2.10.3 Тігістік пісіру
Тігістік пісіру екі метал беттің екі жағынан айналатын доңғалақтар арасында өтетін ток арқылы жүзеге асады. Тігістік пісіру машиналары екі доңғалақтардан тұрады, олардың біреуі жетектен, ал екіншісі металл қозғалғанда үйкеліс күшінің әсерінен айналады. Жұмыс істеуіне қарай тігістік пісіру нүктелік пісіруге ұқсас (2.13 сурет).
2.13 сурет - Тігістік пісіру сұлбасы
1-пісіру трансформаторы; 2-контактілік роликтер; 3- қысатын құрылма; 4-пісірілетін бөлшектер
|
Тігістік пісіру кезінде келесі режимдер қолданылады: доңғалақтардың токтың үздіксіз берілісіне байланысты үздіксіз айналуы; токтың үзік беріліс кезінде доңғалақтардың үздіксіз айналысы; токтың үзік берілісі кезінде доңғалақтардың да үзік айналысы (адымдық пісіру).
Бірінші режим екі металлдың қалыңдығы 1,5 мм аспаса қолданылады, өйткені қалың металлдар доңғалақтан шығып, суыған соң ажырауы мүмкін.
Сонымен қатар үздіксіз пісірген кезде металдардың зақымдалуы болуы мүмкін.
|
Кең таралған пісірудің екінші режимінде пісіру тігістерінің зақымдалуы аз және электр шығыны да аз болады.
Тігістік пісіру қалыңдығы жіңішке ыдыстарды, метал құбырларды және осындай бұйымдарды пісіргенді тиімді.
Тігістік пісіру құрылғылары қондыру түріне байланысты стационарлы және жылжымалы болып бөлінеді, доңғалақтың орналасуына байланысты бойлай және көлденең, жетегіне байланысты серіппелі рычагтық және механикалық басу жетекті, доңғалақтардың орналасуына байланысты бір және екі жақтық орналасу, доңғалақтар санына байланысты бір, екі және көп доңғалақты болып бөлінеді.
2.10. 4 Контактілік пісіру құрылғыларының электр қондырғылары
Контактілік пісіру жоғары өнімді, ал көп жағдайда жалғыз болуы мүмкін және экономикалық тиімді біріктіру тәсілі болып табылады.
Шығарылатын контактілік пісіру машиналары жалпы тағайынды және белгілі бір өнімді пісіруге арналған жоғары өнімді арнайы машиналар болып бөлінеді.
Жоғары өнімді контактілік пісіру машиналарында сенімділігін жоғарылату мақсатында эпоксидті компаунд құйылған, оратылған өзекті және орамалы пісіру трансформаторлары, интегралды сұлбалы басқару аппараттары кеңінен пайдаланылады; тиристорлар қолданатын ток ажыратқыштар, жоғары өнімді пневматикалық және гидравликалық аппаратура қолданылады.
Контактілік пісіру машиналары нәрлендіру тегіне, энергияны түрлендіру немесе жинақтауына қарай мына түрлерге бөлінеді: а) өндірістік немесе төмендетілген жиілікті бір фазалы айнымалы токты; б) тұрақты токты (токты екінші ретті контурда түзетумен); в) үш фазалы, төмен жиілікті тиристорлы түзеткішпен; г) энергия жинақтағышпен (конденсаторларда, электролиттік жүйеде, айналып тұрған массада).
Ток трансформаторының төменгі кернеу жағында ток түзеткіші бар контактілік пісіру машиналары үлкен габаритті аллюминий қорытпаларынан, титаннан, ыстыққа төзімді және тот баспайтын болаттан жасалған құрылымдарды пісіруде бірқатар технологиялық және энергетикалық артықшылықтар береді. Олар төмен жиілікті машиналармен салыстырғанда әмбебап және жұмыста сенімді, энергия шығыны аз және металл сыйымдылығы көбірек.
Пісіру машиналарында тұрақты токты қолдану пісіру сапасының жоғарылығымен қатар жылдамдығын көбейтеді, ал көп электродты машиналарда электродты кезектеп немесе топтап қосуды бір нәрлендіру көзінен жасауға болады. Бұл электродтарды ыңғайлы орналастырып көп электродты машиналардың, престердің, пісіру кешендері мен желілерінің құрылымын жақсартуға мүмкіндік береді.
Қалың емес жеңіл қорытпалы өнімдерді нүктелік пісіруге қолданатын конденсаторлық машиналардың артықшылықтарына жүйедегі кернеудің кез келген тербелісінде пісіру тогын тұрақты ұстап тұруы және басқа нүктелік пісіру машиналарына қарағанда жүйеден қуатты аз тұтынуы жатады.
Контактілік пісіру машинасының электрлік күшті бөлігі кернеуі 380 немесе 220 В нәрлендіру торабынан 75-750 кВА қуат, 2-10 кА пісіру тогын алуды қамтамасыз етеді.
Бір фазалы айнымалы ток машиналарын пайдалану үш фазалық желіде фазалар қиғаштауын туғызуы себепті қуат жағынан шектеледі. Пісіру машиналарының қайталана-қысқа мерзімді жұмыс режимі желі кернеуін периодты өзгертіп, басқа электр тұтынушылардың жұмысына зиян келтіреді.
Пісіру машиналарының қуат коэффициенті 0,6-0,7 құрайды.
Тұрақты ток машиналарының артықшылықтары: фазалардың біркелкі жүктелуі, ток импульсының қалпын және ұзақтығын реттеудің көп мүмкіншіліктері, сонымен қатар көп импульстік режимнің алынуы; бір фазалы машиналармен салыстырғанда қуаттың азырақ жұмсалуы; пісіру тогына ферромагниттік массалардың әсерінің жоқтығы.
Төмен жиілікті машиналарда өндірістік жиіліктік үш фазалы ток төмен жиілікті 5-20 Гц токтың импульстеріне түрлендіріледі. Олардың артықшылықтары пісіру тогының импульсінің қолайлы қалпы –баяулап өсуі және төмендеуі, контурдың индуктивтілігінің төмендеуінен үш фазалық желіні бірқалыпты төмендетілген қуатпен жүктеу және жоғарылатылған қуат коэффициенті болып табылады.
Энергия жинайтын контактілік пісіру машиналарында үзіліс кезінде жинақтауышта желіден энергия баяу жиналып, пісіру үрдісі кезінде оны қысқа мезгілде қолданады.
Контактілік пісіру машинасының берілген өнімділігін және пісірудің жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін пісіру тогының әр циклда өту уақытын қатаң сақтау керек.
Бұл үшін пісіру тогының ажыратқыштарын пайдаланады. Олар механикалық, асинхрондық электромагниттік, синхрондық электромагниттік, игнитрондық т.б. болуы мүмкін. Пісіру тогының ағу уақыты арнайы электромеханикалық, электропневматикалық және электрондық уақыт реттегіштермен іске асырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |