3. Білім беру мазмұнына қойылатын талаптар
31. Жалпы орта білім беру білім берудің барлық деңгейлеріне ортақ болып табылатын және білім алушы тұлғасының мінез-құлқы мен қызметін ынталандыратын өмірлік тұрақты бағдарлары болуға арналған білім алушылардың бойында ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды дарытуға бағытталған.
32. Жалпы орта білім беру мазмұнында айқындалған негізгі құндылықтар:
1) қазақстандық патриотизм мен азаматтық жауапкершілік;
2) құрмет;
3) ынтымақтастық;
4) еңбек пен шығармашылық;
5) ашықтық;
6) өмір бойы білім алу.
33. Білім берудегі құндылықтарды дарыту негізінде білім алушыларда дамыту қажет:
11) Қазақстан мүдделеріне қызмет етуге дайындығы;
12) Қазақстан Республикасының Конституциясының нормалары мен заңдарын құрметтеу және сақтау;
13) әлеуметтік жауапкершілік және шешім қабылдау білігі;
14) мемлекеттік тілді меңгеруге ынталануы;
15) Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрлерін, әлемнің мәдениеттілік алуан түрлілігін құрметтеуі;
16) рухани келісім және толеранттылық идеяларына бейімділік;
17) қоршаған ортаға және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға оң қарым-қатынасының болуы;
18) шығармашылық және сын тұрғысынан ойлау;
19) коммуникативтік және ақпараттық-коммуникациялық құралдар мен технологияларды тиімді қолдана білу;
20) өмір бойы білім алуға және өзін-өзі ынталануы.
34. Жалпы орта білім берудің мақсаты:
кең ауқымды дағдыларды дамыту негізінде білім алушылардың жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруы және кәсіби өзін-өзі анықтауы үшін академиялық дайындығын қамтамасыз етуге қолайлы білім беру кеңістігін жасау болып табылады:
1) білімді функционалдықпен және шығармашылықпен қолдану;
2) сын тұрғысынан ойлау;
3) зерттеу жұмыстарын жүргізу;
4) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану;
5) коммуникацияның түрлі тәсілдерін қолдану;
6) топта және жеке жұмыс жасау білігі;
7) мәселелерді шешуі және шешім қабылдау.
35. Кең ауқымды дағдылар мектептен «шығу» нәтижесі ретінде білім алушыларға ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды өзіне үйлесімді үйлестіруге, кез келген өмірлік жағдайларда функционалдық сауаттылығы мен бәсекеге қабілеттілігін көрсетуге, сондай-ақ оқу және қолданбалы тапсырмаларды шешуге мүмкіндік береді.
36. Жалпы орта білім берудің негізгі міндеттері болып табылады:
1) міндетті оқу пәндері мен таңдау бойынша бейіндік оқу пәндерін үйлестіру негізінде жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарда бейінді оқытуды жүзеге асыру;
2) оқу пәндерін оқытудың стандарттық және тереңдетілген деңгейлерін үйлестіру негізінде жоғары оқу орындарына түсуге білім алушылардың академиялық дайындығын қамтамасыз ету;
3) рухани-адамгершілік қасиеттерін, коммуникативтік, әлеуметтік, зерттеушілік дағдыларын және проблемаларды сын тұрғысынан және шығармашылықпен ойлау негізінде шешу біліктігін мақсатты дамыту;
4) бітірушілерге олардың мүдделері мен қабілеттеріне сәйкес кәсіби өзін-өзі анықтауына көмектесу;
5) бітірушілерге өмір бойы білім алуын жалғастыруға оң көзқарасының, өмірде мансаптық өсуі мен танымдық процесін реттеуге даярлығының қалыптасуына көмектесу.
37. Жалпы орта білім берудің базалық мазмұны білім алушыларды жоғары оқу орындарына түсу мен дербестігін мақсатты дамыту үшін білім алушылардың академиялық дайындығын кіріктіру негізінде айқындалады.
38. Білім алушылардың академиялық дайындығы әлемді танудың ғылыми әдістерін меңгеруге бағытталған білімнің іргелілігін күшейтумен қамтамасыз етіледі.
39. Жалпы орта білім берудің базалық мазмұны мынадай бағдарларды ескере отырып айқындалады:
1) қазіргі қоғамның серпінді сұраныстарына және ғылымның даму деңгейлеріне сәйкес болу;
2) сын тұрғысынан, шығармашылықпен және позитивті ойлауды дамыту;
3) пәнаралық және пәнішілік байланыстар негізінде оқу пәндері мазмұнының кіріктірілуін күшейту;
4) негізгі орта білім беру және жалпы орта білім беру деңгейлері арасындағы білім мазмұнының үздіксіздігі және сабақтастығы қағидатын сақтау;
5) білім беру мазмұнының академиялық және практикалық бағыттылығы арасындағы теңгерімді сақтау;
6) оқытудың, тәрбиелеумен дамытудың біртұтастығын қамтамасыз ету.
40. Міндетті оқу пәндерімен қатар білім алушылардың оқытудың стандарттық және тереңдетілген деңгейлерінде бейіндік оқу пәндерін таңдауы қарастырылған.
