3. Білім беру мазмұнына қойылатын талаптар
27. Негізгі орта білім беру білім берудің барлық деңгейлеріне ортақ болып табылатын және білім алушының мінез-құлқы мен қызметін ынталандыратын өмірлік тұрақты бағдарлары болуға арналған білім алушылардың бойына ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды дарытуға бағытталған.
28. Негізгі орта білім беру мазм ұнында айқындалған негізгі құндылықтар:
1) қазақстандық патриотизм мен азаматтық жауапкершілік;
2) құрмет;
3) ынтымақтастық;
4) еңбек пен шығармашылық;
5) ашықтық;
6) өмір бойы білім алу.
29. Білім берудегі құндылықтарды дарыту негізінде білім алушылардың мынадай қабілеттері дамуы тиіс:
1) Қазақстан мүдделеріне қызмет етуге дайындығы;
2) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарының нормаларын құрметтеу және сақтау;
3) әлеуметтік жауапкершілік және шешім қабылдай алу;
4) мемлекеттік тілді меңгеруге ынталану;
5) Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрлерін, әлемнің мәдениеттік алуан түрлілігін құрметтеу;
6) рухани келісім және толеранттылық идеяларын қолдау;
7) қоршаған ортаға және экологиялық тұрақтылықты сақтауға оң қарым-қатынас;
8) шығармашылықпен және сын тұрғысынан ойлау;
9) коммуникативтілік және ақпараттық-коммуникациялық құралдар мен технологияларды тиімді қолдана білу;
10) өмір бойы білім алуға және өзін-өзі жетілдіруге талпыну.
30. Негізгі орта білімнің мақсаты - тұлғаның жалпы мәдениетін қалыптастыру, тұлғаны қоғам өміріне бейімдеу, кәсіпті, мамандықты саналы түрде таңдауға және меңгеруге негіз жасау.
31. Негізгі орта білім берудің негізгі міндеттері білім алушылардың:
1) рухани-адамгершілік қасиеттерін;
2) ғылым негіздері бойынша базалық білім жүйесін;
3) өздігінен білім алу және тұлғалық өзін-өзі дамыту дағдыларын;
4) оқу, жобалау, зерттеушілік іс-әрекеттерін жүзеге асыру дағдыларын;
5) сын тұрғысынан және шығармашылық ойлау дағдыларын;
6) қауымда өзін-өзі іске асыру және өзара әрекет жасау дағдыларын қалыптастыру мен дамыту болып табылады.
32. Білім берудің базалық мазмұны стандарт талаптары негізінде әзірленетін оқу пәндерінің оқу бағдарламаларымен айқындалады.
33. Негізгі орта білім берудің базалық мазмұны оқу, жобалау және зерттеу іс-әрекеттерінің мақсатты ұйымдастырылған тәрбие жұмысымен үйлесімі арқылы іске асырылатын академиялық дайындықты, білім алушылардың дербестігін дамытуды және рухани-адамгершілік тәрбиені кіріктіру негізінде айқындалуы тиіс.
34. Негізгі орта білім берудің базалық мазмұны мынадай бағдарларды ескере отырып айқындалады:
1) заманауи қоғамның серпінді сұраныстарына сәйкес болу;
2) сын тұрғысынан, шығармашылық және позитивті ойлауды дамыту қажеттілігі;
3) оқу пәндері мазмұнын кіріктіруді күшейтудің орындылығы;
4) бастауыш білім беру және негізгі орта білім беру деңгейлері арасындағы білім беру мазмұнының үздіксіздік және сабақтастық қағидатын сақтауды қамтамасыз ету;
5) білім беру мазмұнының академиялық және практикалық бағыттылығы арасындағы теңгерімді сақтау;
6) оқыту, тәрбиелеу мен дамытудың біртұтастығын қамтамасыз ету.
35. Негізгі орта білім беру деңгейінде оқыту процесін ұйымдастыру оқыту мен тәрбиенің бірлігі қағидатын іске асыруға бағытталған. Оқытуды ұйымдастыру кезінде білім алушылардың жетекші қызметі ретінде оқуға басым рөл беріледі.
36. Оқыту процесінде әр оқу пәні арқылы тәрбие мәселесі шешіледі. Тәрбие жұмысының барлық түрлері білім алушылардың жаңа білімді субъективті тануы мен меңгеруі мәселелерін шешуге, ұлттық дәстүрлерді, мәдениетті зерделеуге және жалпы адамзаттық құндылықтарды дарытуға бағытталған.
