3 Терминдер мен анықтамалар
Осы Ережелерде келесі мәндерге ие терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
Анкерлер (бекіту нүктелері) – жұмыс және сақтандыру жүйелерінің арқандарының және жіптерінің жалғастыру элементтерінен күштерді қабылдау үшін қызмет ететін, ғимараттардағы, құрылыстардағы немесе жер бедерінің элементтеріндегі жалғастыру аспаптары немесе сақтандыру ілгектері.
Биіктіктегі жұмыстар – биіктіктен немесе жердің, аражабынның немесе жұмыс төсемінің деңгейінен 1,3 м асатын тереңдікке құлау қауіпі бар жұмыстар.
Кеуделік байлам – толық байламға қол жеткізу үшін төменгі байламға қосымша ретінде пайдаланылатын сақтандыру белдіктері және иықтық белбеулердің жинағы.
Қысқыш – жұмысшының жұмыс жібімен көтерілуі немесе орналасуы үшін пайдаланылатын жіптік реттеу құрылғысы, ол сәйкес келетін түр мен диаметрдің жұмыс жібіне бекітіледі, жүктеме кезінде бір бағытқа блоктанады және қарама-қарсы бағытқа еркін жылжиды.
Тыйым салынған аймақ (қауіпті аймақ) – бұл:
- жоғарыдан жүктердің (материалдардың) құлауы ықтимал аймақ;
- анкерлерді және анкерлерге арналған бекітпелерді орнату аймағы;
- биіктікте жұмыстарды орындайтын жұмысшылардың эвакуациясы жүзеге асырылатын аймақ;
- үстінен жүктердің (материалдардың) орынын ауыстыру жүзеге асырылатын аймақ;
- жабдықтың жұмыс бөліктерінің және органдарының жұмыс істеу аймағы;
- жүктердің (заттардың) ұшу аймағы;
- жұмыс аймағы.
Өнеркәсіптік альпинизм әдістері – жылжудың және сақтандырудың альпинистік әдістерін пайдаланумен өндірістік тапсырманы орындау кезінде кеңістікте жылжу, жұмыс орынына жету әдістерінің, технологияларының жиынтығы.
Төменгі байлам (отырғыш) – орындаушының белі мен жамбасын құрсаулайтын және орындаушыны құлаудан сақтаумен орналастыру (белгілі бір қалыпта бекіту) және ұстау үшін арналған белбеулердің жинағы.
Жұмыстардың жауапты жетекшісі – 4.2-қа сәйкес тағайындалатын және осы Ережелермен қарастырылған міндеттерді орындайтын, орындалатын жұмыстардың қауіпсіздігі үшін жауап беретін, өнеркәсіптік альпинистер бригадасының мүшесі.
Толық байлам – орындаушыны кеудесінен, белінен және жамбасынан құрсаулайтын және орналастыру функциясы (белгілі бір қалыпта бекіту) ретінде орындаушыны құлаудан сақтаумен ұстауды, сондай-ақ жұлыну, іліну, ілініп және тұрып жұмыстарды (құтқару жұмыстарын қоса) жүргізу кезінде оның ыңғайлы және қауіпсіз орналасуын қамтамасыз ететін белбеулер мен белдіктердің жинағы. Толық байлам біртұтас және өзара жіппен немесе фабрикалық әдіспен байланыстырылған төменгі байламнан және кеуделік байламнан тұратын құрамдас болуы мүмкін.
Сақтандыру белдігі – құлаудан сақтаумен орындаушыны ұстау және орналастыру үшін арналған, МЕМСТ 12.4.089 бойынша белдік.
Өнеркәсіптік альпинизм – ғимараттар мен құрылыстарда биіктіктегі жұмыстарды орындау технологиясы, бұл кезде жұмыс орынына жылжудың және сақтандырудың альпинистік әдістерін пайдалану арқылы көтерілудің немесе түсудің көмегімен қол жетеді.
Өнеркәсіптік альпинист – осы Ережелердің Г қосымшасында көрсетілген біліктілік талаптарын қанағаттандыратын жұмысшы.
Жұмыс жібі – өнеркәсіптік альпинистің кеңістікте жылжуы және орналасуы кезінде оның салмағынан (материалдармен және құралдармен бірге) жүктемені қабылдайтын синтетикалық арқан немесе болаттан жасалынған арқан.
Жұмыс аймағы – жұмыс орынынан құралдардың және басқа да заттардың құлауына қатысты қауіпті аймақтың учаскесі, онда бөтен адамдардың әрекеті жұмыстарды орындаушының қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін. Жұмыс аймағына келесілер кіреді: жоғарғы аймақ – сақтандыру жіптерін бекіту және жұмыстарды тікелей ұйымдастыру аймағы, төменгі аймақ – түсіру, көтеру ұйымдастырылатын аймақ, және жұмыстарды тікелей орындау аймағы – жұмыс орыны.
Жұмыс орындығы (шабуылдау алаңшасы) – түсіру құрылғысына жалғанған, арнайы әдіспен байланған тақтайлардан тұратын орындаушының жұмыс орыны.
Жалғастыру элементтері – карабиндер (муфтамен немесе онсыз) немесе бұралатын муфтасы бар жалғастыру тораптары.
Түсіру құрылғысы – жұмыс жібімен түсу немесе жұмысшының жұмыс жібіндегі орынын орналастыру үшін пайдаланылатын, жіпті реттеудің қолдық фрикциялық құрылғысы, ол сәйкес келетін түр мен диаметрдің жұмыс жібіне бекітіліп тұрып, жұмысшыға басқарылатын түсуге және жұмысшыны қолды пайдаланбай жұмыс жібінің кез келген нүктесінде тоқтатуға мүмкіндік береді.
Сақтандыру жібі – орындаушының жұлынудан немесе құлаудан сақталуын қамтамасыз ететін, өнеркәсіптік альпинистің кеңістікте жылжуы және орналасуы кезінде оның салмағынан (материалдармен және құралдармен бірге) жүктемені қабылдайтын синтетикалық арқан немесе болаттан жасалынған арқан.
Сақтандыру мұрты – байламның және жабдықтардың басқа да бірліктері немесе құрылыстар арасында пайдаланылатын, ілмектен немесе жіптен жасалынған жалғастыру элементі.
Ұстағыштар – механикалық құрылғыларды, сақтандыру құрылғылары ретінде пайдалануға рұқсат берілген қысқыштарды, және альпинистік ұстаушы тораптарды қоса, орындаушымен бірге қозғалатын ұстағыш аспаптар.
Құлау әсері – ықтимал құлаудың ұзындығының (тереңдігінің) осындай құлаудан қорғау үшін пайдаланылатын жіптің немесе сақтандыру мұртының ұзындығына қатынасы.
4 Жұмыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидалары
4.1 Жұмыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты қағидалары келесілер болып табылады:
а) жұмыстарды дұрыс жоспарлау, ұйымдастыру және басқару;
б) бақылаудың тиісті деңгейіне ие білікті жұмысшыларды пайдалану;
в) сәйкес келетін жұмыс жабдықтарын, жеке және топтық қорғаныс құралдарын таңдау, техникалық қызмет көрсету және күтім көрсету;
г) келесілерді қоса, жұмыстарды орындаудың әдістеріне тиісті бақылау:
- жұмыс жабдықтарын пайдалану жөніндегі іс-шаралар;
- апаттық жағдайларда процедураларды жүзеге асыру үшін мүмкіндіктерді қамтамасыз ету;
- жұмысшыларды және үшінші тұлғаларды қорғау.
4.2 Өнеркәсіптік альпинизм әдістерімен орындалатын барлық жұмыстар жұмыстарды орындаудың қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті көтеретін, жұмыстардың жауапты жетекшісімен жоспарлануы керек.
Жұмыстардың жауапты жетекшісі ретінде бригадир немесе, негізделген жағдайларда бригаданың тәжірибелі мүшесі тағайындалады.
4.3 Келесі аспектілер өнеркәсіптік альпинизм әдістерімен орындалатын жұмыстарды жоспарлау кезінде ерекше назар аударуды қажет етеді:
- сенімді анкерлерді таңдау;
- ілініп тұрған жұмысшы жұмыстарды орындау үшін қажетті материалдарды, жабдықтарды немесе құралдарды қаншалықты жеңіл және қауіпсіз пайдалана алады және, соның ішінде, қандай да бір құралдың серпуі жұмысшыға қауіп төндіре ме;
- жұмыстарды орындау ғимараттың (құрылыстың) қандай да бір бөлшегiн босатуы және ол төмендегі адамдарға немесе жабдықтарға құлауы мүмкін бе;
- белгілі бір нүктедегі жұмыс жұмысшы сыртқы әсермен экспозицияның қолайсыз деңгейлеріне қауіп төндіретіндей баяу жүргізіле ме;
- альпинистік әдістерді пайдалану арқылы жұмысшының ұшырауы мүмкін кез келген ықтимал жағдайдан оны жылдам құтқару мүмкін бола ма.
4.4 Өнеркәсіптік альпинизм әдістерімен орындалатын жұмыстарды бастаудың алдында, жұмыстардың жауапты жетекшісі өнеркәсіптік альпинизм әдістерін пайдаланудың мақсатқа сай екенін анықтау және қатыс қауіптермен байланысты барлық аспектілерді есептеу үшін қауіптерді анықтауды және тәуекелдерді бағалауды жүргізуі керек.
