанасы өзіне қатысты автоматты түрде лицензиялау (қадағалау) белгіленген тауар болып табылатын сыртқы сауда мәмілесі негізінде сыртқы сауда қызметіне қатысушыға берілетін арнайы құжат;
«рұқсат құжаты» - Комиссия актісінде айқындалған жағдайларда сыртқы сауда қызметіне қатысушыға немесе жеке тұлғаға тауарларды әкелуге және (немесе) әкетуге құқық беретін құжат;
«уәкілетті орган» - лицензиялар және (немесе) рұқсаттар беру құқығы берілген мүше мемлекеттің атқарушы билік органы;
«сыртқы сауда қызметіне қатысушылар» - мүше мемлекеттердің бірінде тіркелген және осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар болып табылмайтын заңды тұлғалар мен ұйымдар, мүше мемлекеттердің бірінің аумағында тұрақты немесе артықшылықты тұрғылықты жері бар, осы мемлекеттің азаматтары болып табылатын не онда тұрақты тұру құқығына ие не осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес дара кәсіпкерлер ретінде тіркелген жеке тұлғалар;
«экспорт» - кері әкелу туралы міндеттемесіз тауарды Одақтың кедендік аумағынан үшінші елдердің аумағына әкету.
II. Тарифтік емес реттеу шараларын енгізу және қолдану
3. Одақ аумағында үшінші елдермен жасалатын саудада бірыңғай тарифтік емес реттеу шаралары (бұдан әрі - шаралар) қолданылады.
4. Шараларды енгізу, қолдану, ұзарту және олардың күшін
жою туралы шешімдерді Комиссия қабылдайды.
Өздеріне қатысты шараларды қолдану туралы шешім қабылданған тауарлар үшінші елдермен жасалатын саудада тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын бірыңғай тауарлар тізбесіне (бұдан әрі - бірыңғай тауарлар тізбесі) енгізіледі.
Өздеріне қатысты Комиссия арнайы қорғау шарасы ретінде тарифтік квота не импорттық квота белгілеу және лицензиялар беру туралы шешім қабылдаған тауарлар да бірыңғай тауарлар тізбесіне енгізіледі.
5. Шараларды енгізу немесе олардың күшін жою туралы ұсынысты мүше мемлекет, сол сияқты Комиссия да бере алады.
6. Комиссияның шараларды енгізу, қолдану, ұзарту немесе олардың күшін жою туралы шешімі дайындалған кезде, Комиссия мұндай шешімді қабылдау экономикалық мүдделерін қозғауы мүмкін мүше мемлекеттердің сыртқы сауда қызметіне қатысушыларды Комиссияға осы мәселе бойынша ұсыныстар мен ескертулер беруге болатындығы жөнінде және консультациялар жүргізу туралы хабар береді.
7. Комиссия консультациялар жүргізудің тәсілі мен нысанын, сондай-ақ өз ұсыныстары мен ескертулерін берген мүдделі тұлғалардың назарына консультациялар жүргізудің барысы мен нәтижелері туралы ақпараттың жеткізілу тәсілі мен нысанын айқындайды.
Консультациялардың жүргізілмеуі сыртқы сауда қызметін жүзеге асыру құқығын қозғайтын Комиссия шешімін жарамсыз деп тану үшін негіз бола алмайды.
8. Комиссия мынадай шарттардың кез келгені:
1) сыртқы сауда қызметін жүзеге асыру құқығын қозғайтын Комиссия шешімінің жобасында көзделген шаралар туралы, ол күшіне енген күнге дейін белгілі болмауы тиіс, осыған байланысты консультациялар жүргізу осындай шешімде көзделген мақсаттарға қол жеткізбеуге әкеп соғады немесе әкеп соғуы мүмкін;
2) консультациялар жүргізу сыртқы сауда қызметін жүзеге асыру құқығын қозғайтын Комиссия шешімін қабылдауды кідіртуге алып келеді, бұл мүше мемлекеттердің мүдделеріне елеулі нұқсан келуіне әкеп соқтыруы мүмкін;
3) сыртқы сауда қызметін жүзеге асыру құқығын қозғайтын Комиссия шешімінің жобасында айрықша құқық беру көзделетін шарттар орын алған кезде консультацияларды жүргізбеу туралы шешім қабылдауы мүмкін.
9. Шараларды енгізу немесе олардың күшін жою туралы ұсыныстарды енгізу тәртібін Комиссия айқындайды.