41. Бейінді оқыту білім алушылардың жеке мүдделері мен қажеттіліктері негізінде жүзеге асырылады. Осыған байланысты оқытудың екі деңгейінде оқу пәндерін таңдаудың икемді жүйесі ұсынылады. Білім алушылар қалауынша өздеріне маңызды оқытудың тереңдетілген және стандарттық деңгейлеріндегі оқу пәндерін таңдайды. Стандарттық деңгейдегі оқу пәндеріне қарағанда, бейінді оқытудың тереңдетілген деңгейдегі оқу пәндеріне сағат саны көп бөлінеді. Стандарттық деңгейде бейіндік емес оқу пәндері оқытылады.
42. Жалпы орта білім беру деңгейінде оқыту процесін ұйымдастыру оқыту мен тәрбиелеу бірлігі қағидатына бағдарланған. Оқу процесін ұйымдастыру кезінде оқушылардың жетекші қызметі ретінде оқуға басым рөл беріледі. Оқу оқушылардың ізденуге, мәселелерді талқылауда белсенділік танытуға, көзқарасын дәлелдеуге, сындарлы шешім қабылдауға деген ынтасын таныту арқылы тәжірибені игеруін ұйымдастыруға негізделген интерактивті оқыту әдістерін пайдалануды қарастырады.
43. Оқыту процесінде әр оқу пәні арқылы тәрбиелеу мәселесі шешіледі. Тәрбие жұмысының барлық түрлері білім алушылардың жаңа білімді субъективті тануы мен меңгеруі мәселелерін шешуге, ұлттық дәстүрлерді, мәдениетті зерделеуге және жалпы адамзаттық құндылықтарды дарытуға бағытталған.
44. Сабақтан тыс іс-әрекеттің әртүрлі нысандарын ұйымдастыру білім алушылардың рухани-адамгершілік, азаматтық-патриоттық, көркем-эстетикалық, еңбек және дене тәрбиесінің іске асуын қамтамасыз етеді.
45. Білім алушылардың жобалық және зерттеу іс-әрекеттерін дамытуда жүйелілікті қамтамасыз ету білім беру ұйымдарында білім беру процесін ұйымдастырудың негізгі қағидаларының бірі болып табылады.
46. Жалпы орта білім берудің базалық мазмұны үштілді білім беру саясаты шеңберінде іске асырылады. Үштілді білім берудің мақсаты кемінде үш тілді меңгерген, қызметтің әртүрлі саласында үш тілде диалог жүргізе алатын, өз халқының мәдениетін бағалайтын, басқа халықтардың мәдениетін түсінетін және құрметтейтін көптілді тұлға – Қазақстанның азаматын қалыптастыруға негізделеді.
47.Үштілді білім беру іс жүзінде:
1) қазақ, орыс және ағылшын тілдерін деңгейлік меңгеруді қамтамасыз ету;
2) оқыту тіліне қарамастан жекелеген пәндерді қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндеоқытуды ұйымдастыру;
3) білім алушылардың сабақтан тыс іс-әрекетін және әртүрлі тәрбие жұмыстарын қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұйымдастыру мынадай жолдармен іске асырылады.
48. Жалпы орта білім берудің практикалық бағыттылығы оқыту процесі мен тәрбие жұмысы кезінде оқу, коммуникативтік, әлеуметтік, зерттеушілік дағдыларын дамыту арқылы жүзеге асырылады.
49. Жалпы орта білім берудің базалық мазмұны жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарда бейінді оқытудың міндетті оқу пәндері мен бейіндік оқу пәндері бойынша анықталған оқытудан күтілетін нәтижелерге сәйкес әзірленетін оқу бағдарламаларымен нақтыланады.
50. Бейінді оқытудың барлық бағыттары үшін міндетті оқу пәндері бойынша білім мазмұны.
Қазақ тілі, қазақ әдебиеті (оқыту қазақ тілінде жүргізілетін сыныптар үшін)/орыс тілі, орыс әдебиеті (оқыту орыс тілінде жүргізілетін сыныптар үшін)/ана тілі, әдебиет (оқыту ұйғыр/өзбек/тәжік тілінде жүргізілетін сыныптар үшін):
1) пәндердің мазмұны түрлі салалар мен қарым-қатынас жағдайларында тілді еркін меңгеруді қамтамасыз ететін коммуникативтік дағдыларды; бейнелі және талдамалық ойлауды, шығармашылық қиялдауды, оқырман мәдениетін дамытуға және автор ұстанымын түсінуге; сөйлеу әрекетін және сыни ойлауын дамытуға; қажетті ақпаратты іздеу, алу және өңдеу дағдысын дамытуға; білім алушылардың ауызша және жазбаша тілдесімін дамытуға; көркем шығарма мәтінін мазмұны мен түрі бірлігінде; негізгі тарихи-әдеби мәліметтер мен әдеби-теориялық ұғымдарды меңгеруге бағытталуы тиіс. Тілді үйрену процесінде ақпаратты салыстыру, талдау, жинақтау, бағалау және алған білімін өмірдің түрлі жағдайында қолдана білу сияқты ойлаудың жоғары деңгейіндегі дағдылары; әдебиет тарихы бойынша қажетті мәліметтерді және әдебиеттану түсініктерін қатыстыра отырып, көркем шығармаға терең талдау жасау дағдылары қалыптасады;
2) оқу пәндерін оқыту тілдің құрылысы және түрлі қарым-қатынас салалары мен жағдайларында қолданылуы; стилистикалық ресурстар, әдеби тіл мен сөйлеу этикетінің негізгі нормалары туралы білім спектрін; сөздік қорын және пайдаланылатын грамматикалық құралдар аясын кеңейтуді көздейді. Тілді үйрену процесінде алынған әртүрлі деңгейдегі тілдік бірліктерді тиімді пайдалану дағдылары білім алушылардың тілдің норматив талаптарына, қарым-қатынас саласы мен жағдайына сәйкестігін бағалауына мүмкіндік береді;
3) тұлғаны рухани жағынан тәрбиелеу, гуманистік дүниетанымын, азаматтық сана-сезімін, патриоттық сезімін, әдебиет пен отандық және әлемдік мәдениет құндылықтарына деген сүйіспеншілігі мен құрметін қалыптастыру пән мазмұнының маңызды бөлігі болып саналады.
