1. Осы Кодексте сол үшін әкiмшiлiк жауаптылық көзделген, жеке тұлғаның құқыққа
қарсы, кiнәлi (қасақана немесе абайсызда жасаған) әрекетi не
әрекетсiздiгi немесе заңды
тұлғаның құқыққа қарсы әрекетi не әрекетсiздiгi әкiмшiлiк құқық бұзушылық деп танылады.
2. Осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң баптарында көзделген құқық бұзушылықтар үшiн,
егер бұл құқық бұзушылықтар өзiнiң сипаты бойынша заңнамаға сәйкес қылмыстық
жауаптылыққа әкеп соқпаса, әкiмшiлiк жауаптылық туындайды.
26-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықты қасақана жасау
Егер әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған жеке тұлға өзiнiң әрекетiнiң
(әрекетсiздiгiнiң) құқыққа қарсы сипатын сезiнсе, оның зиянды салдарын алдын ала бiлсе
және осы салдардың туындауын қаласа немесе оған саналы түрде жол берсе не оларға
немқұрайлы қараса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық қасақана жасалды деп танылады.
27-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықты абайсызда жасау
Егер әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған жеке тұлға өз әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң)
зиянды салдарының туындау мүмкiндiгiн алдын ала бiлсе, бiрақ
жеткiлiктi негiзсiз олардың
алдын алуға болады деп ұшқары ойласа не тиiстi назар салған және көре білген жағдайда,
олардың алдын алуға тиіс және солай ете алатын болса да осындай салдардың туындау
мүмкiндiгiн алдын ала бiлмесе, әкiмшiлiк құқық бұзушылық абайсызда жасалды деп танылады.
4-тарау. ӘКIМШIЛIК ЖАУАПТЫЛЫҚ
28-бап. Әкiмшiлiк жауаптылыққа жататын тұлғалар
Әкiмшiлiк жауаптылыққа:
1) әкімшілік құқық бұзушылық аяқталған немесе оның жолын кескен кезде он алты
жасқа толған, ақыл-есi дұрыс жеке тұлға;
2) заңды тұлға жатады.
29-бап. Ақыл-естiң дұрыс еместігі
Осы Кодексте көзделген құқыққа қарсы іс-әрекет жасаған кезде ақыл-есi дұрыс емес
жағдайда болған, яғни өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) нақты сипаты мен қауiптiлiгiн
сезіне алмаған немесе оларды созылмалы психикалық ауруының,
психикасының уақытша
бұзылуының, ақыл-есі кемдiгiнің немесе психикасының өзге де сырқатты жай-күйiнiң
салдарынан басқара алмаған жеке тұлға әкiмшiлiк жауаптылыққа жатпайды.
30-бап. Лауазымды адамдардың әкiмшiлiк жауаптылығы
Лауазымды адам өз қызметтiк мiндеттерiн орындамауына немесе тиiсiнше орындамауына
байланысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған жағдайда әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылады.
Мұндай мән-жай болмаған кезде әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың жасалуына кiнәлi лауазымды
адам жалпы негiздерде жауаптылыққа жатады.
Ескертпе. Осы Кодексте әкімшілік құқық бұзушылық жасалған кезде тұрақты, уақытша
немесе арнаулы өкiлеттiк бойынша билiк өкiлiнiң функцияларын жүзеге асыратын немесе
жүзеге асырған не әкімшілік құқық бұзушылық жасалған кезде мемлекеттiк мекемелерде,
квазимемлекеттік сектордың субъектілерінде, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында
ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды орындайтын немесе
орындаған адамдар – лауазымды адамдар деп танылады.
31-бап. Құқық бұзушылық арнаулы техникалық құралдармен
тiркелген кездегi әкiмшiлiк жауаптылықтың
ерекшелiктерi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық сертификатталған арнаулы бақылау-өлшеу техникалық
құралдарымен және аспаптарымен тiркелген жағдайда, жол жүрiсi
саласындағы әкiмшiлiк
құқық бұзушылықтар үшiн әкiмшiлiк жауаптылыққа көлiк құралдарының меншiк иелерi (иелерi)
тартылады.
