ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ ТУРАЛЫ
ШАРТ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы,
2011 жылғы 18 қарашадағы Еуразиялық экономикалық интеграция туралы декларацияны негізге ала отырып,
мемлекеттердің егемендік теңдігі қағидатын, адам және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының үстемдігі қағидатын сөзсіз сақтау қажеттігін басшылыққа ала отырып,
өз халықтарының арасында олардың тарихын, мәдениеті мен дәстүрлерін құрметтеу арқылы ниеттестікті нығайтуға және ынтымақтастықты тереңдетуте тілек білдіре отырып,
еуразиялық экономикалық интеграцияны одан әрі дамыту Тараптардың ұлттық мүдделеріне сай келетіндігіне сенім білдіре отырып,
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің экономикасын нығайтуға және олардың үйлесімді дамуы мен жақындасуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ іскерлік белсенділіктің орнықты өсуіне, теңдестірілген сауда мен адал бәсекелестікке кепілдік беруге деген ұмтылысымен ілгерілей отырып,
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің алдында тұрған, жаһандық экономика шеңберінде орнықты экономикалық даму, ұлттық экономикаларды жан-жақты жаңғырту және олардың бәсекеге қабілеттілігін күшейту жөніндегі ортақ міндеттерді шешуге бағытталған бірлескен іс-қимылдар жолымен экономикалық өрлеуді қамтамасыз ете отырып,
басқа елдермен, сондай-ақ халықаралық интеграциялық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен экономикалық өзара тиімді және тең құқылы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген ұмтылысты растай отырып,
Дүниежүзілік сауда ұйымының нормаларын, қағидалары мен қағидаттарын назарға ала отырып,
Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған басқа да қағидаттары мен нормаларына өздерінің шынайы берілгендігін растай отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
БІРІНШІ БӨЛІК
ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТЫ ҚҰРУ
I бөлім
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап
Еуразиялық экономикалық одақты құру. Құқық субъектілігі
1. Тараптар осы Шартпен Еуразиялық экономикалық одақты (бұдан әрі - Одақ, ЕАЭО) құрады, оның шеңберінде тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы, осы Шартпен және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттармен айқындалған экономика салаларында үйлестірілген, келісілген немесе бірыңғай саясат жүргізу қамтамасыз етіледі.
2. Одақ халықаралық құқық субъектілігіне ие, өңірлік экономикалық интеграцияның халықаралық ұйымы болып табылады.
2-бап
Анықтамалар
Осы Шарттың мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:
«заңнамаларды үйлестіру» - мүше мемлекеттердің жекелеген салаларда ұқсас (салыстырмалы) нормативтік құқықтық реттеуді белгілеуге бағытталған заңнамаларын жақындастыру;
«мүше мемлекеттер» - Одақтың мүшелері және осы Шарттың Тараптары болып табылатын мемлекеттер;
«лауазымды адамдар» - мүше мемлекеттердің Еуразиялық экономикалық комиссия департаменттерінің директорлары және Комиссия департаменттері директорларының орынбасарлары, сондай-ақ Одақ Соты Хатшылығының басшысы, Одақ Соты Хатшылығы басшысының орынбасарлары және Одақ Соты судьяларының кеңесшілері лауазымдарына тағайындалған азаматтары;
«бірыңғай экономикалық кеңістік» - мүше мемлекеттердің аумақтарынан тұратын кеңістік, онда экономиканы реттеудің нарықтық қағидаттарға және үйлестірілген немесе біріздендірілген құқықтық нормаларды қолдануға негізделген ұқсас (салыстырмалы) және біртектес тетіктері жұмыс істейді, бірыңғай инфрақұрылым болады;