Қазақ тілі мен әдебиеті (оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін сыныптар үшін)/орыс тілі мен әдебиеті (оқыту орыс тілінде жүргізілмейтін сыныптар үшін):
1) пәннің мазмұны мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің мәртебесіне және ресми түрде мемлекеттік тілмен бірдей қолданылатын ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі орыс тілінің мәртебесіне негізделген мақсаттарды көздейді;
2) аталған оқу пәндерін оқыту тілді оқу іс-әрекетінде және күнделікті өмірде қолдануға, білім алушылардың Қазақстан халқының мәдениетімен араласуына мүмкіндік жасайды, олардың ұлтаралық қарым-қатынасқа дайын болуын қамтамасыз етеді;
3) тілдік іс-әрекеттің барлық түрлері мен ауызша және жазбаша тіл мәдениетінің негіздерін және тәжірибесі мен қызығушылығына сәйкес келетін қарым-қатынастың түрлі салалары мен жағдайларында тілді қолданудың дағдылары мен біліктерін меңгеруі оқу пәні мазмұнының негізіне алынған;
4) тіл мен әдебиетті оқыту процесінде білім алушылар тілдің таңбалық жүйесі және қоғамның құбылысы ретінде тіл туралы, оның құрылысы мен дамуы туралы білім алады;
5) тіл мен әдебиетті оқыту әдеби тіл нормаларын меңгеру деңгейін жетілдіре түсуге, білім алушылардың сөздік қорын молайтуға және сөйлеу тілінің грамматикалық құрылымын байытуға, тілдік құбылыстар мен фактілерді және әдеби шығармаларды талдау және оларға баға беру қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Ағылшын тілі:
1) пәннің мазмұны көптілді, көп мәдениетті тұлғаны қалыптастыруға; түрлі стильде жазылған тең түпнұсқалы мәтіндердің мазмұны арқылы сөздік қорын молайту жолымен коммуникативтік біліктілігін жетілдіруге бағытталған, бұл шеттілді коммуникативтік біліктілікті дамыту процесінде әлемді қабылдауы мен дүниетанымын әлеуметтік мәдени жағынан байытуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді; зерттеу жұмыстары және түрлі оқу міндеттерін шығармашылық жағдайында шешу дағдыларын дамытуға бағытталады;
2) пәннің мазмұны кәсіби тұрғыда маңызды ақпаратты саралау, жинақтау, жіктеу, тілді ғылыми және кәсіби қызметтегі қарым-қатынас үшін тиімді пайдалану біліктерін, сондай-ақ жеке, іскерлік хаттарды жазу, түйіндеме құрастыру, берілген тақырып бойынша эссе жазу дағдыларын дамытуды көздейді, бұл шет тілін оқуға деген ынтасын арттыруға мүмкіндік береді;
3) білім алушыларға фактілер арасындағы себеп-салдарлық қатынастарды белгілеу іскерлігін дамыту үшін пәнаралық байланыс арқылы пәннің мазмұнын басқа пәндермен кіріктіруге, шет тіліндегі дереккөздерден негізгі және фрагментті бөліктерді алып, ақпаратпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді;
4) пәннің құралдары арқылы рухани-адамгершілік құндылықтарды дамыту, өз Отанына, өз халқына деген патриоттық сезімін тәрбиелеу және басқа мәдениеттің өкілдеріне толерантты қарым-қатынасын, сондай-ақ отбасында тұлғааралық қарым-қатынас әдебін тәрбиелеу, мектепте құрбы-құрдастарымен, мұғалімдерімен, тіл иелерімен қарым-қатынас барысында әлеуметтік мәдениет материалдарын қолдану біліктерін дамыту жүзеге асырылады.
Алгебра және анализ бастамалары, геометрия:
1) пәндердің мазмұны білім алушылардың математикалық мәдениетін және келесі білім алу деңгейлерінде табысты оқуы, сондай-ақ практикалық міндеттерді шешуі үшін қажетті математикалық білім жүйелері мен біліктерін дамытуға бағытталған, функционалдық сауаттылығын, абстрактілі және логикалық ойлауын, кеңістіктегі қиялын қалыптастыруға, сондай-ақ адамның жалпы мәдениетін қалыптастырудағы математиканың рөлін түсінуге мүмкіндік береді;
2) пәндердің мазмұны білім алушылардың қоршаған әлемнің математикалық заңдылықтары туралы түсініктерін жүйелеуге және дамытуға, олардың математикалық құралдар мен әдістер іс жүзінде барлық білім беру салаларында құбылыстар мен процестерді сипаттауда және зерттеуде қолданылатынын жете түсінулеріне бағытталған;
3) пәндердің мазмұнында оқу, танымдық және жалпы зияткерлік біліктерін (математикалық заңдылықтарды түсіну барысында проблемаларын тұжырымдау, гипотезаны ұсыну және тексеру үшін салыстыру, жіктеу, қорыту, талдау, жинақтау, дерексіздендіру, нақтылау) одан әрі дамыту көзделген;
4) пәндердің мазмұны «Сан», «Алгебра», «Статистика және ықтималдық теориясы», «Математикалық модельдеу және анализ», «Геометрия» тақырыптарын қамтитын математиканың негізгі бөлімдерінен тұрады.
Информатика:
1) пәннің мазмұны ақпаратты іздеу, талдау, сыни бағалау, таңдау, ұйымдастыру, беру және өңдеу, объектілер мен процестерді модельдеу біліктерін дамытуға; ақпараттық технологиялардың құралдары мен әдістерін, есептерді шешу әдістерін меңгеруге бағытталған;
2) пәннің мазмұны нақты объектілер мен процестердің ақпараттық модельдерін қолдану, талдау және түрлендіру дағдыларын; алгоритмдік және есептік ойлау; компьютерлік модель құралдарымен зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамытуды көздейді; компьютерлік технологиялар арқылы ақпараттық процестерді іске асыруды, компьютерлік жүйелермен және модельдермен жұмыс атқаруды, ақпаратты қорғау әдістерін зерделеуді, интерактивті компьютерлік модельдерді пайдалана отырып модельдеу, формализациялау және визуализациялау тәсілдерін қарастыруды көздейді;
3) пән мынадай тақырыптарды қамтиды: «Компьютерлік жүйелер», «Ақпарат және ақпараттық процестер», «Алгоритмдеу және бағдарламалау» және «Денсаулық және қауіпсіздік».
Қазақстан тарихы:
1) пәннің мазмұны Қазақстан тарихының негізгі этникалық, саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени проблемалары бойынша тереңдетілген білімді қалыптастыруға бағытталған;
2) пән білім алушылардың түрлі тарихи кезеңдердегі Қазақстанның мәдени-тарихи дамуының мәні мен ерекшеліктері туралы түсінігін кеңейтеді және тереңдетеді;
3) пән Қазақстан тарихындағы оқиғаларды, құбылыстар мен процестерді бағалау, жіктеу, жүйелеу, қорыту және талдау үшін қажетті тарихи ойлау дағдысын дамытуды көздейді. Пәннің аксиологиялық функциясы патриотизмді қалыптастыруды, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға дағдыландыруды білдіреді.
Өзін-өзі тану:
1) пәннің мазмұны жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде адамның рухани-адамгершілік әлеуетін ашуға, өзін-өзі тануға және өзін-өзі жетілдіруге деген ынтасын дамытуға; отбасындағы, ұжымдағы, қоғамдағы өзінің рөлін түсінетін жоғары адамгершілік қасиеттерді дамытудың қажеттілігін, қоғамға қызмет ету дағдыларын; тән және жан саулығының байланысын түсінуге, еліміздің, қаланың, ауылдың, мектептің, отбасының өміріне өзінің қатыстылығын сезінуге және өз ойлары мен сөзіне, іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауға бағытталған;
2) пәнді оқыту адамзаттың рухани мәдениеті, тән және жан саулығының байланысы туралы білімін кеңейтуді; рефлексия дағдыларын меңгеруді; өзін-өзі тәрбиелеуді, өзіндік білімін көтеру дағдылары меңгеруді; өз іс-әрекетін саралауды, түрлі өмірлік жағдаяттарда адамгершілікпен таңдау жасауды және шешім қабылдау, өз мақсаттарын және оған жету жолдарын адамгершілік нормаларға сәйкес межелеуді көздейді; отбасында, ұжымда, қоғамда рухани-адамгершілік негізінде қарым-қатынас жасай білу дағдысын дамытуды көздейді.