2. Егер көлiк құралының меншiк иесiнiң (иесiнiң) хабарламасы немесе арызы бойынша
тексеру барысында құқық бұзушылық тiркелген кезде көлiк құралы иелiгiнде болған тұлға
анықталса не басқа тұлғалардың құқыққа қарсы әрекеттерiнiң нәтижесінде көлiк құралына ие
бола алмай қалса, осы көлiк құралының қатысуымен жасалған құқық бұзушылық үшiн ол
әкiмшiлiк жауаптылықтан босатылады.
Ескертпе.
Осы Кодекстiң баптарында көлiк құралын меншiк құқығымен иеленетiн жеке тұлғалар,
сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға тиесiлi көлiк құралдары уақытша иелену мен
пайдалануға берiлген жеке тұлғалар көлiк құралдарының иелерi деп танылады.
Осы Кодекстiң баптарында сертификатталған арнаулы бақылау-өлшеу техникалық
құралдары мен аспаптары деп құқық бұзушылықтарды байқау мен тiркеудiң метрологиялық
салыстырып тексеруден өткен техникалық құралдары мен аспаптарын,
құқық бұзушылықтың
жасалу фактiсi мен уақытын, көлiк құралының түрiн, маркасын, мемлекеттiк тiркеу нөмiрi
белгiсiн, сондай-ақ жүрiсiнiң жылдамдығы мен бағытын тiркейтiн фото-, бейне аппаратураны
түсiну қажет.
32-бап. Әскери қызметшiнің, прокурордың және тәртіптік
жарғылардың не арнайы ережелердің күші
қолданылатын өзге де адамдардың өздері әкімшілік
құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкiмшiлiк
жауаптылығы
1. Әскери қызметшiлер мен әскери жиында жүрген әскери мiндеттiлер, осы
Кодекстiң 651, 652, 676, 677, 680, 681-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда,
қызметтік міндеттерін атқару кезінде жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтары үшiн
тәртiптiк жарғылар бойынша жауаптылықта болады. Арнаулы мемлекеттік
органдар мен құқық
қорғау органдарының қызметкерлерi қызметтік міндеттерін атқару кезінде жасаған әкiмшiлiк
құқық бұзушылықтары үшiн тиiстi органдарда қызмет өткеру тәртiбiн регламенттейтiн
нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес жауаптылықта болады.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы режимiн, Қазақстан
Республикасының Мемлекеттiк шекарасы және Кеден одағының кедендiк шекарасы арқылы өткiзу
пункттеріндегі режимдi, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды қорғау,
халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасын, өрт
қауiпсiздiгiнiң талаптарын, жол жүрісі қағидаларын, қызмет орындарынан тыс жерде кеден
қағидаларын, Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы
заңнамасын, Қазақстан Республикасының бюджет және салық заңнамасын, Қазақстан
Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасын, аң аулау, балық аулау
қағидаларын, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен қорғаудың басқа да қағидалары мен
нормаларын бұзғаны үшiн осы баптың бірінші бөлігінде аталған
адамдар жалпы негiздер
бойынша әкiмшiлiк жауаптылықта болады. Аталған адамдарға атыс және суық қаруды алып жүру
мен сақтау құқығынан айыру және әкімшілік қамаққа алу түрiнде әкiмшiлiк жазалар
қолдануға болмайды.
3. Мерзімді әскери қызметін өткеріп жүрген әскери қызметшілер мен әскери және
арнайы оқу орындарының курсанттарына әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жаза
қолданылмайды.
4. Әкімшілік жазаны қолдану құқығы берілген органдар (лауазымды адамдар) осы
баптың бірінші және үшінші бөліктерінде аталған адамдарға әкімшілік жазалар қолданудың
орнына кінәлілерді тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешу үшін тиісті
органдарға құқық бұзушылықтар туралы материалдарды беруге тиіс.
Ескерту. 32-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014
№ 248-V
(01.01.2015 бастап
қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014
№ 272-V
(01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі),
18.11.2015
№ 411-V
(01.01.2016 бастап
қолданысқа
енгізіледі). Заңдарымен.
33-бап. Жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушыларының,
адвокаттардың, дара кәсіпкерлердің және заңды
тұлғалардың әкiмшiлiк жауаптылығы