4.5 Тәуекелдерді бағалаудың қағидалары өзіне келесілерді қосады:
- жүйе оның ең әлсіз түйіні мықты болғанына байланысты мықты болып табылады;
- сақтандыру жүйесі негізгі жүйе қол жетімдіктің, қолдаудың немесе орналастырудың алғашқы құралы болып табылғанда пайдаланылуы керек;
- құлайтын масса (динамикалық жүктеме) статикалық массаға (статикалық жүктеме) қарағанда үлкен күшті шығарады;
- ықтимал құлаудың ара қашықтығы, сондай-ақ пайда болатын соққы күші есепке алынуы керек;
- жабдықты дұрыс емес пайдалану құрылғы немесе жүйе есептелген жүктемелерге қарағанда біршама төмен жүктемелер кезінде апатқа алып келуі мүмкін;
- жүйенің әртүрлі бөліктеріне әсер ететін күштер жүйе қалай кескінделгеніне байланысты өзгерулері мүмкін.
ЕСКЕРТПЕ Көрсетілген тізім толық болып табылмайды.
4.6 Өнеркәсіптік альпинизм әдістерін сатыларды, қоршауларды, ағаштарды, төсеніштерді немесе өзге де тұрақты құралдарды пайдалану мүмкін емес немесе мақсатқа сай емес кезде пайдаланған дұрыс.
ЕСКЕРТПЕ Өнеркәсіптік альпинизм әдістері жеңіл немесе орташа ауыртпалықтағы тексерулерді және жұмыстарды жүргізу үшін тиімді болып табылады. Өнеркәсіптік альпинизм әдістерінің тиімділігі ауыр немесе күрделі жабдықтарды пайдалану кезінде немесе материалдардың көп мөлшерін пайдалану кезінде, бір орында ұзаққа созылатын және қайталанатын жұмыстарды жүргізу кезінде төмен болады.
4.7 Өнеркәсіптік альпинизм әдістерімен жүргізілетін биіктіктегі жұмыстар, егер олар келесі ауа-райы жағдайларында ертерек басталса жүргізілмеуі керек және тоқтатылуы керек:
- егер жұмыстарды ұйымдастыру жобасында және технологиялық регламентте арнайы қарастырылған жарықтандыру құралдары (басқа тағылатын шамдар, қол шамдар, жерге немесе ғимараттың/құрылыстың құрылымдарына орнатылған жасанды жарықтандыру көздері, және т.б.) пайдаланылмаса, жұмыстарды жүргізу аймағының шектеріндегі жеткіліксіз көру мүмкіншілігі;
- қарқынды жауын-шашындар;
- найзағай уақытында немесе найзағайдың жақындауы уақытында;
- желдің 15 м/с және одан да жоғары жылдамдығы кезінде.
4.8 Өнеркәсіптік альпинистер бригадасының бригадирі жұмыстарды жоспарлау және орындау әдістерін үздіксіз жақсарту үшін барлық апаттық жағдайларды, оқыс оқиғаларды немесе апаттық жағдайларға немесе оқыс оқиғаларға жақын жағдайларды есепке алуы және талдау жүргізуі керек.
4.9 Құлаудан қорғау жүйелері жұмысшы 1,3 м немесе одан асатын тереңдікке құлауы мүмкін және биіктігі кем дегенде 1,0 м болатын сүйеніштер (қоршаулар) жоқ қурылым шеттен 1,3 м шектерде болған кезде қажет болады.
Құлаудан қорғау басқарылмайтын құлау немесе сырғанау орын алуы мүмкін болатын кез келген еңісте қажет болады. Құлаудан қорғау екi тік бірлікке үш көлденең бірліктен тік еңістерде қажет болады.
4.10 Қос қорғаныс қағидасы қамтамасыз етілуі керек: кем дегенде жұмысшының құлауын болдырмау үшін арналған қолдаудың бір баламалы құралы, мысалы, жұмыс жібі плюс сақтандыру жібі. Жұмысшы тартылған жіпте немесе ілінген қалыпта болған кезде, кем дегенде екі тәуелсіз бекітілген жіптер болуы керек: біреуі көбінесе қол жетімдік, эвакуация және қолдау үшін пайдаланылатын (жұмыс жібі) және екіншісі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің резервтік құралы ретінде пайдаланылатын (сақтандыру жібі).
ЕСКЕРТПЕ Қажет болған және (немесе) мақсатқа сай болған кезде сақтандыру жібі қауіпсіздікті резервтік қамтамасыз етудің басқа түрлеріне ауыстырылуы мүмкін, олар өздері ауыстыратын сақтандыру жібімен салыстырғанда тең немесе жақсы жұмыс сипаттамаларына ие болулары керек.