Дене шынықтыру:
1) пәннің мазмұны: қимыл-қозғалыс белсенділігінің заңдылықтары, спорттық дайындық, дене тәрбиесімен шұғылданудың болашақ еңбек қызметіндегі маңызы, әскер қатарында қызмет етуге дайындау туралы білім көлемін кеңейтуді; білім алушының жасына және жыныстық ерекшеліктеріне сәйкес ағзаның қызмет ету қабілеттерін жоғарылатуды; спорттың негізгі түрлері бойынша техникалық және тактикалық әрекеттер мен тәсілдерді жетілдіруді; дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық-сауықтыру іс-әрекеттерінің дербес және ұжымдық түрлеріндегі құзыреттілігін дамыту, белсенді демалыс және спорттық жарыстар ұйымдастырудың шығармашылық дағдыларын дамытуды; жеке тұлғаның өзін шынайы бағалауын, адамгершілік сананы, өмірлік көзқарасты, ұжымшылдықты қалыптастыру, мақсаткерлік, батылдық, ұстамдылық, табандылықты дамытуды; спорт түрлері бойынша олимпиадалық резервті дамытуға және қалыптастыруға жағдай жасауды қамтамасыз етуі тиіс;
2) пәнді оқыту білім алушыларға пән бойынша алған білім, білік және дағдыларын күнделікті өмірде қолдануға; қимыл-қозғалыс құзыреттілігі мен дене дамуларын жақсарту қажеттілігін бағалауға; адамгершілік қасиеттерін дамытуға және әділ ойын мен үздіксіз өзін-өзі дамуды сезінуге; жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау қажеттілігін түсінуге; адамның денелік және энергетикалық жүйесіне дене жаттығуларының әсер ету дәрежесін, өзіндік дене дамуы және қимыл-қозғалыс дайындығы деңгейін, ағзаның қызмет ету жағдайы мен жұмыс істеу қабілетін бағалауға; ойлаудың сыни және шығармашылық дағдыларын дамытуға, проблемаларды жеңуге мүмкіндік береді.
Алғашқы әскери және технологиялық дайындық:
1) пәннің мазмұны білім алушылардың бойында әскери іс, робототехника және IT-технология негіздері туралы көзқарасты қалыптастыруды, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында қызмет ету туралы түсінікті және әскери іс негіздері бойынша білімді қалыптастыруды, әскери ант мазмұнын және әскери жарғылардың талаптарын білуді; өмірлік маңызы бар дағдылары мен қасиеттерін дамытуға ықпал етуді; теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын нық игерулері арқылы оларды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде қызмет етуге дайындауды; бойында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде қызмет ету туралы түсінікті қалыптастыруды; жастардың бойында азаматтық көзқарасты, Қазақстан Республикасының егемендігін қорғау қажеттілігіне деген сенімділікті, әскери қызметке деген жауапкершілікке саналы тұрғыдан дайын болуды қалыптастыруды; Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне, оның дәстүрлеріне, әскер түрлерінде қызмет ету ерекшеліктеріне, жалпы әскери мамандыққа деген қызығушылықты дамытуды қамтамасыз етуі тиіс;
2) пән білім алушыларды әскери-патриоттық және адамгершілік тәрбиелеудің жалпы жүйесінде, олардың сана-сезімін, танымдық қызығушылықтарын, қарым-қатынас орната білу қабілеттерін, ерік-жігер сапаларын, әскери іс бойынша алғашқы білік, дағдыларды, робототехника, автомобиль жүргізу бойынша теориялық негіздерді дамытуда, цифрлық фото және бейне жабдықтарды пайдалануда маңызды орынға ие;
3) пән Қазақстан әскерінің даму тарихымен таныстыру және оның қазіргі жай-күйін зерделеу арқылы әскери тұрғыдан жігерлі, батыл, денсаулығы мықты, функционалдық білімді тұлғаны дамытуды көздейді.
51. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы оқытудың тереңдетілген деңгейіндегі оқу пәндері бойынша білім мазмұны
Биология:
1) пәннің мазмұны білім алушылардың тірі организмдердің көп түрлілігі, қоршаған орта эволюциясы, табиғи құбылыстардың заңдары мен заңдылығы туралы; бақылау, жіктеу, жүйелеу, салыстыру, қатар қою, талдау, объект мен ақпаратты бағалау, себеп-салдарлық байланысты анықтау практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған.
2) пәннің тереңдетілген деңгейінің мазмұны табиғи биологиялық құбылыстар мен процестердің болмысын білім алушылардың тереңірек түсінуін, адам іс-әрекетінің өсімдіктер мен жануарлар әлеміне, сондай-ақ адам денсаулығына әсерін ұғынуды көздейді. Тірі табиғаттың ерекшелігін, эволюциялық процестердің мәнісін ұғыну білім алушылардың экологиялық жағдайларды бағалауына және тіршілік иелеріне қамқорлықпен қарау қажеттілігін түсінуіне жағдай жасайды;
3) пәннің мазмұнын құрылымдаудың негізін мынадай жетекші жүйелі идеялар құрайды: тірі ағзалардың көптүрлілігі, құрылысы мен функциясы; көбею, тұқым қуалаушылық және эволюциялық даму; қоршаған орта және ағза; қолданбалы кіріктірілген ғылымдар.