37. Сабақтан тыс іс-әрекеттің әртүрлі нысандарын ұйымдастыру жинақтала келе білім алушылардың рухани-адамгершілік, азаматтық-патриоттық, көркем-эстетикалық, еңбек және дене тәрбиесінің іске асырылуын қамтамасыз етеді.
38. Оқу процесін ұйымдастыру білім алушыларды ізденуге, мәселелерді талқылауда, көзқарасын дәлелдеуде белсенділікке, сындарлы шешімдер қабылдауға ұмтылу жолымен өздігінен тәжірибе меңгеруін ұйымдастыруға негізделген оқытудың интерактивті әдістерін пайдалануды көздейді.
39. Міндетті оқу пәндерін оқытумен қатар элективті курстар, сыныптан тыс сабақтарды өткізу, білім алушылардың ғылыми жобаларға қатысуы көзделген.
40. Білім алушылардың жобалау және зерттеу іс-әрекеті дағдыларын дамытуда жүйелілікті қамтамасыз ету білім беру ұйымдарында білім беру процесін ұйымдастырудың негізгі қағидаттарының бірі болып табылады.
41. Негізгі орта білім берудің базалық мазмұны үштілді білім беру саясаты шеңберінде іске асырылады. Үштілді білім берудің мақсаты көптілді тұлғаны – кемінде үш тілді меңгерген, қызметтің әртүрлі салаларында үш тілде еркін диалог жүргізе алатын, өз халқының мәдениетін бағалайтын, басқа халықтардың мәдениетін түсінетін және құрметтейтін Қазақстанның азаматын қалыптастыруға негізделеді.
42. Үштілді білім беру іс жүзінде:
1) қазақ, орыс және ағылшын тілдерін деңгейлік меңгеру;
2) оқыту тіліне қарамастан жекелеген пәндерді қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқытуды ұйымдастыру;
3) сабақтан тыс іс-әрекеттер мен элективті курстарды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұйымдастыру арқылы іске асырылады.
43. Негізгі орта білім берудің әр білім беру саласы бойынша базалық мазмұны білім алушыларға тек ғылым негіздерін оқытып қана қоймай, олардың тиімді әлеуметтенуіне ықпал ететін рухани, әлеуметтік және мәдени тәжірибелерін одан әрі дамытуды қамтамасыз етудің қажеттілігі ескеріле отырып анықталды.
44. «Тіл және әдебиет» білім беру саласының мазмұны:
1) оқыту қазақ тілінде жүргізілетін сыныптар үшін «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» және оқыту орыс тілінде жүргізілетін сыныптар үшін «Орыс тілі», «Орыс әдебиеті»;
2) оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін сыныптар үшін «Қазақ тілі мен әдебиеті» және оқыту орыс тілінде жүргізілмейтін сыныптар үшін «Орыс тілі мен әдебиеті»;
3) «Ағылшын тілі»;
4) Қазақстан аумағында жинақы тұратын этностардың тілінде оқытатын білім беру ұйымдарында «Тіл және әдебиет» білім беру саласына осы этностың ана тілі мен әдебиеті қосымша енеді. Оқыту ұйғыр/өзбек/тәжік тілінде жүргізілетін сыныптар үшін «Ана тілі», «Әдебиет» («Ұйғыр әдебиеті», «Өзбек әдебиеті», «Тәжік әдебиеті») оқу пәндері үлгілік оқу жоспарының инвариантты компонентіне енеді.
Ескерту. 44-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 15.08.2017 № 485 қаулысымен (01.09.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).
45. «Тіл және әдебиет» білім беру саласының мазмұны басқа тілдік және тілдік емес оқу пәндерімен пәнаралық байланысты пайдалануды; білім алушылардың ойдағыдай әлеуметтенуін; білім алушылардың жас ерекшеліктеріне, қажеттіліктері мен қызығушылықтарына сәйкес тілдік дағдыларын дамытуды; қазіргі әлемде тілдерді оқытудың маңыздылығын түсінуді; рухани-адамгершілік құндылықтардың дамуын; көптілді және көпмәдениетті әлемнің тұтастығын түсінуді; қарым-қатынас процесінде тұлғаарлық және мәдениетаралық байланыстарды орнатуды; өзге елдердің мәдениетімен танысу арқылы әртүрлі көзқарастарды сыйлай білуге тәрбиелеуді; оқыту тілінде түрлі ақпарат көздерімен, оның ішінде интернет ресурстарымен өз бетінше жұмыс істей білуді; шығармашылық және сын тұрғысынан ойлауды дамыту және пайдалануды қамтамасыз етуі тиіс.