«бірыңғай саясат» - мүше мемлекеттер өздері айқындаған, осы Шартта көзделген салаларда жүзеге асыратын, мүше мемлекеттердің біріздендірілген құқықтық реттеуді, оның ішінде Одақ органдарының өз өкілеттіктері шеңберіндегі шешімдері негізінде қолдануын көздейтін саясат;
«Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттар» - мүше мемлекеттер арасында Одақтың жұмыс істеуі мен дамуына байланысты мәселелер бойынша жасасылатын халықаралық шарттар;
«Одақтың үшінші тараппен халықаралық шарттары» - үшінші мемлекеттермен, олардың интеграциялық бірлестіктерімен және халықаралық ұйымдармен жасасылатын халықаралық шарттар;
«ортақ (бірыңғай) нарық» - Одақ шеңберінде тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің қозғалыс еркіндігі қамтамасыз етілетін экономикалық қатынастар жиынтығы;
«өкім» - Одақ органдары қабылдайтын, ұйымдастырушылық-өкімдік сипаты бар акт;
«шешім» - Одақ органдары қабылдайтын, нормативтік-құқықтық сипаттағы ережелерді қамтитын акт;
«үйлестірілген саясат» - мүше мемлекеттердің ынтымақтастығын Одақ органдары шеңберінде мақұлданған, Одақтың осы Шартта көзделген мақсаттарына қол жеткізуі үшін қажетті ортақ көзқарастар негізінде жүзеге асыруды көздейтін саясат;
«келісілген саясат» - мүше мемлекеттер әртүрлі салаларда жүзеге асыратын, Одақтың осы Шартта көзделген мақсаттарына қол жеткізу үшін қажет болатындай дәрежеде құқықтық реттеуді, оның ішінде Одақ органдарының шешімдері негізінде реттеуді үйлестіруді көздейтін саясат;
«қызметкерлер» - өздерімен жасалған еңбек шарттары (келісімшарттар) негізінде Одақ органдарында жұмыс істейтін және лауазымды адамдар болып табылмайтын мүше мемлекеттердің азаматтары;
«кеден одағы» - өзінің шегіндегі өзара саудада кедендік баждар (баламалы қолданылатын өзге де баждар, салықтар мен алымдар), тарифтік емес реттеу шаралары, арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары қолданылмайтын, Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифі және үшінші елдермен тауарлардың сыртқы саудасын реттеудің бірыңғай шаралары қолданыста болатын бірыңғай кедендік аумақты көздейтін, мүше мемлекеттердің сауда-экономикалық интеграциясы нысаны;
«үшінші тарап» - Одаққа мүше болып табылмайтын мемлекет, халықаралық ұйым немесе халықаралық интеграциялық бірлестік;
«заңнаманы біріздендіру» - осы Шартта айқындалған жекелеген салалардағы құқықтық реттеудің бірдей тетіктерін белгілеуге бағытталған мүше мемлекеттердің заңнамасын жақындастыру.
Осы Шартта пайдаланылатын өзге де ұғымдар осы Шарттың тиісті бөлімдерінде және оған қосымшаларда келтірілген мағыналарында түсініледі.
II бөлім
ОДАҚТЫҢ НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАРЫ, МАҚСАТТАРЫ, ҚҰЗЫРЕТІ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҒЫ
3-бап
Одақтың жұмыс істеуінің негізгі қағидаттары
Одақ өзінің қызметін осы Шартқа сәйкес оған мүше мемлекеттер берген құзыреті шегінде:
мүше мемлекеттердің егемендік теңдігі мен олардың аумақтық тұтастығы қағидаттарын қоса алғанда, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттарын құрметтеу;
мүше мемлекеттердің саяси құрылымының ерекшеліктерін құрметтеу;
Тараптардың өзара тиімді ынтымақтастығын, тең құқылығын және ұлттық мүдделерінің ескерілуін қамтамасыз ету;
нарықтық экономика және адал бәсекелестік қағидаттарын сақтау;
өтпелі кезеңдер аяқталғаннан кейін кеден одағының алып тастауларсыз және шектеулерсіз жұмыс істеуі қағидаттары негізінде жүзеге асырады.
Мүше мемлекеттер Одақтың өз функцияларын орындауы үшін қолайлы жағдай жасайды және Одақ мақсаттарына қол жеткізуге қауіп төндіре алатын шаралардан қалыс қалады.