Қос қорғаныс қағидасы сондай-ақ жұмысшыларды жұмыс және сақтандыру жіптеріне бекітуге де қолданылуы керек: түсіру құрылғылары және ұстағыштар жұмысшының байламына жеке-жеке бекітілуі керек.
4.11 Жұмыс және сақтандыру жіптері бекітудің жеке нүктелеріне ие болулары керек. Ғимараттың (құрылыстың) элементі (мысалы, көтеруші метал құрылым) жұмыс және сақтандыру жіптерін бекітуді қамтамасыз ету үшін жеткілікті беріктікке ие болуы мүмкін; бұндай жағдайда беріктіктің жеткіліктілігі жұмыстардың жауапты жетекшісімен және (немесе) жұмыстарға тапсырыс берушінің техникалық жетекшісімен тексерілуі керек.
4.12 Құлаудан қорғау үшін бір жіпті немесе бекітудің бір нүктесін пайдалануға тек жұмысшының салмағы жiбiмен емес, ғимарат (құрылыс) құрылымымен көбiнесе ұсталынатын болса (мысалы сатымен көтерiлу немесе аз еңiсте жұмыс iстеу кезiнде) ғана рұқсат беріледі.
4.13 Жұмысшыны жіптерге бекіту биіктіктен жұмысшыны құлау қауіпі жоқ қауіпсiз жерде жүзеге асырылуы керек.
4.14 Тыйым салынған аймақтар қажет болған кезде орнатылуы керек. Тыйым салынған аймақ өзіне тек жұмыс аймағын ғана қоспауы мүмкін.
4.15 Жұмысшы сәйкес келетін байламдар арқылы жұмыс жібіне де, сақтандыру жібіне де бекітілуі керек.
Жұмысшыны жұмыс жібіне де, сақтандыру жібіне де алғашқы бекіту тіпті жұмыс орындығы (шабуылдау алаңшасы) пайдаланылса да барлық уақытта байлам арқылы жүзеге асырылуы керек.
4.16 Байлам сәйкес келетін төменгі байламнан (отырғыш) немесе төменгі байламнан (отырғыш) және кеуделік байламнан тұратын сәйкес келетін толық байламнан тұруы керек.
4.17 Сақтандыру жібіндегі ұстағыштар сақтандыру жібінің немесе ұстағыштардың апаттық зақымдануынсыз, жұмыстарды өнеркәсіптік альпинизм әдістерімен жүргізудің нәтижесінде пайда болатын кез келген болжанатын күштерге шыдамды болуға қабілетті болулары керек.
4.18 Түсіру құрылғылары (жүйелері) жұмыстарды бос қолдармен орындау мақсаттары үшін пайдаланушының салмағын, түсу ұзындығын, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің (мысалы, тоқтаусыздыққа ие болуы керек), басқарылатын үйкелуді, жылудың таралуын және жіпте тоқтауды қамтамасыз етуді есепке алумен басқарылатын түсуді жүзеге асыруға мүмкіндік беруі керек. Қолдарды пайдаланбай автоматты түрде тоқтау мүмкіндігі бар түсіру құрылғыларын пайдалану ұсынылады.
4.19 Жұмысшы жұмыс жібінің немесе сақтандыру жібінің ұшынан әдейі емес тайғанап кетпеуі үшін шараларды қолдану керек.
4.20 Барлық жұмыс жабдықтары оларды пайдалану үшін сәйкес келетін болулары керек.
Биіктіктегі жұмыстар үшін жұмыс жабдығын таңдау кезінде келесілерді есепке алу керек:
- жұмыс жабдығы пайдаланылатын орында жұмысшылардың және үшінші тұлғалардың қауіпсіздігі үшін жұмыстарды орындау және тәуекел шарттары;
- қол жетімдік және эвакуация үшін пайдаланылатын жұмыс жабдығы үшін – оны пайдаланумен өтілетін ара қашықтық;
- жұмысшылардың ықтимал құлауының (жұлынуының) ара қашықтығы және салдары;
- жұмыс жабдығын пайдаланудың ұзақтығы және жиілігі;
- апаттық жағдайда жеңіл және уақытында эвакуацияның және құтқарудың қажеттілігі;
- жұмыс жабдығын пайдалану, орнату немесе жоюмен немесе жұмысшыларды эвакуациялаумен және құтқарумен байланысты кез келген қосымша тәуекелдер.
4.21 Жұмыс жабдығы әрбір пайдаланудың алдында тексерілуі және белгіленген уақыт аралықтарында мұқият тексерілуі керек. Мұндай регламенттiк тексерулердің барлық жағдайлары және нәтижелері тіркелуі керек.