46. «Математика және информатика» білім беру саласының мазмұны «Математика», «Алгебра», «Геометрия», «Информатика» оқу пәндерінде іске асырылады.
Ескерту. 46-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 15.08.2017 № 485 қаулысымен (01.09.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).
47. «Математика және информатика» білім беру саласының мазмұны математика мен информатиканың әлемдегі рөлін айқындау және түсіну қабілетін қалыптастыруды; математиканы ғылымның әмбебап тілі, құбылыстар мен процестерді модельдеудің құралы ретінде түсінуді; математика мен информатиканы оқыту кезінде орта білім беру деңгейлеріндегі сабақтастықты, пәнаралық және пәнішілік байланыстарды; жалпы орта білім беру деңгейінде оқуды жалғастыруға және сабақтас пәндерді оқуға, оларды күнделікті өмірде пайдалануға қажетті базалық математикалық білім мен біліктерді меңгеруді; бағдарламалау технологиясының және ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың теориялық негіздері бойынша базалық білім жүйесін, информатиканы және басқа да пәндерді оқу кезінде ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды пайдалана отырып шынайы объектілер мен процестердің модельдерін қолдану және түрлендіру біліктерін меңгеруді; функционалдық сауаттылықты, логикалық, алгоритмдік және операциялық ойлауды, кеңістікті елестетуді, математика мен информатиканың түрлі тілдерін (сөздік, символдық, талдамалық, графикалық) пайдалану қабілеттерін, әртүрлі нысанда берілген ақпаратты қабылдау және сын тұрғысынан талдауды дамытуды қамтамасыз етуі тиіс.
48. «Жаратылыстану» білім беру саласының мазмұны «Жаратылыстану», «Физика», «Химия», «Биология», «География» оқу пәндерінде іске асырылады.
49. «Жаратылыстану» білім беру саласының мазмұны функционалдық білім мен біліктерді, жоспарлау, талдау және өңдеу, түсіндіру, жүйелеу, алгоритм бойынша жұмыс, зерттеу, практикалық-эксперименттік дағдыларды жетілдіру, қорытындыларды бағалау және тұжырымдау дағдыларын қалыптастыруды; әлемнің қазіргі жаратылыстану көрінісінің негізінде жатқан іргелі ұғымдарды, заңдылықтарды, теориялар мен қағидаттарды, табиғатты ғылыми тану әдістерін, табиғатты, экономиканы және қоғамды кешенді зерттеу негізінде адамзаттың ғаламдық және жергілікті проблемаларын түсінуді тереңдетуді; экологиялық мәдениетті, ғылыми, жобалық және кеңістіктік ойлауды дамытуды; патриоттық сезімдерді, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті және ұқыпты қарауды тәрбиелеуді; білім алушыларды жаратылыстану ғылымдары бағытында кәсіби бағдарлауды іске асыруды қамтамасыз етуі тиіс.
50. «Адам және қоғам» білім беру саласының мазмұны «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы», «Құқық негіздері», «Өзін-өзі тану» оқу пәндерінде іске асырылады.
51. «Адам және қоғам» білім беру саласының мазмұны білім алушыларда «Адам – Қоғам» жүйесі шеңберінде қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар бойынша білім негіздерін қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Оқу пәндерінің мазмұны білім алушыларда тарихи ойлау, өткен және қазіргі жағдайды, олардың өзара байланысын түсіну мен ұғыну, тарихи, құқықтық, экономикалық, саяси, әлеуметтік ақпарат көздері материалдары бойынша талдау мен негізделген қорытындылар жасау және соның негізінде ешкімге тәуелсіз тұжырым жасау, өзіндік сараланған шешімдер қабылдау дағдыларын қалыптастыруға; патриотизм сезімін тәрбиелеуге, құқықтық сауаттылықты, демократиялық құқықтық қоғам идеалдары мен құндылықтарын түсінуді, әлеуметтік-мәдени байланыс жағдайында тиімді өзара қарым-қатынасты іске асыру және коммуникативтік құралдарды таңдау үшін белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға; жалпыадамзаттық, этномәдени құндылықтар жүйесіне, әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайларға жеке қатынасын айқындай білуін дамытуға, адамгершілік таңдауды жүзеге асыру үшін қажетті әлеуметтік құбылыстар мен оқиғаларды бақылау мен бағалауға бағытталған.