Химия:
1) пәннің мазмұны химиялық заттардың көптүрлілігінің маңыздылығы және олардың басқа затқа айналуы туралы білімді тереңдетуге; табиғи ресурстарды ұқыппен пайдалануды дамытуға; эксперименттік және практикалық дағдылардың кең спектрін дамыту, сыни ойлауды және оқытылатын процестерге шығармашылық тәсілдер қолдану негізінде білім алушылардың табиғаттағы заттардың көп түрлілігі туралы түсінігін кеңейтуге бағытталған;
2) пән жаңа заттарды ашуға мүмкіндік береді, қолда бар деректерге сүйеніп, қоршаған ортаның экологиялық жағдайын бағалауға үйретеді және осы арқылы өмірмен тығыз байланысты қамтамасыз етеді;
3) пәннің тереңдетілген деңгейінің мазмұны білім алушылардың айналада болып жатқан химиялық құбылыстар мен процестердің мәнін түсінуін көздейді және олардың салауатты өмір салтын ұстануына түрткі болады; күнделікті практикада сапалы өнімдер мен құралдарды таңдау үшін химиялық білімін қолдануға; күнделікті өмірде тіршілік ету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді;
4) пәннің мазмұны мынадай бөлімдерден құралады: «Бөлшектер және олардың құрылысы», «Химиялық реакциялардың заңдылықтары», «Химиядағы энергетика», «Біздің айналамыздағы химия», «Химия және өмір».
Физика:
1) пәннің тереңдетілген деңгейі білім алушылардың табиғат туралы ғылым ретінде физика туралы, ғылыми танымның әдістері мен әдіснамасы, таным процесіндегі теория мен эксперименттің рөлі және өзара байланысы туралы түсініктерін дамытуға бағытталған;
2) пәннің мазмұны білім алушылардың жалпы табиғат заңдары ретіндегі механиканың, жылу физикасының, электр мен магнетизмнің, оптиканың және атомдық физиканың заңдары туралы білімдерін тереңдетуге бағытталған. Танымның ғылыми әдістері негізінде білім алушылардың әлемнің физикалық бейнесі туралы түсініктері кеңейеді және ғылыми көзқарастары қалыптасады;
3) пән табиғи құбылыстарға бақылау жүргізе алу, нәтижелерді сипаттай және қорытындылай алу, физикалық құбылыстарды зерделей алу үшін өлшеу құралдарын пайдалана алу дағдысын дамытуды көздейді;
4) тереңдетілген деңгейдің мазмұнында эксперимент нәтижелерін жинау мен талдау негізінде эмпирикалық байланысты айқындауға бағытталған экспериментті жоспарлауға және жүргізуге мүмкіндік туады;
5) пән бойынша білім алушылардың тереңдетілген дайындық деңгейі алған білімдерін әртүрлі табиғи құбылыстар мен процестердің себептерін, маңызды техникалық қондырғылардың жұмыс істеу қағидаттарын түсіндіру, модельдер құру және болжам жасау үшін қолдануларын көздейді.
География:
1) пәннің тереңдетілген деңгейі білім алушылардың табиғаттың, халықтың, экономика мен геосаясаттың даму заңдылықтары туралы білімдерін молайтуға, табиғи, әлеуметтік, экономикалық және саяси процестердің ерекшеліктерін объективті бағалау үшін қажетті әлем туралы білімдерін жан-жақты қалыптастыруға бағытталған;
2) пәннің мазмұны география тұрғысынан ойлау қабілетін; қоршаған орта мен адамзаттың қазіргі және болашақтағы жағдайына жеке жауапкершілікті сезінуін дамытуды көздейді, осылардың барлығы білім алушылардың бойында құндылық бағдарын қалыптастыруға жәрдемдеседі; пәннің мазмұны қазіргі әлемнің кеңістіктегі көптүрлілігін, оның жалпы және өңірлік ерекшеліктері мен серпіні туралы түсінігін қалыптастыруға; қоғам мен табиғаттың өзара әрекеті мен өзара байланысының кеңістік пен уақыт заңдылықтарын талдауға және жинақтауға; географиялық құбылыстар мен процестердің арасындағы себеп-салдарлық байланыстар мен кеңістік-уақыт заңдылықтарын түсінуге дағдылану, түрлі табиғи, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық құбылыстар мен процестерді түсіндіру және бағалау, географиялық ақпараттарды түсіндіру және күнделікті өмірде қолдану үшін географиялық білімдерін пайдалану дағдысын қалыптастыру және дамытуға бағытталған.
52. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы оқытудың стандарттық деңгейіндегі оқу пәндері бойынша білім мазмұны
Дүниежүзі тарихы:
1) пәннің мазмұны адамзат өркениетінің этногенез, саясигенез, мәденигенезінің негізгі проблемалары бойынша білімді қалыптастыруға бағытталған;
2) пән білім алушылардың әлемдік мәдени-тарихи процестің мәнін оның бірлігі мен әртүрлілігінде түсінуін тереңдетуге бағдарланған;
3) пән әлемдік тарихтағы оқиғаларды, құбылыстарды, процестерді талдау, жіктеу, жүйелеу, қорыту және бағалау үшін қажетті тарихи ойлау дағдысын дамытуды көздейді;
4) пәннің аксиологиялық мақсаты – білім алушылардың бойына ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға деген құрмет сезімін ұялату.