4-бап
Одақтың негізгі мақсаттары
Одақтың негізгі мақсаттары:
мүше мемлекеттер халқының өмір сүру деңгейін арттыру мүддесіне орай олардың экономикаларының тұрақты дамуы үшін жағдай жасау;
Одақ шеңберінде тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және еңбек ресурстарының бірыңғай нарығын қалыптастыруға ұмтылу;
жаһандық экономика жағдайында ұлттық экономикаларды жан-жақты жаңғырту, кооперациялау және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады.
5-бап
Құзырет
1. Одаққа осы Шартта және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда белгіленген шектер мен көлемдерде құзырет беріледі.
2. Мүше мемлекеттер осы Шартта және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда белгіленген шектер мен көлемдерде үйлестірілген немесе келісілген саясатты жүзеге асырады.
3. Мүше мемлекеттер экономиканың өзге салаларында Одақтың негізгі қағидаттары мен мақсаттарына сәйкес үйлестірілген немесе келісілген саясатты жүзеге асыруға ұмытылады.
Бұл үшін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шешімімен тиісті бағыттар бойынша көмекші органдар (Тараптардың мемлекеттік органдары басшыларының кеңестері, жұмыс топтары, арнайы комиссиялар) құрылуы және (немесе) Еуразиялық экономикалық комиссияға тиісті салаларда Тараптардың өзара іс-қимылын үйлестіру жөнінде тапсырмалар берілуі мүмкін.
6-бап
Одақтың құқығы
1. Одақтың құқығы:
осы Шарттан;
Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттардан;
Одақтың үшінші тараппен халықаралық шарттарынан;
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің, Еуразиялық үкіметаралық кеңестің және Еуразиялық экономикалық комиссияның осы Шартта және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда көзделген өз өкілеттіктері шеңберінде қабылданған шешімдері мен өкімдерінен құралады.
Мүше мемлекеттер Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің және Еуразиялық үкіметаралық кеңестің шешімдерін өз ұлттық заңнамасында көзделген тәртіппен орындауға тиіс.
2. Одақтың үшінші тараппен халықаралық шарттары Одақтың негізгі мақсаттарына, қағидаттарына және жұмыс істеу қағидаларына қайшы келмеуге тиіс.
3. Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттар мен осы Шарт арасында қайшылықтар туындаған жағдайда, осы Шарт басым болады.
Одақ органдарының шешімдері мен өкімдері осы Шартқа және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға қайшы келмеуге тиіс.
4. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің, Еуразиялық үкіметаралық кеңестің және Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдері арасында қайшылықтар туындаған жағдайда:
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шешімдері Еуразиялық үкіметаралық кеңестің және Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдерінен басым болады;
Еуразиялық үкіметаралық кеңестің шешімдері Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдерінен басым болады.
7-бап
Одақтың халықаралық қызметі
1. Одақтың өз құзыреті шеңберінде Одақ алдында тұрған міндеттерді шешуге бағытталған халықаралық қызметті жүзеге асыруға құқығы бар. Одақтың осындай қызмет шеңберінде мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен және халықаралық интеграциялық бірлестіктермен халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға және олармен дербес өзі не мүше мемлекеттермен бірлесіп өзінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша халықаралық шарттар жасасуға құқығы бар.
Одақтың халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру тәртібі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шешімімен белгіленеді. Одақтың үшінші тараппен халықаралық шарттар жасасу мәселелері Одақ шеңберінде халықаралық шартпен айқындалады.
2. Одақтың үшінші тараппен халықаралық шарттарының жобалары бойынша келіссөздер жүргізу, сондай-ақ оларға қол қою мүше мемлекеттер тиісті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаннан кейін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шешімі негізінде жүзеге асырылады.
Одақтың үшінші тараппен халықаралық шартының Одақтың өзі үшін міндетті екеніне келісім білдіруі, халықаралық шартты тоқтатуы, тоқтата тұруы немесе одан шығуы туралы шешімді Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес барлық мүше мемлекеттер қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаннан кейін қабылдайды.
III бөлім
ОДАҚТЫҢ ОРГАНДАРЫ
8-бап
Одақтың органдары
1. Одақтың органдары:
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес (бұдан әрі - Жоғары кеңес);
Еуразиялық үкіметаралық кеңес (бұдан әрі - Үкіметаралық кеңес);
Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі - Комиссия, ЕЭК);
Еуразиялық экономикалық одақтың соты (бұдан әрі - Одақ Соты) болып табылады.
2. Одақтың органдары осы Шартта және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда өздеріне берілген өкілеттіктер шегінде жұмыс істейді.
3. Одақтың органдары осы Шарттың 3-бабында көрсетілген қағидаттар негізінде жұмыс істейді.
4. Жоғары кеңесте, Үкіметаралық кеңесте және Комиссия Кеңесінде төрағалық етуді ротациялық негізде орыс әліпбиі тәртібімен бір мүше мемлекет күнтізбелік бір жыл бойы ұзарту құқығынсыз жүзеге асырады.
5. Мүше мемлекеттер аумақтарында Одақ органдарының болу шарттары Одақ және болатын мемлекет арасындағы жеке халықаралық шарттарда айқындалады.
9-бап
Одақтың тұрақты жұмыс істейтін органдарының
құрылымдық бөлімшелерінде лауазымдарға орналасу
1. Одақтың тұрақты жұмыс істейтін органдарының құрылымдық бөлімшелерінде лауазымдарға орналасуға мүше мемлекеттердің тиісті бейіндік білімі және жұмыс тәжірибесі бар азаматтарының құқығы бар.
2. Бір сол мемлекеттің азаматтары Комиссия департаментінің лауазымды адамдары бола алмайды. Көрсетілген лауазымдарға орналасуға кандидаттарды іріктеуді ЕЭК-тің конкурстық комиссиясы Тараптардан теңдей өкілдік етілу қағидатын ескере отырып жүргізеді. Көрсетілген лауазымдарға орналасу конкурсына қатысу үшін кандидаттарды тиісті Тараптан Комиссия Кеңесінің мүшесі ұсынады.
3. Комиссия департаменттеріндегі басқа лауазымдарға орналасуға кандидаттарды іріктеуді ЕЭК Тараптардың Комиссияны қаржыландыруға қатысу үлесін ескере отырып, конкурстық негізде жүзеге асырады.
4. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген лауазымдарға орналасуға кандидаттарды іріктеу жөніндегі ЕЭК-тің конкурстық комиссиясының құрамына, Комиссия Алқасының Төрағасын қоспағанда, Комиссия Алқасының барлық мүшелері кіреді.
ЕЭК-тің конкурстық комиссиясы өз шешімдерін ұсыным түрінде көпшілік дауыспен қабылдайды және оларды Комиссия Алқасының Төрағасына бекітуге ұсынады. Егер Комиссия Алқасының Төрағасы нақты кандидатқа қатысты ЕЭК-тің конкурстық комиссиясының ұсынымына қайшы келетін шешім қабылдаса, Комиссия Алқасының Төрағасы мәселені түбегейлі шешім қабылдауы үшін Комиссия Кеңесінің қарауына шығарады.
ЕЭК-тің конкурстық комиссиясы туралы ережені (конкурсты өткізу қағидасын қоса алғанда), оның құрамын, сондай-ақ Комиссия департаменттері директорлары және директорларының орынбасарлары лауазымдарына орналасуға кандидаттардың біліктілік талаптарын Комиссия Кеңесі бекітеді.
5. Одақ Сотының Аппаратындағы лауазымдарға кандидаттарды іріктеу және тағайындау тәртібі Одақ Соты қызметін реттейтін құжаттарға сәйкес жүргізіледі.
10-бап
Жоғары кеңес
1. Жоғары кеңес Одақтың жоғары органы болып табылады.
2. Жоғары кеңестің құрамына мүше мемлекеттердің басшылары кіреді.
11-бап
Жоғары кеңестің жұмыс тәртібі
1. Жоғары кеңестің отырыстары жылына кемінде 1 рет
өткізіледі.
Одақ қызметінің кейінге қалдыруға болмайтын мәселелерін шешу үшін кез келген мүше мемлекеттің немесе Жоғары кеңес Төрағасының бастамасы бойынша Жоғары кеңестің кезектен тыс отырысы шақырылуы мүмкін.
2. Жоғары кеңестің отырыстары Жоғары кеңес Төрағасының басшылығымен өткізіледі.
Жоғары кеңестің Төрағасы:
Жоғары кеңестің отырыстарын жүргізеді;
Жоғары кеңестің жұмысын ұйымдастырады;
Жоғары кеңестің қарауына ұсынылатын мәселелерді дайындауға жалпы басшылықты жүзеге асырады.
Жоғары кеңес Төрағасының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, төрағалық етуші мүше мемлекеттен Жоғары кеңеске жаңадан болған мүше қалған мерзім ішінде Жоғары кеңес Төрағасының өкілеттігін жүзеге асырады.
3. Жоғары кеңес Төрағасының шақыруы бойынша Жоғары кеңестің отырыстарына Комиссия Кеңесінің мүшелері, Комиссия Алқасының Төрағасы және өзге де шақырылған адамдар қатысуы мүмкін.
Жоғары кеңес отырыстарының қатысушылар тізімін және форматын Жоғары кеңес Төрағасы Жоғары кеңес мүшелерімен келісе отырып айқындайды.
Жоғары кеңес отырыстарының күн тәртібін мүше мемлекеттердің ұсыныстары негізінде Комиссия қалыптастырады.
Жоғары кеңес отырыстарына бұқаралық ақпарат құралдарының аккредиттелген өкілдерінің қатысуы туралы мәселені Жоғары кеңес Төрағасы шешеді.
4. Жоғары кеңес отырыстарын өткізуді ұйымдастыру тәртібін Жоғары кеңес бекітеді.
5. Жоғары кеңес отырыстарын дайындау мен өткізуді ұйымдастырушылық, ақпараттық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді қабылдаушы мүше мемлекеттің жәрдеміне сүйене отырып Комиссия жүзеге асырады. Жоғары кеңес отырыстарын өткізуді қаржылық жағынан қамтамасыз ету Одақ бюджеті қаражатының есебінен жүзеге асырылады.
12-бап
Жоғары кеңестің өкілеттіктері
1. Жоғары кеңес Одақ қызметінің қағидаттық мәселелерін қарайды, интеграцияны дамыту стратегиясын, бағыттары мен перспективаларын айқындайды және Одақтың мақсаттарын іске асыруға бағытталған шешімдер қабылдайды.
2. Жоғары кеңес мынадай негізгі өкілеттіктерді жүзеге асырады:
1) Одақты қалыптастыру және дамыту стратегиясын, бағыттары мен перспективаларын айқындайды және Одақтың мақсаттарын іске асыруға бағытталған шешімдер қабылдайды;
2) Комиссия Алқасының құрамын бекітеді, Комиссия Алқасының мүшелері арасында міндеттерді бөледі және олардың өкілеттіктерін тоқтатады;
3) Комиссия Алқасының Төрағасын тағайындайды және оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдайды;
4) мүше мемлекеттердің ұсынуы бойынша Одақ Сотының судьяларын тағайындайды;
5) Еуразиялық экономикалық комиссия жұмысының регламентін бекітеді;
6) Одақтың бюджетін, Еуразиялық экономикалық одақ бюджеті туралы ережені және Одақ бюджетінің атқарылуы туралы есепті бекітеді;
7) мүше мемлекеттердің Одақ бюджетіне үлестік жарналарының мөлшерін (шкаласын) айқындайды;
8) Үкіметаралық кеңес немесе 16-баптың 7-тармағының ережелерін ескере отырып, Комиссия қабылдаған шешімдердің күшін жоюға немесе оларды өзгертуге қатысты мәселелерді мүше мемлекеттің ұсынысы бойынша қарайды;
9) Үкіметаралық кеңестің немесе Комиссияның ұсынысы бойынша, шешім қабылдау кезінде консенсусқа қол жеткізілмеген мәселелерді қарайды;
10) Одақ Сотына сауалдармен жүгінеді;
11) Одақ Соты судьяларының, Одақ Сотының лауазымды адамдарының және Аппараты қызметкерлерінің, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің табыстары, мүлкі және мүліктік сипаттағы міндеттемелері туралы мәліметтердің анықтығы мен толықтығын тексеру тәртібін бекітеді;
12) Одаққа жаңа мүшелерді қабылдау және Одақтағы мүшелікті тоқтату тәртібін айқындайды;
13) байқаушы мәртебесін немесе Одаққа кіруге кандидат мемлекет мәртебесін беру туралы немесе оның күшін жою туралы шешім қабылдайды;
14) Еуразиялық экономикалық одақтың халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру тәртібін бекітеді;
15) Одақтың атынан үшінші тараппен келіссөздер туралы, оның ішінде онымен Одақтың халықаралық шарттарын жасасу және келіссөз жүргізу құқығын беру туралы, сондай-ақ Одақтың өзі үшін үшінші тараппен халықаралық шарттың міндетті екеніне келісім білдіруі, халықаралық шартты тоқтатуы, тоқтата тұруы туралы немесе одан шығуы туралы шешім қабылдайды;
16) Одақ органдарының жалпы штат санын, Одақ органдарындағы мүше мемлекеттер азаматтарының арасынан мүше мемлекеттердің ұсынуы бойынша конкурстық негізде жіберілетін лауазымды адамдардың өкілдік ету параметрлерін бекітеді;
17) Комиссия Алқасы мүшелерінің, Одақ Соты судьяларының, Одақ органдары лауазымды адамдарының және қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу тәртібін бекітеді;
18) Еуразиялық экономикалық одақ органдарындағы сыртқы аудит (бақылау) туралы ережені бекітеді;
19) Одақ органдарында жүргізілген сыртқы аудиттің (бақылаудың) нәтижелерін қарайды;
20) Одақтың рәмізін бекітеді;
21) Үкіметаралық кеңеске және Комиссияға тапсырмалар береді;
22) тиісті бағыттар бойынша көмекші органдар құру туралы шешімдер қабылдайды;
23) осы Шартта және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
13-бап
Жоғары кеңестің шешімдері және өкімдері
1. Жоғарғы Кеңес шешімдер және өкімдер қабылдайды.
2. Жоғары кеңестің шешімдері және өкімдері консенсуспен қабылданады.
Жоғары кеңестің Одақтағы мүше мемлекеттің мүшелігін тоқтатуға байланысты шешімдері «Одақтағы өзінің мүшелігін тоқтату ниеті туралы хабарлаған мүше мемлекеттің дауысын алып тастай отырып, консенсус» қағидаты бойынша қабылданады.
14-бап
Үкіметаралық кеңес
Үкіметаралық кеңес Одақтың мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшыларынан тұратын органы болып табылады.
15-бап
Үкіметаралық кеңес жұмысының тәртібі
1. Үкіметаралық кеңестің отырысы қажет болуына қарай, бірақ кемінде жылына 2 рет өткізіледі.
Одақ қызметінің кейінге қалдыруға болмайтын мәселелерін шешу үшін кез келген мүше мемлекеттің немесе Үкіметаралық кеңес Төрағасының бастамасы бойынша Үкіметаралық кеңестің кезектен тыс отырыстары шақырылуы мүмкін.
2. Үкіметаралық кеңестің отырыстары Үкіметаралық кеңес Төрағасының басшылығымен өткізіледі.
Үкіметаралық кеңестің Төрағасы:
Үкіметаралық кеңестің отырысын жүргізеді;
Үкіметаралық кеңестің жұмысын ұйымдастырады;
Үкіметаралық кеңестің қарауына ұсынылатын мәселелерді дайындауға жалпы басшылықты жүзеге асырады.
Үкіметаралық кеңес Төрағасының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда төрағалық етуші мүше мемлекеттен Үкіметаралық кеңеске жаңадан болған мүше қалған мерзім ішінде Үкіметаралық кеңес Төрағасының өкілеттіктерін жүзеге асырады.
3. Үкіметаралық кеңес Төрағасының шақыруы бойынша Үкіметаралық кеңестің отырыстарына Комиссия Кеңесінің мүшелері, Комиссия Алқасының Төрағасы және өзге де шақырылған адамдар қатысуы мүмкін.
Үкіметаралық кеңес отырыстарының қатысушылар тізімін және форматын Үкіметаралық кеңес Төрағасы Үкіметаралық кеңестің мүшелерімен келісе отырып айқындайды.
Үкіметаралық кеңес отырыстарының күн тәртібін мүше мемлекеттердің ұсыныстары негізінде Комиссия қалыптастырады.
Үкіметаралық кеңес отырыстарына бұқаралық ақпарат құралдарының аккредиттелген өкілдерінің қатысуы туралы мәселені Үкіметаралық кеңес Төрағасы шешеді.
4. Үкіметаралық кеңес отырыстарын өткізуді ұйымдастыру тәртібін Үкіметаралық кеңес бекітеді.
5. Үкіметаралық кеңес отырыстарын дайындау мен өткізуді ұйымдастырушылық, ақпараттық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді қабылдаушы мүше мемлекеттің жәрдеміне сүйене отырып Комиссия жүзеге асырады. Үкіметаралық кеңес отырыстарын өткізуді қаржылық жағынан қамтамасыз ету Одақ бюджеті қаражатының есебінен жүзеге асырылады.
16-бап
Үкіметаралық кеңестің өкілеттіктері
Үкіметаралық кеңес мынадай негізгі өкілеттіктерді жүзеге асырады:
1) осы Шартты, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарды және Жоғары кеңестің шешімдерін іске асыруды және олардың орындалуын бақылауды қамтамасыз етеді;
2) Комиссия Кеңесінде шешім қабылдау кезінде консенсусқа қол жеткізілмеген мәселелерді Комиссия Кеңесінің ұсынысы бойынша қарайды;
3) Комиссияға тапсырмалар береді;
4) Жоғары кеңеске Комиссия Кеңесі мүшелерінің және Алқасы мүшелерінің кандидатураларын ұсынады;
5) Одақ бюджетінің жобасын, Еуразиялық экономикалық одақ бюджеті туралы ережені және Одақ бюджетінің атқарылуы туралы есепті мақұлдайды;
6) Еуразиялық экономикалық одақ органдарының қаржы-шаруашылық қызметіне ревизия жүргізу туралы ережені, Одақ органдарының қаржы-шаруашылық қызметіне жүргізілетін ревизиялардың стандарттары мен әдіснамасын бекітеді, Одақ органдарының қаржы-шаруашылық қызметіне ревизия жүргізу туралы шешімдер қабылдайды және оларды жүргізу мерзімдерін айқындайды;
7) Комиссия қабылдаған шешімдердің күшін жоюға немесе оларды өзгертуге қатысты мәселелерді мүше мемлекеттің ұсынысы бойынша қарайды не келісуге қол жеткізілмеген жағдайда, оларды Жоғары кеңестің қарауына енгізеді;
8) Комиссия Кеңесі немесе Алқасы шешімдерінің қолданысын тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды;
9) Комиссия Алқасы мүшелерінің, Комиссияның лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің табыстары, мүлкі және мүліктік сипаттағы міндеттемелері туралы мәліметтердің анықтығы мен толықтығын тексеру тәртібін бекітеді;
10) осы Шартта және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда көзделген өзге өкілеттіктерді жүзеге асырады.
17-бап
Достарыңызбен бөлісу: |