52. «Технология және өнер» білім беру саласының мазмұны «Көркем еңбек», «Музыка» оқу пәндерінде іске асырылады.
53. «Технология және өнер» білім беру саласының мазмұны қоршаған әлемнің бейнесін, өскелең ұрпақтың ортақ мәдениетін тұтастай қабылдауды, білім алушылардың эстетикалық, рухани-адамгершілік және эмоционалдық саласын қоғамның ұлттық және әлемдік көркем құндылықтары негізінде дамытуға, адам өміріндегі өнер мен технологиялардың рөлі туралы негізгі түсініктерді дамытуға, қазақ халқының және әлемнің басқа да халықтарының салт-дәстүрлеріне, мәдениетіне және әртүрлі өнер түрлерін түсінуге және құрметтеуге; өнердің әртүрлі түрлерінде көркем, музыкалық және жобалық әрекетті жүзеге асыру білімдерін, біліктерін және дағдыларын одан әрі дамытуға; негізгі технологиялық білім, білік, дағдыларды, соның ішінде компьютерлік цифрлық технологияларды қолдану арқылы; әртүрлі музыкалық цифрлық технологияларды қоса алғанда, вокалды және инструменталды дағдыларды дамытуға; мәнерліліктің көркем және музыкалық құралдары және заманауи технологиялар арқылы әлемді танудың әртүрлі әдістерін өз бетінше меңгеруге бағытталуы тиіс.
54. «Дене шынықтыру» білім беру саласының мазмұны «Дене шынықтыру» оқу пәнінде іске асырылады.
55. «Дене шынықтыру» білім беру саласының мазмұны денсаулықты нығайтуға, негізгі дене бітімі қасиеттерін дамытуға және ағзаның қызметтік мүмкіндіктерін жоғарылатуға; қозғалыс мәдениетін қалыптастыруға, қозғалыс тәжірибесін жалпылай дамыту мен түзетуге бағытталған физикалық жаттығулар арқылы байытуға; дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық-сауықтыру іс-әрекеті дағдысы мен іскерлігіне, дене жаттығуларын жасауды өз бетінше ұйымдастыруға үйретуге; базалық және ұлттық спорт түрлерінің техникалық қимылдарымен амалдарын меңгеруге; патриоттық сезімге, өз Отанын сүюге және рухани ерік-жігер қасиеттеріне тәрбиелеуге бағытталуы тиіс.
56. Негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламасын меңгеру мерзімі – бес жыл.
4. Оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар
57. Негізгі орта білім беру деңгейіндегі білім алушылардың апталық оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі 5-сыныпта – 32 сағаттан, 6-сыныпта – 32 сағаттан, 7-сыныпта – 34 сағаттан, 8-сыныпта – 35 сағаттан, 9 (10)-сыныпта – 36 сағаттан аспауы тиіс.
58. Білім алушылардың инвариантты және вариативті компоненттерден тұратын оқу жүктемесінің жалпы көлемі, сондай-ақ сыныптар бойынша апталық және жылдық оқу жүктемесі үлгілік оқу жоспарында белгіленеді.
59. Апталық оқу жүктемесі үлгілік оқу жоспарында (инвариантты және вариативті компоненттер) анықталған оқу жұмыстарының барлық түрлерін қамтиды. Арнайы (түзеу) білім беру ұйымдарының оқу жоспарларында даму бұзушылығының түрін ескере отырып, міндетті түзеу компоненті қарастырылған. Арнайы (түзеу) білім беру ұйымдарының оқу жоспарларындағы инвариантты, түзеу және вариативті компоненттер ерекше білім беруге қажеттіліктері бар білім алушыларды ескере отырып белгіленеді.
Шет тілін оқытуға бөлінген вариативтік және гимназиялық компоненттер бағалауға жатады.
Ескерту. 59-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 15.08.2017 № 485 қаулысымен (01.09.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).
60. Меншік нысандарына және ведомостволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру ұйымдарында оқу жылының басталу және аяқталу мерзімін Қазақстан Республикасының білім саласындағы уәкілетті органы анықтайды.