Құқық негіздері:
1) пәннің мазмұны құқықтық сауаттылықты қалыптастыруға, демократиялық құқықтық қоғам идеалдары мен құндылықтарын түсінуге бағытталған; білім алушылардың әртүрлі құқықтық салалардың мәні мен ерекшелігін түсінуін тереңдетеді;
2) пән құқық нормалары, заңдар мен нормативтік құқықтық актілер негізінде процестерді жіктеу, жүйелеу, қорыту және бағалау үшін қажетті құқықтық ойлау дағдысын дамытуды көздейді. Пәннің аксиологиялық функциясы құқықтық сауаттылықты қалыптастыруға, құқықтық сана-сезім құндылықтарына негізделген.
Графика және жобалау:
1) пән графикалық бейнелеу және геометриялық-графикалық модельдеу теориясы негіздерін оқытуға, білім алушылардың жобалық шығармашылық әрекеттерін дамытуға, олардың графикалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған;
2) пәннің мазмұны «Ақпараттық визуалдандырудың графикалық тәсілдері мен құралдары», «Кескіндердің негізгі түрлері және оларды құрастыру. Кескіндерді түрлендіру», «Пішінді қалыптастыру және құрастыру. Пішінді қайта түрлендіру», «Техникалық, сәулет-құрылыс және ақпараттық графика элементтері», «Жобалау. Жобалау графикасы. Шығармашылық тапсырмалар» тараулары бойынша айқындалады.
53. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы оқытудың тереңдетілген деңгейіндегі оқу пәндері бойынша білім мазмұны
Шет тілі:
1) пән сөйлеу әрекетінің төрт түрі (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) бойынша білім алушылардың тілдік дағдыларын дамытуға, мәдениетаралық-коммуникативтік құзыреттілікті, өзге тілге және өзге мәдениетке позитивті көзқараспен қарауға, жалпы мәдениетін көтеруге, көзқарасын және оқылып отырған тілдің елі туралы білімін кеңейтуге, тілдік қабілеттілік пен тілдік болжамын, сөйлеу мәдениетін, шет тілін оқуға деген қызығушылықты дамытуға, өз бетімен шет тілдерін оқуға қабілетті және дайын негізгі екінші тілді меңгерген тұлғаның сипатын иеленуге бағытталған;
2) пәннің мазмұны білім алушылардың өмірдің түрлі жағдаяттарында қарым-қатынас жасау барысында өздеріне деген сенімділігін күшейтеді, Қазақстанда ғана емес шетелде де жоғары білім алуға қол жеткізуіне мүмкіндік береді, әдеби шығармалардың теңтүпнұсқалы мәтінін түпнұсқа тілінде оқуға мүмкіндігін кеңейтеді;
3) жалпы орта білім беру аяқталғанда білім алушы Шет тілін меңгерудің жалпыеуропалық құзыретіне (Common European Framework of Reference, CEFR) сәйкес В1(орташа-В1.2) тілдік деңгейін меңгеруі тиіс.
Дүниежүзі тарихы:
1) пәннің мазмұны адамзат өркениетін этногенез, саясигенез, мәденигенезінің негізгі проблемалары бойынша тереңдетілген білімді қалыптастыруға бағытталған;
2) пән білім алушылардың әлемдік мәдени-тарихи процестің мәнін оның бірлігі мен әртүрлілігінде түсінуін тереңдетуге бағдарланған;
3) пәннің тереңдетілген деңгейі әлемдік тарихтағы оқиғаларды, құбылыстарды, процестерді талдау, жіктеу, жүйелеу, қорыту және бағалау үшін қажетті тарихи ойлау дағдысын дамытуды көздейді;
4) пәннің аксиологиялық мақсаты – білім алушылардың бойына ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға деген құрмет сезімін ұялату.
География:
1) пәннің мазмұны іргелі географиялық заңдар мен заңдылықтардың серпінді дамып жатқан жүйесі ретінде әлемнің географиялық көрінісін қалыптастыруға бағытталған;
2) пәннің мазмұны елтану тәсілінің негізде құрылып, қазіргі географиялық ерекшеліктер мен өңірлердің сипаттамасын түсінуге мүмкіндік береді;
3) пән табиғат пен қоғамның тұтастығын, географияның адам мен табиғаттың арақатынасын үйлестірудегі рөлін түсіну негізінде білім алушылардың ғылыми көзқарасын қалыптастыруға бағытталған;
4) пән қоғамдағы қазіргі адамзаттың ғаламдық проблемаларын және оларды шешу жолдарын зерделеу негізінде табиғат пен қоғамның өзара қарым-қатынасын түсінуді дамытады; қоршаған ортаны қорғаудың және табиғатты ұтымды пайдаланудың, Қазақстан көлемінде және әлемде тұрақты даму проблемасы бойынша географиялық тәсілдердің маңыздылығын сезінуге арналған;
5) пән кеңістік пен уақыт заңдылықтары және географиялық объектілердің жұмыс істеуі мен дамуының, процестер мен құбылыстардың ерекшеліктері туралы білімді; табиғи, әлеуметтік-экономикалық және геосаяси құбылыстар мен процестерді түсіндіру мен бағалау үшін географиялық білімдерін функционалды қолдану дағдыларын қамтиды.
Құқық негіздері:
1) пәннің мазмұны құқықтық сауаттылықты қалыптастыруға, демократиялық құқықтық қоғам идеалдары мен құндылықтарын түсінуге бағытталған;
2) пәнді оқыту білім алушылардың түрлі құқық салаларының болмысы мен ерекшеліктерін түсінуін тереңдетеді;
3) пән құқық нормалары, заңдар мен нормативтік құқықтық актілер негізінде процестерді талдау, жіктеу, жүйелеу, қорыту, бағалау үшін қажетті құқықтық ойлау дағдысын дамытуды көздейді. Аталған оқу пәнінің аксиологиялық функциясы құқықтық сауаттылықты қалыптастыруға, құқықтық сана-сезім құндылықтарына негізделген.
54. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы оқытудың стандарттық деңгейіндегі оқу пәндері бойынша білім мазмұны.
Физика:
1) пән білім алушылардың табиғат туралы ғылым ретінде физика туралы, ғылыми танымның әдістері мен әдіснамасы, таным процесіндегі теория мен эксперименттің рөлі және өзара байланысы туралы түсініктерін дамытуға; білім алушылардың әлемнің физикалық бейнесі туралы түсініктерін кеңейтуге және ғылыми көзқарасын қалыптастыруға бағытталған;
2) пән табиғи құбылыстарға бақылау жүргізу, нәтижелерді сипаттау және қорыту, физикалық құбылыстарды зерделеу үшін өлшеу құралдарын пайдалану дағдысын дамытуды көздейді;
3) білім алушыларды пән бойынша даярлау меңгерген білімдерін әртүрлі табиғи құбылыстар мен процестердің себептерін, маңызды техникалық қондырғылардың жұмыс істеу қағидаттарын түсіндіру үшін қолдануларын көздейді.
Химия:
1) пәннің мазмұны химиялық заттардың көптүрлілігінің маңыздылығы және олардың басқа затқа айналуы туралы білімдерін дамытуға, табиғи ресурстарды ұқыппен пайдалануды дамытуға; эксперименттік және практикалық дағдылардың кең спектрін дамыту, сыни ойлауды және оқытылатын процестерге шығармашылық тәсілдер қолдану негізінде білім алушылардың табиғаттағы заттардың көптүрлілігі туралы түсінігін кеңейтуге бағытталған;
2) пән қолда бар деректер негізінде қоршаған ортаның экологиялық жағдайын бағалауға үйретеді және осы арқылы өмірмен тығыз байланысын қалыптастырады;
3) пәннің мазмұны білім алушылардың айналада болып жатқан химиялық құбылыстар мен процестердің мәнін түсінуін көздейді және олардың салауатты өмір салтын ұстануына түрткі болады; күнделікті практикада сапалы өнімдер мен құралдарды таңдау үшін химиялық білімін қолдануға; күнделікті өмірде тіршілік ету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Биология:
1) пәннің мазмұны білім алушылардың тірі организмдердің көптүрлілігі, қоршаған орта эволюциясы, табиғи құбылыстардың заңдары мен заңдылығы, бақылау, жіктеу, жүйелеу, салыстыру, талдау, объект пен ақпаратты бағалау, себеп-салдарлық байланыстарды анықтаудың практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған;
2) пәннің мазмұны табиғи биологиялық құбылыстар мен процестердің болмысын, білім алушылардың адам әрекетінің өсімдіктер мен жануарлар әлеміне, сондай-ақ адам денсаулығына әсерін ұғынуды көздейді. Тірі табиғаттың ерекшелігін, эволюциялық процестердің мәнісін ұғыну білім алушылардың экологиялық жағдайларды бағалауына және тіршілік иелеріне қамқорлықпен қарау қажеттілігін түсінуіне жағдай жасайды;
3) пәннің мазмұнын құрылымдаудың негізін жетекші жүйелі идеялар құрайды: тірі ағзалардың көптүрлілігі, құрылысы мен функциясы; көбею, тұқым қуалаушылық және эволюциялық даму; қоршаған орта және ағза; қолданбалы кіріктірілген ғылымдар.
55. Жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы оқытудың стандарттық деңгейіндегі оқу пәндері бойынша білім мазмұны
Кәсіпкерлік және бизнес негіздері:
1) пән қазақстандық және халықаралық практиканы ескере отырып, кәсіпкерлік саласындағы базалық түсініктер мен негіздерді зерделеуге бағытталған, кәсіпкерлік ойлауды қалыптастыруға ықпал ететін оқытудың практикаға бағытталған моделіне ие;
2) пәннің мазмұнына коучингтік және тренингтік элементтерді пайдалана отырып кәсіпкерлік, бизнес бойынша материалдар кіріктіріледі;
3) пән білім алушыларда іскерлік ойлауды қалыптастыруға және кәсіпкерлік, бизнес және экономика негіздерінің базалық білімін алуға; өз таңдауы үшін жауапкершілікке баулу және кәсіпкерлік ойлауды, белсенді өмірлік ұстанымды қалыптастыруға; қазіргі нарықтық жағдайларда болашақ дербес қызмет үшін практикалық дағдылар базасын құруға бағытталған.
56. Жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламасын игеру мерзімі – екі жыл.
Достарыңызбен бөлісу: |