10. Комиссияның шараны енгізу туралы шешімі оларға орналастыру кезінде кеден органдары шаралардың сақталуын бақылайтын кедендік рәсімдерді, сондай-ақ шара енгізілетін тауарларды оларға орналастыруға жол берілмейтін кедендік рәсімдерді айқындауы мүмкін.
III. Тауарлар экспорты мен импортына тыйым салулар және олардың сандық шектеулері
11. Тауарлардың экспорты мен импорты, осы Хаттаманың 12-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тыйым салулар мен сандық шектеулерді қолданбай жүзеге асырылады.
12. Айрықша жағдайларда мыналар:
1) Одақтың ішкі нарығы үшін айтарлықтай маңызды болып табылатын азық-түліктік немесе өзге де тауарлардың ішкі нарығында аса жетіспеушілікті болдырмау не азайту үшін экспортқа уақытша тыйым салулар немесе уақытша сандық шектеулер;
2) халықаралық саудада тауарларды сыныптау, сұрыптау және сату стандарттарын немесе қағидаларын қолданумен байланысты қажетті экспортқа және импортқа тыйым салулар немесе сандық шектеулер;
3) егер мыналар:
Одақ аумағынан шығарылатын ұқсас тауар өндірісін немесе сатуды шектеу;
егер Одақта ұқсас тауардың айтарлықтай өндірісі болмаса, импорттық тауармен тікелей алмастырыла алатын Одақ аумағынан шығарылатын тауар өндірісін немесе сатуды шектеу;
Одақ аумағынан шығарылатын ұқсас тауардың уақытша артық бөлігін тұтынушылардың кейбір топтарына тегін немесе нарықтық бағадан төмен бағамен осы артық бөлігін беру арқылы нарықтан алып тастау;
егер Одақта ұқсас тауардың айтарлықтай өндірісі болмаса, импорттық тауармен тікелей алмастырылуы мүмкін Одақ аумағынан шығарылатын тауардың уақытша артық бөлігін тұтынушылардың кейбір топтарына тегін немесе нарықтық бағадан төмен бағамен осы артық бөлігін беру арқылы нарықтан алып тастау қажет болса, кез келген түрде оларды әкелу кезінде су биологиялық ресурстардың импортын шектеулер белгіленуі мүмкін.
13. Комиссия Одақ аумағында сандық шектеулерді енгізген кезде, экспорттық және (немесе) импорттық квоталар қолданылады.
Мыналарға:
экспорт кезінде - мүше мемлекеттердің аумағынан шығарылатын тауарларға ғана қатысты;
импорт кезінде - үшінші елдерден шығарылатын тауарларға ғана қатысты сандық шектеулер қолданылады.
Егер тек мұндай сандық шектеулер барлық үшінші елдерден келетін импортқа немесе барлық үшінші елдерге шығарылатын экспортқа қатысты қолданылмайтын болса, қандай да бір үшінші ел аумағынан тауарлардың импортына немесе қандай да бір ел аумағына арналған тауарлар экспортына қатысты сандық шектеулер қолданылмайды. Мұндай жағдай халықаралық шарттарға сәйкес мүше мемлекеттердің міндеттемелерін сақтауға кедергі жасамайды.
14. Мүше мемлекеттердің ұсыныстары негізінде Комиссия бекітетін Одақтың ішкі нарығы үшін айтарлықтай маңызды болып табылатын тауарлар тізбесіне енгізілген және оларға қатысты айрықша жағдайларда экспортқа уақытша тыйым салулар немесе сандық шектеулер енгізілуі мүмкін тауарларға ғана қатысты экспортқа тыйым салулар немесе сандық шектеулер енгізілуі мүмкін.
15. Осы Хаттаманың 12-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Одақтың ішкі нарығы үшін айтарлықтай маңызды болып табылатын ауылшаруашылық тауарларының экспортына тыйым салу немесе сандық шектеу енгізілген кезде, Комиссия:
Одақ аумағынан осындай ауылшаруашылық тауарларын импорттайтын үшінші елдердің азық-түліктік қауіпсіздігі үшін тыйым салудың немесе сандық шектеудің салдарын ескереді;
экспортқа тыйым салуды немесе сандық шектеуді қолданудың сипаты мен ұзақтығы жөнінде Дүниежүзілік сауда ұйымының Ауыл шаруашылығы комитетіне алдын ала хабарлайды;
кез келген импорттаушы елдің өтініші бойынша қаралатын шараға қатысты мәселелер бойынша консультациялар ұйымдастырады не барлық қажетті ақпаратты береді.
Осы тармақта экспортына қатысты тыйым салуды немесе сандық шектеуді енгізуді жоспарлаған мүше мемлекеттер аумағынан шығарылатын ауылшаруашылық тауарының үлесі импортында кемінде 5 пайызды құрайтын ел импорттаушы ел деп түсініледі.
16. Комиссия мүше мемлекеттер арасында экспорттық және (немесе) импорттық квоталардың көлемдерін бөледі және мүше мемлекеттердің сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында экспорттық және (немесе) импорттық квоталардың үлестерін бөлу әдісін айқындайды, сондай-ақ қажет болған жағдайда, үшінші елдер арасында импорттық квота көлемін бөледі.
Комиссия мүше мемлекеттер арасында экспорттық және (немесе) импорттық квоталардың көлемдерін бөлуді мүше Мемлекеттердің ұсыныстарын ескере отырып, сандық шектеулерді енгізу арқылы шешу болжанатын міндеттерге байланысты және мүше мемлекеттердің әрқайсысындағы тауарлар өндірісінің және (немесе) оларды тұтыну көлемдерін негізге ала отырып жүзеге асырады.
17. Комиссия экспорттық және (немесе) импорттық квоталарды қолдану туралы шешім қабылдаған кезде:
1) экспорттық және (немесе) импорттық квоталарды (олар үшінші елдер арасында бөлінетіне қарамастан) белгілі бір мерзімге белгілейді;
2) оларға бөлінген импорттық квота көлемі туралы (егер импорттық квота үшінші елдер арасында бөлінетін болса) барлық мүдделі үшінші елдерге хабарлайды;
3) экспорттық және (немесе) импорттық квоталарды қолдану, олардың көлемдері және қолданылу мерзімдері туралы, сондай-ақ үшінші елдер арасында импорттық квотаны бөлу туралы ақпаратты жариялайды.
18. Үшінші елдер арасында импорттық квоталарды бөлуді, әдетте, үшінші елдердің барлық маңызды өнім берушілерімен консультациялардың нәтижелері бойынша Комиссия жүзеге асырады.
Бұл ретте Одақ аумағында осы тауар импортында 5 және одан көп пайыз мөлшерде үлесі бар өнім берушілер үшінші елдерден маңызды өнім берушілер деп түсініледі.
19. Егер импорттық квоталарды бөлу үшінші елдерден барлық маңызды өнім берушілермен консультациялардың нәтижелері негізінде жүзеге асырылмайтын жағдайда, Комиссияның үшінші елдер арасында квоталарды бөлу туралы шешімі алдыңғы кезең ішінде осы елдерден тауар жеткізу көлемі ескеріле отырып қабылданады.
20. Тиісті тауарды жеткізу импорттық квотаның қолданылу кезеңінде жүргізілетін жағдайда, Комиссия кез келген үшінші елге оған бөлінген импорттық квотаны толық пайдалануға кедергі келтіруі мүмкін ешқандай шарттарды немесе формальдылықтарды белгілемейді.
21. Оған қатысты экспорттық және (немесе) импорттық квота енгізілетін тауарды жеткізу көлемін айқындау үшін алдыңғы кезеңді таңдауды Комиссия жүзеге асырады. Бұл ретте, әдетте, оларға қатысты экспорттың және (немесе) импорттың нақты көлемдерін көрсететін ақпарат қолжетімді болатын алдыңғы кез келген 3 жыл осындай кезең деп қабылданады. Алдыңғы кезеңді таңдау мүмкіндігі болмаған жағдайда, экспорттық және (немесе) импорттық квоталар экспорттың және (немесе) импорттың нақты көлемдерінің неғұрлым ықтимал бөлінуін бағалау негізінде бөлінеді.
Осы тармақта экспорттың және (немесе) импорттың нақты көлемдері деп оларға шектеулер болмаған жағдайда, экспорттың және (немесе) импорттың көлемдері түсініледі.
22. Тауарды жеткізуге мүдделі кез келген үшінші елдің өтініші бойынша Комиссия осы елмен:
1) белгіленген импорттық квотаны қайта бөлу қажеттігіне;
2) таңдап алынған алдағы кезеңді өзгертуге;
3) импорттық квотаны бөлуге немесе оны шектеусіз пайдалануға қатысты шарттардың, формальдылықтардың немесе біржақты тәртіппен белгіленген кез келген басқа да ережелердің күшін жою қажеттігіне қатысты консультациялар жүргізеді.
23. Сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында экспорттық және (немесе) импорттық квоталар үлестерін бөлуді Комиссия айқындайтын әдіс негізінде мүше мемлекеттер жүзеге асырады және ол экспорттық және(немесе) импорттық квоталар үлестерін алуға қатысты сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың тең құқылы болуына және меншік нысанының, тіркелген жерінің немесе нарықтағы жағдайының белгілері бойынша кемсітпеушілікке негізделеді.
24. Импорттық квотаны үшінші елдер арасында бөлу жағдайларынан басқа, лицензияларды тиісті тауарды қандай да белгілі бір елге және (немесе) қандай да белгілі бір елден экспорттау және (немесе) импорттау үшін пайдалану талабын қоюға жол берілмейді.
25. Экспорттық және (немесе) импорттық квоталардың қолданылуына байланысты, Комиссия:
1) тауардың жекелеген түрінің саудасына мүдделі үшінші елдің талабы бойынша экспорттық және (немесе) импорттық квоталарды болу тәртібіне, оларды сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында бөлу тетігіне және лицензиялар берілген квоталар көлемдеріне қатысты ақпарат береді;
2) экспорты және (немесе) импорты болашақта белгілі бір уақыт ішінде рұқсат етілетін тауардың жалпы саны немесе құны туралы, сондай-ақ экспорттық және (немесе) импорттық квоталарды қолданудың басталатын және аяқталатын күндері мен олардың кез келген өзгерістері туралы ақпаратты жариялайды.
IV. Айрықша құқық
26. Сыртқы сауда қызметін жүзеге асыру айрықша құқық беру жолымен шектелуі мүмкін.
27. Экспортына және (немесе) импортына айрықша құқық берілетін тауарларды, сондай-ақ мүше мемлекеттердің осындай айрықша құқық берілетін сыртқы сауда қызметіне қатысушыларды айқындау тәртібін Комиссия айқындайды.
Комиссия шешімі негізінде мүше мемлекеттер айрықша құқық берген сыртқы сауда қызметіне қатысушылар тізбесі Одақтың Интернет желісіндегі ресми сайтында жариялануға жатады.
28. Айрықша құқық беру арқылы сыртқы сауда қызметін жүзеге асыруға шектеу енгізу туралы шешімді мүше мемлекеттің ұсынысы бойынша Комиссия қабылдайды.
Айрықша құқық енгізу қажеттігінің негіздемесінде қаржылық-экономикалық есептеулер және осы шараның қолданылу орындылығын растайтын өзге де қажетті ақпарат қамтылуға тиіс.
29. Комиссия актісі негізінде мүше мемлекеттер айрықша құқық берген сыртқы сауда қызметіне қатысушылар кемсітпеушілік қағидатын негізге ала отырып және сатып алу немесе сату шарттарын қоса алғанда, коммерциялық түсініктерді ғана басшылыққа ала отырып, тиісті тауарлардың экспорты және (немесе) импорты бойынша мәмілелер жасасады және үшінші елдердің ұйымдарына осындай сатып алуларға немесе сатуларға қатысуға қатысты бәсекелесуге (кәдімгі іскерлік практикаға сәйкес) барабар мүмкіндік береді.
30. Оларға қатысты сыртқы сауда қызметіне қатысушыларға айрықша құқық берілетін тауарлардың экспорты және (немесе) импорты уәкілетті орган беретін айрықша лицензиялар негізінде жүзеге асырылады.
V. Автоматты түрде лицензиялау (қадағалау)
31. Комиссия тауарлардың жекелеген түрлерінің экспорты және (немесе) импорты серпінін мониторингілеу мақсатында автоматты түрде лицензиялауды (қадағалауды) енгізуге құқылы.
32. Автоматты түрде лицензиялауды (қадағалауды) енгізу мүше мемлекеттің, сол сияқты Комиссияның бастамасы бойынша жүзеге асырылады.
Автоматты түрде лицензиялауды (қадағалауды) енгізу қажеттігінің негіздемесінде тауарлардың жекелеген түрлері экспортының және (немесе) импортының сандық көрсеткіштерін және олардың өзгерістерін өзге де тәсілдермен қадағалап отырудың мүмкін еместігі туралы ақпарат қамтылуға тиіс.
33. Оларға қатысты автоматты түрде лицензиялау (қадағалау) енгізілетін тауарлардың жекелеген түрлерінің тізбесін, сондай-ақ осындай автоматты түрде лицензиялау (қадағалау) мерзімдерін Комиссия белгілейді.