4.22 Жабдық тиісті техникалық қызмет көрсетуді алуы және тиісті түрде сақталынуы керек. Өндірушінің жабдығы немесе жеткізушінің жабдығы бойынша бақылау мүмкіндігі қамтамасыз етілуі керек.
4.23 Жұмысшылар жеткілікті физикалық дайындыққа ие болулары және оларға жұмысты қауіпсіз орындауға кедергі келтіруі мүмкін қандай да бір жарақаттарға немесе аурудан кейінгі жағдайдың нашарлауларға ие болмаулары керек.
4.24 Жұмысшылар кем дегенде екі адамнан тұратын бригадаларда жұмыс істеуі керек, олардың біреуі жұмыстардың жауапты жетекшісі болуы керек.
Жұмыстардың жауапты жетекшісі жіптерде жұмыс істемеуі керек, себебі бұл оны жұмыстардың жетекшісі міндетін орындаудан алаңдатуы мүмкін, әсіресе құтқару операцияларын жүргізу кезінде.
4.25 Жұмысшылар арнайы оқудан өтуі керек және олар өнеркәсіптік альпинизм әдістерімен жұмыстағы өздерінің жолдастарын құтқару/жіптен босатуды қоса, басқа да жұмыстарды орындау үшін білікті өкілетті болулары керек.
4.26 Жұмысшылар тек олардың біліктілігіне және оқыту деңгейіне сәйкес келетін тапсырмаларды ғана орындауы керек.
4.27 Жұмысшылар пайдаланардың алдында өздерінің жабдықтарына тексерісті жүргізу үшін білікті болуы керек, сондай-ақ жабдықты пайдаланудан шығару жөніндегі талаптарды білуі керек.
4.28 Жұмысшылар жұмыс жағдайларына және талаптарына сәйкес келетін киімдерге (соның ішінде арнайы) және жабдықтарға ие болулары керек.
4.29 Әрбір жұмыс алаңы үшін жұмыстағы жолдастарын құтқару/жіптен босату бойынша арнайы жоспар болуы керек.
4.30 Жұмыс жұмысшы барлық уақытта бастапқы орынға қайта орала алатындай немесе жұмыс алаңындағы жұмыс бригадасымен немесе арнайы құтқару бригадасымен жұмыстарды қалыпты әдісімен орындау процесінде бастапқы орынға тез және тиімді қайтарылатындай етіп ұйымдастырылуы керек.
4.31 Бригада мүшелерінің арасында байланыстың тиімді жүйесі орнатылуы керек.
4.32 Жұмыстарды орындау орынына тиісті бақылау қамтамасыз етілуі керек.
4.33 Жұмыстардың жауапты жетекшілері орындалатын жұмыстарға және жұмыс алаңына сәйкес келетін өнеркәсіптік альпинизмнің әдістерін білуі керек, осындай әдістердің шектеулерін білуі және түсінуі керек, жұмыстағы жолдастарын құтқару/жіптен босату әдістерін білуі және орындалатын жұмыстарға және жұмыс алаңына сәйкес келетін жұмыстағы жолдастарын құтқаруды/жіптен босатуды жүргізуді білуі керек.
4.34 Кез келген құлау кезінде жұмысшыларға әсер ететін соққы күші ешқашан 6 кН аспауы керек.
4.35 Ешқандай ықтимал құлау жұмысшының жерге соғылуына алып келмеуі керек. Жұмысшының жарақаттауы мүмкін, оның құрылыстарға немесе кедергілерге соғылуларынан сақтану үшін барлық іс жүзінде жүзеге асырылатын шаралар қабылдануы керек.
4.36 Өнеркәсіптік альпинизм әдістері өзіне тек тартылуда немесе ілініп тұрған қалыпта жұмыс істеуді ғана емес, сонымен қатар көлденең бағытта жылжуды (траверс), жасанды тірек нүктелерімен өрмелеуді және төменгі сақтандырумен өрмелеуді қосады. Бұндай әдістер тек қауіптерді арнайы анықтаудан және тәуекелдерді бағалағаннан және өрмелеу үшін және құлаудан қорғау үшін арналған сәйкес келетін жабдықтарды таңдағаннан кейін ғана пайдаланылуы керек. Тек арнайы оқытылған және білікті жұмысшылар ғана өнеркәсіптік альпинизмнің осындай әдістерін пайдаланулары керек.
4.37 Жасанды тірек нүктелерімен өрмелеу кезінде құрылысқа бекітудің кем дегенде екі нүктесі бар болуы керек.
4.38 Пайдаланылып жатқан аумақта (үй-жайда) жұмыс істеп жатқан өнеркәсіптік альпинистер сондай-ақ осы объектіде қолданылатын қауіпсіздік талаптарын да сақтаулары керек.