61. Сыныпты екі топқа бөлу қалалық білім беру ұйымдарында сыныптарда білім алушылар – 24-ке немесе одан артық, ауылдық жерлерде білім алушылар – 20-ға немесе одан артық, шағын жинақты мектептерде кемінде 10-ға толған жағдайда:
1) оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін сыныптарда – «Қазақ тілі мен әдебиеті»;
2) оқыту орыс тілінде жүргізілмейтін сыныптарда – «Орыс тілі мен әдебиеті»;
3) ағылшын тілі, шет тілі;
4) көркем еңбек (сынып толымдылығына қарамастан ұл және қыз балалар топтарына);
5) информатика;
6) гендерлік қағидат бойынша дене шынықтыру сабақтарын (қалалық жерде – әрбір топта кемінде 8 ұл бала (немесе қыз бала), ал ауылдық жерде – кемінде 5 ұл бала (немесе қыз бала) болғанда) жүргізу кезінде жүзеге асырылады.
Ескерту. 61-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 15.08.2017 № 485 қаулысымен (01.09.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 23 тамыздағы
№ 1080 қаулысымен
бекітілген
Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты
1. Жалпы ережелер
Ескерту. Қаулы Стандартпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 292 (01.09.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
1. Осы жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – стандарт) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының (бұдан әрі – Заң) 56-бабына сәйкес әзірленді және білім алушылар мен тәрбиеленушілердің дайындық деңгейіне, білім берудің мазмұнына, оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптарды айқындайды.
2. Жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары (бұдан әрі – білім беру ұйымдары) меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан білім беру қызметін:
1) осы стандартқа;
2) оқу бағдарламалары мен үлгілік оқу жоспарларына;
3) Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы уәкілетті органы белгілеген тәртіппен бекіткен басқа да нормативтік құқықтық және құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады.
3. Стандартты қолдану:
1) оқытудың күтілетін нәтижелері түрінде көрсетілген жалпы орта білім беру мақсаттарының жүйесіне қол жеткізу арқылы оқыту мен тәрбиелеудің сапасын арттыруға;
2) қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім беру процесін ұйымдастыру үшін қажетті жағдайлар жасау арқылы үштілді білім беру саясатын іске асыруға;
3) қолданбалы сипаттағы міндеттерді шешу үшін білім алушылардың теориялық білім негіздерін меңгеруі мен алған білімдерін қолдана білуін дамытуды көздейтін жалпы орта білім берудің академиялық және практикалық бағыттылығының үйлесімділігіне;
4) білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, пәндік білім мен дағдыларды кезең-кезеңімен тереңдетуді қамтамасыз етуге;
5) білім беру процесінің мазмұндық негізін айқындайтын білім берудің құндылықтары мен оқытудан күтілетін нәтижелер жүйесінің өзара байланыстылығы мен өзара шарттылығына негізделген оқыту мен тәрбиелеудің бірлігі қағидатын іске асыруға;
6) балалардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге, білім алушылардың ерекше білімге деген қажеттіліктерін, сондай-ақ қосымша білім беру қызметтерін алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға қолайлы жағдайлар жасауға;
7) орта білім беру ұйымдарының типтері мен түрлерінің әртүрлілігі жағдайында жалпы орта білім берудің баламалылығын қамтамасыз етуге;
8) білім беру ұйымдарында инновациялық практиканы қолдауға және дамытуға;
9) білім сапасын қамтамасыз ету бойынша білім беру ұйымдарының қызметін объективті бағалауды ұйымдастыруға бағытталған.
4. Стандарт:
1) білім беру ұйымдарының әртүрлі типтері мен түрлері үшін жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарын;
2) жалпы орта білім берудің оқу пәндері бойынша оқу бағдарламаларын;
3) оқу пәндері бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді;
4) оқу пәндері бойынша білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау өлшемшарттарын;
5) білім беру ұйымдарында оқыту мен тәрбиелеуден күтілетін нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз ететін басқару жүйесін;
6) білім беру ұйымдарының білім беру процесін мониторингтеу жүйесін;
7) білім беру ұйымдарындағы білім беру процесін материалдық-техникалық, ақпараттық-коммуникациялық қамтамасыз етуге, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылар үшін қойылатын бірыңғай талаптарды;
8) білім сапасын қамтамасыз ету бойынша білім беру ұйымдарының қызметін бағалау параметрлерін;
9) педагог кадрлардың біліктіліктерін арттырудың, педагог кадрларды даярлаудың оқу бағдарламаларын;
10) жалпы орта білім беру ұйымдарында бітіру емтихандарына және жоғары оқу орындарына қабылдауды ұйымдастыруға арналған бақылау-ө лшеуіш материалдарын әзірлеу үшін негіз болып табылады.
5. Білім беру ұйымдары тәрбиелеудің, оқыту мен дамытудың әртүрлі педагогикалық технологияларын қолдану арқылы денсаулық сақтайтын ортаны қамтамасыз етеді.