Оларға қатысты автоматты түрде лицензиялау (қадағалау) енгізілген тауарлар бірыңғай тауарлар тізбесіне енгізіледі.
34. Оларға қатысты автоматты түрде лицензиялау (қадағалау) енгізілген тауарлардың экспорты және (немесе) импорты уәкілетті орган берген рұқсаттар болған кезде, Комиссия айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
35. Бірыңғай тауарлар тізбесіне енгізілген тауарлардың экспортына және (немесе) импортына рұқсаттар беру осы қосымшаға сәйкес ережелерге сай жүзеге асырылады.
VI. Рұқсат беру тәртібі
36. Тауарларды әкелуге және (немесе) әкетуге рұқсат беру тәртібі лицензиялауды енгізу немесе сыртқы сауда қызметін реттеудің өзге де әкімшілік шараларын қолдану арқылы іске асырылады.
37. Рұқсат беру тәртібін енгізу, қолдану және оның күшін жою туралы шешімді Комиссия қабылдайды.
VII. Жалпы айрықшалықтар
38. Тауарлардың жекелеген түрлерін әкелу және (немесе) әкету кезінде шаралар, оның ішінде осы Хаттаманың III және IV бөлімдерінде көрсетілгендерден ерекшеленетін негіздер бойынша, егер бұл шаралар:
1) қоғамдық моральды немесе құқықтық тәртіпті сақтау үшін қажет;
2) адамның өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, жануарлар мен өсімдіктерді қорғау үшін қажет;
3) алтын немесе күміс экспортына және (немесе) импортына қатысты;
4) мәдени құндылықтар мен мәдени мұраны қорғау үшін қолданылатын;
5) орны толмайтын табиғи ресурстардың таусылуын болғызбау үшін қажет және орны толмайтын табиғи ресурстарды пайдаланумен байланысты ішкі өндірісті немесе тұтынуды шектеумен бір мезгілде жүргізілетін;
6) үкімет жүзеге асыратын тұрақтандыру жоспарының нәтижесінде әлемдік бағаға қарағанда, неғұрлым төмен деңгейде осындай тауарлардың ішкі бағасы тұрақталатын кезеңдер ішінде ішкі өңдеу өнеркәсібі мұндай тауарларының жеткілікті санымен қамтамасыз ету үшін мүше мемлекеттердің аумақтарынан шығарылатын тауарлар экспортын шектеумен байланысты;
7) тауарлардың жалпы немесе жергілікті тапшылығы жағдайында, оларды сатып алу немесе бөлу үшін қажет;
8) халықаралық міндеттемелерді орындау үшін қажет;
9) қорғаныс пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет;
10) кедендік заңнаманы қолдануға, қоршаған ортаны қорғауға, зияткерлік меншікті қорғауға қатысты халықаралық міндеттемелерге қайшы келмейтін құқықтық актілердің және өзге де құқықтық актілердің сақталуын қамтамасыз ету үшін қажет болған жағдайларда енгізілуі мүмкін.
39. Осы Хаттаманың 38-тармағында көрсетілген шаралар Комиссия шешімі негізінде енгізіледі және үшінші елдердің еркін немесе негізделмеген кемсітушілік, сондай-ақ тауарлармен сыртқы сауданың жасырын шектеу құралы бола алмайды.
40. Осы Хаттаманың 38-тармағында көзделген негіздер бойынша тауардың жекелеген түріне қатысты шараларды енгізу не олардың күшін жою мақсаттары үшін мүше мемлекет тауардың атауы, оның ЕАЭО СЭҚ ТН коды, ұсынылатын шаралар сипаттамасы және олардың болжамды қолданылу мерзімі туралы мәліметтерді, сондай-ақ шараларды енгізу немесе олардың күшін жою қажеттігінің негіздемесін қамтитын құжаттарды Комиссияға ұсынады.
41. Егер Комиссия мүше мемлекеттің осы Хаттаманың 38-тармағында көзделген негіздер бойынша шараларды енгізу туралы ұсынысын қабылдамаған жағдайда, олардың енгізілуіне бастамашы болған мүше мемлекет осы Хаттаманың X бөліміне сәйкес біржақты тәртіппен осындай шараларды енгізе алады.
VIII. Сыртқы қаржылық жағдайды қорғау және төлемдік
Достарыңызбен бөлісу: |