4.39 Биіктіктегі жұмыстар жүргізіліп жатқан учаске санитарлық-тұрмыстық үй-жайлармен (соның ішінде құрғақ және суықтан қорғалған орынмен, душ қабылдау, қосымша киімдерді сақтау үшін арналған үй-жайлармен), дәрі қобдишасымен, өрт сөндіру құралдарымен және байланыс құралдарымен жабдықталуы керек.
5 Жұмыстарды ұйымдастыру
5.1 Өнеркәсіптік альпинизм әдістерімен орындалатын, биік ғимараттар мен құрылыстарды салумен, қалпына келтірумен, кеңейтумен, жөндеумен және техникалық қызмет көрсетумен байланысты жұмыстар аттестациядан өткен ұйымдармен орындалуы керек.
5.2 Өнеркәсіптік альпинизм әдістерімен жүргізілетін жұмыстар тек жұмыстарға тапсырыс берушінің техникалық жетекшісімен берілген наряд-рұқсат арқылы ғана орындалуы керек.
Объектіде биіктіктегі жұмыстарды қауіпсіз орындауға қойылатын нақты талаптар наряд-рұқсатпен белгіленуі керек.
Өндірістік қажеттілік жағдайында, жұмыстарды орындау шарттарын өзгерту (апаттық жағдайлардың алдын алу немесе апаттың салдарын жою және с.с. үшін) кезінде жұмыстарға тапсырыс берушінің техникалық жетекшісі наряд-рұқсатқа өзгерістерді енгізеді, ол бұл кезде жұмыстарды тікелей орындаушылар үшін қауіпсіздіктің қажетті шарттарын қамтамасыз етеді.
5.3 Биіктіктегі жұмыстар әрбір объекті үшін жасалынатын жұмыстарды ұйымдастыру жобасына сәйкес орындалуы керек.
Жұмыстарды ұйымдастыру жобасында кем дегенде келесілер болуы керек:
- пайдаланылатын жұмыс жабдықтарының тізімі;
- жұмыс және сақтандыру жіптерін, сондай-ақ жұмыс жабдықтарын көтеру (түсіру) үшін арналған жіптерді орналастыру сызбасы;
- анкерлердің түрлері және орналастыру сызбасы;
- биіктіктегі жұмыстарды жүргізу үшін қажетті уақытша инженерлік коммуникацияларды (электр сымдарын, пневматикалық шлангтер және т.б.) орналастыру сызбасы;
- жұмыс және тыйым салынған аймақтар, олардың қоршаулары және оларға кіруді шектеу жүйелері;
- жұмыс орындарына материалдарды, аспаптарды және жабдықтарды беру тәртібі;
- биіктікте жұмыс істеу кезінде жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар;
- объектінің жұмысшыларының және үшінші тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар;
- қолданыстағы инженерлік коммуникацияларды, жүк көтеру жүйелерін және объектінің жылжып жатқан жабдықтарын сөндіру/блоктау тәртібі;
- өнеркәсіптік альпинистер бригадасы мен объектінің қызметкерлері арасындағы байланыс жүйесі;
- объектінің ведомстволық апаттық-құтқару және медициналық қызметтерімен, ведомстводан тыс және мемлекеттік апаттық-құтқару және медициналық қызметтерімен өзара әрекеттер сызбасы.
Жұмыстарды ұйымдастыру жобасы жұмыстардың жауапты жетекшісімен жасалынады және жұмыстарға тапсырыс берушінің техникалық жетекшісімен бекітіледі.
5.4 Жұмыстарды ұйымдастыру жобасы келесілердің негізінде жасалынады:
- тапсырыс берушімен берілген техникалық тапсырма;
- жұмыстарды орындау орынын қарау нәтижелер.
Тапсырыс беруші техникалық тапсырмада жұмыстардың сипаттарын толығырақ ескертуі, жұмыстардың мөлшерлік және сапалық көрсетуі, жұмыстарды орындаудың барлық ықтимал қиыншылықтарын белгілеуі, жұмыстарды орындаумен байланысты шектеулерді ескертуі керек.
Алаңды қарау өнеркәсіптік альпинисттерден бөлек тұлғалар үшін тәуекелдер, қол жетімдік және эвакуация жолдарын және жұмыс ортасының сипаттамаларын анықтау үшін қажет болуы мүмкін.
5.5 Орындалатын жұмыстардың сипаттамасына, олардың күрделігіне және ұзақтығына байланысты келесілер қажет:
- жұмыстарды жүргізу орынына кедергісіз қол жетімдікті ұйымдастыру (бақылау-өткізу режимін сақтау шартымен рұқсат қағаздармен қамтамасыз ету, шатырдың және басқалардың кілттерін алу);
- жабық немесе өзге де әдістермен шектелген орындарға немесе құрылыстарға қол жетімдікті қамтамасыз ету;
- аспаптарды, жұмыс жабдықтарын және құралдарын, жұмысшылардың жеке заттарын сақтау және тамақ ішуі, дем алуы үшін жарамды үй-жайды беру;
- материалдардың, судың, қысылған ауаның және электр қуатының берілуін қамтамасыз ету;
- өнеркәсіптік альпинистердің жұмыс орынының астындағы аумақты босату (тұрақта тұрған автокөліктерден, жаяу жүргіншілерден), қоршау орнату;
- жұмыстарды жүргізу мерзімін және уақытын келісу;
- объектінің қауіпсіздік қызметін, инженерлік, апаттық-құтқару қызметтерін ескертуді қамтамасыз ету;
- өнеркәсіптік альпинизм әдістерімен жұмыстар жүргізілетіні туралы тұрғындарды (жалға алушыларды) немесе ғимараттың жұмысшыларын ескертуді қамтамасыз ету (үрейден немесе зиянкестіктен сақтану үшін);
- құқық қорғау органдарын ескерту (мысалы, режимдік объектілердің қауіпсіздігі үшін қауіп төнген кезде рұқсат алу немесе құқық бұзушылыққа кінәлаудан сақтану үшін).
5.6 Жұмыстарды орындау орынында келесі құжаттар болуы керек:
- жұмыстарды ұйымдастыру жобасы;
- наряд-рұқсат;
- технологиялық регламент;
- апаттық жағдайда әрекет ету жоспары;
- қауіптерді анықтау және тәуекелдерді бағалау нәтижелері;
- коммуналдық қызметтерден, құқық қорғау органдарынан, бақылау органдарынан жұмыстарды жүргізу үшін қажетті сәйкес келетін рұқсаттар;
- қауіпсіз жұмыс жүктемелерін көрсетумен (орнатылған кезде), алаңда пайдаланылатын жұмыс жабдықтарының тізімі;
- химикаттармен жұмыс істеу кезіндегі сақтық шараларын көрсетумен, алаңда пайдаланылуы мүмкін химикаттар туралы ақпараттар;
- жұмысшылардың біліктілігін растайтын құжаттар;
- жұмыстардың жауапты жетекшісін, бригадирді, жабдықтар үшін жауаптыны, қауіпсіздік үшін жауаптыны тағайындау туралы құжаттар.
5.7 Егер өнеркәсіптік альпинизм әдістерімен жұмыстарды орындау орынына жақын орналасқан жабдық қозғалтылуы, электрмен қамтамасыз ету көзіне қосылуы, ашылуы немесе іске қосылуы мүмкін болса, жабдықты сөндіру/блоктау және (немесе) осындай жабдыққа жақын жерде жұмыстардың жүргізілетіндігі туралы хабарлау процедураларын жасап және қатаң сақтау керек.
Жабдықты сөндіру/блоктау процедурасынсыз жұмыстарды жүргізу туралы хабарлау процедурасын тек объектінің құрылымының немесе технологиялық процестерінің ерекшеліктеріне байланысты жедел қажеттілік бар кезде ғана пайдалану керек.
5.8 Жабдықты сөндіру/блоктау үшін штаттық құралдар, құрылғылар немесе сәйкес келетін түрге жататын құралдар пайдаланылуы керек.
Жұмыстардың жүргізілуі туралы хабарлау үшін СТ ҚР МЕМСТ Р 12.4.026 бойынша қауіпсіздіктің стандартты белгілері пайдаланылуы керек.
5.9 Апаттық әрекет ету қызметін ескерту жөніндегі шаралар жұмыстарды бастағанға дейін қабылдануы керек. Жұмыстарды бастағанға дейін жергілікті полицияны, өрт қызметін немесе апаттық-медициналық қызметкерлерді ескерту ұсынылады және апаттық хабарлау жүйесі тексерілуі керек. алаңның алыстығына байланысты байланыс үшін стандартты телефон желілері, ұялы телефондар, спутниктік телефондар немесе екі жақты рациялар пайдаланылуы мүмкін. Апаттық әрекет ету қызметтері жұмыс басталғанға дейін жұмыс қай жерде жүргізілетінін дәл білулері керек, және жұмыстарды жүргізу орынына қалай жетуді білулері керек.
5.10 Өнеркәсіптік альпинистер бригадаларда жұмыс істеуі керек, олардың әрқайсысы дербес болуы керек.
Жұмыстар улануға немесе тұншығуға алып келуі мүмкін ерекше қауіпті немесе қысылған жағдайларда жүргізілген кезде бригаданың тәжірибесі, біліктілігі және көлемі бригада осындай жұмысты орындау кезінде пайда болуы мүмкін кез келген апаттық жағдайды жеңіп шығуына жеткілікті болуы керек.
5.11 Бригаданың көлемі орындалатын жұмыстың күрделігіне және құтқарудың ықтимал қажеттіліктеріне байланысты анықталуы керек (бригада мүшелерінің ең аз рұқсат берілген санын есепке ала отырып).
Басқа оқытылмаған қызметкер техникалық емес жұмысқа көмектесуге рұқсат беріледі, бірақ ол өнеркәсіптік альпинистер бригадасының қандай да бір оқытылған мүшесін ауыстырмауы керек.
5.12 Әрбір бригада кем дегенде біліктілік разряды (1-ші, 2-ші немесе 3-ші) бар екі өнеркәсіптік альпинисттен тұруы керек.
Бригаданың кем дегенде бір мүшесі 3-ші разряды бар өнеркәсіптік альпинист болуы керек.
3-ші разряды бар бір өнеркәсіптік альпинистің қадағалауында 1-ші және 2-ші разрядтары бар алтыдан көп емес өнеркәсіптік альпинист болуы керек.
5.13 Бригаданың мүшелерінің арасында міндеттерді бөлу және орындалатын жұмыстарды бөлу (жұмыстардың жауапты жетекшісі, бригаданың жай мүшесі) олардың біліктілік деңгейіне сәйкес жүзеге асырылуы керек.
Осындай бөлуге қосымша ретінде әрбiр бригадада бригаданың жұмыс істейтін екі мүшесі тағайындалуы керек:
- жабдықтар үшін жауапты. Жабдықтар үшін жауапты бригадамен пайдаланылатын барлық жабдықтардың жүйелік және толық есепке алынуын жүргізу үшін жауапкершілікті көтеру керек. Жабдықтар үшін жауапты әрбір пайдаланғаннан кейін жабдықты тексеруді жүзеге асыруы, сонымен қатар жабдық тозғанда, зақымданғанда немесе өндірушімен ұсынылған қызмет мерзімінен асып кеткенде оны пайдаланудан шығаруы және ауыстыруы керек;
- қауіпсіздік үшін жауапты. Қауіпсіздік үшін жауапты қауіпсіздікпен, оқытумен, нормативтік актілердің талаптарын орындаумен байланысты барлық сұрақтар бойынша негізгі байланысатын тұлға болып табылады.
Жабдықтар үшін жауаптының, қауіпсіздік үшін жауаптының және бригадирдің лауазымдарын қатар атқаруға рұқсат беріледі.
5.14 Альпинистік емес қызметкерлердің (мысалы, тапсырыс берушінің өкілі) орындалған жұмыстардың сапасын тексеруі керек болған жағдайда, осындай тұлғалар өздерінің жұмыстарын қауіпсіз түрде орындауына кепілдік беретін жүйе жасалынуы керек (мысалы, жоғарыдан түсірілген жіппен қосымша сақтандыруды қамтамасыз ету есебінен).
Жұмыстардың жауапты жетекшісі осындай тұлғаның аспалы жабдықтарының және керек-жарақтарының барлық элементтері дұрыс бекітілгенін және сәйкес келетін сапада және жағдайда болуын өзі тексеруі керек.
Жұмыстардың жауапты жетекшісі осындай тұлғалардың көтерілуіне және түсуіне бақылауды жүзеге асыруы керек.
Осындай қызметкердің биіктікте болу уақыты ең аз қажетті уақытпен қатаң шектелуі керек.
5.15 Бригаданың барлық мүшелері (сондай-ақ өнеркәсіптік альпинистердің бірнеше бригадасы бар ұйымның барлық бригадалары) альпинистік керек-жарақтардың, құралдардың, тораптардың және жабдықтардың бірыңғайланған терминдерін білуі және пайдалануы керек, сондай-ақ дауыстық және көзбен шолу бұйрықтарының бірыңғайланған жүйесін білуі және пайдалануы керек.
Ұйымның басшылығы бірыңғайланған терминдер мен бұйрықтар жүйесінің жасалуына және оларды ұйымда жұмыс істейтін бригаданың (бригадалардың) барлық мүшелеріне хабарлануына жауапкершілікті көтереді. Соның ішінде, бір альпинистік тораптың немесе керек-жарақтың әртүрлі атауларын пайдаланбау керектігі ұсынылады. Бірыңғайланған терминдер көрнекі материалдармен түсіндірілуі мүмкін.
Жұмыстардың жауапты орындаушысы ұйымда қабылданған бірыңғайланған терминдерді және бұйрықтар жүйесін барлық өнеркәсіптік альпинистердің және бригададағы жұмысқа уақытша шақырылған немесе жұмыстарды орындау кезінде бригадаға көмектесетін альпинистік емес қызметкерлердің пайдалануы қамтамасыз етуге міндетті.
Достарыңызбен бөлісу: |