6. Стандартта Заңға сәйкес терминдер мен анықтамалар қолданылады. Оларға қосымша мынадай терминдер мен олардың анықтамалары енгізілді:
1) жалпы орта білім берудің базалық мазмұны – типіне, түріне және меншік нысанына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан, білім беру ұйымдарында оқып білуге міндетті жалпы орта білім беру мазмұнының құрамы, құрылымы мен көлемі;
2) сабақтан тыс іс-әрекет – біртұтас оқу-тәрбие процесінің құраушы бөлігі, білім алушылардың бос уақытын ұйымдастыру нысаны;
3) үлгілік оқу жоспары – оқу пәндерінің тізбесін реттейтін және тиісті білім беру деңгейінің оқу жүктемесінің инвариантты және вариативті компоненттерінің көлемін айқындайтын құжат;
4) оқу жүктемесінің инвариантты компоненті – білім беру ұйымдарында типіне, түріне және меншік нысанына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан, барлық білім алушылардың оқып білуі үшін міндетті оқу пәндерін айқындайтын үлгілік оқу жоспарының құраушы компоненті;
5) оқу жүктемесінің вариативті компоненті – білім алушылардың білімге деген қажеттіліктеріне сәйкес білім беру ұйымдары айқындайтын үлгілік оқу жоспарының құраушы компоненті;
6) оқытудан күтілетін нәтижелер –оқыту процесі аяқталғаннан кейін білім алушының білуін, түсінуін, көрсетуін өрнектейтін құзыреттіліктер жиынтығы;
7) инклюзивті білім беру – ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке-дара мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық білім алушылардың білім алуына тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін процесс;
8) ерекше білім беру қажеттіліктері – денсаулығына байланысты білім алуда ұдайы немесе уақытша қиындық көріп жүрген, арнайы, жалпы білім беретін оқу бағдарламалары мен қосымша білімнің білім беру бағдарламаларына мұқтаж балалардың қажеттіліктері;
9) бағалау – білім алушылардың оқуда қол жеткізген шынайы нәтижелерін дайындалған өлшемшарттар негізінде оқытудан күтілетін нәтижелермен салыстыру процесі;
10) білім алушыларды қорытынды аттестаттау – тиісті білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында көзделген оқу пәндерінің көлемін олардың меңгеру дәрежесін айқындау мақсатында жүргізілетін рәсім;
11) бағалау өлшемшарттары – білім алушының оқу жетістігін бағалауға негіз болатын белгілер;
12) формативті бағалау – сыныпта күнделікті жұмыс барысында жүргізілетін бағалау түрі, білім алушылардың үлгерімінің ағымдағы көрсеткіші болып табылады, оқыту барысында білім алушылар мен мұғалім арасындағы жедел өзара байланысты, оқушы мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және білім беру процесін жетілдіруге мүмкіндік береді;
13) жиынтық бағалау – анықталған оқу кезеңін (тоқсан, триместр, оқу жылы), сондай-ақ оқу бағдарламасына сәйкес бөлімдерді оқып аяқтағаннан кейін өткізілетін бағалау түрі;
14) білім берудегі құндылықтар – білім алушының тұлғасын қалыптастырудағы жетекші фактор болып табылатын жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген оқыту мақсаттарының жүйесін қалыптастырудағы бағдарлар.
7. «Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің дайындық деңгейіне қойылатын талаптар» деген бөлімде жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарда бейінді оқытудың міндетті оқу пәндері мен бейіндік оқу пәндерінің бағытын есепке ала отырып топтастырылған оқу пәндері бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер көрсетілген.
8. «Білім беру мазмұнына қойылатын талаптар» деген бөлімде жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарда міндетті оқу пәндері мен бейіндік оқу пәндері бойынша білім беру мазмұны көрсетілген.
9. «Оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар» деген бөлімде апталық оқу жүктемесі, оқу жылының ұзақтығы, топтарға бөлу үшін сыныптың толымдылығы көрсетілген.
10. Стандарт кезең-кезеңімен қолданысқа:
1) 2018 жылғы 1 қыркүйектен бастап 10-сыныптарға;
2) 01.09.2019 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 292 қаулысымен (мәтін алып тасталды).
2. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің дайындық деңгейіне қойылатын талаптар
11. Жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша бейінді оқытуды енгізе отырып, саралау, кіріктіру және білім беру мазмұнын кәсіптік бағдарлау негізінде әзірленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |